Серпербаев Серікбек  

(Өзім  туралы)

 

Сайтымыздың бүгінгі парағына  Өзімнің  өмірдеректерімді ұсынып отырмын. Оны сайтқа енгізуде төмендегі мақсаттарды негіз еттім:

1. Ашылғанына 2 айдай болған және бүгін негізі қаланды деп санауға болатын осы сайттың оқырмандары,  көрушілері,  енді оның  авторы туралы мағлұмат алғаны артық болмас деп санаймын.

2. Осыдан ары қарай, сайтта   аудан халқының  құрмет тұтар азаматтары туралы  мағлұматтар  жүйелі түрде  беріле  бастайды. Осы  мақала  құрылымы   алдағы  сондай  деректердің    жазылуының  бір  үлгілік түрі ретінде көрсетіледі.

3. Ауданда  жарты ғасырға жуық қызмет атқарып, оның 30 жылдайы аудан басшылығында өткендіктен, Өзімді оның өсіп-дамуында  айтарлықтай еңбек  үлесі  болған сондай азаматтардың қатарына жатқызуыма  болатын сияқты.

        Сөкпеңіздер, қабыл алыңыздар!

 

Өмірбаян деректері   

 Мен, Серпербаев Серікбек  1949 жылы 9 наурызда Алматы облысы Ақсу ауданы, «Сүттіген» ауылында өмірге келдім.  Өмір жолым  және қызметтік жылдарым бүткілімен туған  ауданыммен байланыста болды, жергілікті журналисіміз М.Қазбанбетовтың   мақаласының тақырыбына қойылғандай, «аудан баласы» деген жағдайда қалыптасыпты.

 

*       *       * 

 

Серпербаев  Серікбек

1965 жылы Арасан ауылының орта мектебін бітірдім. 1954 жылы басталған 11 жылдық оқу жылдарым 10 ауыл  мектептері қабырғасында өтіпті (әкемнің қызметтеріне байланысты), яғни, кем дегенде ауданда 200-ден аса сыныптастарым болды. Оған сол кездегі «б», «в» және «алдағы-арттағы» сыныптарды қоссақ, олар үлкен бір қауым ел болып шығады. Соған орай, қаншама ұстаздардан да білім-тәрбие алғанымды елестете беріңіздер.

1970 жылы Қазақ Мемлекеттік ауылшаруашылық институтын «инженер-механик»  және 1994 жылы Қазақ Мемлекеттік басқару Академиясының «Нарық институтын» «экономист-қаржыгер» мамандықтары бойынша бітірдім.

 

*       *       * 

 

Еңбек жолым Ақсу  құрылыс техникумында басталып, онда 5-6 жыл мұғалімдік және директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарғандықтан, мыңға жуық окушыларға ұстаздық жасадым. Солардың жартысына жуығы өз ауданымыздың балалары болып, олар орта буын маман-кадрлар ретінде шаруашылықтарда еңбекке араласып жатты. Сол кезеңде техникум оқушыларынан құрылған «студенттік құрылыс отрядын» басқарып, ауданымыздың «Қосағаш» кеңшарында 20 шақты үйлер мен ғимараттар тұрғыздық.

     Ақсу  құрылыс техникумында

 

Осылай ұстаздықтан басталған қызметтік жолым,  одан ары, негізінен,  аудан тұрғындары  арасында мемлекеттік саясаттың пәрменді атқарылуына  мақсатталған  ұйымдастырушылық, партиялық-идеологиялық, қоғамдық-бұқаралық, әлеуметтік қорғау, мәдени-көпшілік    жұмыстарының белсенді жүргізілуіне және осы міндеттерді  жүзеге асырушы тобы саналатын аудан кадрларын іріктеу, тәрбиелеу және  орналастыру жұмыстары болып құрылыпты.

 

*       *       * 

 

1978-86 жылдары   “Жаңақоғам” кеңшарының партком хатшысы болдым.  Бұл  жылдар, мен үшін халықпен  тығыз байланыста болу,  ұйымдастырушылық қабілеттердің  қалыптасуына үлкен сеп болды. Қызметтерімізді бірге бастаған, шаруашылық басшысы болған А.Зиядановпен бірге, оған дейін артта қалып келген шаруашылықтың экономикасын нығайтуда үлкен жұмыстар жасалып,  аз жылдың ішінде ол озықтар қатарына қосылды. Әсіресе, қой шаруашылығы мен және қант қызылшасын өндіруде жоғарғы  көрсеткіштерге қол жеткізіліп, кеңшар жылдар бойы үздіктер қатарында болды. Ауылдың келбеті ерекше өзгерді, көптеген ғимараттар жаңаша жөндеуден өткізіліп, орталық көшелер толық асфальттанып, түнгі жарықтар орнатылды. Ауыл іші көркемдік үгіт-насихат құралдарымен барынша безендірілді. Ауылда өткізілетін саяси-қоғамдық, мәдени-көпшілік шаралары мазмұндылығы мен ұйымдастырылуы жағынан әрдайым аудан бойынша жоғарғы деңгейде бағаланып отырылды.

Осы жылдары партия қатарына қабылданған, өндірістің озық тәжрибесінен өткен шаруашылық мамандарының 3-уі   кеңшар директорлары, 2-уі партком хатшысы, 5-уі ауыл әкімі және біреуі аудан әкімінің бірінші орынбасары дәрежелеріне дейін өсті.

 

                                              “Жаңақоғам” кеңшарының бір топ азаматтары               

*       *       * 

       

 1986–1992 жылдары Қазақстан КП Ақсу аупарткомының ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, екінші хатшысы қызметтерін атқардым. Осы кезеңде оның партиялық-ұйымдастырушылық жұмысы облыс деңгейінде үлгілік-базалық дәрежеге көтеріліп, тәжірибе алмасу орталығына айналды. Бірнеше  облыстық семинарлар, «дөңгелек үстелдар» өткізіліп, ол жөнінде облыстық партия комитетінде, республикалық,  тіпті  Одақтық партиялық журналдарда насихатталғанын замандас-әріптестерім жақсы біледі. Сол жылдардың өзінде мекемелер басшыларын, партия ұйымдары хатшыларын, қоғамдық ұйымдар жетекшілерін конкурстық негізде сайлау тәжрибесі іске асырылды. Жастар қатарынан бірнеше жылдарға арналған кадрлар резерві дайындалды. Олардың соңғы лебі бүгінде де ауданда жауапты қызметтер атқарады. 1992 жылы СОКП-ның тарауымен партия дәуірі аяқталып, сол уақыттағы 2-ші хатшы ретінде ауданның барлық партия  қызметкерлерін басқа жұмыстарға толық орналастырып, өзім ең соңынан кеттім.

 

Ақсу аупарткомында

*       *       * 

 

1992-97 жылдары уақыттың жаңа талаптарына сәйкес «қаржыгер-экономис» мамандығын меңгеріп, елімізде жаңадан құрылған ҚР Ұлттық Банкісінің аудандық филиалының алғашқы басқарушысы болдым. Мекеменің жұмысын қалыптастыру және функциялық  міндеттерін атқару, материалдық-техникалық базасын нығайту, ғимаратын және ауласын көркейту бойынша жасалған жұмыстар облыстық басшылық тарапынан жақсы бағаланып отырды. Екі рет еліміз бойынша өткізілген ақшаларды айырбастау жұмысын атқардық, ауданда бірінші болып жаңа төл теңгемізді «қолға ұстаған» адам болдым.

 

*       *       * 

1998—2002 жылдарғы қызметім аудан Әкімі БАЙБОЛОВ  ҚАЛИМОЛДАНЫҢ бірінші орынбасарлығы болған еді. Ол жылдар  қатаң нарық қатынастарына өтуге байланысты жалпы еліміздің және  аудан  экономикасының да  құлдырауының төменгі шегіне жеткен уақытпен сәйкес келді. Таралған Қапал және Бөрлітөбе аудандарының 9 ауылдық округтері қосылып. жер көлемі ерекше ұлғайды. Шаруашылықтардың соңғылары тарап, ұсақ құрылымдарға айналды. Ауылдардағы әлеуметтік, мәдениет ғимараттары үлестерге бөлініп, көп қабатты үйлер жылусыз,  иесіз қалып бұзылып жатты. Ауылдар бірнеше жылдар электр жарығынсыз отырды. Жалақылар, зейнетақылар айлап кешіктіріліп, заттай да беріліп отырды. Әкімшіліктер қызметкерлерінің  б а с ты  м і н д е т і – халықтың к ү й з е л і с і н мүмкіндігінше жеңілдету болды. Ауданның негізгі кәсіпорны–Ақсу қант зауытының жұмысы тоқтап қалды. Үлкен күш-жігер — соның талан-таражға түспеуіне, сақталуына жұмсалды.  Оны қайта іске қосу үлкен әлеуметтік мәселе болды. Мен сол жылдары аудандық штабты басқардым. Облыстық бюджеттен қант зауытын ағымдағы жөндеуге жетерлік  қана қаржылар бөлінді. Осы мақсатта  бюджет мекемелері қызметкерлерінен бір айлық жалақылары көлемінде қарыз алынып, оған жанар-жағар майлар, тұқымдар қарыздарға алынды. Қант қызылшасы үй  бақшаларына дейін себілді. Қызылағаш ауылында 700 га егістік массиві жан-жақты дайындалып, ол тамшылатып суару жүйесіне көшірілді, толығымен игерілді. Зауытты жүргізуге қажетті мазут қыстың аязды-боранды күндері күнделікті тасылып отырылды.  Соның нәтижесінде, 1998 жылғы өңдеу науқанына зауыт қайта іске қосылып, тағы да 5-6 жыл жұмыс жасады.

Сол жылдары Ақсу өзені бойындағы бұзылған ГЭС плотинасы қайта салынып, өз жұмысын бастады. «Қапал-Арасан» шипажайының ескі ғимараты күрделі жөндеуден өткізіліп, қайта іске қосылды.

 

Ақсу ауданы әкімдігінде

 

*       *       * 

 

Серпербаев Серікбек

2002 жылы  аудандық мәслихаттың хатшылығына сайландым,  ол қызметті 2016 жылы зейнеткерлікке шыққанша атқардым. Мәслихат  сессиялары, оның  тұрақты комиссиялары отырыстары, «көпшіліктік тыңдаулары» толыққанды дайындалып,   олардың талқылануына ауданның әлеуметтік-экономикалық  дамуына, халықтың әл-аухатын жақсартуға бағытталған маңызды мәселелер талқыланып  отырылды.  Мәслихат  депутаттарының  өз сайлаушыларымен тығыз байланыста болуы басты назарда болды. 2005 жылдан олардың және мәслихаттың атқарған қызметі жөнінде хабарламалар беруі тәртіпке айналдырылды. Мәслихатта республика көлеміндегі жаңа тәжрибе ретінде қоғамдық негіздегі «Депутаттардың көмекшілері»  институтын қалыптастыру қолға алынды. Ауыл округтерінде «Депутаттардың қабылдау бөлмесі» ұйымдастырылды. Әр шақырылым сайын «Аудан депутаттары — шағын елді мекендерде» атты акция өткізіліп отырылды. Мәслихат аппараты қызметінің  талаптарға сай атқарылуына, оның мамандарының жан-жақты қалыптасуына  басты көңіл бөлінді. Аудандық газеті бетінде мәслихат қызметі туралы хабарламалар жүйелі  беріліп  отырылды.  Республикалық «Мәслихат» журналында, облыстық «Жетісу», «Огни Алатау» газеттерінде  мәслихат қызметінің оңды тәжрибелері бірнеше рет жарияланып, облыстық теледидар арқылы арнайы хабарлар ұйымдастырылды.

 

Ақсу аудандық мәслихатының    депутаттары, 5-ші шақырылым

 

Ақсу ауданы басшылары, 2012ж

 

*       *       * 

2010 жылдың наурыз айының 12-ші куні түнінде ауданның Қызылағаш ауылындағы су қоймасының сөгілуінен болған зор су алапаты орын алды.  Аудан басшыларының бірі ретінде маған да  тасқынның салдарын жою, Қызылағаш ауылын қайтадан тұрғызу жұмыстарының басы-қасында болу жауапкершілігі бұйырды. Жедел хабар жетісімен, түн ортасында ауданның біраз жауапты қызметкерлерімен бірге  тасқынның аяғын ала  жеткен болатынбыз. Көрініс адам шошырлық еді, тасқын су деңгейі биік қарағаштардың  үстіңгі бетімен кетіп жатты. Ары қарай өту мүмкін емес.  Біз өзеннің бер жағында назардан тыс қалған «Ақтоған» ауылына жетіп, оның қорқыныштан, аяз-суықтан әлсіреген түрғындарын толығымен жинақтап, қолдағы бар автокөліктермен көрші Сағабүйен ауылына жеткізіп орналастырдық. Одан ары осындағы көпірінің бір жағын алып кеткен Бүйен өзенінен арқан-жіптермен көмекті қажет еткен қарияларды, әйелдерді, бала-шағаны өткізуді, одан ары аудан орталығына жеткізілуін ұйымдастырдық. Содан 2-3 күннен кейін арнаулы техникамен Қызылағаш ауылының өзіне өтіп, өз ауданымыздың жауапты кызметкерлерінен кұрылган жеке «аудан штабын» ұйымдастырдық.  Штаб арқылы зардап шегушілердің  әлеуметтік мәселелерін шешу, күнделікті тұрмыстық жағдайларын жасау, медициналық және психологиялық тұргыда көмек керсету, т.б. жұмыстар кешенді түрде жургізіле бастады. Мен, өз басым тасқыннан кейін талай «алып-қашпа» әңгімелерге тиек болған қаза болған адамдар санын анықтау және  жан-жаққа тарап үлгірген тұрғындарды түгендеу жұмыстарын бас-аяғына дейін жүргіздім. Есептер нәтижесі Үкіметтің ресми хабарламасына негіз болды және олардың дұрыстығы айқындалды. Сол арқылы зардап шегушілерге қаржылай көмек беру құжаттары жасалды, қайрымдылық жолымен жинақталған қаржылық-заттай көмек қоры таратылды. Осындай жолмен шығын болган малдар мен жарамсыз қалған техникалар есебін алу жүргізілді ...

Осындай қиын  шақта үлкен сынақтан өткен мемлекетіміздің әлеуметтік және экономикалық әлеуетінің мықтылығы, оның  билік жүйелерінің іскерлік қабілеттілігі, міндеттік жауапкершіліктері жоғары дәрежеде екені айқын көрінді. Нәтижесінде, бар-жоғы 4-5 ай ішінде бүгінгі өмір талаптарына сай, салтанаты мен сымбаты келіскен жаңа да әсем ауыл тұрғызылды.

 

Жаңа үйлер, жаңа көше. Қызылағаш

Уақытша қалашық

 

   Осылай атқарған қызметтерім   лауазымдары  тізбегінен ғана,  соңғы жартығасырлық мерзімде ауданның өсіп-дамуы мақсатында атқарылған жұмыстардың қатысушысы  болғаным түсінікті. Сол өткен кезеңді бүгінгі күн биігінен сараласам, ауданның әр салаларында  Өзімнің  де  тікелей бастамашысы мен ұйымдастырушысы бола білген, ел жадында  қалатындай айтулы  іс-шаралардың.  ұзақ жылдарға  таңбаланып  та қалған  істердің  ауқымы баршылық екен.  Соларды да тізбек ретінде  ғана  көрсетейін.

 

*       *       * 

 

Алғашқы қызмет орнымда өзім бас-көз болып ұйымдастырылған ауылдық техникум көркемөнерпаздарының  өнері облыс көлеміндегі орта оқу орындары арасындағы байқауда бас жүлдеге бағаланған еді.

«Жаңақоғам»  кеңшарында  жаңадан ұйымдастыруымызбен құрылған көркемөнерпаздар ұжымы, «Ақсу әуендері» ВИА-сы,  шағын ауыл театры сол жылдары аудандық байқаулардың тұрақты жеңімпазы болып отырды. Олардың елді мекендердегі гастрольдары өткізіліп отырылды және оның концерттік бағдарламасы  ол кездердегі  ауыл-аудан  тарихында  сирек жағдай ретінде республикалық теледидардан берілді.

 

«Жаңақоғам» кеңшары, көркемөнерпаздар

*       *       * 

 

   1979 жылы  қазақ жеріндегі  ең алғашқы ашылғандардың  бірі-Мамания мектебінің  тұңғыш  мерейлік  шарасы  оның  80-жылдығына  орай, мектеп ұжымы мен «Жаңақоғам» кеңшары партия комитетінің  бірлесе  ұйымдастыруымен өткізілді. Мерекелік шараларға әр кезеңдегі мектеп бітірушілерімен бірге, еліміздің белгілі қоғам қайраткерлері, ғалымдары, ақын-жазушылары Ж.Сыдықов, О.Сүлейменов, Ә.Әлімжанов, С.Жандосов, Т.Сұлтанбеков, Ж.Қалиев және т.б. қатысты.

 Ауданның құрылғанына 60 және 70 жылдық мерейтойларын өткізуде белгілі бір тапсырмаларына жауапты болсам,  80 жылдығында оны ұйымдастырушылардың бірі болдым. 2010 жылы өтуге тиісті шаралар Қызылағаш оқиғасына байланысты тоқтап қалса да, келесі жылы оны өткізу туралы әңгімені қайта бастадық,  оған  аудан және облыс әкімдері тарапынан  қолдау  көрсетіліп, нәтижесінде жоғары дәрежеде өткізілді. Осы мерекелік шараларды өткізуде тойға қатысатын қауым мен қонақтар құрамын анықтау, орналастыру, ескерткіштік сыйлықтар  дайындату мен соған қаржылық көмек көрсете алатын «қалталы» азаматтармен жұмыс істеу,  аудан орталығын көрнекті құралдармен безендіру міндеттерін атқардым. Осындай ауқымдағы жұмысты И.Жансүгіровтің 120 жылдығына арналған  және басұа да  салтанатты шараларды  дайындап-өткізу кездерінде де жүргіздім.

 

*       *       * 

 

 Мәслихат  хатшылығы  қызметімде  ұлттық  тілді, дәстүрлерді  және қол өнерін дамыту, ономастикалық, ескерткіштерді сақтау мен мұражайлар жұмыстарының жағдайын облыстық мамандардың қатысуымен талдап жүйелеп отырдық.  2011 жылы ғасырлар бойы ұмыт қалған қазақ биі «Қара жорғаны» аудан аумағында насихаттау, үйрету мақсатында бастама көтеріп, ұйымдастыру шараларын атқардым. 3 ай бойы мектеп оқушылары арасында жаттығулар өткізіліп, нәтижесінде ауданның жастары форумында барлық ауылдардан дайындықпен келген 600-ге жуық балаларымыз бір мезетте осы биді билеп шығып, жұртшылықты үлкен селпіндіріп тастады. Бұл республика аумағында өткізілген осындай  шаралардың алғашқыларының бірі еді.  Одан ары жастарымыз облыс орталығында өткен бірнеше мерекелік шараларға арнайы шақырылып  қатыстырылды.

 

«Қаражорға» биі, 600 адам. 2011ж

 

2012 жылы «Қазақстан» телеарасындағы теледидар жобасы негізінде «Ақсудың қос жұлдызы» атты шоу-бағдарлама өткізуді ұйымдастырдым. Барлығы 30 жұппен басталған байқау желтоқсан айында басталып, бірнеше турлардан кейін келесі наурыз мейрамы қарсаңында аяқталды. Жеңімпаздары анықталып, қортынды концерт өткізілді. 2014 жылы  аудандық «Суперәжелер» конкурсы өткізіліп, жеңімпаздары марапатталды.

 

«Ақсудың қос жұлдызы» шоу-бағдарлама, 2012ж

 

*       *       * 

 

1980 жылы Ақсу ауылындағы Мәдениет үйі жаңа талаптарға сай күрделі жөндеуден өтіп, оған Ленинградтағы сурет Академиясында ұстаздық етуші, ақсулық Л.Қазбеков шақыртылып, іші ерекше суреттермен әдемі безендірілді, ол бүгінгі күнге дейін бояуын жойған жоқ.  Мәдениет үйі орналасқан тарихи демалыс саябағы да күрделі жөндеуден өткізілді, ішкі жолдары реттеліп, спорт алаңдары жасалды, үлкен статуялар, субүршек қойылып, аудандағы ең әдемі мәдениет кешеніне айналды. 

1980 жылы Ұлы Отан соғысының Жеңісінің 35-жылдығына және одан қайтпай қалған жауынгерлерге арналып, үлкен обелиск құрылысы жүргізілді. Оның ашылуы облыс деңгейінде көптеген қонақтар мен аудан халқының қатысуымен атқарылды, ол облыстық ескерткіштер тізіміне енгізілді.

 

Ақсу ауылы. Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 35-жылдығына арналған обелискінің ашылуында

 

Ақсу ауылындағы қазіргі аудандық тарихи-өлкелік мұражайдың құрылуының бастамашысы болдым. І.Жансүгіровтың 90 жылдығы  қарсаңында ескі Мамания мектебінің Қарағаштан көшіріліп әкелініп, сол қалпында қайта салынған, ұзақ жылдар интернаттың, техникумның оқу корпусы болған ғимараты жөндеуден өткізілді. Оған мектептегі мұражай бұрышы көшіріліп, толықтырылып безендірілді. Ол алдында шаруашылық қарауында болды, қазір облыстық мәдениет басқармасының есебінде.

90-шы жылдары ауданда «Ақсу ажары» атты телестудия құрылуын ұйымдастырдық. Ол күн сайын аудан өмірі мен жаңалықтарын теледидар арқылы насихаттаудың ұтымды түріне айналды, сол кезде басталған алғашқы бейнефильмдер көрсетіліп тұрды.

 

*       *       * 

 


Ауданның 80 жылдығына  дайындық жұмыстарының ауқымында ертеректен ұсыныс жасап жүрген тағы бір идеям – орталық  алаңда ауданнан шыққан Кеңестік Батырлар мен Еңбек Ерлерінің аллеясын құру аудан әкімі Ә.Дүйсембаевтың қолдауымен және ұйымдастыруымен іске асты. Сол жерге қойылатын ерлеріміздің Бюстерін Алматыда дайындау жұмыстарының басы-қасында болдым. Жеке үлесім ретінде Еңбек Ері  Наужан Нүрсеитовтың бюстінің 1.0 млн-дық қаржылық мәселесі шешілді.

 

2016 жылы аудан орталығындағы Сихымов мектебі жанынан интернат ашылды, ол туралы әңгіменің  де ертеректе бастаушысы болған едім.   Сол интернаттың ашылу құрметіне  ұзақ жылдар жиналған жеке-үй кітапханамыздан әр тақырыптағы 1000-ға жуық  данасын тәрбиеленушілеріне тарту еттім.  Ол интернат  кітапханасының негізіне қаланды.

*       *       * 

 

2004 жылы қазіргі қолданыстағы ауданымыздың таңбасын (гербісін) дайындау жөнінде бастаманы өзіме алып, соңғы үлгісін Алматыдағы шеберханада дайындап, сессияда бекіттік.

Мәслихаттардың құзыретіне жататын “Ауданның Құрметті азаматы” атағын беру заңдылыққа 2007 жылы ғана енгізілсе де, ол ауданда 2003 жылдан қолға алынды.  Ереже–тәртібін бекітіп, төске тағатын белгісі мен кеуде лентасының үлгісін дайындаттық.  Күні кешеге дейін  150-ге жуық азаматқа осы атақты беру туралы шешімдерде  қолтаңбам тұрғанын  айта аламын.

 

“Ақсу ауданының Құрметті азаматы”           төсбелгісі

Алматы облысы Ақсу ауданының гербісі

 

 

2004 жылы осындай марапаттау ауқымын кеңейту мақсатында  “Ауданның Құрмет Кітабы” ашылды.

2015 жылы тағы бір  тың шара ретінде ауданымыздың әр еңбек салалары бойынша «Жыл Үздіктерін» және «Ауданның жыл адамын» анықтау және марапаттау шарасын жүзеге асырдым.

 

*       *       * 

 

  2007 жылы мұрағаттардан, әртүрлі «көздерден» тарихи деректерді жинақтап, «ауданымыздың ғасырлық тарихына» арналған  «Алтын ұям- Ақсуым» атты кітапты баспадан шығаруды ұйымдастырдым. Ол ауданымыздың 80 жылдығына орай 3 ай ішінде  шығарылған «Абыз Ақсу, Аңыз Ақсу, Нағыз Ақсу» атты энциклопедиялық кітапқа жалғасты. Кітап республикалық  қорда тіркелді  (Сайтымыздың атаулары қайдан алынғаны осыдан түсінікті).

 

 

 

 

 

 

Ауданның музыка мамандары Ж.Тұралықов пен С.Чернухинмен бірігіп, менің сөзіме жазылған «Алтын ұям — Ақсуым» және «Ақсу арулары» деген 2 ән (осы сайтта жарияланған) шығарылды.

 

*       *       * 

2003 жылы құрылған  «Жансүгіров атындағы аудандық қоғамдық қордың»  ұйымдастырушысы болдым.  2014 жылы «Ізгілік» атты үкіметтік емес ұйым құрып, біршама үлгілік шаралар атқарылды.

Мәслихат хатшысы ретінде 2014 жылы ауданда басталған «Туыңды туған жеріңе тік» атты акцияның мақсатын, атқарылар шаралар ауқымын анықтауға, соларға қажетті насихаттық, ұйымдастыру және көрнектілік жұмыстарының  жүйелі  жүргізілуіне,  Талдықорған,  Алматы және Астана қалаларында мүмкін болар инвесторлармен кездесулер өткізілуіне ат салыстым. Өз тарапымнан да жекелеген азаматтардың ауданға инвестицияларымен кіруіне септігімді тигіздім.

 

*       *       * 

 

 Мақала соңында,  бүгінгілер мен кейінгілерге  танымдық  мақсатта өзім көріп-біліп өскен, соңғы жарты ғасыр ішінде ауданда бірінші басшылық жасаған азаматтар туралы бірер сөз. Себебі, олардың іс-қызметі, басшылық жасау жұмыс әдіс-тәсілдері, адамгершілік тұрғыдағы сипаттары туралы аудан халқының беретін бағалық пікірлеріне мүмкіндігінше қанықпын және өзімнің де қалыптасқан ой-пікірім бар. 1976 жылдан бері, яғни соңғы 40 жыл ішінде ол міндетті бар болғаны 8-ақ азамат атқарыпты.  Бұл  аудандық бірінші басшылардың қызметтегі тұрақтылығы жағынан республика бойынша жақсы көрсеткіш болып саналады. Өз қызметтеріне дәл келген тарихи мерзімдегі мемлекеттегі,  қоғамдағы саяси ахуалға байланысты өздеріне жүктелер міндет-талаптарды, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына және халқының тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған іс-шараларды жүзеге асырудағы ұйымдастырушылықты үлкен жауапкершілікпен және аброймен атқара білді. Олардың барлығына дерлік аудан жұртшылығының пікірі  дұрыс жағынан қалыптасқан. Сондықтан да болар, олардың бәрі әлі күнге дейін аудан азаматтарымен хабарласып-араласып,  ауданда өтетін мерейлік-мерекелік шаралардың құрметті қонағы болып тұрады. Барлығы да «Ауданымыздың Құрметті азаматтары».  Әрине, екінші жағынан, бұл көрсеткіш аудан халқының өзінің де басшы азаматтарына деген сый-ықыластарының жоғарылығын, өзара ынтымақтылығы мен береке-бірлігін және басқа да оң қасиеттерге молынан ие екенін аңғартса керек.

 

 

 Өз басым, еңбек жолым басталған жылдары партия комитетінің бірінші хатшылары ретінде ауданға басшылық жасаған және халық арасында  аса сыйлы болған ҚЫБЫРАЕВ СҮЛЕЙМЕН және  ӨНЕРБЕКОВ  МӘЖЕН ағаларымыздың қолынан билет алып,  партия қатарына қабылданғанымды мақтаныш тұтамын. Олардан кейінгі  ТҰРҒАМБАЕВ  ҒАЛЫМ мен ҚЫЛЫШБАЕВ  НАУРЫЗДЫ өзімнің қызмет жолымдағы ұстаз-тәлімгерлерім ретінде қатты қадірлеймін. Солардың кезеңінде ауданымыз Бүкілодақтық жарыстың Қызыл Туының 2 рет иегері болғанын, өзімнің біріншісінің «командасында», екіншісімен иық тіресе еңбек еткенімді ризашылық етемін. Кейінгі аудан басшыларының бәрімен  әріптестік тұрғыда ортақтаса қызметтік  атқардық. Бірінші басшы болған сол азаматтардың бәрімен күні бүгінге дейін өмірде өзара сыйластықпен, тұрмыста ағайындық тұрғыда араласамын. Олармен және қоян-қолтық ынтымақты бірлесе жұмыс істеген  ауданымыздың басқа да басшы, белсенді азаматтарымен де сыйластықпен араласып жүргенімді, солардың қатарында болғанымды өмірдегі бақыттылығым екенін айта аламын.

 

*       *       * 

 

P.S. Жоғарыда айтылған бүткіл қызмет жолдарымдағы өзіме жүктелген міндеттерді үлкен жауапкершілікпен, берілгендікпен, нәтижелі атқаруға тырыстым, адамдармен қарым-қатынаста тазалықты, адалдықты, әділдікті, ар-ұятты жоғары қоя білу арқылы, соңғы жылдары  қоғамда өріс алған парақорлық, коррупциялық, ауызжаласқандық дерттерінен таза, аулақ болғандығымды айта аламын. Сондықтан да,  ел арасында бетіміз жарқын, көңіліміз таза, еңсеміз биік, «ұйқымыз тыныш» болып келеді. Екіжүзділік, жағымпаздық, күншілдік, ел, азаматтар арасында алауыздық, жікшілдік туғызатын арамдық қимылдарды түңілерлік, жат қылықтар деп есептедім. Өз басым 50 жылға жуық еңбек жолымда, оның жартысы “қаһарлы партия кезеңінде” өтсе де, тіркеліп отыратын жаза, сөгістер тұрмақ, еленетіндей  ескертулер  де алмаппын.  Ал, Өзім ие болған төмендегі марапаттар  топтамасы ел ортасындағы және ұрпағым алдындағы да мақтанышым, абройым деп білемін.

 

Елбасы Н.НАЗАРБАЕВПЕН кездесу сәті

 

*       *       * 

Марапаттарым:

 

Қазақстан Республикасының «Ерен еңбегі үшін» медалі  (2012 жыл 5 желтоқсан);

«Қазақстан Конституциясына «10 жыл», «Қазақстан Республикасы Парламентіне «10 жыл», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне «20 және 25 жыл» мерекелік медальдары;

 Қазақстан Республикасы ПРЕЗИДЕНТІ  және  «Нұр Отан» партиясының Төрағасы  Н.Назарбаевтың, Үкімет Басшысы К.Масимовтың, ҚР Сенаты төрағасы К.Тоқаевтың,  ҚР Мемлекеттік хатшысы, Сыртқы істер Министрінің,  Облыс Әкімінің  және басқа деңгейдегі көптеген Грамоталар, Алғыс Хаттар;

«Ақсу ауданының Құрметті Азаматы» атағы (2016 жыл 9 наурыз).

 

«Ерен еңбегі үшін» медалін тапсыру сәті

Отбасылық жағдайым

 

Жұбайым — Толғанбаева Сәулежан Тәңірбергенқызы. 1951 жылы туған. Жоғары білімді.  1972ж Қазақ мемлекеттік қыздар институтын «Орыс тілі және әдебниеті мұғалімі» мамандығы бойынша бітірген. Ұзақ жылдар аудан мектептерінде ұстаздық қызмет атқарды. Зейнеткер.

Ұлымыз — Нұрлан, 1973 жылы туған. Жоғары білімді. «Коммерция және маркетинг саласы экономисі» және «Заңгер» мамандықтары бар. Мемлекеттік қызметте, қазіргі уақытта аудан әкімдігінің бөлімін басқарады. Келініміз — Мәншүк , Талдықорған қаласындағы «Шипагер» емдеу орталығы директорының орынбасары. Немерелеріміз Әлия мен Әлихан Талдықорған қаласындағы «Назарбаев мектебінде» оқиды.

 Ұлымыз — Ұлан, 1976 жылы туған. Жоғары білімді, мемлекеттік қызметте болды. 2004 жылы кенеттен қайтыс болды.

Қызымыз — Лейля,  1979 жылы туған. Жоғары білімді. Әл- Фараби атындағы Қазақ ұлттық  Университетінің  «механика — математика» кафедрасында аға оқытушы.  Техника ғылымдарының кандидаты.  Жұбайы — Ернар Көпбосын, банк қызметкері. Әділжан және Батырхан есімді немерелеріміз бар.

 Ұлымыз — Дархан,  1985 жылы туған. Жоғары білімді,  «Инженер-системотехник» және «Заңгер» мамандықтарының иегері. Мемлекеттік «Болашақ» бағдарламасы бойынша Лондон қаласындағы «Экономика және саяси ғылымдары» мектебінде тағылымдамадан өткен. Қазір ҚР Әділет министрлігінің Алматы облысы бойынша Сот сараптамасы институты директорының  орынбасары.