Сайтымның осының алдындағы парақтарындағы «тасқын ақын» Толғанбай Мырзағұлұлы туралы берілген мақалалардың арасын үзбей, қолдағы бар жазбалардың тағы бірі, оның Қоңыр, Малай төрелерге айтқан «Көңілі» деп, аталып кеткен шығармашылығын беріп отырмыз.

  «Көңіл» Толғанбай Мырзағұлұлы 18 жасында, 1862 жылы, Бексұлтан төренің ұлы  Сүлеймен төреге берілген үлкен аста айтқан арнауы.  Одан бұрын,  Сүлеймен төре 40 жасқа келіп, өмірден өткенде жаназасына, жетісі мен қырқына да  үш Матай елі шақырылса да бармайды. Себебі, Қаракерей елін билейтін Сүлеймен төре 30 жасында, 12 мың жылқысына жайылымға деп, Байжігіт пен Қызай елінің жерін қиянпұрыстықпен тартып алған. Осы салдардан Байжігіт пен Қызай елі арғы бет (Қытай) асып кетеді. Үш Матай елі намысқа басып, Сүлеймен төрені шауып алайын десе, аталас екі ел шабысады. «Аталас екі ел соғысты» деген жаман атаққа қалады. Ал, кінә төрелерде ғана. Сондықтан, Матай елі Қаракерей жағымен талай жылдар суысып, тіпті ат ізін үзіп, қарым қатынасты доғарумен тынады...

 

   Сонымен,  1862 жылы Сүлеймен төренің асы болады. Асқа сауын айтылып, талай ел шақырылады. Үш Матай елінің асқа шақырылса да келмесін біліп, төрелер қулық ақылға басады. «Осы қазақ – мұсылман ба?» – дейді. «Ия, мұсылман!» – дегендерге: «Әй, қайдам, мұсылман емес-ау? Өйткені, қазаға іргелес Матай елін үш шақырдық! Келмеді!» – деген сөзді ел-елге тараттырып, үш Матай елінің басы Маман құтқа, асқа шақырумен қоса, осы қауесет сөзді де жеткіздіртеді.

  Маман үш Матай елінің игі жақсыларын жинап, мәжіліс құрып: «Төрелер қазаға үш шақырып, бармаған ісіміз исі қазаққа тиіпті! Енді, асқа тамақ ішу үшін емес, қазақ екенімізді білдіре барамыз! Соған ақыл қосындар!» – дейді. Содан бәрі «асқа бару керек» деген шешімге келіп, дайындалып жолға аттанады.

 

  Сол жөнінде Мырзағұлұлы Толғанбай ақын төмендегідей баяндаған екен:

 

«Сөйлемес Сүлейменге ешкім батып,

Халықты тамсандырып, таңырқатып.

Халықтың тамсанғаны мынау болды,

Байжігіт пен Қызайдың ата жұрты,

Әңгір сап, Тоқта-Барлықты алды тартып.

Сүлеймен қырық жасында болды қайтыс,

Шақырды Матай елін сауын айтып.

Шақырған «жаназаға» бармақ түгіл,

Ат ізін салмай қойды енді қайтып.

Тағы да Сүлейменнің асы бар деп,

Шақыртқан Матай елін сауын айтып.

Ас берген Арқадағы Қаракерей,

Маман құт жүрмек болды жолды тартып.

Қосылды Аталықтан Шиырбай шешен,

Мүсәпір батыр жүрді қосын артып.

Жас бала Тоқпанбеттен Толғанбай да,

Жұбатып жүрмек болды көңіл айтып.

Барлығы елу адам атқа мінді,

Бәрінде бармақшының хатқа тізді.

Артқаны он түйеге қант пен шай,

Байлайды елу бие желі тартып.

Атшысы, қазаншысы бәрі де сай,

Алдынан жолын тосқан кереші бай.

Ауылына ас бергеннің тақау келді,

Жол тосқан кереші бай мұны көрді.

Матайдың адамдары келеді деп,

Малайға, Қоңырменен хабар берді.

Малай мен Қоңыр сонда хабаршыға,

Апарып бір кең сазға түсір деді.

Ішінде басшысы кім, саны қанша,

Хабарын соның бізге білгіз деді.

Басы Маман, Шиырбай, Мүсәпір бар,

Барлық саны болады «елу» деді.

Әкеліп бір кең сазға жүк түсірді,

Жүк түсіріп, сол жерге шатыр тікті.

Елу бие байлайды желі қағып,

Тамақ ішіп, дамылдап, тынығыпты.

Тамақ ішіп, дамылдап, тыныққан соң,

Ауылына Сүлейменнің ат қойыпты.

«Шақырған жаназаға келмеді» деп,

Өкпелеп Қоңыр, Малай жатып қапты.

Үйінен сегіз қанат Сүлейменнің,

Матайдың адамдары орын апты.

Орналасып барлығы отырған соң,

Домбыра алып, Толғанбай көңіл айтты».

 

*      *      *      *      *

 

«Көңіл» 

Мырзағұлұлы Толғанбай ақын.

Өзіндік әуенімен айтылған

 

«Сөздің басы бісмілдә,

Әреңменен бітіпті.

Мыңнан асып, бес жылда. 

Салтанат мінез пайда боп,

Қара қылды қақ жарған,

Әділ билік көп айтқан.

Қара қасқа атты Қамбардан,

Кем емес еді ерлігі,

Сүлеймен төре жоқ мұнда.

Атан өлсе жүк қалар,

Артындағы тайлаққа,

Қоңыр, Малай сөз тыңда!

Ақ тұйғын ұшты бауы жоқ,

Өлімнен пенде сауы жоқ,

Бүтін туған бауыр жоқ,

Тұяғы бүтін сұңқар жоқ,

Өтпейтұғын өмір жоқ,

Сынбайтұғын темір жоқ,

Алладан бұйрық келген соң,

Пенденің қылар дауы жоқ!

Қайран төрем өттің бе?

Шын дүниеге жеттің бе?

Жаннатқа қарай жүрерде,

Хор қызымен күлерде,

Қатын менен балаңа,

Арызыңды айттың ба?

Өсиетіңді жаздырып,

Дүниеден қайттың ба?

Бес жасында жақ аттың,

Жас шыбықтан оқ аттың.

Алты жасқа келгенде,

Асауды ұстап үйреттің.

Үйіңе келген қонақтың,

Атын ерттеп жөнелттің.

Жеті жасқа келгенде

Балалықты жоғалттың.

Сегіз жасқа келгенде,

Салтанат мінез пайда боп,

Жігіттермен алыстың.

Тоғыз жасқа келгенде,

Толымды болып ер жеттің.

Он жасыңа келгенде,

Жанды аузыңа қараттың,

Өсиетті тараттың.

Атадан қалған дәулетің,

Қырық атаңға жамбы арттың.

Он бір жасқа келгенде,

Боламын деп бұлқындың.

Бозбалалар таң көрген,

Ойының мен күлкіңді.

Дәулетің баста тұрғанда,

Тоқта, Барлықты тартып ап,

Байжігіт пен Қызайдан,

Өрлете салдың жылқыңды.

Алладан бұйрық келген соң,

Артыңа тастап кеттің бе?

Осынша жиған мүлкіңді?

Он екі жасқа келгенде,

Орнықты болып ой бітті.

Он үш жасқа келгенде,

Жан қарайтын өзіңе,

Тал шыбықтай бой бітті.

Он төрт жасқа келгенде,

Қызық , думан топ іздеп,

Көріңдің көркем келбетті.

Он бес жасқа келгенде,

Мінілмеген құр аттай,

Төстен аққан бұлақтай,

Ел қамына қарадың.

Тағдырын шешіп жылатпай,

Айтқан сөзің ем болды,

Ішке құйған сынаптай.

Он алтыға келгенде,

Жақсы атаққа іліндің,

Ой-найманға біліңдің,

Көп құрметтеп сыйлады,

Зиянын көрмей тіліңнің.

Он жеті жасқа келгенде,

Арғымақ аттай аттадың,

Пендеге жаман айтпадың.

Өтірік қиял сөз сөйлеп,

Қызыл тілді сатпадың.

Тоқта, Барлықты алсам деп,

Байжігіт пен Қызайдан,

Күндіз, түні жатпадың.

Ғарып пенен қасарға,

Осындай айла тапқаның.

Жарлығың жалған болмаған,

Әділетті төре едің,

Ғарыптың күшін ақтадың!

Он сегізге келгенде,

Кер маралдай керілдің.

Қызылды, жасылды киіндің,

Қызбалықты көріндің,

Кісілікке іліңдің.

Байжігіт пен Қызайдан,

Тоқта, Барлықты алам деп,

Өз ішіңнен бүліндің.

Он тоғызда сері едің,

Жүрген жерің ду базар,

Бозбаланың гүлі едің.

Атаң менен апаңның,

Жарқыраған күні едің.

Жиырма жасқа келгенде,

Аузыңды айға біледің.

Бала құстай талпынып,

Алыстан тоят тіледің.

Жиырма бірде шарық қып,

Жұртыңды сөзге қарық қып,

Бұлбұлдай болып сайрадың.

Жиырма екі жасыңда,

Жарқырадың, жайнадың.

Найзағайдың тасындай,

Тәңір берген бақытың,

Балталаса кеспестей,

Орнапты сонда басың-ай.

Жиырма үште тұрғанда,

Төрелік кеңес құрғанда,

Қас болған сізге тас болып,

Тұрды ма «тақсыр» бас ұрмай.

Жиырма төртке келгенде,

Келістіріп ұстадың,

Қарайған халық, жұртыңды-ай.

Жиырма беске келгенде,

Ортекедей ойнадың,

Қыранның ұстап бүркітін.

Белдеуге жүйрік байладың,

Бұлбұл құстай сайрадың,

Болатты тасқа қайрадың.

Қарт бурадай қамдандың,

Қас батырдай шамдандың.

Ерегескен дұшпанды,

Жеңбей сірә қоймадың.

Дәулетің баста тұрғанда,

Байжігіт пен Қызайды,

Тоқта, Барлықтан айдадың.

Ғарып пенен қасарға,

Тиіп еді қайраның.

Отызда салдың ойранды,

Ғарып пенен қасарға,

Көп тигіздің пайдаңды.

Артыңда қалған қайран жер,

Тоқта, Барлықты тартып ап,

Салып едің сайрамды.

Тартып алған жеріңнің,

Көп көрмедің қызығын.

Кеттің-ау, төрем арманда!

Отыз беске келгенде,

Әр іс келді қолыңнан.

Қамын ойлап жұртыңның,

Тапжылмадың, таймадың,

Әділеттік жолынан.

Балаңды беріп молдаға,

Шариғатқа бойладың.

Бексұлтанды «құдайым»,

Шалықты қылып жаратқан,

Әкенің жолын ойладың.

Қырық жасқа келгенде,

Халқыңа құрдың мырзалық.

Мешеу ел, мүскін, нашарлар,

Білдіріп сізге ризалық.

Атан алып, ат мініп,

Шапан киіп, шат күліп,

Кетуші еді келген ел,

Сіздікінен ырғалып.

Асып едің талайдан,

Орның болсын төрем-ау,

Сегіз жұмақ сарайдан.

Баяғыңдай боларсың,

Бай тағыңа қонарсың?!

Әлі бақыт кеткен жоқ,

Қоңыр менен Малайдан

Дәулетің баста тұрғанда

Байжігіт пен Қызайдан,

Тоқта, Барлықты алып ең.

Өкініш қылмай төрелер,

Ақырын сұра құдайдан!

Құдіреті күшті құдайым,

Болжауымен таң атқан,

Мезгілімен күн батқан.

Бас бермейін дегеннің,

Жалғызын жардан құлатқан.

Мал бермейін дегеннің,

Қу таяғын сұлатқан.

Бексұлтанды құдайым,

Шалықты қылып жаратқан.

Әділетті төре екен,

Қорыққанды қуантқан,

Жылағанды уантқан.

Ерегескен дұшпанның,

Айдын көлін суалтқан,

Босағасын қуартқан.

Ғали да өткен дүниеден,

Мың кісіні бір шапқан,

Қылышынан қан аққан.

Қарын да өткен дүниеден,

Мың түйеге кілт артқан.

Өлім алла расы,

Пайғамбардың мұрасы.

Қасен менен Құсайын,

Ер Ғалидің баласы,

Бәтима еді анасы,

Пайғамбардың сарасы.

Құсайын шейіт болыпты,

Кербаланың шөлінде,

Сақабаның елінде,

Пайғамбардың жерінде,

Жазиттің мың сан қолында.

Соларға опа бермеген,

Сұм жалғанға қарашы.

Өкініш қылмай төрелер,

Құдайдан артын сұрашы!

Пендесі көнбей қайтеді,

Алланың өзі салғанға.

Жағыңды ұста тәубә қыл,

Артында ұрпақ қалғанға!

Алланың досы Ыбрайым,

Баласын шалған құрбанға.

Көк қошқар түскен аспаннан,

Пышағы өтпей тұрғанда.

Ақырын тіле төрелер,

Жеткізсін алла иманға!»

 

   

 

 

 

 

 

 

 

  Көңіл айтылып болған соң, Сүлеймен төренің ханымы күміс табаққа салып, «үш Матай елінің сыйы» деп тай тұяқ, қой тұяқ, найын көзір алтын тарту тартады. Ханым берген сыйды аталықтан Шиырбай шешен, қаптағайдан Маман құт, кенжеден Қашаған болыс иемденеді. Екі ел арасындағы араздық осыдан соң ыдырап, татулыққа бет бұрыпты.

 

 

Түсініктемелер:

Маман құт Қалқабайұлы (1820 – 1895 ж.ж.) ой-найманды билеген білік.

Шиырбай шешен (1819 -1904 ж.ж.) үш Матай елінің бас ақылшысы.

Мүсәпір батыр, елі байғазы,  (1840 – 1906 ж.ж.) үш Матай елінің арысы.

Бексұлтан төре өр-найманды билеген Сүлеймен төренің әкесі, Әбілмәмбет ханның ұрпағы.

Қоңыр, Малай – Сүлеймен төренің ұлдары.

Байжігіт пен Қызай – ел атауы.

  Осы аста жас Толғанбай ақын үш жүзге әйгілі Түбек Байқошқарұлымен айтысып жеңген. Ол жөнінде өткен парақта айтылып, айтыс мәтіні берілген болатын. Көріңіз:Түбек пен Толғанбай айтысы

 

Жемісбек Толымбеков