Сайттың бүгінгі парағында үлкен өнер иесі, ұрмалы (дабылдық) аспаптарды  жоғары кәсіби деңгейде меңгерген және шебер орындаушысы, осы мамандық (ксилофон)  бойынша жоғары білім алған  және  «вибрафон» аспабына арнап музыкалық шығарма жазған алғашқы қазақ азаматы, жерлесіміз, Ақсу жерінің түлегі Сейтмұханбет  Қанапиянов туралы деректер беріліп отыр.

   Өкінішке орай, бала кезінен өнер жолына түсіп, туған жерінен  күні бүгінге дейін сыртта жүрген Сейтмұханбетті  аудан жұртшылығы танып білмейді деуге болады.  Өз басым Сейтішпен (солай деп атайтынбыз) бала кезімізде сол Өнім ауылында бірге оқып, бірге ойнап өскен едік. Одан кейін біз де тек алыстан ғана қал-жөн сұрасып тұратын қана жағдайда болып келдік.  

  Енді міне, сол олқылықтың орнын толтырып, өз азаматын еліне жақынырақ таныстыруды жөн көрдім.  Қабыл алыңыздар!

 

*       *       *

  Құлаққағыс:  Егер осы сайтта «жоқ болсаңыз», оған жазылуды ұмытпаңыз!! 

 Ол үшін оң жақтағы немесе  парақтың  астындағы  терезешелерге  адрестеріңізді  енгізіңіз!   Және де  дайындалған  электронды  кітаптарды  алыңыздар!

 

 

Қанапиянов Сейтмұханбет Баймұханбетұлы

 

  1947 жылы Алматы (бұрынғы Талдықорған)  облысы Ақсу ауданы Өнім ауылында туған. 

 Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ұрмалы аспаптар бөлімін бітірген.

  Өнердегі еңбек жолын 1968 жылы Құрманғазы атындағы Академиялық халык аспаптар оркестрінде қызмет істеуден бастайды. 1974 жылдан Шымкент музыка училищесінде ұстаздық кызмет атқарады. 1983 жылдан Қарағанды қаласындағы  Тәттімбет атындағы халық аспаптар және ҚР Академиялык симфония оркестрі құрамында өнер көрсетеді.

 2000 жылы Құрманғазы атындағы  халық аспаптар оркестрінің басшыларының  шақыруымен ұрмалы аспаптар концермейстері болып орналасады.

 2002 жылдан қазіргі кезге дейін П.И Чайковский атындағы Алматы музыка колледжінде  ұстаздык кызмет атқарып келеді. 

 

 Қали Байжанов атындағы Қарағанды облыстық филармониясының, Астанадагы қазақ халық оркестрінің (1998) және симфония оркестрлерінің (1999) ірге тасын қалаушылардың бірі.  

 1969 жылы түсірілген «Қыз Жібек» кинофнльміне жазылган Нұрғиса Тілендиевтің музыкаларында жеке барабан ойнаушысы болады.

 Республикалык 1-ші Тәттімбет жәие Құрманғазы атындағы  халық аспаптар  оркестрлерінің сүйемелдеуімен ксилофонда ойнап, концерттер беріп тұрады. 40-тан аса  шетел   мемлекеттерінде өткен концерттерге  қатысқан.

 Өзінің де ксилофонмен қазақ оркестріне арналған және ксилофон мен фортепианоның  сүйемелдеуімен орындалатын «Асыл жарым» әні, қобыз бен вибрафонға арналған «Коктем вальсі», «Байтақ далам» күй-дастаны, «Мерекелік күй», «Шаттанамын», «Ел қуанышы» және т.б. авторлық әндері мен күйлері бар.

 Көптеген шәкірттері  Республикалык,  халықаралық  конкурстардың лауреаты, дипломанттары атанған және олар тек Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерінде, Германияда, Грецияда, Францияда еңбек етіп жүр.

 «Ерен еңбегі үшін»  Құрманғазы  атындағы (2011), және «Еңбек ардагері» (2015) медальдарының иегері. ҚР Мәдениет министрінің (1997), ҚР Білім және Ғылым министрінің (2006) және ҚР Президентінің (2004) Құрмет Грамоталарымен марапатталған.

 

*       *       *

 

П.Чайковский атындагы Алматы музыка  колледжінің ПЦК «Үрмелі және ұрмалы аспаптар» оқытушысы Қанапнянов Сейтмұхамбет Баймұханбетұлының жұмысы туралы

ПІКІР

 

   Оқытушы Қанапнянов Сейтмұханбет Баймұханбетұлы 2002 жылдан бастап осы  уакытқа  дейін  П.И.Чайковский атындағы  Алматы музыкалык колледжінде  ПЦК «Ұрмалы және үрмелі аспаптар» бөлімінде ұрмалы аспаптар мамандығы бойынша ұстаздық қызмет атқарып келеді.

  Бүгінгі күнге дейін колледжде белсенді, әрі кәсіби қызмет атқаратын оқытушы болып табылады. Студенттер арасында түрлі тақырыптарда сыныптан тыс жұмыстарын сәтті жүргізуде. Ашық сабақтарды қызықты әрі танымды етіп  тұрақты түрде өткізіп тұрады.

 Сейтмұхамбет Баймұханбетұлы жыл сайын шеберлік біліктілігін жетілдіруде.

  Жұмыс барысында шәкірттерін көптеген Республикалық конкурстарға дайындап, олар жүлделі орындарға ие болып жүр және көптеген қала, аудандық мерекелік концерттерге қатысып өз өнерлерін көрсетіп жүр. Студенттері  ҚР  жоғарғы оқу орындарында ғана емес, сонымен қатар ТМД елдерінде. Германияда, Грецияда, Францияда еңбек етіп жүр.

  Қазіргі таңда Сейтмұхамбет Баймұханбетұлы көптеген ұрмалы аспаптарға арналған  шығармалардың  басын біріктіріп,  жинақ  ретінде  оқушылар мен ұстаздарға арналған еңбегін ұсынып отыр

 Өзінің мол тәжірибелік білімі мен ізденушілігі арқасында оркестрде және жеке орындаумен үлкен сахналарда өнер көрсетіп келеді.

 

ПЦК «Үрмелі және ұрмалы аспаптар» меңгерушісі          Жиынбеков У.

 

*       *       *

 

П.Чайковский атындагы Алматы музыкалық колледжінің

Оқытушысы Қанапиянов Сейтмұханбет Баймұханбетұлының

«Қобыз, виброфон, ксилофон және оркестрге арналған шығармалар» жинағына

ПІКІР

 

   Бүгінге дейін бірде-бір қазақ композиторлары «вибрафон» аспабында шығарма жазған емес. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында ұрмалы аспаптардың шебері, бірнеше буын музыканттар дайындаған білікті маман  Сейтмұхамбет Қанапиянов көптеген шығармалардың басын біріктіріп, жинақ  ретінде  оқушылар мен ұстаздардың назарына өз еңбегін ұсынып отыр.

  Сейтмұхамбет Баймұханбетұлының жан-жақты маман екенін өнер саласындағылар жақсы біледі. Ағамыз Республика бойынша консерваторияның ұрмалы аспаптан (ксилофон) бірінші қазақ  түлегі. Өзінің мол тәжірибелік білімі мен ізденушілігінің арқасында оркестрде әрі жеке орындаумен үлкен сахналарда өнер көрсетіп келеді.

  Жинағында жазылған шығармалар өзіндік мәнерімен, әуезділігімен ерекшеленеді. Қобыз бен оркестрге арналған «Көктем вальсі», вибрафонға арналған «Көктем сазы» шығармасы сондай-ақ, «Байтах далам», «Шаттанамын», «Аттиланың жорығы», «Мерекелік күй» т.б.

   ҚР Еңбегі сіңген қайраткері, профессор А.Жайымов ағамыз айтқандай ұрып ойнау аспабының атасы Сейтмұхамбет ағамыздың еңбегіне шығармашылық табыс тілеймін. Осындай туындылары көбейе берсін демекпін.  Себебі, мұндай жинақ республикалық өнер ұжымдарына, жалпы өнер сүйер қауымға аса қажетті тың дүние деп ойлаймын.

 

Арман Жүдебаев, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің бас дирижері,«Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері.