Сайтымдағы  осы «мерейтойлық» бөлімнің «Ілиясты тани білу — ұлт парызы» деген тарауының кезекті парағына  ұсынылып отырған жазбалар:

 1. Ақынның  өзі туралы шығарылған «Ілияс ЖАНСҮГІРОВ» атты  көркем деректі фильм;

 2. Ақынның бүгінгі таңға  қалың көпшілікке танымалдығы төмен болып жатқан  «ҚОЛБАЛА» поэмасын насихаттау мақсатындағы шағын бейнедерек және ғалым, Жансугуров атындағы Жетісу университетінің доценті Қыяхметова Шара Әсетқызының бұрынырақ жарияланған «ІЛИЯС ЖАНСҮГІРОВТІҢ БЕЙМӘЛІМ ҚЫРЛАРЫ» деген  танымдық мақаласы.

Қабыл алыңыздар, басқалармен де бөлісіңіздер!

 

 

Ілияс ЖАНСҮГІРОВ

(Көркем деректі фильм)

 

 

 

 

Ақынның «Қолбала» поэмасы туралы.

 

*       *       *

«Ілияс Жансүгіровтің рухани әлемі» монографиясының тұсаукесері

 

*       *       *

ІЛИЯС ЖАНСҮГІРОВТІҢ БЕЙМӘЛІМ ҚЫРЛАРЫ

Шара Кыяхметова

Филология ғылымдарының кандидаты, доцент

«Жерұйық» ақпараттық — танымдық порталы
аурыз
Картинки по запросу ілияс жансүгіров университеті

Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті. Талдықорған қаласы

 
Қазақ поэмасының классикалық үлгісін жасаған Ілияс Жансүгіровтің «Құсбегінің айналасында», «Қолбала», «Рүстем қырғыны», «Мақпал», «Кәнпеске», «Күй», «Дала», «Бақытты Жамал», «Қуат», «Жаңа туған» «Күйші», «Жорық», «Құлагер», «Көбік шашқан», «Исатай», «Байкал» «Кеңес» атты поэмалары бар. Бұл туындыларының біразы әлі күнге дейін оқырманымен қауыша алмай жатыр. Солардың бірі – ақынның «Қолбала» поэмасы.

Ілияс Жансүгіровтің «Қолбала» поэмасы 1964 жылы Алматы облысы, Ақсу аудандық «Өмір нұры» газетінде «Қызыл таң» совхозының тұрғыны Жұмабек Ерболанов деген кісінің аузынан жазылып алынып, жарияланады 1965 жылы 16 мамырда «Социалистік Қазақстан» газетінде Әзілхан Нұршайықовтың «Ақынның белгісіз поэмасы» атты қуаттау мақаласы жарияланады. 1965 жылы 29 мамырда «Оңтүстік Қазақстан» газетінде «Жаңа табылған поэма» деген редакциялық мақала шығады. [1,6б.] Ол кезде аудандық газеттің редакторы – Тұрсынзада Есімжанов болған. 1966 жылы ел аралай шыққанда осы жаңалық ақын Әнуарбек Дүйсенбиевтің құлағына шалынады. 1974 жылы ақынның сексен жылдығына орай 20 баспа табақ көлемінде «Құлагер» атты жинақ шығаруды орталық баспа Әнуарбек Дүйсенбиевке тапсырады. Ол кезінде аудандық газетте жарияланған поэманы жіберуін өтініп, Жамау Бұхарбаевқа хат жазады.

Жамау Бұхарбайдың бұл хат жайлы 1994 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде «Керексіз бе едің, Қолбала?» деген жанайқай мақаласы шығады. «Кешкі абыр-сабырда қолыма тиген бір хат ала таңға дейін ұйқы бермеді. Хат иесі Тұрсынзада Есімжанов: «Ақын ағаң Әнуарбек Дүйсембиев Ілекеңнің «Құлагер» атты жинағын құрастырып жатыр. Қолқасы – өзің білетін, бұған дейін еш басылымда жарық көрмей келіп, аудандық газетте жарияланған Жансүгіровтің «Қолбала» поэмасы. Сол поэманы тауып, бірер айдың ішінде құрастырушының қолына табыс етуге тырысарсың…», – депті. Шынымды айтсам, шығарма жарық көргенде елден шалғайда болғандықтан, «Қолбаладан» хабарсыз едім. Ұйқымды ашқан да осы жай. Поэма қандай екен деймін. Табыла ма, таба алмай, ұятты боламын ба деймін. Қойшы, таңды атырып, әйтеуір, алақұйын ұштым-ау. Ауданда бар кітапхана атаулыны ақтарып бітіп, абырой болғанда (әлбетте, айдан асырып барып) «Қолбаланың» өмірде бар туыстарының бірін қолыма қондырдым да астана жаққа аттандырып салдым. Амал нешік, ол кітапқа еніп үлгермеді. Марқұм Әнуарбек ағадан жауапты да кешіктіріп алдым. Ол жауап сол жылдың көктемінде шыққан «Жұлдыз» журналының кезекті саны еді. Журналда Әнекеңнің сәл ғана «әттегенайымен» екі ауыз кіріспе жазылып, «Қолбала» поэмасы басылыпты. Содан бері арада табаны күректей жиырма жыл өтіпті. Содан бері аруақты ақынның қолда бар шығармаларының толық жинағының бес томдығына екінші қайтара айналып соғыппыз. «Қолбаланы» «Құлагерге» кірмесе де осыған енетін шығар деп дәмелі едік, ол дәме далада қалды. Жансүгіровтің жастық шағында жазған жырлары таптырмай отыр деп сан соға қынжылатын Ғылым Академиясындағы ғалым ағаларымыздың айдай әлемге жария болған «Қолбала» поэмасын ескермей, айналып өтетін оқырман, оған қоса әдебиет жанкүйері ретінде енді өзімізді қынжылтады. Ақын шығармаларын жоққа шығару емес, десек те «Кәмпеске», «Мәйек» поэмаларынан да шоқтығы биік, қарымы қуатты «Қолбала» назардан тыс қалып жүргені баршамызға ортақ мін, ойланатын-ақ мәселе, қажет десе өкініш дер едік біз» [2,6б.].

Поэма уақытысында жеткізілмегендіктен, жинаққа енбей қалады. Поэма 1974 жылы Ә. Дүйсенбиевтің алғысөзімен «Жаңа табылған шығарма» деген айдармен «Жұлдыз» журналында жарияланады. Кезінде Ілиястың жанында жүрген ақын інісі Ғали Орманов: «Қолбала» дастаныІлиястың тырнақалды шығармаларының бірі. Бұрын біздің орталық баспаларда жарияланбаған еңбек. Ақынның алғашқы шығармаларының бірі болса да, ақынның өзіндік өрісін айқын танытады. Журналда жариялау өте орынды деп білемін», — деп ақ батасын берген екен. Осы «Жұлдыз» журналында жарияланған «Қолбала» поэмасының мәтінін жалпы оқырман халық оқысын деген ниетпен облыстық «Жетісу» газетіне жариялаттық. [3,8б.] Мұрағатта поэманың қолжазбасы болмағандықтан поэмаға қатысты деректер шығып қалар деген оймен іздестіру жұмысын жүргіздік. Нәтижесі төмендегідей болды:

Бірінші дерек: «Жұлдыз» журналының 1994 жылғы 9 санында Ілиясты түптеп зерттеп жүрген Серік Жанәбіловтың«Ол ертең атылады» деген деректі хикаясы шықан. [4,60б.] Негізгі кейіпкері – Ілияс. Сол деректі әңгімеден үзінді берейік: «Әке мен бала өзенді жағалай жүріп Қарағаш жаққа ат басын бұрды. Алдарында қарауыта көрініп, тау етегінде бейтаныс бір ауыл жатты. Әке әлден соң ыңылдап ән салды. Даусы тарғылданып өзгеше естілді.

Ілияс айналайын ұлым менің,

Жарылғап диқаншы еді шыққан тегім.

Қобызшы Молықбайдай ағаң болған,

Анадан ерте айырылған қозым менің,

-деп өлеңдетіп қоя берді. Даусы дірілдеп өңешін өрт шалған мұңлы әке өз-өзін тоқтата алмады. Әке көзінен жас парлады. Бала үндемей тыңдай берді.

Ілияссоңымдағы ізге ергенім,

Болса да жақсы, жаман өз белбеуім.

Арманда Қолбала ақын жастай кетті-ау,

Анадан артық туған кемеңгерім, — [4,68б.]

деп түн қойнауын мұңға батырып, даусы бара-бара қарлығып шыққан Жансүгір бүлк-бүлк жортқан Торайғыр аттың тізгінін қоя беріп, өзінше әндетіп келеді… [4,65б.]

… «Қарағаш» мектебінде оқып жүргенде бірге оқитын достарымен Біржан, Абай, Шәкерім туралы әңгіме дүкен құрып отырып, Ілиясбылай дейді:

— Менің ауылымда Қолбала деген ақын болыпты. Өлеңді өте көп жазған екен. Әттең, -деп күрсініпті.

Айтшы, тыңдайық. Қолбала ақын қандай өлең шығарыпты

Білмеймін, -деді Ілияс.

– Неге?-деп шу етті балалар.

– Оны өлтіріп кеткен. Тілін кесіп, Мойынқұм деген жердегі қасқырдың ініне тұншықтырып өлтіріпті. Жазғандарын өртеген көрінеді.

– Қолбала…Қолбала ақын, – деп Шәріп ойланып қалды.

– Абай ақынды да ел ішіндегілер соққыға жығыпты кезінде, – деді Шамай.

– Мүмкін емес. Кім айтты саған, – деді бадырақ көз Бегалы адыраңдап...». [4,96б.]

Екінші дерек: «Октябрь туы» газетінің 1974 жылғы 24 мамырдағы санында Тасыбай Мұзбаевтың Ілияс жайлы «Қамқор еді» деген естелік мақаласы жарияланған. [5,6б.] Естеліктен үзінді: «Мен ақын Ілиястың алдынан тәлім, білім алған көп шәкірттерінің бірімін. 1921 жылдары Ілияс бастауыш мектепте мұғалім болып жұмыс істеді. Бұл Ілекеңнің Ташкенттен оқу бітіріп келген кезі. Ауыл мектебінің алғашқы шәкірттері аса көп те емес болатын. Ілияс сабағын біз бар ынтамен тыңдайтынбыз. Оқу, білім қажеттігі жөнінде қызық әңгімелер айтатын. Көп оқу керектігін түсіндіретін. Зерек шәкірттерін тым жақын тартып, жанындай жақсы көретін еді. Ілиястың «Сұлу қыздың сыры» өлеңі мен «Қолбала» атты поэмасыда біз ертеректе жаттаған шығармалар болатын.»

Үшінші дерек: Ілиястың туысқаны, кезінде балалық, жастық шағы бірге өткен Құсайын Шөкеновтің«Біздің Ілияс» деген естелік кітабы бар. [6,123б.] Ілияс поэмаларының кейіпкерлері сол естелікте де кездеседі. Мысалы, поэмада айтылатын «Баласы Солтанбайдың үшеу екен, Туыпты Қангелдісі қан уыстап», — дегендегі Қангелді естелікте де айтылады.

Бұл деректерден шығатын қорытынды: поэма 1920 жылға дейін жазылған. Естіген, көрген-білгендерін хатқа түсіре беретін ақынның қасиеті елге мәлім. Неге ақын бұл дастанын кезінде жарияламады? Басты себеп – дастанды тұңғыш жазғандықтан қалай болады деп тосырқауы да, немесе “қайта қарап, пісіріп барып ұсынамын” деген асықпауы да емес. Басты себеп – әпербақан заманнан аяғын тартуынан. І. Жансүгіровтің өз кейіпкерлерінің тағдырын бастан кешуі ғажап емес болатын.

Бейсенбай Кенжебаев «Ақын Ілияс» естелігінде былай дейді: «Ілиястың дене құрылысы мен бет әлпетіне сай келмейтін бір жері – үні, даусы болатын. Өзі ұзын бойлы, алып денелі, жазық бетті, үлкен қыр мұрынды бола тұрып, оның үні, даусы жіңішке болатын. Қатты, қызуланып сөйлегенде оның үні кейде шіңкілдеңкіреп шығатын еді. Бірақ Ілияс әнші еді. Ол ән салғанда оның даусына ерекше бір қасиет пайда болатын: ол әрі сылдырлы, әрі созылымды, өте таза, сонысымен құлаққа жағымды болып шығатын, жазғы қоңыр желдей есетін, қоңыраудай, таудан аққан тас бұлақтың суындай сылдырайтын.» [7,8б.]  Өзі әнші, өзі ақын Ілиясты Қолбала тағдыры бей-жай қалдырмаған, реті келген кезде жазған. Ілиястың өлең-жырға әуестігін, ақындықты, әншілікті жоғары бағалағанын, өнер тақырыбына жиі барғанын біз білеміз.

Ақын жырлауындағы Қолбала бейнесі:

Ақ жүрекпен, әділдікпен болған абыз,

Салалы салмағы бар, іші сағыз.

Өзі әнші, өзі өлеңші жігіт екен,

Әніне таңғалғандай, тыңдасаңыз.

Өлеңді айтатұғын жөні келсе,

Іркіліп, тоқтамаушы еді айтшы десе.

Кейде ашты, кейде баяу даусын толғап,

Құбылтар ән аяғын әлденеше.

Поэма Үшқайнар, Ақсу, Діңгек деген жерлерді қыс қыстау, жаз жайлау еткен Солтабай байдың баукеспе үш ұры баласы болғандығын айтумен басталады. Ол елде Қолбала атты тағы бір кедей жігіт болады. Ақын Қолбаланы былай суреттейді:

Ат жүрек, әділдікпен болған абыз,

Саласы салмағы бар, іші сағыз.

Өзі әнші, өзі өлеңші жігіт екен,

Әніне таңқалғандай таңданасың.

Өлеңді айтатұғын орны келсе.

Сол Қолбала өзімен құрбы Солтабай балаларына ұрлықты қойыңдар деп ақыл салады. Бірақ балалары оған көнбейді. Қолбала оларға: – Ендеше мен ұрлағандарыңды бойларыңа сіңіртпеймін, – дейді.

Сондықтан да жек көрді біткен ұры,

Жақсының жауласпай ма ағайыны?

Белгілі білгендерге іс емес пе,

Туғанға туралықпен жақпайтыны…

Әділ азамат, ер жігіт Қолбала айтқанынан қайтпайды. Ел ішіне Солтабай балаларының ұрлығын ұстап, әшкерелеп береді де отырады. Бұған ыза болған Солтабайдың Ханкелдісі Қолбаланың көзін құртпақ болады. Өзара пәтуаласып алған ұрылар сол елдегі бір тойға барамыз деп, Қолбаланы қоярда қоймай атына мінгізіп, ертіп алып кетеді. Олар жолда бейқам келе жатқан боздақтың мойнына тұзақ тастап, аттан аударып алады да, өлтіріп құмға көміп кетеді. Поэма мынандай жолдармен аяқталады:

Қайран ер отыз екі келген жасқа,

Туысқан жоқ өзіне туған басқа.

«Ұрлық қылма!» деймін деп өліп кетті,

Одан басқа не қылды қарындасқа?!

Поэманың көлемі 188 жол, тілі жатық, қай жылы жазылғаны көрсетілмеген.

Ілияс не жазса да, бүкіл байтақ қазақ жерінің алып өңірі көз алдыңда елестеп отыратын болу керек. Тіпті сол өңір тұтасымен кеудесіне сиып кетіп отыратындығы айдан анық. Ал сан қатпарлы өмір құпиясының да көкжиегі көңіліне ұялап, қанаттанған шабытының шалқыма мұхитына шым батып, шырқау биігіне көтеріліп жататындығы тағы аян. Олай болмаса басқасын былай койғанда жоғарғыдай дастандардың тууы жараспас еді. Жалпы адамның рухани биіктігі оның санасы мен қанасына байланысты болса керек. Бұл есеппен қарағанда Ілиястай ұлы ақындардың арнасы бүкіл әлемді әлдилейтін құдіретке лайық. Оны өзінің өлмес шығармаларынан көріп отырмыз. Оған ешкімнің шүбәсі болмас.

Қазақтың ақиық ақыны Ілияс Жансүгіровтің қызы Ильфа Жансүгірова Төреғали Тәшеновпен («Айқын» журналы, 2007ж., 10 ақпан) сұхбатында: «Ілияс шығармашылығы туралы бұрынғы кеңестік замандағы зерттеу еңбектер ескірді. Ілияс шығармашылығы, өмірі туралы жаңаша сөз айтылуы тиіс. Оқырман қолына жетпеген мұрасы өте көп. Әкемнің архиві өте ұқыпты сақталған. Мұндай мұрағат басқа ешкімде жоқ. Бірақ әлі күнге жете зерттелмеген. Оның себебі арабша хат танитындар сирек, екіншіден, қазір ілиястанумен ешкім шұғылданбайды»,-деп қалың қазаққа өкпесін білдірген екен. «Жүрегімнің айнасын шаң басқанда, орамалым осы өлең бетін сүртер» – деп жан сырын ақтарған ақынның салиқалы шығармашылығы ұлы суреткерді тек табиғат қана туғызып қоймай, нақты қоғамдық-тарихи шындық шыңдайтынына көзімізді тағы да жеткізе түсті.

Біз сөзімізді Жетісудан шыққан ақын Тұрсынзада Есімжановтың Ілиясқа арнаған:

Қазақтың маңдайына өлең бітсе,

Өлеңнің маңдайына бітіп ең сен!-

деген өлең жолдарымен аяқтағымыз келеді.

*       *       *

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

1.Нұршайықов Ә. Ақынның белгісіз поэмасы // «Социалистік Қазақстан» газеті. 1965 жыл, 16 мамыр.

2.Бұхарбай Ж. Керексіз бе едің, «Қолбала?» // «Қазақ әдебиеті» газеті. 1994 жыл, 21 қаңтар.

3. Кыяхметова Ш. І.Жансүгіровтің «Қолбала» поэмасы.// «Жетісу» газеті.

4. Жанәбілов С. Ол ертең атылады. // «Жұлдыз» журналы. 1994 жылғы 9 саны.

5. Мұзбаев Т. Қамқор еді. // «Октябрь туы» газеті. 1974 жыл, 24 мамыр.

6. Шөкенов Қ. Біздің Ілияс. Алматы: Жазушы. -1974ж.

7. Кенжебаев Б. Ақын Ілияс. Кітапта: Аңызға бергісіз ғұмыр. /

/Құрастырушы Ш.Кыяхметова. Талдықорған, 2008ж.

*       *       *

P.S.  Құрметті оқырман, желідегі достар! Егер осыдан ары қарай да, ақынымыздың мерейтойына байланысты жазбалармен жүйелі түрде танысып отырғыларыңыз келсе және де бұған дейін сайтымда «жоқ болсаңыз», онда төмендегі «терезеше» арқылы оған тұрақты жазылуыңды сұраған болар едім?!

Сонымен бірге, осы жазбалармен желідегі өз достарыңызбен де бөлісе отырыңыздар!  Рахмет.