Құрметті оқырмандар! 

 Сайтымыздың «Діни танымдылық — уақыт талабы» атты  тарауына  алғашқы  мақаламызды енгізіп отырмыз. Осыдан ары қарай да Ақсу аудандық мешіті тарапынан дайындалған мақала-хабарламаларды  және басқа да діни танымдылық еңбектерді жүйелі түрде беріп отыратын боламыз. Ой-пікірлеріңізді білдіріңіздер!   Өздеріңіз де мақала беріңіздар. 

 

ПЕНДЕНІҢ АЛЛА АЛДЫНДАҒЫ МІНДЕТТЕРІ

Адамның ең үлкен мақсат-мұраты және жаратылысының себебі Алла Тағаланы танып, оны сүю, Оның сүйіспеншілігіне бөлену, разылығын табу. Адам осы мақсатпен жаратылғандықтан, соған қажетті сезімдер мен соған ыңғайлы ағзаларға ие болып жаратылған. Алайда Алла Тағаланы сүю және оның сүйіспеншілігін табу оңай шаруа емес. Бұған қол жеткізу үшін соған лайықты амалдар жасау, соған лайықты рухқа ие болу қажет. Пенденің Алла алдында, Алла елшісі, ата-ана алдындағы, ермен әйелдің арасындағы, отан алдындағы тағы басқа міндеттері бар. Соның ішіндегі ең үлкен міндеті Алла алдындағы міндеті болмақ.

Кімде –кім  Алланы жақсы таныса, Оны жақсы көрмеуі мүмкін емес. Кімде-кім Алланы жақсы көрсе бұйырған бұйрықтарын орындамауы мүмкін емес. Кім Алла бұйрықтарын жасап бойұсынса ол пенде бақытсыз болуы мүмкін емес. Яғни, 1-ші міндетіміз Раббымыз Алланы тану, иман келтіру, 2-ші жақсы көру, 3-ші бұйырған әмірлерін орындау, қайтарған тыйымдарынан бойды аулақ ұстау.

         Жоқтан бар еткен Раббымызды тану

Біз Алла Тағаланы Құранда айтылған сипаттарымен ғана тани аламыз. Оны шектеулі санамызбен танымдауымыз мүмкін емес. Ол әлемдердің Раббысы. Барлық мақлұқатты жаратушы әрі өмір беруші, Одан басқа жаратушы жоқ. Барлық нәрсені көруші, білуші, аспан мен жерде Оған құпия ештеңе жоқ. Барлық нәрсені естуші, тіпті жүректегі сезім мен санадағы жасырын ойды да білуші. Аса мейірімді, ерекше қамқор. Барлық жаратылысқа деген шексіз мейірім Иесі. Жаратқан пендесі иман етпесе де, ол адамға ризық беруші. Барлық нәрсеге құдіреті жететін, ай мен күнді, күндіз бен түнді, аспан мен жерді адамның игілігіне ұсынушы. Алла Тағала бізді Өзінің сән-салтанатты, таңғажайып сарайын тамашаласын деп бұл әлемге құтты қонақ қылды. Өмір сүруімізге барлық оңтайлы жағдай жасап, жерді жайлы бесіктей тербетті. Жер шарынан мыңдаған есе үлкен күнді жарық пен жылудың көзі етіп, жан-жануар мен өсімдіктерді құлдарының қызметіне бағындырып берді. Егер адам баласы бір жұтым суды немесе бір дәнді қолдан жасар болса, ол үшін жүздеген фабрика мен зауыттарды салуы керек, бірі оттегін, енді бірі сутегін, бірі жылу мен жарықты шығарса, бірі топырақты өңдеп, осылайша бір жұтым су яки бір ғана дән бізге өлшеусіз шығын арқылы келген болар еді. Оның үстіне, мұның бір де біреуін адам баласы табиғи жаратылғандай етіп жасай алмайды. Жомарт Жаратушымыз осының бәрін біздің игілігімізге ақысыз берген болса, енді мұның бәрін кездейсоқтық деу ақылға қонымсыз. Галактиканың ұшан-теңіз кеңдігі Ұлы Құдіреттің бар екенін дәлелдейді. Ендеше мұның барлығын уысында ұстап, басқарып, белгілі бір жүйемен жүргізуші Раббым Алла екені даусыз.

    Жаратушы Алланы жақсы көру

Алланы жақсы көру, Оған иман ету мен тануға байланысты болмақ. Өйткені адам білгенін әрі танығанын ғана жақсы көре алады. Хасан Басри (р.а.) бір сөзінде: «Раббысын білген Оны жақсы көреді», — деген екен.

Құранда аталған сипаттар Алладан басқа ешкімде болуы мүмкін емес. Сол үшін адамбаласы тек қана Аллаға ғана құлшылық етіп, Оны жақсы көруі тиіс.

Аллаға деген махаббат адамды Аллаға жақындатады және Оның ризалығын алу үшін шынайы түрде амал етуге жетелейді. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде Даут (а.с.) пайғамбардың былай дұға еткенін айтады:

«Ей, Аллаһым! Сенен Сенің сүйіспеншілігіңді, Сені жақсы көретіндерді жақсы көруді және Сенің сүйіспеншілігіңе мені жақындататын амалдарды сұраймын. Ей, Аллаһым! Сенің сүйспеншілігіңді, жанымнан, бала-шағамнан және суық судан да артық ет»

Алланың құзырында қабыл болатын құлшылық пен дұға Оған деген шынайы сенім мен жақсы көруге байланысты болмақ. Хазіреті Омар былай дейді: «Бірде Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) құзырына хауазин тайпасынан қолға түскен тұтқындар әкелінді. Тұтқындар арасында емізулі бір әйел бар еді. Ол әйел баласын жоғалтып алған екен. Әйел омырауына толған сүтін тұтқындар арасындағы емізулі балаларға беріп жатады. Кенет әйел тұтқындар арасынан өз баласын тауып алғанда, баласын бауырына қысып, құшақтап, аймалап, емізе бастайды. Әйелдің баласына деген махаббатын көрген Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бізге: «Анау әйел баласын отқа тастайды деп ойлайсыңдар ма?» — деп сұрады. Біз: «Жоқ, оңайлықпен баласын отқа тастамайды», — деп жауап бергенімізде Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Алла Тағала да құлдарына мына әйелдің баласына деген махаббат пен мейірімінен де артық мейірімді әрі жұмсақ», — деп жауап қатты».

Сахабалардың бірі мына бір оқиғаны баян етеді. Бірде бір қуыста құстың бірнеше балапанын көріп, оларды ихрамымның ішіне қойдым. Біраз уақыт өткенде балапандарын іздеген торғай келді де, ихрамымның үстінде безгектеп ұшып жүрді. Мен ихрамымды ашар-ашпас торғай балапандарының қасына барды. Осы оқиғаны Пайғамбарымызға (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) айтқан кезімде ол: «Ананың мейіріміне таң қалып тұрсың ба? Мені жіберген Аллаға ант етемін! Алла құлдарын ананың сәбиін жақсы көргенінен де артық жақсы көреді», — деді.

 

Раббым Алланы басқалардан көбірек Алланы таныған, Оған иман еткен мүмин ғана жақсы көреді. Бұл жайында Құранда былай дейді:

 «Адамдар арасында әлде бір хикметтерді Алладан кем көрмей сыйынатындар да табылады. Алланы сүйгендей оларды да сүйеді. Ал мүминдер Алланы ғана сүйеді...» (2.Бақара-165).

Өкінішке орай, кейбіреулер ризық беруші, өмір сыйлаушы Алланы ұмытып, өзгеге сыйынып, соларға рахметін айтып жатады. Әрине «Адамға рахмет айта алмаған Аллаға да, рахметін айта алмайды» деген хадиске сәйкес Аллаға шүкір етіп, өзіне жәрдем еткен адамға алғысын айтып, амал етілсе, сөкеттігі жоқ. Алайда біздер Алланы ұмытуымызға болмайды. Әуелі Алланы жақсы көретін мұсылман болуға тырысуымыз қажет.

Абай атамыз: «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй, ол Алланы жаннан тәтті....» деп жырлағанын білеміз.

Алланы жақсы көрген момын пенде Оны әрдайым зікір ететін болады. Бұл жайында Құранда былай дейді:

«Зерделі жандар тұрса да, отырса да Алланы ұмытпайды, аспан мен жердің жаратылысына ой жібереді. Сонан кейін: Ей, Алла! Бұларды бекер жаратқан жоқсың. Сен пәксің, бізді тозақтың тауқыметінен сақта, — дейді» (Али Имран-191). Нәтижеде ондай пенде Аллаға ғашық болып, Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) айтқандай Алла ондай жанның еститін құлағы, көретін көзі болады. Ондай жанды біз «әулие» (Алланың досы) деп айтамыз.

 Алланы жақсы көрген пенде Жаратушы бұйрықтарын орындап, тиымдарынан тыйылады.

Біріншіден Алланы жақсы көрген жан Алланың барлық әмірлері мен тыйымдарына мойынсұнып, орындауы тиіс. Сонда Алла да оны жақсы көретін болады. Әбу Һурайрадан жеткен риуаят бойынша, Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Егер Алла бір құлын жақсы көрсе, Жәбірейіл періштеге былай дейді: «Расында, Алла пәлен құлды жақсы көрді. Сен де оны жақсы көр». Сонда ол құлды Жәбірейіл періште де жақсы көреді де, сосын аспан әһліне (періштелерге) былай деп жар салады: «Алла пәлен құлды жақсы көрді. Сендер де сол адамды жақсы көріңдер». Сөйтіп аспан әһлі сол пендені жақсы көреді. Содан кейін жербетінде оған деген сүйіспеншілік жүректерде орнығатын болады»

Екіншіден Алланы жақсы көрудің, Оған деген шынайы махаббаттың көрінісі Оның жіберген соңғы елшісі Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбарға сену мен оның айтқанын орындаудан басталады. Пайғамбарға (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) мойынсұнбаған, оны үлгі етпеген, оның сүннетін орындамаған жан Алланы жақсы көре алмайды. Ондай жанның Аллаға деген махаббаты мәнсіз болмақ. Бұған қатысты Құранда былай дейді:

  «Егер Алланы сүйсеңдер маған еріңдер. Сонда сендерді ол сүйіп, күнәларыңды кешіреді. Алла аса кешірімді де қайырымды, деп айт» (Али Имран-31).

Үшіншіден Алланы жақсы көрген жан ешбір қайғымен уайымға алданбай, ғибадатын жасап, Аллаға тәуекел ететін болады.

Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) Алланы сондай қатты жақсы  көретін әрі Оған құлшылық етуден ләззат алатын. Түнімен намаз оқып, құлшылық еткенде аяқтары ісіп кететін кездері аз болмаған. Осыншалық құлшылық етуін сұрағандарға: «Аллаға шүкір ететін құл болайын», — деп жауап беретін. Әрине Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) мұншалықты көп құлшылық жасауы Алладан қорыққандықтан емес, Аллаға деген шынайы сүйіспеншілігінен деп білеміз.

 

Сонымен қоса діндегі үкімдердің барлығын жақсы көруЯғни, араларын бөліп жармай, бірін-бірінен артық не кем көрмей, барлығын да жақсы көріп орындау. «Намаз жақсы, ораза онша емес» деуге еш қақымыз жоқ. «Қажылыққа барған қатты ұнайды, зекет жаман, дүниең жұмсалады» деу де мүлдем дұрыс емес. Сондықтан, мұсылман діннің барлық үкімдерін теңдей жақсы көруі тиіс

Жаратушы Алла мына жалған дүниеде міндеттерімізді толық орындауда күш қуат беріп, ізгі амалдармен қайтуымызды нәсіп етсін.

Ақсу аудандық мешітінің баспасөз қызметі