Сайттымыздың  соңғы мақаласында  жергілікті  әдебиет, тарих зерттеуші азаматымыз  Жемісбек Толымбеков туралы біраз мағлұмат бере отырып, оның  сол мазмұндағы  зерттеулік еңбектері мен мақалаларын жариялауға  дайын екенімізді  айтқан болатынбыз.  Енді солардың алғашқысы ретінде, есімі аудан елінің жадында сақталған, аузында жиі айтылатын және де өзін «Рухына тағзым етер бабалар» санатына толығынан жатқызуға болатын,  алайда ол туралы жазба мәліметтер  жоқтың қасы  Шоңды би туралы  «Abai.kz»  ақпараттық-танымдылық интернет сайтында жарияланған мақаласын беріп отырмыз. Осындай олқылықтардың орны тола берсін, қабыл алайық, білетін болайық!

 

 Шоңды би

 

Заманында билер елге қадырлі, билікке сыйлы болыпты. Би атағы 1854 жылы 19 мамырдағы Сібір комитетінің бекітілген ережесі бойынша сол уақытқа дейінгі билерде сақталып қалыпты. Одан кейін «би» сайлауы көпшілікке беріліп, приказдар бұйрығымен бекітіліпті. Бара билерді губернаторлар бекітіпті. Билердің шығарған шешім билігі «халық соты» деп саналыпты.

 Қожагелдіұлы Шоңды би туралы  баспасөз беттерінде көп кезікпейді. Тек халық жадында ғана есімі мен даңқы сақталып келді. Ең кемелді ісі Матай-Кенже еліне Байтулақұлы Мүсәпір батыр екеуі енші алып бергені жайлы ел ішіне кең таралған. Ол туралы «Мүсәпір» батыр туындысынан «Енші» деген бөлігін келтірейін.  

 

 Кенже еліне енші берілмепті,

«Беред» деген кезі де көрінбепті.

Кенже, Қаптағай, Аталық арасы,

Маман құт басқарғанша бөлінбепті.

Шоңды би жолаушылап Қарағашқа,

Үйіне Маман құттың бара қалса.

Бақташы жеті түйе қайырып жүр,

Атауы Кенже аталар, шара қанша?

Озбыр іс, құлдыққа тән теңеу болды,

Жинауға бүткіл Кенже желеу болды.

Үйлесіп, ақылдасып, енші алу,

Келісім, уағдаластық себеу болды.

Бас бірігіп, ойласып шара-айла,

Маман менен Оязға бату қайда?

«Кәнікей, қайсың барсың?» — деді Шоңды,

Намыс буып, түтігіп, қапы жайда.

Мүсәпір он алтыдан асқан жасы,

Алғыр жас, белгілі ғой жасқанбасы.

«Бұзуын мен бұзайын», жөндеу кімнен?

Енші алудың басталды бастамасы.

Жотада күн жадырап, нұрын шаша,

Съезге қатысқандар елден таса.

Ортада боз кілемде Ояз отыр,

Сұқтанып, сұңғы қарап, мысы баса.

Оң жақта Маман менен Тәнеке бар,

Қоршаған, қаумалаған біліс, бегі.

Жасауылдар бөтенді өткізбейді,

Ол съезд тәртібіне дұрыс тегі.

Қалдырық бір жол ашық адам жүрер,

Жотаға рұқсат алып содан кірер.

Аттан түсіп, төменнен жаяу келіп,

Ұлыққа басын иіп, сәлем берер.

Кенжеге бұл Жотадан орын қайда?

Күйлері бұрмаланған қырын жайға.

Еңбек өтем төленіп, еленбейтін,

Мол үлестен тимейтін ырым пайда.

Тор қасқа «жол болсын» деп, арнап сойып,

«Тоқпанбет» деп ұрандап, жасақ қойып.

Кенжелер Жотаны кеп қоршап алды,

«Жетер» деп, жүргеніміз мұнша мойып.

Мүсәпір шауып келед кірер жолмен,

Қоянжақты сабалап оңды-солмен.

Қарсы тұрар жасауылдар лажы жоқ,

Өйткені, қоршауда тұр үлкен қолмен.

Оязға тақау барып, аттан түсті,

Дүрлігіп ояз, болыс зәресі ұшты.

Дағдарыс, дәрмені жоқ, сұп-сұр болып,

Құты қашып кеткендей бектер күшті.

Ес шыққан ояз әрең съезд ашты,

«Ашылмай қала ма?» деп, жаман састы.

Алғаш сөзді беріп ед Маман құтқа,

Маман сөйлеп, бұл жолы жаза басты.

Кенже деген ел емес, қас албасты,

Ел дегенше «қатын» деп, тарс алжасты.

Атып тұрып алты бау таспаменен,

Бастан соғып Мүсәпір қатаң басты.

Құндыз бөрік бастағы домалады,

Қаумалаған Қаптағай омалады.

«Қаптағай көп болсаң да, шөп болдың» деп,

Маман құт есін жинап, сөз алады.

Маған жараған Мүсәпір,

Арысқа да жарайды.

Көріп едім батырды,

Өжетсінген талайды.

Мүсәпір ел қорғаны,

Артында ел орманы.

Енші бекіт оязым,

Кенженің сол арманы.

Маман сөзін ояз бірден қабыл апты,

Ақсудың жағалауы Садыр жақты.

Шоңды би, Мүсәпірдің арқасында

Кенжеге енші беріп, қадырға апты.

 

   Бұл 1856 жылы Шұбарағаш-Ойжайлауда өткен съезде болған оқиға. «Қазақ әдебиеті» газеті № 46, 26.11. 2010 жыл, «Әдеби мұра» айдарымен берілген «Шарапатты хан» мақаласында Қайыржан Қожабеков: «Шұбарағаш – Ойжайлауда өткен жиынға кенжелерді Шоңды би бастап барған», — деп деректейді. Кенже елінің биі Шоңды ел-жұртпен ақылдасып, енші алып, тәуелсіз жұрт болуға 1855 жылы Қопалы уезд бастығына арыз түсіреді. Уезд бастығы арыздың мәселесі съезде шешілсін деп ұйғарады. Маман құт Қопалы оязында кеңесші қызмет атқарған кезі. Тәнеке батыр Қаптағай-Кенже еліне болыс болып тұрған шағы. Съезде Кенже еліне енші берілетіні шешіліп, негізінде Ақсу мен Лепсі өзендерінің арасындағы жерлер бөлінеді. Сөйтіп, Шоңды би мен Мүсәпір батырдың дес бермей, ел намысын қорғауы арқасында Кенже елі тәуелсіздікке жетеді.

 

   Шоңды — Сақай елінің білікті биі болған. Болатбек Нәсеновтың «Мәскеу архиві сөйлейді» ХІХ том, ХХІV кітабында: «№ 7. Аякөз округі 15 наурыз 1851 жыл, № 872 бұйрығындағы билер тізімінде №1065 Шаңды (Шоңды) Қажагелдыұлы (Қожагелдіұлы) – би, Кенже-Қаптағай, Матай болысы. Сақай руы. Тақет бөлімшесі», — деп көрсетілген. Аты-жөні қате жазылғанымен, заты дұрыс құжатталған. «Абралы» кітабында Болатбек Нәсенов 1850 жылы Шоңды би 58 жаста деген құжат дерегін келтіреді. Сонда Шоңды би 1792 жылы туған болады. Қайтыс болған жылы әзірге белгісіз. Сонымен Шоңды би үш Матай елінің Кенже-қаптағай болысының биі болып 1851 жылы, 15 наурызда тағайындалған болды. Шоңды бидің әділді атақ, даңқы Ташкент, Бұхараға дейін жетіпті. Шоңды бидің зираты Ақсу ауылынан 7 шақырым жердегі Ақсу өзенінің Екпінді су бөгетіне жақын жатыр. Ақкемелдің күн батыс жағындағы кішкене төбелі жерде орныққан. Зират көлемі үлкен. Қасында ұлы Сырттан, немерелері Ығай, Тағай және аталас немересі Құлдыбай қажы зираттары жатыр. Құлдыбай қажыға да қызыл гранит тасынан белгі қойылған.

 

  Құлдыбай қажы – ел татулығын ойлаған дәріп. 1907 жылы 69 жасында Қапал уезінен Меккеге қажылыққа барыпты. 1898 жылы болыстыққа талас-керіс сайлау өтіп, кісі өлімі болады. Ердің құны ол кезде екі мың сом екен. Елдің арын қорғап, шиеленістірмеу амалымен Құлдыбай «ердің құны» деп қалтасынан бір мың сом ақшаны қолма-қол суырып алып, ортаға тастапты. Құлдыбай туралы елі ноғас Айтбала деген ақын әйел шығарған дауыс өлеңде:

«Сақайда жақсы Құлдыбай,

Мекке барды жеріне-ай.

Қарабұр таудың қарын-ай,

Жез бұйдалы нарын-ай.

Болыстыққа таласып,

Кісі өліміне құн салған,

Елдің қорғап арын-ай», — делінеді.

 

   Ақын Жамау Бұқарбайдың «Жаралы аққу» кітабында Құлдыбай қажы туралы айтылғаны бар.

 Шоңды бидің Тағайынан тараған ұрпақ Қасымов Берікбол Төлегенұлы ата зираттары аумағын өрнек темірмен қорған жасап қоршатып, Шоңды бидің зиратының басына зәулім гранит тасынан 2014 жылы 18 сәуірде есімі мен тегі жазылған белгі орнатты. Аруақтарға аудан имамы Анарбай құран хатым бағыштады. Көпке нәзір ас Ақсуда берілді.

 Тақет елі өздерін Матай-Кенжеден тікелей таратады. Ол қателік. Тіпті Шыңғыс хан тұқымы «төреміз» деп те баспасөз арқылы дүрлікті. Ол да жөн емес. Тақеттер Сақайдың Тұрсын есімді ұлының ұрпақтары болады. «Ататек» өлең шежіре шығармасында Мырзағұлұлы Толғанбай (1844—1897 ж.ж.) ақын:

 

«Бұл сөзім тараса екен кейін жасқа,

Айтайын білгенімше тілім тасқа.

Сақайдың үш ұлы бар, аты мынау:

Тағай, Тұрсын, дейтұғын бірі Қасқа.

Ындыштың Сақай алған қатынынан,

Тұрсын туған Сақайдың тақымынан», — дей келе:

«Нәсілі сол Тұрсыннан Тақет еді,

Жабысып аққа қара сап етеді.

Тақеттен туған екен Баты, Жемет,

Бөген жоқ, білмегендер жат етеді», — дейді.

 

  Ататек таралуын білместік әлі де кезігеді. Сақайдың ұлы Тұрсыннан Тақет туғаны Толғанбай ақынның «Ататек» өлең шежіре шығармасынан айқындалып тұр. Шоңды бидің шыққан тегі Тақет. Тақеттен Баты, одан Жанту, одан Бөшік. Бөшікке қой малы молынан біткендіктен елі өтебай Сарышуаш шешен: «Бөшікке қой өшікті», — депті. Бөшіктен Самай, одан Қожагелді. Қожагелді — Шоңды бидің әкесі.  Шоңдыдан Сырттан, одан Ығай, Сығай, Тағай тарайды.

Шоңды биге Тұңғатұлы Ер Тоқпанбеттің (1705—1801 ж.ж.) дәріп батасы аталар жалғастырулары арқылы дарыпты. Ол жайында «Ататек» өлең шежіре шығармасында Мырзағұлұлы Толғанбай ақын:

 

«Тоқпанбет бата берген Айтқожаға,

Басына бақыт қонбай ер оза ма?

Айтқожа бата берген Бабекеге,

Нәсілі әулиеден шын тазаға.

Бабеке бата берген Мұжық биге,

Аруағы қасиетті, тілдеп тиме.

Мұжық би бата берген Шоңды биге,

Тірлікте жігіт түсер неше күйге.

Шоңды би бата берген Телібайға,

Телібай үлгі айтқан үш Матайға.

Көшкен алтын сықылды толықсыған,

Сол бата жүрген шығар бұл маңайда», — делінеді.

 

Арда ақсақал Еркенов Есмұрат:

«Дана туған Шоңды,

Ата бағы қонды.

Ісің болсын оңды,

Берейін мен жолды», — деп Мұжық би батаны Шоңдыға бергенін айтқан еді. Бұрынғы өткен қасиетті аталар ата жолын үлгі, ел бірлігін пір тұтқаны ақиқат.

 

  Шоңды би Сібір комитеті бекіткен құжат бойынша Матай-Кенже елінде «би» атағын ғұмыр бойы сақтап қалған. Ендеше ел қамқоры болған аталар аруағын қастерлеп жүрейік.

 

Abai.kz