«ӘРҚАЙСЫМЫЗ ҚАЗАҚША СӨЙЛЕСЕЙІК!»

Аталмыш акцияны қайта  жаңғырту туралы.

 

Құрметті сайт оқырмандары, желідегі Азаматтар, барлық  ҚАЗАҚтар!

Алдымен төмендегі айтылымдарға назар аударсаңдар:

 

      1. Бұрынғы Президентіміз, Елбасы Н.Назарбаев: «Қазақпен қазақ тек қазақша сөйлесуі керек!»

 

      2. Ғаламтордағы «Жылқышыбаймен: Уақыт көрсетеді»  бағдарламасындағы сұхбаттан:

« Жүргізуші:  «Егер еліміздің Президентінің шақыруымен жеке қабылдауында болсаңыз, қандай бұйымтай айтар сұрар едіңіз?»

Омар ЖӘЛЕЛ: «Мынаны айтар едім. Қасымжомарт Кемел ұлы! Сізден бір-ақ нәрсе өтінемін: «Таңертеңнен кешке дейін тек қазақша сөйлеңізші! Болды! Бүткіл деңгейде! Өйткені, Сізге бүкіл қазақ қарап отыр!..».

 

    3. Ғаламтордағы хабарлардан: «Қазақстанда биылғы  Наурыз мейрамын  жаңа форматта — 9 күнде тойлау  ұсынылуда. Тұжырымдамалық ұсыным бойынша, 14-22 наурыз аралығындағы  әр күнді белгілі бір тақырып аясында, атап айтқанда,  «Көрісу»,  «Шежіре», «Жайлау», «Игі істер», «Шымырлық пен шеберлік», «Зияткерлік» «Жоралғы», «Ұлттық тағамдар» және «Бұқара» күндері деп мерекелеу белгіленеді ...» .

(https://ru.sputniknews.kz/society/20200228/12958267/kazakhstan-prazdnovanie-nauryz-format.html):

 

 

Осы айтылғандарға орай, біз де өз тарапымыздан, барша халқымызға ортақ және маңызды болып келетін тағы бір ұсыныс жасауды жөн санап отырмыз. Атап айтқанда:

« Еліміз егемендігін алғаннан бастап, бүгінгі күнге дейінгі  ұзақ жылдар бойы және барлық деңгейлерде, мемлекеттік тіліміздің қоғамдағы қолданыс аясын барынша кеңейту қажеттілігі туралы үздіксіз айтылып та, жазылып та келе жатқаны бәрімізге белгілі. Ол жөнінде қаншама жиын-кеңестер өткізілді, жоспар-бағдарламалар қабылданды, көптеген акциялар жүргізіліп, ғылыми-методикалық еңбектер жарияланды.

Алайда, үлкен өкінішке орай, бір жағынан, сол шараларды атқарудағы пәрменділік пен нақтылықтың, мақсаткерлік пен табандылықтың жетіспеушілігінен; екіншіден, қалың бұқара мен әр қазақ азаматының бойынан өз Ұлтын, Отанын  сүю сияқты асыл қасиеттердің толық таныла білмеуінен, ортақ іске деген  немқұрайлылығынан, бойкүйезділігінен.  осы жалпыұлттық   мақсаттағы істің  нәтижелілігі аса төмен дәрежеде қалып келе жатқанын,  қазақ тіліміздің адамдар арасындағы  қарым-қатынаста толыққанды болып қалыптасуына қол жетпегенін баршамызға мойындауға тура келеді. ...»

 

Сондықтан да, осы тұрғыдағы ой тұжырымдардың негізінде және жоғарыда көрсетілген айтылымдарды, ұсыныс–пікірлерді барынша қолдай отырып,  өз кезегінде, қазақ жұртының назарын ана тілінің тағдырына тағы бір аудару қажеттілігі бар деп санаймыз.

Бұл пікірлеріміз, нақтырақ айтылса, еліміздегі атқарылу үстіндегі, мәні де, маңыздылығы да еш төмендемеген  «Рухани жаңғыру» үрдісі аясында және ерекше болып отырған, биылғы 2020 жылы мемлекеттік деңгейде атап өтулері белгіленеген аса маңызды тарихи — мазмұнды шаралар (ұлы Абайдың 175 жылдығы, Алтын Орданың құрылғанына 750 жыл, Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы) қатарында,  осы Наурыз айынан бастап қазақ тіліміздің беделін көрсету  мақсатындағы  аталмыш бүкілхалықтық қозғалысты қайта жаңғырту дегенге келіп саяды.

Тек, бұл жолы оның «қозғаушы күші» басқалар емес, мемлекеттік құрылымдар да емес, ол — өзін «Ұлы даланың ұлағатты перзентімін» деп санай алатын  әр қазақ баласының өзі болуы керек деген қағидатқа негізделгені дұрыс.  Яғни,  «иісі қазақ» әр азамат, қазақ тілінің тағдырын баянды етуде жеке зор жауапкершілігін сезіне отырып, осы үрдісте «өзіндік орнын» тауып, ана тілін таза меңгеру  мен қолдануда «үлгілік деңгейде» көріне білген жағдайда ғана, бұл міндеттің іске асуы әбден мүмкін шаруа! Сонымен:

 

 ҚАЗАҚТАР мен ҚАЗАҚТАР  ӘР ОРТАДА, БАРЛЫҚ УАҚЫТТА

ТЕК ҚАЗАҚША СӨЙЛЕСЕЙІК !!!

 

 

Егер осы қозғалысты жаңғыртуды қолдасаңдар, «комменттер» жазып, лайктар басыңдар және желідегі, топтардағы  барлық достарыңмен бөлісіңдер!

Олай болса, іске сәт бауырлар!