ӘДІЛБЕКТІҢ  ӘДЕМІ  ӘНДЕРІ ...

« Әділбек Ыбырайымұлы  –  халық  әндерін  бойына  сіңірген,

туған жер топырағының ән бесігінде тербелген  сазгер ».  

Гүлбақыт Қасен

 

   Иә, қазіргі уақытта елімізге жақсы танымал, шығармашылықкерлер ортасында «Арғымақ ақын» атанған Ә. Ыбырайымұлының айтарлықтай сазгерлік те өнері бар екенін қалың жұртшылыққа жеткізгіміз келеді.

  Сол мақсатта, бүгін сайтымда біздің жерлес,  Ақсулық дарынды азаматымыздың «сегіз  қырлылығын ...» айқындайтын   Гүлбақыт Қасеннің  толғаулық  мақаласы мен  Өзінің  бірнеше әндері  беріліп отыр. Тамашалаңыздар!

  Сонымен бірге, осы сайтымда  Әділбек бауырымызға арналған жеке тарау және де Фейсбук жүйесінде  «Алатаудың Арғымақ ақыны — Әділбек Ыбырайымұлы» атты жеке топ парағы бар екенінде ескерте кетейін.

 

*       *       *

  Құлаққағыс:  Егер осы сайтта «жоқ болсаңыздар», оған жазылуды ұмытпаңыз!! Ол үшін оң жақтағы немесе  парақтың  астындағы  терезешелерге  адрестеріңізді  енгізіңіз!  

Және де  дайындалған  электронды  кітаптарды  алыңыздар!

«Өз елі, өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді»
Ілияс Жансүгіров.

Гүлбақыт Қасен

 

   Қазақтың  маңдайына біткен ұлы тұлғалары: «Алыстан Алаш десе аттанамын, Қазақты қазақ  десе  мақтанамын»  деп өткен Міржақып, «Арғы атам ер түрік, Біз қазақ еліміз» деп Алаштың ұранын жырмен жеткізген Жүсіпбек,«Тайпалған талай жорға, талай тұлпар, Тағдырдың  кез  болып тұр кермесіне»  деп  Анасына  хат  жазған  Ахмет, «Адамдық борыш ар үшін, Барша адамзат қамы үшін, Серт бергем еңбек етем  деп,  Алдағы атар таң үшін» деп өз өмірінің бүкіл мәнісі еңбекте жатқанын  айтқан  Шәкәрім, «Толқыннан  толқын туады, Толқынды толқын қуады» деп толқын мен толқынның жарысатыны әдемі жеткізген Мағжан. Олар – қазақ руханиятының бес арысы.

 

  «Сыр сандықты ашып қара, Ашып қара, сырласым. Сым пернені басып қара, Басып қара, жырласын» деп сырлы жырымен сүйсіндірген Сәкен, «Сенің зарың – зарлайтыным  өмірде,  Сенің  арың – арлайтыным  өмірде» деген жырларымен кедейге дем берген Бейімбет, «Жер таппан жерде жетер Жетісуым» деп Жетісу суреттерін  көз  алдыңа  әкелген  Ілияс.  Олар – қазақ әдебиетінің үш бәйтерегі.

 

  Ұлылардың  есімін ұлықтай отырып, дана Абай айтқан үш асыл қасиет: «ыстық қайрат,  нұрлы  ақыл, жылы жүректі» бойларына  дарытқан  дарынды  тұлғалардың  әрі ақын, әрі  жазушы,  әрі  публицист,  әрі драматург, әрі аудармашы, әрі әнші-сазгер болғанына қайран қаласыз, талантына тәнті боласыз. Міржақыптың, Жүсіпбектіңжалынды жырларымен рухтана отырып, «Бақытсыз Жамалдың», «Қартқожаның»  тағдырына  алаңдайсыз,  Ахметтің «Қырық мысалын» оқып, «Әдебиет танытқышынан» мол мағлұмат аласыз, Мағжанның «Қойлыбайдың қобызына» үңіліп, аудармаларына сүйсінесіз. Бейімбеттің «Шұғаның белгісіне», Ілиястың «Құлагеріне»  тамсанып,  драмалық шығармаларына ден қоясыз. Шәкәрімнің  тағылымды  дүниелерін оқи отырып, «Бұл  ән  бұрынғы әннен өзгерегіне" құлақ түресіз. «Тар жол тайғақ кешкен» Сәкеннің «Тау ішінде» әнімен қияға өрлейсіз.

 

  Тағы да  Абайдың«Дүние – үлкен көл, Заман – соққан жел, Алдыңғы толқын – ағалар,  артқы  толқын – інілер. Кезекпенен өлінер, баяғыдай көрінер" деген толғауына  үңіле отырып, алдыңғы толқынның ізін жалғастырар кейінгі толқын буынды іздейсіз... Тіпті, «өлең – сөздің патшасын» биіктетіп, қарасөздің қасиетін асқақтатқан  Абайдың  өзінің  «Айттым  сәлем,  Қаламқасы» мен «Көзімнің қарасына»  ғашық  боласыз...
  Өлең  құдіретіне елітесіз, ән қанатымен шарықтайсыз, қазақтың сөз өнеріне бас иесіз!

 

 Айтар сөзімнің кіріспесі – ғасырлар көшіндегі халқымыздың рухани құндылықтарындағы  алтын  көпір  болған  ардақтылар  туралы  аз-кем  ойым  еді.
Заңғар  жазушымыз  М. Әуезовтің: «Көркем  өнер біздің ішкі дүниемізге, жан жүйемізге  әсер  етіп, адамдық қалпымызды тәрбиелейді», — деген сөзі ХХІ ғасырға аяқ басқан  сәттегі  әдебиет  айдынында,  рухани  дүниелерде  бағдар  болары  анық.

  Мен мысалға келтірген алдыңғы буынның «сегіз қырлы, бір сырлылығын» кейінгі ұрпақ  қаншалықты  бойына сіңірді дегенде, ішкі дүниемізді әсемдікке бөлейтін өнерді бүгінде халыққа жеткізіп жүрген дарынды жандардың еңбегін кеңінен насихаттау  тұрғысында Жетісу жерінің тумасы, белгілі қаламгер, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әділбек Ыбырайымұлының есімін  ерекше  атап  өткенді  жөн  көрдім.

 

   Біріншіден,  Әділбек  Ыбырайымұлы – ақын. Ақынның поэзияға деген сүйіспеншілігі, өлеңге деген адалдығы, жүрек тазалығы әр жырынан айқын аңғарылады. Оның әр жылдарда жарық көрген «Пір мен пырақ», «Көктемсіз жыл», «Сүмбіле шуағы», «Ақ тамақ қарлығаштар» атты жыр жинақтарына енген өлеңдерінің  өнбойынан  елдік  пен  ерлік, кемелдік пен кеңдік, адалдық пен арлылық,  махаббат  пен  достық көрініс тапқан. Жырларында кісілік қасиет, азаматтық  байлам  бар.  Тереңнен ой өрбітетін автордың өзіне ғана тән тіл мәйегі мен ой иірімдері ешкімді бей-жай қалдырмайды. Өлеңнің әр сөзіне, әр жолына, әр бояуына  терең  мән  беріп, ойлы дүниелер жазады. «Өлең өнері – сөзбен, ал живопись  (жанды жазу) өнері бояумен құлпырады» (Әл-Фараби).

  Әділбек Ыбырайымұлының ақындық  позициясы  айқын,  өзіндік ешкімге ұқсамайтын  бекзат  болмысы  тыңнан  жол  салады.  Өлеңдерінде азаматтық үн басым, шынайылығымен және көркем кестелілігімен көңілге шуақ құяды. Абайдың өлең жазуға қойылған: «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, Теп-тегіс жұмыр келсін  айналасы»,— деген талабы өз үдесінен шыққан.

 

Жауыздыққа жаны қас дес бермеген,
Ақиықтың ұрпағы ем төске өрлеген.
Сахарадай кеудемді күмбір-күмбір –
Жыр-жиһазбен жасанған көш кернеген.
Жоғалмасын әнімнің мағанасы,
Шарықтасын арманның шағаласы.
Ақиықтың ұрпағы ем көкке өрлеген,
Қара басым – қара өлең садағасы.

 

  Екіншіден,  Әділбек  Ыбырайымұлы – жазушы.  Қаламгердің  «Адам-айуан»  романы,  «Ақкекіл»  хикаят  пен  әңгімелер жинағы, «Ұяластар» романы, «Зауқайыр» роман-триллері,  «Мизам-көк»  хикаяттар мен әңгімелер жинағы, «Абыз  дала  аңызы»  хикаяты – әдебиеттегі  қолтаңбасы  бөлек,  қазіргі  қазақ  елінің төл туындылары. Әр шығарманың  өзегіне айналған негізгі оқиғалар желісі өмірден алынған, шынайы.  Бір  шығармасы 1990 жылдардағы уақыт алпауыттарының қанқұйлы айуандық  қам-қаракеттерін  суреттесе,  бір  шығармасы  бүгінгі  тәуелсіз  де еркін  еліміздің өзіндік бедерімен қалыптаса бастаған азаматтарының болмысы мен психологиясын бейнелейді.

  Роман-триллерде бір отбасының тағдыр-талайы арқылы өтпелі кезеңге тап келген тұтас  ұрпақтың қам-қаракеті мен болмыс-бітімін береді. Тақырыптық жағынан біріне-бірі ұқсамайтын дүниелерді жазу барысында жазушы өзінің де білімінің, қарымының  мықтылығын  танытады.  Айтар ойын жадағай бермей, түрлі теңеулер мен тіркестердің қиюын келістіре отырып, топшылап, әдемі суреттеп жеткізіп, әр сөзіне жете мән береді. «Жазушыда ғұлама, сыншы мен суреткерлік бірдей қиысып келуі керек» (А. Толстой). Жазушы оқиғаларды өрбіте отырып, оқырманын жалықтырмайтын, көңіл пернесін дөп басатын, ойландыратын бағытқа түсіп, образдарды көркем сомдау арқылы адамның өзін тәрбиелеуге жол нұсқайды. Құнарлы да шұрайлы тіл, көркем де келісті сурет-бояуларымен кестеленген өмірдің өзіндей шынайы, астарлы да тағылымды туындылардың қай-қайсысы да өз оқырманын үйіре баурап, санасын сәулелендіреді.
«Әдебиет  тек  асыл мұратпен, таза ар-намыспен ғана кіруге болатын зәулім сарай» (С. Шаумян).

  Әділбек Ыбырайымұлының  сұлу,  әдемі  көркемсөзбен,  құнарлы, терең оймен, асқақ, биік парасаттылықпен тұрғызған әдебиеттегі сарайы жансарайыңды нұрландырып,  сені  асыл  армандар  мен  үміттерге  жетелейді.«...Міне, абыз даланың ақиқатқа апарар аңызы кәрі шежіренің көкей-көзінде қалып қойды. Одан бері де тебінгіні тер сасытып, толарсақтан қан кештірген қаншама сұрапыл соғыстар өтті. Соның бәрі не үшін, кім үшін еді?..
Алайда, бар сырын ішке бүккен Қазақ елінің салқар даласы сағым қашқан құла түз емес, арман мен мақсаттың тоғысқан құбыласы болатынын ол кезде ешкім болжай алған жоқ.
Бірақ, бір үміт, ізгі ниет әріден қылаңытатын... Сол үміт пен сәби ниет Қазақ жұртын аман сақтап келеді»  («Абыз дала аңызы»).

 

  Үшіншіден, Әділбек Ыбырайымұлы – халық әндерін бойына сіңірген, туған жер топырағының ән бесігінде тербелген сазгер. Музыка әлімінде, қайнаған өнер ортасында есімі  танымал  болмаса  да,  жүрекке  жылы, көңілге қонатын жыры мен саз әуенін жеткізе біледі. Қазақы бояуға тұнып тұрған «Бәйшешегім», «Жалған», «Оралу», «Әже әлдиі», «Зулайды күндер», «Туған жерге сыр» әндері – «құлақтан кіріп,  бойды  алатын»,  есті  әндердің  қатарын  толықтыратын  әсем  әндер.

  «Тіл мен  музыка  тілі бір-біріне етене қатысқан кезде музыканың әсерлігі арта түседі. Адамзатқа тән ерекше бір жақсы қасиет – өзін қоршаған дүниенің әсемдік сырларына үңілу, содан  рухани  нәр  алу,  өзінің  нәзік  сезімін  образдар  арқылы паш ету» (Әл-Фараби). Егер ақын нәзік сезімін көркем жырларымен өрнектеп, оны тоғыз  пернелі,  екі шекті домбыраның қоңыр үнімен әуелетіп, көңіл-күйді шарықтатып  жатса,  керемет емес пе?!

  Әділбек Ыбырайымұлының адам жанын жайлы күйге бөлеп, ой-сезімге тез әсер ететін,  ойды  байытатын  сазды  әуендерінің көңілді биікке көтеретін құдіреті ерекше. Оның әсем әндері там-тұмдап жүрекке енеді, жан дүниемізді толқытады. Әндегі  рух  сүйекке  сіңеді,  құлақта  қалады. Абай айтқандай: «жақсы әнді тыңдасаң ой көзіңмен, өмір сәуле көрсетер судай тұнық».

 

 Төртіншіден, Әділбек Ыбырайымұлы– мемлекеттік қызметкер. Тәуелсіз Қазақстанның өсіп-өркендеуі жолында табысты еңбек етіп, қазақ әдебиетінің, мәдениетінің,  спорт  саласының,  ішкі  саяси  ахуалдың  басы-қасында жүріп, «теңізге тамған тамшы болып» өз үлесін қосып, білімі  мен  біліктілігін танытып жүрген азамат, ана тілінің айбынын асқақтатар қазақтың ұлы. «Қазақ тілі — сұлулығымен  бой  балқытып,  тамыр  шымырлататын,  жан  жүйеңді  жандырып,  құлақ құрышын қандыратын, өткірлігімен қысылтаяң тұста ер мен елге бірдей медет беріп,  адам  түгіл  жағдайдың  өзінің  аузына  құм құятын ғажайып кемел тіл», — деп Б. Момышұлы  баға  берген  қазақтың  қасиетті  тілі – қазақтың Әділбектей ұлының баға жетпес байлығы, асыл қазынасы.

 

   Ұлттық сөз өнерінде өзіндік өрнегімен, айырықша қолтаңбасымен танылған ақын, қарымды қаламгер, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегеріӘділбек Ыбырайымұлының бір бойынан бірнеше қасиеттердің табылуы, жан-жақтылығы, ерекше дарындылығы, солай бола тұра, өте қарапайымдылығы, кішіпейілділігі таңқалдырды. Өткен жылы туған топырағында шығармашылық кешін өткізгенде қолымызға тиген шығармаларын («Сүмбіле шуағы», «Ақ тамақ қарлығаштар», «Ұяластар», «Зауқайыр», «Мизамкөк») үлкен ықыласпен оқып шықтым. Қазақ әдебиетіне осындай  құнды дүниелердің қосылғаны мені шын қуантты, шығармаларды оқи отырып әдеби танымым кеңейді.

  Ғасырлар тоғысындағы әдебиет айдынында – алдыңғы толқын буынның ізін жалғастыратын, бабалар дәстүрі мен ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, Мәңгілік  Еліміздің  мұратын асыл ететін азаматтар қатарындағы Жетісудың төл перзенті,  жерлесіміз  Әділбек  Ыбырайымұлының  орны  бөлек.

 

  P.S  Жер жанаты Жетісудың қасиетті топырағы, киелі бесігі талай дарындарды дүниеге әкелді. «Шешен кісі сөз бастар, Адал кісі ел бастар» деп жыр алыбы Жамбыл  айтқандай,  Жетісу  жері сөз бастайтын шешенге де, ел бастайтын көсемге де, қол бастайтын батырға да кенде емес.

Лайым, солай болғай!

Тек, бір нәрсені естен шығармауымыз абзал: «Өз елі, өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан  алсын  кемеңгерді»  (Ілияс).

 

 

 

Әділбек  Ыбырайымұлының әндері

( Әндері де, сөздері де Өзінікі)

 

Оралу 

 

Орындаған: Қасымхан Бұғыбай

 

 

«Бәйшешегім»

Орындаған: Жандәулет Батай

 

 

«Ғашықтар әңгімесі»

Орындағандар:  Жандәулет Батай мен Алтынай Нұрбек

 

«Жалған»

Орындаған: Қасымхан Бұғыбай

 

 

 

«Зулайды күндер»

Орындаған: Гауһар Жүсіпова.