Құрметті сайт оқырмандары, желідегі достар!

  Біздің осы сайтымызда,  өңіріміздің  тарихында лайықты орны болған, алайда,  әртүрлі себептермен есімдері  көмескіленіп, ұмытылып бара жатқан,  немесе,  белгілі болса да, өмірдеректерінің де, шығармашылықтарының да  насихатталуы кемсіндеу болып жатқан тұлғаларымыздың қайтадан жаңғыртылуына («Рухани тұрғыда» деп есептеңіз) қадамдар жасалып  жатқанын  байқап  отырған шығарсыздар.

  Міне, бүгін де  сайтымыздың «Рухына тағзым етер бабаларым»  атты тарауы,  сондай  "жаңа" бір  ардақты  тұлғамен - Саршуаш есімді шешен атамызбен  толықтырғалы отыр. "Жаңа « дейтініміз, Саршуаш туралы білетін адамдар  біздің ұрпақтан  бірді-екілі ғана сияқты, ал, қалың жұртшылық оның атын естімеген де болып отыр. Басты себебі, оның ізін жалғастырушылардың, насихаттаушылардың және де мұрағаттарда  болуы  мүмкін  деректерді іздеушілердің болмай қалуынан деп білеміз.

  Сол  „бірді-екілінің“ бірі — жерлесіміз, тарих-әдебиет зерттеуші Жемісбек.Толымбек болып отыр. Оның сайтымызға ұсынып отырған жазбалары, сол  Саршуаш атамыз туралы  әңгімелердің, зерттеушілікке жол ашудың „бастамасы“  болар деп  ойлаймын. Қабыл алыңыздар! 

 

 Найман Саршуаш шешен                                         

 

 Саршуаш шешен жайлы деректер шамалы. Бұрындар өткен қариялар Саршуаш шешен туралы айтпай, сөз бастамайтын. Олардың айтқандарын дәріптеп, құнттап алып қалған өркендердің өнегесі біздерге жетпей қалды. Мүмкін мұрағат қоймаларында сақтаулы қалған болар. Саршуаш шешеннен тікелей ұрпақ қалмаған соң, айтқандары ұқыпталып, жиналмай қалса керек.

 Білгір қариялар Серпербаев Мұқат (81 жаста) пен Бимұхамбет (70 жаста) 1962 жылы жаздырған шежіресінде: «Матай – Кенже — Сұртай (Тоқмырза) — Мәмбет – Қартқұлбай – Бұланбай – Ындыш — Мошқа — Өтебай, одан Ебес. Ебестің екінші әйелінен бес ұл туып таралған. Соның үшіншісі Айтбек, оның кіндігінен Саршуаш шешен туған», — деп көрсетеді.

 Саршуаш шешен Сарырқада туса керек. Сол салдардан әмбе тауып сөйлейтін шешендік өнеріне байланысты Шуаш есіміне «Сар» сөзі қосып айтылса керек. Түсті білдіретін «сары» сөзі емес. Саршуаш шешеннің есімін Сарышуаш деп айтып, жазылып жүргендігі жөн емес. Есіміне «Сар» сөзімен қоса «Найман» тегі де қосып айтылыпты. Барлық жерде «Найман Саршуаш шешен» деп аталған. Әкесі Айтбек немесе шыққан тегі Өтебай аталмаған. Өйткені, Саршуаш шешен өз заманында иісі Найман елінің бетке ұстар биі болғаны айқын.

 Саршуаш шешеннің өңі қораш, кемсек ауыз, жарғақ құлақ, қортықтау кісі екені тарихта айтылып қалған. Саршуаш ұзақ өмір жасаған тұңғиық. Жүз жастан асып, қаусаған кәріліктен өмірден өтсе керек. Қаракерей Ақтайлақ бимен заманы қатар болыпты. Алшын Есқожаұлы Төребай ақын шығарып, Тезек төренің қызы Асылбаланың әкесіне айтқан жоқтауында: «Саршуаш биі Матайдың, табылған еді қасыңнан», — дейді. Жетісу өлкесінің бас биі Саршуаш шешен шоу тартқан шағында Тезек төренің қиын-қыспақ жағдайларда басты ақылманы болғаны белгілі. ақынның «Жыршылар хақында» атты өлеңінде Есқожаұлы Төребай ақын:                                                   

«Найманда Ақтайлақ пен Саршуаштың,

Сөздерін қауым тыңдап, көрген мақұл.

Ақтайлақ пен Саршуаш емес ақын,

Сұңғыла шешен екен, айтар нақыл», — дейді.

Саршуаштай нақылдап сөйлейтін шешендер бұрын да, қазір де ірідік кезігеді. Жоқтың қасы десе болады. Ақын Сара:

                    «Найманда болып өткен Сарышуаш би,

                    Заманында алыпты әр елден сый.

                    Сол жақсының қалдырған үлгісі бар,

                    Қаңғыманың деген ғой жүрісін тый.

                    Үйсін менен Найманға билік айтқан,

                    Қоқан мен орысқа бірдей шапқан.

                    Елден асқан Сарышуаш кемеңгерім,

                    Жолына қашқындардың қазық қаққан.

                    Қаңғыманы тартқызған ылғи дарға,

                    Жұртыңда Сарышуаштай биің бар ма?

                    Керуеннен Құлжа өткен алым алып,

                    Қаңғыманы жазалап жөнге салып.

                    Сарышуаш Жетісуда билік құрған,

                    Қоқаннан «датқа» деген атақ алып.

                    Басына азаматтық іс түскен соң,

                   Ұлыққа қашқындарды ұстап берген,

                   Жұртыңда Сарышуаштай биің бар ма?», — дейді.

 Саршуаш шешеннің халын арнайы сұрап келіп, соңғы  батасын Қаракерей Балтабек би, қажы алыпты.

 Саршуаш шешен үйінде төрдегі керегенің басында қамшы мен қылыш ілулі тұрыпты. Ол нышандар бұл үйде «бейбіт өмірде мал бағып, жаугершілікте қылыш асынатын ер бар» деген белгіні білдіріпті.

 Саршуаштың отырған қоныс орны әлі бар. Үпі қажының шағылымен іргелес Аралының орны да жатыр. Биік құм төбенің жан-жағына бұрындар Бүйен өзенінің суы жайылыпты. Ол тұста маңайы ну шалғын болған деседі. Қазір Арал маңайы құрғап саздауыт жер. Малға шүйгін. Аралдың ортасындағы биік құм төбе шөгіп, үлкен дөңес болып қалған. Ол дөңесті білгендер әлі күнге дейін «Саршуаштың Арал төбесі» деп атайды. Өзі басқа төбелерден жеке тұр.

Саршуаштың Арал төбесі

 

 *       *       *       *       *

 Баспадан «Ер Жәнібек» атаулы кітап шығып, тұсау кесері жасалды. Бұл Керей Ер Жәнібек туралы кітап. Керей Ер Жәнібекке екі жолбарыс киесімен зәулім ескерткіш орнатылғаны да баршаға мәлім. Осы Керей Ер Жәнібектің ауылына Саршуаш шешен құн даулап барыпты. Саршуаш шешенді Ер Жәнібек қомсынып:

                                   «Сен кемсек ауыз, жарғақ құлақ,

                                   Жылқыға суат болмас ылайсың.

                                    Астыңа ала шолақ ат берсе,

                                    Алты ай мініп арытпассын.

                                    Қолыңа қырық кез оқ берсе,

                                    Дұшпанға бірін атып дарытпассың.

                                    Сен би болып та жарытпассын.

                                    Менің дауысым Қазыбекке тартқан.

                                    Сүйегім Шақшақ Жәнібекке тартқан.

                                   Сен мына түріңмен не үміт қылып келдің?» – деп кемсітіп өктемсіпті.

  Ер Жәнібектің айтқанына Найман Саршуаш шешен:

                            «Сен де Құдай құлы екенсің,

                            Нар Қазақтың ұлы екенсің.

                            Сен Керейде не қылып жүр екенсің?

                            Керейден мойның асып тұр екенсің.

                            Дауысың қаз дауысты Қазыбекке тартса,

                            Сүйегің Шақшақ Жәнібекке тартса,

                    Өзіміздің Арғын ағаның ұлы екенсін!» — деп жауап беріпті.

  Ер Жәнібек риза кейіппен «жарайсың» деп, Саршуаш шешеннің арқасынан қағыпты. Ер Жәнібекті сөзден тосылтқан Саршуаш би бітім алып қайтыпты.

  Ер Жәнібек асқақталып, ұрпақтары мен елі шығарды. Исі қазаққа танылды. Ескерткіш орнатылып, қор да құрылды. Ер Жәнібекті идірген Саршуашты біздің ұрпақтар тіптен білмеуде.

                                   

*       *       *       *       *

 «Әдебиет пен тіл» маманы Айдын Оразалыұлы Жақыпбеков Саршуаш шешеннің айтқан нақыл сөздерін ел ішінен жинап-теріп, ізгілікке жаратуды ойластырған ұлтжанды азамат. Өзі әдебиет пен тіл маманы бола тұра «мұндай сөздерді еш жерден кездестірмедім» деп таңданады. Саршуаш шешеннің нақыл сөздерінен заманы мен өмірі қандай болғаны анық аңғарылады.

Саршуаш шешеннің бізге жеткен нақыл сөздері:

Еліңде биің болмаса да,

Есігіңде итің болсын.

Би деген атағың болмаса да,

Иығыңда садағың болсын.

Еліңде туысың болмаса да,

Беліңде қылышың болсын.

Қасыңда жолдасың болмаса да,

Қыныңда пышағың болсын.

Отырған тағың болмаса да,

Мінетін атың болсын.

Хан деген атың болмаса да,

Адам деген затың болсын.

Көгенде құлың болмаса да,

Артыңда ұлың болсын.

Үй толған күңің болмаса да,

Жанашыр қатының болсын.

Отырған ордаң болмаса да,

Жағатын отының болсын.

***

Көңілің сері болсын,

Ұлдарың бөрі болсын.

Сүйегің шымыр болсын,

Баянды ғұмыр болсын.

Бәрінен де бар болсын,

Жаратқан өзі жар болсын.

***

Ұзаққа бармас биліктен,

Алыстан атар оқ артық.

Баянсыз келген байлықтан,

Отқа жағар боқ артық.

Бықсып жанбас отыннан,

Қызуы қатты шоқ артық.

Тізерлеп көрген күніңнен,

Бүгін аш, ертең тоқ артық.

Көрқарау топас биіңнен,

Болғанынан жоқ артық.

Жауға шаппас батырдан,

Жасанған қалың қол артық.

Көген толған құлдардан,

Намысты туған ұл артық.

Халқын сатқан ханыңнан,

Бірлігі мықты жұрт артық.

Биліктен болған зұлматтан,

Жеті ағайынды жұт артық.

Арзанды жалған беделден,

Құдайдан келген құт артық.

****

Бұл дүниеде бай болма,

Бай сескенер батыл бол.

Бұл дүниеде хан болма,

Хан сескенер батыр бол.

Бұл дүниеде би болма,

Би сескенер шешен бол.

Қиын-қыстау заманда,

Көпті бастар көсем бол.

*       *       *       *       *

 Қаракерей Қабанбай қайтыс болғанында Саршуаш шешен Ұлы жүз жақсыларымен барып, Ұлы жүз атынан айтқандары:

 »Бес ғасыр жырлайды" жинағынан

Уа, Қабанбай, көзелім,
Ескіден қалған көз едің.
Жақсы мен жайсаң жиналса,
Жылқыда қылаң, боз едің.
Батырлық, ерлік дегенде,
Жайылған жұртқа сөз едің.
Қайғы шеккен еліңнің,
Жылағанын жұбатып,
Қисайған көшін түзедің.
Айтып, айтпай не керек,
Күндерден күн озғанда,
Жатырмысың, есіл ер,
Тәңіріден тілеп тез өлім.
Қабанбай науқас дегенде,
Үш күн, үш түн ұйықтамай,
Өртенді, күйіп өзегім.
Сонда-дағы жарқыным,
Қусырма жақты сарнатқан,
Айтсам ба деп келіп ем,
Көңілге демеу – сөз емін.
Дулатқа салдым бір хабар,
Албанға жетті бір шабар.
Үйсіннің жиып кісісін,
Арыздасып қалсам деп,
Арқаға тарттым бір сапар.
Ат жалын жартып мінгелі,
Жорықта талай жүрістім.
Қалмақтағы Қалден хан,
Қалден ханмен ұрыстың.
Ақиған Астам ноянын
Ағып өтіп құлаттың.
Солқылдаған мырзасын,
Соғып өтіп сұлаттың.
Ат шашадан қан ақты.
Қан шашырап таң атты.
Қанға ұйып, күн батты.
Жамандарға жан тәтті,
Сараң байға мал тәтті,
Үйінен шықпай бұғысты.
Зарпыңа шыдамай,
Телімі шығып, тентіреп,
Аңыраған көп Қалмақ,
Жөңкенің арғы бетіне,
Ереннің күнгей шетіне,
Қонысын тастап, ығысты.
Қол ағасы ер Қабаң,
Құжынаған Қытайы,
Қаптап топан суындай,
Жердің жүзін басқанда,
Заман ақыр болды деп,
Жан-жағына алақтап,
Хан Абылай сасқанда,
Бастырман деп жерімді,
Бермеймін деп елімді,
Есенгелді, ер Шоңай,
Ат шапшытып аспанға,
Жекпе-жекке шақырып,
Айбат шегіп, ақырып,
Кес-кестеп алдын тосқанда,
Қой дегенге қоймаған,
Жау бетінде ойнаған,
Қанды балта Тауасар,
«Қаптағайлап» қасқайып,
Шебіңе шауып барғанда,
Жылан жеп, жуа сасыған,
Күш-қайраты тасыған,
Когүн деген бір заңғар,
Кезегіне алғанда...
Үркер мен айдай тоғысып,
Қылыш, найза қағысып,
Жекпе-жек ұрыс салғанда,
Бұдан да жан қалмас деп,
Қалың қазақ қайғырып,
Күдер үзіп қалғанда...
Батагөйі ер Таңат,
Төске шапқан өр Таңат,
Ат қоюға оқталып,
Сабыр ғып, тағы тоқталып,
Бір суырып қылышын,
Қынына қайта салғанда,
Қытай, қазақ демігіп,
Қараумен көзі талғанда,
Жасаған ием жар болып,
Қапысына келтіріп,
Ер Когүнді өлтіріп,
Тауасар сынды батырың,
Басын кесіп алғанда,
Матайдағы Майлыбай,
Қасқарауда Молдабай,
Дулаттағы ер Бөкей,
Тәттібай мен Олжабай,
Керейдегі ер Жабай.
Көкжарлы Барақ, Тұрсыметбай,
Көтеріліп көп қазақ,
Ата аруағын шақырып,
Айқай-сүрең салғанда,
Қаракерей Қабанбай,
Ту түбінде тұрғансың...
Қу дауысты Құттыбай,
Бұқар жырау, Сарышуаш,
Кеңесіне мойын бұрғансың,
Шамырқанып, шамданып,
Қубасқа қамшы ұрғансың.
Қалың тобын қақ жарып,
Дұшпанды қойдай қырғансың.
Зарпыңа шыдамай,
Телім боп кәпір жосқанда,
Батырдың қарты Бөгенбай,
Қайратқа қайрат қосқанда.
Өткен күнде белгі жоқ,
Көнелерге қанықтай,
Балаларға танықтай.
Сол ерлерді көргенмін,
Жазмыштан озмыш жоқ деген,
Салғанына тәңірінің
Әу бастан-ақ көнгенмін.
......................................
Арғы атасы Сейілхан,
Сейілханнан тараған,
Сегіз арыс Түрікпен,
Қызылбастан қыз даулап,
Балқан таудың басынан,
Арлы-берлі үріккен.
Қабанбайлап шапқанға,
Кақ айрылып жол берген,
Қабанбайдан келдім дегенге,
Атынан түсіп қол берген,
Жиделі-Байсын жайлаған.
Келелеп түйе айдаған.
Тоқсан баулы Өзбек-сарт.
Самарқаны сансыз бап,
Бұқара-Шәріп арасы,
Қабанбай десе тақ ұрған,
Найза ұстаған баласы.
Дұғасынан тастамай,
Бата оқыған бабасы!
Ер Қабанбай, көзелім,
Ескіден қалған көз едің.
Байсалменен ойласам,
Қайратыңа бақ тұрған,
Абылай сынды төреңіз,
Қасыңа әкеп тақ құрған –
Тоғыз таңба Найманнан,
Тоғыз құйрық ту алып,
Тоғыз түмен қол шықса,
Қол ағасы – Қабанбай!
Алты шекті Арғыннан!
Алты құйрық ту алып,
Алты түмен қол шықса,
Қол ағасы – Қабанбай!
Тоқсан баулы Өзбекпен,
Қол құйрықты, қыл жалау
Қанды телпек, сексен шоқ,
Қалмаққа жорық – жол шықса.
Күн көзіне сыймаған,
Ай жүзінде айылын жимаған,
Алаштың ауыр қолына,
Ағалыққа ұнаған –
Дарабозым – Қабанбай!
Қарындасқа қайырым,
Ата-баба ісі еп,
Көтеріліп күллі Алаш
Ат құлағын теңесе,
Қаракерей Қабанбай,
Қол бастарлық кісі деп,
Өзіңді аға тұтынған,
Жұртыңа тіле амандық.
Уа, Қабанбай, көзелім,
Ескіден қалған көз едің!
Бұл науқастан сауықсаң, –
Еркелігін кешірген,
Ақ сүтін беріп өсірген, –
Қуанатын өз елің!
Бұл науқастан оңалмай,
Бақиға бет бұрсаң, –
Жау тиді десе жат алмай,
О шетіне бір шыққан,
Бұ шетіне бір шыққан,
Көкіректі кек кернеп,
Көз жасыңды мың сыққан –
Жылайтын тағы өз елің!
Ажалға берсін сабырлық,
Тәңіріден соны тіледім.
Айырылған соң тең-тұстан,
Мен қартыңда сән бар ма?!
Кеудеңнен ұшса шыбының,
Денеде сасық мән бар ма?!
Қолымнан сусын ұсынып,
Басыңда өзім тұрайын,
Мінежат қып құдайға,
Жаныңды қый деп сұрайын!

*       *       *       *       *

Серіктерімен Саршуаш шешен бір іспен Арғын-Қаракесекке барып, ел шетінде кездескен бір адамынан түстеніп, қонуға жөн сұрапты.

  • Бұл қай ел? — дейді Саршуаш.
  • Бұл кесіп алса қан шықпас, аузына жылан қарағы жұқпастың елі, — деп жауаптайды.
  • Анау кімнің үйі?
  • Ол түлкі іздеп, ін қазып, ештеңе шығара алмағанның үйі.
  • Анау кімнің үйі?
  • Ол түлкі іздеп, ін қазып, бір-екі түлкі алғанның үйі.
  • Мынау кімнің үйі? Оған қонуға бола ма?
  • Бұл нағыз құнсыздың үйі. Ренжімесеңіз қонуға болады.

 Саршуаш оның жұмбақ сөздеріне түсінбей, неде болса байқайын деп, әлгі үйге серіктерімен түсіп қонады. Жылдың күзгі мезгілі болса керек, тоңазып келген жолаушылар оттың басына жақындап отырады. Сол кезде үй иесі әйеліне: «Мына қонақтардың сыбағасын сал»,— дейді. Әйел отқа бір құшақ отын әкеп салады. От қызып, келгендер жылынып, кейін шегінісіп отырады. Сол кезде шай әкелінеді. Шайдың майы, қанты жоқ, сылдыр болады. Үй иесі отырып: «Қонағым, осы үйде жылан көзі болса бұйырмасын»,— дейді. Саршуаш шешен серіктерімен сыр білдірмей, аттанып кетеді. Басқа үйге барып қонып отырып:

  • Бір үйге қонып едік, үй иесі жұмбақ сөзбен аттандырды,— деп оның айтқандарын айтып, негізін сұрайды. Сонда үй иесі:
  • Ол Шаншардың қуы еді. Бірақ, өтірік айтпапты. Шынын айтқан екен. Сіз түсінбепсіз. Оның айтқандары:
  • Біріншісі, біз Қаракесекпіз. Қаракесекте май болмайды дегені.
  • Екіншісі, ол үйдің баласы жоқ еді. Бала көрем бе деп, төрт әйел алды. Бірақ, бала көрмей отыр. Соны айтқаны.
  • Үшіншісі, ол да баласыз еді. Кейінгі алған әйелінен екі қыз көріп отыр. Соны айтқаны.
  • «Құнсыздың үйі» дегені — үйімде құт, береке жоқ. Шайға салып берерлік дәм жоқ дегені.
  • «Қонақтың сыбағасы» дегені — асқа тоймасаң да, отқа жылын дегені,— депті.

—   Ол осы елдің білгіші ме, қандай адамы? — деп Саршуаш сұрапты.

—   Жоқ. Ол кісі елдің ең момыны. Көп кете, сер сөзі жоқ,— депті үй иесі.

— Япыр-ай! Ел момыны мынау болса? Бұл елдің адамын сөзбен жеңіп болмас,— деп Саршуаш шешен серіктерімен аттанып кеткен екен.

                                           *       *       *       *       *

 Керей жағы Матайдан барымталап жылқы әкетеді. Қуғыншыларды соққыға жығып, Керей жағы мал бермей, «жаламен келдіңдер» деп оларды кері, бос қайтарыпты. Ел намысын қорғаған Саршуаш шешен Керей еліне жылқы дауымен аттаныпты. Керей жағы алған жылқының етінен шешек ауыруымен ауырып бір жігіт өліпті. Оны жолай Саршуаш елден естіп біліпті.

 Жылқы алған Керейлерге Саршуаш шешен келіп, аттан түседі. Алған жылқыларды қайыруларын сұрайды. Мал даулаған Саршуаш:

                  Керей емес кернейсің,

                  Сары жұлдыздай өрлейсің.

                  Алып кеткен жылқыларды,

                  Қуып келсе бермейсің?

Сонда Керей жағының басшысы:

                              Азғантай ғана Матайсың,

                              Жоқ нәрсені атайсың.

                              Айтқаныма көнерсің,

                              Айдауыма жүрерсің.

                              Егер оған көнбесең?

                  Мына қамшыдан көрерсің, — деп, алты таспа қамшысын Саршуашқа үйірмек болғанында, Саршуаш көз ілеспес шапшандықпен Керей басшысының қамшысын қолынан жұлып алып: 

                      Өшпеген өртіңе,

                      Көшпеген дертіңе жолықтым.

                      Құнды қалай бермейсің? 

                      Осыған өзің не дейсің? — дейді.

Сабасына түскен Керей жағы басшысы жылқы алғандарын, қуғыншыларды соққандарын мойындап, айыбын төлеп, алған малдарын өтеп, Саршуашты еліне олжамен қайтарыпты.

                                                       

*       *       *       *       *

 Саршуаш шешен 12 жасар ұлын ертіп, 45 жылқысын барымталап алған Керей еліне артынан қуып барады. Сол елде жұқпалы дерттен 12 жасар баласы қайтыс болады. Саршуаш шешен барымта жылқыларын даулап, қайтарып алады. «Топырақ бұйырды» деп, баласын сол жақта жерлепті. Жылқы малын алған Керей жағы Саршуаштың 45 жылқы малын түгендеп, алдына салыпты. «Айыпқа» деп бес бестіні үстіне үстеме қылып қостыртыпты.

 Қайтар шақта Саршуаш шешен: «Ұзатылған қызға 47 бас  қалың мал берілуші еді. Өлімге «құн» дауы деген бар. Сіздер барымта жасаған соң, жылқы малды еліңе ізімен іздеп келіп, балам өлді. Ердің құны 200 жылқы», — деп баласының өліміне құн даулапты. Амалы шексіз Керей жағы 200 жылқы ер құнын төлеуге мәжбүр болыпты. «Сый қылсаң – сыпыра қыл» деп, Керей жағы Саршуаштың 250 бас жылқы малын еліне айдап, жеріне жеткізіп салуға көмекке екі жігітті қасына қосып беріпті. Осыдан кейін Матай елінен жылқы барымталауды Керей жағы ныспы доғарыпты.

 Жемісбек Толымбеков