Құрметті оқырмандар! Бүгін сайтымның «Ақсулық өнер саңлақтары» атты тарауына елімізге жақсы танымал сазгер Мұратқан Егінбаевтың есімін енгізіп отырмын. Ол  көрші боп келетін Андреев (қазіргі Алакөл) ауданында туып өссе де, жоғарғы оқу орнын бітіргеннен кейінгі оның 25 жылғы саналы өмірі біздің,  Ақсу ауданында өтті.  Және сол жылдары қызметтік міндеттерін атқаруымен қатар, оның бойындағы  сазгерлік өнері қатар дамып, шеберлігі толығымен қалыптасады.  Ауданның әлеуметтік-мәдени дамуына қосқан елеулі еңбектері үшін, оған «Ақсу ауданының Құрметті азаматы» атағы  берілген де болатын.

  Төменде М.Егінбаевтың  қысқаша өмірдерегін және оның шығармашылық еңбегін толықтыра көрсету мақсатында, ол туралы ертеректе, 2010 жылы  «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Мұраты мығым Мұратхан» атты мақаланы қоса беріп отырмын.

  Сонымен бірге, қазір  сайтымда Мүкеңнің өзінің  ұсынуымен 30-дан аса әндері жинақталды. Біраздары бұрынырақ жарияланған, басқалары да ары қарай рет-ретімен, тақырыптарға сай   берілетін болады.

  Ал, бүгін солардың ішінен  халқымызға жақсы таныс және олар сүйіп тыңдайтын «Ақ бата» (сайтыма ырым ретінде де) және «Қаракерей Қабанбай» әндері бейне және аудиожазбалар ретінде беріліп отыр. 

 

 

ЕГІНБАЕВ Мұратхан Солтанбайұлы

 

Өмірбаян

 

  Картинки по запросу мұратхан егінбаев   ЕГІНБАЕВ Мұратхан Солтанбайұлы 1939 жылдың 5-қаңтар күні Алматы облысы  Алакөл ауданы (бұрынғы Андреевка, Үйгентас) ауданы) Талдыбұлақ ауылында туған. Сазгер. Қазақстан композиторлар одағының мүшесі.

  Ол 1958 жылы Алакөл ауданы Жыланды ауылындағы орта мектепті бітіреді. Оның сазгерлік талабы ертерек байқалады. 1957 жылы Мұқағали Мұқатаевтың «Сағындым» деген өлеңіне ән шығарып, бірден танылады. Сол мектепте оқып жүргенде 4 ән, 1 күй шығарып үлгереді. 

   Мектепті бітіргеннен кейін Целиноград ауылшаруашылығы институтының «Сәулет өнері»  факультетіне оқуға түсіп, оны 1964 жылы «сәулетші»  мамандығы бойынша бітіреді. Осы институтта домбра үйірмесін ашып, сол үйірменің жетекшісі болып, оқу мен өнерді бірге алып жүреді.

  Еңбек жолын Ақсу ауданында бастап, 25 жыл ауданның бас архитекторы болды. Сол жылдары, сәулетші ретінде ауданның елді мекендерінде және аудан орталығы-Жансүгіров поселкасында әкімшілік-тұрмыстық,  өндірістік ғимараттарды, тұрғын үйлердің молынан салынуына, безендірілуіне қосқан үлесі мол болды.

 Сонымен бірге,  осы жылдары оның сазгерлік өнері де қатар дамиды. 1980 жылдан бастап шығармашылық кештері Алматы облысында, Астана мен Алматы қалаларында өткізіліп отырады.

 

  1991 жылы халық депутаттары Алматы облыстық Кеңесінің шешімімен «Батырлар жыры» байқауының лауреаты атағы берілді.  2000 жылы «Жаңа ғасырға-жаңа ән» байқауында алты әні бірдей жүлделі орындарға ие болды. «Абылай» әні Бас жүлдені жеңіп алса, екі шығармасы 3-ші дәрежелі дипломмен, үш әні ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.

  2003 жылы М.Төлебаев атындағы дәстүрлі облыстық сазгерлер байқауында  К. Салықовтың сөзіне жазылған «Жетісу» әнімен, 2004 жылы Н.Аманжоловтың сөзіне жазылған «Мектеп» әнімен екі дүркін жеңімпаз атанды. 2004 жылы. «Елім-менің» атты республикалық патриоттық әндер байқауында Қ.Бұғыбаеваның сөзіне жазылған «Отан-Ана» әнімен лауреат атанып, 3-ші дәрежелі дипломмен марапатталды.

  «Жастық шақ әуендері», «Сағыныш», «Аққу жеткен» сияқты жинақтарға 30 әні енгізілді. «Үш арыс», «Қаракерей Қабанбай» әндері «Ақ қайың» және «Қабанбай батыр» деректі фильмдерінде орындалып, 100-ден аса шығармалары  Қазақ радиосының «алтын қорында» сақтаулы. Қазақ тілін насихаттау және үйрену мақсатында шығарылған «Қазақша караоке» жинағына 40-жуық әні енгізілген.

  «Тың игергені үшін», «Лениннің туғанына 100 жыл», «Тәуелсіз Қазақстан Республикасына 10 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған.   Ақсу ауданының Құрметті азаматы.

 

 

Мұраты мығым Мұратхан

 

  Әннің құдіреті туралы Абайдан асырып айтқан адам жоқ болу керек. Ұлы ақын “Әннің де естісі бар, есері бар” дейді. Қазақ осының ес­тісіне құлақ түріп, есеріне мән бермеген, ән деп бағаламаған. Содан да болу керек аспан­дағы аққумен үндескен, алтын ғасырлардан бізге жеткен әуендердің халқымызбен бірге жасап, заманмен жаңарып келе жатқаны. Жасыратыны жоқ, қазір әнші де көп, ән де көп. Бірақ, әуені тарсыл-гүрсіл, орынсыз ай­қау-шуға толы, егіз қозыдай әнсымақтар кө­бей­­іп, оны орындайтындардың біразы жұлдызбын деп жұлқынып жүр. Жұрт шын қабылдап, жүрегіне ұялатпаған ән деп жүргендердің қызыл-жасыл қызуы жылдар өте келе жыраға сіңген судай ұмыт болатыны анық. Теңіз түбінен сүзіп алған маржандай асыл әуендер ғасырлардан ғасырларға жалғасып, ұр­пақ­тардың рухын оятып, санасына сәуле тү­сіріп, көңілінің көкжиегін кеңіте беретіні шүбәсіз.

 

  Бұған уақыт сынынан сүрінбей өтіп, өмір өткелінде өкпесін өшірмей өрлігімен та­ныл­ған айтулы арғы жауһарларымыздан бір мы­сал келтірер болсақ, Ақан серінің “Құ­ла­гері”, Біржан салдың “Ақ сисасы”, Естайдың “Қорланы”, Мәдидің “Қарқаралысы” – осылайша жалғаса беретін ұлт руханиятының арқаулары ойымызға орала береді. Біз неге бұлайша әңгіме желісін тереңнен қозғап отырмыз дегенге келсек, алдағы айтқан парасатты әуендерді жалғастырып келе жатқан азамат туралы ой өрбітер тұста алыптардың өнердегі ұлылығы еске түсе берген еді. Ол – халықтық дәстүрдегі әндердің әдемі үлгісін қалып­тастырған, Астанадан алыстағы ауылда жүріп-ақ қарапайым қасиетімен келісті туындылар жазып, қалың жұртты тәнті еткен, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі Мұратхан Егінбаев. Сазгердің қай шығармасын алсаң да қазақтың қара домбырасымен ұштасып, әншінің үнімен ажары ашылып, өз тыңдармандарын баурап алады. Ұлттық нақыш, бұйдасын үзіп, бұзылмаған халықтық қалып әдемі үйлесім табады. Өзінің таңдаған мамандығы сәулетшілік пен композиторлықты күймеге қосқан қос тұлпар­дай қатар алып жүріп, небір айтулы әндерді өмірге әкеліп, халықтың игілігіне айналдыруы – оның талантын көрсетеді.

  Әсіресе, өткен ғасырдың 80-ші жылдары сазгердің “Үш арыс” әні ерекше ілтипатқа бөленді. Кері заманның кесірі, зұлмат дәуірдің зұлымдығы қазақтың сүт бетіне біткен кереқарыс қаймақтарын қал­қып алып, қара түнекке қамап, артынан жер жастандырғаны тарихтан мәлім. Сол алапат дәуірдің құрығына ілініп, құрбаны болған, әр қайсысы ұлтымыздың бір-бір дәуіріндей дара ұлдары, бойларына қазаққа тән қасиеттердің бәрі дарыған дарындары Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин туралы көрнекті ақын Кәкімбек Салықовтың сөзіне жазылған сол “Үш арыс” әні 80-ші жылдардың ор­тасына қарай сахна төрінен, теледидар бе­тінен, радиодан берілетін концерттерден бір рет те түскен жоқ. “Кең даланың кемеңгер пер­зент­тері” деп биік рухта асқақтап барып, “Ақ­сұң­қарын, дауылпаз бұлан ерін, Күйші дала құс қанат Құлагерін, Үш арысын қайтарып құ­шағына, Ардақтайды сал­та­нат құрады елім” деген шу­мақ айтылғанда шыңға қа­нат қаққан қы­ран­дай әуелеп барып, “Тар ке­зеңде бір­ле­сіп, Бар қатерді бір кешіп, Еңі­реп туған елім деп, Қа­зақ­тың ірілері – Абайдың інілері: Сәкен, Ілияс, Бей­ім­бет” деп түйіп тастайтын тұсы рухыңды өсіріп, жан дүниеңдегі қал­ғып кеткен ой ұшқындарын оятатын. Отаншылдық сезі­мі­ңе нәр құйып, арыс­тар­дың азапты өміріндегі ақи­қатқа көз жеткізгендей бо­латынсың. Сазгердің әнінің құдіреті, ақынның сөзінің алымы осындай жақсы шы­ғармада танылатынына бұл туынды дәлел-дәйек болары айдан анық.

 

   Үш арыстан басталған алаштың ардақты­лары туралы Мұратхан Егінбаев ондаған әндер жазды. Батырлық пен батылдықтың, ақылдың айбыны болған халқымыздың жақсы мен жай­саңдарына, бағландарға арналған шығармалары да бір төбе. Олардың қатарында “Асанқайғы”, “Абылай”, “Қаракерей Қабанбай”, “Райымбек баба”, “Махамбет”, “Шоқан”, “Құрманғазы ке­мең­гер”, “Абайым”, “Жамбыл ата” туралы көр­кемдігі келісті,  тәрбиелік мәні жоғары, та­рих­тың әр кезеңінен сыр тартқан, елі мен жерін жаудан қорғап, ұрпағына  өлмес мұра қалдырған  әндерімен қатар, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің құрбанына айналған Қайрат Рысқұлбеков туралы “Қайраттың аза­сы”, “Желтоқсан таңы” секілді туындыларын жазып, жұртшылыққа ұсынды. Бұл елдің ел­дігін танытатын, халықтың қадірін арттыратын, пәс көңілді зорайтып, түскен ұнжырғаңды кө­теретін патриоттық әуендер қазақ даласының төрт бұрышына түгел жетті десек, артық айт­қандық емес.

 

  Ұшып-қонған жеңіл әуеннен алыс жүретін Мұ­ратхан Егінбаевтың соңғы кездердегі шы­ғар­малары тәуелсіз Қазақ елінің бақ пен бағына, шаттығы мен шалқар даласына, Арқа төсіндегі айбыны асқан Астанасына арналған. Мысалы, ақын К.Салықовтың өлеңіне жазыл­ған “Біз қазақпыз – азатпыз”, “Есілдегі Астана”, Ш.Уәлихановтың сөзіне жазылған “Астана – Ақорда” әндері сол сөзімізге мысал болса керек. Оның имандылық, ибалылық туралы белгілі ақын Сәкен Иманасовпен шығармашылық бірлікте жазған туындылары, жыр дүлдүлі Мұқағали Мақатаевтың отты да ойлы өлеңдеріне домбыраның екі ішегін тербеп отырып шығарған әуендері тыңдаған адамның жүрек қылын тербемей қоймайды.

 

  Бүкіл саналы  ғұмырын ел ішіндегі сәулет өнерін дамытуға арнаған айтулы өнер иесінің әуезді әндерін қазақтың тума таланттары Қай­рат Байбосынов, Жәнібек Кәрменов, Рамазан Стамғазиев, Майра Нұркенова, т.б. өнердің  туын көтеріп, өрісін кеңейтіп, өркенін өсіріп жүрген шын дарындардың орындап жүргенінің өзі сазгердің қарымының ерекше екенін дәйектейді. Оның мықты туындылары өз Отанымызда ғана емес, шет­­елдіктерге де кеңінен таныс. Тіпті, отаншылдық рухтағы әндері оқулықтарға еніп, ұл мен қыздың бойына нәр беруде. Ол көптеген ән байқау­ларына қатысып, жүлдегер атан­ған. Тәуелсіз елімізде жа­рияланған бәйгелерде ба­ғы жанып келеді. Айталық, 2001 жылы “Жаңа ғасырға – жаңа ән” байқауында “Абылай хан” атты туы­н­­ды­сы гран-приді иеленсе, 2004 жылы “Елім менің” атты ту­ындысы үшінші жүлде алыпты. Осы секілді қол жет­кен табыстарын тізе бер­­сек, әңгіме желісі біраз жерге ұзары анық.

 

  Халық таныған, жұрты қадірлеген, ұрпағы сыйлаған азамат туралы қазақ өнерінің айтулы өкілдерінің бірі, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мың­жасар Маңғытаевтың мына бір жүрекжарды сөзін қалың қауымға ұсынсақ, Мұратхан Егін­баевтың бүкіл өнердегі болмысы айқындалары сөзсіз. Мұратхан Егінбаевтың шығармашы­лы­ғына зер сала үңілер болсақ, оның дәстүрлі әндер шығаруға жақын екенін аңғаруға болады. Оның шығармаларын ести отырып қазақтың кең-байтақ даласын, мұрныңды жарар жусан иісін, сонда туып, халқы үшін басын бәйгеге тіккен азаматтарды көріп-білгендей сезінетінің бар. Оны Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Сегіз сері сияқты халық композиторларының ізін жалғастырушы деп қарауға болады”, – дейді көрнекті композитор.

  Сөз соңында айтарымыз, мұраты мығым Мұ­ратхан Егінбаев бүгінгі жеткен биігім ертең­гіге өлшем емес деп ұлтымыздың ұлылығын, жұртымыздың керемет қасиеттерін, тарихта аты қалған алыптарын, Алаштың ардақты ұлдары мен қыздарын алдағы уақытта ән әуезінде өрнектеуді мақсат етіп отыр екен. Оның ел ал­дындағы есебі болып есептелетін, бүкіл шы­ғар­масын қамтыған кеші елордадағы Президенттік мәдениет орталығында алдағы сәрсенбіде өтеді. Оған халқымыздың ән өнерінің айтулы өкіл­дері қатысып, жұртшылықты Егінбаев туын­ды­ларымен сусындататын болады.

 

Сүлеймен МӘМЕТ.

Толығырақ: https://egemen.kz/article/muraty-mygym-muratkhan
Толығырақ: file:///C:/Users/1/Desktop/Music/%D0%9C.%D0%95%D0%B3%D1%96%D0%BD%D0%B1%D0%B0%D0%B5%D0%B2/%D0%9C%D2%B1%D1%80%D0%B0%D1%82%D1%8B%20%D0%BC%D1%8B%D2%93%D1%8B%D0%BC%20%D0%9C%D2%B1%D1%80%D0%B0%D1%82%D1%85%D0%B0%D0%BD.html

 

 

«АҚ БАТА»

 

Әні мен орындаушы:  Мұратхан Егін­баев

Сөзі: Құттыбек Баяндиндікі

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

«ҚАРАКЕРЕЙ ҚАБАНБАЙ»

 

Әні мен орындаушы:  Мұратхан Егін­баев

Сөзі: Ораз Жұмашевтікі