0-

 

Картинки по запросу медицина

  Бүгінгі  медицина  қызметкерлері  күніне  орай,   ауданымыздың   ауруханаларында әрқайсысы 20-жылдан   бас  дәрігерлік  қызметті  абройлы  атқарған екі  азаматымызды  сайт  бетінен  көрсетуді  жөн деп шештім.  Олар,  Ақсу ауданының Құрметті азаматтары — Тыныштықбек Амирсанин мен Әшімғали Жұмагелдин.

 Төменде солар туралы әр жылдары жазылған деректік мақалаларды қабыл  алыңыздар! Мақалалар авторы — жергілікті журналис, Қазакстан Журналистер одағының мүшесі.  Мұхаметәлі  ҚАЗБАНБЕТОВ. 

 

 

Амирсанин Тыныштықбек Ақанулы

 

  1942 жылы маусым айында Семей облысы, Аягөз ауданы, Таңсык ауылында туган. 1959 жылы Алматы облысы Бөрлітөбе ауданындагы №11 теміржол мектебін  және 1972 жылы Алматы мемлекеттік  медицина институтын «стоматолог-дәрігер» мамандыгы бойынша  бітірген.

 

  Мектеп  бітірісімен еңбекке араласып, 1959—1961 жылдары тұрмыс кажетін өтеу комбинатында  жұмысшы болады. 1961—1964 жылдары әскер катарында болды.

   Институт бітіріп келгеннен кейін, 1972—1977 жылдар аралығында Бөрлітөбе аудандык ауруханасында аурулар  бөлімінің меңгерушісі кызметін аткарды. 1977—1987 жылдары арасында аудан бас дәрігерінің  бірінші орынбасары болды.

 

  1987 жылы  Аксу ауданының  бас дәрігері болып сайланып, ол қызметте 10 жыл атқарады. 1997 — 2007 жылдары Матай ауылдық  ауруханасыньң бас дәрігері болып, сол жұмыстан  зейнеткерлікке шықты.

  Екі  мәрте Лепсі поселкелік Кеңесінің  депутаты болды.   КСРО «Денсаулық сақтау саласының үздігі», Азаматтық қорғаныс медицина қызметінің алтын медалімен (1980ж.). «Еңбек  ардагері»  медалімен  марапатталған. 

  Есімі  Ақсу ауданының  «Құрмет  кітабына»  енгізілген  және  2013 жылы «Ақсу  ауданының  Құрметті  азаматы»  атағы  берілген.

 

*     *     *     *     *

 

Балама сайлауды бастаған бас дәрігер

Мұхаметәлі ҚАЗБАНБЕТОВ.

«Ақсу өңірі» газеті, 22 шілде 2016 жыл

 

  Кеңес өкіметі кезінде билік айтты — бітті, ол қандай шаруа болмасын орындалуға тиіс. Әрине, өнбейтін жұмыс көтерілмейді, неғұрлым халыққа жақсылық әкелетін шаралар қолға алынады. Мен онда аупарткомда қызмет ететінмін. Аудандық аурухана туралы сөз, арыз көбейіп кетті. «Басшылар жаман, жұқпалы аурулар көбейіп барады, ана мен бала өліміне жол берілуде», тағысын — тағылар. Ол жай өрши келе облыстық мінберлерден айтыла бастады. Бұл — биліктегілерді қатты ойландырды. Идеология және әлеуметтік сала бөлімінің басшысы Жеңіс Сахметов қарауындағы нұсқаушыларды жинап алды да, маған тіке тапсырма берді.

  — Ертең Бөрлітөбе аудандық ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары Тыныштықбек Аханұлы Әмірсанин келеді. Біздің  ауруханадан бас дәрігерлікке үміткер Маргарита Сапарғалиқызын қастарыңа аласыңдар да, барлық ауылдардағы денсаулық мекемелерін аралап шығасыңдар.

— Неге?

— Ауданның бас дәрігеріне адам сайлаймыз. Сен жергілікті медицина қызметкерлеріне екеуін де таныстырасың. Кім бұл қызметке лайық екенін өздері таңдасын. Он күннен соң аудандық Мәдениет үйінде сайлау өтеді, екі кандидатты жабық дауысқа саламыз.

Сонымен уәделі күні екі бас дәрігердің орынбасарын УАЗ-дың артқы орындығына салып алып ауыл-ауылды аралауға кірістім. Бір тамаша сапар болды. Мен өмірбаяндарын оқимын да:

  — Басшыларыћыз ер адам болсын ба, жоқ әйел бастықты дұрыс санайсыздар ма? Тек қателеспейтіндей таңцау жасаћыздар. Ертеңгі аурухана жұмысының алға жылжуы сіздердің оң шешімдеріңізге байланысты болғалы тұр, — деймін.

    — Бұл жақсылық екен.

    — Лайықты кадрды партия өзі тағайындаушы еді, енді бізді тыңдайтын болған ба?

  — Несі бар, оңцы шешім. Өйткені, жаз-жайлау, қыс-қыстауда әйел адам шалғайдағы малды ауылдарды өмірі араламайды. Демек, бас дәрігер еркек болғанын қалаймыз.

   - Жоқ, әйел болса да Маргарита Сапарғалиқызы білікті дәрігер — терапевт. Мына кісі тіс дәрігері көрінеді. Тістен басқа ештеңені білмесе қайтеміз?

   - Тегін кісі Лепсіде бас дәрігердің орынбасары болмайды. Ол — емдеу саласының бәріне жауапты қызмет. Тәжірибесі көп екен, көрейік те.

 

   Ел қарап тұрып екіге бөлінді. Пікір — талас көбейді. Әркім өзінше ойланып, кімге дауыс беруді ұйғара бастады.

  Асыға күткен күн де жетті. Бір күн бұрын сайлау жәшіктері дайындалып, екі кандидатура жазылған бюллетень әзірленді. Мыңға тарта дәрігер, мейірбикелеріне дейін қалмай жиналды. Кім жеңеді, жұмбақ?!

  Арнайы комиссия құрылып, сайлау барысы қатты қадағаланды. Жұрт қалауын жасап, жабық түрде дауыстарын берді. Сабырсыздана сыбырласқан топтар санақ қорытындысын асыға күтті. Қанша айтқанмен жергілікті жер емес пе, Маргаританың жақтастары шыдамсыздана ерсілі-қарсылы жүріп кетті. Ал Тыныштықбек ағамыз Қыз Жібекті іздеп келген Төлегендей, жалғыз өзі тұрды.

  Екі-үш сағаттан соң сайлау нәтижесі хабарланды: Санақ қорытындысында лепсілік Тыныштықбек Аханұлы санаулы дауыс артықшылығымен жеңіске жетті Бұл — 1987-ші жылдың күзі еді.

 

  Алып-қашпа сөз, өсек-аяң бұдан  кейін де бірден тиыла қоймады. Реті келсе аяқтан шалып қалғысы келгендер табылды. Қызмет тізгінін енді қолға алған адамның үстінен не пәле ойлап, арызды бұрқыратсақ дегендер шоғырлана бастады. Маргарита — ақылды келіншек болатын, кезекті бастауыш партия жиналысында Тыныштықбек Ақанұлыныћ әділ бәсекеде жеңгенін, енді оны барлығы басшы ретінде тыңдауы керектігін өтінді.

 

  Осылайша Түкеңнің Ақсудағы еңбек жолы басталды да кетті. Арасында:

— Менің обалыма қалған сенсің. Тып- тыныш Лепсімде жүрген жерімнен қайнаған қазанға тастап жібердің, — деп , қалжыңцайды маған аупарткомның жиналыстарына келгенде.

  Ол сын тезінде жүргенін жақсы түсініп, бұрынғы жиған — терген тәжірибесін, білімін ауданның  денсаулық саласын жандандыруға іскерлікпен жұмсады. Содан ұзақ жыл еңбек етіп, құрметті еңбек демалысына шыққанша елдің орынды қошеметіне бөленді десек артық емес.

 

  Енді оның өмір жолына толығырақ тоқталып өтсем деймін.

  Амирсанин Тыныштықбек Ақанұлы төлқұжат бойынша 1942 жылы 25 маусымда Семей облысы, Аягөз ауданы, Таңсық ауылының Қозы  Көрпеш – Баян сұлу түбіндегі Ақтоғай ұыстағында дүниеге келді.

 Шындығында ол дерек басқаша еді. Әкесі — Амирсанин Ақан коммунист,  ақ жүрек белсенді адам ретінде ұжымшарда  басқарма болып жүргенде 1939 жылғы финдермен соғысқа саяси жетекші ретінде алынды. Содан 1945-тің тамызында бір-ақ келеді.

 

 1947 жылы бірге туған балалармен бірге шешесі мектепке апарса «документі жоқ» деп қабылдамайды. Содан ауылдық Кеңеске барып тууы туралы куәлік сұрағанда шала сауатты хатшысы «қашан туды?» десе, шешесі әкесі соғысқа  кеткеннен  кейін  туған»  дейді. Оны ауылдық  Кеңестің  хатшысы Отан соғысы екен деп ойлап, 1942 жылғы, сол күнді жазып береді.  Сауатсыз (оқымаған) шешесі баласын куәлігімен қосып мектептегі жалғыз мұғалімге апарса, ол: «екі жылдан кейін әкел» деп қайтарып жібереді.

  Дардай бала солайша 1949 жылы 1 сыныпқа беріледі. Әкесі ол кезде мал фермасында меңгеруші боп істейді. Күз айында  орталыққа  жиналысқа  келген  әкесінің жолын көріп қалған естияр бала шешесін сағынып, сол жолмен үйіне тарта береді. Түн  ішінде  жиналыстан  шыққан  әкесі баласы тұратын бауырының  үйіне келсе бала жоқ. Қайтып келе жатқанында аты үркеді де, шидің түбінде ұйықтап жатқан өз баласын тауып алады.

 

  Содан: «қой, бүйтіп жүрсе мұны қасқыр жеп қояр» деп оқуға бермейді. Қызымен бірге үйде тұратын веттехник бір қыз әліппе, есеп, жазуды үйретіп, келесі жылы екінші сыныпқа бірақ барады. Кейін темір жолға кешкен ата — анасымен Лепсіге қоныс аударады. Сол жерде 1959 жылы мектепті үздік бітіреді.

 

1961 жылға дейін ауылда әртүрлі жұмыстар істейді.  1961—1964 жылдары Қиыр Шығыста әскер қатарында болады. Ол кезде жоғарғы оқу орнына түскендерді әскерден ерте қайтаратын заң болған. Содан Алматы медицина институтына түсіп, оқу арасындағы аздаған үзілістен соң 1972 жылы дәрігер — стоматолог мамандығы бойынша бітіріп шығады.

 

  1964 жылдың наурыз айында КСРО коммунистік партиясы қатарына' қабылданған ол факультет партия комитетінің хатшысының орынбасары болып істеді. Институтты  бітірген  соң Талдықорған облысы, жаңадан құрылған Бөрлітөбе аудандық ауруханасында  дәрігер, бас дәрігердің  бірінші  орынбасары  және  партия ұйымының хатшысы  болып  істейді.

 Осы уақыттарда ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау саласын нығайтуға көп күш салды. Төлебаев, Құрақсу, Көктерек елді мекендерінде ауылдық ауруханалардың жаңа ғимараттары бой көтереді. Емдеу мекемелеріне жас маман дәрігерлер келіп, кадр мәселесі нығайды.

 Тыныштықбек Аханұлының басқаруымен ауыл тұрғындарын профилактикалық байқаудан өткізу, диспансеризациалау  жүйелі  түрде іске  асырылды.  Ақтоғай, Матай елді мекендеріндегі темір жол ауруханаларымен тығыз байланыс орнатылып, разьез, темір жол станцияларында тұратын халыққа медициналық көмек жүйелі түрде  іске  асты.  Жалпы  аурумен,  жұқпалы  аурумен  күрес бірқалыпты жақсара бастады. ФАБ-тар мен ФБ-ларды телефон байланысымен қамтамасыз етті.

 

 Еңбектері бағаланып 1980 жылы «КСРО-ның денсаулық сақтау ісінің үздігі» атағы берілді. 1982 жылы «Азаматтық қорғаныс медицина қызметінің алтын медалімен» марапатталды. «Еңбек ардагері» медалін алды. Екі рет поселкелік Кеңестің депутаты болып, көптеген игі істердің демеушісі болды.

 Оның көршілес Ақсу ауданына бас дәрігерлікке кандидатурасының ұсынылуына осындай еңбектері мен атақтары себеп болған еді.

  Бас дәрігердің ұйымдастыруымен  ұзамай  ауданымыздың тұрғындарына дәрігерлік қызмет көрсету ісі күрт жақсара бастады. Аудан бойынша 400 төсектік денсаулық мекемелері  қалыпты  жұмыс  жасады.  Ақсуда 50 төсек, 25 төсектік кожвен диспансер, Қызылтуда 35, Кеңжырада 35, Ойтоғанда 25, Қарагөзде — 20 төсектік ауруханалар халықтың  игілігіне жұмыс жасады. Барлық емдеу мекемелері маман дәрігерлермен толықтырылып, тегіс санитарлық транспортпен қамтамасыз етілді.

 

  Әрбір товарлы-сүт фермаларында  медпункт, массаж, сауна жұмыс жасады. Ақсу ауылында жаңа аурухана салынып, ауылдық  жерлердегі  денсаулық  сақтау  мекемелерінің  материалды — техникалық базасы нығайды. Жылжымалы  дәрігерлік,  амбулатория қысы-жазы  алыс жайылымдағы малшылар  арасында болды. Оны сайлау алды уәдесіне сәйкес бас дәрігердің өзі сан мәрте бастап шықты.

 

  Туберкулезге қарсы күресті нығайту мақсатында жылжымалы флюорограф алынды. Аудан орталығында халық депутаттары Кеңесі облыстық атқару комитетінің орынбасары А.И.Гусевтің шынайы көмегімен жаңа емхана іске қосылды. Осы еңбектің арқасында 1988-89 жылдары аудандық медицина саласы облыс бойынша жылдық қорытындыда 1- орынға ие болып, ақшалай сыйлық пен Қызыл Туды жеңіп алды.  Дәрігерлердің кәсіптік деңгейі жоғарылап, барлық салада білікті мамандар еңбек етті.

 

  1997 жылдан денсаулығына байланысты, өз еркімен сұранып Матай станциясындағы  ауруханаға бас дәрігер болып ауысты. Ол жылдары Матай елді мекенінде профилактикалық  жұмыстардың жүйелі жолға қойылуының  арқасында  жас ана мен 1 жасқа  толмаған  бала  өлімі болған емес. Басты назарда темір жол мекемелерінде еңбекке  жарамсыз  күндерді  азайту,  өндіріс  жарақаттарын  болдырмау  жұмысы  дұрыс  жолға  қойылды.

  Аурухана ғимаратының  өте ескіріп кетуіне байланысты, жаңа аурухана салу ісіне көп күш жұмсалды. Соның нәтижесінде Матайда да аурухана салынып, игілігін кейінге ұрпақтар көруде.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

  Еңбегі ескеріліп 2005 жылы аты «Ақсу ауданының Құрмет кітабына» енгізілді. Елбасы Н.Назарбаевтың алғысөзімен республикада  басылған «Қазақ  жерінің  зиялы  азаматтары»  жинағының 9-томына есімі енгізіліп, оның мәртебесін көтеріп тастады. Қазір ол кітапты  Астанаға  қыдырып  барғандар  «Тұңғыш Президент» атындағы мұражайдан көріп, кітапханасынан оқи алады.

 

  Зейнетте жүргеніне қарамай еңбегі бағаланып 2013 жылы «Ақсу ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Жұбайы Амирсанина Гүлжамал Қадырқызы КаЗМУ-дің тарих факультетінің түлегі болатын. Көп жылдар мұғалім, кешкі  мектеп  директоры,  балабақша  комбинатының  директоры,  Ақсуда  балабақша  меңгерушісі  болды. Оның да ұйымдастырушылық қабілеті жақсы еді, ауданда талай қоғамдық жұмыстар атқарды. Әсіресе, тоқсаныншы жылдары құрылған «Әжелер» ансамбліне  сіңірген  еңбегі көп. Амал не, өмірі қысқа болып 2011 жылы ауыр науқастан қайтыс болды.

 Үлкен ұлы Амирсанин Уалихан-экономист мамандығын алып, аудандық қазынашылық департаментінде орынбасар болып істейді. Келіні Сауле — Сәтбаев атындағы мектеп- гимназиясында мұғалім.

 Кіші ұлы Ғазиз — Алматыда белгілі бизнес иесі. Келіншегі  Назгүл — «Альянс Банкте» маркетолог. Немересі Әмірғазы — жоғарғы оқу орнын бітіріп, Талдықорған қалалық әкімшілігінде бас маман. Кіші немересі КСАА — ны бітіріп, диплом алып отыр.  Кейінгі немерелері Балжан мен Мадияр мектеп түлектері.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

  — Кейінгі ұрпаққа тегіс тілейтінім: тыныш өмір, берекелі тіршілік, ынтымақ болсын, біз көрген соғыстан кейінгі ауыртпалықтарды ешкімнің басына бермесін, — дейді ағамыз өткеннің сағым жылдарын еске алғанда.

   Қазір көпшілік жиналған жерлерде, жиналыс пен жиын — тойларда жолығып қаламыз. Ол кісіні көргенде Ақсуда ең алғашқы демократиялық сайлау еске түседі де, «Кейінгілерге халықтың басым дауысымен жеңгендердің қалай жұмыс істеу керегін зейнеткерлікке жеткенге дейін іскер де, адал еңбегімен керсетіп кеткен тұлға сол кісідей- ақ болсын» дегің келеді...

 

Әшімғали  Жұмагелдин

 

Өмірдеректері

( Ресми деректер арасына енгізілген толықтырулар менікі. С.С. )

 

  1952 жылы 14 сәуір күні Алматы облысы Сарқан ауданы, Қараулы төбе ауылында дуниеге келген. 1968 жылы осы ауданның Қойлық аулындағы мектепті  бітіреді.

  Еңбек жолын ауылда шопанның көмекшісі болып бастайды. 1970—1973 жылдары Кеңес  Армиясы  қатарында әскери борышын  өтеп  келгеннен кейін,  Алматы қаласындағы  №5 құрылыс-монтаждау мекемесінде құрылысшы болып үш жыл жұмыс істейді.

 

 1975 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының дайындау курсына түсіп, 1976 жылы оның «емдеу бөліміне» оқуға түседі.  Институтты бітіргеннен кейін, 1982 жылы Талдықорған  облыстық  денсаулық  сақтау мекемесінде 1-жылдық интерндік тәжірибеден өтеді.

 

  Содан кейін, 1983 жылы Қапал орталық аудандық ауруханасына   хирург-дәрігер болып қабылданады.  1989—1996 жылдары осы аурухананың хирургия бөлімінің меңгерушісі,  бас дәрігерінің ұйымдастыру жөніндегі орынбасары болды. 1996—1998 жылдары Қапал ауданы «Міндетті медициналық сақтандыру қорының» директоры қызметін атқарады. 

  1998 жылы Қапал ауданның жабылып, Ақсу ауданына қосылуына байланысты осы аудандық аурухананың бас дәрігерінің  орынбасары  қызметіне  жіберіліп,  1999 жылының аяғында оның бас дәрігері болып тағайындалды. Осы қызметті ол 2017 жылға дейін атқарды. Тек арасында, бір жыл (2007—2008) көрші Сарқан аудандық ауруханасының бас дәрігері болып, қайта келді.

 

   Ә.Жұмагелдиннің бас дәрігерлік қызмет атқарған жылдары, барлық жердегідей,  ауданның денсаулық сақтау саласы көптеген өзгерістерді басынан өткізді.  90-шы  жылдарда орын алған құлдырау зардаптарын орнына келтіру мақсатында,  қараусыз, бос қалып тұрған шағын ауылдардағы амбулаториялар және медициналық бекеттер күрделі жөндеуден өткізілді, не жаңа ғимараттарға көшірілді. Аудандағы барлық емдеу орындарының  материалдық-техникалық базасын едіуір жақсарды. Оларға заманауи медициналық құрал- жабдықтар алынып, компьютерлік жүйелер енгізілді, жедел жәрдем автокөліктерімен толықтырыла бастады. 

  Оларды дәрігер мамандармен қайтадан толықтыруға басты көңіл бөлінді. 2007- 2008 жылдары ауданға  жас мамандарды тартуда үлкен, нәтижелі шаралар қолға алынды.  Бас дәрігер ретінде Әшімғалидың өзі бірнеше жыл қатарынан дәрігерлер дайындайтын жоғары-орта оқу орындарымен тікелей байланыс орнатып, бітірушілермен тікелей кездесулер өткізіп отырды.  Нәтижесінде, жылына 20 шақты жоғары білімді дәрігерлер мен орта буын мамандар ауданның емдеу орындарына орналыстырылып жатты. Өз кезегінде, оларға аудан басшылығы тарапынан жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлер мен пәтерлерден  орын бөлініп,  баспанамен қамтамасыз етіліп жатты. ...

 

  Қазіргі уақытта зейнеткерлікте болса да,  ол шаруа қожалығын ұйымдастырып, қант қызылшасын өндірумен айналасуда. 

 

  Әшімғали  Жұмагелдин өз қызмет істеген барлық жылдарында ауданның, облыстың қоғамдық-саяси, мәдени-көпшілік шаралардың тұрақты және  белсенді қатысушысы болып отырды. «Нұр Отан» партиясы белсендісі ретінде оның аудандық, облыстық конференцияларының  және республикалық  XIII сьезінің делегаты болып сайланды. Ақсу аудандық мәслихатының екі шақырылымында депутат болды. Бүгіндері аудандық қоғамдық Қеңесі төрағасының орынбасары.

 

   Сонымен бірге, Әшімғалидың  2010 жылдың көктемінде  ауданымыздың «Қызылағаш» ауылында орын алған су алапатынан  кейінгі ауылды   қайтадан  қалпына  келтіру  жұмыстарында  сіңірген  азаматтық  ерен еңбегі болғанын  екі-үш ауыз сөзбен болса да айта  кеткенім  жөн  болады. Тасқын  болысымен оның басына жедел жеткен сәттен  бастап,  біздер  (Мәслихат хатшысы мен, аудан  әкімінің  орынбасары  С.Қорғанбаев  және  Ә.Жұмагелдин) құрылыс жұмыстары аяқталған күзге дейін,  аудандық штаб жұмысын басқардық. Соның ішінде, Әшімғалиға тасқыннан зардап шеккендерге, 2-3 ауылға еліміздің түкпір-түкпірінен легімен келіп жатқан барлық заттық,  материалдық  көмектерді  қабылдау, сақтау, тарату  мен  олардың  есебін  жүргізу жұмысы тапсырылды. Ол осы жауапты міндетті  толығымен  дұрыс  атқарып шығып, көпшіліктің сенімінен шыға білді және олардың  құрметіне бөленді.

  «Қызылағаш оқиғасы» туралы  толығырақ деректерді  осы сайтымның бетінде жарияланған мақаладан мына сілтеме арқылы («Қызылағаш оқиғасының» оралымдары) толығырақ таныса аласызар. Ал, сол оқиға туралы Әшімғалидың  өзінің  тарапынан  ұсынылған  мақаласын  сайтта кейінірек жеке  жариялайтын боламын. 

 

  Әшімғали — өнер иесі. Домбрада жақсы ойнап, ән айтады. Көптеген мәдени шаралардың ұйытқысы.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 Жұбайы — Дина Мәжбиева ұзақ жылдар Қазынашылықтың  Ақсу  аудандық бөлімінде бас маман болып қызмет атқарды. 2016 жылы кенеттен өмірден өтті.

  Үлкен ұлы Дулат — Еңбекшіқазақ ауданының орталық  ауруханасында  хирург-дәрігер және аудандық емдеу бөлімінің меңгерушісі  болып  қызмет атқарады. 2012 жылғы Алматы  облыстық «Жас көшбасшы»  байқауының жеңімпазы.

   Кіші  баласы — Мәди   Алматы  қаласы,  Алатау  ауданы  әкімшілігінде қызмет істейді. Бірнеше немерелері бар.

 

  Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі.  «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011) және «ҚР Конституциясына 20 жыл» (2015) мерекелік  медалдарымен,  ҚР Президенті және «Нұр Отан»  ХД партиясының төрағасы  Н.Ә.Назарбаевтың бірнеше  «Алғыс хатымен»,  облыс әкімінің  «Құрмет грамотасымен» және ҚР Денсаулық сақтау Министірінің  «Алғыс хаттарымен» марапатталған. 

 

 ҚР денсаулық сақтау саласының «Алтын дәрігер» және «Кәсіподақ үздігі» төсбелгілерінің иегері.  Хирургтардың және тәуелсіз эксперттердің Республикалық сьездерінің  делегаты. Тәжрибе алмасу сапарымен Ресей, Жапония елдерінде болды.

  Есімі  Ақсу ауданының «Құрмет кітабына» енгізілген және «Ақсу ауданының Құрметті азаматы»  атағы берілген.

 

  *     *     *     *     *

 

Шапағат  шуағы шашылғандай ...

(Эссе-толғау)

  Хасен Көптлеуов, ақын

 Жұмагелдин Әшімғалиға арналады

 

Үзінділер

 

... Сен -тіршілік тірегісің, ардақтысың,

Серпілісте сезімтал да салмактысың.

Бойыңда білгірлігің бүтінделген.

Қауіпке қарсы тұрар  қайраттысың.

 

Сырқат сырын калтықсыз біле білген.

Тереңдеткен түзу емдеп тілегімен.

Алтындай жарқырайды ай жүздерің

Жақсы адамның жолына гүл егілген.

 

Өріңде өршіл болсаң өрелісің.

Теріңді таза төксең төрелісің.

Жайсаң жанның жігері жетілгенін.

Бұл күнгі шынайы емнен көресің шын.

 

Сенімің сұңғыла болса сендіреді

 Еңселенсе еңбегіңді ел біледі

 Барлығын жеңе білген біліміңмен,

 Кайратың кеселді де көндіреді.

 

Құлпырар жазылғанда кұлшынысың.

Таудай боп еңселеніп тұрсын ісің.

Табандылықты тауыспа мақсатыңда.

Қажырың азайтар көңіл күрсінісін...

 

*     *     *     *     *

 

Даңқ орденді дәрігер

 

Мұхаметәлі ҚАЗБАНБЕТОВ.

«Жетісу» газеті,  2013 жыл

 

  Соғыстан кейінгі  ауыл баласының көретіні — таңнын атысы, күннің батысы бір тынбайтын ауыр енбек. Мектепті бітірген  соң  кім  болуды  ойлағандардың көбі Алмалы ауылының шопаны, Соћиалистік Еңбек Ері Күмісбек Буашевты пір тұтатын.  Балаң жігіт Әшімғали да алпысыншы жылдардың соңында сол аксақалға көмекші болып көрді. Жаз-жайлау, қыс-қыстау қызығы мен қиындығы көп шаруаны дөңгелетіп әкеткен балаң жігіт атасының жетістіктерін кайталар ма еді, егер  Отан  алдындағы  әскери  міндетін  атқаруға  аттанбағанда.  Әскерден  келісімен қалаға жол тартты. Заманауи мамандық алу жағын ойластыра бастады. «Сұраушының сүйген асын кім берсін» дегендей, алдымен қалаға бейімделу керек болды. Барысымен Алматыдағы №5 құрылыс-монтаждау мекемесінде құрылысшы болып табаны күректей үш жыл еңбек етті. Бұл салада да еңбекқорлығымен козге түскен жас жігітке дәрігер болу туралы  ой туып, күтпеген  жерден  өзінің  білімін  сынауды  жөн  көрді.  Сөйтті  де,  Алматы мемлекеттік медицина  институтының дайындық курсына түсті де кетті. Ары қарай қайталанбас студенттік шақтар, институттың емдеу бөлімінің оқулары заңды жалғасын тапты...

 

 

  Дәрігерлік диплом да қолға тиіп, 1982 жылы Талдықорған облыстық денсаулық сақтау мекемесінде жылдық интернатура тәжірибесінен өтісімен Қапал ауданындағы орталық аурухананың хирургия бөліміне қызметке қабылданды. Өзінің кәсіби міндетін жетік меңгерумен бірге, 1986—1990 жылдары Қапал ауылдық кеңесінің депутаты болып сайланып, халық сенімін ақтауда, әсіресе, әлеуметтік саланың денсаулыққа қатысты қиын түйіндерін  шешуде  абыройға бөленді. 1989 жылдан хирургия бөлімінің  меңгерушісі, 1996 жылдан Қапал аудандык «Міндетті сақтандыру қорының» директоры қызметтерін атқарды.

 

 

  1997 жылы ауданның жабылып, Ақсу ауданына қосылуына байланысты облыстық  денсаулык  сақтау басқармасының бұйрығымен бас дәрігердің орынбасары қызметіне жіберілді. 1999 жылы облыстық денсаулык сақтау жүйесі реформага түсуіне орай, Әшімгали Жұмагелдин Ақсу аудандық ауруханасының бас дәрігері болып тагайындалды.

 

   

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

  Білікті маман денсаулық тізгінін мықтап ұстасымен аудандық ауруханада  үлкен  өзгерістер  болды. Алдымен оның  материалдық-техникалық базасын  нығайтуға баса көңіл  бөлініп,  емдеу-сауықтыру  мекемелерін кадрлармен толықтыруға күш салды. 2005 жылы Қопа,  Қарашілік,  Арасан, Сағабүйен ауылдарында емдеу орындары жеке ғимараттарға орналастырылып, барлық амбулаториялар және медициналық бекеттер күрделі жөндеуден өткізілді. 47 денсаулық сақтау мекемесі ЭВМ техникасымен, жедел жәрдем автокөліктерімен, заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Денсаулық сақтау саласының ісқұжаттары компьютерлендірілген орталық  серверлік жүйе арқылы тіркелді. Жедел жәрдем көліктерінің жұмысын бақылап отыратын  «СІРІS» навигатор технологиясы енгізілді.

 

  Жас мамандарды әкеліп қана қоймай, оларға  әр  бөлімде,  әр мекемеде тәлімгерлер бекітіп, игі істерге жұмылдыра  білудің  нәтижесінде  2011 жылдың  қаңтарынан  бастап  Ақсу ауданының медицина мекемелері Біріңғай ұлттық медицина жүйесінде жұмыс істеуге көшті де, жас мамандар оны бірден игеріп әкетті. Жүйеге кіру олардың көрсетіп жүрген медициналық көмегінің сапасын көтеруге, әр аурудың  қалауы бойынша қалаған дәрігеріне емделіп, портал арқылы таңдаған ауруханаға жатып емделуіне мүмкіншілік беріп отыр. Ауданда ауруханаға жатқызу бюросы ашылып, 3 ай мерізімінде ауруханаға осы бюро арқылы аудандық, облыстық мемлекеттік ауруханаларына сан ондаған адам жатқызылып, емделіп шықты. Сонымен қатар, күндізгі жатып емделетін  және үйде жатып емделетін стационарлар ашылды. Аудан бойынша өткізіліп отырған ем сапасын тексеріп отыратын комиссия жұмыс істейді. Комиссия құрамында орталық ауруханада 2 дәрігер аудит, Матай селолық ауруханада 1 аудит, Қапалдың  селолық ауруханасында 1 аудит сараптама өткізеді. Биыл медицина көмегінің  сапасын арттыру үшін перзентханаға жаңа  реанимациялық тыныс беру аппараттары алынды.

 

  Ауданда аурулар жатып емделетін 195 төсектік ауруханалар бар. Олар 130 төсектік орталық аудандық аурухана, 50 төсектік  Қапал ауылдық ауруханасы, 20 төсекті Матай ауылдық ауруханасы. Орталық ауруханада күніне 250 адам қабылдайтын аудандық емхана халыққа қызмет көрсетеді.

  Ондағы жұмысты қадағалап, ем жүргізудің сапасын арттыруда бас дәрігер әрқашан ізденісте. Бүгінде ол Ақсу ауданының Құрметті азаматы атағына ие. Кеудесінде «Даңқ» ордені жарқырайды.

 

 

  Әшімғали Құсайынұлы өмірлік жары Дина Мажбиева екеуі үлгілі отбасын кұрып,  балаларының  қызығын да көріп отыр. Үлкен ұлы Дулат әке жолын қуып, С. Асфандияров атындағы медициналык Ұлттык университетті 2008 жылы бітіріп, Еңбекшіқазақ ауданында орталық аудандық ауруханада оташы болып еңбек етеді. Төрт тілді жақсы меңгерген ол Германияның Мюнстер қаласында білімін көтеріп келіп, үйренген жаңалықтарын қазақ медицинасында қолдануға ұйытқы болуда. Екінші баласы Мәди Т. Рыскұлов атындағы университетті ойдағыдай аяқтаған сол білімін Қазақ-Британ университетінің газ-мұнай факультетінде жалғастырып, бүгінде Алматы қаласындағы Алатау ауданы әкімдігінде кызмет етеді.

 

Адамдықтың биігінен көріне білген Әшімғали Құсайынұлы білікті маман, талапшыл басшы, жақсы жар, камқор әке ретінде өмірдің төрінен орын тепкен жан. Адам жанының арашашысы мамандығы арқылы үміттерді жалғап жүрген азаматтың абыройлы, ақ жүзді болары заңдылык.