Құрметті сайт оқырмандары!

Таяуда Алматы облыстық «Жетісу» газетінде оның тілшісі Қажет АНДАСТЫҢ осы сайтымның ашылуы мен жүргізілуі  жөнінде жүргізген сұхбаты «АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ: АҚСАҚАЛ ЖЕКЕ САЙТ АШТЫ» деген  тақырыппен   жарияланған еді. Оны  сәл төменде назарларыңа ұсынып отырмын,  танысуларыңа болады!

Оған дейін сайттарға  байланысты қысқаша ғана мағлұмат  бере кетейін. 

 

 

Сайттарым және оларға жазылу туралы

 

1. Менің алғашқы «АЛТЫН ҰЯМ-АҚСУЫМ»  атты сайтым 2017 жылдың қыркүйек айында жарық көрген еді. Оны ашып-жүргізу мақсатым туралы бұрындарда айтылған және бүгінгі сұхбат-мақалада да сөз болады.   Содан бері оның 370 парағы жарық көріп, оларда 1,5 мыңдай жазбалар-посттар жарияланған екен. 

Сайт құрылымы мен бөлімдерінің тақырыптарын оның 1-ші бетінің оң жағы бағанынан (қабырғасынан)  көре аласыздар.

 

 

2. Одан кейін, осы жылдың сәуір айының  аяғында  интернет-бизнес мазмұнындағы «ДЕЛДАЛ» атты тағы бір сайтымды ғаламторға енгіздім. Оның  бірнеше тақырыптағы алғашқы 7 мақаласы  жарияланды. 

 

 

Амандық-саулық болса, сайттарды жүргізу жалғаса береді.

 

*       *       *

 

Осыларға байланысты, САЙТТАРЫМА  бұрын  жазылмаған   АЗАМАТТАРДЫҢ  назарына!

Сіздер сайттармен жалпылама  мына сілтемелер: ser-bek.ru және deldal.ser-bek.ru арқылы таныса аласыздар. Содан соң төмендегі  мақаланы оқып шыққаннан кейін, сайттарға және оның  бұрынғы жазбалармен танысып, кейінгілерін жүйелі түрде оқып  отыруға  қызығушылық туғандай болса, Өздеріңді  тұрақты оқырманы ретінде жазылуға  шақырамын! 

Ол үшін сайттардың бірінші бетінің оң жақ үстіндегі немесе әр парағы астындағы «жәшікшелерге» электронды поштаңның адресін  енгізсең болды!

 

Сайтқа жаңадан жазылғандарға өзім дайындаған 2 электронды кітабым сый ретінде жіберіледі!

 

 

Қабыл алыңдар, әріптес болыңдар!

 

 

 

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ: АҚСАҚАЛ ЖЕКЕ САЙТ АШТЫ

 

Сұхбаттасқан - Қажет АНДАС
«Жетісу» газеті,
27.05.2019

 

Қазіргі уақытта қоғамның барлық саласында цифрландыру үрдісі жедел жүргізілуде. Оның технологиялық артықшылықтары мен ұтымдылығын барынша пайдалану, қыр-сырын, әдіс-тәсілін жете меңгеру баршаның ортақ ісіне, әркімнің өз қажеттілігіне айналды. Міне, осы тұрғыда, ғаламтор кеңістігін пайдаланушы қазақтілді азаматтар «Алтын ұям – Ақсуым» (www.ser-bek.ru) атты сайттың тұрақты оқырманы болып, күнделікті өміріне тиісінше рухани азық ала бастады. Сайт жазбаларына көбіне оң пікір беріліп, танымалдығы да уақыт өткен сайын артып келеді. Осыған орай аталмыш сайт авторы, Ақсу ауданының ардақты азаматтарының бірі Серікбек СЕРПЕРБАЕВПЕН кездесіп, әңгімеге тартқан едік.

 

Серікбек аға,  көзі қарақты  көп адамның, тіпті, жастардың да  батылы бара  бермейтін сайт жасау және оны жүргізуді қалай қолға алдыңыз, оған не себеп болды? Әңгімемізді бірден осылай бастасақ.

 

– Мен Ақсу ауданының тумасымын. Өмірімнің барлық мағыналы кездері туған жерімде өтті. Ел ісіне белсене атсалысып, ақсулықтардың сан салада жетістікке жетуіне бір кісідей еңбек еттік. Осы барыста көрген-білгенім, сезген-түйгенім, жұмыс бабымен қолым тимей әттеген-ай деп жүрген ойлар сайт жұмысын қолға алуға алғашқы себеп болды. Одан бөлек, қызметтік жылдарымның соңғы кезеңдерінде, атап айтсам,  2007 жылы  әртүрлі мұрағат, баспасөздерден  әр мекеме мен ауылдық округтердің тарихи және ағымдағы деректерін  жинақтап, «Алтын ұям – Ақсуым» атты кітапты баспадан шығарған едім. Ол кейін ауданның 80 жылдық мерейтойына орай шығарылған, толығымен өзім құрастырған жаңа форматтағы, мазмұнды «Абыз Ақсу, аңыз Ақсу, нағыз Ақсу» атты энциклопедиялық кітабыма арқау болды.

 

Екінші жағынан, қызметте жүргенде  қажеттілікке  байланысты техника тілін мейлінше меңгеріп, ауданда алғаш рет компьютерлік клубты аштым, ол сол кезде балалардың, оқушылардың, жастардың компьютерлік сауатын ашуға үлкен септігін тигізді. Одан ары «интернет» деген бір тұңғиық әлемнің кеңістігіне еніп кеттім де, бүгінге дейін соның жүлгесінен шыға алмай келемін. Сөйтіп жүріп, қызығушылықпен бірнеше графикалық редакторлық бағдарламаны үйреніп алып, полиграфиялық кәсіпті де меңгеріп, ауданда оның да шағын цехын аштым. Осының арқасында жоғарыда айтылған кітаптардың барлық  мәтінін өзім теріп, дизайндық үлгісін жасадым.

Зейнеткерлікке шыққаннан кейін шығармашылық жұмысты жалғастыруға зор  мүмкіндік туды. Ендігі бағытты интернет жүйесіне арнауға бел будым. Онлайн-тренингке  қатысып, сайт жасау және оны жүргізудің әдіс-тәсілін меңгеріп алдым. Сөйтіп, 2017 жылдың аяғында айтылған сайтымды дайындап, ғаламтор жүйесіне енгіздім. Атап айтар болсам, бұл сайт еліміздегі бір өңірдің өткені мен бүгінін зерделеуге арналған қазақ тілінде шығатын және кітап-газет форматында жасалған  алғашқы өнім саналады.

 

– Әрине, ол туралы хабарымыз бар.  Енді сайттың негізгі мақсаты мен мазмұндық құрылымы туралы сөз етсек?

 

– Сайт қазақ жерінің бір пұшпағы, жер жаннаты Жетісудың құрамдас бөлігі Ақсу ауданының тарихи өсіп-даму жылдарындағы елдің жанкешті еңбегі мен ерлігін, берекелі де бедерлі істерін, белсенді тіршілігін көрсету және әр кезеңдердегі оның өркендеп-өсуіне ерекше үлесі сіңген ардақты азаматтардың есімдерін жаңғырту мен насихаттауға бағытталған.

Сайт барлық тарихи-танымдық деректерді жоғалтпайтындай  жинақтап,  кез келген уақытта қолжетімді етеді. Дана халқымыздың «Өскен ел  шежіресін тасқа жазады» деген даналығын бүгінгі жағдайда «Дамыған ел жетістігін ғаламторға енгізіп, мәңгілікке қалдырады» деп өзгертіп айтуға болады. Осы тұста сайт жұмысын 2014 жылы ауданда  бастау алған, өзім де ұйымдастырушысының бірі  болған «Туған жерге туыңды тік» атты қозғалысы мен Елбасының «Рухани жаңғыру», «Ауылым – алтын бесігім»  бағдарламалары аясында қолға алынған мақсатты шара деп санаймын.

 

Сайттың құрылымына келсек, ол екі үлкен бөліктен тұрады. Біріншісі, «Ақсу ажары» деген атауға ие болып, газеттік форматта жүргізілуде. Оның парақтарында  аудан халқының ағымдағы өмірі, ел  тіршілігі  туралы баяндалған жазбалар,  жаңалықтар, хабарламалар  жарияланып отырады. Екіншісі, "Абыз Ақсу, аңыз Ақсу, нағыз Ақсу» кітабы тақырыбы алынып, ол «интернет-кітап» ретінде белгіленді. Оның мазмұндық құрылымы сайттағы көрсетілген бөлім-тарау тақырыптарымен айқындалады. Қазіргі уақытта сайт интернет кеңістігіндегі қазақтілді оқырманға танымал болып, толық қалыптасқан деңгейге жетті. Бір жарым жыл ішінде сайттың 360-санында (тақырыптық парақтарында) жарияланған 1000-ға жуық постқа (жазбаларға) оқырмандар, әлеуметтік желіні пайдаланушы азаматтар тарапынан тек жақсы пікір, ұтымды ой бөлісулер болып жатқаны дәлел бола алады.

 

– Ендеше, сол бөлімдер туралы арнайы тоқтала кетсеңіз?

 

– Сайттың ең басты бөлімі «Мекенім – Ақсу өңірі» деп аталып, онда аудан, ауылдық округтер мен  мектеп-мекемелер туралы мағлұматтар  жеке-жеке парақта көрсетілді. Аудан өңірінің жағрафиясы, табиғаты, климаты, өзен-суы, тау-тасы, өсімдік- жануарлары айтылды.  «Жердің аты – тарихтың хаты» деген тақырыппен Ақсу өңіріндегі елді мекендер, жер-су атаулары туралы танымдық жазбалар мен тарихи ескерткіштер туралы деректер де қағыс қалмайды. Бөлімнің үлкен тарауы, әрине, Ақсу өңірінің тарихына қатысты. Онда ХІХ ғасырдағы қазақ жерінің Ресейдің қол астында болған кезінен бастап, өткен ғасырдың 60-шы жылдарына дейінгі ауданның дамуы  туралы  ресми  деректер ыңғайлы орналастырылған. Келесі кезекте ауданның бірінші басшысы болған азаматтардың  өз қызметін атқарған уақытына ыңғайлап,  сол  кездегі   өңірде атқарылған  жұмыстардың ауқымын жаңаша  формада  көрсету арқылы берілді.

Осы жерде сайт парақтарында осыған дейін көпшілікке  қолжетімсіз, белгісіздеу болған деректерді, тарихи «ақтаңдақтар» туралы тың жазбаларды жариялауға, әртүрлі себептермен насихатталуы  кемшін түсіп, қалың көпшілікке жетпей келген  немесе  уақыт өте көмескіленіп ұмытылып бара жатқан азаматтардың есімін қайта жаңғыртуға  ерекше көңіл бөлініп отырғанын қоса кетейін.

 

– Ақсудан шыққан,  қазақ еліне танымал тұлғалар туралы циклді мақалалар беріліп жататынын  байқап қаламыз.

 

– Сайт ашылғалы оның бетінде мерейтойлары аталып жатқан тұлғаларға және ел тарихының ерекше бір кезеңіне қатысты қайраткерлер өміріне  жеке тақырыптық тараулар  ашылып, жүйелі жазбалар, құнды мақалалар  беріліп келеді.  Айталық,  «Барлыбек  туралы  баяндаулар», «Біләл Сүлеевті білгеніміз дұрыс!»,  «Қобызшы Молықбай», «Ақын Сара – 165», «Мамания мектебі» деген айдарлар бар. Дүлдүл ақынымыз Ілияс Жансүгіровтің туғанына 125 жыл толуына  арнап ашылған бөлімде бүгінге дейін 150-ге жуық тың жазба жарияланды. Бұл әлі де жалғасады. Әрине, сайт болған соң, оның үлкен мүмкіншілігін пайдалана отырып, кемелділігін арттыру үшін әртүрлі  тараулар қосқан едік. Олардың тек тақырыптарын ғана атап өтсем, «Рухани жаңғыру – ұлт мұраты», «Спорт – ұлт саулығы»,  «Жыр арқауы – туған жер», «Туған жерге сағыныш» (бейне-аудио қоржыны), «Демалайық»,  «Таң қалыңыз!»,   «Шежіре жүргіземіз» болып жалғаса береді.

 

– «Шежіре жүргіземіз» деген айдар ерекше естіледі екен?!

 

– Сайт ашылғалы біраз азаматтан халқымыздың  шежіресіне  байланысты  жазбалар жариялау, жеке тарау ашу туралы ұсыныс түсе бастады.  Шежіре  бұған дейін мен айналыспаған  шаруа еді. Басында терең білім, ұзақ ізденіс, үлкен  жауапкершілік, уақыт пен төзімділікті қажет ететінін сезіндім.  Осыған дейін қазақ шежіресі жайлы біраз еңбектер жазылып, оған жеке адамдар үлес қосып, жинақтар шығарып жатқанын білеміз. Бірақ олардың таралымы тым аз. Көптің қолына жете бермейді. Осы тұрғыдан шежірелік жұмысты жүргізуде  ғаламтордың, сайттың мүмкіншілігі зор  деп сендім. Егер шежірелік  жазбалар   бір жерге жинақталса,  оны жалпылама да тармақтары бойынша пайдалануға,  реттеуге, толықтыруға,  қателіктерін  жедел түзетуге  және   болашаққа, ұзақ  мерзімге толық  мазмұнда  сақтауға мүмкіндігі өте зор. Осындай толғаныстан кейін  бұл тақырыпты бастап кеттік. Бүгінде оның 20 парағы жарияланды.  Онда қазақ елінің тарихы туралы энциклопедиялық мақалалар, сайт оқырмандарының тарапынан ұсынылып жатқан тайпалық-рулық, әулеттік шежірелер де беріліп келеді. Сайттағы осы тараудың қажеттілігін, өміршеңдігін уақыт көрсетті.

 

– Серікбек аға,  жаңа электронды кітап деп қалдыңыз, сайттың  бетінен электронды тұрғыда дайындап, оқырман назарына ұсынылған кітаптарды көріп жүрміз. Оның маңыздылығы неде?

 

– Сайтты жүргізу барысында интернет жүйесіндегі сабақтар арқылы электрондық  кітапты дайындау технологиясын  меңгердім. Мені баспагерліктің басқа түрімен салыстырғанда бүгінгі уақыт талабына сай келетін және оқырмандардың сұранысын өтей алатын артықшылығы қызықтырды. Нәтижесінде, осы жұмысқа ден қойып,   сайтымда жарияланған  жазбаларды реттеп,  алғашқылары ретінде танымдық мазмұндағы «Аудан  деректері»  және 70-ке жуық Ақсу өңірінің  танымал ақын-жазушыларының туған жеріне арнаған  таңдамалы  туындыларынан антологиялық  топтама  жасалған «Ақсуым – шығармашылықтар өзегі» деген кітаптар дайындалды.  Олар сайттың тұрақты оқырмандарына  сый ретінде таратылды. Ақсулық тарихшы, жазушы Жемісбек Толымбековтың  ақынның 165 жылына арнаған «Атандым акын Сара»  кітабы дайындалып көпшілікке ұсынылды. Сайттың тағы бір оқырманының сұранысы бойынша шежірелік кітап дайындалды. Бұл жұмыс әлі де жалғасады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

– Бұл қазіргі заманның интернет-бизнесіне сай келеді ғой.

 

– Иә, ғаламтор жүйесі бүгінгіде саналуан маңызды міндетті атқарумен бірге,  миллиондаған адам үшін  қаржылық пайда табудың  қайнарына айналды. Онлайн кәсіп түрі бойынша үйде отырып-ақ табыс табатын ұтымды жұмыстар пайда болды. Ал бұл  үшін қажет етілетін басты құрал – сайт.  Табыс табуды тікелей мақсат етпесем де, бұл  салаға қызығушылық туып, ғаламтордағы сабақтар, курстар арқылы түсініктер жинақтап,  әдіс-тәсілін меңгерудемін. Алайда, қазақ тілінде жүргізілетін сайттар, кәсіптік тәжірибелер өте сирек. Соны бастаушылардың қатарына кіріп, көпшілікке насихаттау мақсатында қазақ тілді оқырмандарға арналған «Делдал» деген атаумен бірнеше тақырыпты құрайтын жеке бөлім жүргізуді бастағанмын. Онда өзім үйренген интернет-бизнес мазмұнындағы танымдық және жарнамалық мақалалар беріле бастады. Электронды кітаптар туралы түсініктеме беретін жеке кітапша да шығардым, оны оқырмандарға, басқа да қажет етушілерге сый ретінде таратып жатырмын.

Енді, міне, жарты айдай болды, осы бөлім негізінде сол «Делдал» деген атаумен ғаламтор жүйесіне қазақ тіліндегі екінші сайтты аштым. Уақыт талабына сай жаңа ой, идея туындап жатса, сайттың мазмұнын түрлендіріп, танымалдылығын арттыра беремін.

 

– Әңгімеңізге рахмет.