КӘСІПТІК БАҒДАР БЕРУДІҢ МАҢЫЗЫ ЗОР

Марат Мальтекбасов,

«Zhansugurov College» директоры,

п.ғ.д., профессор

 

Марат Мальтекбасов,

  Мектеп  бітірушілерге кәсіптік  бағдар  берудің  маңызы  зор.  Осы  орайда былтыр құрылған І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің колледжі дәстүрлі әдістердің тиімсіздігін ескере отырып, кәсіптік бағдарды анықтауда жаңа инновациялық әдістерді іздестіруді мақсат тұтты.

Оқушыларға кәсіби бағдар беру тәсілдерінің бірі ретінде «Люди Х – путешествие в PROFILAND» квест-ойынының жобасы таңдалды. Бұл кәсіби бағдар квестін кәсіби бағдарлау және мансапты жоспарлау орталығы «Didakt-kz» ЖШС-і әзірледі.

Квесттің мәні – ойын форматында нақты мамандықтармен танысу. Қандай да бір берілген тапсырмаларды орындай отырып балалар өздеріне қандай мамандықтың сай келетінін анықтайды. Әркімнің кәсіптік бағдарын анықтау үшін тестілеуден өтетін әр мамандық бойынша бөлек стансы ұсынылған. Қызығушылығы бар оқушыларға психолог ары қарай оның кәсіби талпыныстарына сәйкес жеке кеңес береді.

Қазіргі уақытта ЖМУ колледжі  «Didakt-kz» ЖШС-мен меморандумға қол қойды. Меморамдум аясында Көксу, Ескелді, Ақсу және Қаратал  аудандарының оқушыларымен кәсіптік бағдар квесті өтті. Оған оқушылар қызыға қатысты әрі бұл тәсілдің тиімділігі анықталды. Ары қарай да квест ойынын жалғастырып, Алматы облысының барлық аудандарын қамтуды көздеп отырмыз.

Кәсіптік бағдар беру квестін өткізудің негізгі мақсаты – оқушыларға колледжді, ондағы мамандықтарды таныстыру ғана емес, мамандық таңдау сияқты күрделі және өзекті мәселеде көмек көрсету. Квест ойыны мамандықты сезінуге, маманның рөліне кіруге оны іс жүзінде көруге мүмкіндік береді.

Квест – команда құру, жарыс және қызықты ойын. Тәжірибе көрсеткендей квест балаларды жеңіске жетелейді, жаңа шыңдарды бағындыруға үндейді. Мамандықтар әлемін жаңа деңгейінде танытады.

Квест ойынын Жетысу мемлекеттік университетінің студенттерден құрылған волонтерлық топтары өткізді. Университет жанындағы колледжде оқу – бұл жай ғана кәсіп меңгеріп қою емес, бакалавриат және жоғары оқу орнынан кейінгі (магистратура, докторантура) бағдарламалар бойынша техникалық және кәсіптік білім беру мен жоғары оқу орнының сәйкестендірілген білім беру бағдарламалары негізінде оқуын ары қарай жалғастырып, толыққанды маман атанудың бірден-бір мүмкіндігі.

Біз бұл істің ары қарай жүйелі түрде жүзеге асуына мүмкіндік жасап, еңбек нарығын қажетті мамандармен қамтамасыз етуде мектеп, колледж, жоғары оқу орны, білім басқармасы, жұмыспен қамту орталығы, жұмыс берушілермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуді мақсат тұтудамыз.

Қазіргі жасөспірімдер мен баласы мектеп бітіретін ата-аналар үшін бетпе-бет келетін ең үлкен мәселенің бірі – мамандық таңдау. Бала өзінің қабілетін жете танымай қиналса, ата-ана одан грант көп бөлінетін мамандыққа тапсыруын талап етеді. Ал біз ұсынып отырған квест ойыны баланың қабілетін анықтап, кәсіптік бағдарын айқындауға едәуір көмектеседі. Кәсіптік бағдарын айқындап алған бала болашақ мамандығын таңдауда аса қиналмайды.

Құрметті талапкерлер, мамандық пен оқу орнын жаңылмай таңдауларыңызға тілектеспіз!