Қалқаман Тұрсынұлы Жұмағұлов 

 

   Сайтымыздың бүгінгі парағы — жерлесіміз, ауданымыздың Арасан ауылының тумасы, үлкен тарихшы-ғалым, биылғы жылдың басында  мерейлі 70 жасқа келген Жұмағұлов Қалқаман Тұрсынұлына арналып отыр. «Тарих ғылымдарының докторы, тарихшы– медиевист, профессор, академик. ҚР әлеуметтік ғылымдар Академиясының академигі, Геттинген университетінің (Германия) құрметті профессоры. Неміс, дат, швед және латын тілдерін еркін меңгерген. Бірқатар монографиялардың, оқулықтардың, оқу-методикалық құралдардың, ғылыми мақалалардың авторы» деп,  көрсетілетін оның өмірбаяны  сайтымыздың «Ғалым есімі — елге мәлім» тарауында бұрынырақ берілген болатын.

 Солай десек те, осы өмірбаяндық деректерді толықтыратын, ауданымыздың белгілі журналисі,  ұзақ  жылдар  аудандық  газеттің редакторы болған, Ақсу ауданының Құрметті азаматы Дүйсен Мұхаметшарұлының  жазбалары мен құттықтау өлең шумақтары беріліп отыр.

 Қалқаман Жұмағұлов                    Серікбек Серпербаев

  Мақалаға,  Өз тарапымнан қосып айтатыным,  Қалқаман Жұмағұлов екеуміздің  Арасан (қазіргі Б.Сырттанов атындағы) орта мектебінде бірге оқып (ол орыс, мен қазақ сыныбында), оны 1965 жылы бітіргеніміз.  Сол мектептегі уақыттан  Қалқаман  туралы  естелік ретінде ерекше айтатын жайт, оның неміс тілін мектеп қабырғасының өзінде-ақ толық меңгеріп алғандығы еді. Арасан ауылында  біршама орыс жұрты болғанымен, немістер жоқтың қасы еді. Соған қарамастан, ол мектептің неміс тілінің мұғалимасы Тұрар Нұрахметовамен таза неміс тілінде сөйлесіп, қалғандарымыздың «аузымызды аштыртып» қоятын.  Сондықтан да,  КазГу-ге  оқуға түскенде,  ол таңдаған факультетінің  неміс тілінде оқытатын бөлімшесіне қабылданды. Студенттіктің талай қызықты шақтарын да бірге өткізген жайымыз бар...

  Содан ары,  ғылымдықтың үлкен биік межелерін  меңгерген  ол,  2000-шы жылдардың басынан өзінің туған өңірімен байланысын жандандыра бастады. Ауданға, ауылына  келіп,  елдермен, оқушылармен кездесулер, әр тақырыпта лекциялар-әңгімелер өткізіп отырды. Ауданның маңызды саналған мерекелік-мерейлік шараларының тұрақты қатысушысы болды. Демеуші ретінде, Жансүгіров ауылы жанындағы «Көтен тәуіп» атасы кесенесінің безендірілуіне көмектесіп және басқа шараларды да қолдап отырды. Жерлестерінің ықылысына  бөленген ол, 2005 жылы — Ақсу ауданынының,  2011 жылы — Алматы облысының Құрметті азаматы атанды.  

 

  Сонымен, Қалқаман Тұрсынұлын мерейжасқа толуымен және бүгіндері соған байланысты өтіп жатқан салтанатты шараларымен құттықтай отырып, оның ғылыми-шығармашылық еңбегінде әлі де қомақты жетістіктер болатынына сенеміз және Өзіне мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр,  отбасына тек жақсылықтар мен қуаныштар тілейміз! 

Дәуірдің дарабозы

 

Дүйсен МҰХАМЕТШАРҰЛЫ

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 

Еуразияға танымал атың Айдай,

Абырой, бедел — даңқын басыңа сай.

Адам озар адамнан – тек біліммен,

Деген екен данышпан Һәкім Абай.

Біліммен озған жансыз қатарыңнан,

Батыс, Шығыс таңғалған атағыңнан.

70 – тің жайлауының төріндесін,

Шәкірттерің нұрланар шапағыңнан.

Білеміз талай тарих ашылғанын,

Деректер кітап болып басылғанын.

Ешкім әлі білмейтін, естімеген,

Үшінші қырын таптың Аттиланың!

Іздену ермегі емес еріккеннің,

Ол еңбек – еңбегіңнен жеңіс көрдім.

Қазақтың тарихын ел білмей жатса,

Тарихын жазып бердің немістердің.

Тарихтың бұлтын серпіп тұмшалаған,

50 жыл жеңіс, жеміс – бір саладан.

София жеңгемізді соннан тауып,

Екі жеп биге шықққан сұлтан ағам!

Жүрімбек Сыдықовтай сақаға еріп,

Білімнің ақ уызын қатар еміп.

Тұңғыш шыққан тарихшы, медиавист,

Ақсулық атың мәшһүр академик.

Білімді тура жолдан жаңыла ма?

Білімсіз дәл сіздей боп таныла ма?!

Бүгінгі мерекеңіз құтты болсын,

Академик,  профессор, ғалым аға!  

 

Жұмағұлов Қалқаман Тұрсынұлы       Тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик.

  Бүгінгі дарабоз ғалым Қалқаман Тұрсынұлы Жұмағұлов 1948 жылдың 1 қаңтарында Талдықорған облысы (қазіргі Алматы облысы) Қапал ауданы Арасан ауылында қызметші отбасында дүниеге келді. 

  Бала кезден бастап ол, атасы Жабықбай мен әжесі Ұлтуардың;  әкесі,  Ұлы Отан соғысының ардагері Тұрсын Жабықбайұлы мен барлық өмірін кітапханашылық  қызметке арнаған анасы, Кенжетай Батырбекқызының тәлім-тәрбиелерін, ауыл ақсақалдар мен туыстарының үлкендерінің ақыл-нақылдарын, өз елінің әдет-ғұрып пен салт-дәстүрлерін бойына сіңіріп өседі

1965 жылы Арасан 11-жылдық мектебін бітірген соң, С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіне оқуға түседі.

Сол студенттік  жылдарында ол өзінің болашақ өмірлік серігі София Ахметовамен курстас болып, бірге оқиды.  София да оқу үздігі, қоғамдық жұмыстардың  белсенді қатысушысы, топ комсоргы, факультеттің «Тарихшы» студенттік газетінің редколлегия мүшесі болады, факультеттің студенттік ғылыми ұйымы Кеңесінің құрамына кірді.

Қ.Т.Жұмағұлов 1972 жылы 6-жылдық арнайы (неміс тіліндегі) бөлімді озат бітіргеннен кейін, осы  университеттің «жалпы тарих» кафедрасына оқытушылық қызметке қалдырылады. Содан бергі 50 жылдай уақыттағы еңбек жолының баспалдақтары: ассистент, аға оқытушы, доцент, деканның орынбасары, тарих факультетінің деканы (екі мәрте), профессор, ерте дүние және ортағасырлар тарихы кафедрасының негізін салушы және алғашқы кафедра меңгерушісі (1991—2007 жж). 2007—2011 жж.  дүниежүзі тарихы кафедрасының меңгерушісі; 2011—2016 жылдар аралығында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының меңгерушісі.

.

Қалқаман Тұрсынұлы Жұмағұлов –қазақстандық тарих ғылымында, әлемдік мәнге ие, ортағасырлық Германия мен Еуропа тарихының мәселелерін зерттеумен айналысқан, алғашқы маман. Оның көтерген Орталық Азия мен түркі халықтарының тарихына тікелей қатысы бар ғұндардың Еуразия мен Еуропадағы тарихының мәселелері ерекше маңызды болып табылады. Осы тақырыптағы бірқатар монографиялардың, оқулық, оқу-әдістемелік құралдардың, дүниежүзі тарихы, Еуразия, Батыс және Шығыс тарихы бойынша қазақ, орыс және шет тілдерінде ғылыми мақалалардың авторы болды.

Жұмағұлов Қалқаман Тұрсынұлы                    Тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик.

Батыс, Орталық және Солтүстік Еуропаға қатысты ерте ортағасырлар тарихы бойынша ғылыми тақырыппен айналысқан ол, осы саладағы көпжылдық зерттеулерінің нәтижесі ретінде 1997 жылы «Основные проблемы развития древнегер¬манского общества до Великого переселения народов» атты тақырыпта докторлық диссертациясын тамаша қорғайды. Зерттеуге Мәскеу ғалымдары, белгілі медиевист-тарихшылар Ресей Мемлекеттік гуманитарлық университеті (РГГУ) проректоры профессор Н.И. Басовская, РҒА (РАН) Жалпы тарих Институты батысеуропалық ортағасырлар тарихы секторының меңгерушісі профессор А.А. Сванидзе және басқалар өте жоғары баға береді.

Қ.Т.Жұмағұлов одан кейінгі ғылыми ізденіс жылдарында  дүние жүзі тарихы тақырыптарын монографияларында, оқу құралдарында, оқу-әдістемелік басылымдары мен мақалаларында жалғастырды. Сөйтіп, ол Қазақстан тарих ғылымында алғаш болып ғаламдық маңызға ие Германия және Еуропаның ортағасырлық тарихы мәселелерін зерттеді. Ерте ортағасырлар дәуіріндегі герман халықтарындағы феодализм генезисінің теориялық аспектілерін зерттеуге зор үлес қосты, шет тілдеріндегі жазба деректер мен қазіргі археологиялық деректер, этнология, антропология, лингвистика,  сондай-ақ бірқатар жаратылыстану ғылымдары мен XX ғ. екінші жартысы – XXI ғ. басындағы пәнаралық ізденістер негізінде аталған мәселелерге кең талдау жасады.

Қайта құру мен КСРО ыдырауына тұспа-тұс келген өте бір күрделі өтпелі дәуірде, 1987—1992 жылдары Қ.Т. Жұмағұлов факультет деканы ретінде  оқу-тәрбие процесін жетілдіру мен факультеттің ғылыми-зерттеу жұмыстарын үйлестіру ісінде көп шаруа тындырды. Мәскеудегі Жалпыодақтық бірлестіктердің мүшесі ретінде ол М.В. Ломоносов атындағы ММУ жанындағы және Мәскеу тарих-архив Институтындағы (қазір РГГУ) тарих мамандықтары бойынша ОМК (УМО) жұмысына белсене араласты. Оның бастамасымен ҚазҰУ-дың тарих факультетінде алғаш рет жаңа мамандықтар мен мамандану топтары ашылды (саясаттану, тарихшы-мұрағаттанушы, муражайтану). 

1989 жылы декан Қ.Т. Жұмағұлов бастамасымен, алғаш рет ол кездегі бүкіл Орта Азия мен Қазақстан аумағындағы жалғыз жалпы тарих бойынша кандидаттық диссертация қорғау Ғылыми Кеңесі ашылды («КСРО тарихы» мамандығымен бірлескен Кеңес). Осы Кеңесте көршілес одақтас республикалардан да аспиранттар мен ізденушілер келіп қорғап жататын. Тарих факультетінің студенттер саны ол жылдары күндізгі және сырттай бөлімдер бойынша 1600-ге тарта болатын. Тарих факультеті көптеген көрсеткіштер бойынша университеттегі алдыңғы орындарда болды.

Қ.Т Жұмағұлов декандық қызметінің екінші мерзімі-2000-шы жылдары көптеген шаруалар жасалды, уақыт талабына жауап беретін жаңа пәнаралық мамандықтар бойынша кадр дайындау басталды. «Тарихнама және деректану» мамандығы ашылды, магистранттар, аспиранттар мен стажерлар саны артып, докторантураға қабылдау өсті. Сонымен қатар, ең маңыздысы факультет Германия, Түркия, Австрия, Франция, Дания, Швейцария, Қытай, АҚШ, Польша, Канада, Жапония, Иран және басқа да алыс-жақын шет елдердің бірқатар университеттерімен, ұйымдарымен ғылыми байланыс орнатты.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдарға кірген тәуелсіз Қазақстан Республикасына тарих ғылымы мен тарихи білім берудің негізгі бағыттарының бірі – әлемдік тарих бойынша өзінің ғылыми-педагогикалық кадрларын дайындау қажеттігі тұрды. Декандық қызметпен қатар, кафедра меңгерушісінің қызметін атқара келе, бұдан кейінгі уақытта ол жаңа, маман дайындаушы кафедраның жұмыстарымен толықтай шұғылдануға ойысып кетті. Кафедра бүгінгі келбетіне ие болып, танымал болғанға дейін оған көптеген, күрделі жұмыстарды атқаруға тура келді...

Ғылыми зерттеулерді ұйымдастырушы ретінде кафедра меңгерушісі Қ.Т. Жұмағұлов «Еуразияшылдықтың тарихи тамырлары, оның әлемдік тарихтағы рөлі» атты тақырыпта жетекшілік етті, бұл тақырып шеңберінде зерттеудің басты объектісі Орталық Азияның, түркі әлемінің және Қазақстанның жаһандық әлемдік-тарихи процестегі орнын анықтау болды.

Кафедра бірқатар жылдар бойы Болондық жүйедегі елдермен белсенді жұмыстар атқарды. Қ.Т.Жұмағұлов бастамасымен университетте алғашқылардың бірі болып, Германия, Италия және т.б. елдермен ынтымақтаса отырып PhD докторларын дайындауды бастады.

Еуропа, АҚШ және Монғолия университеттерінің шақыруымен проф. Қ.Т. Жұмағұлов шет тілінде ғұндар тарихы, Орталық Азиядағы түркі әлемі, Еуразия және Қазақстан тарихын қоса отырып, «Әлем тарихындағы Батыс пен Шығыс» тақырыбында дәрістер оқыды, баяндамалар жасады.

2013 жылдан  Қ.Т. Жұмағұлов Дүниежүзі тарихын зерттеу бойынша РҒЗО директоры болып саналады. «Халық тарих толқынында» Мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2014—2015 жылдары  екі мәрте ғылыми іс-сапарында болып,  манускриптері көне, құндылығы жоғары, библиографиялық жағынан сирек кездесетін құжаттары бойынша Еуропада бірінші орын алатын Ватиканда, Ватиканның Апостол кітапханасының қорлары мен бөлімдерінде (Biblioteca Apostolica Vaticana) және Ла-Сапиенза университетінің кітапханасында ғылыми-ізденіс жұмыстарын жүргізіп, Түркі әлемі – Ғұн империясы, Авар және Түркі қағанаттары; орта ғасырлар кезеңіндегі Қазақстан территориясындағы мемлекеттік және тайпалық бірлестіктер;  Батыс және Шығыс, Ұлы Жібек жолына және Қазақ хандығының тарихтарына қатысты латын тіліндегі жаңа деректік мәліметтер анықтайды.

Профессордың ізденісі нәтижесінде Ватиканда алғашқы рет Аттиланың үшінші бейнесі табылған. Ол осы уақытқа дейін бірде-бір Ғұн империясы мен Римге қатысты басылымдарда кездеспегенін айтуға болады. Фреска XVI ғасырда Рафаэльдің жақын шәкірттерімен жасалған. Төмен жағында «S. Leo Pont. Max. Attila. Furentem. Reprimit», латын тілінен аударғанда: «Папа Ұлы Лев қатыгез Аттиланы тоқтатуда» деген жазу бар.

Профессор Қ.Т. Жұмағұлов ғалым әріптестері, университет оқытушылары мен студенттер арасында үлкен беделге ие. Ол – ең алғашқы қазақ тарихшы — медиевист. 400-ден аса еңбектердің, олардың ішінде монографиялар, оқулықтар, көптеген оқу, оқу-әдістемелік құралдары, ғылыми мақалалар мен баяндамалардың авторы.

Ол — әлемдік тарихтың қазақстандық мектебін қалыптастырды, көптеген жаңа буын тарихшыларды тәрбиелеп, дайындады.  Оның жетекшілік етуімен 3 докторлық, 16 кандидаттық диссертация, 6 докторлық диссертация (PhD), сондай-ақ көптеген магистрлік диссертациялар қорғалды. 

 

 Кафедра меңгерушісі қызметінде 25 жыл бойы үздіксіз атқарған еңбегі, қомақты табыстары үшін, Ғылыми кеңес шешімімен профессор Қ.Т. Жұмағұловқа «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Құрметті кафедра меңгерушісі» деген атақ берілді. ӘҒА академигі (2000 ж.), ГҒА академигі (2008 ж.), ҚР ҰҒА Құрметті академигі (2013 ж.), Геттинген университетінің Құрметті профессоры (Германия, 1999 ж.), Франция тарихшыларының аймақтық Ассоциациасының мүшесі (2012 ж.).  

 

Жұмағұлов Қалқаман Тұрсынұлы                    Тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик.

 Қазіргі таңда ол аталған кафедраның профессоры, Дүниежүзі тарихын зерттеу бойынша Республикалық Ғылыми-Зерттеу Орталығының директоры. Профессор Қ.Т.Жұмағұловтың ғылыми жетістіктері бірнеше дүркін Халықаралық ғылыми гранттармен атап өтілді. Ол Қазақстанда Халықаралық ДААД грантының жалғыз алты мәрте иегері: 1995, 1997, 1999, 2003, 2007, 2011 жж.

ҚР Н.Ә. Назарбаевтың Жарлығымен Қ.Т. Жұмағұлов «Құрмет» орденімен (2006 ж); «Қазақстан Республикасы ғылымының дамуына сіңірген еңбегі үшін» төс белгісімен, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің Құрметті қызметкері», «Ы.Алтынсарин», «А.Байтұрсынов» медальдарымен, «әл-Фараби» Үлкен Күміс медалімен, ҚазҰУ-нің 80 жылдық мерейтойына арналған медалімен марапатталды. «ЖОО Үздік оқытушысы» Республикалық грантының иегері, Ақсу ауданының және Алматы облысының «Құрметті» азаматы.

 

 

Қалқаман Тұрсынұлы Жұмағұлов өзінің 70 жасқа толған мерейтойын жұбайы София Тұланқызымен бірге ынтымағы жарасқан отбасы ретінде қарсы алып отыр. Ұлдары Санжар – заңгер, ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Әділет кеңесшісі, қыздары  Жанна – Вестфаль университетінің (Германия) құқықтану мамандығы бойынша докторанты. : Карина, Сабина және Алихан есімді немерелері бар.

Жұмағұлов Қалқаман жұбайы Софья Ахметовамен бірге


Жұмағұлов Қалқаман анасы Кенжетай Батырбекқызы және бауырларымен бірге

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қалқаман Жұмағұлов әр дәуірдің тезіне түсіп, ғылымның сан сынағынан сүрінбей өткен, адамгершіліктің мөлдір бастауын лайламай ақыл мен парасатқа тән тұма бұлақтай таза сезімге суарылған, нағыз үлкенге іні, кішіге ағаға лайық азамат десек,  ол өмір шындығы. Шын азаматтың әр әрекеті жүрек жұтқан тәуекелден тұратыны сөзсіз. Замана уақыттың қаһарынан қаймықпай, ғылымның тар жол, тайғақ кешуіне батыл қадам жасап, оның тезіне түскенімен, тізесі дірілдемеген, әр ісін сана сүзгісінен, парасат елегінен өткізу арқылы мүйіздері қарағайдай талай академиктердің алдында ғылым жолындағы кқптеген ғылыми еңбектерін, айшықты ойларыңызды батыл айтып, қорғай білген азамат. Ол ғылымдағы атқарған әр ісін зерек зердемен байыпты талдау жасап, заманның жақсы мен жаманын талғам таразысына салып, оның әлеуметтік сипатын барынша зерделеп, ауқымы кең қорытындыларға барып, ақыры Батыс пен Шығысты табындырған, таңқалдырған ғалым Академик атанды.

Уақытпен аяқты тең алып жүретін қолын замана тамырынан алмайтын, сезімі сергек, адалдықты алмас семсердей ұстаған, кішіге асқар таудай аға, үлкенге ілтипатты іні болған, парасат – пайымы кемел шақта жетпістің жайлау төріне шығып отырған, біз үшін дара тұлға Қалқаман Тұрсынұлына арнайы жолығып, мерейлі мерекесімен құттықтай отырып, оның биобиблиографиялық көрсеткіштерімен танысқанымызда көз алдымыздан өткен  оның өмір жолы осылайша өрбіген еді:...