Құрметті оқырмандар!

Бүгін жазушы, М.Қашқари мен  Ғ.Мүсрепов атындағы және Түркі әлемі жазушыларына арналған сыйлықтардың лауреаты, ҚР Ақпарат саласының үздігі,  «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы,  Ақсу жерінің (Алматы облысы) арда азаматтарының бірі   Дәурен Қуаттың туған күні.

Осыған орай, жерлесімізді, үлкен дарын иесі  бауырымызды мерекелі күнімен құттықтай отырып, оған мықты денсаулық, амандық тілейміз және оның шығармашылықтың талай биік шыңдарынан көріне беретініне сенімділік білдіреміз!

 

 Сайтымда бұрынырақ  «Ақсудың тағы бір ҚУАТЫ туралы» деген тақырыппен  оның өмірдерегін,   баспасөзде жарияланған  сұхбаттық «Ақиқат адамды сауықтырады» атты мақала  мен «Шаһар мен жаһан» деген бейнежазбаны берген болатынмын. Олармен мына сілтеме бойынша таныса аласыздар: http://bit.ly/2SDQPZz

Ал бүгінгі парақта тағы бір сұхбаттық мақаланы  және бүгін «Әдебиет порталында» жарияланған «Қызыр әулие мен Мұса ғалайссалам» атты әңгімесін жариялап отырмын. Қабыл алыңыздар!

 

Дәурен ҚУАТ, жазушы: «Кірлеген жанды тазарту менің міндетім емес»

Қарлыға ИБРАГИМОВА

«Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2018

06.11.2018

 

Дәурен ҚУАТ

 

– Дәурен аға, сіз қазір оқырман ортасы мен қаламгерлер қауымы үшін «қызықты» жазушы болып отырсыз. Кейінгі шығармаларыңызбен көпшілікті тәнті ете түскендейсіз. Осы уақытқа дейін неге жарқырап көрінбедіңіз?

– «Қызықты» жазушы екенімді өзім де жақсы білгенмін. Сондықтан қызуым мен қызығымды кейінге сақтап жүре тұрдым (күлді). Ал бұның шын себебі, жарқ етіп көрініп, жанбай жатып сөнетіндердің «соқпағына» түскім келмегендіктен болса керек. Проза – дайындықты, ішкі салқындықты, байып пен байсалдылықты талап ететін дүние. Оның үстіне қаламымды ала қағаздың бетінде жүгірте бастаған кезде айналамда «жұлдыздар» қаптап кетті. Солардың «жарығы» мол болған соң ба, әлде өзімнің бұйығылығым ба, жиырма, жиырма бес дейтін жасымда жарқырап көріне алмаппын. Бірақ ол кезде бізді оқырман қауым өткір жазатын, батыл ой айтатын, қандай тақырыпты болсын «ойнатып» бере қоятын, көркем тілді публицист, журналист ретінде жақсы білетін. Прозада болмағанымен, жалпы жазу өнерінде ерте танылған «пәле баланың» бірімін. Тоқсаныншы жылдардағы газет беттерін парақтаған жұрт менің бұл сөзіме еш дау айта алмайтын шығар. Сол кездің өзінде тиіп-қашты көркем дүниелер жазып жүрдік. 17-18 жасымда жазған «Қабірші», «Он сом» деген әңгімелерім мазмұны мен формасы жағынан жаңалық ретінде қабылданды. Әйтсе де, содан кейін өзімді тежеп ұстадым. Шынымды айтсам, сөзден қорықтым. Мақтау мен мадақтан қаштым. Және одан саналы түрде қаштым. Өйткені кемеліне келіп, өз бойындағы шығармашылық мүмкіндікті толық игеруге шамасы жете қоймаған жастың әсіре мадақ пен орынсыз сынға ілігуі қиындау мәселе. Әрине сені біреу мақтап жатқан жерде сындырып жіберетін сын да табылады. Мен білетін кейбір жігіттер кезінде мақтаумен қатар сын да естіген болатын. Солар қазір сынық сын құлағына тисе, талып қалатын, ауырып қалатын халге душар болыпты. Қазір олар жазумен емес, елдің аузындағы сөзбен өмір сүріп жүр. Сондықтан ақындарды білмеймін, дайындығы күшті, жақсы прозаик болуды мақсат тұтқан жастың алып-ұшпай сабырлы, салмақты, асықпағанын қалаймын. Бұл «жас қаламгер мүлде жазбасын, жазуды қойсын» деген сөз емес. Жазсын, бірақ жазған дүниесін «жарқ» еткізуге соншалықты құмар болмай-ақ қойсын. Көбірек жазып, машықтанған сайын жазушы іштей тоқырап, дағдарып қалады. Ондай сәтті өзім басымнан жиі өткеріп тұрамын. Әсіресе прозаға толық бет бұрмай жүрген кезімде іштей жүдеп, жасыған шақтарым көп болды. Ең бастысы одан шошымау керек екен. Ал жазудың әлгіндей фобиясына бір ұрынып қалдыңыз ба, қайткенде оны жеңуге тырысыңыз. Ол жеңіс сізге сенім боп оралады. Өзіне сенбеген қаламгерден сертке жүретін сөз тумайды.

 

– Сонымен прозаға келдіңіз…

 

– Ал келдім! Неге келмеймін? Проза есім-сойы әдебиетте танылып қалған жазушылардың меншікті мүкәммал мүлкі немесе адам баласының аяғын бастырмайтын атасынан қалған жекеменшік жері ме екен? «Дүниеге келеді әлі талай Қасым», демек прозаға да әлі талай Дәурендер келеді. Дәурендердің дәурені жүреді. «Дәурендер» демекші, осы күні маған еліктеп жазатын жас жігіттер бар. Менен ептеп ұрлайды… Менімен бәсекеге түседі. «Қызықты» жазушы болатынымды өзім де жақсы білгенмін» деп жоғарыда айттым ғой, сол сөзім – сөз. Мен өзіммен бірге тілі шұрайлы, оқиғасы шымыр, ойы астарлы, әлемдік үлгілі шығармаларда қозғалып жүрген тақырыптарды қаузайтын, әфсаналар дүниесімен бүгінгі уақыт аралығынан үндестік табатын қазақ прозасын әкелетінімді білдім. Сондай прозаның (әңгіменің) жас қаламгерлердің арасында бел ала түскенін байқаймын, байқаймын да, қуанамын. Бұрын да айтқам, кезегі келсе, тағы да қайталап айта беруден танбаймын: шығарманың қуаты қандай да бір «измде» емес, қалай жазылғанында. Яғни шеберлікте! Шығармаңызға аллегорияны араластырып, гротескпен жүріп отырасыз ба, әлде, лингво-стильді ұстанып, архаизм тілінде сөйлейсіз бе, бәрібір – түбі шеберлікке, оқырманды үйіріп әкететін жазу машығыңызға келіп тіреледі.

 

Көркем шығарманың тілімен күресетіндер көп қазір. Олардың уәжі: «Автор адамзаттық ой айтуы керек». Келісемін. Алайда автор бейшара ол ойды жазу тілімен жеткізеді емес пе? Солай екен, ендеше, шығармаға тіл керек! Шамасы, «әдебиеттегі тіл ұстарту майданында жүргендердің» талабы: қазақ прозасын мылжыңдықтан арылту болса керек. Ойға да, оқиғаға да қызмет етпейтін, шығарманың өн-бойында орыны анықталмаған, атқаратын қызметі белгісіз лақпа сөздер мен ащы ішектей созылған сөйлемдер қазақ жазушыларының шығармаларында көп кездеседі. Ол бізге орыстардан, орыстарға француздардан жұққан болса керек. Рыцарлық әдебиет пен классикалық француз әдебиеті аяқталған тұста бұл елде модернизм ағымға айналды. Ештен кеш жақсы, біз де қазір сол бағытқа бет бұрудамыз. Модернизм – автордың меланхолиясы емес, бізге модернистік жазу тәсілін бұлыңғыр, бұлдыр ойлар мен тілді біліп-білмей әдейі қисық-қыңыр қолданатындардың мектебі етіп көрсеткісі келгендер болған. Бірақ, ол олай болмай шықты.

 

– «Маған еліктеп жазатын жігіттер бар» дейсіз. Олар кімдер?

– Қанат Әбілқайырдан жаныма жақындық көремін. Оны да әфсаналар әлемі мен тылсым дүние сырлары қызықтырады. Қанаттың «Жылан кегі» деген керемет шығармасы бар. Жыланның тілін байлап тастаған бақсының бастан кешкен оқиғасы арқылы Қанат бабатүркілер өмір сүрген бағзы замандағы жылан тотемін тірілтеді. Қанаттың бұл шығармасын анау-мынау сыншылар ұға қоймайды, оған Әмірхан Балқыбек пен Серікбол Қондыбайлар керек. Бұл тақырыпқа мен де барғанмын. «Шахмаранның кітабы». Оқыған кісілер жылан шағып алғандай «уланып қалған» еді  кезінде (күлді).  «Маған еліктеп жазатын жігіттер бар» дегенде мен, ендігі жастар менен көшіріп отыр демеймін. Ол сөзімнің мәнісін жоғарыда түсіндірген секілдімін. Егер түсініксіздеу болса, тағы да таратып айтайын: біз қазір өз заманымыздың көркемдік шындығын танып, жаза алатын прозаның бастауында тұрмыз. Ал бұл бастаудың басында әңгіменің хас шеберлері:  Мархабат Байғұт, Нұрғали Ораз, Асқар Алтай сияқты ағаларымыз бар. Нұрғалидың тіленшінің кейіпіне еніп, содан шыға алмай қалатын кейіпкері, Асқар Алтайдың «Бүкірі», Мархабат ақсақалдың «Ақпандағы мысықтары» осы сөзіме мысал. Әдетте біздің жазушылар өздеріне жақсы таныс Кеңес өкіметінің тұсындағы адамдардың жан дүниесіне көбірек үңіледі. Ал ол адамдар – «бас-аяғы қалыпқа түскен» дайын образдар. Өткен тарихтың өзі де дайын жоба, былайша айтқанда, көркем дүниелерге сұранып тұрған шығармалар көшіне ұқсайды. Бұрын өндіртіп жазып келіп, еркіндік берілген уақытта сақа жазушыларымыздың тоқырап қалуының бір себебі осында. Олар өздері өмір сүріп бастаған жаңа заманның адамын түстеп тани алмай қалды. Қандай қоғам, қандай заман болсын жазушы үшін ең басты нысана адам болуы керек. Өткенде Астана форумына мейман болып келген мажар жазушысы Нора Майорош ханым айтпақшы, «Қаламгерлер қазіргі заманды суреттеуі керек». Әрине, жалпы жазушыға бұндай талап қоя алмаймыз. Мысалы, австралиялық ғажап қаламгер Маркус Зусак (1975 жылғы) «Кітап ұрысы» деген роман жазды. Екінші дүниежүзілік соғыс туралы қанша роман жазылды екен, есептегем жоқ, әйтсе де Зусак сол соғыстың сұрқия бетін ашып, қатыгездік пен зұлымыдыққа тосқауыл болатын құдырет – кітап сөзі, оның өзінде мейірім мен ізігілікке толы кітап сөзі екенін тағы да әйгілеп берді. Патрик Зюскинд кәдімгі француз әтірінің тарихын жазып шықты. Марио Варгас Льоса Доминикан Республикасының халқын қан қақсатқан деспоттың билігін әшкереледі. Бұл жазушылар біздің замандастарымыз. Ілгерідегі жазушылардың да тарихи деректі оқиғаларға жиі-жиі қалам тербеп өткенін білеміз. Тарихты да, бүгінгі заманды да таразылып жаза алатын, жазғанда тамсандырып жазатын жазушы өзімізде – Серік Сағынтай. Бүгінгі әдебиетшілер туралы жазғысы келетін сыншы не зерттеуші табылып жатса, міндетті түрде ол Серіктің «Жалмауызын» оқуы керек. Сәкен Сыбанбайдың «Үміт үйін» түпнұсқадан оқып таңғалғаным бар. Әдетте қарттардың қасыретті тағдырын сипаттап жазатын жазушы кейіпкерін қарттар үйінен алып қашады ғой, Сәкеннің қариясы керісінше, кешірім сұрап келген балаларына барғысы келмейді. Әке мен бала арасындағы салқындық, буын аралық көзқарастар қайшылығы әдеби шығармаларда бұрыннан көрініс тауып келеді, қазір, тіпті трендке айналған сияқты. «Тренд» демекші, осы күні қаламгерлер ғаламтордың шырмауына түскен адам жанының күйзелісіне жаппай мән бере бастады. Жуырда қазақстандық ПЕН-клубтың жиынына келген еуропалық бір жазушы (аты-жөнін ұмыттым) «Ғаламтордағы жалғыздықты жазған бірінші жазушы менмін», – деді. Ал, менің білуімде «М-агенттегі махаббат» деген әңгімені бірінші жазған – Сәкен Сыбанбай.

 

– Міне, сіз қазір Сәкен аға мен Серік Сағынтай, Қанат Әбілқайыр туралы айтып отырсыз. Осы кісілердің шығармашылығы жайында аға буын жазушылар неге айтпайды?..

 

– Сәкен мен Серіктің немесе Қанаттың шығармашылығы ғана емес, мен Қанағат Әбілқайырдың, Нұрлан Қабдайдың, Дархан Бейсенбектің, Қойшыбек Мүбарактардың жазып жүрген әңгіме-хикаяттары туралы да әлімше айта аламын. Өйткені бұл жігіттердің не жазып жүргенін үнемі қадағалап, оқып отырамын. Тұрысбек ағамның, Тұрысбек Сәукетаевты айтамын, Жүкеңнің-Жүсіпбек Қорғасбектің жазу үстелінен тұрмай жазуға кіріскендеріне бек ризамын. Өкініштісі бұлар туралы ешкім тіс жарып ештеңе демейді бүгінде. Қазақ әдебиетінің күні батып, ғұмыры аяқталған сияқты құдды. Әдебиет майданындағы бәсеке жайында сөз бола қалса, «мен үлкендерден емес, жастардан қорқамын» деп жатамыз ғой. Ол да жөн шығар, ал мен үлкендерден қорқамын. Үлкендердің үнсіздігінен, ішмерездігінен, немкеттілігінен, жаныашмастығынан қорқамын. Қазіргі қазақ әдебиетінің жай-күйіне алаңдап, қадағалап отыратын аға буыннан үш-ақ адамды білемін. Ол Төлен Әбдік, Қажығали Мұқамбетқали, Молдахмет Қаназов. Осы екі-үш ақсақалдан өзгесі оқуды да, жазуды да, айтуды да қойған секілді. Былтыр ғой деймін, Дулат Исабеков ағама бірер әңгімемді жібердім, егіліп отырып хат та жаздым: «Е-е», – депті де қойыпты. Көңілінен шықпасақ керек. Сөз жоқ, менің жазуым біреуге ұнайды, біреуге ұнамайды – мәселе онда емес, мәселе – аға буынның туған әдебиетіне көңіл бөлмейтіндігінде. Ащы да болса, осылай айтуға тура келіп тұр. Кезінде сөз зергері Ғабит Мүсірепов жас жазушылардың тілін сынады. Қайсыбіріне жылы лепес білдірді. Ғабеңнің сол сыны артық-кем болсын, бәрібір ниеті жақсы еді. Ғабеңнің орнын басып қалған бүгінгі ақсақалдарда сол ниет жоқ. Удай өкінішті, әрине.

 

 

– Сыншылар ше? Қазіргі әдебиеттің жай-күйі туралы сыншылар айтуы керек емес пе?

– Сыншы атанып жүргендерге көңілім толмайды. Кейбірі тіпті оқырман түсінгенді түсініп, пікір айта алмайды. Оларға осыдан кейін не деуге болады?.. Сыншы шығарманы сынаса, шығарма да сыншыны сынайды. Осыны ескеру керек. Сыншы сосын, байқампаз Һәм интеллектуал болсын. Шығарманың сыншыға қоятын талабының бірі – осы. Осы талапқа Семейдегі Әбіл Серік Әліәкбар жауап бере алады. Сосын мынау Бекзат Смадияр деген бала ер жетіп келеді. Бекзаттан үмітім мол. Нені, кімді оқысын қазақ әлеміне иіп әкеліп, салыстыра біледі екен. Ойы анық, ұстанымы берік азамат. Салыстыра сынау, салыстыра отырып ой айту – ұлы Әуезовтен қалған дәстүр. Ол дәстүр Төлеген Тоқбергенов, Таласбек Әсемқұловпен жалғасты. Енді оны Бекзат жалғастырады деп ойлаймын. Анар Қабылқақтың да сындағы ізденістері ұнайды. Анар сынға жаңа леп әкеле жатыр.

 

– «Тас монша» атты әңгімеңіз әлеуметтік ортаның ғана емес, әдеби ортаның да тазалығын аңсаған шығармаға ұқсайды. Келісесіз бе?

 

– Мүмкін. Әңгіме болсын, роман, повесть болсын, оқырман өзіне керегін алып, көргенін көңіліне түйіп жатады. Сондықтан «Тас монша» туралы бұл пікіріңмен келісемін. Жалпы әдеби орта да түптеп келгенде әлеуметтік ортаға кіреді ғой. Демек, әбілет нас басып, кірлеген қоғамда қаламгерлер қауымы да өмір сүруде. Бәлкім, өзгелерден гөрі кірі қалыңдай түскен орта осы орта шығар. Сөз – сәулелі құбылыс. Сөз – қуат, энергия. Сөз – Алланың аманаты. Сол аманатты жете түсінуге жетесі жетпей жінігіп, сөз қуатын лас нәрселерге, өсекке, өтірікке, қызғанышқа, аярлыққа жұмсап жүргендер, өкінішке қарай, біздің қатарымыздан да шығып жатыр. Бірақ олардың кірленген жанын тазарту менің міндетім емес, менің міндетім – «Тас моншаның» отын қыздыра беру (күлді).

 

 

  Қызыр әулие мен Мұса ғалайссалам

Дәурен Қуат

Әдебиет порталы,  10.02.2019  

426https://adebiportal.kz/kz/news/view/dauren_kuat_kizir_aulie_men_musa_galaissalam__1317

 

 

«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп»

Абай

 

Ысырайыл жұртымен ол үш мың жылдан соң жүздесті. Бәни Ысырайыл... Көне де емес, жаңа да емес. Көнесі жаңасымен, жаңасы көнесімен жарасым тауып, жалғасып жатыр. «Ескілігін есте ұстайды, ескермейтіні және жоқ,» – деді ішінен күбірлеп. Себебі, Бәни Ысырайылдың жадын бұл жақсы білетін. Иә, Перғауынның билігі мен көпіттерден түңіліп, осында елін бастап әкелген Мұса қаламолланы да көрген. Пайғамбарлық қонып, Жаратқаннан аян алып, басынан небір хикметтерді өткерген Мұсадан біреу: «Мына жарық дүниеде сенен асқан білімді жан иесі бар ма?» – деп сұрапты. Сонда Мұса Хақтың бірлігін, Жаратқанның Бәни Ысырайыл жұртын шапағатына кенелткенін, өзіне ерекше дарын сыйлағанын, теңізден жол ашылғанын, Перғауынның теңіз түбіне кетіп ажал құшқанын, сиқырлы қолы мен аса таяғының киесін айта отырып, мен – Мұрсал пайғамбармын, Алладан қысылғанда мұғжиза көремін, осыдан асқан абырой, атақ бола ма? Соған қарағанда: «Жер бетіндегі кемел білімнің иесі мен шығармын,» – дейді. Сөйткенде, Жаратушыдан уәхи жетіп: «Әй, Мұса, сенің әлгі сөзің не? Саған өлшеусіз білім мен қисапсыз қабілет дарытқанда, менің мүмкіндігіме күмән тудыратындай, ойға беріл деп пе едім? Бұ дүниеде білімі сенен асқан, хайыр-шапағатыма бөленген тағы біреу бар,» – дейді құдіретін кезекті рет әйгілеп. «Раббым, сондай ғұлама жан иесімен мені жолықтыршы,» – дейді Мұса ғалайассалам жалынып. «Кездесесің, – дейді Раббы, уағдалы күні кездесесің». Әлқисса, бұл әңгімемізді осымен ірке тұрайық та, ілкі уақыттан беріге өтейік.

 

*       *       *

...Қария көпке жұғымсыз көрінгенімен қадірлі-тұғын. Былайынша, оның жұғымсыздығы – түр-түсінің өзгешелігі мен жүріс-тұрысының ортаға ұқсай қоймайтындығынан еді. Әйтпесе, бау-бақша баптап, мал өсіретін, қолынан ақ таяғын тастамайтын, ауылымыздағы ақсақалдардың бірі болды. Жаназадан, топ-жиыннан да қалмайтын. Дөңгеленген жиегі баланың құшағынан үлкен, дағарадай қара қалпағын киіп алып, үлкендер бас қоса қалған үйге қарай, аяңдап бара жатқанын талай көрдім. Біздің қарттар да оны іш тартып тұратын сияқты: жолығыса қалса, қауқылдасып, арқадан қағып, амандық-саулық сұраса жөнелетін. Тек, Есімбек молда ғана оның тегін тергеп, түсін теріске салып, өзіне бейім ете бермейтін.

Біз естігелі бұл кісінің есімі – Әбірем. «Ұлты басқа. Қапқаз-ноғай ма екен, әйтеуір, орыс емес. Ал «пәмилесі» — Найман» деуші еді атам. Қараторы. Жоқ, қарасұр кісі. Көзінің қарашығы көкшілдеу. Әйтсе де, орысқа ұқсамайды. Қажет кезінде орысшаға судай. Қазақша тіпті қамшы салдырмайды. «Тірлігі құдды мұсылманның тірлігі. Алақан жаяды. Мінәжат етеді. Бірақ, пайғамбары бөтен көрінеді,» – дейтін ауыл адамдары. Осындай әңгімелердің бірінші себебі – Әбірем ақсақал біздің ауылға Арқа жақтан қоныс аударған. Қоныс аударып, біржола орныққан соң, өзін көпке дейін тұйық ұстап, кеңшардың көлденең жұмысына жегіп жүре берген. Кейін Құдайға құлшылық етіп, мүбәрак пайғамбарымыздың атын айтуға ептеп кеңдік жасалғанда, Әбірем өзгеше бір тақуалыққа көшсе керек. Осыдан кейін, Әбекеңнің Құдай жолына тас бекіп түскен тақуалығы алақандай ауылда, әртүрлі әңгіменің арқауына айналыпты.

Жаз айы. Алматыдағы оқуынан нағашы ағам демалысқа келген. Оқуға бас қойғаны, қаланың ауасын жұтып, ағарғаны әбден-ақ байқалады. Жөндемді адамда шаруасы жоқ, өзімен-өзі тау сағалап кетеді, қалың кітаптардың бетін ақтарады. Бір күні ол бәріміз дастархан басына жиналғанда: «Мына көршіміз «жөйт» екен. Бұлар Совет өкіметі құлағанша, арғы түбін жасырып жүріпті. Аты – Әбірем емес, Абрам,» – деп жаңалық ашты. Оқымысты ағамның сөзінен ұққаным: Әбірем ақсақалдың ауылынан пайғамбарлар көп шыққан көрінеді. Тілдері де көне тілдердің бірінен-мыс. Бұлар әр-әр кезде қуғынға ұшырап, Құдай Тағаланың қаһарына іліге беріпті. Өйткені, Құдай Тағала өзінің сүйген құлдарын кейде қырына алып сынайды екен. Өздері шетінен ақылды деседі. Ақылы мен білім-парасаты жер бетіндегі билеуші-әмірлерге де жақпай зәбір-запаны да көп шеккен. Совет өкіметі кезінде де абрамдар ашық бой көрсетпепті. Алайда, олар бір-бірін жақсы таниды, қамқор. Қашан бабақоныстарына жеткенше, осылай жан баға тұралық, деп уағдаласыпты. Бұлар пайғамбарлар жайында, небір аңыздармен бірге жасаған халық дейді. Тілдерін де ұмытпапты.

Ағамның әңгімесі құлағымның құрышын қандырған күні-ақ мен Әбіремнің ауласына енді өзгеше көзбен қарайтынымды сездім. Өйткені ол – «Ащыбұлақ» аталатын алаңғасар, ақкөңіл ауылды сағалап жүрген жат, құпия адам. Әбірем – бала сүймеген, кемпірі екеуі ғана тұратын. Ал, кемпірі – «Ащыбұлақтағы» өзімен жасы қатар қарт аналармен шүйіркелесері кем, суықтау жан. Үнемі әлдекімнен үркіп-қорқып, жер таянтқан кәртамыс тағдырынан тарынғандай жабырқаңқы, жалғызілікті өмір сүретін. Тіпті осы кемпірдің шалымен дабырласып сөйлескенін көрші отырып естімеппіз. Жым-жырт. Кемпірінің жаңағыдай мінезі мені Әбірем қарттың үйіне жетелей түскендей. Несі керемет, зерттеу керек? Нені жұрттан жасырып, жария етпей келеді? Әлбетте, білу керек. Кімнен қорқып, кімнен құпияланады бұлар? Қарасам, Әбірем ауласында, қара қалпағының астында отыр екен. Бар тұрпатын қара қалпақтың ішіне бүктеп тыққандай – өзі көрінбейді. Жарықтық, шөгіпті ғой, әбден.

Жаз таусылып, күз түскен. Алдағы көктемде мектептің оқуы тәмәм. Аңсарым – Алматы. Ғұлама оқымысты, әйгілі жазушы атанып, ауылға анда-санда соғып жүрмекпін. Ауылыма ризамын. Көне ертегілер мен қисса-дастандарға қандым. Қарттарым, сендерге рахмет! Енді Әбіреммен әңгімелесуім қажет.

Әбіреммен әңгімелесу үшін, сылтау іздеймін. «Ақсақал, ассалаумағалейкүм!» «А, салаумалейкум!». «Кәрия, сиырларыңыз бен ешкіңізді өріске беттетіп берейін бе?», «Әуре болма, қартайсам да қалқайып, мал соңынан еруге жарайтындай халдемін». «Ата, қыстан хабардарсыз ба? Отын-суыңыз аз ба деймін. Ағаш аралап, бұтап тастайын, қане балтаңыз?», «Қой, шырағым, сабағыңды оқы. Әзірге кісіге міндетімді артпаймын. Балта шабатын бағымнан тайғаным жоқ». «Әңгіме айтыңызшы?», «Өй, балам-ай, бізде не әңгіме болсын?». «Арқадан мұнда қай Құдай айдап келді сізді? Тым құрыса, соны білдіріңізші?», «Қай Құдайы несі? О тоба, Құдай – бір Құдай емес пе? Құдай пендесін қайда бастаймын десе де, өзі біледі. Бізден сұрамайды. Сен де сұрағыңды көбейтіп, басты қатырма!» Шалдың ашылып сөйлеуі қиын сияқты.

Үйде атамды қажаймын.

– Құдайы көршіміз Әбірем қарт сөзге сараң кісі ме деп қалдым.

– Ие, ол сөзге кіді адам.

– Ой, осы баяғыда қауқылдасып тұратын едіңіздер ғой?

– Әй, біздікі әншейінгі қысыр әңгіме еді. Малдың төлі, Салқынбелдің шөбі дегендей. Шаруаның адамы бұдан өзге нені сөз етсін?

Әбіреммен әңгіме бітті, ендеше. Әйткенмен, аты қызық, ә? Әбірем. Бәлкім, Әбдірейім шығар?.. Пайғамбарлардың хикметінен де жұрдай біреу-ау... Білсе, айтпай ма? Ар жағы қапқаз бен ноғайдың ел естімеген бір сойынан болар. Сотталып, Арқадағы көп абақтылардың бірінде, жазасын өтеген де үйленіп, аяғына тұрған соң, «Ащыбұлақты» тапқан. Дұрыс тапқан, әрине. Орталықтан алыс, оңаша ауыл. Қақ-соқта шаруасы шамалы. Өкімет адамының алдына жеткізбей, анау-мынау дау-шарын өз ішінде тындыратын тыныш мекен.

 

*       *       *

Сонымен, оқымысты ағамның әңгімесі ұмытылып, Әбірем «әдірем» қалған.

Бірде өрістен малын қайтарып, қорасына беттеген Әбірем мықшыңдап, қап арқалап келе жатты. Қызыл іңір. «Шал не, тезек теріп жүр ме?» Бұрынғы әдетімше, жұмбақ шалдың ауласына көз тіктім. Шал қабын кілет үйінің аузына әкелді де, дүрс еткізіп тастай салды. Сосын төкті. Төккені – аузы шешілген қаптан салдыр-салдыр ақтарылды. Тас па? Тас қой. Тезек бұлай салдырламаса керек-ті. Жедел басып жетіп барайын.

– Оу, кәрия, мынауыңыз тас па?

– Тас.

– Тезек орынына тас тергенсіз бе?

– Мен ылғи тас теремін.

– Жанатын тас па?

– Тас жанбайды, жарығым.

– Жанбаса, неге керек?

– Керек. Мұның сыры саған беймәлім.

– Сізге ғана мәлім бе?

– Маған да мәлім емес. Құпиясы құлыптаулы.

Мен шалдың шаршап-шалдығып, бүгжеңдеп, әрең жеткізген тастарына үңілдім. Біртүрлі қызық тастар. Мысалы, мына біреуін ұршықтың тасы дерсің. Енді бірі найзаның ұшына келеді. Сүйір. Қайсыбір қаймақ тастың бетіне таңба-бедер түскендей.

– Ата, сіздің тастарыңыз көне, тым көне заманның адамдары пайдаланған тастарға ұқсайтын сияқты. Мұны ол заманның адамдары құрал-жабдық, аңға шықса, қару ретінде кәдесіне жаратқан.

Қария маған аңтарыла қарады.

– Кір, кілет үйге.

Біздің ауыл «кілет үй» деп атайтын көди-сөди, артық-ауыстың құжырасы, кәдімгі жаппа там – тошалаға бас сұқтым. Мұнда да толған тас.

– Пәлі, ата! Тасты үйіп тастапсыз ғой?

Қария демін басты да сөйледі:

– Айналайын, бұл – осы даланы мекен еткен сенің ата-бабаларыңның көзі. Бірі – мүлік, бірі – қару, бірі – тіл. Мүлкі де, қаруы да, тілі де, үн қатуға бейіл. Бірақ соны еш ескермейсіңдер!

– «Сенің ата-бабаларыңның көзі» дегеніңіз қалай? Сізге бұ дүниелер жат па?

– Шырағым, білмекке ұмтылып, ішіңді тесіп жүрген жайды жасырмайын сенен. Мен – ебіреймін. Оқымысты нағашы ағаң айтпақшы, «жөйіт» десең де болады. Ебірей екендігімді ілгеріде, жұртқа жария қылмадым. Жария қылғаныммен ебірейіңді «Ащыбұлақтың» адамдары не қылсын? Арқадан келдім бе? Келдім. Арғы жағын ағайын-жұрт үңгімеді, қазбалап сұрамады. Онысына құмбылмын. Қазақ деген ғажап халық қой. Қазақтың бір ғазиз ақсақалының арқасында, көрер жарығым мен су ішерлігіме селбесіп, адам қатарына қосылып едім, кезінде.

Абрам ақсақал көк жүзіне шалқып шығып алған айға қарап қойып, терең тыныстады да, сөйлей түсті. Ауыл тыншыған сәт. Күндіз салқын төсін самалға өптіріп, алқам-салқам боп жататын Аршалы тауын салбырап басқан түн жұтып барады. Күз етегін сарыала етіп түруге кіріскен күреңсал жазғы бақтардан, бақалардың құрғақ құрылы естіледі. Абрам қарттың әңгімесі Арқаға ауған.

– Арқада мұндай аспан таулар жоқ. Бір өңкей сәукелелі, сұлу шоқылар, – деп қояды.

Қарағанды жеріндегі «Қарлаг» дейтін аждаха апанына 27 жасында түсіпті. Болашағы кемел ғалым атала бастаған шағы екен. Тарихшы. Азия мен Африканы тануға аңсары ауған. Перғауындар заманын шарлап, Мұса пайғамбардың соқпағымен жүріп өтпекке талпынған. Ұлы даланың сарыны да кеудесін күмбірлетіпті. Мәңгі көк аспан елін көктей өтіп, Құңфызымен тілдесудің тәуекеліне бел буған. Бел буғаны құрысын, ақырында саяси қауіпті адам, ресми тарихты мойындамайтын делқұлы, дертті жан ретінде танылып, «Қарлагтағы» тұтқындардың қатарын толықтырады.

– Небір ғажап білімдар адамдармен «Қарлагта» ұшырастым. «Қарлаг» мен үшін абақты емес, Академияға айналды, – деді де Абрам қарт күрсініп, өксігендей, үнсіз күйге көшті. Сосын: «Абай қандай азапты ғұмыр сүрген. Даналық пен пайғамбарлықтың азапты ғұмырын,» – деп аяғын жазып, бойын тіктеген.

 

*       *       *

 

Әбірем қартпен әңгімеміз жарасты. Қарт қазына екен. Әуелі, абақтыдағы азапты күндерінен естеліктер тиегін ағытты.

– «ҚарЛАГ» деген – Қарағандыдағы көп түрменің жиынтық атауы, – деп бастап, жұмбақ жанының қалтарысын ақтара шешілген.

Әбірем қарттың әңгімесінен түйгенім: ойшылдар, өнер тапқыштар, ғұлама ғалымдар, суретшілер, музыканттар, ақын-жазушылар, қысқасы – адамзаттың ерекше жаралған дегдар қауымы, асыл ұрқы «ҚарЛАГ-та» тұрыпты.

– Совет Одағының бар жақсысы мен жайсаңын Сталин сонда тоғытты ғой, – деуші еді Әбекең.

– Аты әйгілі 500 пианист сол «ҚарЛАГ-та» саусақтарынан қан сорғалап жүріп, сұмдық жұмыс істеді. Бір сәттік үзілісте, әлгі байғұстар ауаны қармалап, елес-күйсандықтың тілінде егілетін еді, – дейтін Әбекең.

– Азап пен Арқаның аязы бірдей сойған тәнім әлсіреп, рухым сынып, айықпас ауруға шалдықтым. Құрт ауруы. Мені емдемей, өледіге есеп қылып, «ҚарЛАГ-тан» лақтырып тастады. Айналам – ақсөңке. Марқұмдардың сүйегі. Шашылған шашы – мұзға байланған әйелдер. Сәби, балғын жүздерін ажал қапқан құбыжық бейнелі балалар. Әйел, еркек екендігін айырғысыз қаңқалар. Көз аялары көрдей қазылып, жақ сүйектері жайылып, Аллаға әлденені ымдап жатқан қалпында, үзіліп кеткен мүрделер үйіндісі. Ыңырсуға ғана әл-дәрменім төзгендей еді. Көзімді ашсам, бір құрым үйде жатырмын. Қарт кісі басымды ептеп көтеріп, аузыма ақ құяды. Қайтадан талықсып кетемін. Есімді жисам – жаңағы көрініс. Қанша ай, қанша күн төсектен тұрмағаным белгісіз, бірде бойымнан қалт-құлт еткен қуат таптым. Нұр жарық дүниеге тәй басып қайта оралғанымды ішім сезді. Мені тірлікке талпындырған әлгі қарт – әкемдей болып кеткен, қайран Қадыр ақсақал еді. Бойымнан сыртқа ақтарылған нәжіс пен құрттың өкпемді жыртып түскен қақырық-құсығына дейін, өзі сүртіп алып отырыпты. Кейін үйдегі апаңмен, апаң да абақтының азабынан өліп құтылған бейбақ екен, табыстырып қосқан да әкем Қадыр болды, – деп кетуші еді тағы бір әңгімесінде ебірей Абрам.

– Әй, сен бала, «ҚарЛАГ» туралы жан баласына әзірге білдірме.

Менің абақты көрген адам екенімді естіп, жұрт түңіліп кетпесін, – деген ескертуді де ұмытпайтын, құпиясы мол «құрдым» шал.

 

*       *       *

Менің балаң түсінігіме «ҚарЛАГ» өмірін шақтап қана жеткізген қарт: «Ал, әкесі, білгің келіп бара жатса, пайғамбарлар туралы хикаяларға көшейін,» – деді қараша таусылып, өлкені аппақ қар басқан қыстың бір ұзақ түнінде.

Адам ата... Бәріміз сол – алғашқы пайғамбар Адам ата – Сәпиолланың ұрпағымыз.

Тәңірі өзі жаратқан Жер мен Көкті алдына келтіреді.

– Ерікті, ия, еріксіз болсаңдар да, әмірімді тыңдаңдар, Жер мен Көк!

– Ықтиярымызбен келдік, – дейді.

Жердің теңселіп, Көктің еңсеріліп, әлдебір құдіреттің дәрегейіне қол қусырып тұратынын, қиялымда ұшып жүріп сезетін едім.

– Ата, сонда Көк аспан мен қара Жер Алланың алдына барған ба?

– Бармағанда ше? – дейді қиссашыл қартым, – бармай көрсін, Көкті тіліп, Жерді қақ жарып жіберер. Алла қаһарланбасын де.

Періштелерін де шақырады. «Өзімнің мұрагерім – Адамды жаратамын,» – деп ескертеді оларға. Періштелер қанаттарын қағып, байыз таппай гуілдеп: «Жаратушының мейірі түскен жан біздер едік қой. Әлденеден жаңылдық па?» – деседі.

– Өзіңізді мадақтап, ұлықтайтын біз тұрғанда жер-жүзіне кімді ие қылмақсыз?

– Сендердің мұны білмейтіндерің мәлім еді, – дейді Алла. Сөйтіп балшықтан Адамды жаратып, оған он сегіз мың ғаламның атын үйретеді.

Періштелер – Алланың сүйген құлдары. Алланың құдіретіне шәк келтірмейді. Әйтсе де сұрайды: «Ол бізден несімен артық?» Алла айтады: «Қане, он сегіз мың ғаламның атын атап, түсін түстеп шығыңдар». Періштелер Аллаға бас иіп, Адам атаның білгірлігіне мойынсұнады.

Алланың Адамға ықыласы ерекше ауған-ау, әйтпесе, періштелеріне білдірсе, олар он сегіз мың ғаламды шарлап кетер еді. Әлде, шарлап жүр ме екен?.. Солай шығар, өйткені періштелер – жұмақта. Адам ата Хауа ана Ібілістің азғыруымен Алланың «жеме» деген жемісін жеп, уағданы бұзып, келісімнен айнып, жер бетіне қуылды. Ібіліс сайтандығын істемегенде, Адам ата мен Хауа анамыз жұмақта, алаңсыз ғұмыр кешер еді. Онда мына біздер жарық дүниеге келер ме едік, жоқ па? Періштелер – куә, Алла Адам атаны сүйіп жаратқан. Ібіліс те өзінікі. Оған қиямет-қайымға дейін кеңшілік жасапты. Адам атаны да кешіріп, жұмағында қалдырмады ма екен? Әлде, Ібілісті қиямет күні жеткенше, адаммен арбастырып қою үшін, қарғыс қамытын мойнына кигізіп, «құрт көзіңді, қараңды батыр, нақұрыс!» деді ме? Адам ата мен Хауа ана жұмақтың маужыраған құшағында, жан қинамай, бұйырған дайын астан ауыз тиіп, бәле-батырға бас ауыртпай, құлшына құлшылық етуді ғана біліп жүре бергендерінде, Алланың пәрменін он сегіз мың ғаламның бір нүктесі – мынау қара жердің бетіндегі тіршілік иесі қалай ұғар еді?.. Бәлкім, Құдіреті күшті Құдай әуел баста, Адам ата ұрпағы жер бетінде өмір сүрсін деп жоспарлаған болар. Сондықтан, байқап жүру керек, кез-келген уақытта қасыңнан сап етіп, сайтан табылуы мүмкін.

Абрам шалдың шаңырағынан шыққан бетте ойыма осылар оралады. Үй әне, жап-жақын. Бірақ сонда да айналам тым үрейлі. Қарайғанның бәрі құбыжық секілді. Бас салатындай. Жылы қораларда күйіс қайырып, ыңыранған сиырлардың тоқ үні, анда-санда әуп еткен сақ иттердің дауысы: «Ойбай, тез, қаш, ізіңнен өкшелеп, Ібіліс келе жатыр!» дейтіндей. Тұла бойым тітіреп, денем мұздайды. Бірақ, қорықпаймын. Менің періштем бар емес пе?

***

Адам ата, Нұх ғалайассалам, Һұд, Салих, Ыбырайым пайғамбар, Сымайыл, Жақып, Жүсіп, Шұғайып, Мұса, Талұт, Дәуіт, Сүлеймен, Айып, Жүніс, Зәкария, Лауы, Ғайса пайғамбар, Мұхамед салалаху уассалам пайғамбар... бірінен соң бірі Абрам ақсақалдың қисса-баяндарымен ойға сіңіп, көкейге байлана берді.

Адттар, самуттар, яхудей елі, көне Бабыл жұрты, құрайыш тайпасы пайғамбарлар тұсында да, Жаратқанның жалғыздығына күмән келтіріп, пұтқа табынады, тоқшылықтағы өмірлерін харам тірлікпен, нәпсіқұмарлықпен былғайды. Соның зауалын тартып, Жаратқан Хақтың назасына қалады. Оларды пайғамбарлардың Аллаға жалбарынып, құлшылық еткен тілегі ғана құтқарады. Хақ Тағала өзінің Нәби пайғамбарларын әрқилы замандарда елшілікке жібере отырып, қиямет-қайымды ескертеді.

Әбірем қарттың әңгімелері осы сарында жалғасқанда мен қилы-қызық оқиғалардың әсеріне еліте түсіп, «Батырлар жырын» еске алатынмын. «Шапса қылыш, атса оқ өтпеген, әй, менің баһадүр бабаларым-ай!»

– Абрам ақсақал, – деймін сондай сәттерде қаным қызып, – қазақта неге батыр көп, пайғамбар жоқ?

Ебірей шал жүзіме барлай қараған. Сосын қарасұр өңі ерекше жылынып, қазір айтпақ сөзінен даналық ой тапқандай мейірлене:

– Өйткені қазақ – бұзылмаған, бүлінбеген, зерек, ақыл-парасаттан жол тапқан, ата-баба әруағын жат көрмеген, Тәңіріне ғана қол жайған халық еді, – деді. Осыны айтты да, миыңа тоқып ал дегендей, ыммен белгі білдіріп, сұхбатымыздан бөлек бір сөз бастады. Бұл – Қызыр әулие мен Мұса ғалайассалам туралы ұзақ қисса екен.

 

*       *       *

Пайғамбарлық қонып, Жаратқаннан аян алып, басынан небір хикметтерді өткерген Мұсадан біреу: «Мына жарық дүниеде сенен асқан білімді жан иесі бар ма?» – деп сұрапты. Сонда Мұса Хақтың бірлігін, Жаратқанның Бәни Ысырайыл жұртын шапағатына кенелткенін, өзіне ерекше дарын сыйлағанын, теңізден жол ашылғанын, Перғауынның теңіз түбіне кетіп ажал құшқанын, сиқырлы қолы мен аса таяғының киесін айта отырып, мен – Мұрсал пайғамбармын, Алладан қысылғанда, мұғжиза көремін, осыдан асқан абырой, атақ бола ма? Соған қарағанда: «Жер бетіндегі кемел білімнің иесі мен шығармын,» – дейді. Сөйткенде Жаратушыдан уәхи жетіп: «Әй, Мұса, сенің әлгі сөзің не? Саған өлшеусіз білім мен қисапсыз қабілет дарытқанда, менің мүмкіндігіме күмән туғызатындай, ойға беріл деп пе едім? Бұ дүниеде білімі сенен асқан, хайыр-шапағатыма бөленген тағы біреу бар,» – дейді құдіретін кезекті рет әйгілеп. «Раббым, сондай ғұлама жан иесімен мені жолықтыршы,» – дейді Мұса ғалайассалам жалынып.

– Кездесесің, – дейді Раббы, – Уағдалы күні кездесесің.

Раббы Мұса пайғамбарға күндердің бір күнінде аян білдірді:

– Анапа ағашының қабығынан себет тоқып, ішіне балық сал да, өзің бұрын-соңды көрмеген, білмеген өлкеге сапар шек. Ол өлке – сайын дала, сардар таулар өлкесі. Аяңыңнан жазбай, сол мекенді бетке алып жүре берерсің. Жүріп келе жатып, екі теңіздің қосылған аралына жетерсің. Себеттегі балығың түсіп қалар. Сен сонда оны көрерсің.

Мұса ғалайассалам баласының қолына балық салынған себетті ұстатып, жолға шығады. Айлар, жылдар өтеді. Аянда білдірілген, екі теңіз бір арнаға құйған атырауды жағалап, арып-ашып келе жатып, бір жерге дамылдайды. Сөйтіп отырғанда, қалғып кетеді. Баланың қолындағы себеттен балық шоршып түседі. Бала оны аңғармайды. Әкесі оянған соң, әріқарай жылжиды. Бір уақытта Мұса: «Балам, себетіңе қарап қой,» – дейді. Баласы себетті ашып қараса, – балық жоқ. «Балық қайда түсіп қалды екен?» Ойланып тұрғанда, бала санын соғып: «Әлгінде, аялдаған жақпар тастың түбінде түсіп қалса керек,» – дейді. Мұса қуанады. Шаршағанын ұмытып, желе басып жөнеледі. Келсе, екі теңіздің қосылған тұсындағы биік қара тастың қасында дана келбетті, ойлы, пішінді бір момын жан тұр екен. Мұса келіп, сәлем береді. Қайдан шыққанын айтады.

– А-а, сен Бәни Ысырайылдың нәби пайғамбары Мұса боларсың? – дейді әлгі адам. Мұса ғалайассалам шарқ ұрып іздеген кісісін жолықтырғанын біліп, барынша ізетпен, ғұламалардың уәзипасында мүләйім тіл қатады:

– Өзіңізді таусыла іздеп келген пендеге ықылас етіп, оны дәрежеңізге сай көрер ме екенсіз? Әгәрәки, сіз сондай ықылас танытсаңыз, – ол сіздің жаныңызға еріп, сізден ғылым үйреніп, білімге кенелер еді де, білгенін жұртпен бөлісіп, Хақ Тағалаға құлшылығын жалғастырып, жан рахатына бөленер еді.

Мұсаның осылай бек құрметтеп, ынтызарлықпен үн қатып тұрған адамы – Қызыр Ілияс еді. Қызыр әулие сонда айтады:

– Ей, Мұса, мен сені ілестіріп жүрер едім, бірақ сенің көргеніңе орай сөйлемеуге, білмегеніңді тықақтап сұрамауға тағатың жетпейді ғой.

Мұса айтады:

– Жоқ, мен дәтіме берік болайын. Көргеніме де, білмегені ме де мақұлмын. Тек ілестіре көріңіз, әулием.

Сонда тағы да Қызыр әулие айтады:

– Әй, Алланың ерекше жаратқан Нәби пайғамбары, қайтсек екен? Егер тағатыңыз таусылғандықтан сөйлеп, сұрана берсеңіз, мен сізге ренжіп, содан соң, арамыз бүлінбей ме?

Мұса пайғамбар уәдесін және қайталайды.

Екеуі мүсәпірлік кебіне еніп, теңізге қарай тартады. Барса, теңізден бір кеме жүргелі тұр екен. Жолаушылардың ұсынықты, сабырлы қалпын таныған кеме басшысы екеуін қалдырмай ала жүреді. Кеме ыңыранып, зәкірін көтеріп қозғала бергенде, Қызыр әулие оның табан тақтайларын жұлып алып, сындырып тастайды. Сөйтіп кеме қайраңдап қала береді.

Былай шыға бергенде, Мұса кейіп:

– Апыр-ай, Алланың қарызға берген әр күнін еңбекпен өтеп жүрген, жақсы адамдардың қайырын шайыр еттіңіз-ау! Мұныңыз не қылғаныңыз? – дейді.

Қызыр әулие де іле тіл қатып:

– Осылай сөйлеріңізді ескертіп едім ғой, неге ердіңіз маған?! – деп серігіне қарайды. Пайғамбар уәдесі есіне түсіп, ғапыл кеткеніне қынжылады.

Әулие мен пайғамбар сапарларын жалғастыра берсін.

Алдарынан ойнап, топ бала шығады. Араларында нұр жүзді, өзгелерден ерекше сүйкімді бір балақай көрінеді. Әлгі баланы әулие алдап, оңаша алып шығады да, сиқырлап ұйықтатып, өлтіріп тастайды.

Мұны көріп Мұса пайғамбар тіпті ашынады.

– Оу, сенің Қызырлығың қай жеріңде? Өзің бір мүттәйім екенсің.

Біреудің әлпештеген сәбиін не қылдың? Мынауың енді сұмдық! – деп айқайлайды.

– Айттым ғой сізге, – дейді Қызыр әулие, – менімен еріп жүре алмайсыз!

Мұса пайғамбар ұмытшақтығына налып, әрі өзінің Раббы сүйетін істердің жер бетіндегі насихатшысы екенін есіне алып, әулие мен өзінің бітіміндегі қайшылықтарға бас шайқап, Қызырдан кезекті рет кешірім сұрап, соңынан ере береді.

Ұшы-қиыры белгісіз, сары даланың көл-көсір сағымы екеуін қалтаң қақтырып, сүйреп әкетіп барады. Бітіп болмас, бітіп те болмас, бір дүние әйтеуір. Жалпайған жазықтың жиегін құм жұтып, құм етегін құбақан төбелер қымтап, құбақан төбелердің шалғайын алып таулар аспанға көтерген құрсауы қырық қабат, біртүрлі тылсым өлке. Жолаушылар діңкелеп бітті, әлдәрмендері құрыды, әбден тарықты. Ғазиз жаннан енді түңілгенде, қарауытқан қыстақтың шетіне кеп жығылды. Бұл қыстақтың тұрғындары қарау екен. Мүсәпірлерге қара су татырмады. Маңайына жуытпады. Бірақ қыстақтан шыға бергенде, қисайып құлағалы тұрған құжыра кездесті. Әлгі құжыраны көрген әулие тіреу қойып, қамқорлық жасады.

– Бұныңыз қайткеніңіз? – деді Мұса қайран қалмасқа амалы түгесіліп.

Алдында екі мәрте жаңылысқанын да, әу бастағы уағдасын да, мүлдем ұмытса керек.

– Сіздің уағдаңыздан тайып, осылай сұрарыңызды бірден білген едім.

Сірә, сіздің Нәби пайғамбарлық парқыңыздың да жөні білуге, түсінуге ұмтылуыңыздан-ау... Енді түсіндірейін, – деді Қызыр әулие.

– Алыс жердің түбінде, залым патша жау шақырып, қалың ләшкер қол жиып, суда жүзген кемелерді басып алып жатыр екен. Нәпақасын адал еңбектен тауып қана күнелтетін ізгілікті жандарды сорлатпас үшін, кемені қайраңда қалдырдым. Әйтпесе, залым патша оны тартып алар еді. Қалай ойлайсыз, қайсысы дұрыс: кеменің теңізде жүріп, залым патшаның қолына түскені ме, әлде, қайраңда қалып, адамдарының аман-сау қайырлы тірлік кешкені ме?

– Ал, әлгі баланың ата-анасы Тәңіріне ғана сыйынған мүміндер екен. Содан да олар балаға ерекше мейірімдерін төгеді. Шексіз еркелетеді. Бала – сол еркелікке тойынып, астамсыған, ойыны ой бұзар тірлікке бастап бара жатқан, болашақтың бір бұзық адам еді. Сол неме ертең ер жетсе, әлеуметке әлек салары бек мүмкін-ді. Алдап апарып ұйықтатып өлтірген себебім – сол. Ата-анасы Жаппар иесіне жалбарынып, жақсылықтан аумайтын жандар болғандықтан, Тәңірімнен ол екеуіне әлгі баладан да көркем, одан да сүйкімді, мейірлі, ақылды, текті екі ұл сұрадым. Тәңірім, тілегімді қабыл етті.

– Құлағалы тұрған құжыраның ішінде екі жетімек отыр. Ол екеуіне ағайын-туғаны қарамайды. Жандары ашымайды. Екі жетім – ертең ер жетер. Сонда олар құжыраның астындағы алтын көмбені табар. Лекин, содан кейін тұрғындары қайырсыз қыстақты түзетіп жөнге салар.

– Міне, – деді Қызыр әулие Мұса пайғамбармен қоштасып тұрып, – мен осының бәріне ақыл-парасаттың арқасында жеттім. Ақыл-парасатты Раббыңыз бәрімізге сыйлаған. Ақыл-парасатпен не нәрсенің де, ақырына ден қойып, іс жасауда ғана кемдік қыламыз.

Әбірем қартпен әңгімеміз Қызыр әулие мен Мұса пайғамбардың хикаясы аяқтала, басқа ауанға көшті. Шал маған «кілет үйіндегі» тастарын тамашалатып, қайдағы бір ықылым заманалар жайынан сыр аңғартып жүрді. Мен бұл шамада мектептегі оқуымды тәмамдап, Алматыға асығулы едім.

Таң тамылжып ататын. Айналам өзгеше бір шаттықтың шабытты күйіне еліткен. Дүрия дүние құстардың әні үшін жаралғандай. Бұлаңдап сырғитын бұлақтардың сылқылы мен арынды Ақсудың күркірі кезек өріліп, мынау ақнұр әлемнің әуезіне айналғандай. Қаракөз қалқатайлар қандай әдемі. Ұрымтал тұстан табылып, ұмтылып бір құшар ма еді өздерін. Сүйер ме еді шөлпілдетіп. Ақтамақ қарлығаштардың қанатында сусып алқынған беу, жүрегім, қайда әкетіп барасың, сен мені?

Түс әлеті. Оқу біткен. Ертең соңғы қоңырау. Соңғы қоңыраудан кейінгі күн – Алматы. Үйге симай кәрия-досыма соқтым. Шал «кілет үйінде» тастарын аударыстырып отыр екен. Әйдік әңгімеге құлқым жоғын аңғартып, жолсапарымның жайын мәлім еттім.

– Сен Алматыға кетесің. Мен қашан Ерусалимге жетемін? – деді қарт.

Таң қалдым. Абрам «Ащыбұлақтан» ұзап қайда барады? «Оу, бұ байғұстың осындай да арманы бар ма еді?»

Ойымды оқып отырса керек «жөйітім»:

– Иә, – деді, – Менің ғұмыр бойғы арманым – Бәни Ысырайыл топырағына бауырымды төсеу. «Қарлагтың» қараңғы түнегі де, мені бұл арманымнан әсте айныта алған емес. Ол заман тамұқ еді. Қазір еркіндік. Әттең, бар екенімді, тірі екенімді білдірсем бітті, көне шежіреден хабардар яхудей баласы мені самғатып алып кетер еді.

Менің ішім боздап қоя берді. «Қайран қартым, бұл сенің ең соңғы сөзің, ах ұрған ақтық тілегің ғана шығар?..»

– Менің аманат-тілегім мыналар, – деді шал, – Мен мұның бәрін арқалап Ерусалимге алып бара алмаймын.

Алматы да, Әбіл нағашым да мені құшақ жая қарсы алды. Нағашымның жетелеуімен, ойдағы оқуыма да топ ете қалдым. Студенттік күндер басталды. Абрамның дәрісін тыңдаған пәле емеспін бе, бірден көзге түсіп, ауызға іліндім. Үздік дәріскермін. Нағашым – ғылыми институтта қызметкер. Өзімен өзі тұйық жүреді. Жүдеу. Қалтасы – жұқа. Маған суырып берер тиыны әмиянынан табылмай, қынжылатын. «Өрекпелеусің бе, қалай өзі? Оқы, талмай, қажымай оқы,» – дейтін сондайда жұпыны жүдеу тірлігін үлкендігімен жасырып.

Көктем шыға жатақханама іздеп келіпті. Өңі бал-бұл жанады. «Кітабым шықты,» – дейді. Мұқабасында айға басын сүйеп, ұлып тұрған қасқырдың бейнесі таңбаланған қайыстай, қалың қара кітап. Екеуміз атап өттік. Мен кәуап жеп, тәтті сусынға бас қойдым. Ол сыра сімірді. Әңгіме шертті. Әріден. Абрам айтқысы келген ықылым заманалардан. Мен баяғы кәрия-досымды оның есіне салдым.

– Тірі ме ол шал?

– Былтыр тірі болған.

– Ебірей екенін айтты ма, ақыры?

– Білдірді.

– Сөйтсе керек. Олар шежіреге мықты халық қой.

– Шежіре демекші, сол шал: «Көне шежіреден хабардар яхудей баласы тірі екенімді естісе, Ерусалимге самғатып алып кетер еді,» – деп отырған.

– Қой, ей! Ерусалимге көшпек пе екен?

– Өзі сөй дейтін.

– А, оның жарасы жеңіл. Мен «жөйіт» достарымды құлағдар етейін. Самғатып алып кетсін.

– Ол шал біздің таулардан ылғи тас жинап әкеледі. «Айналайын, бұл тастар – осы даланы мекен еткен, сенің ата-бабаларыңның көзі. Бірі – мүлік, бірі – қару, бірі – тіл. Заты да, қаруы да, тілі де үн қатуға бейіл. Бірақ соны еш ескермейсіңдер!» деген.

– Тап осылай деді ме?

– Тап осылай деді.

Нағашым түйіліп отырып қалды.

– Онда былай болсын, – деді ол екеуара бас қосуымызды қорытындылап, – Мен Абрам Нойманның тілегін орындауға шындап кірісейін, сен менің кітабымды ақсақалдың қолына тигіз.

– Келістік.

 

*       *       *

Жаз. Ауылдамын. Сағыныш мауқым басылған соң, үйдегілерден көршілер жайын сұрадым. Шал, Құдайға шүкір, малын өргізіп, бақшасын баптап, тақуа тірлігімен екен. Кемпірі боқырауда қайтыпты.

– Қазір Әбірем мүлде жалғыз. Есімбек молдамен ғана айтысып қалатыны болмаса, былайынша, ауыл қарттарымен аман-сәлемі түзу. Бейнетқор – өзі бейшара. Қабын арқалап, әлі тезек теріп жүр.

Әжемнен осыны ести сала, Әбіремнің үйіне тарттым.

Қарттың жүдеубастылығы бірден аңғарылды. Бұрынғы жинақылық пен ұсынықтылықтың шеті сетінегендей. Мосқал пештің үстіндегі шәугімнің шүмегі мен түбін күйе қауыпты. Әдетте басы тіктеліп, босағада сүйеулі тұратын сыпыртқы ошақ аузында жатыр. Төбесі аласа бөлмелерді бүгілген қарттық меңдеген: суық, қасіретті. Шал жазбай таныды, мені. Сампылдап оқу-жайымды айтып жатырмын. Үнсіз, сұлқ тыңдады. Әңгімеге құлқы жоқ сияқты. Әбіл нағашымның кітабын кереуетінің басына тастадым да, сытылып шықтым. Ертеңінде Әбірем екеуміз оның албарында ұшырастық. Кешегіндей емес, қарт көңілді. Қунақ. Шатыраш ойнап, шаршатқан тағдырынан құтылып, серпілгендей сергек.

– Түні бойы көз ілмей оқып тастадым. Бұл қай бала еді, әлгі алыстан сендердің үйлеріңе кеп қайтатын нағашы ағаң ба? Бала болғалы тұрған бала екен. Жорыққа шығыпты. Қорықпайтын, тайсалмайтын көрінеді. Қисыны, байламы тастай. Еріксіз иландырады. Тәңірін бек таныған бекзат ұлдың өзі ме, дедім.

Осыны айтып, дабырлаған шал: «Есіңде ме, Мұса пайғамбарды Перғауын әскерімен қуғанда Раббы теңізден жол ашып, Бәни Ысырайлды құтқаратын сәті», – деді.

– Иә, есімде.

– Ендеше міне, мынаны тыңда.

Шал кітап бетіне жүгінді.

«...Ендi иудей Құдайының бастапқы есiмi нелiктен «Ау» болатындығына аз-маз тоқтала кетейiк. Ол үшiн жебiрей халқының Мұса ғалайссаламның басшылығымен, Мысыр құлдығынан қашқан кезде, жер бетiнде көрiнiс берген оқиғаларға, олардың себептерiне үңiлу керек. Бұл табиғи апаттар Жер-Ана бетiнде, бiрiнен кейiн бiрi қайталанған қасiреттi уақыттар едi. Жерге төнiп, келiп қалғандай болған аспанды, әлдебiр құдiреттiң күшiмен пайда болған дыбыстың керi лақтырып жiбергенi де рас. Әлденеше тәулiк бойы қарасын көрсетпей қойғандай болған Күн де, содан кейiн қайта жарқырап шыға келген. Табиғаттағы мұндай құбылысты, бүгiнгi ғылым тiлiмен былайша дәйектеп түсiндiруге болады: шамасы, тым жақын келген әлдебiр құйрықты жұлдыз кесiрiнен, немесе көршi планеталармен өрiс күшiн таластырудан соң, бәлкiм, ғарышта қаңғып жүрген шойын тастардың бiрi құлағаннан кейiн, орбитасынан шығып кете жаздаған Жер шары ыңыранып барып, Күн жүйесiндегi бүгiнгiорнына сәтiмен түскен болса керек. Апат зардабы бiрнеше апта немесе айларға созылғандығы да анық. Осы бiрнеше ондаған тәулiк iшiнде, адам санасына ұялап қалған үрей-қорқыныш жаңағы құтқарушыдай болып естiлген дыбысты, Жаратқанның өзiнiң үнi деп қабылдауға молынан жетiп-артылатын. Екi жарты шардағы адамдар қиялын тербеп, құдайлар мен құтқарушы қаһармандар жайлы әфсаналар тудырған, ол дыбыс бiзге қасқыр мифiнен белгiлi «Ау-у-у», немесе қысқаша «Ау» едi.

Дыбыс немесе сөз иесi де белгiлi. Кеңiстiкте тербелiп барып, бүгiнгi белдеуiне қайта түскен Жер-Ана болатын. Ол кездi ескi кiтаптар «Өзендер арнасынан ауытқып, тiк көтерiлген теңiздер құрлықты шайып кете жаздаған заман едi,» – деп суреттейдi.

Күн жүйесiнде орын алуы әбден мүмкiн болған кезектi алапат апаттан Жер-Ана аман һәм жеңiмпаз болып шықты. Одан естелiк ретiнде әр құрлық, әр халықтарда өздерiне тән реңк-бояумен баяндалатын аңыз әңгiмелер қалды. Ежелгi элладалықтар анадан туған алып ұлдары Геркулеске аспанды көтерткiзсе, қытайлықтар сол кездегi әмiршiсiне Яо немесе Яу деген есiм бердi. Үндi буддашыларының бабалары «АУМ» деп дыбысталатын қасиеттiмантраны ұрпақтарына мұра етiп қалдырды. Жебiрей қауымы болса, Жаратқан он негiзгiқағиданы Мұса ғалайссаламға осы жолы түсiрдi деп санады. Бағзы түркiлер болса, Жер-Ана мен Қасқыр-Ананы астастыра iзет тұтты. Түркi қауымы қолдан Құдай жасамады, қолынан келмес iстi мойындарына артып, пенде баласын да мазалаған жоқ.

Иә, солай, қасқыр мифi мен тотемiнiң кемi үш мың жылдан асатын тарихы бар, ол адамзат баласында Ұлы Ана жалғыз-ақ екендiгiнен, оның есiмi Жер-Ана деп аталатындығынан сыр шертедi»*

– Міне, жұмыр жердің баласын тұтастыратын осы түйін. Міне, қазақ ойының он сегіз мың ғаламды еркін шарлауы! Не деген кеңдік, не деген дархандық!

Шал шалқып ұзақ сөйледі.

 

*       *       *

Нағашым мықты екен. Уәдесінде тұрды. Абрам Нойманды көне шежірені жатқа соғатын яхудей жігіттері Ерусалимге самғатып алып кетті. «Ащыбұлақ» ауылы кешегі мыжырайған шалдың мұншама құрметті екендігіне айран асыр болып қала берген.

Айтпақшы, Әбірем ақсақал «кілет үйіндегі» үйілген тастарды «оқудағы балаларыңа беріңдер» депті де, Әбіл нағашымның қолтаңбасы жазылған кітапты ғана қолтығына қысып кете барыпты.

 

*       *       *

Жазымыш-ау... Абрам Нойман Ерусалимге ұшқан күні Әбіл нағашым дүние салды.


*Бұл жерде ақын, мәдениеттанушы Әмірхан Балқыбектің «Қасқыр Құдай болған кез» атты кітабынан үзінді алынып отыр.