«ІЛИЯС ЖАНСҮГІРОВКЕ-125». (30)

«ІЛИЯСТЫ ТАНИ БІЛУ — ҰЛТ ПАРЫЗЫ»

 

Сайтымның осы бөлімнің бүгінгі парағында халқымызға жақсы танымал Заида ЕЛҒОНДИНОВА ақынымыздың арнау өлеңін және ақынымыздың 125 жылдығына байланысты соңғы уақытта өткізілген шаралар туралы хабарламалық жазбаларды беріп отырмын. Олар:

  1. Биылғы өткізілген «Ілияс оқулары»  республикалық байқауы;

  2. Алматы облыстық «ЖЕТІСУ» телеарнасының «Болмыс» ток-шоу бағдарламасында «Жыр  Құлагері» тақырыбымен жүргізілген хабар түсірілімі (1-ші бөлімі);

 3. Ақсу ауданы халық театрының мерекелік тарту ретінде ақын Құдаш МҰҚАШЕВТЫҢ  жыр құлагері Ілияс ЖАНСҮГІРОВ туралы «ДАЛА ДАСТАНЫ» драмасын сахналауы;

  4. Ақсу ауданының  Ақсу ауылындағы Ілияс Жансүгіров атындағы тарихи-өлкетану музейі ұжымының ұйымдастырған  мерекелік шаралары.

Танысыңдар!

 

 

"ҚҰЛАГЕР ЖЫР . . . "

(Қазақтың дүлдүл ақыны Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдығына арнау)

 

На данном изображении может находиться: Заида Елғондинова, сидит, шляпа, ребенок, часть тела крупным планом и в помещении

Заида Елғондинова

 

Кіндігі қайда екен мына
жердің?!
Тұншығып тылсым ойға
тұнады ернім.
Тәуелсіз қазағымның бұла
аспанын,
Толтырып тұрсың жырға,
Құлагерім!

Сен жайлы сыр шертеді
дала дастан,
Көз жасы, шаттық, мұңы
араласқан.
Жұлдыз боп жарқырадың
Ілияс аға,
Жетісу, Ақсу, Қапал,
Қарағаштан!

Жетісу!
Жеті өзенің күліп ағып,
Балқашқа құйды ақынның
жырын алып!
Аққу жыр ұлы көкте шалықтады,
Көктегі көп жұлдыздар
іліп алып!

Арманың Алатауға алып
келді,
Ғаламның көкжиегін
жарып келді.
Жырладың туған жерді
Ту көтеріп,
Жыр келді Алматыға,
даңқ келді!

Қазақтың кіл қаймағын
қалқып алып,
Ғасырың дариядай
салқын ағып.
Заманнан зауал келді
ақын аға,
Қолыңнан қаламыңды
тартып алып!

Мекендеп жасыл жырың
Күн ұясын,
Төрінде Жетісудың
жымиясың.
Құйғытып Құлагер жыр
қырда ойнаса,
Қазағы xан көтерді
Ілиясын!

Кешені,бүгінді де
саралар Күн,
Нұр төгер кешегі
аспан қара барқын!
Алаш жыр алдаспандай
жарқ-жұрқ етіп,
Лорка, Байрон елін
араларсың!

Бағы да, байрағы да
мына елдің,
Көк туы,ал сонан соң
Құлагер жыр!
Тау-тасы,өзен-көлі,
қара орманы,
Сен болып жыр төгеді
дала арманы!

Сен болып сыр айтады
самал бағы,
Сен болып өмір сүрсе
көктегі Күн,
Сен болып жарқырайды
түнгі аспанда,
Далалық жұлдыздардың
жанарлары!
Ілияс аға!

 

 

«ІЛИЯС ОҚУЛАРЫ»  РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУЫ ӨТТІ

 

Өткен сәуір айының 25-26 күндері  жыл сайын өткізіліп тұратын «Ілияс оқулары» республикалық байқауының 12-ші кезегі өткізілді. Биылғысы, дүлділ ақынымыздың туғанына 125 жылдығының еліміз деңгейінде атап өтілуіне байланысты атқарылып жатқан шаралары ауқымында, дәстүр бойынша оның туған жері —  Ақсу ауданының (Алматы облысы) орталығы- Жансүгіров ауылында өткізілді. 

Алғашқы күні жыр мерекесіне келген қонақтар, үміткерлер, ақынның ұрпақтары, әділқазылар құрамындағы ақын-жазушылар және жергілікті қауым оқулардың салттанатты ашылуы жиынына қатысып, одан ары Ақсу ауылындағы Ақын атындағы өлкетану  музейінің экспонаттары көрмесін, аудандағы өнер мектебі оқушыларының  қол өнері шығармашылықтарын, аудан мектептері ұжымдары дайындап әкелген стендтік жазбалармен танысып, ақын туралы көптеген танымдық-деректік мағлұматтар алды. Соңында ақын жырға қосқан «Ағынды Ақсу» өзенінің бойымен жүріп, таудың тамаша табиғатын сүйсіне тамашалады.

Келесі күні байқаудың өзі өткізіліп, онда еліміздің әр түкпірінен келген 24 үміткерлер — балауса дарындар  өз өнерлерін көрсетті. Шара  жоғары деңгейде атқарылып, нәтижесінде үздіктері  анықталды. Бас жүлдені Ілияс атасының ізбасарларының бірі ретінде, Ақсу ауданындағы  Жүрімбек Сыдықов атындағы орта мектептің оқушысы БЕГІМБЕКҰЛЫ Әлібек жеңіп алып, 500 мың теңгенің сертификатын иеленді. 1-ші орынды Ақмола облысының Көкшетау қаласынан келген БАЛМЕШЕК Еділ қанжығасына байлады. 2-ші орын қызылордалық  НҰРАДИН Аружан мен маңғыстаулық ЖҮСІПОВ Жарысқа бұйырса,  3-орын иелері болып шығысқазақстандық ЖҰМАҒАЗИЕВА Анел, ақсулық ҚЫЗАЙХАН Әйгерім мен талдықорғандық САЯТ Сая анықталды.  

 

 

ЖЫР  ҚҰЛАГЕРІ

1-ші бөлім

Жетісу телеарнасы

«Болмыс» ток-шоуы

17 мамыр 2019 жыл

 

 

 

 

 

АҚСУ АУДАНЫ ХАЛЫҚ ТЕАТРЫНЫҢ МЕРЕКЕЛІК ТАРТУЫ

2019 жылдың 6 сәуір күні  Ақсу ауданының  халық театры ІЛИЯС ақынымыздың 125 жылдығына орайластырып  Бикен Римова атындағы облыстық драма театрында ақын Құдаш МҰҚАШЕВТЫҢ  жыр құлагері Ілияс ЖАНСҮГІРОВ туралы «ДАЛА ДАСТАНЫ» драмасын сахналады. Қоюшы – театр режиссері  Арда ШЕГЕҚЫЗЫ 

 

 

 

АҚЫННЫҢ АТЫ ӨЛМЕЙДІ

30 сәуір күні  Ақсу ауданының  Ақсу ауылындағы Ілияс Жансүгіров атындағы тарихи-өлкетану музейі ұжымының ұйымдастыруымен Ақынның  125 жылдығына және туған күніне (1-мамыр) арналған мерекелік шаралар өткізілді.

 

Сайтымда бұрынырақ ауылдық жердегі осы тарихи-өлкетану музейінің құрылуы, атқарудағы жұмыстары туралы толыққанды мақала жарияланған болатын. Танысу үшін: http://bit.ly/2TUe5PJ