«Ілияс Жансүгіровке -125». (22)

Құрметті оқырмандар!

Соңғы уақыттарда әр тараптан дүлділ Ілияс ақынымыздың 125 жылдық мерейтойы қарсаңында, оның шығармашылықтарынан жыр-эстафеталар өткізу, үзінділер оқып, оның бейне-аудио жазбаларын әлеуметтік желілерге салу жөнінде оңды ұсыныстар айтылып жатыр.

Осыған орай, мен сайтымның айтарлықтай мүмкіншіліктерін пайдалана отырып, онда бір жылдан бері жүргізіліп келе жатқан атамыш бөлім арқылы осы қозғалысқа қосылып отырмын.  «Ілиясты тани білу – ұлт парызы»  атты тарауда  сайт қоржынында бұрыннан жинақталған және жаңадан ұсынылып жатқан жазбалар рет-ретімен жарияланатын боладыБүгінгі парақта  солардың алғашқы топтамасы назарларыңызға ұсынылады. Қабыл алыңыздар!

Сонымен бірге, еліміздің әр түкпіріндегі  Ілияс атамызды, оның  шығармашылықтарын  құрметтеуші азаматтарға, жалпы өнер сүйер қауымға, сайт оқырмандары мен желілердегі азаматтарға, әсіресе жастар мен мектеп оқушыларына осы «өнерлік қозғалысқа»  белсенділікпен қосылуларыңызға Үндеу тастаймын!

Жазбаларды тосамын, сәт сапар!

 

 

«ІЛИЯСТЫ ТАНИ БІЛУ — ҰЛТ ПАРЫЗЫ»

 

Похожее изображение

 

 

«Құлагер» поэмасы. Толғану

 

          

Ағынды менің Ақсуым

 

 

 

Ағынды менің Ақсуым,

Ақырып әлі ағасың.

Ақиланған ашумен,

Ақтарды асқар сабасын.

Тас тарпуын, шапшуын,

Қарасаң қайран қаласың

Жалғыз жазғы бір кеште

Жағаладым жағасын.

Тұнжыраған торғын түн,

Төндім сұлу суына.

Таңырқап тау-тас тамсанып,

Жымиды жұлдыз мұңыма.

Сүмиген сүңгі сұрша тал,

Шомылды таудың суына.

Таймаңдаған тайпақ ай,

Желегі ме, туы ма?

Шүйке шарбы бұлтты

Қалқалай қалды қылмия.

Аспанды, ай алтын құшағы,

Қусыра қайың құшады.

Қарамай қайың қалайша

Қаужиған құшсын бұтаны?

Қайың мен сәуле сүйіссін,

Сүймегенді нысабы.

Итмұрыны мөлдіреп,

Қудырлап қоңыз ұшады.

Буырқанған ағынның,

Сумаңдап суы сылдырайд;

Құдиған қоңыр құрақтың

Саусағы суда судырайд;

Суға төнген бір шыбық,

Дірілдейд,суда сырылдайд;

Оған қонған бір шымшық

Шиқ-шиқ етед, шырылдайд...

 

 

Анам тілі

 

 

 

 

Қадірлі, бағасы алтын анам тілі,
Сенімен бағаланған балаң түрі.
Төрт бөліп түн ұйқысын жұбатам деп,
Сенімен әлдилеген анам мені.

Бесікте белім буып бітіскемін,
Сөйлесіп шешем жүнін түтіскемін.
«Апа», — деп, «Ә», — деп жылап, аузымды ашып,
Емшектен еңбек қылып сүт ішкемін.

Маңымды сеніменен танығамын,
Сеніменен қуанып, налығамын.
Дене ауырлап, жан жалқау тартқан шақта,
«Уһ» деп шаршап, дем алып шалығамын.

Тілегенім, қорыққаным – бәрі де сен,
Сасқанда да жармасам ойбайыңмен.
Апкәусар болса дағы ұжмақтағы,
Тәттілікті көрмеспін сенімен тең.

 

Алыс – беріс

 

Екі жарлы құда болса, бір-бірінен дорба алысар,
Екі малды құда болса, бір — бірінен жорға алысар.
Екі сараң құда болса, алыса алмай құр қалысар,
Шығымы жоқ екі құда, бір қараны зорға алысар.
Екі молда құда болса, шариғатқа көп барысар,
Екі есепші құда болса, алғанына шот қағысар.
Екі балықшы құда болса, қармақ пенен ay алысар,
Екі зәкүншік құда болса, ескі статьяны аударысар.
Екі жомарт құда болса, сыйласумен күнде ауысар,
Екі қатын құда болса, қыл — қыбыр, шуда — жұбыр, жүнді алысар.
Екі ұрлықшы құда болса, қалың малын түнде алысар.
Екі мейірімді құда болса, пәле келсе, ат салысар,
Екі мейірімсіз құда болса, пәле келсе, қуанысар.
Екі құзғын құда болса, алғаннан танысар, артынан жан алысар,
Оңатұғын екі құда, ымбаменен мал алысар,
Оңбайтұғын екі құда, алғашында — ақ дау салысар.
Екі арақ қой құда болса, қаз мойындар шағылар,
Бай мен кедей құда болса, байдың малы бағылар.
Екі диқан құда болса, ылғи ғана астық алынар,
Ақкөңіл мен алакөңіл құда болса, алдыңғының шаңы қағылар.
Бұл алыстың көбісінде — ақ кесек — кесек дау табылар.
Қой! Елім, біреудің өмірін олжалама!
Жыласа, сықтаса, көз жасы мойнында қалар,
Бесіктегі баланы базарға сала берме!

 

 

«Бөбек бөлеу» жыры

 

Бөл-бөл бөбек, бөл, бөбек,
Бөлейін бері кел, бөбек.
Бедерлі бесік, төрт есік,
Төгілте салдым төр төсек.
Бөпешім, бесік — отауың,
Отауыңа кір, бөбек.
Бөл-бөл бөбек, бөл, бөбек.
Бүлдіршін шүмек бәйтерек,
Балалы үйрек, бас бармақ,
Кішкене бөбек, бес бөлек.
Саусақайы салбырап,
Бөлене қойсын қос білек.
Бөл-бөл бөпем, бөл бөпем;
Бөлесем, жөнге көн, көкем.
Көк ала жылқы көлде екен,
Көк ала тайың сонда екен.
Торсығыңды тосайын,
Тұмсық төсей cop, көкем.
Бөл-бел бөпем, бөл, бөпем.
Бөлейін бері кел, көкем.
Жұлдызыңды жұм, көкем,
Жуынып ерте тұр, бөпем.
Алшая атқа мін, бөпем.
Ақтан қара біл, көкем.
Бөл-бөл, бөбек, бөл, бөбек.
Бөлекен қонған көк өзек.
Көк өзекте көбелек,
Көлге көк құс шүй, бөбек.
Көк өзекте көбелек,
Көбелектей күл, бөбек.
Бөл-бөл, бөбек, бөл, бөбек.
Боларсың бөпем қолкөмек:
Әлпештеген ата-анаң,
Бола қалса мүгедек.
Таңайын, ұйықта, таң атсын.
Түнде оянба, түн түнек.
Бөл-бөл, бөбек, бөл, бөбек.
Бөріден бөстек ки, бөбек,
Ерінбей еңбек ететін,
Еліңе бол елгезек.
Елгезек болсаң иісін,
Ендеше саған екі емшек.
Бөл-бөл, бөбек, бөл, бөбек.
Бөгелмей білім біл, бөбек.
Білмесең білім бекерсің,
Бет алдыңа кетерсің,
Елге есті ер керек,
Ер жет! Есей ертерек.
1925

 

 

Әдеби-сазды поэзия кешінен

 

;