САУАЛНАМА

 

"МЕМЛЕКЕТІМІЗДІҢ  ҚАЛАЙ  АТАЛҒАНЫН ҚАЛАР ЕДІҢІЗ ? "

 

Құрметті сайт оқырмандары, желідегі азаматтар, достар!

  Біраздан бері мемлекетіміздің атауын өзгерту туралы әңгіме көтеріліп, қоғамымызда,  ел ортасында, әр деңгейде үлкен пікірталастар  мен алмасулар, талқылаулар жүріп жатқанын білеміз. Оны өзіміздің әлеуметтік желілерден де жақсы байқап отырмыз.  

 

   Шындығында да,  бұл  мәселенің еліміздің әр азаматын, әр қазақ баласын бей-жай қалдырмайтыны белгілі. Мемлекетіміздің дұрыс аталуы тарихи тұрғыдан да, оның халықаралық  деңгейдегі танымалдығын қалыптастыру және арттыру мақсатында да, ел ішіндегі береке-бірлікті, тұрақтылықты сақтау, өз ұлттық құндылықтарымызды  негіздеп орнықтыру үшін де,  жалпы халқымыз мүддесіне байланысты қажеттіліктердің  қай жағынан алсақ та,  аса маңызды дүние екені түсінікті. Ал бүгінгі жағдайдағы жас мемлекетіміздің тәуелсіздігін одан ары нығайту, тарихы терең ұлтымыздың рухани тұрғыда қайта жаңғыруына байланысты үздіксіз жүріп жатқан үрдістер кезеңінде  бұл мәселенің маңыздылығы тіптен де еселене түсетіні заңдылық деуге болады. ...

 

 Ел атауына байланысты айтылып жатқан халықтың пікірі мен ұсыныстарын байқауталдаулар, олардың негізінен екіге бөлініп отырғаны байқалтады. Бірінші бөлігі - мемлекетіміздің  «Қазақстан» атауының сақталуы қажет екенін, сол арқылы қаншама халықаралық келісімшартты жасалғанын, қазіргі уақытта сыртқы елдері арасында жақсы танымалдық деңгейде екенімізді, оны өзгерту еліміздің осы бағытта ары қарай  дамуына біршама кедергі болатынын,  көп  қаржылық  шығындарды қажет ететінін, әртүрлі этникалық топ өкілдері құрайтын мемлекетіміздің ұлттық тұтастығына  кері әсері және басқа да күрделіліктер  болуы мүмкіндігін алға тартады. Яғни, еліміз атауын өзгертудің еш мәні және негіз де жоқ деп санайды. 

 

Пікір білдіруші азаматтардың екінші жағы негізінен атаудағы «стан» жалғауының алынып тасталуын қажет деп санайды. «Төркіні» парсылық  болып келетін бұл сөздің мәні «жері», «аудан», «тұрақ» деген ғана ұғымды білдіретінін, көптеген елдерде осы терминдік атау жөнінде «жағымсыз» қоғамдық пікірлер қалыптасқанын, еліміз «имиджіне»  кері әсер беретінін  және де әлемнің қай елін алып қараса да, мемлекет атауы оны құраушы ұлттың негізінде қойылғандығын негізге алады.

 

Олар ең басты дәйек ретінде, “қазақстандық” деген ұлт болмағандығын және болмау керектігін, керісінше мемлекетіміздің бұдан  бұрындарғы  атауларының бәрі де «ҚАЗАҚ»  болып келгені жиі айтылып жатады. Соны қайтару,  «ҚАЗАҚ» атауы ерекшеленіп, жекешеленіп тұруы тарихи әділдікті орнықтыруға,  еліміздің тәуелсіздігін нақты баянды етуде, халық санасын рухани жаңғырту және әр қазақстандықтың ой-санасында дұрыс орнын тауып, халқымызды бірлікке жігерлендіруге, ел экономикасын көтеруге және сыртқы елдердің  мемлекетіміз қауіпсіздігіне сеніммен қарайтынына негіз болады деп санайды.

 

Ал мемлекетіміздің жаңаша  аталып жатқан жағдайдағы пікірлер негізінен «ҚАЗАҚ РЕСПУБЛИКАСЫ» немесе  «ҚАЗАҚ ЕЛІ» деген атауларға келіп саяды. Олардың сыртында «Қазақия», «Қазақұя», «Тұран», «Қазақ Ордасы» делінетін  ұсыныстар да кездесіп жатады. 

 

Қалай десек те, ел атауын анықтау аса маңызды және  жаңашылдық сипатқа  ие  болғандықтан, мұны барлық халық қалай қабылдайтынын байқау, бірге жан-жақты талқылау  және онымен санаса отырып қана шешілуі айқын мәселе. Оның бірден-бір жолы —  бүкілхалықтық  референдум өткізу деген ұстанымдар  айтылады.  Осыған орай, мемлекетіміз  атауын өзгерту  идеясын талқылау ел арасында кеңінен өріс алғандықтан, оның мемлекеттік деңгейде оңды шешілуі — алдағы уақыттардың еншісінде  екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр,

 

 

Осыларға орай, мен өз сайтымның мазмұндылығы туған жер, ел тіршілігі тақырыбында болғандықтан және оның азды-көпті мүмкіндігін пайдалана отырып,  осы маңызды мәселе бойынша әлеуметтік желілердегі өз аудиториямыз арасындағы  (оны халқымыздың  бір бөлшегі деп санай отыра)  пікірлерді біліп-зерттеу,  талдап көру мақсатында интернеттік (онлайн) САУАЛНАМА өткізуге қадам жасап отырмын. Оны барлықтарыңыз дұрыс қабылдайды, белсенділікпен қолдайды және әркім өз тұжырымын білдіреді  ойлаймын. Олай болса, іске сәт!

 

 

СОНЫМЕН:

 

Сіз қалай санайсыз?   Сауалнамаға қатысыңыз!

 

 

Енді сауалнаманы өткізу  туралы түсініктеме берейін:

 

  1. Мемлекет атауы туралы өз пікіріңізді, ой-шешіміңізді сайтымның осы беткі парағының сол жақ үстіндегі «САУАЛНАМА» деген терезешедегі бір атауды таңдап, «дауыс беріңіз» деген түймешені бассаңыз болды;

 

  1. Ал өз ұйғарымыңыз туралы қысқаша анықтама беруді қажет етсеңіз, оларды осы сайт парағының немесе әлеуметтік желідегі хабарламаның астындағы «комментарийлар»  деген орындарға жаза аласыз;

 

  1. Сол сияқты, хабарламаға «лайк» басқандарыңызды сұрар едім, ол сіздің сауалнамаға қатысқандарыңызды ғана білдірер еді;

 

  1. Және де сауалнамаға қатысушылар ауқымын барынша қамту және молайту мақсатында хабарламаны әлеуметтік желілердегі және оның топтарындағы  өз достарыңызбен бөлісіп таратқандарымыз жөн болар еді;

 

  1. Сауалнамамыздың өткізілу барысын, яғни қатысушылар саны мен дауыстардың бөліну жайын сол «терезеше» арқылы байқап отыра аласыздар.

 

 

Р.S. Ал егер Сіз осыған дейін менің  сайтымда «жоқ»  болсаңыз,  сайттағы бұған дейінгі көптеген жазба-мақалалармен толық танысып  және алдағыларын да  оқып  отырғыңыз келсе,  онда мына астыдағы «терезешеге» жазылу арқылы оның тұрақты оқырманы болып тіркеліңіз.

Егер тіркеліп жатсаңыз, Сізге осы сайт арқылы дайындалған біраз электронды кітаптар «сыйлық»  ретінде ұсынылатын болады.  Олармен мына сілтеме бойынша танысасыз: http://bit.ly/2TUdEW0

Хош келіңіз!

 

 

Ел не дейді?