Құрметті оқырмандар!

  Өткен ғасырдың басында Әміpe Қашаубаев атамыздың  Еуропа жерінде,  Париж  төрінде  қазақ әнін қалыктата шырқатқаны,  еліміздің  өнері тарихында ерекше оқиға саналып, өзі ұлт мақтанышына айналды.  Ал, еліміздің кейінгі, жаңа тарихында сол Париж қаласы халқын ерекше таңқалдырған Майра Мұхамедқызы, Димаш, т.б. дарындыларымыз,  қазақ өнерін одан жоғары биіктерге  көтерді. Жалпы, тәуелсіздік алысымен шетелдерде ел өнерпаздарының  ұлтымыз  өнерін танытуына, барынша насихаттауға үлкен мүмкіндіктер туып,  ол  қалыпты жағдайға айналды.

  Солай десек те,  еліміздің түкпірлерінде жатқан қазақ ауылдарынан, оның ішінде мектеп жасындағы арнайы білімі жоқ,  бірақ аса дарынды қарапайым балаларымыздың  басқа мемлекеттердің ірі қалалары сахналарында өнер көрсетуі ерекше дүние ретінде бағаланатыны сөзсіз.

  Міне осы тұрғыда, біздің  ауданымыздың  Данел  және  Дидар  есімді  екі  бірдей баласының  Париж аспанында ән шырқап, өздері қатысқан байқаулардың жеңімпаздары атануы, біздің Ақсу өңірінің ежелден ұлт өнерінің  қайнар ортасы,  өнер  дарындыларының мол қазынасы  екенін, ел аузындағы «Ақсудың  әр шиі ән салады"  деген қанатты сөзді тағы бір айғақтап берді деп санаймыз.

 Сонымен, екі  жас дарын иелерінің өнер жолдарының бастамасы  туралы қысқаша деректер  мен  бейнежазбаларын қабыл алыңыздар!

 

 

  Париж халқын тамсандырған Данел туралы

 

 

Данел Мырзабеков 

   Данел Ақанұлы Мырзабеков 

1995 жылы Алматы облысы Ақсу ауданы Б.Сырттанов атындағы (бұрынғы Қызылту) ауылында өмірге келген.

  Мырзабековтар  әулетін  аудан  халқы бұрындардан жақсы танып біледі. Әсіресе,  Данелдің Төлеу әжесі  әншілігімен,  халық  әндерін тамаша орындауымен елдің сүйіспеншілігіне бөленген өнер иесі  болған. Әкeci — Ақан, шаруа қожалығының жетекшісі болса,  анасы — Жанар Нұрахметова  тәжірибелі ұстаз. орыс тілінің маманы. Данелдің өзінен кейінгі  Әнел мен Жанел деген егіз қарындастары да  өнерге  бейім  болып  өсіп  келеді.

 

  Данелдің  ән айтумен шұғылдануы бастауыш сыныптардан  басталды.  Оның  бойындағы  табиғи  дарынын ашуда,  дамытуда ауылдың Ғани Мұратбаев атындағы орта  мектебінің  тәжрибелі  ұстазы,  жоғары  санатты  музыка  пәнінің  мұғалімі  Kүміс  Байболқызының  еңбегі ерекше  болды.  Ол  Данелдің  мектеп  бітіргенге  дейінгі  өнердегі  ұстазы және  өмірдегі тәрбиешісі бола білді. Соның дайындауымен және қолдауымен, ол алдымен мектепішілік  және  аудандық  байқауларға  катысып,  ел  көзіне  түседі.

 

  Данелдің  қатысқан  алғашқы  үлкен өнер додасы – Алматы  облыстық  «Жетісу жұлдыздары»  байқауы  болды.  Онда бірінші орынды иеленген Данел жерлестерінің, ұстаздарының үмітін ақтап, өз бойына сенімділікті орнықтырады.  Одан  кейін  Тараз  қаласында  өткен  делфийлік  ойындардың  лауреаты  атанды.

 

  Данелдің өнердегі  жолының  ерекше  сәті,  оның  республикалық  «Әнші  балапан» конкурсына  қатысуы  болды. Еліміздің  әр түкпірінен келген,  дарынды саналатын  700 баланың арасында  тамаша өнерімен  дараланып шығады. Қазылар алқасының шешімімен ол eкінші  орынды  иеленсе де,  байкаудың  бас  бәйгесі  болып  саналған – Париж  қаласында өтетін халыкаралык  «Балалар- біздің көктеміміздің мейрамы»  атты байқауға  қатысу,  еліміз намысын  әуелету   Данелге  сеніп тапсырылады.

 

  Алайда, сол  кезде оның Парижге  баруында  қаржылық  жағынан үлкен қиындық туындайды.  Соған  көмек көрсету  жөнінде  сұраныс жасалған  және  міндеттеріне  жататын  облыстық  шығармашылық  орталығы,  облыстық білім мен  мәдениет  баскармалары  тарапынан  еш  қолдау көрсетілмейді. Содан кейін, ауыл әкімі (Майра Әбішева)  мен  мектеп  басшылығының  ұйымдастыруымен  ауыл тұрғындары  өздерінің дарынды перзентіне қолдау  көрсетуді  қолға  алады,  қаржы  мәселесі  шешіледі.  Нәтижесінде, ел-жұртыньң  үлкен қолдауына ие болып, зор  ceнімін арқалаған Данел  Париж  қаласына аттанады.

 

  Париж қаласында өткен сол байқауға  Еуропаның Польша, Германия, Франция, т.б.  көптеген  елдерден  500-ге жуық  дарынды  балалар  жиналады.  Үлкен сахнада «Туған ел» және халық әні «Аққұмды»  ерекше сезіммен,  үлкен  шабытпен  шырқаған  Данел  бүткіл  көрермендердің,  қазылар  алқасының  зор  ықыласына бөленіп, 1-ші орынға ие болады. Сонымен,  Ақсу топырағының қарапайым баласы Данелдің бұл жеңісі,  енді   Жетісу өңірінің, барша еліміздің абыройын әуелеткен  ортақ қуанышына айналады...

 

  Ән салу өнерін толығымен  меңгеру мақсатында Данел баламыз 2017 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының  «ән салу өнері» (вокальное искусство) бөліміне оқуға түсіп, кәсіптік шеберлік  дәрістерін  алуда.

 

Данел Мырзабеков курстас достарымен 

Данел Мырзабеков 

 

 

 

Данелдің  ән салу репетициясынан бейнежазылым

 

 

Батырхан Шукеновтың репертуарынан — «Отан Ана»  әні

 

 

«Ақ бантик»

 Шәмші Қалдаяқов

 

 

 

 

 

Дарынды Дидар

Думан Кеңшілік

 

  Қазақ — өнерлі халық. Мың бұралған биші, күміскөмей,  жезтаңдай   әншілер,  сөздің  майызын  тамызар  шешендер,  сал-серілер  қазақ  даласында  телегей-теңіз.  Парижде   кұйқылжыта  ән  салған  Әміренің  өзі өнердің  биік символы саналады. Сол  марқаскалардың  жолын жаңа заманның  жас  әншілері  жалғап  келеді.  Олардың  бірі — Ақсу ауданы,  I. Жансүгіров  ауылындағы  12  жасар  жас  өнерпаз  Дидар  Мұқатай.

 

 

   Дидар  салған  әнге  дүйім  жұрт таңдай  қағады. Жас  әншілер арасындағы сайыста алдыңғы орыннан көрініп жүр. Жоғары ноталарды қиындықсыз еңсереді. Бұл оның болашағынан үлкен үміт күтуге болатынын білдіреді. Республикада  өткен  бір  жарыста ән салып тұрған Дидарға көрермендер орнынан тұрып қол соғып, ерекше қошемет  көрсеткен. Тіпті, концертте әннің әсерге бөленген жұрт қайталап айтуды сұраған. Бұл да болса жас әншінің талантымен елді мойындатуы. Көпшіліктің қошемет-құрметі дарынды ұлдың арман қанатының қатайуына зор септігін  тигізді.

 

  Дидар  Мұқатай Қ. Сәтпаев атындағы орта мектеп гимназиясының 6-сынып оқушысы. мектепаралық сайыстардағы әншілік талантын байкаған Исатай Исабаев атындағы өнер мектебінің мұғалімі  Ілияс Шұғайыпов вокал сыныбына қабылдаған. Содан бергі  жетістіктер1 ауыз толтырып айтарлықтай. Облыс әкімі жүлдесі үшін өткізілген  облыстық  «Жетісу жұлдыздары-2017» байқауында бас жүлдені, III Республикалық «Менің Қазакстаным» атты Шәмші Қалдаяқовтьң ән байқауында 1-орынды қанжығалаған. Жуырда ғана өткен Республикалық «Дарабоз» байқауында да жулделі 1- орынды жеңіп алды. Жас әншінің қорында «Ақжайық», «Алқоныр», «Нурикамал» атты әндер бар. Ұстазы аға буын әншілерді шақырып Дидардың жеке ән кешін де өткізіп берген.

 

  Дидардың өзімен сұхбаттасқанымызда:

Маған  ән айтқан қатты ұнайды. Болашақта  опера  әншісі  болғым  келеді.  Сол  үшін  бүгіннен  даусымды  шыңдап  дайындалудамын. 1лияс  ағайдың  көмегі  зор,  жеңіс  тұғырынан көрінсем бәрі де ұстазымның еңбегі, — деді.

 

  Бала  көңіл  ән  десе  алып-ұшып  тұр. Біз   үшін «Ақжайық»  әнін де шырқап берді. Расында, кішкене ғана жүрегінен қазақ даласының кеңдігін сезінесің. Жүрекпен айтқан әні жүрекке жетіп, тұла бойды бір шымырлатты. Дидардың көзінен ұшқындаған отты көріп, өз қамқорлығына алған ұстазы:

  «Ауылда қабілетті балалар өте көп. Бірақ олар үлкен сахнаға бет  бұра  бермейді.  Кез  келген  балаға ақыл-кеңесін айтатын қолдаушысы болса, қарым-қабілетін оятуға болады. Осы жолда қызмет етіп, шәкірт тәрбиелеп жүрген жайым бар-деді Ілияс Мырзабайұлы.

 

  Дидар  жақын арада шетелде  өтетін  байқауда бақ  сынамак. Сол  сайысқа  қаржы жағынан көмектесетін қайырымды жандар болса деген де тілегін жеткізді ұстаз.

 

  Иә, сырт елде қазақ өнерін паш етіп, мерейімізді асқақтатар өнерлі өрендерге қолдау көрсететін жандар табылып жатса нұр үстіне нұр. Осындай ұл-қыздарымыз көп болса қазақ өнер: асқақтай берері анық. Біз Дидарға алдағы өмірде таудай талап пен сәттілік тіледік.

 

 

Дидар  Мұқатай  ұстазы  Ілияс Шұғаймен бірге 

облыстық „Жетісу“ телеарнасының „Таңжарық“ бағдарламасында 

 

 

 

Париж төрінде

 

 

 

 »Ақжайық" әні

Сөзі: Қадыр Мырза Әлидікі 

Әні: Нұрғиса Тілендиевтікі 

 

 

 

Тағы бір әнді тыңдаңыздар