Кеше сайтымда қазақ елі тарихындағы Жоңғар жаугершілігінде ерекше ерлігімен айқындалған, қолбасшы болған БӨРІБАЙ батыр туралы бірнеше танымдық мақалалар жинақтамасы жарияланған  болатын... (http://bit.ly/2ErOSrg)

 Өткен Кеңес дәуірінің бастапқы  кезеңінде (1930-шы жылы) Жетісу өңірі  Ақсу жерінде сол батыр бабамыздың атына ие  «Бөрібай көтерілісі"  деген өкіметке қарсы орын алған үлкен ел толқуы орын алған болатын. 

 Бүгінгі парақта осы уақытқа дейін  тек ауданымыз емес, жалпы еліміз  тарихының «ақтаңдағы» болып келген сол ел дүмпуінің себептері мен салдары жөнінде танымдық тұрғыда  мағлұматтар беретін  Ақсулық ақын-жазушылар  Жемісбек ТОЛЫМБЕКОВ пен Арасанбай ЕСТЕНОВТІҢ және сол көтерілістің белсенді қатысушысы болған Тұрсын ОМАРОВ төре туралы Гүлжан ТҰРСЫНОВАНЫҢ  мақалаларымен таныса аласыздар!. Басқалармен де бөлісіңіздер!

 

«Бөрібай көтерілісі» — не көтеріліс?

 

 

Бүйен—Ақсу ауданындағы ірі көтеріліс

Жемісбек Толымбеков

 

 

Сайтымда бұрын жарияланған осы мақаланы мына сілтемемен оқи аласыздар:  http://bit.ly/2SiL5A8

 

 

Бөрібай көтерілісі және  Қызылағаш қорғанысы

Арасанбай ЕСТЕНОВ

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,

Ақсу ауданының құрметті азаматы

«ТҮРКІСТАН» ГАЗЕТІ, 21 ақпан 2019 жыл

 https://turkystan.kz/article/76919-b-ribaj-k-terilisi-zh-ne-yzyla-ash-or-anysy 

 

Ұлы тұлғаларды білмейінше, бірде-бір дәуірді дұрыстап тану мүмкін емес. Адам тарихының айнасынан біз тарих көшінің жүрісін ғана аңдап қоймаймыз, оның рухын, тынысын сезінеміз. Сондықтан халқы мен елінің алдындағы өздерінің перзенттік парызын айқын да анық түсінген, қандай да қиын-қыстау жағдайда оны адал орындаудан жалтармаған адамдар қай дәуірде өмір сүрсе де, дәйім жұртының азаматы болып қала бермек.

Н.Ә. Назарбаев

 

Картинки по запросу бөрібай батыр

 

Бөрібай батыр − ер Қаптағайдың тікелей ұрпағы. Жоңғар шапқыншылығы кезінде қол бастаған мыңбасы. Қаракерей Қабанбаймен үзеңгілес, майдандас жаужүрек батыр бабамыз. Халқымыздың әйгілі хандары мен ұлан-байтақ жерін жаудан қорғап, басқыншылардан азат еткен қас батырлары, жақсы мен жайсаңдарының кейбірі Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленгені баршамызға мәлім. Сол кесенедегі 82 тұлғаның басына қойылған құлпытастың 45-інде «Бөрібай батыр (1694—1756-60 жылдары)» деп, тізімде көрсетулі тұр.

Демек, Бөрібай батыр әлдеқандай ойдан шығарылған аңыз емес, нақты өмірде болған адам. Туған, қайтқан жылдары мен жатқан жері белгілі батыр. Аягөзде болған жойқын шайқас кезінде найман қолын бастаған Бөрібай батыр небәрі жиырма жаста екен. Осы ұрыста ол жоңғар ноянын жекпе-жекте өлтіріп, айрықша көзге түседі. Алғаш жоңғар шапқыншыларының жойқын күшіне төтеп бере алмаған қазақ қосындарының Сарысу бойына дейін шегініп кеткені тарихи шындық. Осы тұсқа келіп шеп құрып, қол жинап, қалмақтың елу мыңдық қолына қазақ жағы қырық мың сарбазбен қарсы тұрады. Осы қолды әйгілі батыр Бөрібай бастап, шешуші шайқасқа мұқият дайындалады. Жер жағдайын ұтымды пайдалана шеп құрған, соғыстың айла-тәсілін жетік білетін мыңбасы Бөрібай қолы жауға тұтқиылдан шабуыл жасап, қалмақтарды көп шығынға ұшыратады. Жоңғар қолбасшысы Сайынбөлек Шыршықты тастап, жоңғар тауынан аса өз жағына қарай қашуды ойлайды. Оның бұл пиғылын аңдаған Қаракерей Қабанбай батыр ерлігі мен сыры өзіне жақсы мәлім Бөрібай бастаған Баймұрат, Еспембет батырларды тосқауылға қояды. Сайынбөлекке онсыз да тісі қайраулы Бөрібай одан ел кегін қалай аларын білмей жүрген еді. Сонымен он мың әскері бар Сайынбөлекті ұрымтал тұстан күтіп алған Бөрібай қолы ата жауымен ұрысқа кіреді. Тұс-тұстан атойлаған қазақ сарбаздары ә дегенше-ақ жау әскерін тықсыра бүріп, қоршап алған еді. Көп тіресуге дәрмендері жетпеген қалмақ қолының берекесі ұшып, іле тұтқынға беріледі. Алайда әккі Сайынбөлек біраз әскерімен қашып үлгеріп, бұл қақпаннан да сытылып кетеді. Бұл жеңіс Бөрібай батырды аса қуанта қоймайды. Себебі ата жауы құтылып кетті. Екіншіден, Жетісуды ойраттар басып алған. Ендігі міндет – қашқан жауды індете қуып, сол өңірлерді жаудан тазартып, ел-жұртын азат ету. Осылайша Бөрібай батыр бастаған екі түмен қол Жетісу – Алакөл бағытына аттанады. Абылай Балқашта күтпеген жерден өзінен күші әлдеқайда артық жоңғарларға тап болып, айқасқа түсуіне тура келеді. Саны да, күші де басым жауға төтеп беру қиынға соғып, тығырыққа тірелген сәтте жаудың желке тұсынан шыққан «Абылайлаған!» ұран жоңғарлардың есін алады. «Абылайлап» ұран тастай жетіп, мығымсыған ата жауына ту сыртынан қырғын салған Бөрібай батырдың сарбаздары еді. Сонда Абылай: – Есіл ерім-ай! Дәл керек кезінде жеткеніңді қарашы! – деп масаттанған екен еріне риза көңілмен.

Алғашқы екпіндері басылып, талай-талай ұрыстарда ойсырай соққы алған жоңғарлар әлі де оңай беріле салғылары келмей, шама келгенше қазақ даласына тастабандап тұрақтап қалуға жан салып баққаны мәлім. Осы пиғылдағы Сайынбөлек, Батыр-Убашы нояндар Жетісудың Шығыс бөлігі – Алакөл, Лепсі, Ақсу өңірлеріне табан тірейді де, Қаракерей Қабанбай бастаған қазақ қолы Іленің оң қапталындағы биік асуға жетіп, бекініс шеп құрады. Бұл – биіктен алдыңдағы жау алақандағыдай анық көрінетін, ал жау бұларды көре алмайтын ұрымтал тұс болатын. Жау күтпейтін тұтқиыл соққының жеңіске жеткізері бесенеден белгілі. Бұл кезде алпысты алқымдап қалған Бөрібай мен Сырымбет мыңдықтарын бас қолбасшы қос қапталға жасырады. Осы шайқаста Бөрібай батыр қалмақ шеріктерінің қолбасшысы Батыр-Убашымен жекпе-жекке шығып, оны найзамен түйреп, аттан құлатады. Кенеттен оның он бес шақты нөкерлері жан-жақтан лап беріп жабылып кетеді де, жаудың қоршауында қалған есіл ер жаулармен шайқасып жүріп ат жалын құшады. – Ата жауым Сайынбөлекте кеткен кегімді жоңғарлық қолбасыдан алдым. Ия, аруақ! Қаптағай! –деп көз жұмған екен дейді көнекөз шежірешілер мен даланың ауызша тарихи деректері. Отыз жыл бойы қолынан қаруын тастамай, атамекенін жоңғар шапқыншылығынан қорғаған қас батыр осылай өмірден өткен екен.

Мінеки, Бөрібай батыр жайлы біздің естіп-білгеніміз бен оқып-тоқығанымыз осындай. Әрине, ғасырлар қойнауында ұмыт қалып қойған батырлар шежіресін бірден тұтастай зерттеп, келер ұрпағына толықтай етіп ұсына қою оңай шаруа емес. Содан шығар Бөрібай батыр жайлы деректер тым аз. Барының өзіне нақтылық, ғылыми талдау, саралап салыстыру жетіспейді. Десек те, білген деректерін қағазға түсіріп, жариялап, оқырман назарына ұсынушылар бірен-саран болса да кездесіп қалады. Солардың бірі – марқұм Адай Есенқұлының «Қазақтың Нобелі» кітабында ( «Баянжүрек» баспасы, А. 2007 ж.) Бөрібай батыр жайлы біраз деректер келтірілген. Батыр бабамыз жайлы ақсулық ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Дубек Мұсановтың «Бөрібай батыр» атты дастаны да бар. Ал осындай шашыраңқы әрі там-тұм деректерді жинақтап, бір ізге түсіріп, толыққанды еңбек етіп, жарыққа шығару – жас тарихшы-ғалымдарымыздың алдында тұрған абыройлы міндет болмақ. Ол әрине, келешектің ісі.

 

Ендігі әңгіме Бөрібай көтерілісі жайында. Бұл – 1930 жылдың наурыз, сәуір айларында ел «Тақыршеке» атап кеткен Голощекиннің Қазақстанда «Кіші октябрь» төңкерісін жасамақ болған солақай саясатына қарсы бас көтерген Ақсу-Қапал өңірі халқының дүмпуі еді. Негізгі тірлік көзі малы мен қолда бар азын-аулақ астығынан айырылған жұртты аштықтың араны қыса бастағанын аңдаған бас көтерер ел азаматтары ақыл қоса келе жергілікті кеңес басшыларына қарсы көтеріліске шығуды жөн көреді. Басқа амал да қалмаған. Кәрі құлақ, көнекөз ақсақалдардың айтуынша оны Өмірбек, Тұрсын, Мұқан, Қанатбек сынды өжет те батыл азаматтар басқарған. Көтеріліс дүмпуі Қапал, Арасан, Ақсу, Қопа өңірлерін қамтиды. Қапал, Арасан өңірінен шыққан көтерілісшілер Құлжабас тауын төтелей асып, түн ішінде Ақсуға екі жақтан «Бөрібайлай» атой салып кіреді де, аудандық ревкомды басып алады. Ұйқыдағы әскерлерді ес жиғызбай, қаруларын сыпырып алып, командирлерін тұтқынға алады. Осы шайқас кезінде аудандық ревком (революциялық комитет) төрағасы Ғ.Ибрагимов, ауатком төрағасы Қ.Тарасов сияқты екі-үш өкімет адамдары мерт болады. Жергілікті кеңес өкіметін құлатып, орнына діни жолмен төрт адамнан тұратын өз шадиярларын сайлаған көтерілісшілердің бір тобы, шамамен жүз қаралы адам ертеңіне Қызылағашқа беттейді. Себебі онда елден тартып алынған астық құюлы үлкен қамба бар. Бұлардың мақсаты – сол қамбаны басып алып, бірінші кезекте елге сол ырысты үлестіру. Сөйтіп, қалың жұрттың тұқым сеуіп, егін егуіне ұйтқы болып, аранын ашқан аштықтың алдын алу. Олардың әңгіме ауанынан бет­алыстарын аңдап қалған қойшы ереуілшілерге байқатпай баласын Қызылағашқа шаптырып, «жаушы» жібереді. «Жаушы» баладан суыт хабар алған ондағылар қарап жатсын ба?! Ауыл кеңес төрағасы дереу тұрғындарын жинап, «Бандылар келе жатыр! Не істейміз?» деп ақыл сұрағанда: «Әй, жаңа мына өзеннің басында мылтық асынған бес-алты атты әскер отырған түстеніп» дейді біреуі. «Іздегенге сұраған» болып, ат шаптырып, әскерилерден көмек сұраған ауыл тұрғындары осылайша шекарашы топтың көмегімен қорғаныс шебін құруға кіріседі. Оларда бес-алты бесатар, бір қол пулеметі бар екен. Қорғаныс билігін қолына алған шекарашы офицер ауыл тұрғындарын қамба ішіне жинап, жағдайды түсіндіреді де, бандылар тобын күтіп алуға сақадай сайланады. Суыт хабарды ести салысымен бір жауынгерін төте жолмен Қапалдағы әскери гарнизонға аттандырған екен. Әскери адамның аты әскери ғой. Жау келер жақты бетке алып, қол пулеметін ұстаған командир қорғанысқа тұрған әр адамның міндетін тәптіштей түсіндіріп, шабуылшыларды тас-түйін қарсы алады. Тағы да «Бөрібайлай» ұран тастап, қамбаға лап қойған көтерілісшілердің алдыңғы сапы отты қарудың оқ атысынан баудай қырқылған соң кейінгілері тайқып шыға береді де, басқадай айла-шарғы ойластыруға көшеді. Ашық шабуылмен ала алмастарына көздері жеткен соң амалсыз қас қараюын күтуге тура келген еді. Ал бесін ауа Қапалдан жеткен қалың әскерді көрген көтерілісшілердің бас сауғалап қашудан басқа амалдары қалмайды. Міне, «Қызылағаш қорғанысының» қысқаша тарихы осындай. Кейін ол жерге үлкен монумент орнатылып, атағын дардай қылып, дабырайтып, жер-жаһанға жайдық. «Бандыларға» қарсы тұрған ерлерімізді әспеттеп, көпке үлгі-өнеге еттік. Сөйткен монументтің қазір орны да жоқ. Тып-типыл. 2010 жылы түнгі тасқын су шайды да кетті. Мұны қалай түсінеміз?.. Міне, ашынған ел көтерілісінің Бөрібай бабамыздың атымен аталу сыры осындай. Бір аптаға созылған ереуіл аяусыз басып-жаншылып, қаншама атпал азаматтарымыз шейіт болды. Топ-тобымен тоғытылып, ондап емес, жүздеп оққа ұшты. Жазалаушы отрядтардың құрығынан қашып үлгергендері тау асып, тас басып, жат елге ауды. Қызыл империяның қолшоқпарына айналған әсіре саясатшыларымыз Бөрібай деген сөзді ауыздарына алуға қорықты. Содан болар алғашында Бөрібай ауданы болып құрылған ауданымыздың аты да, көп кешікпей Ақсуға айналды.

Бөрібай бабамыздың атына көше беріп, ескерткіш орнату ісінің әлі күнге дейін қолға алынбауы да осы бір әсіре сақтығымыз бен жасқаншақтығымыздың салдары болса керек. Бұл әрине, бүгінгі таңда елдігімізге сын болатын жағдай.

 

 

 

Тұрсын төре

Гүлжан ТҰРСЫН

 

Аңшы аяңға басты. Алыстан қарағанға ат үстіне тау қондырғандай сурет. Алып дене мен сом салмаққа ат шыдас берсін бе? Сапарға шыққанда тайпалған тағы бір жорғаны жетегіне байлап жүреді. Бүгін де сөйтті. 

Аңшы нөкерлерімен Сарыбел, Бүркітті, Баянжүрек тауларын аралап, аң-құсты таңдап жүріп атып алды. Бұл өңірдің жасы да, жасамысы да Тұрсын төремен аңға шығуға құмар. Бай баласы атажұртты дүрмекке бөлейді. Тұлпарлардың тұяқ үні, аң қуғандардың қиқуы, тазы-төбеттердің із кесуі, бүркіттердің саңқылы Алатаудың бөктерін азан-қазан қылады. Аспан да, жер де аңшылардың қызығына куә. Омар байдың тегіне тартып туған сұңғыла баласы Тұрсын құралайды көзге атқан мерген ғой. Ол көздеген аң-құс алысқа ұзамай қанжығаға байланады.

Бұлар аң аулаудың қызығына әбден батты. Біраз уақыттан бері демалған жүйріктер сауырын жазып, тынысы ашылып, тау бөктерінде еркін шапты. Мергеннің Ақжал атты желмен жарысар жүйрігі кекілі екіге жарыла екпіндеп, қиқудың қызығымен алға ұмтылды. 

Аңшылар аттың басын кері бұрып, ауылды бетке алғанда ойламаған жерден түз тағысы қасқырдың жылт ете қалмасы бар ма. Желіккен жұрт қиқулата жөнелді. Көптің алдын бермейтін жүйрігі Тұрсын төрені басқалардан оқ бойы озық әкетті. Бірте-бірте арланға жақындай түсті. Жүгірген аң, ұшқан құсты дәл атып құлататын мерген ыңғайы келді-ау дегенде жүгенді тартып, шүріппені басып қалды. О, тоба, оқ атылмай қалды. Тағы қайталағанда да шүріппе басылмады. Қасқыр ажалсыз екен деп ойлады аңшы. Әйтпесе, Жақып атасы жасап берген бес қаруының қай-қайсысы да иесінің ойын дөп табатын. Әсіресе, пышағы жалтылдап тұратын. Жақып ұстаның жасаған бәкісі бір қараның құнымен бағаланатын. Ендеше, бұл қалай? Аңшының санасында неше түрлі күмәнді ой қылаң берді. Аттың басын Баласаздағы  үйге бұрып, тездетіп ауылға жетуді ойлады. Бәрі орнында. Алдымен үлкен атасы Алқанның зайыбы Топаш апасына барып, амандасты. Топаш ханым ел-жұрттың дау-дамайының бірқатарын өзі шеше салатын адуынды, ақылды адам. Үлкен бәйбіше – әулеттің ақылшысы, жол көрсетушісі. Топаш ана қайнысының баласын айналып, толғанып маңдайынан иіскеп, аман келгеніне шүкірлік айтты. Одан кейін өз анасы Күлімханға барып мауқын басты. Бірнеше күнгі ат үстіндегі серуеннен шаршаған батыр тұлғалы жігіт төсекке ерте жатты. 

 

 

Түн ортасында Тұрсын төре жылқының кісінеген даусын естігендей болды. Мүлгіген тыныштықты тау жақтан тастардың сырғып түсіп жатқан дыбысы бұзды. Сол кезде Айқасқаны мінген жылқышының «ұры келді, аттарды әкетті» деп айқайлаған даусы естілді. Ауыл-аймақ өре түрегелді. Жедел қимылдаған төре сыртқа шығып, Ақжалды ерттеп, ат тұяғының дүбірі естілген тауларды бетке алды. Күндіз атылмай қалған мылтықты өзімен бірге ала кетті. Ұшқан құстан озатын жүйрігі ұрыларды түн ауа қуып жетті. Алдындағы қараң-құраңға жақындай түскенде ұрының Тартысбай екенін таныды. Барымташылар бір үйір жылқыны әкетіп барады екен. Тұрсын өз жылқыларын бірден танып: «Әй, Тартысбай, таста аттарды, әкеңнің малы, нарыңның құны жоқ бізде», – деп айқайлады. Тартысбай оның сөзін елең қылмай алған бетіне қарай тарта береді. Барымташының алдына түскен малдың қайтпайтынын білетін Тұрсын мылтығын қолына алып, Тартысбайды қорқытпақ болады. «Соңғы рет айтам, Тартысбай, малды таста, әйтпесе атамын» деді. Бес қырдың астындағыны білетін барымташы қуғыншыны баласынып, сөзін елемеді. Жалғыз адам маған не істей алсын деген оймен желе жортып кете барды. Ашуға булыққан мерген ең құрымағанда қорқытып алайын деп мылтықты Тартысбайдың басынан асыра атпақшы болды. Бірақ, оқ баукеспенің ажалына дәл келіп, жон арқасына тиді. Мергеннің ашуынан қорыққан қасындағылар олжаларын тастап, аттарын сауырға басып, қаша жөнелді. Тартысбай мінген жануар иесін салақтатып сүйрегісі келмегендей біраз жер шауып барып, тұрып қалды. Аң атқаны болмаса, тірі жанға мылтық кезеп көрмеген бала қорқып кетеді. Тұрсын бірден ауылға келіп, Топаш әжеге болған жайтты айтады. Келе сала: «Апа, мен адам өлтірдім. Ұрыны атып тастадым», ­­– деп қорқып тұрғанын жеткізеді. Сонда байдың бәйбішесі өзіне тән жайбарақат үнмен: «Балам, оған ұрлыққа кел деген жоқпыз. Ажал айдаған ғой. Қорықпа, баукеспенің құны – бір сандығымның түбі. Барып Тартысбайдың денесін алып келіңдер де ана қой қораға көміңдер»,­­ – дейді. Тұрсын әпкесі Үрімді ертіп, оқиға орнына барады. Жануар сол орында әлі тұр екен. Екеуі жылқыны жетектеп әкеліп, Тартысбайдың денесін аттан аударып алады. Денені қой қораның ішіне көмеді. Мал өлікті сезді ме, үркіп бұрышқа тығылады. Екінші күні шопан ата төлі адамның денесінен сескеніп, қораға кірмей, иіріліп тұрып алады. Содан үлкен-кіші ақылдасып, денені мал қорадан аулақ, «Шыбынтай» деген жерге апарып, тастардың арасына көмеді.

Бірер ай өткенде Тартысбайдың анасы мен ағайын-туысы келіп, бауырларының құнын сұрайды. Сол кезде дайындап қойған құнды еселеп берген Топаш ханым: «Тартысбайдың денесі әнеу жерде. Алып кетіңдер. Төренің ашуы мен қылышының өткірлігін біліп жүріңдер», – деп реніш білдірмекші болған құн сұраушылардың бетін қайтарып тастайды. Тартысбайдың туыстары денені ашып алғанда бір құлағы мен ернінің үстін тышқан жеп қойған екен. ­Сонда «Адамымыздың құлағы қайда?» ­– деп тағы да алтын-күміс сұрамақшы ниеттерін байқатады. Сол кезде төре ауылының батыры Есенгелді: «Ұрыңның құлағын көже-қатық қылды ғой деп пе едің?», – деп құн сұраушылардың бетін қайтарып тастайды. Әулеттің үлкендері ақылдаса келіп, ерін мен құлақтың құнына қара нар береді. Екіжақ келісімге келген соң Тартысбайдың анасы: ­«Баламды атқан адамды көрейінші. Осы күнге дейін жан баласына есесін жібермеп еді. Ол қандай кісі болды екен?» деп Топаш анаға ой-арманын жеткізеді. Топаш ана төлеңгіттеріне баласын шақыртады. Балама зияндары тиіп кете ме деп өзі ортаға тұрады. Сол кезде есіктен Тұрсын төре кіреді. Алып денелі, ашаң жүзді, жанарынан нұр шашып тұрған келбеті келісті 16-17 жастағы жігітті көргенде құн сұраушылар қайталанбас бейнеге сүйсініп, қарап қалған екен. Тау тұлғалы жігіт есіктен еркін сыймағандықтан бір қырымен кіреді. Ол үйге енгенде келісті келбетінен үй іші сәулеленіп кеткендей сезіледі. Бекзаттығы жүрісінен байқалып тұрады. Сонда Тартысбайдың анасы: «Ойпырым-ай, мынадай адамның қолынан өлу де бақыт шығар»,­ – деген екен. 

Дүние – көздің жауы. Байлардың малына қызығушылар оған дейін де, содан кейін де кездеседі. Дайын мал-жанға ие болғысы келетіндер жемтігін іздеген қасқырдай дәулетті ауылды торуылдайды. Бірде Тұрсын төре қасына төлеңгітін ертіп, Сартау асып, аңшылық құрып келе жатады. Қолында мылтығы, қанжығасында дүрбісі бар. Жан-жақты барлайын деген ниетпен дүрбісін алып, шыршалы тау сілемдеріне назар аударады. Сонда қарағайдың шетінен бірнәрсенің қозғалғанын байқайды. Анықтап қараса, жайылып тұрған ат. Бұл маңда өздерінікінен басқа жылқы болмауы тиіс. Жылқышылардың барлығы малдың қасында. Бұл кім болды екен деп жақындап барады. Байқаса, өз үйірінің жылқыларын барымташылар қолды қылыпты. Екі ұры енді бізді таба қоймас, малшылардан алыстадық дегендей қалың ұйқыға батып жатыр екен. Тау тұлғалы жігіт аттан түсіп, ұйықтап жатқан біреуінің үстіне қона кетеді. Екіншісіне қолын созып, өзіне қарай тартып алады. Бірінші ұрының үстіне екіншісін жайғастырады. Барымташылар сырттан келгенге ұқсайды. Бұл жақтың адамдарына түр-түсі келмейді. Содан қасындағы серігіне қарап: ­«Неге тұрсың, көмектеспейсің бе?» дегенде досы: «Екеуіне өзің де жетесің ғой», – деп жайбарақаттық танытады. Осылайша сұңғыла, ержүрек Омар баласы Тұрсын ел арасында батырлығымен, адалдығымен танылып, дау-дамайға билік те жүргізеді.Бұл әңгімеден оның жігіттік шағынан бастап жаужүрек батыр болғанын аңғарамыз. Ендігі әңгіме Тұрсын төренің ұжымдастыруға қарсы «Бөрібай көтерілісіне» қатысқандығы жайлы өрбімек.

 

         *        *        *

 

...Кейінгі жылдары Қапалға орыс-казак, татарлардың көшіріліп әкеліп жатқаны жергілікті халыққа  ой сала бастады. Олар Қапалға ғана емес, қазақтың сулы, нулы Лепсі, Үшарал, Үржар, Сарқан, Тасбекет, Арасан, Талдықорған, Қоғалы, Іле, Алматы, Қаскелең, Ұзынағаш сияқты қала, ауылдарына көптеп қоныстандырылды. Кейінірек орнаған Кеңес өкіметі «Ұжымдастырамыз, мал-мүлікке бәрің ие боласыңдар» деп кедей-кепшікті жарылқайтын ниет танытты. Бұрын қазақтар мал мен жерін жатжұрттық басқыншылардан қорғап қырылса, енді голощекиншілердің саясатынан қырылу қаупі туды. Ұлттың бас көтеретін ұлдары мен зиялыларының көзін жоюдың небір қитұрқы айла-тәсілдері ойластырылды. Кеңес өкіметі орнасымен «жаптым жала, жақтым күйе» деп Алаштың ардақтыларын шетінен қырды. Олардың орнына өз тұрмыстарын оңдай алмаған, барды ұқсатып үйренбеген, білімі, зердесі төмен адамдарды басшылыққа қойды. Ондайларды «шолақ белсенді» етудің өзі санаға сыймайтын жағдай еді. Маңдайында қызыл жұлдызы бар бас киім кигізіп, қолына қылыш ұстатқан соң әлгілер бай-манаптарға қырғидай тиді. Кедей-кепшікті «жарылқаушы» кеңес өкіметіне керегі де қазақты қазаққа жау ету еді. Билеп-төстеушілердің тағы бір мақсаты ­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­– қазақты елдік санадан айыру. Бай-кулактарды тап ретінде жою науқаны қарқын алды. Ұлтының мүддесін ойлағандарға «ұлтшылдар», «тап жаулары», «жікшілдер», «оңшылдар» деген жала жабылды. Сталиннің қолшоқпары Голощекин байды да, кедейді де ет, астық өткізуге міндеттеді. Салықты төлей алмағандар істі болды. Бай-манаптардың ұрпақтары жер аударылды. Тұрсынның балалары: Жүніс, Қырықбай, Жолдықан. Сол Жолдықанды өкімет байдың ұрпағысың деп жер аударып жіберді. Осындай шет-шегі жоқ қысастыққа шыдамаған қазақтар көтеріліске шығуға бел буды. Көтеріліс Ақсу, Қапал, ­Сарқанда белең алды. Оны жергілікті халық «Бөрібай көтерілісі» деп атайды. Бөрібай ­матайдың батыры болған. Абылай хан Бөрібай батырдың ерлігін жоғары бағалап: «Есімің Матай елінің ұраны болсын!» – депті. Осылайша Бөрібай батырдың есімі найман-матай елінің ұранына айналған.

Найман-матай Бөрібайдың есімін естігенде ештеңеден қайтпайды. Ұжымдастырамыз деген желеумен кеңес өкіметі мал-мүлікті тәркілеуге кіріседі. Қапал-Баласаз әскери операциясы кезінде олар жергілікті халықтан 641 тай-құнан, 364 түйе, 108 бұқа, 108 сиыр, 603 айғыр, барлығы 5621 малды тартып алған. Бұл – есепке алынғаны. Есепке алынбай, айдап әкетіліп жатқаны қаншама? Мал халыққа бұйырмасын деген ниетпен қызылдар қазіргі Ақсу ауданындағы Қызылтаң ауылының маңындағы Маңқа деген жерге бар жылқыны жинап, өртеп жіберген. Халықты мал «маңқа» ауруына шалдықты деп алдаған. Осындай келеңсіздіктерге шыдамаған Бүйен-Ақсу ауданының бас көтерерлері 1930 жылғы наурыз айының орта шенінде бас қосты. Әңгіме кеңес өкіметіне қарсы тұру жайында өрбіді. Ертеңінде олар үш отрядты жасақтап, үшеуін үш жаққа жіберді. Біріншісі – Арасан, екіншісі­ – Абакумовка, үшіншісі – Ақсуға бет алды.

Абакумовкаға барған көтерілісшілер жергілікті халықтан ұжымдастырамыз деп тартып алған жылқыларды айдап әкеліп, жарамдыларын мініп, ондағы бірнеше орысты өздеріне қосып алды. Көтерілісшілердің бір отрядын Тұрсын Омаров басқарды. Отрядты соғысқа дайындау, көтерілісшілерге атыс-шабыстың айла-тәсілдерін үйрету, казак Петр Черныхқа табысталды. Отрядтың құрамында 120 қазақ пен сарқандық 20 казак-орыс бар еді. 

Арасанға барған топ ет, астық салығы осы қарқынмен жүргізіле берсе ел аштан қырылып, босып кететінін кеңес өкіметінің адамдарына түсіндірмекші болды.

Үшінші топ Ақсу елді мекеніне кіріп, дүкендерді басып алып, көтерілісшілердің керек-жарақтарын алып берді. Көтерілісшілердің бір отрядын Егеубек Жанбаев басқарды. Тағы бір отрядқа Ғали Шатырбаев жетекшілік етті. Ол Өтебай руынан шыққан бай. Көтерілісшілер ақылдаса келіп, Ақсуды өздерінің орталық штабына айналдыру керек деп шешті. Олар халық арасында «Кеңес өкіметі жойылсын!», «Салықтар жойылсын!», «Тұқым қорын жинауға қарсымыз!», «Коммунистерді, комсомолдарды соғыңдар!» деген ұран тастады. Бүлік шыққанын естісімен Біріккен мемлекеттік саяси басқарма, яғни, ОГПУ көтерілісшілерге қарсы жазалаушы отряд құруды қолға алды. Ақсудағы көтерілісті басу үшін 25 адамнан тұратын отряд жіберді. Олардың жетеуінде винтовка, қалғандары аңшы мылтығымен қаруланған. Бірақ, жазалаушыларда патрон көп еді. Жазалаушылар таң алдында Ақсуға бір шақырымдай қалғанда көтерілісшілермен бетпе-бет кездесіп қалады. Олар қызыл әскердің санының көп еместігін білген соң қоршауға алады. Барлығын тірідей қолға түсіргісі келеді. Бірақ, түн қараңғылығын пайдаланған жазалаушы топ амалын тауып Сарқанға қарай қашады. Қоян-қолтық ұрыста көтерілісшілердің оншақты адамы өледі. Осы әрекеттердің бел ортасында Тұрсын төре жүрді. Бас көтергендердің қатарында Қалдыбай Қылиев, Егемұра Бисембаев, Жүсіпбек Исақов, Ерғали Баламұқов, Қиязбек Таскенбаев, Мұхамедия Сексенбаев сынды азаматтар бар еді. Көтерілісшілердің көрнекті басшыларының бірі­ – Мұқаш Жолбосынов. Олардың көбінде аңшы мылтығы болды. Қазақ көтерілісшілерінің арасында Тұрсын төредей құралайды көзге атқан мергендер көп еді. Бірақ, олар қан төгуден қашты. Бейбіт бас көтеру арқылы асыра сілтеу мен зорлық-зомбылықты тыйып, өкіметке ой салғылары келді. Наурыз айының соңына таман көтерілісшілер Сарқандағы өкіметке елші жіберіп: ­«Өкімет орындары қан төкпестен өз еріктерімен өкімет билігін де, қару-жарақтарын да көтерілісшілердің қолына тапсырсын!» – деген ұсыныс жасайды. Жазалаушылар болса қызыл әскермен келісімге келеміз деп қамсыз жатқан көтерілісшілерге ту сыртынан келіп, оқ жаудырады. Осы жерде 15 шақты адам қаза тауып, 76 азамат тұтқынға түседі. Жоғары жақтан тұрғылықты халықты күштеп бағындыру міндеттеледі. Жазалаушылар отряды халықты тықсыра бастайды. Жан сауғалағандар Балқаш көлі жақтағы Жаман, Жамал, Күшікжан құмды алқаптарды паналайды. Олар басында аң атып алып күнелтті. Кейіннен ашыға бастағандар күзен, саршұнақ жеуге көшті. Көтерілісшілер жауласу ойларының жоқ екенін кедей-кепшіктің «жарылқаушысына» түсіндіре алмады. Олар шама-шарқынша ашыққан халыққа көмек көрсетуді көздеді. Сол мақсатпен орталыққа алынған малды барымталап, түнделетіп ауыл халқына әкеліп беріп кететін еді. Сондықтан, елдің қамын ойлаушыларға кеңес өкіметі «банды» деп ат қойып, айдар тақты. ОГПУ «бандаларды» қырудың жоспарын жасады. Бұл кездерде аштықтың алды байқала бастаған еді. Ақсу ауданының Қоянды жайлауында 14 ауыл тұрғындарының жағдайы нашарлады. Адамдар астықты түп-түгел өткізіп, өздері малдың жаппасының арасынан арпа теріп жей бастады. Астық егу науқанында өкімет тұқымды колхоздарға уақытында беріп, жекелерге таратуды әдейі мамыр айына қалдырады. Елдің қамын ойлағандарды басып-жаншу мұнымен тоқтаған жоқ. Енді аспанды гүрілдетіп, жусан иісі аңқыған даланың берекесін қашырып самолет келді. Самолет көтерілісшілерді аспаннан бақылап, жердегілерге олардың қайда жүргенін хабарлап отырды. Көтерілісшілердің күші азая бастайды. Аспаннан бораған оқты көрмегендер қайда тығылып, кімді паналайтындарын білмей дал болады.

Осы кезде Тұрысбек Тәңірбергенов Қытай жеріне асып кеткен адамдардан жасақ жинап, көмекке келеді. Банда аталған топтың ызасын тудырған тағы бір мәселе – өкіметтің мешіттерді мал қораға айналдыруы болатын. Мешіт қана емес, шіркеулерді де мәдениет мекемелеріне ауыстырды. Асыра сілтеушілік орыс мұжықтарының да наразылығын тудырды. Қызылағаш ауылында коммунистерге қарсы кедейлер де көтеріліске шықты. «Шолақ белсенді» бір жақтан, аштық екінші бүйірден қысқанда халық қайда барарын, кімнен көмек сұрарларын білмеді. Жапа-тармағай Қытай асуға қорықты. Ол жаққа барғанда бізді кім күтіп тұр, мыналарыңды қайтарып алыңдар деп кеңес өкіметіне ұстап әкеп берсе күніміз не болады деген ой қажыған халықтың санасын сансыратты. Сәуірдің басында Тұрсын Омаров пен казак Петр Черных бастаған көтерілісшілер тобының соңына жазалаушы екі отряд түседі. Ақсу өзені маңындағы Адансай бұлағынан оңтүстікке қарай 15-20 шақырымдай жерде жазалаушылар көтерілісшілерді қуып жетеді. Сол жерде қоян-қолтық ұрыс болып, көтерілісшілер жазалаушылардан құтылып кетеді. Байлардың айла-тәсілінен титықтаған жазалаушылар отрядының командирі, ОГПУ-дің жергілікті басшысы Тарутис жедел әрекет бөлімшелерінің бастықтарына көтерілісшілерді біржолата жойып жіберуге бағытталған арнайы бұйрық берді. Ол бойынша атты әскер дивизиясының бірінші эскадроны Қызылағаштағы көтерілісшілер топтарын жойған соң Сарқан ауданындағы көтерілісшілерді талқандауды көздейді. Тарутистің бұйрығымен жазалаушы отрядқа қосымша 155 жауынгер, 119 адамы бар атты әскер, 36 жаяу әскер, 3 взвод, 58 жауынгері бар коммунистік отряд, 30 жауынгері бар комсомол отряды, 170 жауынгері бар Қызылағаштағы комотряд, 70 жауынгерден құралған Сарқан комотряды, 60 жауынгері бар Ақсу комотряды, Алакөл мен Андреевкада 53 адамнан құралған еріктілер отряды жасақталды. Осы кезде Алматыға ОГПУ-дің бастығы Даниловскийге Қапалдан құпия жеделхат жіберіледі. Онда: «Бүйен­ ­– Ақсу ауданының Қызылағаш, Ақешкі, Сарқан, Қапал, Арасан елді мекендерінде 1500 адамдық банды жойылды. Операция кезінде бандиттер жағынан өлгендердің жалпы саны – 161 адам. Сарқан, Ақсу операциялары кезінде 40 адам өлтірілді. Қосымша тексергенімізде Қызылағаш түбінде 10 адамның өлтірілгені анықталды. Қапал, Баласаз операцияларында 120 адам тұтқындалған»,­ ­– деп келтіріледі. Мәскеуге Даниловский жіберген тағы бір құпия жеделхатта: «Бандалар топтарын жойып жіберу чекистік шаралармен жүзеге асырылады...» – деп жазылған.

 

    *        *        *

 

Қапал, Сарқан, Бөрлітөбе жұрты ешкімнен пана таба алмасын білді. Ендігі мақсат – Қытай еліне көшіп, бала-шағаны аман алып қалу. Ауыл-аймақтың баскөтерерлері жиылып Омар байдың баласы Тұрсын төреге келеді. «Қызылдар тұқым-тұяғымызды түгел құртатын түрі бар. Не де болса көшті бастаңыз, Қытай асайық. Ұрпағымызды босқа қырып алмайық. Ол жаққа тау арқылы баратын жолды білесіз, көшті бастаңыз»,­ – деп өтінеді. Сонда бірнеше жыл бұрын Қытай жеріне бір барып келген, жетпістен асқан Тұрсын төре ұзақ ойланып: «Ресей патшалығын үш жүз жыл басқарған Романовтар әулетін де кеңес өкіметі жоқ қылды. Қызылдар қырып-жойып барады. Оның үстіне күш алып кетті. Арамыздан шыққан тыңшылар шетімізден «сатып», қайда жүргенімізді айтып, ұстап беріп жатыр. Алла салды, біз көндік, Өтсек өтейік Қытайға», – деп көшетін уақытты белгілейді. Енді туған жер топырағына табаным тие ме, жоқ, жат елде қалам ба деген оймен жасы жетпістен асқан Тұрсын тығылып барып, әкесі Омар төренің басына Құран оқыды.

Есіне балалық шағы түсті. Сартау, Баянжүрек, Бүркүтті, Баласазда кең жайлап, ағайын-туыстың қызық тойын тойлап, өздерімен дәрежелес адамдармен құдандаласып, арқа-жарқа болып жататын дәурен-ай! Әкесі өте зерделі, әділдігімен танылған ауқатты адам еді. Омардың үйір-үйір жылқысы су ішуге келгенде Бүйен өзенінің суы тартылып қалатын. Ол көзінің тірісінде бір сандық алтын беріп, Түркістан жақтан шебер алдырып, өзіне күмбез салғызды. Онысы бақилық мекенім бала-шағама рух беріп тұрсын дегені еді. Күмбез арқылы өзінің дәрежесін де байқатқысы келген. Биіктігі 10 метрге жуық мазарды ешкінің майы, жылқының жал-құйрығын араластырып салдырды. Батпақты бір үйір жылқыға таптатып, иін қандырады. Құлап қалған жылқылар болса, шеткерек шығарып, бауыздап, ел-жұртқа үлестіріп жіберіп отыратын. Кесененің төбесіндегі айы айналып тұрады. Мұндай мазар бұл маңда бұрын-соңды болмаған. Қасиетті Омар төре өмірінің соңында кесене салынып бітті ме деп қайта-қайта сұраумен болады. Бақилық үйі тұрғызылып біткенде барып көз жұмады. Мұнда өзінің бауыры Алқан батыр да жатыр. Жан-жағында өрен-жарандары. 

 

Картинки по запросу қытайға қашу

 

Өткен күндерді көз алдынан өткізген Тұрсын төре соңғы жылдардағы жағдайды есіне алды. Тұлпардан тұғыр озған заманда Шыңғыс қағаннан тараған, бүкіл қазақ қадір тұтқан текті ұрпақтың басы қадірленбеді. Керісінше, қалыптасқан өмір сүру қалпы бұзылып, күнкөріс көзі жойылды. Осыны ойлап терең күрсінген бай баласы атақоныстан бір уыс топырақ алып, ақ шүберекке орап қалтасына салып, атқа қонды. Суыт жиналған көш түнделетіп жолға шықты. Көштің құрамында ұзын саны 300-дей адам. Сартаудан өтіп, Демікпенің асуына барғанда жолды қар басып қалған екен. Көштің арасында көтеріліске бірге шыққан орыс-казактар да бар еді. Күрек, кетпен ұстауға бейім орыстар жолды қардан аршуға кірісті. Қызылдардан енді құтылған шығармыз, аттарды да суытып алайық деген көшбасылар арқаны кеңге салып, демалмақшы болады. Сол кезде көпірдің қарсы бетінен мұздай қаруланған қызылдардың әскері шыға келеді. Тұрсын төре қасындағыларға қашыңдар деп бұйрық берді. Немересі Мәжін өзінің қашпайтындығын, керісінше, ағайын-туысы құтылғанша қызылдардың жолына кедергі болатынын айтады. Көшке ілескендердің арасында Тұрсынның Батырқан деген бауырынан туған Садық есімді ұлы бар еді. Батырқан қайтыс болған соң жесірі Жаңылысты Тұрсын әмеңгерлікке алған. Мәжін Садық інісіне: «Мені енді бұлар құтқармайды. Тұрсынның туған немересі екенімді біледі. Сен қаш. Ұстап алса кедейдің баласы едім, малдарын айдатуға ертіп алған де. Өзіңнен кішілерге, әпке-қарындастарға бас-көз бол. Малды қалдырма, бірге айдап кет», –­ деп бауырына амандық тілейді де өзі қызылдарға қасқая қарап, тұрып алады. Соның арасынша, Курносов әскерінің қандықол жендеті шауып келіп, әлі жиырмаға да толымаған Мәжінді ортан белден қылышпен шауып түсіреді. Сол кезде Тұрсын төре көзінен жас шығармай тістеніп тұрып алады. Болар іс болды. Әйел, бала-шаға қашып құтылғанша жолдарын бөгей тұрайын деп ойлайды. Қазақтың жаужүрек батырына жақындауға батылы жетпеген қызыл әскер командирі Курносов төрені алыстан көздеп, винтовканың шүріппесін басып қалады. Командирден кейін де бірнешеуі ажал оғын жаудырады. Тұрсын төре сол кезде барып құлайды. Ойлағанындай осы сәтте біраз адам қашып үлгереді. Осының бәрін көз алдынан өткізген Тұрсынның баласы Қырықбай тас түбіне тығылып, аман қалады. Атыс-шабыс аяқталған соң қызыл әскер оқиға орнынан жылдам аттанып кетеді. Тас түбінде қозғалмай жатқан Қырықбай көз байлана әкесі мен Мәжін және сонда мерт болған бірнеше адамның денесін атақонысы Баласазға жеткізіп, әкесі Омар төренің қасына жерлейді. Түнделетіп денелерді тасып, қабір қазып, басын көтергенше бірнеше ай өткен екен. 

Тарихшы Халел Досмұхамедов: «Тарихты ұлылар жасайды, пенделер бүлдіреді. Ит өз-өзін танымаған соң айнаға қарап үреді» деген еді. Тарих – ұлттың айнасы. Ендеше, ұжымдастыруға қарсы көтерілістің болғанын, көтерілісшілерді сталиншілдердің аяусыз қырғанын халық білуі керек. Өткеніңді саралау арқылы бүгініңді бағалайсың. Кеңес өкіметі кезінде «Мақтанса бүгін мақтансын қазақ, төбесі көкке тимей тұр аз-ақ» деп әндеттік. Кеудемізді кернеп бара жатқан ненің желігі екенін білмесек те желпіндік-ау. Бұл – кеңес билігінің қып-қызыл қантөгіспен келгенін білмегендіктен жіберген олқылығымыз еді. Ұжымдастыру «Қайырымсыздар қаптаған заманда қайыршылар көбейедінің» керін келтірді. Банды аталған аталарымыздың шынайы ерлігі жайлы ауыз толтырып айта алмадық. Санамызға әбден сіңіп, қантамырымызға дейін өтіп кеткен қорқыныш еңсемізді көтертпеді. Мақтануға тұрарлық аталарымыздың атын айтуға сескендік. Мектеп, жоғары оқу орнына арналған оқулықтарда көтерілісшілер ұры-қары ретінде көрсетілді. Шындығында олар мал-мүлікті талан-таражға салуға қарсылық білдірген, ақыр соңында көтерілістен түк шықпайтынын біліп, ел-жұртты аман алып қалу үшін шетел асырып, басын бәйгеге тіккен батырлар еді. Тарихтың кейбір маңызды беттері бүгінге дейін толық парақталмай жатыр. Тұрсын төредей алыптарымыз бастаған көтерілістің шынайы бет-бейнесі әлі де ашыла түспек.