9-МАМЫР.  БІЗДІҢ ДЕ ӘКЕЛЕРІМІЗ — МАЙДАНГЕРЛЕР!

Біздің әкелеріміз, яғни менің әкем, Нурпеисов Серпербай және жұбайым Сәулежанның  әкесі Толғанбаев Тәңірберген,  екеуі де Ұлы отан соғысының және еңбек ардагерлері, халқына  сыйлы болған ел ағалары.

Бүгінгі Ұлы мейрам күніне және ӘКЕЛЕР  құрметіне арнап, солардың өмірбаяндық деректерімен арнау өлеңдер беріп отырмын. 

Нұрпейісов Серпербай (1918—1994)

 

 

1918 жылы Ақсу ауданы Қарашілік ауылында туған. Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері. Қапал мұғалімдер училищесін, Талғар ауылшаруашылық техникумын бітірген.  Қарашілік, Жаңатілеу мектептерінде мұғалім болады.

1942 жылы әскер қатарына шақырылып Ұлы Отан соғысына қатысады. Майдангер барлаушылар тобында болып, Украина, Белорусия, Польша, Германия жерлерін фашистерден азат ету шайқастарына қатысқан. Соғысты Берлин қаласында аяқтап, 1946 жылдың аяғына дейін қаланың комендатурасында әскери қызмет атқарады. Соғыстағы ерліктері үшін екі рет «Қызыл Жұлдыз» орденімен, оннан аса әскери медальдарымен марапатталған. 

 

 Соғыстан келгеннен кейін Сталин атындағы бастауыш мектебінде ұстаздық етеді (1946-48). Одан кейінгі жылдардан бастап көптеген шаруашылықтарда партия ұйымының хатшысы, «Октябрь», «Сүттіген», «Қызылту», «Жаңалық», «Еңбек», «Жамбыл», Жансүгіров атындағы ұжымшарлар басшысы болды. Бірнеше жыл аудандық жол бөлімінің бастығы болған.

 

 

 

 

 

 

 

  Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қоғамдық жұмыстарға белсене араласады, аудандық мүгедектер ұйымын басқарды. 1994 жылы қайтыс болды. Көптеген еңбектегі де  медальдары және марапаттары бар.

 

 

 

*       *       *

 

Толғанбаев  Тәңірберген

 

 

1923 жылы Ақсу ауданында туған. Милиция полковнигі. Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері. Қазактың С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетін бітірген.

 1942 жылы әскер қатарына алынып, Ұлы Отан соғысына қатысады. Содан Закавказье майданы әскери құрамында сол өңірді қорғау және жаудан тазарту ұрыстарына қатысады.

 1946 жылы елге оралып, аудандық сотта хатшы болады. 1957 жылы милиция қызметіне кіріп, оның барлық қызмет сатыларынан өтеді, Ақсу аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары болады. 1964жылы Алматы облысы Жамбыл аудандық іщкі істер бөлімінің бастығы болып ауысады. Сол қызметтен 1977 жылы зейнет демалысына шықса да, көптеген жылдар Іле ауданы прокурорының көмекшісі, Боралдай қант зауытында заңгер-кеңесші болады

 

Оның қызметтік жолы, ашқан көптеген ауыр да күрделі қылмыстары белгілі қазақ жазушысы Кемел Тоқаевтың бірнеше әңгімелерінің өзегіне айналған. 

 Соғыстағы ерліктері мен қызметтік ерен еңбектері үшін Үкіметтің көптеген орден-медальдарымен марапатталған. Жамбыл ауданының Құрметті азаматы.

 

А Т А М Ы З   Т У Р А Л Ы

Аталарының 90-жылдығындағы  балалары мен немерелерінің құттықтауы

 

Көп қиындық өткізсе де жасынан

Жетімдікті, аш құрсақты басынан.

Еш мойымай болды жігіт қайсарлы,

Сенім күші мақсат үшін тасыған.

       

Ержеткенде шықты алдынан үлкен сын

Кешті бастан зұлымдығын соғыстың.

Арараттың  аршып жүріп мұз, қарын

Бір Батырдай  Жеңіс үшін болысты.

Бейбітшілік орнағанда таң күліп

Қалап алды тәртіп жолын–заңдылық

Жалғастырды күрес жолын қылмыспен,

Орнасын деп тыныш өмір, әділдік.

   

Елу жылдай зұлымдықпен алысты

Қаншама рет қатерлермен қауышты

Ерлік жолы жыр–қисса боп өріліп

Кітаптарда жұртыменен табысты.

Адалдықты тани білер ел тегі

Атақ-даңқын шарықтата көтерді

Құрмет етті Үкімет те, қоғам  да

Ерлігі де, еңбегі де өтелді.

 

Құттықтауда барша қауым, туысқан

Мерей жаспен – 90 деген қырды асқан

Халқысына үлгі болған ғұмыры-

Мәңгі мұра ұрпағына жалғасқан.