Cайтымыздың өткен бір номерінде   І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің  проректоры,  ғылымдар докторы, профессор,  Мәлтекбасов Марат Жабықбайұлының өмірдерегі мен  бұрынырақ «Президент және Халық» газетінде жарияланған  «Есімін Ресейге мойындатқан ғалым»  атты мақала берілген еді.  Бүгін М. Мәлтекбасовтың  сайт газетіне жіберген  «Рухани жаңғыру – ұлт болашағы» мақаласы жарияланып отыр.

 

Рухани жаңғыру – ұлт болашағы 

Халқымыз тек әлеуметтік-экономикалық, саяси тұрғыдан ғана емес, рухани жаңғыруға да ұлттық бірегейлік тұрғыдан дайын болуы тиіс. Президентіміз Нұрсұл­тан Әбішұлы НАЗАРБАЕВ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ұлт болашағының тарихи маңызға ие тағы бір бағдарламасын жасап, бағытын айқындап берді.

Өткен ширек ғасыр ішінде Қазақстан дүниежүзіне дамушы ел ретінде танылды. Соның арқасында еліміз Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке қабылданып, биылғы қаңтар айынан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі ретінде өз жұмысын бастады.

Елбасы Ұлттық болмысымызды мәңгілік сақтау үшін рухани жаңғыруда түбегейлі реформаларды жүзеге асырудың мезгілі пісіп жетілгенің айтып отыр. Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қарай қадам басуымыз және бұқаралық сананы қалай өзгертуіміз керектігі туралы өз көзқарасын білдірді. Мақалада көтерілген әр-бір мәселеге терең мән берсек ұлттық код, ұлттық мәдениет, ұлттық тарихымыздың рухани жаңғыртуға бағытталғаның көреміз. Бұл тұрғыда Елбасы тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бірнеше бағытын нақты атап көрсетті. Мәселен, бәсекелік қабілет. Яғни, болашақта ұлттың табысты болуы табиғи байлықпен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалатынын айтқан Елбасы XXI ғасырда компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін меңгеру, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында екенін ұқтырды. Сол себепті, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессиялық келісім» сынды бағдарламаларды ұтымды пайдаланған дұрыс. Екінші, прагматизм жайлы ой өрбітті. Прагматизм — өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлау, ысырапшылдық пен астамшылыққа, кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі — орынсыз сән-салтанат емес, керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсететінін айтқан Мемлекет басшысы ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы жайлы да тереңнен сөз толғады. Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу — біздің қанымызда бар қасиет екенін, осы орайда, Тәуелсіздік жылдарында он мыңдаған жасты әлемнің маңдайалды университеттерінде оқытып, дайындағанымызды, бұл жұмыстардың «Болашақ» бағдарламасы арқылы жүзеге асқаның мақтаныш етті.

Президентіміздің ана тілдің қадір-қасиетің арттыру үшін айтқан: «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген сөзінде терең ой жатқан жоқ па?! Алдыңғы күннің қабағын болжай білетін Мемлекет басшысы 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуіміз керектігін мәлімдеді. Алайда бұл оңай шаруа емес. Тарих бетін парақтар болсақ, біз бұрын латын әліпбиін қолданған халықтың біріміз. Нақтылай дәлелдерге жүгінсек, Кеңес үкіметінің «Латындандырылған жаңа әліпби — «Біртұтас түркі алфавитін» енгізу туралы қаулысына орай латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі елімізде 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, кейін кириллицаға ауыстырылған.

Латын әліпбиіне өтуді қазірден бастап қолға алу керектігін көрсетіп отырған Елбасы Үкіметке қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауды тапсырды. Бүгінгі күні мектепте ағылшын тілін үйреніп жатқан оқушыларымызға латын әліпбиін меңгеру ешқандай қиындык, кедерін туғызбаса керек деп ойлаймын. 2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың, барша қоғам өкілдерінің атсалысуымен қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы біріңғай стандартты нұсқасы қабылданбақ. Ал келер жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындау көзделуде. Сонымен бірге жаңа әліпбиге бейімделу кезеңінде белгілі бір уақыт кириллица алфавитінің қолданыда тұруы да орынды.

Ұлт Көшбасшысы қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар саласын өркендету бағытында «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын жүзеге асыруды ұсынып отыр. Бұл жоба бойынша алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттарында әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасалады. 2018—2019 оқу жылы студенттердің осы оқулықтармен қамтамасыз етілуі қарастырылуда.

Елбасы «Туған жер» бағдарламасында кіндік қанымыз тамған жеріміздің, еліміздің тарихына баса көңіл аударғаны байқалады. Онда білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізу, экологияны жақсарту және елді мекендерді абаттандыру, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіру көзделуде. Осы бағытта «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына сәйкес Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Яссауи мавзолейін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісудың киелі мекендерін және басқа да мекендерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыруды меңзейді. Біз XXI ғасырдың жаhандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаhандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз.

Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көтерілген мәселелер Қазақстанның бәсекеге қабілетті дамыған 30 елдің қатарына енуге бағытталған, инфрақұрылымдық және саяси саладағы келбетін айшықтай түсетін, жеңіс тұғырына жетелейтін Ұлттық жоспарының тағы бір жарқын көрінісі. Бұл — уакыт талабы, заман сұранысы. Бүкіл дүниежүзіне экономикалық дағдарыс пен терроризм, лаңкестік қауіп-қатер төніп тұрған кезенде мемлекетіміздің өркениетке қарай батыл қадам жасап, оның ішінде ұлттық құлдылықтарды сақтай отырып, рухани жаңғыруға ұмтылуы болашағының жарқындығынан, жолының нұрлылығынан, елінің мәңгілігінен дерек береді деп ойлаймын.

Марат МӘЛТЕКБАСОВ,  облыстық мәслихаттың депутаты