Өткен күндері, әлеуметтік  желілерде  үзбей жарияланып отырылатын  шағын шығармашылықтар  ішінен 2 жазба көзге оттай басылды. Ол екеуі де  біздің ауданымыздың тарихына байланысты және олардың  кейіпкерлері  халқымыздың ерекше құрмет тұтатын  тұлғалары болып шықты.  Екі туынды да жуырда  өткізілгелі отырылған  "Рух" халықаралық әдеби конкурсына ұсынылып отыр екен.

  Алғашқысы, өз  жерлесіміз, бүгінгі күндері елімізге аса танымал ақын  Әділбек Ыбырайымұлының конкурсқа «әңгіме» аталымы бойынша ұсынылып отырылған  «КЕНЕ ХАННЫҢ КЕГІ» деген шығармасы.  Әңгіме  желісі Тәнеке және Мұңайтпас батыр бабаларымызға арналып құрылған.

   Екіншісі, конкурсқа «АЛАШТЫҢ БАРЛЫБЕГІ» аталған поэмалық еңбегімен  қатысып отырған үлкен өнер иесі  Гүлбақыт Қасен деген қарындасымыз.   (Ол жөнінде келесі парақта айтылады).

 Екі дарын иелеріне де өнер бәйгесінде жеңімпаздары атануына және шығармашылық-өнер жолында әлі де талай биіктерден көріне берулеріне тілектеспіз.

Құрметті оқырмандар!  Әңгімені оқыңыздар, ұсыныс- пікірлеріңізді, коммент. беріңіздер!

 

 

КЕНЕ ХАННЫҢ КЕГІ
(Әңгіме)
Әділбек Ыбырайымұлы

 

   

 Үдере тартқан күліктердің шымыр жерді нық басқан тұяқ дүбірі көңілді бекемдесе, ауық-ауық пысқырғандары алаң кіргізеді. Кейбір кезеңдерде тұтаса өскен биік ши атты адамның белуарын қағады.
Үшке бөлініп, суыт қозғалған қолдың түсі суық. Қабақтары түнеріп, тістене түйілгеннен жақ еттері бұлтиып алған.
Ешкім тіс жармайды. Топтың алдындағы мұрты мен сақалы тұтаса өскен, қапсағай денелі Мұңайтпас батыр алпысты алқымдаса да ер үстінде қаққан қазықтай тік отыр. Астындағы апай төс қара арғымақ одан сайын сұстандырып, көлденең көздің мысын басады.

Маңдай тұстан бозамықтанған шаң байқалды. Біртін-біртін нөпір топтың нобайы көрініп, ұзын ырғасын аңдатты. Бұл Тәнеке бастаған қарсы жақтың жауынгерлері екенін Мұңайтпас біліп келеді. Тұрысатын жер осы – Қаракемер.

Дөсет бидің ұлдарының арасынан мойыны озығы – Тәнеке. Өзі сияқты жұрт оны да батыр атады. Ол бұл атақты өте ерте иеленді. Халық аузында: «Қайрай-қайрай қайрақты таты шықты, Он бесінде Тәнеке аты шықты» деген сөз де бар.
Көршілес қалмақ елі жауласуын бертінге дейін қоймады. Ақсу, Қапалға іргелес Қытайдың Біротала аймағын мекендеген қалмақтар қазақ ауылдарын әлсін-әлсін шауып, қан қақсатты. Талай мәрте Мұңайтпастар да Алатау асып, қалмақ елін жосадай етіп, есе қайтарды. Ел шетіне жау тиген сол тұстарда Тәнеке өзіне үзеңгілес серік бола біліп еді.
Бүгінде ел ағасына айналған Тәнеке. Ағайынға пәрменімен қатар дәрмені де күшті. Терістігінде Ақсу, түстігінде Қаратал өзендері аралығындағы Жетісудың ең шұрайлы жері Күреңбел алқабына тұтастай иелік етеді.
Бетіне жан қаратпайтын айбыны асқақ ол, жердің жақсысы мен жайлаудың шұрайлысы, әйелдің сұлуы мен аттың жүйрігі өзіне ғана тиесілідей сезінеді. Ескелді бидің қызы Ұлбай бәйбішесі және оның сыртында алты тоқалы бар. Жалайырдың да мен деген игі жақсыларына арқа сүйейді. Ештеңеден тайынбайды.
Көк сүңгілі найзасының қайың сабын жерге тірей, соңдарына шаң тастап өздеріне қарсы жосылтқан қолға қарап тұрып Мұңайтпас осыны ойлады.
Шымқай шапқан нөпір таяй түсті.

*       *       *

Мансабы мен мейманасы қоса тасып, Тәнеке ықтиярындағы елді ыңғайына қарай билеп-төстеді. Осындай бір өктемдікте өздерін қаптағай руынанбыз деп санайтын бесене-қараларға тізесі батып та кетті.
Тәлейдің жазуымен жесір қалған бес қатынның бала-шағаларынан өсіп-өнген оларды жайлы қонысынан қуды. Әрі, үкі тағып, сөз байласып отырған Қамқа қызды өзіне қаратып алуға құлық танытып, әрекетке көшкен. Лажы таусылған бесенелер аталық руының батыры Мұңайтпасқа арыз айтып, әлсізге күш көрсетуді тиып, өктемдіктен құтқаруды, тиесілі адамдарын алып беруді өтінген.
Қарадан шыққан, халықтың мұңын жейтін Мұңайтпас оқиғаны көкейінде електен өткізіп, біраз іркілді. Сосын:
– Бұл жайды ел жайлаудан етекке түскенде барып, келеге салып көрейін, – деді.
Жайлау үстіндегі тау-тасты, құз-шатқалды болып келетін шалғай жолды ескеріп, жұрт жайланған жазықта мәміле пісіргенді ыңғайлы санады. Орнықты айтқан уәжге бесене-қаралар да тоқталды.
Қыркүйектің басында жапа-тармағай күзекке ауған елдің абыр-сабыры басылғанда, батыр атқа қонды. Әуелден халықтың пейілі мен ықыласына бөленіп, мейманасы асқындаған қызуқанды Тәнекемен бәтуаға келмесін тұспалдаған Мұңайтпас, мінезі орнықты, көп нәрсені көкейіне тоқыған Маманның ауылына тартты.
Дөсет бидің үлкен ұлы Қалқабайдан туған Маман – тоғыз атасынан бері билік пен байлықтың қоры үзілмеген әулеттің азулысының бірі. Айбынын асыра түскісі келгендіктен болса керек, киіз үйіне дейін басқұры мен үзігін көк бояумен пісірген. Елде жоқ үрдісті сахарада тірілтіп, етектен еңселі кірпіш үй салдырған. Шатыры Уфа мен Қазанның сырлы қаңылтырымен жабылып, алыстан көкпеңбек боп менмұндалайды. Осы Көк тәңірінің нәлі құдіретіне айналып, былайғы жұрт «көкүйлі» атап кеткен.
Жайлауы – Ақтасты, қыстауы – Ақсудың құйқасы қалың жері Қарағаш.
Маманның үйіне жұрт атын әудем жерге тастап жаяу келетін. Батыр өйтпеді. Шатырлы үйге құланың басын тіреп тоқтады. Оның бұл өктемдігін ұнатпаған Маман:
– Бұл кім, ей? Мынау қандай көргенсіз? – деп күбірлеп қалды.
– Мен, Мұңайтпас...
– Не бұйымтай? – деді есігінің алдында түрегеп тұрған қалпы.
– Өзіңді сөз ұғатын адам деп келдім. – Батыр шоқша сақалын бір салалап, Маманға бажайлай қарады. – Жолы әкең орнында болса да, жасы өзіңмен шамалас Тәнеке қара халыққа озбырлық жасап отыр. Жерін бір алып, жесірін екі алып, қаптағайдың өзін өзектен тебуде. Қаралар сансырап, араша сұрайды. Осыған тоқтау салатындай жөнін айтып, кісіліктен таймауға мұрындық болсаң...
Маманның бетінің ұшындағы қызыл шырайы сәл күреңітіп, көзі жансызданғандай көрінді.
– Бір ауылдың иті бір ауылға үрмейді. Мен ондай бостекі шаруаға араласа алмаймын.
Мұңайтпастың да көзі шатырайып шыға келді. Өйткені, Маман «ол ауылдың тірлігіне менің қатысым жоқ» дегенді аңғартып, «сен бөгденің босағасындағы шаруаға арпылдайтын иттен де бетерсің» дегенді меңзеп тұр еді.
– Онда тұрысатын жерлеріңді айтыңдар!
Шонжардың қызыл шырайлы өңіне жымысқы күлкінің ізі жүгірді.

*       *       *

Тәнекенің қолы андыздатып шапқан қалпы Мұңайтпас жағының жігіттерін тарпа бас сап, жайпап өтпек сыңайлы. Би осылай қарай аттанар алдындағы сөзінде:
– Бата тимей, қата тиіп, біреу-міреуін мертіктіріп алмайық. Біздің төбемізді көріп-ақ, тайынар. Сондықтан тау қопарғандай екпінмен ұрандатып барайық, соның өзі жүректерін шайлықтыруға жарар, – деген. Осы байламмен дүрк ете шаң көтеріп, құйғыта жөнелді.
– Қаптағай, Қаптағай!
– Бөрібай, Бөрібай!
Айқайдан құлақ тұнды.
Жарау ат мініп, шеп құрған жүз қаралы жауынгер батырдың ымын күтіп, тықыршыған тұлпарларының тізгінін тартады. «Алға!» десе болды, атырылмақ. Салқын қанды Мұңайтпас әлі емеурін танытпай қалшиып қарап тұр. Міне-міне, қарсы жақ таянды. Енді ұмтылмаса қаракетсіз хал кешер күйде қалмақ. Бірақ, талай сойқанды өткерген кәрі сүйек міз бағар емес. Талмау тұсқа дөп келер ұрымтал шақ әлі алыс сияқты. Демін ішіне тартқан жасақтың дегбірі қашып барады. «Аруақ!» деген дауыс естілді. «Аттан!» Онысыз да шиыршық атып тызақтаған жаужүрек жауынгерлер лап берді. Мұңайтпастың өзі де шайқасқа кірісті. Қалқан мен шоқпарды қапысыз қолдана білетін әккі батыр қалыңды жарып өтті. Соңында ерден ауып, аты жығылып қыдыралы жағы жусап қала берді.
Жылқы осқырып, сарт-сұрт сойыл қағысып, аһ ұрған үндер шығып, ұрыс жанған оттай қаулай өршігенде, батыс жақ беттен бір түйдек жосылта кеп додаға қойып кетті. Бұл Мұңайтпастың екінші жасағы-тын.
Мұны көрген Тәнеке бидің жауынгерлері алғашқыдай емес десі қайтып, жасқаншақтана сойыл сілтейтіндей. Лажы болса, кескілескен мына нөпірден сытылып шығып, қорғана жүріп ұрыс салғысы бар. Бірақ оған тыңнан қосылған үстеме топ, тегеурін берер емес. Бас жарылып, тобықтан қағылып, ерден ауып түсіп жатыр.
Ұрыс әлпетін аңдаған қыдыралы жігіттері ыдырай берген. Біразы баудай сұлап, қайсыбірі кірпіше жиырылып әр-әр жерде қалды. Енді амалға көшпей шайқаса берсе, ұзаққа бармасын бәрі ұғып, сытыла суырылды. Қаракемерден Қызылағашқа қарай ойысып, кең жазықты бетке алды. Осы кезде Мұңайтпас қамдап қойған үшінші лек теріскейден лап қойды. Тәнеке ақты-қаралы ат мінген және бір сойқан соққының екпіні келе жатқанын көріп, жігіттеріне оңтүстік батысқа қарай ойысып кетуге пәрмен берді. Қыдыралылар қалай шауып келсе, дәл солай атой сала лаға безді. Соңынан түре ілескен Мұңайтпас батырдың сарбаздары сойылына іліккендерді жанына батыра сабап, бықпырт тигендей қылды.
Мұңайтпас жиырма шақты жасақты жаралыларға көмектесу үшін майдан даласында қалдырды. «Қыдыралының жігіттерін атқа мінгізіп жіберіңдер!» деді тапсырып. Өзге сайдауылдарымен Тәнекені ізіне түсті. Бар шабысына салса сәйгүліктерін барлықтырып алатынын біліп, соңдарынан желе шоқырта ілесті.
Тәнекенің таласып алып қойып отырған жері – Көкқия тауының үстіндегі жазық пен әрі қарай Ағадырға ойысар нулы құз-шатқалы. Миуаға толы ойпаң әркімді де қызықтырса, қараға ұзатылып келмек кенженің қызы үріп ауызға салғандай сұлу-ақ еді.
Қазіргі қыдыралы жігіттерінің бетке ұстап бара жатқан бағыты – қоңыр таудың ойпаңдау өткелге оңай тұсы, Қызылағаш шатқалы. Көкқияға тікесінен салса, өздерін қамап бергендей болар еді. Олардың бұл айласын қуғыншылар да ұғып келеді.
Қараның жігіттері айызы қанып, еңселері көтеріліп, жымың-жымың қағады.
Кеше іңір таяна ерге қонған жасауылдар әлі аттан түскен жоқ. Сәске ауа басталған қақтығыс есесі кеткен жұрттың мерейін үстем еткендей. Алдыға ұмсынып, көз ұшында қараң-құраң көрінген озбырлардың шалғайына қолымыздың ұшы бір іліксе деп көксейді. Бағанағы сүт пісірімдей ғана созылған шайқас айыздарын қандыра қоймаған. Енді бір киліксе, білеуіттерді құлаштай кеп жамсататындай.
Тәнекелер төбе көрсеткен қалпы Қызылағаштың шатқалына құлап, сүрлеу жықпылдың қылтасымен Ошағандыға қарай өрлей берді.
– Ашудың бетімен кеп қалдық... Аталық ара түскенде араша беруіміз керек еді... Енді, осы қалпымызбен бөгелмейік, – деді би тастақты қияда өзінің ағаттығын жасырмай әрі ағайындарымен арасын ашып, соғысқанды қолай көрмей.
Өшіккен топ «осы да жетер, қашқандарының өзі – жеңілгендері, ат басын іркейік» деген байламды қаперлеріне алмады. Індетіп барып, тағы бір сойыл сілтегілері келіп-ақ тұр.
Ызалы ойдың сүресімен бұлар да Ошағандыға көтерілді. Бұқпантайлап тұрып қарсы алдарынан лап бермесін деген қауіп те жоқ емес. Бірақ, аталық пен қараның қажыр-қайратының дәмін татып көріп, қайта беттей алмас хәлде шығар деген де ой өжелене бой бермейді.
Ошағанды да артта қалып барады. Желе-шоқыртқан қол Бұқпанның тұсында қыдыралы сарбаздарының шетіне ілікті.
– Тәнеке, тоқта! Батыр болсаң, жекпе-жек! Жігіттерді текке мертіктірмейік, шық! – деп, қара арғымақтың үстінде апайтөс аталықтың алыбы үзеңгіге салмағын сала мойынын созып, кеудесін көтерді.
Сол-ақ екен жігіттер «жекпе-жек, жекпе-жек!» деп іліп әкетті.
Төбесінен қара аспандай құлаған «жекпе-жек, жекпе-жек!» деген үннің, тек өзіне ғана тиесілі екенін түсінген Тәнеке шұбар атының тізгінін тартты. Екі жақтың жігіттері ошарыла тоқтады.
Мұңайтпас тақымын қысып қалып еді, мейіздей қатқан қара ат суырылып ортаға шықты. Енді бөгелсе ер Қаптағай атасынан бастап әкесі ер Дөсетке дейін батыр болған аруақты әулеттен қадір қашатынын біліп, Тәнеке шұбарды сылаң қақтыра алаңқайға атырылды.
Қара мен шұбар бір-біріне жұлдызша ақты. Мүйіз-мүйіз бұтақтан жасалған шодыр шоқпар көкке көтеріліп, аяусыз сілтенді. Қалқанын төсеп үлгерген қос сойы да ауыр соққыны денеге дарытпады. Мұңайтпастың қара тастай шоқпары аталықтың аруағы еді, Тәнекенің қалқанын қақ айырып жіберді. Екінші қайтара сілтегенінде қалқансыз биді жанды жерінен емес тізеден жанай ұрып, әңгелек қақтырды. Ат үстінен жұлындай ұшты. Қайта айналып кеп аяғын баса алмай шоқиып отырған Тәнеке бидің кеудесіне ер үстінен найзасын тірей тоқтады.
Би аттан құлағанда-ақ шу ете қалған қаралар жапа-тармағай Мұңайтпастың қасына үйірілді.
– Өлтіріп жіберіңіз, өлтіріп жіберіңіз!
– Батыреке, көк сүңгіні салыңыз!
– Екінші қайтара өктемдік жасамайтын болады қыдыралылар!
– Жоқ! – Даурыққан жақтастарына алара қараған батырдың өңі сұсты. – Жоқ! Ел басына күн туып, жау шапса да, жауға шапсақ та менімен үзеңгі қағыстырып қатар шығатын, қайсың бар Тәнекеден басқа?!
Насатқа мастанып, жеңіске желіккен топ сап басылды.
– Талай жорықта қатар жүрген ағасына қарсы келгені үшін, мен мұның өмір бақи ойынан кетпейтіндей етіп, құйрығына таңба салып жіберейін! Ол оған өлімнен де күшті!
Көк сүңгінің ұшын Тәнеке батырдың жамбасына қадап, қалың етін жырып жіберді.
Бөрінің тұқымы қыңқ деген үн шығармады...

*       *       *

Тапа-тал түсте алқын-жұлқын шауып жеткен жылқышы «биге шұғыл жолығатын шаруам бар еді» деді қызметшілерінің біріне.
– Не болды?
– Бөгде адамдар!.. – Көзі аларып, түрі өзгеріп салды.
Оның мына ұсқынын көрген қызметші абдырап, сегіз қанат ордаға жүдемдете басып жөнелді. Көкейінде «жау келіп қалған екен» деген үрей тұрды.
Тәнеке жылқышыға ішке енуге мұрсат етті.
– Уа, батыр, ыңыршағы айналған атына арба жеккен, қауғадай сабалақ-сабалақ басымен қоса бет-аузы жүн-жүн, көзі тұздай жын сияқты біреулер өтіп барады. Тілдесіп көріп ек, сөзін ұқпадық. – Хабаршының абдыраңқырай реңі қашқан.
– Қай маңда?
– Тереңөзек тұсында.
– Олар орыс болса керек. – Тәнеке Сібір казак әскерлерінің Қапал бекінісінің іргетасын қалай бастағанын білетін еді. Мына жылқышы жігіт орыспен бірінші рет бетпе-бет жолығып, албастыдай ұсқынынан үрейі ұшып, дегбірінен айырылды.
Түрінен адам шошырлық бейсауат жандар содан кейін ара-тұра көзге шалынып тұрды. Арба дегеннің өзі қазақ арасында таңсық дүние. Салдырлаған арса-арса немеге қыр елі әудем жерден назар тігіп, қайран қала қарайды. Кейінірек қара шекпенділер ішкі ресейден лек-легімен ағылды. Келген бетте жай қарап жүрмей, ай-түйсіз шұрайлы жерлерге ауыз салды. Арада аз өтпей азу тістерін көрсетіп, момын қазақты ығыстыра берді. Бұл ен-тегін елді иемденген ерікті ұланға ұнаған жоқ. Орыстың келмей жатып, төр менікі деген өктемдігі көкейіне қонбады. Қапалдан қалыспай, айналасы бір-екі жылда Арасанда да орыс жатағы бой көтерді. Тұрмысқа қолайлы өңірлерден қазақ руларын қақпайлап, шеттете берді. Әсіресе, Қапал уезінің Изренко деген пысықайы бастаған қиянатшыл 40 адам бейтарап елге бүйідей тиді. Жайылып жатқан малды өрісінен қуып, қарсылық рай танытқан жұртты сойылға жықты.
Терісіне сыймаған Тәнеке бір күні атой сап Қапалға енді. Лап қойған салт аттыларға мылтық атылды. Бірақ ашынған жұрт қауға тиген өрттей өршелене ұмтылды.
– Сойып сал атаңа нәлетті!
– Көзін жой кәпірдің!
– Ұр!
Өжелене айқайлаған дауыстар ызалы жігіттерді өрекпітіп жіберді. Көлденең кезіккен казактардың бәрін сойылға жығып, бір қыдыру уақытта байлап-матап алды. Арасында көздеген Изренко да бар. Барақы иттің жүніндей сабалақ шашы қобырап, қолы байланған қалпы Тәнекенің алдында тізерлеп отыр. Қазақтармен сөйлесуге тіл жоқ. Бірақ, таяқ пен ым қазақтың емеурінін қапысыз ұқтырды. Ыстық күнде Көкқияның күнгейіне жаяу айдады, тілдері таңдайына жабысып қаталады. Боршыған денелерінен шып-шып тер шығып, жүндес самайы мен кеуделерінен моншақ-моншақ су ақты. Ық жағына кеп қалсаң қолаңса исі қолқаны қабады.
Дандайсыған жөйіттерді жыланды аңғарына алып келді. Бықыған ордалы ұйық күнге шағылысып, айдаладан жалтырайды. Мал-жанға залалы тимесін деп Қызайбай бақсы әбілеттердің тілін байлап тастаған. Оған таянған сайын жалбыр шаштардың үрейі ұшып, әлдене деп жалбарынады. Озбырға аяушылық жоқ. Бірінің үстіне бірі ұйлығыса бықыған мынандай сұмдықты алғаш көріп, кәпірлер қалш-қалш етеді. Қолы епсекті оңтайлы жігіттер таяқпен ордалы немені бір-бірден шығарып ап, ысылдап айбат шеккеніне қарамай құйрығынан ұстап, иіріп-иіріп әкеп орыстарды пәрменінше салып кеп жібереді. Жап-жалтыр білемдей бәле бишіктің өріміндей зуылдай барып, жалаңаш етке шылп ете түседі. Қансоққырлардың шегір көзі бақжаңдап, жарбай түйеше бақылдайды. Екі-үш рет құлашты кере сілтегеннен соң тілін сумаңдатқан ирелең есеңгіреген хәлде жерге салақтай құлайды.
– Қапалдан сыртқа қия басып жерімізге тисеңдер, айдаһарға жұтқызамын, зәнталақ!
Қазақтардың қолындағы жылан зәр шаша қайқаңдағанда:
– Боже мой!..
– Нет, нет!.. – деп жирен түктілер дірдек қағады. Табандарының астында бұралаңдап шалажансар қара шұбар жыландар жатыр... Ордадан бір легі бөлініп ирелеңдей адамдарға жылжи, басын қақшаңдата айбат шеге ысылдайды. Айыр тілі сумаңдап, тарыдай көзі тесіліп барады.
Бәрінің сазайын тартқызып, бір-екеуінің ғана қолын байлаудан босатып, ордалы жылан ұйығының аузына тастап кетті.
– Спаси Иисус Христос...
Әлдеқайсысы ыңырси сыбырлады.

Ертеңінде Қапалға қайта айналып соқты. Ешкім төбе көрсетпейді. Жым-жылас. Итіне дейін жықпылға кіріп, бас көтермейді. Көпшілікпен бірге қолына түспей кеткен Қапал уездік басқармасының бастығы Эрентальды орнынан басты. Кешегі мылтық атқандар басқарма төңірегіндегі жасақ-солдат болса керек, бүгін өйте алмады. Себебі, қазақтардың күнде шабуылына ұшыраса оқ-дәрілері жетпейтін еді. Көмек келе қоятындай емес, жер шалғай... қыр көрсете берсе, қырып салатындай қауіптенді.
Ағаш үйіне кіріп кеп.
– Әй, сапалақ, мына шибөрілеріңді тыйасың ба, тыймайсың ба?! – деді.
Кешегі қиғылықты, сосын жыланды аңғардағы азапты естіп жаны түршіксе керек, Эренталь орнынан қозғала алмай қалшылдай дірілдеді. Желкесінен бүріп, аулаға айдап шықты. Тыста казактардан бір пенде жоқ. Бәрі жан сауғалап, үйлерінің терезесінен баспалай қарайтындай.
– Сені халықты тонау үшін жібермеген шығар ақ патша?
– Господин провитель Танеке, из-за глупости упистили грубеющую ошибку... простите...
– Содырларыңды тыймайды екенсің, мен сенің аяғыңды тартатын жасаймын.
Уезд бастығының қолын артына қайырып ұстап, ұлы Есімбекке:
– Жанын шығарып саба! – деді ақилана айқайлап.
Тұщы етіне ащы таяқ тигенде бақ етіп, басқарма бастығы булыға бажылдады. Араша түсерлік бір казак бой көрсете алмады. Ақ патшаның өкілін көздерінше жосадай еткен мына қатыгездіктен бәрі үрейлері ұшып, әркім өз қуысында бұғына түседі.
Күрзідей жұдырық әкіреңдеген әңгірді допша домалатты. Майлы құйрықтан Тәнекенің өзі де қамшымен осып-осып жіберді.
Аулада иттей қаңсылатып сабап тастап кетті.
Бірақ текетірес мұнымен біте қойған жоқ. Қапалға атаман, полковник Абакумов келіп, әскери жасақтың ықпалымен қысым бел алып бара жатты. Халықтың жаз жайлап, қыс қыстап жүрген шұрайлы жерлерін тартып алды. Тәнекенің ызбары өтіп кеткендіктен дәргейіндегі жұртты тонап-зорлады. Онымен қоймай бірсыпырасын Балқаш көлінің маңындағы құмға айдап жіберді. Ендігі қақтығысы қатерге соғатынын біліп, Тәнеке бұл озбырлық жөнінде Верный, Омбы генерал губернаторларына хат жолдап, көшірмесін Петербордағы патша ағзамға жөнелтті. Соңында қиянат тоқталмаса, соғысуға мәжбүр екенін жеткізді.
Осындай хәлді өз басынан өткеріп отырған Тәнеке Кенесары хан қақтығысының неліктен орын алғанын мүлтіксіз түсінді. Сондықтан соңғы ханның бет-жүзін көрмесе де онымен ойы, пайымы қанаттас еді. Іштей тілеулес болатын.

*       *       *

 

Бір күні қас қарая екі жолаушы Тәнекенің ауылына ат басын тіреді. Қайын жұртынан келген жалайыр жігіттері екен. Ертеңінде тай сойдырып, балдыздарын құрметтеді. Демін алып, солығын басқаннан кейін жөн сұрады.
– Балқаштың бойында, – деп бастады сөзін сетік танау ұзын бойлы Қылмамбет, – адам жейтін жолбарыс пайда болды. Соңына түсіп, көзін жоюға барған бір топ адамның бесеуін жарып өлтірді. Енді ешкімнің жүрегі дауалар емес. Ірі қараны жеп жатқаны былай, малшылар із-түзсіз жоғалып кетіп жатыр.
Мына әңгіме тыңдап отырғандардың денесін тітірентті.
– Соған, – мейман сөзін қайта сабақтады, – жәрдем сұрап, өзіңе кеп отырмыз, жездеке.
– Балқаштың қай маңынан бой көрсетіп жүр.
– Сарыесік пен Атыраудың көлге шектесетін етегіндегі қалың нудан шығып тұр.
– Жақсы. Келесі жұманың соңына қарай Қараталмен құлдап, Ақжар арқылы Атыраудың етегіне түсемін, күтіңдер, – деді.
Қайын жұртының бір жағы жаны қысылып, бір жағы сынай келіп отырғанын ұқты. Сондықтан уақыт созбай жолбарыс жайын біржақты етуді ұйғарды.

Атты адамның бойынан асып кететін нар қамысты бір топ жасағымен үшінші күн аралап келеді. Тауланын ертіп таутан жүреді деген тұстың бәрін сүзді. Үшті-күйлі. Адам жегіш бәле көзге түспей сілені қатырды. Әуелгіде жалайыр жігіттерінің сілтеуімен бәрі бірге жолбарыстың ізіне түсіп еді, енді екіге бөлініп кетті. Бір бөлегі Балқаштың солтүстік шығысына бет алса, екіншісі Іленің құятын көмейіне қарай жылжыды.
Тәнеке етекке құлдаған топтың алдында. Күн болса еңкейіп, ұясына арқан бойындай қалған. Қалың жынысты жара қамысты сатырлата сындырып, жапыра жүріп келеді. Ойламаған тұста нудың ортасындағы ашық алаңқайға би жалғыз шықты. Сол-ақ екен, «ар-р» еткен қаһарлы үн құлағына шалынды. Астындағы торы ала ішін тартып осқырына мінер жақ қапталына қарады. Тәнеке де мойынын бұрғаны сол еді, үлкендігі құнан өгіздей, басы қазандай, әукесі салбыраған қызыл ала жолбарыс көзі қанталап атырыла ұмтылды. Дереу жанынан алмас кездігін суырып, ыңғайлана берді. Екпіні тау құлатарлық тағы ырылдаған айбатымен ер үстіндегі өзіне бір-ақ шапшыды. Ала ат шайқалып кетті. Абырой болғанда арандай ашқан ауызды денесіне дарытпай, сол қолымен өңештен ұстады. Түйенің ізіндей жалпақ табан ердің алдыңғы қасына тиіп, сояудай тырнақтары қайың ағашқа кірш-кірш кірді. Оң жақ алдыңғы аяғы ішпекті қармай, ілмек тырнақтар аттың бүйіріне қадалды. Жануар ышқына кісінеп жіберді. Жолбарыстың аузынан атқалақтаған ыстық дем сілекейімен қоса Тәнекенің бетін шарпыды.
Артқы аяғымен түрегеп тұрған хайуанның зіңгіттей басы бидің төбесінен қарады. Жүректің тұсы осы-ау деп, алмас кездікті үш қайтара сұғып-сұғып алды. Төртінші кезекте өңешті орып жіберді. Қан бұрқ етіп батырдың алқымына шапшыды. Осы кезде соңындағы жігіттер де жетіп, найзаны кірш-кірш қадады.
Есік пен төрдей әбілеттің әзер дегенде буыны босап, құлай берді.

Көңілдері көтеріңкі қаптағай жігіттері жалайырдың елінен құрметпен аттанды. Әзілдесе әңгіме айтып, сақ-сақ күледі. Қоржындарында жолбарыстың қос сарымығы бар.
– Мәпелеп бақсақ, өгіздей боп өсер... – Маңдайында ат тұяғынан қалған тыртығы жалтырап, Есқожа ауызы жайындай жайыла күлді.
– Күнде біреуді жарып тастап жүрмей ме? – Жүрегі шайлыққан Абдолла үрейін де жасырмады.
Даурыққан лек желе жортып, Дауылбай тауы мен Ешкіөлместің арасындағы жайдақтан төмен түскенде қалың нөпірді көздері шалды. Сыртқы сықпыттары ел ішіндегі адамдарға ұқсамайды.
– Бұлар кімдер болды екен?
– Оқалы жағалысы бар.
Жақындағанда абыр-дабырды құлақтары шалды.
– Әй, шоқынған төре, елді діннен безген жаман әдетке бастайын деп келдің бе?
– Не жоғалттың бұл жақтан?
Тәнеке биді алыстан таныған жұрт даурығысқандарын қойып, бәрі солай қарады.
– Мырза, жол оң болсын! – деді қайыстай қатқан мығым қара жігіт.
– Айтсын! – Сәл қабағын шытынды. – Ауылға келген мейманды ел іргесінен аттатпай сұраққа алып жатырсыңдар, бұл қалай?
Оқымысты төрені тұңғыш көрсе де оны жазбай таныды. Сыртынан жақсы білетін еді.
– Бұларың жарамайды, жігіттер. Иә, Шоқан, жол болсын!
Шоқан мына бекзада ел ағасының кездейсоқ ұшырасқанына іштей қуанды. Екеуі сөйлесе келе көп жәйттан хабардар болды. Тәнеке хан тұқымын ауылына ерте кетті. Мейман етіп тынықтырған соң, сарбаздарымен Шоқанның керуенін Қашқар қақпасына дейін жеткізіп салды.
Сол жолы жорықта жүргенінде бір шөнжікті топограф Нифантьев ұрлап әкетіп, Омбыға апарып, одан әрі ақ патшаға сыйлық ретінде жөнелтіпті.

*       *       *

Кенесары ханның Арқадан Тараз өңіріне табан тіреуі орыс империясының алаңдаушылығын тудырды. Өйткені бұл аймақ сұлтандарының дені әлі Ресейге өз еркімен қосылуы туралы сенім қағаздарын тапсырмаған, бейтарап жатқан ел еді. Ақ патшалық ықпалдан шалғай өлкеге асау ханның келуі, басқыншы жұрттың көңілдерін астаң-кестең етті. Қарап қалмай қаракетке көшіп, ымыраға көнген солтүстік, орталық қазақ жұртының ішінен адамдар шығарып, Кенесары қолына қосылмау жөнінде халық арасында уағыз таратып-ақ бақты.
Алмағайып шақтың ушықты тұсын азайту мақсатында 1846 жылы Батыс-Сібір генерал-губернаторы Вишневский Омбыдан Аягөз, Лепсі өңіріне ахуалды барлауға шықты. Сол кезде Тәнеке сияқты тарпаңдарды бауырына тартуды амал етті. Қапалда патша өкіметінің тұңғыш болыстық басқару тізгіні Тәнекеге тиеді.
– «Болыс» деген не сөз екен? – деді Қуатбек бауырдай жайылған көлбар беті еш әсерсіз. Өзі кісіге қарамай, жүзін айдалаға сап сөйлетін қашанғы әдеті. Шүршиген еріні, жыртиған көзі күлімсіреп отырған адамның кейпінде көрсетеді.
– Кім біліпті, ақ патшаның билігіне «болыс, көмектес» деген ұғым шығар. – Арапбай да қырын қарай сөйледі.
– Не де болса Тәнеке үстемдік алды!
– Бөрібай атаның аруағы жар болғаны ғой.
– Ер Қаптағайды қайда қоясың? – Көзі ежірейіп, шоқша сақалды Тақыр молда замандасына жаратпай қарады. – Би әрі батыр болған Қаптағайдың бағы үрім-бұтағынан әлі ажырамай келеді.
– Ұзағынан сүйіндірсін деген осы да. – Қуатбектің шүршиген еріні жыбыр етті.
– Тәнеке – Қаптағай бабасынан бері санағанда тоғызыншы ұрпақ. Қаптағайдан Есенгелді, одан Жолан, Жоланнан Асан, Асаннан Сары туады. Бұлардың бәрі – қалың нөпірге түскен, елдің жел жағында жүрген батырлары, билері.
– Әп, бәрекелді. Бәрі тегіне тартып, олағай дүниені толағай жасаған тарландар. – Арапбай түлкі тұмағын сыпырып, алдына қойып, жүрелей отырды.
– Сары турашыл билігімен қоса ақылдылығымен, асқан ділмарлығымен әз Тәуке ханның алдында айрықша көзге түседі. – Әңгімешіл Тақыр молда ақтарылып бір сөйлейін деді. – Орыстармен қарым-қатынас мәселелерін шешу мақсатында Сары би бастаған елшілікті Ресейге жібереді. Тобыл қаласында мәжіліс құрып отырған кездерінде іргелес жұрттың көксоққырлары қағынып, орыстардан көп адам шығынға ұшырайды. Орыстар бірден Сары батырға күмәнданып, «сенің ту сыртыңа жасырып әкеген адамдарың» деп айып тағады. Сенімсіздік туған соң елшілікке барған кісілердің бәрін түрмеге жабады. Тәуке хан І Петрге хат жолдап, елшілік заңы мен ережесінің өрескел бұзылып отырғанын көлденең тартады. Мәмілегер адамдарды қайтаруын талап етеді. Алайда, Сары түрмеде қайтыс болады. Тәуке хан Сары батыр өліміне бір жыл аза тұтады.
– Ойпырмай, бірінен-бірі асып түсетін ұрпақ болады екен-ау, ә-ә... – Арапбайдың иегі оң жағына бұрылып, басы болмашы қиқая ойланып қалды.
– Иә, жақсылықты әркімге құдай береді. Басына бақыт пен дәулет бірдей қонатындар некен-саяқ. – Тақыр желпіне түсті.
– Матайдың ұранына айналған Бөрібайды мықты ма деп жүрсек, бар қасиет әкесінде жатыр екен ғой. – Арапбай мына жайды алғаш естіп қайран қалды.
– Бөрібайдың да елге сіңірген ісі ұшан-теңіз... – Қуатбек дөйдалаға қараған қалпы сыбырлай сөйледі. – Бөрібай батырдың есімі Шоңай, Қаракерей Қабанбайлармен қатар аталады. Олармен үзеңгілес жора-жолдас болған. Жоңғар жаугершілігінде Бөрібай елін Жетісудан Сыр, Арқаға көшірген. Тарихи маңызы үлкен шайқасқа Қабанбай, Жаңатай, мүйізді Өтеген, Жәнібек, Бөгенбай сынды қазақтың батырлары сияқты Бөрібай өз қосындарымен барып қатысты. Сол жолы Торғай даласының оңтүстік шығысында Бұланты өзенінің бойында «Қалмақ қырған» деп аталып кеткен шешуші ұрыста асқан ерлік көрсетеді.
– Одан кейін, – деп, сөзді шоқша сақалы тұштаңдап Тақыр іліп әкетті, – қоңырат, найман, жалайыр, қарақалпақ, тобықты руларының басын біріктіріп, Сарысудың бойында «Телікөл» деген жерде қырықмыңдық сарбазбен елумыңдық қалмақ әскеріне алғашқы соққы береді. Бұл тұста Бөрібайдың жасы жетпістен асқан еді. Соғыс тәсілін жете меңгерген қолбасы. Қалмақтар ұрыс айла-амалының білгірі Бөрібайды алдымен құртуды ойластырады. Осындай қулықпен, өмірі шегінуді білмейтін ардагерге қарсы еш жеңіліп көрмеген қалмақтың ең бір қанды қол білеуіті – Қапалды жекпе-жекке шығарады. Отыздың ішіндегі Қапал қайткенде жетпістен асқан Бөрібай шалды жеңеді деп есептесе керек. Бірақ, бәрі керісінше болып, ақ сақалы омырауын жапқан қарт желді күнгі қырандай жау үстінде ойнайды. Тіктеп салған найзасы қалмақ баһадүрінің жауырынынан бірақ шығады.
– Әп, бәрекелді! – Арапбай алдыға ұмсына түседі.
– Абылай хан Бөрібай батырдың сол ерлік жеңісін жоғары бағалап, хандық жарлығымен бұйыра: «Есімің Матай елінің ұраны болсын!» – депті. Содан бастап Бөрібай Матайдың ұранына айналып, ер-азаматтар жаугершіліктерде, аламан бәйгелерде «Бөрібайлап» шабады.
Қабанбай Бөрібай бабамызды аға тұтып, құрметтеген. Матай елі әр түскен олжадан, ұранға есімі шыққан Бөрібай батыр аруағының құрметіне «Бөрібай сыбағасы» деп еректеп, бөліп отырған.
– Бөрібайдан Қыдыралы би, батыр, одан Дөсет би, батыр туады. Дөсеттен Тәнеке. – Қуатбектің сыбыры естілер-естілмес.
– Тәнекенің Қапал оязы Еренталдың екі қолын өзі ұстап тұрып, оны үлкен ұлы Есімбекке сабатқанда өкіметтің қың демегені, ата-бабасының аруағынан тайынғаны.
– Опырмай, ә-ә... – Тізесінің алдында жатқан тұмағын Арапбай қайта басына киді.
– Жалғыз Тәнеке емес, Дөсеттің үлкен ұлы Қалқабай, оның Маманы – құйрығы бес батпан баққа кездескен алыптар. Сондықтан патша өкіметі ешбір жаза қолдана алмайды. Болыс болғанымен Қапал оязы – Тәнеке. – Тақыр молда тас үстінен ұшар қаршығадай қомдана қалды.
– Рас. Ақ патшадан шен алған, «хорунжи» әскери атағы беріліп, шекпен киген кісі – жалғыз Тәнеке.

*       *       *

Би кешеден бері арпалыс үстінде. Сегіз қанат ордаға сыймай, дел-салы шықты. Не ас батпайды, не ұйқы келмейді. Ой меңдей берді. Бәтуалы байлам таба алмай сансырады.
Бес жылға таяу жүрген Кенесары хан көтерілісі бүкіл қазақ даласын шарпып, Жетісуға да бір ұштығы жеткен болатын. Тәнеке Кенесары хан Таразға табан тірегенде астыртын адам жіберіп, хабар алды. Қырғыз еліне өтпек ойын біліп, Жетісу өңірі арқылы жүруге кеңес берді. Өзі бір табын жылқыны айдатып, алдынан қарсы аттанды. Ханмен Аңырақайдың тұсында жолықты. Ұлы дүбірлі жасаққа қосылып, албан, суанның жері арқылы Сырт жайлауына бет алды. Сөйтіп, ханның қырғыз еліне өтуіне орасан зор қолдау көрсетіп, үлкен ықпал жасады.
Кеше Маманның Тәшкенге тартқан кіресі қайтып оралды. Кіре басшысы Жақыт бірден өзіне келіп тұр. Амандықтан соң «жаман хабар» әкелдім деді көзімен жер шұқып.
Болыс та оған қадала қалды.
– Кенесары ханнан айырылып қалдық.
– Не дейд?!. – Жыртиған шегір көзі бағжаң етті.
– Ресейге жағынған қырғыз манаптары түбіне жетіпті.
– Қырғызға мәміле үшін аттанып еді ғой...
– Ажалына аттаныпты. Хан басына тігілген ақшаға бола Орман, Жантай, Төрегелді манаптар арысымызды ажал құштырған...
Тәнекенің басы салбырап түсіп кетті. Үйде тыныштық орнады. Сәлден соң Жақыттың бір сарынды үні қайта жалғасты.
– Қоқан жағында Кенесарының өлімі туралы хабар әр саққа жүгіртіліп, сан қилы реңде тарады. Орман манаптың қолынан Кенесары хан, інісі Наурызбай, оның екі баласы және өзге де он бес сұлтан қаза тапқан. Сонымен бірге көптеген қатардағы қазақтар өлтіріліп, мыңға жуық адам тұтқындалған.
Орман мен Жантай өздерінің ісіне риза болғанын жасыра алмай әрі көлденең көзге мейманасын тасыту мақсатында «достығымыздың белгісі ретінде» деп, қазақтардың бастарын Қоқан ханына жөнелтіпті.
Тастай тағы қырғыздардың шонжарларға тарту тұрғысында жіберген Кенесары адамдарының екі арбаға тиелген бастарын қалың жұрт Ташкеннің төрінен көрді. Біз де көрдік.
Би басын жерден көтеріп алды. Ызалы жанары Жақыттың өңменінен өтіп кетті.
– Ол аз дегендей өзге де бастарды ұзын сырыққа қадап, Ташкен базарына айналдыра іліп қойған. Қарға мен сауысқан шоқып қарық. Жергілікті басшылар бұл іске риза болып, тастай тағы қырғыздарға алғыстарын жаудырып, сый-сыяпаттарын беруде.
Осы әңгіме Тәнекенің жанын түршіктірді. Тұтқиылдан жеткен Кенесары қазасы есеңгіретіп жіберді. Жеке өзіне ғана емес, хан Кененің серіктері мен қарулас достарына, қазақ даласына үлкен соққы, орны толмас қайғы болғанын іштей ұғынды.
Күндіз күлкі, түнде ұйқысынан айырылды. Кенесары хан үшін кек алу мақсатында қырғыз манаптарына қарсы жорыққа аттану жайы маза бермеді. Әрі-сәрі халде жүргенінде Кенесарының денесін бұтарлап турап, суға ағызғаны аздай манаптар, ханның басын Қапал, Аягөз арқылы Омбыға жібергенін естіді. Тәнеке би, тіпті, өзін қоярға жер таппады. Шұғыл жігіттерін жинады.
– Жанбай, сен қасыңа жолдастарыңды алып, арғы бетке қызай еліне аттан. – Болыстың сығырайған шегір көзі, екі иығына екі кісі мінгендей домалақ жүзді, мұртты жігітке қадалды. – Күллі қазақтың ханы келекеге айналып жатқанда, қол қусырып отыру – ездің ісі. Алатаудан Арқаға, Алтайдан Атырауға дейін біртұтас ел екенімізді танытайық. Сол жақтан азаматтарды жинап, әзір отыр! Кене ханның кегін қытай аумағы арқылы айналып барып аламыз! Кемінде мың сарбаз жиылатын болсын!
– Мақұл!
– Сен, Бәйдуәли, қасыңа сенімді серіктеріңді алып, садыр еліне бүгін аттан. Сұраусыз кеткен бірде-бір хан жоқ, біріксін! Ханның бұтарланғаны – халықтың бұтарланғаны. Азаматтарымыздың басын итке тастатпаймыз! Қанға – қан! Аттансын! Бір жұманың ішінде мың сарбазды жинап, Амантекшеге көтеріліңдер!
– Инша Алла, ұйысып жетеміз. – Қағілез сары жігіт малдасын құрып отырған қалпы оң қолын кеудесіне қойып, басын иді.
– Желмая, сен матай жұртын көтер! Әңгіме біреу-ақ, шұғыл атқа қонсын. Ханын ажал құштырып қойып қарап отыратын қай ел бар? Байлық атадан балаға кетпейді. Ал, осалдық, ынжықтық, қорқақтық ұрпақтан ұрпаққа жайылады. Сүйекке түскен таңба, мәңгі бақи елдің бетіне шіркеу болмасын. Тізе қоссын! Бес қаруын сайлап, шұғыл атқа мінсін. Келесі жұмада Амантекшеде жолығамыз. Мыңды бастап сонда кел!
– Халық та ашулы. Бірігеміз! – Ат жақты, тарамыс денелі жігіт құп алды.
– Олай болса, уақыт тығыз, жөнеңдер!
– Алла жар болсын!
Мұздыбұлақта отырған Тәнеке тау жағалап, Қызылұш, Бүркітті, Ақтөбені басып, Амантекшеге кесімді уақыттан бір күн бұрын жетті. Алдын-ала келіп үлгерген нөкерлер бәрін жайғастырып қойыпты. Боз биені құрбандыққа шалып, батырға ақ жол тілеп ақсақалдар бата қылды. Кенесары мен өзге де сұлтандардың, сарбаздардың аруағына бағыштап құран оқыды.
Әр тараптан хабаршылар келіп, жиналған қолға қатысты мән-жайды мағлұм етіп отырды. Ертеңінде Қарасырық, Қараүңгір, Қалмақасу, Қаражырық арқылы арғы бетке аттанды.
Кеңінен айналып отырып, Ыстықкөлдің оң қапталынан шықты. Ілгеріге Қиырбайға бастатып, оншақты барлаушы жігіттерді жіберді. Оларға Орман, Жантай, Төрегелді манаптардың дерегін білу жүктелген.
Танауы делдиіп Қиырбай қызыл іңір жамыла қосынға жетті.
– Кенесарының қанын тікелей мойнына жүктеген Орман манап, әттең, қолымызға түспейді.
– Неге? – Болыс бұған бір қырындай иегін көтере қарады. Жүзінде сауал.
– Ханның қазасынан кейін іле қырғыздың ішінде өзара қырғын соғыс тұтанған екен. – Молдасоқынған қалпы сөзін жалғады. –Сарыбағаштықтарды бастаған дүниеқоңыз Орман бұғы руының Ыстықкөл жағалауындағы шұрайлы жайылымдарын басып алып, жеке иемденгісі келіпті. Дәулет пен мансапқа құныққан манап осы соғыстың барысында жер жастанған.
– Ым-м... – деді болыс ыңырана, – тастай тағы біздің жазадан оңай құтылған екен.
Барлаушы сөзін қайта жалғады.
– Кенесарыны өлтірген жендеттің бірі – Жантайды қазақтар тұрсын, қырғыздардың өзі жылпостығы үшін жек көрген. Оны да өлтіріп жіберіпті.
– Қап, Жантай менімен сыйласып жүретін еді, қолыма түссе, иттігінің жайын сұрайын деп едім... Жалпақтағаны көзге ғана екен ғой...
Би бір сәт томаға-тұйық іркіліп:
– Сосын... – деп, көздеп келген адамдардың бәрін жоқ деп айта ма дегендей Қиырбайға шұқшия қадалды.
– Ендігі қалған хан өліміне қатысы бар тастай тағының біреуі – Төрегелді манап жайлауында. Ауылына қай жағынан барған қолайлы, жасақты қай тұстарға орналастыру керек, бәрін байқап келдік.
– Дұрыс бопты.
Қазақ қолы Төрегелдінің қонысын көздеп, ақырын жылыстай берді. Жолда жазығы жоқ бірде-бір қырғызға тиіспеді.
Тағы жердің төресінде отыр екен. Мыңғырған жылқы, жер қайысқан мал, қарағайлы, қайыңды алқап. Сәнмен тігілген киіз үйлер.
Тәнеке ауылдың іргесіне келген соң Шиырбайды бас етіп, сымбатты киінген оншақты жігітті манаптың отбасына жіберді.
– Манапты тырп еткізбей ұстап отырыңдар, ауылын шапқанымызды көзімен көрсін, – деді. – Бұл қырғынның не себептен екенін түсіндіріп айтыңдар!
Сал-серіше киінген жігіттер тура Төрегелдінің үйіне түсті.
– Ассалаумағалейкүм, көк сауырлы манабым! – деді Шиырбай.
Мамықта жатқан шонжар оқыстан кіріп кеп сәлем берген қазақтың даусын естігенде, қайраңға шыққан балықтай шоршып түсті. Көрпесінің төменгі жағында бұрымды отырды.
– Қазақ халқының ерік-жігерін ту қылып көтерген, ұлы даланың рухын аспандатқан Кенесарыдай асылды оққа байлаған қырғыз манабын хош көрдік!
– Әликүм... Төрлетіңіздер, мырзалар... – Үні жасып, абдырай сөйледі.
Әйел сытылып сыртқа шыға берді.
– Төрлететін мейманың емеспіз, жаныңды алуға келдік!
– А-а... Не дейді?.. – Қой көздері жыпық-жыпық етті... Жазығым не ед?..
– Ханымыздың қанын төгіп, «жазығым не?» дегенің не сандырақ?
– Мәжбүрледі, қорыққанымнан орыстардың бұйрығын орындадым.
Осы кезде тыстан «Аттан, аттан! Жау шапты!» деген үрейлі үн шықты. Іле дүркіреген ат тұяғы мен ұрандаған дауыс жер әлемді алып кетті.
– Бөрібай, Бөрібай!
– Байторы, Байторы!
– Аруақ!
Манап босаға мен үй ішіндегі ызбарлы жандарға жапақ-жапақ қарады.
– Біз кек қуып келдік. Елді иесіз, жерді киесіз деп ойладыңдар ма? Ауылыңның қалай шабылғанын, бала-шағаңмен қоса еліңнің қалай шырқырағанын көзіңмен көріп, құлағыңмен есті!
– Алла, Алла, не сандырақ?..
– Сандырақ емес... Ақиқат!
Шиырбай Төрегелдінің тақыр басынан қамшымен осып жіберді. Бұзау тіс дырау тиген жерден лып етіп қан білінді.
Киіз үйдің есігінің алды қайшалысып, шыңғырған, бақырған жан түршігерлік дауыстар құлақ тұндырды. Қазақтардың пәрменді үні өршелене шығады.
Сөйтіп, Төрегелді манаптың ауылы тоналып, өзі тұтқынға алынды. Қыз-жігіттерін байлап-матап, бес жүзге тарта жанды олжалап әкетті. Тұтқындағы Кенесары ханның сарбаздары босатылды.
Қаны қарайған Тәнеке тастай тағы Төрегелдіні аяусыз жазалады. Кенесары ханның рухынан кешірім сұратып, аруағына бағыштатып құран оқытты. Содан кейін барып басын алды.
Қазақ ханының өліміне қатысы бар тағы да бірнеше манаптың сазайын тартқызды. Тірідей әкетіп, құлдыққа жекті. Алайда, қарапайым халыққа қару көтермеді, тұтастай қырғыз жұртын шапқан жоқ. Тек Кенесары мен оның серіктерін өлтіргендерді ғана өлімші етті. Осы сойқаннан соң қырғыз ішінде «Кене ханның кегі» деген оқиға қалды.
Арманда кеткен Кенесарының кегін қырғыздардан қайтарғаннан кейін Тәнекені халқы: «Қазақтың соңғы батыры» атады. Аты шулы Кенесары ханның жақтасы, іздеушісі бола тұра Тәнеке би патша өкіметі алдында да беделден айырылған жоқ. Оның айбындылығынан шығар, айыбы көзге ұрып тұрса да ешқайсының батылы барып, кінә таға алмады.
Көкқия тауының Қызылағаш пен Сағабүйен арасындағы бір шатқалы, күні бүгінге дейін «Қырғызсай» аталады. Өйткені бес жүзге тарта жанды сонда әкеліп қоныстандырып, күндіз-түні бақылау орнатқан. Өзі ара-тұра ар жағынан Тереңөзекті басып кеп, Көкқияның төбесінен қырғыздарды қарап қояды.
Бүгінде ол қырғыздар қаптағай руының бір тармағы қыдыралы-қырғыз боп, матайлардың арасына әбден сіңісіп кеткен.

*       *       *

Ел күзекте отырған қыркүйектің мамыражай тұсы. Қараша үйдің іргесіне сырмақ төсетіп, үстіне ат көрпе салдырып, тас жастықты шынтақтап жататын Мұңайтпас қарияның әдеті еді. Бүгін де үйреншікті жағдаймен самалдап отырған. Сонадайдан бір үйір жылқы айдаған қараң-құраң көрінді. Дүркіретіп жылқыны үйдің маңынан әрі қарай ұзатып жіберді де үш-төрт құрық сүйреткен жолаушы ат басын тура өзіне бұрды. Әдейі бұрылғанын іші сезді. Жетектерінде ала аяқ торы төбел ат бар.
– Ассалаумағалейкүм, ақсақал! – деді жамыраса ілтипатпен ер үстінде тұрып.
– Әлейкүммассалам! Үйге түсіңдер.
– Алла разы болсын, ақсақал. Сізді көргеннен кейін сәлем бере кетейік деп бұрылдық.
Мұңайтпастың назары жетектегі торы төбелге ауа берді. Аттарының еттері қатып, ішін тартып алыпты.
– Кім боласыңдар?
– Менің есімім – Қиырбай. Мына жігіттер үзеңгілес достарым. Аталық, тайлақпыз.
Қосақтағы торы төбел шылбырының ұшы Қиырбайдың тақымында.
– Жөн екен. Қай жақтан келесіңдер?
– Кене ханның кегін қайтарып, қырғызды шауып... – Қиырбай екпіндете сөйледі.
– Қалың қазақтың намысын жыртып, халықтың ханын жоқтағандарың әбден орынды... Мынау жетектегі ат не?..
– Олжа ғой...
Кәрі батырдың талай жау жағынан дүркіретіп жылқы айдағаны есіне түсті.
– Олжа болса, сауғаға маған байлап кетіңдер.
– Жанымды шүберекке түйіп барып, алған олжамды көлденең кездескенге тарата берсем, не болғаны?..
– Мұның да жөн екен...
– Ақсақал, жақсы, сау болып тұрыңыз...
– Аман болыңдар.
Арада бір жұмадан астам уақыт аралағанда «Мұңайтпас батыр осындай күні тойға шақырады» деген сөз тарады.
Жұрттың бәрі қайран. Келін түсірген жоқ, немере, шөбересін сүндетке отырғызып жатқан жоқ. Бұл не той?..
Шиырбай інісі Қиырбайға:
– Мұңайтпас атамыз той жасағалы жатыр екен, өткендегі торы төбелді ала жүр, – деді.
Жұрт кесімді уақытта Мұңайтпас қарияның үйіне ошарыла түсті. Бәрі жапа-тармағай амандасып, тойдың мәнісін сұрап жатыр.
– Мынау аталықта, – деді сәл иегін көтеріп, жұртты көзінің қияғымен бажайлай, – менен де өткен Қиырбай деген батыр шыққан екен, соның батырлығы құрметіне той жасап берейін деп...
Ел арасында ділмәрлығымен би ретінде танылған Шиырбай:
– Ақсақал, айып бізден, жығылдық, – деді жұрттың көзінше.
Келгендер разы боп аттанды. Мамаағашта торы төбел байлаулы күйінде қалды...

Қарашаның соңы-тын. Апақ-сапақ уақыт таң енді атқан мезгілде Тәнекенің ауылына суыт жүрісті бір жүргінші атын бозборан етіп, қара терге шомдырып жетті. Үй іргесіндегі жұртпен қысқаша амандықтан соң:
– Болыспен бетпе-бет сөйлесетін шаруам бар, – деді.
– Нендей шаруа?
– Мұңайтпас батыр дүниеден озды.
Күтуші жігіт сегіз қанат ордаға бет алды. Арада сәл өтпей, қайта тысқа шығып, «кіріңіз» деген ишарат танытты.
Босағадан «Ассалаумағалейкүм!» деп аттады.
Төрде малдас құрып отырған Тәнеке би:
– Әлейкүм-мас-салам! – деді дауысын соза. – Төрлет.
– Рақмет! Хабар беретін тағы да бір-екі ауыл бар.
Қырау шалған тұмақ, ішігімен босағаның аузында бөгелді.
– Берісі – аталықтың қолбасы, арысы – матайдың шоқпары, турасын айтқанда қазақтың батыры болған Мұңайтпас ағам өмірден озған екен, алдынан жарылқасын.
– Әумин, батыр! Қалың аталық сізге «сүйекке түссін» деп сәлем айтты.
Тәнеке болыс болмашы бөгелді.
– Тірісінде сыйласып, қолына су құймап едім, өлісінде жыласып артына су құймай-ақ қояйын...
Онысыз да кішкентай жымысқы шегір көзі қоңқақ мұрын мен сопақ беттің аясында жоғалып кетті.
– Алла разы болсын! Аттанайын!
Би басын изеді.
Хабаршы сыртқа бет алды.
Ертең өзі де дәуірін теріс салғанда арулаған адам жамбасындағы тыртығын көріп, еріксіз Мұңайтпас батырды еске алатынын ойлағанда, Тәнекенің жүрегі шым етті.
Маңдайынан сұп-суық тер білінді...

Шығарма «Әдебиет  порталында» жарияланған және  осы сайтта жариялау үшін автордың Өзі ұсынған