Құрметті сайт оқырмандары!

Таяуда ғана Ақсу жерінің (Алматы облысы) арда азаматтарының бірі Сейітқұл Қалибеков өмірден өткен еді. Сейтқұл  бүткіл өмір жылдарында туған ауданында  абыройлы қызмет атқарған, оның өсіп-дамуында өзіндік ізгілікті істерін қалдырған, халқы құрметтеген, үлгілі отбасы иесі болған азамат еді. Міне енді, алдағы күндері  (26 қаңтар) оның қайтыс болғанына 40-күн де болады.

Соған орай, Сейітқұл бауырымыз туралы алғашқы естелік  жазба ретінде сайтымның бүгінгі парағында оның өмірдерегін, ол туралы бұрындары жарияланған деректік мақаланы және өзінің екі авторлық әнін ұсынып отырмын. Танысыңыздар!

  

 

 Сейітқұл  ҚАЛИБЕКОВ

 

 

Өмірдеректері

 

 

  Сейітқұл ҚАЛИБЕКОВ 1945 жылы 2 қыркүйек күні Алматы облысы Ақсу ауданы «Еңбек» ауылында туған. Сарқан қаласындағы Абай атындағы  орта мектепті,  Көксу ауылшаруашылығы техникумын, Қазақтың С.Киров атындағы мемлекеттік университетін бітірген.

 

 Еңбек жолын 1962 жылы туған ауылында тракторшы болып бастайды. Кеңес Армиясы қатарында үш жылдық әскери борышын өтейді. 1969 жылдан бастап Ақсу аудандық суландыру жүйесі мекемесінде гидрометр, 1970—1974 жылдары халық депутаттары Ақсу аудандық атқару комитетінің архитектура бөлімінде инженер, ұйымдастыру бөлімінде нұсқаушы болып жұмыс атқарады. 1974 жылы аудандық кинофикация жүйесінің директоры болып тағайындалды, 1979 жылы Ақсу аудандық партия комитетіне жұмысқа шақырылып, онда нұсқаушы, сектор меңгерушісі және жалпы бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1988 жылы аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы болып сайланады.

 

  Өзінің «заңгер» мамандығы бойынша 1982-83 жылдары аудандық прокуратурада тергеуші, ал 1997–2004 жылдары  аудан прокурорының аға көмекшісі болады. 2004 жылы жаңадан ашылған  аудандық әділет басқармасының бастығы болып тағайындалып, сол қызметтен 2009 жылы зейнеткерлікке шығады.

 Ол одан кейін де өмірінің соңғы уақытына дейін аудандық «Халыққа қызмет көрсету орталығында» кеңесші, тәлімгер-нұсқаушылық жұмысты атқарып келді.

 

 Қалибеков Сейтқұл бүткіл қызмет жылдарында ауданның саяси-қоғамдық өмірінің бел ортасында болды. Бірнеше мәрте аудандық партия комитетінің мүшесі, одан кейінгі жылдары аудандық Мәслихаттың депутаты болып сайланған, насихатшы, көптеген қоғамдық бірлестіктердің мүшесі болады. Алғашқы құрылғаннан бастап  аудандық сот жанындағы азаматтық істерді шешуге байланысты медиаторлық жұмыстырды жүргізіп келді.

 

«ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен, республикалық, облыстық кәсіподақ органдарының, ҚР Әділет Министрінің, аудан Әкімінің Құрмет Грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапатталған. Кәсіподақтардың Бүкілодақтық сьезінің делегаты болып сайланған. Ақсу ауданының Құрметті азаматы.

 

Жұбайы- Абдуллина Гулжихан Ғарифоллақызымен жарты ғасырға жуық жарасымды, сыйласымды өмір сүріп келді. Оларды аудан жұртшылығы үлгілі отбасы ретінде білді, құрметтейді. Екеуі төрт азаматты тәрбиелеп өсірді, немерелері, шөберелері бар. 2014 жылы олар облыстық «Мерейлі отбасы»  байқауына қатысып, жүлделі орынға ие болды.

 

  

Гулжиханның  бүткіл қызметтік жылдары банк жүйесінде өтіп, олардың аудандық бөлімшелерінде ұзақ жылдары бас есепшісі лауазымында болады. Зейнетке шыққанға дейінгі соңғы 10 жылдан аса мерзімде Қазынашылықтың аудандық бөлімі бастығының орынбасары болды. Өте білгір маман, тәлімгер ретінде еліміздің әр түкпірінде абройлы еңбек етіп жүрген көптеген шәкірттер тәрбиелеген. Республикалық, облыстық деңгейдегі Басшылықтарының көптеген марапаттарының иегері. Есімі Ақсу ауданының «Құрмет Кітабына» енгізілген.

 

Сейтқұлдың өнерге де бейімділігі болды. Оның  сөзін де өзі жазып шығарған «Ақ шағала» мен «Сағыныш» атты әндері Қазақ радиосының «Алтын қорына» енгізілген. 

 

*       *       *

Осы ресми деректерге менің өз тарапымнан қосатыным: Секен (ел арасында солай аталып кеткен)  екеуіміз бір-бірімізді бала кезімізден білдік. Сол «Еңбек» ауылындағы мектепте  оқыдық,  белсенді оқушылар ретінде көпшілік жұмыстарының ортасында бірге жүрдік, ол жасы үлкен болғандықтан жетекшілік міндетті атқаратын. 

Ал 70-шы жылдардан бастап бір ауданда болғандықтан, қызметтік және қоғамдық жұмыстарымыз күні кешеге дейін қатарласа атқарылып жатты. Мирамен де (ол да Гулжиханның өз ортасындағы есімі) бірнеше жыл сол банк жүйесінде әріптес болдық. Олармен тұрмыстағы бос уақыттарымыз да дос-жолдастар ретінде бір ортада өтіп жатты, отбасылық та жақсы сыйластық қатынаста болдық. Баларымыз қатар өсті, қазірде де олар дос болып бірге жүруде.

 

 

 

 

Сондықтан да Сейтқұлдың өмірден өткені біздер үшін де ауыр жағдай болды. Ендігі қолымыздан келетіні оның рухына тағзым ету, жарқын бейнесін есте сақтау. Секеңнің жатқан жері жайлы болсын, көрмеген қызықтарын ұрпағы көрсін дейміз!. Артта қалғандарына амандық, әулетінде тек қуаныштар болуын тілеймін! 

Ізгі ниетпен  Серікбек Серпербаев

 

 

 

Өмір соқпақтары

Тілеухан ЕСЕБОЛАТОВ

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

«Ақсу өңірі» газіті, 15 шілде 2016 жыл

 

 

 

 

 

 

 

Сейтқұл Қалибековтың авторлық әндері

 

Орындаушысы — Арда Елубаева, Ақсу халық театрының жетекшісі

 

 

Ақ шағала

 

 

 

Сағыныш