Сайтымның  бүгінгі парағында халқымызға жақсы танымал саналатын  Ақсу жерінің тағы бір өнер иелерінің,  қос ақыны, ерлі-зайыпты Өтепберген  АҚЫПБЕКҰЛЫ (марқұм) мен Жұмаш ОСПАНБЕКОВА туралы танымдық жазбалар жариялап отырмын. 

 Атап айтқанда, осы тақырыпқа негіз болған белгілі ақын Арасанбай Естеновтың  ертеректегі мақаласы,  ақындардың  өздерінің  өмірдеректері және біраз туындылары берілді

 

    ҚҰЛАҚҚАҒЫС:  Сайтта «жоқ болсаңыз», оған жазылуды ұмытпаңыз!! Ол үшін оң жақтағы немесе  парақтың  астындағы  терезешелерге  адрестеріңізді  енгізіңіз! 

 

Өнер  айдынындағы  қос аққу

Арасанбай ЕСТЕНОВ, жазушы

                                                                                                        «Өз ұлын, өз ерлерiн ескермесе,

Ел-дағы қайдан табар кемеңгердi…»

Iлияс ЖАНСҮГIРОВ

 

   Ақсу, Қапал  өңiрi ежелден тума таланттарға бай өлке ғой. Ақын Сара мен Iлиястай дүлдүлдерiмiздi айтпағанның өзiнде, одан бергi кезеңдерде аудан, облыс, қала бердi күллi Жетiсу өлкесiнiң  мақтанышына  айналған  өнер  иелерi  қаншама. Өнер  әлемiнде, әсiресе айтыс сайысында, облыс  намысын  қорғап,  жырсүйер,  әнсүйер  қауымын талай мәрте дән риза еткен ерлi-зайыпты тарланбоз – марқұм  Өтепберген  Ақыпбекұлы мен оның жан серiгi Жұмаш Ақыпбекова (Оспанбекова)  жайлы  әңгiме  қозғамау  мүмкiн  емес.

 

   Жұмаш өнер жолын айтыс ақыны болып бастады. Ол кезде аудан мен аудан өзара жарысқа түсiп, бiр-бiрлерiнiң жетiстiктерi мен кемшiлiктерiн ашып көрсетiп, оны жұртшылыққа жариялап отыру үрдiсi бар болатын. Сол  жариялылықтың  ең  ұтымды жолы – осы айтыс өнерi едi. Дiңгектiк Иманғали Мысықов, арасандық Жапарғали Ақсубаев, құрақсулық Түлкiбек Құрақбаев, көшкенталдық Жұмаш Оспанбековалар сол кезгi Ақсу ауданының белдi де бетке ұстар айтыс ақындары болды. Ал олардың iшiндегi ең жасы да, «арпа iшiнде бiр бидай» жалғыз қызы да осы Жұмаш болғанын көнекөздер де, сол кезгi (1970 ж.) мектеп оқушылары бiздер де жақсы бiлемiз. Жұмаштың биязы қоңыр үнi, домбырамен үндескен және ешкiмге ұқсамайтын өзiнiң әдемi әуенi бар едi. Ал:

Еңселi Ешкiөлместiң балағынан,

Шаттанып шабытыммен саламын ән.

Қырандай қалықтамай тұрам қалай,

Жерi бай Жетiсудың алабынан.

Нәр алып арай таңда ескен лептен,

Ұшқанмын Сара туған Ешкiөлместен.

Ақсуым, арыныңдай екпiндедiм,

                                               Айтыста әрiптеске дес берместен, – деп келетiн,

әп дегеннен-ақ жанкүйерiнiң қанын қыздыратын кестелi сөзiн айтсаңызшы. Қарсыласының ыңғайына қарай түйдектелiп, мiрдiң оғындай  нысанасына  дөп  тиiп  жататын  ащы мысқылы мен тапқыр шумақтары да жетерлiк болатын.

   Оған бiрер мысал. 1980 жылғы республикалық ақындар айтысында Жұмаш Қазақстанның Халық ақыны Манап Көкеновпен сөз сайысына түскен. Қарсы  алдындағы қаршадай  қызды  қорашсынған Манап ақын:

«Мен Бiржанмын… сен Сара бола алсаң, жасырақ кезiм болғанда, басқаша айтысар едiм…» – деп қағытады. 

Қарт ақынның ауанын байқаған Жұмаш:

Талабы болмаса да тұрған гүлдеп,

Еседi бәз бiреулер «Бiржанмын» деп.

Сараның сiңлiсiмен айтысам деп,

Мойныңа алмай-ақ қой тыңнан мiндет.

Мұндай деп ойламаушы ем Сыр Манабын,

Түйсiндiм сылдыр сөздiң сырғанағын.

Қомсынып, қоразданып отырсаң да,

                                              Бiлемiн мен сағымның сынбағанын… – деп тоқтағанда,

тағы бiрер шумақ айтып, қарсыласына кезек бергiсi  келмей «тұрайық» деген ишарамен орнынан көтерiлген Манап ақын қолын ұсына берген едi. Осы сәт Ғабең (қазылар алқасының төрағасы – Әбдiлда Тәжiбаев, мүшелерiнiң бiрi – Ғабит Мүсiрепов  болатын)  орнынан  тұра берген Жұмашқа  қарата:

– Қызым, тағы бiр шумақ… – деп сұқ саусағын даралап, қолын көтерiп қалады. Бұл өтiнiш демеу болған Жұмаш дереу отыра қалып:

 

– Кезiккен тұтқиылдан ақын аға,

Өлеңнiң өзегiне жақын аға!

Iздеп кел, ақын болсаң, Ешкiөлмеске,

Iзетпен қоштасайық сахнада! –

деп жауап берген-дi.

 Дәл осыған ұқсас көрiнiс 1984 жылғы Кенен Әзiрбаевтың 100 жылдығына арналған республикалық  ақындар  айтысында да  қайталанған.  Бұл  сайыста  семейлiк Халық ақыны Қалихан  Алтынбаев та  қарсыласы  Жұмашты  көзге  iлмей, сөз соңында «теңiм емессiң, өз қатарым Әбiкен неге келмедi. Айтарымды батыл айта алмай отырмын. Өз теңiм келсе, көсiлер едiм» дегендей уәж айтады.

    Қарт ақынның өзiн тең көрмей, қорашсынуы намысын келтiрiп, шабытын қамшылаған Жұмаш:

Ұмсынып келмей қалған Әбiкенге

Санамай отырмысыз менi теңге?

Ақыным, аптығумен теңiңдi iздеп,

Түсiрем деп тұрмысыз менi терге.

Сөзiме мән бермесең құлақ түрiп,

Қырандай бас салармын бiр-ақ бүрiп.

Куә боп отырғанда игi жақсы,

           Жiберем Семейiңе лақтырып! –дегенiнде,

Қалихан ақын орнынан атып тұрып:

Ойбай-ай, мына Жұмаш, не дейдi ойбай,

Сүмiрейтiп барады Семейдi ойбай!!!

Бұрын бұлай ешкiмге жол бермеушi ем,

                                               Құдай байлап қойды ма, көмейдi ойбай!!! – деп көпшiлiк алдында қолын алғаны бар.

Осындай  дүбiрлi  додаларда небiр азулы айтыс ақындарына дес бермей, салмақты сөз, ұтымды ұйқас таба бiлетiндiгiнен Жетiсу  жұртшылығы  жас  кезiнен-ақ  оны  «Ақын  Жұмаш» атап  кеткен.

 

   Өтепберген – ол кезде Абай атындағы ұжымшарда комсомол жетекшiсi. Еңбек  жолын туған ауылында  қарапайым механизатор болып бастаған ол жастар  жетекшiсi, Мәдениет үйiнiң меңгерушiсi қызметтерiн атқара  жүрiп,  ауыл  жастарының ұйытқысына айнала бiлдi. Қапал өңiрiндегi алғашқы сәулеттi Мәдениет үйi де осы ауылда бой көтергендiктен,  заманына  сай  сол ғимараттың бар мүмкiндiктерiн ұтымды пайдалана бiлген ол ауыл жастарының басын қосып, көркемөнерпаздар үйiрмесiн құрды. Ән салып, би билеумен қатар шағын-шағын драмалық шығармаларды  сахналап,  ауыл  көрермендерiнiң  құрмет-қошеметiне  бөлендi.  Ал ауыл арасындағы той-томалақ,  мерекелердiң Өтепберген мен Жұмашсыз  өтпесi  бесенеден белгiлi жай.

  Жұмаш қырғыз туғандардың иiндi әндерiн нақышына келтiре орындап, жұрттың сезiм қылын тербетсе,  Өтепберген тыңдаушыларын қазақтың халық әндерiмен сусындатады. Бұл әндер тыңдалып болды-ау деген мезетте ұжымшардың сол кезгi төрағасы Нұрболат ақсақал: «Ал ендi екеуiң мiнгесiп айтыңдар!» – деп мәз-мәйрам болушы едi. «Жiгiтке жетi өнер де аз» деген. Сол да сөз болып па. Қос өнерпаз жұптасып тұра қалған күйi алдыларына өңгерген домбыраның бiрi пернесiн басып, бiрiнiң саусақтары iшек үстiнде бебеулей билеп, «Жанай керiмге» басып кеп бергенде, тыңдаушысының делебесiн қоздырып, қиял құсын ерiксiз ақша бұлтқа ұялататын-ды.

 

  Қос жұбайдың жүктелген iске деген жауапкершiлiгi, сегiз қырлы өнерi мен ұйымдастырушылық қабiлетi зиялы қауым  өкiлдерiнiң  назарынан да тыс қалған жоқ. Анда-мұнда шақырып,  қолқа салып, «құда түсушiлер» көбейе бастаған. Алайда олардың бiр де бiрiн ұжымшар басқармасының төрағасы, ауданның беделдi де белдi ақсақалы Нұрекең маңайлатпап едi. Бұл ретте «ебепке – себеп» болған сол кезгi аудандық «Қапал еңбеккерi» газетi  редакторының  орынбасары, жергiлiктi журналист  Бөкең – Болат Бисұлтанов. Қайтадан ашылған аудандық газет редакциясында журналистер  жоқтың қасы. Газет шығуы  керек. Университет бiтiрген маман журналистер шалғайдағы  ауылға қайдан келсiн. Арнайы жолдамамен келе қалған күнде бiрер жылдан артық тұрақтамайды. «Газеттi сапалы да мазмұнды  шығару  үшiн  тұрақты  әрi жергiлiктi кадр керек. Оларды жергiлiктi жастардың арасынан өзiмiз тәрбиелеуге тиiспiз,» – деп аупарткомдағылардың құлақ етiн жей жүрiп, Өтепберген мен Жұмашты Қапалға, өнер мен шығармашылық ортасына алдыртуға мұрындық бола бiлген Болат Бисұлтановты қалай өз өңiрiнiң патриоты демессiз. Патриоттық  Бөкеңнiң бiрiншi қасиетi  болса,  екiншiден ол кiсi – бiр ғана Қапал өңiрiнен осы өнерпаз қос жұбайлардай  ондаған (бiздiң бiлетiнiмiз, әрине)  жас  таланттардың бұлақ көзiн ашып, өмiрден өз  орындарын тауып,  аяқтарынан  тiк  тұрып  кетулерiне шапағатын тигiзген ұлағатты ұстаз да.

 

 

   Өтепберген Ақыпбекұлының сондай-ақ облыстық «Октябрь туы» газетiнде де бiраз жыл жемiстi еңбек  еткенi әрiптестерiне жақсы мәлiм. Қос өнерпаздың сол кезгi Талдықорған облысының намысын жыртып, айтысқа түсетiндерi де осы кез. Облыстық халық шығармашылығы үйiнiң қызметкерi  Жұмаш қыз бен жiгiт айтысына түссе, облыстық «Октябрь туы» газетiнiң жауапты хатшысы Өтепберген термешiлер сайысына қатысты. Бұл–1983 жылы Талдықорған мен Қызылорда облыстарының ақындары  арасында  өткен  республикалық  айтыс  болатын.

 

  Мұның сыртында Өтепберген Ақыпбекұлы – жазған дүниелерi классикалық деңгейге көтерiлген және көзi тiрi кезiнде-ақ, солай  бағаланған көрнектi балалар ақыны, Қазақстан Жазушылар одағының  мүшесi, Қостанай педагогикалық университетiнiң құрметтi профессоры, жиырмаға жуық өлең кiтаптары мен «Қара қылды қақ жарған» атты монографияның авторы. Өлеңдерi оқулықтарға  енген бiртуар қаламгердiң 60 жылдығы кеш те болса аталып өтiп, туған жерi Қызылағаш пен еңбек жолын бастаған Көшкентал, Қапал елдi мекендерiндегi бiр-бiр көшеге есiмi берiлiп, сол өңiрдегi бiр мектеп Өтепберген Ақыпбекұлы атындағы мектеп болып аталса, артық болмас едi деп ойлаймыз.

 

  Ойымызды түйiндей келе айтпағымыз: ауданымыздың мерейтойы қарсаңында Құдаш Мұқашев, Сағынболат Тiнтаев, Нұрғали Омарқұлов, Қанипа Бұғыбаева, Свет Оразаев, Жамау Бұқарбаев сынды тағы басқа көптеген ақын-жазушыларымыз бен өнер адамдары елеусiз, ескерусiз қалып қоймай, олар туралы естелiктер мен мақалалар көптеп жарияланып, олардың құрметiне кейiнгi ұрпақтың жадында қалатындай игi шаралар жиiрек ұйымдастырылса, нұр үстiне нұр болар едi демекпiз.


7 Сәуір 2011жыл

Өтепберген  АҚЫПБЕКҰЛЫ

(1950—2007)

 

Өтепберген  АҚЫПБЕКҰЛЫ

 Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.   Ақсу ауданы Қызылағаш ауылында туған. 

Алматы жоғарғы партия мектебін журналистика бөлімін бітірген (1979).

 1967 жылы Абай атындағы ұжымшарда тракторшы болып еңбек жолын бастап, кейін  клуб  меңгерушісі,  комсомол  комитетінің хатшысы болады. 

 1973-85 жылдары Қапал аудандық «Қапал еңбеккері» және Талдықорған  облыстық   газеттерінде  тілші,  аға тілші, бөлім меңгерушісі, бас редакторының орынбасары, Талдықорған облыстық «Октябрь туы» газетінде жауапты хатшының орынбасары,  бөлім  меңгерушісі   және 1985-95 жылдары  “Қазақ әдебиеті”,  “Жалын”, “Денсаулық”, «Жанашыр», «Халық Конгресі» сияқты  республикалық  басылымдарда жұмыс  істеді.

 1995-98 жылдары  республикалық  “Қазгидромет”  агенттігінде, ҚР Парламенті Мәжілісі мен Ұлттық  Банк аппараттарында қызмет атқарды. ҚР Әділет министрлігінде  басқарма бастығы болды. 

Балаларға  арналған  «Доп», «Футболшы боламын»,  «Жарыс», «Жарыстан соң жарыс», «Жылдың төрт мезгілі»,  «Балабақтың бір күні»,  «Экологиялық әліппе»,  «Қырық қызық»,  «Балдай  тәтті  әліппе»,  «Ажарлы Астана»,  «Қызықты әліппе», т.б. кітаптары жарық көрген. Көптеген өлеңдері мектеп оқулықтары мен әдістемелік құралдарға енген, “Шынашақ” атты балаларға арналған поэзиясы бар.

  Бірнеше  дүркін Қазақстан Жазушылар одағы, Қазақстан ЛКЖО Орталық комитеті мен «Жалын» баспасының бірлескен дәстүрлі конкурсының және республикалық, халықаралық мүшәйралардың жүлдегері атанды.

 

  *       *       *

Басқа менің арманым

Өмір қызық,
Әрі тұйық, 
Кім білген,
Танылмаған тұлпар едім тың жүрген.
Бірақ, бірақ...
Тақап келген бақытты,
Шалмаға да іліктірмей жүрмін мен.

 

Жаным – жайлау,
Ойым озық,
Алдым кең,
Өнерді де мол меңгердім жан білген.
Бірақ, бірақ...
Жерде тұрған олжаны,
Құрықпен де ұстай алмай қалдым мен.

 

Өткір едім аузыма ел қараған,
Досым дедім жаны жайсаң
Бар адам.
Езуге емес, жерге талай бұйырды,
Қуанышым шып-шып толған шарадан.

 

Бір жарқ етер сәтті күтті елім де,
Сап-сап дедім,
Ерік бердім төзімге.
Бүге түсіп, шіге түсіп жүрдім мен,
Жазбай ылғи алшы түсер кезімде.

 

Дегенменен, 
Айтпайды оған жан шағым,
Басқа менің, өзге менің арманым.
Көлеңкемді түсірмеймін еш жанға, 
Сорласам да,
Торласа да қанша мұң.

Дегенменен,
Басқа менің арманым,
Қызғанбаймын түссе дағы алға кім.
Қыран да емес, 
Құзғын да емес, қарға емес,
Өз әлімше,
Қарлығаштай самғадым.

Тірлігімде,
Жүрсе де ісім оңбай түк,
Мен өтермін өз орнымды ортайтып.
Сонда,
Сонда бүге, шіге, тәйке емес,
Қояр елім,
Алшымнан жер томпайтып.

 

*       *       *

Жеті ата мен жеті ұрпақ

Жеті ұрпақты білмейміз
Әлі күнге көбіміз.
Және бізге беймәлім
Біздің ата-тегіміз.
Ең алдымен сөз етем,
Бірінші ата – өз әкем.
Екіншісі – атамыз,
Үшіншісі – арғы ата,
Төртіншісі – бабамыз,
Бесіншісі – түп ата.
Қалай тыныш жатамыз,
Маған да, ата, бер бата!
Алтыншысы – тек ата,
Жетіншісі – ұлы ата.
 
Жеті ұрпақты сөз етсек,
Қателікті түзетсек,
Бірінші ұрпақ – ол бала,
Ұрпағыңды қорлама!
Екіншісі – немере,
Үшіншісі – шөбере,
Төртіншісі – шөпшегің,
Бесіншісі – немене,
Алтыншысы – жүрежат,
Жетіншісі – туажат,
Тұқым солай өседі.
Бірін бірі қуалап.
Жеті атаның тілін ал,
Жеті ұрпақты біліп ал!

 *       *       * 

    Жеті мүшел

Он үште отау иесі,
Бірінші мүшел – балалық,
Екінші мүшел – жиырма бес,
Майданға кірер қол алып.
Отыз жеті – үшінші,
Енетін кезі сана нық.
Қырық тоғыз – төртінші,
Білінер бойдан даралық,
Бесінші мүшел – алпыс бір,
Өсиет айтар даналық,
Алтыншы мүшел – жетпіс үш,
Жастығың келмес оралып,
Жетінші мүшел – сексен бес,
Денсаулық қалар тоналып,
Бұдан соң келген мүшелдер
Жатпайды тіпті саналып.

 

 

Жұмаш ОСПАНБЕКОВА

 

Жұмаш ОСПАНБЕКОВА

   Айтыскер ақын.  1947 жылы    Құлжа  қаласында ( ҚХР)  туған. 1967 жылы орта  мектепті,  1977 жылы  Қазақтың мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.

   Еңбек  жолын  бұрынғы  Қапал  ауданындағы  Абай  атындағы  ұжымшарда клуб меңгерушісі болып бастаған. 1974-85 жылдары  Қапал  ауданындағы  радиохабарларын  тарату  редакциясында,  халық шығармашылық пен мәдени-ағарту жұмыстары  жөніндегі облыстық ғылыми әдістемелік орталығында, 1986-99 жылдары республикалық телерадио хабарлар тарату комитетінде, республикалық  “Қазгидромет”  орталығында  қызмет  атқарған. 

  1986—2002 жылдары  ҚР Көлік және коммуникациялар министірлігінің Аэроғарыш  кентінде  (Астана)  бас  маман  болды.

  1970 жылдан  ақындар  айтыстарына  қатысты.  Республикалық сөз сайысында  бірнеше  рет  жүлделі  орындарды  иеленген,  1981 жылы  “Облыстың  бас ақыны” атағын  иеленген.

 

  1977 ж. “Бұлбұл көңіл”  атты  тұңғыш жинағы жарық көрді. “Жыр шашу”,  “Қарлығаш” (1984), “Мәңгі  көркем”, «Қоңыр әуен» (2017) жыр  жинақтарына  өлеңдері мен айтыстары енген.

 

  *       *       * 

 

Туған жер

Әуен қосып әр таңда, үніме тың,

Нұрмен ашып тарихтың ұлы бетін.

От жүрекке алаумен сыйладың ба,

Теңдесі жоқ бір күштің құдіретін.

Сыр пернесін, жүрекпен басып тұрып,

Перзентіңді  тербеттің  ғашық қылып.

О, сүйікті туған жер – анам бүгін,

Жырым болшы кеудемде тасып,  тұнып.

Қағар болса, самғатып қанатын ән,

Жырың болып айнала таратылам.

Жаратылам мен сендік махаббат боп,

Сөйлеу үшін адамдық  ар  атынан.

Күн сұлу түсірсе де кеш пердесін,

Кетпес-ау, сенің сырлы естен кешің.

Көңлімді көкке ту ғып көтеретін,

Келбетің ғажап-ақ қой, Ешкіөлмесім.

Кеудеңнен ойнақтаса, күміс бұлақ,

Қойнауың болған елге ырысты бақ.

Күйлерін көңілімнің ағытқанда,

Кетеді жүрек шіркін  бір ұшқын ап.

Күндерім өзіңде өткен, бір дастандай,

Көбесі сөгілмеген сырды ашқандай.

Саз ескен сал самалың қарт Жоңғардың

Күмбір күй бұлағымен сырласқандай.

 

 *       *       * 

 

Жұмаш пен Айтуған айтысынан

(Үзінділер)

 

 Айтыс 1980 жылы өткен.  Жұмаш Оспанбекова сол кездегі Талдықорған облысы, ал Айтуған Шәйімов Алматы облысы атынан айтысқан.

 

 

Жұмаш:

«Ер жігіт алғы сөзді бастай ма?» деп,

Отыр ем тәуекелге баспай кенет.

Үлкендер жолды маған ұсынған соң,

Жыр туын көтерейін саспай демеп.

Айтыстың алғы сөзін бастағанда,

От берер соның өзі жас адамға,

Ұсынып қолды үлкендер отырғанда,

Бастамай мен де бүгін жасқанам ба?

Еңселі «Ешкіөлместің» бауырынан,

Шырқатып мен әрқашан саламын ән.

Қырандай қалықтамай тұрам қалай,

Шыққан соң Жетісудың алабынан?

Есенбісің, Айтуған әріптесім,

Алдымен бастады деп жарыс көшін.

Айыпқа бұйырмассың бұл Жұмашты,

Тартысып тағар кезде әр іске сын.

Еңселі «Ешкіөлместің» бауырынан,

Әйгілі Сара апамның ауылынан.

Мен келдім қалтарыста қалып жүрме,

Шайқалып жүрегімнің дауылынан.

Әрқашан айтыс десе гүл ашатын,

Тізгінін сөздің алар Жұмаш ақын.

Елімнің асқаралы алпыс жылдық,

Тойында кезің келді сынасатын!

 

Айтуған:

Сенбісің Қапалдағы әйгілі ақын.

Сыртыңнан естілуші ед әйдік атың.

Облысың алты ай бойы мәпелепті,

Жаратқан бапкердей-ақ бәйге атын.

Ойлама осал жан деп белдескенің,

Сырымды білсең мұнда келмес те едің.

 

Жұмаш:

 ...  Еселі ер еңбектің екпінімен,

Тулайды толқынданып бойдағы қан.

Санамай мені әріптес қатарына,

Жасырын барып қайттың Қапалыма.

Түлкідей қыр айнала бұлаңдаған,

Жараспас шын ақынның атағына.

Белгілі қаншалықты сөз білерің,

Мақтанар кезім келді енді менің.

Пір тұтам жиырма сегіз панфиловшы – 

Батырдың бізден шыққан он бір ерін.

Аяулы Талдықорған атырабы,

Ырыс қонған торқалы топырағы.

Басталған арынды ақын Ілиястан

Жыр толқып, күй күмбірлеп, шалқыр әні.

Кей шақта жыр шарпыса өзегімді,

Мен одан ләззат алар сезем үнді!

Тықыршып сен де отырсың, Айтуған-ау,

Берейін енді өзіңе кезегіңді.

. . . . . . . . . . .

 

Жұмаш:

Таусылса, Айтуған-ау, жаттағаның,

Жөн болар құр терлемей тоқтағаның.

Қазандай ішің қайнап отыр білем,

Дөп тимей бұл Жұмашқа оқтағаның.

Әдептен, әріптесім, аттамалық,

Өзіңді әлі-дағы бапта барып.

Жұмашпен айтысуға тағы бірде,

Келерсің жігеріңді топтап алып.

Жойылмас қасиеті бойда бардың,

Нәр алып сусындайды ойдан әр күн.

Ұмтылмай есіл жүрек өз еркімен,

Күшімен келгенсің-ау айдағанның.

Көрсетсең көңіліңнің күптілігін,

Болмас ол, Айтуған-ау, мықтылығың.

Жүз жерден жолбарысша жұлқынсаң да,

Жеңбейсің бұл Жұмашты тіпті бүгін.

Мен емес сенен, ақын, жасқанатын,

Өлеңнің қарыштатып қос қанатын.

Жырыммен қаусатармын қабырғаңды,

Көтеріп облысымның аспанға атын!

Бұл жерде кешке дейін қақсасаң да,

Өлеңнің жүз шумағын жаттасаң да,

Жорғамын, шаңымды да шалдырмаймын,

Өзіңді бір жыл бойы баптасаң да!

Өмірдің алға тартқан көшіменен,

Әрқашан ілесетін досым өлең.

Орынсыз көп алдында шайқаспайық,

Айтуған, аяқтайық осыменен.

Қазақ өнерінің антологиясынан