Сайтымызға аудандық кітапханамыздың үстіміздегі жылдың басынан өз жұмыс жоспарларына сай өткізілген маңызды саналатын шаралар туралы жазбаларын жіберіпті. Мен оларды тізбектеп көрсеткеннің орнына, тақырыптарына қарай топтастырып жариялағанды жөн көрдім.  Соның алғашқысын қабыл алыңыздар 

 

«Болашаққа бағдар; рухани жаңғыру».

Ақсу аудандық кітапханасы шараларының тақырыбында

 

 

1 ақпан 2018 жыл.

   Аудандық балалар кітапханасы Елбасының «Болашаққа бағдар рухани жаңғыру» мақаласы аясында Қ.Сәтбаев атындағы орта мектеп гимназиясының оқушыларымен мектеп кітапханасында «Рухани жаңғыру жарқын болашақ бағдары» атты тарихи сағат өткізді.

  Мақсаты: Оқушылардың бойында ұлттық сананы ояту, туған еліне жеріне деген құрмет, сүйіспеншіліктерін арттыру. Кітапханашылар еліміздің саяси – рухани өміріне тың серпін берген Елбасы бағдарламалық мақаласының мәнін түсіндіріп өтті. «Рухани жаңғырудың жарқын жолы» атты слайд көрсетіле отырып таныстырылды. Оқушылар «Жолдаудағы негізгі идея не?»- деген сұраққа бірауыздан «мәңгілік ел идеясы» деп жауап берді. Бір топ оқушылар А.Көбес, Д.Аятбек, А.Сәкежан, Т.Ділмұрат, С.Көшербай, А.Серікхан, Д.Мырзағалиұлы: «Мәңгілік ел болу жолындағы ұлы істеріміз жаңа дәуірлерге жол ашсын!» – деген сияқты Елбасымыздың айтқан керемет сөздерін жатқа оқып берді.  "Болашаққа бағдар рухани жаңғыру» мақаласы — жас ұрпақтың бойындағы Отансүйгіштік қасиеттерді арттырып, туған еліне, тіліне, өз ұлтының рухани қазынасына деген көзқарасы мен сүйіспеншілігін қалыптастыруда,  оны бағалай алуға көздейді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

9 ақпан 2018 жыл.

  Балалар кітапханасы Қ.Сәтбаев атындағы орта мектеп гимназиясының оқушыларымен мектепте «Ел болашағы — білімді ұрпақ!» атты зияткерлік ойын өткізді. Бұл ойынның мақсаты, еліміздің келешегі – жас ұрпақтың адамгершілігі мол, рухани ойлау дәрежесі жоғары, білімді, өз елінің мақтанышы бола алатын ұрпақ тәрбиелеу болып табылды. Ата-бабамыздың сан мыңдаған жылдар бойғы асыл арманы болып келген «Мәңгілік Ел» болу идеясын жүзеге асырушы, ол, әрине жас ұрпақ. Олар өз елінің туған жерінің тарихын ,тілін, мәдениетін, еңбегі сіңген зиялы қауымдар туралы ойын түрінде әр тақырыпта қойылған сұрақтарға жауап беріп өз білімдерін көрсетті.

 

 

Қазақтың ақиық ақыны, Қазақстан Респуликасының Мемлекеттік сыйлығының иегері Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай және Елбасының «Болашаққа бағдар; рухани жаңғыру» мақаласы аясында аудандық орталық кітапханада «Мұқағали- сырлы әлем» атты әдеби-әуенді кеші ұйымдастырылды.  Шараға Қ. Сәтбаев атындағы орта мектеп-гимназиясының оқушылары, кітапхананың оқырмандары қатысты.

  Ақынның аз ғұмырында артына қалдырған жалынды жырлары, оқырманын тәнті еткен «Аққулар ұйықтағанда», «Райымбек», «Кең дүние төсіңді аш, мен келемін»,  «Үш бақытым» т. б. жырларын Қ. Сәтбаев атындағы орта мектеп- гимназиясының оқушылары мәнерлеп оқыды.

  Көпшілік оқырманға «Мұқағали – сырлы әлем» атты кітап көрмесі ұсынылды. Көрмеде халқының қуаныштары мен қасіреттерін, болмысы мен бітімін толығымен сезініп, зерделеп, әсемділікпен жырға қосқан қыран тағдырлы ақынның жыр жинақтары мен өмір белестері, шығармашылығы туралы кітаптар қойылды. «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» атты ақын өмірі жайында жасалған фотобейне, буклеттер әзірленіп, слайд-презентация көрсетілді. Кеш барысында ақиық ақынның сөзіне жазылған «Есіңе мені алғайсың»,«Сәби болғым келеді» әндері де орындалды. Ақынның өмірімен, шығармашылық мұрасымен таныстыру, ақын шығармалары арқылы шындықты, сұлулықты қадірлей білуге тәрбиелеу, ақынның жауһар жырларынан нәр алып, жастардың кітап оқуға деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында өткізілген бұл мәдени шараның жыр сүйер жас қауымды поэзия әлеміне бойлату жолында маңызы зор. Қазіргі жас ұрпақтың бойын жақсылыққа,  ізгілікке,  өз ұлтын сүйе білуге баулысақ, сол арқылы мына күрмеуі көп қиын заманда бүкіл саналы өмірінде елінің болашағын жырлап өткен, халқына деген махаббатын тек поэзияда ғана емес, өмірде де, күресте де үлкен азаматтықпен қорғай білген М. Мақатаев мұралары ешқашан өлмек емес.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

15 ақпан — 15 наурыз  аралығы

     Ақсу аудандық кітапханасының  осы мерзімде  Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының аясында өткізілген «Буккроссинг» акциясының іс-шаралары туралы.

  «Буккроссинг: жастар таңдауы» тақырыбында акция орталық базар/Арбатта/, халыққа қызмет көрсету орталығында, орталық алаңда және «Жетісу» сауда үйінін алдында өтті. Оқырмандарға «Буккроссинг» кітап айналымы өте жақсы бастама екенін айтып оқылған кітаптарға «екінші өмір сыйлау» акциясы дұрыс бастама екенін түсіндіріп, ары қарай жалғасын табатынына сенімін білдірді.

  Сондай-ақ оқырмандар өздерінің алғыстарын білдіріп кітаптарын алмастырып оқитындарына ризашылықтарын білдірді. Біздер өзіміздің оқырмандарымызға көшеде сыйға тартылған кітаптарды, кітапхана аясынан тыс жерлерде арнайы түрде шығара отырып, барлық ниет білдірушілер оларды алып оқуға мүмкіндік алатындай жағдайлар туғыздық. Кітаптар негізінен көрмелерде жайғасып, сөрелерде қойылды. Шараға жастар, отбасылар бала- шағаларымен қатысты. 15 дана кітап оқырмандардың қолына берілді. Жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру мақсатында «Оқып болсаң, досыңа бер» атты сұрақтар жауап арқылы қатысқан көпшілік оқырман өзі оқыған, қызықты кітабы жайлы айтып, өзгелерге оқуға ұсынды.

   Шараның мақсаты – Әдебиеттердің оқылымнан шығып қалмай, өз оқырманын табуына ықпал ету, әр оқырман өзі ұнатып оқыған кітабын өзгелермен бөлісіп, кітабымен алмасу, жастардың кітапқа деген ықыласын ояту, рухани мәдениетін көтеру. «Буккроссинг» сөзін (ағыл. «bookcrossing») қазақшаға аударғанда «кітап сыйлау» немесе «кітаптың айналыста жүруі» деген мағынаны білдіреді. Буккроссинг бүгінде бірегей қоғамдық қозғалыс болып табылады. Оның мәні өте қарапайым: акцияға қатысушы адам өзі оқыған кітапты басқалардың да оқуы үшін қоғамдық орында қалдырады, екінші адам алған кітабын оқып шыққан соң, дәл солай келесі адамдарға ұсынады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

26 Наурыз 2018 жыл

  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» Жолдауын насихаттау, жас ұрпақты Отанын, туған жерін сүюге, еліміздің рәміздерін қастерлеуге, бай-қуатты ел екендігін мақтан етуге үйретіп, туған еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін арттырып, отаншылдық сезімін ояту мақсатында Қ.Сәтбаев атындағы орта мектеп–гимназиясында жоғары сынып оқушыларымен «Рухани жаңғыру – табысты ел болуымыздың кепілі» атты сұхбат ұйымдастырылды.

  Қазақ елінің бәсекеге қабілетті, жан-жақты дамуға ұмтылуы заңдылық. Дегенмен, ең бастысы жаһандық өзгерістер кезеңінде біз ұлттық ерекшелігімізді, құндылығымызды сақтай білуіміз керек. ХХІ ғасырдағы рухани жаңғырудың мәні осында екендігін айта келе, аудандық  орталық кітапхананың кітапханашысы Алшынбаева Ж. Елбасының әр жыл сайынғы Жолдауына, тарих төрінен орын алар ой -толғауларына, шығармаларына тоқталды. Оқушылар Елбасының «Қазақстан жолы», "Тарих толқынында», «Сындарлы он жыл», «Тәуелсіздік белестері», «Ғасырлар тоғысында», «Мәңгілік ел» атты  шығармалары бойынша өз ойларын, түсінгендерін ортаға салды.

 

Елбасының «Болашаққа бағдар рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында және Елбасының биылғы Жолдауын жүзеге асыру мақсатында 2- ақпан күні Ақсу политехникалық колледжінде аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен «Латын әліпбиіне көшу заман талабы» атты тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Шараға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қасымбеков Нұрбол Нұрбекұлы, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Елубаева Айна Шегеқызы, «Ақсу Өңірі» газетінің тілшісі Әкімбек Кенжебек, политехникалық колледжінің кітапханашысы Нысанбекова Күләш ,колледждің тіл маманы Момынова Айдана және студенттер қатысты. Латын әліпбиіне көшу жалпы тілдік реформаға айналып, оның ішінде термин жасау мәселесі де алдыңғы қатарда тұруы тиіс.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

15 наурыз 2018 жыл

   Елбасының қазақ тілін латын графикасына көшіру идеясы сонау тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінен басталып, бұл тақырыпты ол 2006, 2012 жылдары мейлінше тереңірек көтеріп, қоғамның ойын дайындады. Енді кезеңі келгенде, 2017 жылы бетбұрысты шешімін қабылдап, қазан айында Жарлық жарияланды.

   Бұл – қазақ халқының, Қазақстан қоғамының жаңа кезеңі іспетті оқиға. Әсіресе,  бүгінгідей адамзат баласы дүниені көрнекі ақпарат арқылы танитын қоғамда, әлеуметтік, психологиялық, мәдени ықпалы күшейген дәуірде, дүние білім мен таным тұрғысынан әбден араласқан кезеңде әліпбидің маңызы да, ықпалы да айрықша артатыны айдан анық. Аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына орай және латын әліпбиінің жаңа нұсқасымен таныстыру мақсатында «Латын әліпби – рухани жаңғырудың басы» тақырыбында сұхбат өтті.  Шараға тіл мамандары, Қ.Сәтбаев атындағы орта мектеп гимназиясының жоғарғы сынып оқушылары, Ақсу политехникалық колледжінің білімгерлері, кітапханашылар қатысты. 

  Іс-шара барысында — Қазақстанның кирилл әліпбиінен латын әліпбиіне көшуі қандай өзгерістер әкеледі; -Латын әліпбиіне көшу Қазақстанның жаңғыруына септігін тигізе ме; -Уақыттың жаңа талабына сіз қалай қарайсыз. -Латын әліпбиіне көшудің жағымды жағы және жағымсыз жақтары төңірегінде ой өрбітті. Сұхбатқа қатысушылар: Қ.Сәтбаев атындағы орта мектеп гимназиясының қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Сыздықбаев Әділжан Махмұтжанұлы, Ақсу политехникалық колледжінің білімгерлері Истамбеков Дәурен, аудандық кітапханасы директорының орынбасары Тойлыбекова Бақытгүл Әбілмәжитқызы жаһандану үрдісіндегі латын әліпбиінің қолданыс аясының маңызы, латын әліпбиіне көшу және оны енгізу жолдары, тарихи тамырлары,жаңа латын әліпбиі нұсқасының мүмкіндіктері мен болашағы турасындағы мәселелерді талқылай отырып, латынға көшу жөніндегі Президенттік бастамаға толықтай қолдау көрсететіндерін жеткізді. Оқушылар да өз көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, белсене атсалысты. Шара соңы «Латын әліпбиі:тарих және келешек» атты презентация, кітап көрмесіне шолу жасаумен аяқталды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

23 ақпан 2018 жыл

   Алғыс айту күні – Қазақстан халқын мәңгілікке  біріктіруге  бағытталған, қазақстандық бірегейліктің негізгі арқауы – еліміздегі барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастыратын Қазақстан халқы Ассамблеясының күні. Осы алғыс айту күніне орай балалар кітапханасы балалардың Отанына деген сүйіспеншілігін арттыруда, үлкен – кішіге деген сыпайылық қарым-қатынастарын дамыту, алғыс, тілектерін жеткізу мақсатында «Рахмет саған Отаным!» атты тәрбие сағатын өткізді. Қ.Сәтбаев атындағы орта мектеп гимназиясының 4 сынып оқушыларына ризашылық пен алғыс туралы түсінік бере отырып, сондай-ақ алғыстарын кімге білдіру керек деген мағынада ой қозғалды. Оқушылар Отанына, елбасына, ата-анасы мен ұстаздарына алғыс тілектерін білдірді. Қатысқан оқырман саны – 17