Сайтымыздағы  бүгінгі  әңгіме — Жетісу  өңірі,  Ақсу-Матай  жерінің тумасы, ел  арасында  «Паровоз  апа»  атанып кеткен Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, теміржол локомотивін  басқарған  алғашқы қазақ қызы, бүгіндергі  ел ағасы,  ардақты  әже,  «Ақсу ауданының Құрметті азаматы»  Алтынай Есболатова туралы. Қабыл  алыңыздар!

 

 

Алтынай  Есболатова

 

Алтынай  Есболатова

    Алтынай  апа  Есболатова 1923 жылы  Алматы облысы Ақсу ауданы Матай елді мекенінде өмірге келген.

  1926—1931 жылдары  салынған  ҚСРО-ның ірі құрылыстарының бірі — Түрксіб теміржолы салынып іске қосылғаннан кейін, Матай ауылы соның бойындағы ірі стансаның біріне айналады. Содан бастап, ауыл тұрғындарының  бүткіл  тіршілігі,  әсіресе, ер азаматтардың  кәсіптері,  жұмыстары  теміржол  саласындағы  қым-қуат міндеттерді атқаруға  байланысты болып қалды.  Сол тұрғыда,  енді өсіп келе жатқан балауса жастар да  өз болашақтарын  теміржол бойына қажетті кәсіптерді меңгеруге бет бұрады.

  

  Солардың бірі, бойжетіп қалған Алтынай еді. Бала кезінен жетімдіктің зарын және де  теміржол бойындағы тіршіліктің  қызығы  мен  шыжығын  көріп біліп өскен  Алтынай, қыз бала болса да үлкен батылдықпен, сенімділікпен  паровозды  басқаруды  меңгеруге бел буады. Оның қысқы мерзімді курсын бітіріп, машинис көмекшісі мамандығын игереді.

  Алайда, дәл сол кезеңде  соғыс басталады да, теміржол бойы аласапыран дүниеге айналады. Түрксіб темір жолының бойындағы стансалар  стратегиялық зор маңызды нысандарға айналып, майдан шебіне әскери техника, адам күші, азық-түлік, ал  кейінге  қарай тылға қажетті дүниелер, ауыр жараланған жауынгерлер  тасыған эшалондар  легі еш толастамай арлы-берлі сабылуда болады.

  Сол кезеңде,  яғни 1942 жылдың  қаңтар айында Түрксіб теміржолы бойынан 30 әскери паровоз  жинақталып,   майдан  аумағына  жіберіледі.  Солардың  біреуінің  жүргізушілері  құрамында,  бар болғаны  18-ден  жаңа асқан Алтынай Жайнаққызы соғысқа аттанып кете барады.  Сонымен, біздің пайымдауымызша Алтынай Есболатова — локомотив  машинисі  болған алғашқы қазақ қыздарының бірі. 

  Шын мәніне келгенде, ауыр составты сүйрейтін паровоздарды  айдаушыларының негізгі жұмысы, оның от қазандығына үздіксіз көмір лақтыру болып табылады. Сондықтан, қыз балаға үнемі күніне 10-15 тонналап көмір лақтыру оңай болмағаны түсінікті. Бірақ қарапайым қазақ қызының қайсарлығы, намысшылдығы, сондай қиындықтарды жеңе білуге негіз болады.

  Алтынай апайдың өзінің  айтуынша, оның эшалоны соғыс жылдары негізінен  Сталинград шайқасы алаңына қару-жарақ пен сарбаздарды тезірек жеткізумен міндетті болған. Өзі Сталинград  үшін  шайқасушылардың екі жағынан да қырылған жауынгерлерді, тас-талқан  болған қаланы көзімен көріп, барлық қасіретін  жан-тәнімен сезініп бойынан өткізеді. Арасында берілген тапсырма-бұйрықтарға сай жарақат алған жауынгерлерді жинау, ал қаза тапқандарын  жерлеу міндеттерін де атқарады.

 Сол сияқты, тұтқынға түскен неміс  фашистерін  Сталинград жақтан  Мәскеуге  тасиды. Сол кезде қолға түскен неміс әскерінің  қолбасшысы  Паулюсты  майдан  шебінен  орталыққа  қалай  алып  кеткенін өз көзімен көреді.

 

   Одан ары Алтынай апайымыз эшалонымен Брест арқылы Германияға, Берлиннің  өзіне дейін жеткен екен. Яғни, ерен ерліктің үлгісін  көрсеткен қазақтың  қаршадай   қызы Жеңісті жақындатуға бір ер азаматтай ат салысады.

  Майдангер ретінде  Алтынай апайымыз  елге оралғаннан кейін мақтандыққа, астамдыққа  бой алдырмай, қарапайым өмір сүреді. Солай десе де,  ел арасындағы  қоғамдық шараларға белсене араласып отырады. Соғыс кезеңінде  басынан кешкен оқиғаларын еске түсіре  отырып, көпшілікті береке-бірлікке шақыру, жастарды отансүйгіштікке, мәдениеттілікке  тәрбиелеу мақсатында көп жұмыстар атқарады. Сондықтан да, апамыз Матай, Ақсу жұрты арасында үлкен құрмет пен  ізетіне  ие болды. 

  2015  жылы  сәуір айында Алтынай  Есболатоваға  аудандық  мәслихаттың  шешімімен  «Ақсу ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. ( Мәслихаттың хатшысы ретінде сол шешімде өз қолымның түрғанын және төсбелгісін  беріп,  алқасын  таққан  марапаттау  шарасын  атқарғанымызды өзіме құрмет санаймын). 

  Алтынай апамыз көп жылдардан бері облыс орталығы, Талдықорған қаласында тұрады. Бұл жерде де апамыз үлкен қауым елдің құрметіне ие. Облыс, қала басшылығындағы азаматтар,  қала мектептері оқушылары ардақты апасын-әжесін  әрдайым мейрамдармен келіп құттықтап, өздері де оның батасын алып тұрады.

 

Аты аңызға айналған «Паровоз апа» жастарға өсиетін айтты - Алматы облысы

Алтынай  Есболатова облыс әкімі А.Баталов және мектеп оқушыларымен бірге


Фото Елдоса Баялышбаева.

Алтынай  Есболатова жерлестері арасында

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 Әңгіме соңында, кейіпкеріміздің  «Паровоз апа» аталып кетуі туралы. Осы ғасырдың басқы жылдарында апамызға мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлының  қабылдауы құрметіне ие болып, онымен  әңгімілесу сәті туады. Сол кезде майдандағы зор еңбегі мен ерлігіне тамсанған және кеудесіндегі паровоздың суреті бар төсбелгісін көріп, Елбасы оны: «Сіз «Паровоз апа» екенсіз ғой» — депті. Содан  бері  барлық ел-жұрты үшін Алтынай апа — «Паровоз апа»  болып  аталып кетті.

  P.S.  Жасы бір ғасырға жақын қалған  Алтынай әжемізге әлі де ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, ұрпақтарының қызықтарын көре беруіне тілектестік білдіреміз.

Төменде, осы деректерді толықтыру мақсатында тағы бір шағын мақаланы беріп отырмын.

 

Паровозшы апа

Айдын Кәлімхан

Талдықорған онлайн газеті

 

  Міне, ағынды судай жөңкілген тағы бір жыл тарих қойнауына еніп барады. Өткенді өнеге етіп,  кемел келешекке бағыт алған қазақ халқы небір нәубетті бастан өткергені анық. Атап айтсақ, 1723 жылғы Ақтабан шұбырынды Алқакөл сұлама, өткен ғасырдың басындағы  Ұлт азаттық қозғалысы, ашаршылықпен қабаттаса келген екінші дүниежүзілік соғыс, кешегі елге тәуелсіздік сыйлаған Желтоқсан оқиғасы. Соның бәріне халқымыздың қайсар ұл-қыздары өздерінің ерен ерлігімен жауап бере білді.

   Ал, жер бетінен 50 миллионнан  астам адамның  жанын  жалмаған Ұлы Отан соғысына  кезінде 1 жарым миллионға жуық  қазақстандық  аттанса, оның  120 мыңдайы  Алматы облысынан. Олардың тек 50 мыңдайы  ғана аман  оралған. Жылдар  жылжып, айлар аунап, арада  жарты ғасырдан  астам уақыт  өтсе де  қан  майданда  болған қайталанбас  тұлғалар  әлі  де арамызда. Солардың бірі шайқас шебінде 4 жылдан астам  уақытын өткерген Жетісудың төл тумасы Алтынай Есболатова.  Бүгінде «Паровоз апа» есімімен елге танымал әже: «Менің бірнеше төс белгімде паравоздың суреті бейнеленген. Олар менің соғыста көрген тарихи оқиғаларымның куәсі тәрізді » -деп еске алады.  

  1923 жылы Матай ауылында дүниеге келген  Алтынай апаның жасы дәл қазір бір ғасырға жуықтаған. Оның  әр басқан қадамы  ақиқат пен аңызға толы.  Жастайынан  жетімдік  шекпенін  киіп,  мезгілсіз  марқайған  қам  көңіл  қыз 18 жасында туған ауылындағы темір жолда паровозға от жағушы болып жұмысқа тұрған. Аз уақыт ішінде қосымша паровоз  жүргізудің  қыры мен сырын  жан-жақты  меңгерген  ол, іскерлігімен елді сүйіндіреді.

  Кейін оның Алматыдағы темір жол училищесін енді тауысқан сәтінде сұрапыл соғыс оты тұтанады. Елде  кәрі-жас, ер-әйел демей  майданға  аттанып  жатқан тұста, ол  өздігінен  сұранып, алдыңғы шепке баруға бел буады. Сонымен 1942 жылы қаңтар айында орталық соғыс кеңесінің №34 бұйрығымен алдыңғы шепке баратын паровозшылар  құрамына  барып  қосылады. Ізінше Сталинград бағытындағы ұрысқа  бет алған 30 отарбаның бірі  ЭМ 722-03 паровозын тізгіндеп кете барады. Майдангерлер  тәуліктеп  жүріп, арада  біраз  уақыт  өткенде  қарша бораған оқ пен қызыл жалынды отқа оранған  бір  қалаға  жетеді. Онда  барғандарға  екі адамнан бірге жұмыс бөлісі жасалады. Паровозшыларға негізі алдыңғы шепке оқ-дәрі, қару-жарақ жеткізіп,  жарақат алып, қаза тапқандарды жинау міндеті жүктеледі. Соның ішінде қаршадай қызға ең ауыр тигені құрбан болғандарды жинап, жерлеу еді.

 

 87609_2_resized_595x334_1 Бір әңгімесінде соғыс ардагері: «Онда  әр күні бізге жаңа тапсырмалар  берілетін. Үнемі өз міндетімізді екі етпей орындап жұрдік. Бірде мен жанымда бір орыс қыз бар майданға қару-жарақ жеткізіп, қайтарда жаралылар мен құрбан  болғандары  алып қайтатын  болдық. Алайда, ол  менің  өлген  адамдарды тұңғыш көруім еді. Ондағы қызыл  қанға  малынып,  сұлап  жатқан  өліктерді көргенде тұла бойым түршігіп кетті. Алғашында өне бойын оқ түтіп, парша-парша болып жатқан  мәйітке  қарай  алмай  қамығатынмын. Тіпті, түсімізде де сол  бейне  қайталанып, кейде  жынданып  кете  жаздаған кездерім болды.  Алайда, «Үш күнде көрге де үйренесің» деген. Біраз уақытта оған да етіміз үйреніп, орыс  қыз екеуміз  өліктерді паровозға өзіміз тиеп, өзіміз жерлейтін болдық. 1943 жылы ақпан айының басы болатын.  Жауынгерлер  жаудың  аса ірі бір әскери базасын талқандап, 1200-ден астам сарбазын қолға түсірді. Тұтқындарды қорғап орталыққа жеткізу бізге міндеттелді. Бұл бір қауіпті де қатерлі тапсырма еді.  Дегенмен,  бұйрық  берілді ме?  Оны орындау парыз. Кешікпей жолға шықтық. Сәл босаңдық танытсаң  соншама  көп  тұтқын қарсылық көрсетіп, қашып кетуі де мүмкін ғой. Бірақ, біз оған жол бермедік. Бірнеше тәулік қас қақпай  күзетіп  тұтқындарды  Балашов қаласына аман-сау жеткіздік. Сол жылы Украина жеріндегі  әйгілі  Днепр  өзенінің сол  жағалауына  өту үшін Корейка  аралығына  тез  арада  көпір  салуға тура келді.  Оған да  жарғақ  құлағымыз  жастыққа тимей  атсалысып, көпір  құрылысын  межелі  мезгілде  сәтті  аяқтадық. Бұл  біздің жауынгерлер көздеген Қырым бағытындағы шабуылға жол ашып, ондағы  Смоленск, Гомель, Кременчук,  Борисовка,  Ровно  және Хмельницкий қалаларын азат етуге сеп болды.    Қанша айтқанмен соғыстың аты соғыс. Бейбітшілік шіркінге не жетсін? Ондай  қасіретті оқиға енді еш қайталанбасын. Тәуелсіз елімізде мәңгі тыныштық  орнап, көк  туымыз көкте желбірей берсін» -дейді батыр ана.