«Шежіре жүргіземіз» (13)

 

Сайтымның осы тарауындағы сонау АДАМ атадан басталған ҚАЗАҚ елінің циклдік түрде жазылып келе жатқан шежіресі НАЙМАН тайпасының тарихына келіп жетті. Соған орай оның  энциклопедиялық нұсқасы мен Жемісбек Толымбековтың кезекті көлемді ілімдік мақаласы беріліп отыр. Танысыңыздар: 

Бұл тақырыпта ары қарай да жазбалар жарияланатын болады деп санаймын. 

 

НАЙМАН

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Наймандар қазақ халқын құраған ежелгі түркі тайпаларының бірі.

Мазмұны

Наймандардың пайда болу тарихы

 

Қытай тарихында сақталынған 9-12-ғасырлардағы «Қидан деректері (ляушы, 辽史) » мен «Алтын патшалығының деректерінде (жиншы, 金史) » наймандардың бұрынғы аты «жанбон», «жанбақ», «жәнбагі», «жанбағ» (қытайша: 粘拔恩 немесе 粘八噶) деп жазылған. Найман атауын қидандар Алтай тауларындағы сегіз өзенді айнала орналасқан тайпаларға берген, кейін осы атпен Найман аталып кетті. [3] Наймандар тайпасының тегі туралы мәселе ертеден-ақ тарихшылардың пікірталасын тудырып келді. Бірқатар зерттеушілер (И.Я. Шмидт, А.М. Позднева, Д.Оссон, В.В. Бартольд, В.П. Васильев, т.б.) Наймандардарды моңғол, басқалары (Рашид әд-Дин, Х.Ховарс, П.Поуха, А.Бобривников, Г.Е. Грумм-Гржимайло, Н.А. Аристов, С.Аманжолов, Ә.Марғұлан) түркі тегіне жатқызды. Қазіргі уақытта олардың түркі тектес екендігі толық дәлелденген. Көптеген зерттеушілердің пікірінше “найман” атауы моңғолша “сегіз” деген сөзді білдіреді. “Оғыз тайпасынан шыққан наймандар түркі тілдес халық болды. Олар 8 ғ-дан бастап “сегіз оғыздар”, кейінірек “цзбу-бу” одағын құрап келді. “Найман” сөзі оларға көрші халықтардың берген атауы” деп жазды Л.Л. Викторова. Әбілғазының пікірінше: “наймандар – көне жұрттардың бірі, малы мен басы көп өскен халық”. “Селенга тас жазуы” деп аталатын 750 ж. тұрғызылған ұйғыр ескерткішінде, “Ляо ши” жазбаларында (8 ғ.) сегіз-оғыздартуралы мәліметтер кездеседі. Сегіз оғыз жұртын әуелі “найман аймақ” (“сегіз тайпа”) деп 10 ғ-да қидандар атай бастаған деген топшылау бар. Кейіннен моңғол империясының дәуірлеуі бұл сөздің негізгі атау орнына қолданыла бастауына одан әрі жағдай жасаған. Зерттеушілер бұл тайпа 10 ғ-дан “найман” деп атала бастаса да, 13 ғ-ға дейін бұрынғы “сегіз” аты қосарлана айтылып келгенін алға тартады.

 

*       *       *

Наймандар өзге мемлекетер құрамында

Мақаланы ары қарай мына сілтеме бойынша оқи аласыздар:http://bit.ly/2GyKXez

 

Найман

Жемісбек Толымбеков

 

  Қазақ халқының құрамындағы ең ірі, саны көбі — Найман. Ертіс өзенінің бас жағындағы таулы өлкені мекендеген.

«Наймандар» туралы мәліметінде Г.Волконский: «Наймандардың барлық уақыттағы қоныстары Ертіс өзенінің бойы. Қазіргі Қожай, Қайнақ бекіністер аймағы, Тарбағатай таулары, Қытай шекарасына жақын алқаптар», — деп жазады.

ХІІІ ғасырда Наймандар Сарыарқада жүргені мәлім. «Түрік шежіресі» кітабында, Хиуаның ханы Жолбарыс әулетінен шыққан, Әбілғазы Баһадүр хан (1603—1663 ж.ж.): «Наймандар – көне жұрттардың бірі. Иса мәсұхтан бұрын дәуір сүрген. Малы мен басы көп өскен халық. Біз естігенде Қарғыс атты патшасы болды. Ол өлгеннен кейін, халық Қарғыстың Инат есімді інісін хан қылды. Қоныстары Қарақорым деген жерде, егін екпеген», — деп жазады.

Рашид дин: «Наймандар Үлкен Алтай мен Қарақорымды жайлаған. Қарақорым жазығында зәулім сарай тұрғызған. Таулары Элуй Сирас, Көк Ертіс. Наймандар батысында — Қанлылар, солтүстігінде — Қырғыздар, шығысында — Керейлер мен Меркіттер, оңтүстігінде — Ұйғырлар мен Си Ся елімен шектескен», — деп жазады.

Наймандар Орхон өзені бойында бидай өсірген. Наймандар орналасқан өлкемен Жібек жолы өткен. Найман хандығының батысы — Зайсан көлі болса, шығысы — Утукен Тенгрем екен. Яғни, Орхоннан Алтайға дейін созылған жерлер. Жетісу мен Ұлытауда көптеген жылдар бойы Наймандар мекендеген. Көптеген мола қорғандары сақталған. Ақбалық қаласы оңтүстік Алтайда орныққан. Ол қала Наймандардың Батыс ұлысының астанасы екен. Шам өзеніндегі Шамбалық қаласы екінші астанасы болған. Ол қалаларды Шыңғыс хан ту-талақайын шығарады. Қиялық Наймандардың қаласы. Ол Қаялық (Антоновка) емес. Қиялық Алакөл өзенінің жағалауында орналасқан. Найман сум қаласы батыс Моңғолияда орныққан. Ол қала туралы Марко Поло, А.М. Позднеев, Ә.Марғұлан пікірлер жазған.  Қала Жоңғар шапқынында қираған. 1877 жылы Дүнгендер басып алады. Одан соң мүлдем құриды.

 Тасқын ақын Мырзағұлұлы Толғанбай: «Бақ қонып, Қызыр шалған, ішінде жеті өлкенің атам Найман», — деп айтқан. Шежіретанушылар Найман ертеде Уыз хан елінің Сегіз-Тоғыз атанған бір атасы дейді. Наймандар Қытайдың V-VІ ғасырлардағы жазба тарихында бар. Орхон жазулары арқылы Қаржаубай Сартқожаұлы VІ ғасырда Найманның Арықбұқа, Семізбұқа деген хандары болған дейді.

Оғұздар туралы көптеген аңыз әңгімелер сақталған. Соның бірінде көне Оғұздардың Үш-оқ (Сол қол) тайпасынан Найман, Арғын, Қыпшақтар өрбігені айтылған. Бұзоқ және Сағдер атаулы қалалары болған. Бұзоқтың орны Астана маңайынан табылған.

«Авеста» кітабында жазылғандай б.д.д 47 жылы Хань империясымен соғыста Ғұндармен бірге Наймандар Алтайға асады. Б.д. 93 жылы басталған екінші миграцияда Ғұндармен бірге Наймандар Алтай, Жетісу, Солтүстік Каспийді басып, батысқа кетеді. Сол Наймандардың тамғасы  шөміш, шеттері қызыл бахрама желбірмен көмкерілген туы қара түсті (мәңгілік символы) болған. Тудың алдыңғы жағында жоғарыдан төмен жасалған жіңішке ақ сызығы болып, тудың ортасында тамғасы ашық қызыл түспен берделенген. Ұраны «Қаптағай». Ер Қаптағай мен Қыпшақ Ойбас әскер басы екен. Атилламен Рим папасы Лео келіссөз жүргізген кезде, Атилланың қасында Ер Қаптағай мен Ойбас болғандығы суретші Рафаэльдің салған портретінде бейнеленген. Ол портрет Ватиканның мұражайында сақтаулы. Наймандар сол кезде тек «Көк Тәңірге» сыйынған делінеді. Осыдан 1800 жыл бұрын Наймандар жазу жазып, оқымысты болғанын Америкалық тарихшы Томас Костейн атап өтеді. Наймандар түркі халықтарының барлығының құрамына енгені және ешқандай Моңғолдық тамыры жоқ екенін ғалымдар әлдеқашан анықтаған.

 

Наймандар Ғұннан таралғаны байқалады. Ерте кезде Наймандар той жасап, көк бұқа сойып, мүше тартқандарында, елінің қуанышын көкке жеткізгендей көтерген. Наймандардың халық музыкасында «Көк бұқа» күйі беріге дейін орындалған. Моңғол дәуірінен бұрын Алтайда бір үлкен ас өтіп, оған Найман, Керей, Уақ, Меркіт елі қатысады. Топ-тобымен әкеп сойылған көк бұқалардың бір мүшесі Найман Бағаналыға жетпей қалады. Оған өкпелеген Найман Бағаналылар Алтайдан Сарыарқаға көшіп кетеді. Алтайдағы Наймандар оларға риза болмай, «қоржынға өкпелеген қызыр Найман» деп атайды.

 

Бриттердің атақты королі Артур VІ ғасырда Англо-сақтардан қорғанады. Ағылшын ғалымдары Артурдың шыққан тегі Сарматтың Ягиз (Ясақ, Жасақ) тайпасынан екенін дәлелдеген. Тарихта Ягиздердің тұқымы Наймандар делінеді.

 

Қытайдың ежелгі ханзу тіліндегі жылнамаларында «Найман» — «Жұй-бу», «Че-бу» деп немесе «Че» тайпалары деген ортақ атаумен аталады. Қытай архивтерінің көптеген деректеріне сүйене отырып тарих ғылымының докторы, профессор М.Оразбай: «Найман атау этнонимы б.д. дейінгі Ғұн мемлекетінің тайпалар атауы жазбаларында кезігеді», — дейді.

«Қазақстан моңғол шапқыншылығы қарсанында» атты мақаласында, тарих ғылымының кандидаты А.Қадырбаев: «Б.з. ІІ мыңыншы жылының басында Қазақ даласында орын алған этносаяси үрдістерде Наймандар айтарлықтай рөл ойнады. Қазақ шежіресі бойынша олар қазақ халқының тең жарты құрамын құрайды. Найман ұлыстарын ертетайпалық негізде қалыптасқан этносаяси мемлекеттік құрылым деп қарауға болады», — дейді.

Біздің заманның ІІ мыңыншы жылының басында Қазақ даласында орын алған этносаяси үрдүстерде Наймандар айтарлықтай рөл атқарып, негізі көшпелі мал шаруашылығы, аңшылық, әртүрлі қолөнер түрлерімен айналысып, әдетті заңмен, ертетайпалық мемлекеттік құрылымымен өмір сүрген.

 

Иран билеушісі Арғын ханның ұлы Ғазанғали әл-Рахмет ханның уәзірі, қызу Қаңлы қожа, тарихшы Рашид-ад-дин: «Алғашында Наймандардың жерінде Бетеш және Найман деген бір-біріне жақын отыратын екі тайпа болды. Бетештерді Наймандар бағындырып, олар «Бетеш Наймандар» немесе «Бетеш-Найманның он мың үйі» деп аталды. Сөйтіп, Наймандар жері кең, жан саны мол, іргелі елге айналған», — деп жазады.

«Тәңірі жасағы» ғылыми этнографиялық зерттеуінде Сарқытбек Шора: «648 жылы қытайлар Өтукен (Оты кен) тұрағында Суиюше (Түрік нәсілінің Сиыршы елі, тарихта Сеир деп жазылады) мемлекетін толық жойып, олардың қыспағында қалған 30 мың Сиыршылар жиналып Найман елін құрайды», — дейді.

«Шинзи» еңбегінде тарихшы Сыма Цян: «Ғұндардың басшысы Мөде б.д.д. ІІ ғасырда солтүстікте Динлин, Сиңлиндермен қатар, Қырғыздармен қосып Суиюше елін де өзіне қаратты», — деп жазады.

«Тюркская баллада» кітапшасында Сарқытбек Шора: «Б.д.д. ІІ ғасырынан бастап біздің заманымыздың ІХ ғасырына дейін Суиюшелер Ғұн империясының негізгі күші болып, Ұлы-Иозылардың сапында, Түрік қағанатында бастапқы рөлдерде болды», — деп жазады. Бұрынғы Сеирді, одан Ордосқа келген соң аталған Суиюшелерді, Қытайлар аталуын сан құбылта өзгерте «циюше, киюше, сир, се, бома, ишибо, цзубу, сицзе, сеяньто, яньто» деп жазады.

Тонуқұқтың VІІІ ғасырдағы ескерткішінде: «Сеирлар түрік ұлыстары мен тайпаларының басын біріктіріп, Қытайға қарсы тұрған», — деп жазылған. Сеир этнонимі Түріктен кейін екінші орында аталады. Бұл Сеирлардың (Сиыршылардың) үлкен ұлықтық дәрежесін білдіреді. Біздің дәуірдің І ғасырында Сиыршылар Түрік тектілердің бастарын біріктіріп, үлкен этнос құрып, жері Орталық Азияның үлкен бөлігі, Алтай тауынан Хазарға дейін ұласқан. Көне Қытай деректерінде б.д. ІV ғасырында Сеир елін Алатау деген басқарғаны айтылады. Жужандарды  VІ ғасырда Түркілер жаулағанда, негізгі әскер күші Сеирлардан тұрған.

 

«Сицзе» мен «Суиюше» мағынасы «етікші» дегендік, Қытай жылнамаларында солай хатталған деп Әнес Сарай жаза келе: «Олар Тоғыз-Оғыз тайпаларының бір табы, кейін Ұйғыр конфедерациясына енген. 630 жылы 40 мың адам Таң мемлекетіне берілген. Оларға Хуайхуа уезі ұйымдастырылған. Сицзелердің шағын бөлігі Утай уезінде тұрған. Таң мемлекеті 660 және 662 жылдары Сицзелерге екі рет шабуыл жасаған. 695 жылы Сицзе, Ұйғыр, Цибе, Хунь сынды төрт тайпаны орындарынан қозғап, Ганьчжо, Лянчжоу аудандарына қоныстандырған», — деп баяндайды.

Сол кезеңде Сиыршылар екіге жіктеліп, бірі Алатау тауының шығыс өңіріне, екіншісі Алтай тауының оңтүстік батысына орнығып, Шығыс және Батыс Түрік қағанаттарын орнатуға ат салысады. Екі жүз мың қол әскер шығаруға мүмкіндіктері болады. Сиыршылар 646 жылы ішкі іріткі мен жан-жақтағы анталаған қарсыластары, әсіресе Қытайдың әсерімен ұсақ бөліктерге жіктеледі. Одан 648 жылы Өтукенде 30 мың Сиыршылар Қытайлармен ұрыста тұтқын болып, 5 мыңы өліп, қалғандары әр елге ыдырап тынады. Қытайдың Цидан әулетінің шежірешісі Цидан Шу: «Наймандарда 30 мың түтін бар», — деп растайды. «Сиыршы (Сеир)» атаулы этноним 735 жылдан бастап ешбір тарихи дерек көздерінде аталмайды.

 

VІІІ ғасырдан бастап Сиыршылардың тармағы Найман мен Жалайыр әлем тарихына шығады. VІІ-ғасырға дейін Наймандар Тәңірге сыйынып, жер, су, ай, күн, аспан, отқа табынса, бара зоротуштра дінін ұстанады. М.Бойстың дерегінде: «Зороастр біздің дәуірге дейін 1500 немесе 1200 жылдары өмір сүріп, далалық болып, өзінің өрелі ісімен даланы өркендетіп, түлетуге үлкен үлес әкелген, жаңалықшыл дін басы», — делінеді. Зоротуштра дінінің негізгі ныспылары «от, сумен аластау», «отқа май құю», «шырақ шағу», «ақсарбас атап, бата жасау», «құдайы қонақты күту», «құрбан шалу», «ақ құйып дәріптеу», «үй ішін шөппен аластап тазарту», адам өлген соң әулеттік, тіпті рулық «сахана (қорым) жасап, мүрдесін жерлеу» ғұрыптары қазақтарда әлі сақталып келеді.

 

VІІІ-ғасырдағы Найман ұлысында іс қағаздары жүргізіліп, ол Түрік орхон, одан кейін көне Найман (Ұйғыр) жазуымен жазылып, құжаттар ханның алтын мөрімен таңбаланып, діні христианның несториандық ағымы болған.

Наймандар несториандық дін ағымын Сириялық миссионерлер арқылы қабылдайды. Христиан-несториандық дін ағымы туралы Лион шіркеуіндегі Киевтік митрополит: «Тәңір мен оның ұлы – аспанда, ал Шірхан – жерде», олар әлемнің бір ғана иесіне сенеді. Әр таң ертеңгілікте Жаратушының құрметіне қолдарын аспанға жаяды. Олар правосиялықтар тәрізді қолдарын көкірегіне қойып шоқынбайды. Егер тамақтанса, онда дәмінің алғашқы түйірін Жаратушының құрметіне әуеге шашады, егер су ішсе – шамалы бөлігін жерге құяды», — деп түсіндіреді. «Шыңғысхан завоеватель мира» кітабында Лео де Хартог: «Несториан дін ағымы шығыста Убсу-Нұрадан қара Ертіске, оңтүстікте Зайсанға, күншығыста Селенга өзеніне дейін жерлердегі елдерді қамтыған», — деп жазады. Несториондық дін ағым дегеніміз — мұсылман дініндегі мутазалиттік ағымның егізі. Мутазалиттік ағымнан кейін Наймандар мұсылмандықты қабылдаған.

 

Әлкей Марғұланның зерделеуінше Наймандар Батыс-Түрік қағанатының құрамында болған. Ол дерек VІІ-VІІІ ғасырлардағы Орхон жазуларынан да аңғарылады. Наймандар басында «Үш оқ Оғұз» атауынан «сегіз Оғұз» атауымен аталып әйгіленеді. Ал, солтүстіктегі Оғұздар «Тоғыз Оғұз» деп аталады. VIII ғасырдағы “Сегіз Оғыз” бен XIII ғасырдағы тарихи жəне этникалық-тұқымдық байланыс жайлы толық тұжырым жасалады деуге болады.

Л.Л.Викторова өз зерттеулерінде əртекті мол тарихи деректер мен зерттеулерге талдау жасай отырып, Найман əулетін əуелде «Сегіз Оғыз», кейінірек “Цзу-бу” əлде “Найман” деп аталып кеткен Оғыз тайпасынан шыққан Түрік тілдес халық екенін дəлелдеп баққан. “Сегіз Оғыз” атауы алғаш өзінің меншікті Тоғыз Оғыз халқын оқ пен оттың күшімен жинап біріктірген Түрік қағанатының соңғы əміршісі Өзміш-тегінді 745 жылы жеңген Ұйғыр ханы Мойыншора ескерткішінде кездеседі. Мойыншора “Сегіз Оғыз” бен “Тоғыз Татарды” өз халқым деп, Ұйғырлардың үстемдігін мойындатып, өзіне бағынуларына ұсыныс жасаған. Мойыншора “Сегіз Оғыздың” Ұйғырларға тəуелді болғанын «əділдік жолы» деп санап, қызмет қылып, еңбек етуін қалаған. Сөйтіп, Сегіз Оғыз бен Тоғыз Оғыз бір этникалық топ құраған. Күлтегін ескеркішінде Сегіз бен Тоғыз Оғыздар біріккен одақ екені айтылған. Ұйғырларға түскеннен кейін “Сегіз Оғыз” тарихында төрт ғасырға созылған қара түнек заман болған. “Сегіз Оғыз” Қытай мен Тибетті дірілдеткен сол көздегі ең күшті мемлекет Ұйғыр қағанатына барлық  жағынан да тəуелді екенін мойындайды. Бұлардан соң “Сегіз Оғызға” өздері  құлап қалғанға дейін Қырғыз қағанаты үстемдік етеді. Қиданның Ляо империясы “Сегіз Оғызды” ендігі жерде Монғолша “Найман” деп атайды. XII ғасырдың тарихшысы Ата Мəлік Джувейни Наймандарды кейде “Сегіз” деп, ал Джемал Қаршы Наймандардың сүт кенже ханы Күшлікті “Кучлуг хан Ас-Сегізи” деп атайды. С.Қаржаубай бұрынғы заманның ТЭС жазуындағы өшкен әріптерді тірілтуі арқылы «Сегіз Оғыз» Найман екенін «Могоин шинэ усун» бітіктасы жазуларын оқуымен дәлелдейді. Яғни, «Сегіз Байырқу», «Сегіз Оғыз» — «Сегіз», «Найман» делінген.

 

ХІІ–ХІІІ ғасырлардағы Найман мемлекетінің шығыс шетін, яғни Хинган жотасының солтүстік-батысын “Сегіз Оғыз” мекендеген деп Л.Викторова күмəнсіз қорытынды жасайды. Расында, Сегіз Оғыз бен Наймандардың этнотерриториясы бір боп келеді. “Найман” сөзі түрікше “Сегіз Оғыз” атауының Монғолша калькасы (көшірмесі) болады. XIII ғасырда “Сегіз” ұғымы “Найман” атауын дербес алмастыра алатын сөз болғаны айқын. Наймандар Ляо империясының құрамына «Батыс Цзу-бу» деп аталған. Наймандар “Сегіз Оғыз” VI–VIII ғасырлардағы Түркі тектес екендігіне Орхон жазбалары куə. Қытай тарихи құжаттарында: «Найман атауы 850 жылдан белгілі болған. Байқал көлінің оңтүстігінде отырған. Орхон мен Тарим бассейнінен Қара Ертіске дейінгі жерлерді иемденген», — делінеді. Грум-Гржимайло: «ХІІ ғасырда Наймандар Ононнан Тарим өзендері аралығындағы кең алқапқа жайыла қоныстанған», — дейді. Рашид-ад-дин: «Наймандар — Үлкен Алтай, Қарақорым, Көк Ертіс Қырғыз еліне дейінгі тау аралығы мен Он хан жерімен шектеседі», — деп деректейді. Наймандар Бірінші Түрік қағандығы құрылып, Телелерді жаулап алғаннан белгі қауым болған. Найман  мемлекеті  1204 жылы құлағаны мәлім.

 

840 жылы Наймандар Орхон өзенінің басынан Тарима қара Ертіске дейін, бара Алтай тауындағы Хангай ойпатын, Алтай Нұраның екі беткейін, қара Ертістің жазығын, Зайсан–Нор көліне дейін иеленіп, көшіп жүрген. «Қиял патшалығын іздеу» кітабындағы «Иоан патшалығы» атты тарауында Лев Гумилев (1912—1992 ж.ж.): «Х-ХІ ғасырларда  үлкен, ең күшті және мәдениетті халық – Наймандар. Тарихсыз халық пен мәдениет болмайды. Ендеше, Наймандардың ата-бабалары басқа бір этностың мүшелері болған. Оны тіпті баяғы Қидандар деп тиянақты айтуға болады. Қидандар – сегіз тайпалы халық», — деп жазады. Гумилевтің бұл тұжырымдарын Әнес Сарай «Найман — Қидан емес» деп, теріске шығарады.

Бұрынғы бақташы король Иоан әулие деп аталғаны тарихта бар. Иобан (Иоан) патшалығы туралы деректер Қытайдың «Уи патшалығы тарихы» мен «Солтүстік патшалықтар тарихы, батыс өңір шежіресінде» кездеседі. Ғұн тайпаларының оңтүстік, солтүстік иеліктері дамып, 200 мыңдай жан саны бар Иобан патшалығын құрады. Иобан патшалығы Үйсіндердің батыс солтүстігінде 10 мың 930 шақырым жерде, Күшардың солтүстігінде орналасқан. «Солтүстік патшалықтар тарихы, батыс өңірі» шежіресінде: «Иобандар өте таза. Үш уақыт тамақ алдында қолдарын жуып, ауыз шаяды», — деп жазылған. Бұл Наймандар туралы ертеден жазылған қасиеттерге сай келеді.

Моңғолдарға елші болып барған христиан сопы-минориті Вильгельм Рубруктің мәліметінде: «Теріскей елдеріндегі бір ыңғай діни билік Кон-хам (Қатай) есімді бір сәуегей кісінің қолында тұр. Олар Алтай мен Тянь-Шань қырқасы арасында жатқан ел. Сол таулар арасында христиан-несториан дінінің пасторы Найман деген халықты билеп-төстейтін «құдіретті бақташы» кісі тұрады. Кон-хам өлгеннен кейін, әлгі несториандық өзін «дін королімін» деп жар салып, оны христиан-несториандар король Иоан деп атады», — деп жазады. Жоңғар қақпасы — Қаптағай қысаны, Жоңғар Алатауының шығыс қапталындағы бір өзен «Қаптағай» деп бекер аталмаса керек. Себебі, сол өңірде Найман мен оның әкесі Ер Қаптағай баба мекен еткен. 1253 жылы Марко Поло: «Тау асуларынан асып өттім. Бір жазықта несториан (пасторы) сопысы есімі Найман тұрған. Ол ел басқарып, билік жасаған. Наймандар — нестиандықтар. Наймандар ертеден жазу сызу білген. Басында Соғды-Түрік жазуын игерген. Одан Ұйғыр жазуын», — деп жазады. ХІІ ғасырда Наймандар Ұйғыр жазуында іс қағаздар жүргізіп, тамға және пошымы төрт бұрышты алтын мөрмен бекітілген.

 

Картинки по запросу наймандар

 

 

Наймандардың ұраны Ер Қаптағай, таңбасы – жебенің ұшы, байрағы – бөрі басы болғандығы тарихи дәлелденген. Қырғыздар қарамағынан босаған Найман елі өз қағанатын құрады. «Ата-баба тарихы» кітабында Е.Сәлімбай: «VІІ ғасырға қарай Наймандарда ұлыс құру ахуалы пісіп жетіліп, нәтижесінде хан басқарған дербес мемлекет тарих сахнасына келеді. Жаңадан құрылған конфедерацияның құрамында сегіз тайпа: Найман, Татар, Қатағин (Қатаған), Салжиут, Меркіт, Дербен, Ыбырат, Тайжиуттар енді», — деп жазады. Сонда Наймандар VІІ ғасырда сегіз тайпадан құрылған конфедерацияда болып, бара дербестік алып, «Найман мемлекеті» деп аталады. Найман ұлысы Шығыс Қазақстан мен Батыс Монғолстанды алып  жатқан  Алтай  мен  Хинган  таулы  өлкесінде  орналасады. Найман  мемлекеті (Қытай  деректерінде “Найман-го”) – ХІ–XII ғғ.  Қазақстанның  шығыс  өңірін  қоныс  еткен,  Түрік тектес тайпалардың саяси мемлекет бірлестігі делінеді.

 

«Найман» атау сөзі «сегіз ата» емес, олар орныққан «сегіз өзенге» (Орхон, Селенгі, Бұлғын, Идер, Завхан Эгий, Цаган хол, Қобда, Ертіс) байланысты болуы мүмкін.  Бұл аталған өзендер бойында ежелден Наймандар мекен еткен. Тұңғұстар «Сегіз Оғыздар» мекен еткен жерлерді «Найман» деп атаған. Наймандар бұл сегіз өзеннен Ойн Ардтарды (Ойрат – орман халқы) ығыстырып орналасқан. Олар Байқалдан Қобсугулге дейін тұрған. Гумм Гржимайло мен Моңғол тарихшысы Д.Тонгар: «Ойраттар Наймандардың мекенді жерлерінде тұрған», — деп растайды. Ойрат-Моңғол тарихшысы Чулууны Далая: «Ойрат пен Найман қаны бір деу бекершілік, олар тек бір өлкеде, сегіз өзенде мекен еткен», — дейді. Тарихи құжатнамалық деректерді зерделей келе, қазақ тарихшысы Жақып Мырзаханұлы: «Найман ұлысыБестегін, Далу Найман, Ақсауыт, Қақлы, Қыли, Көшет атаулы алты рудан тұрған», — деп жазады.

 

Наймандар Шыңғыс хан билікке келгенінше ең мықты мемлекет құрғанын барлық ғалымдар атап өтеді. Әмбе ең таза және мықты рулы ел болғанын да ескереді. Ноғайлар: «Ел анасы Найман», — деген. Яғни, Найман елі қыздарынан көп жұрт өсіп, өнгендігін ұқтырады. Қазақтың көбі Найманнан өрбіп, өрісті бастау алатынын білгізеді.

 

ХІV ғасырда Ақсақ Темір Орталық Азиядағы несториан дінді қауымдарын күл-талқан еткен соң, олар Сібірге қарай бас сауғалап қашады. Сонда олардың қарасы көбейіп, көсемдерінің есімдерінің көбісіне «мар» деген қосымша мәртебе қосылады. Олар Шыңғыс хан тұқымы Абақты жеңгеннен кейін, «мардың» орнына «ер» деген мәртебе танады.

Наймандар Еуропалықтармен түр сипаты ұқсас келеді. ХVІ-ХVІІ ғасырларда Наймандарды келбеттеріне қарасты «ақ» пен «сары» деп бөлінеді. Орхон өзенінің орта шеніне таман орныққан екі көл Найман нор (Найман көлі) деп аталады. Өтукен Тегрем мен Балқан (Бұлқан) тауында Наймандардың ордалары Х ғасырда орналасып тұрған. Көксерек шыңында таяу Қобды аймағында «Найман жұрт» деген атау бар.

 

Наймандар 1132 жылы Батыс Ляо (Қарақидан) патшалығының негізін құраған. Найман Байбұқа Қидан патшасы болған. Сол кезеңде Қытайдың жылнамаларында жазылған ежелгі «Че» тайпасы «Найман» деп айтылады. Лев Гумилев Найман патшалығы болғанын растай келе, «Қиял патшалығын іздеу» кітабында: «Иелюй Даши қайтыс болғаннан кейін, 1141 жылы оның бұрынғы қарамағындағы ел ыдырап, бөліне бастады. Инанч (Эниат) Білге Бұқа қаған өз елін бастап, Моңғол Алтайы қоршап жатқан жерге өз алдына дербес мемлекет құрып, Эниат есімі оп-оңай Иоан болып өзгертілді», — деп жазады. “Иоан” есімі “Əнеттен” шыққан.  «Инанч» – «сенімді», «білгі» – «білімді», «бұқа» — «ұлық», «мықты» деген сөз екен. Абақан өзені бойындағы Ашура стелла таста орхон жазуымен Найман ханы Инанч Білге Бұқа қаған жөнінде: «Ел атыңыз Өзбек (өзі бек), еліңіз үшін күресіп, жауыңа тиіскен әскерің жеті мың ұлан еді», — делінеді. Бұған қарағанда Инанч Білге Бұқа қағанға елдің қойған есімі Өзбек болады. Сонда ХV ғасырдағы Әбілқайыр ханның қол астындағы «көшпелі Өзбек ұлысы» атымен белгілі болған халықты Наймандар деуге негіз бар. Өзбек сөзінің мағынасы «өзі бек», «еге», «қожа» деген ұғым. Яғни, тәуелсіз ел. Ол сөздің қазіргі Өзбек этносына еш қатысы жоқ. Өзбек этносы 1924 жылы қалыптасқан. Әбілқайыр хан Алтын-Ордадан ажырап, өз елін «көшпелі Өзбек» атауы – тәуелсіз ұлыс немесе қазақылану десе болады. Сонда «Өзбек» пен «Қазақ» атау сөздері синоним сөздер болады.

 

Наймандардың Шыңғыс хан тұсында Күшілікке еріп келгендері Қырғызға сіңіседі. Шайбан ханға қосылғандары бара өзбек халқын құрауға қатысады. Наймандардың бір бөлігі Қоқан хандығына көшіп, Қоқан қаласының оңтүстігіне орналасады. Онда «Найман көлі» бар. Өзбекстанда басылып шыққан «Қоқан хандығы тарихы» кітабында Наймандар туралы деректер кезігеді.

Найман ата Қарақытай, Қарахан, Қидан (Ляо), Қарлық, Керей, Оңғыт (Уақ), Ұйғыр, Басмыл, батыс Жоңғар, Меркіт, Цзубуд (көшпелілер — Қырғыз, Қыпшақ), Татар елдеріне құдыретті дін ұлығы (королі) саналса, Инанч (Эниат) Білге Бұқа қаған құрған дербес Найман мемлекеті несториан ағымындағы христиан дінін ұстануына және Инанч (Эниат) есіміне байланысты немесе бұрынғы ғұндар заманында құрылған Иобан патшалығы атауын сақтап қалу мақсатында батыс елдерінде «Иоан патшалығы» деп аталса керек.

Найман шалдың зираты Есіл-Нұраның бойында, шошақ зират болған делінеді. Матай елінің игі жақсылары 1930 жылы қуғын-сүргінмен айдалғандарында көріп, барлығы сыйыныпты.

 

Рубрук Қиялықтан (Алакөлдің жағасындағы қала) несториан шіркеуін көргенін атай келіп, Найман елі туралы: «Бұл өңір Найман жері, пресвитор Иоанның иелігіне жатады», — дейді. П.Карпини: «Найман еліне тап болдық», — дейді. «Путешествие в восточные страны» деген кітабында Плано Карпинидің папа ІV-Инокентийге берген «Моңғолдар тарихы» есебінде Алакөлді — Найман көлі деп атап, бұл арада Наймандар тұратынын 1250 жылы жазып кеткен.

 

«Найман мемлекеті» туралы 1932 жылы баспадан шыққан «Сибирская Советская энциклопедияның» ІІІ томындағы 632 бетте: «Найман — қуатты мемлекет. Найман мемлекеті Моңғол дәуіріне дейін батыс шегі Ертістен Түркістанның оңтүстік шығысына дейін созылған», — делінеді.

«История человечества» еңбегінде Г.Пельмолть: «Иса мәсұх туғаннан кейін 1100 жыл шамасында осы күнгі Жетісуда көшіп жүрген Найман мен Керей еліне ортақ, хрестиан дінінің несториан ағымына байланысты, айқыш (креш) таңбасы болған», — дейді. Қапалда көп жылдар қызмет қылған Н.Н.Пантусов Ақсу, Нарын, Талас өзендері қабағындағы ескі бейіттердегі несториан сопылардың белгі-таңбасын сурет қылып кітапқа басады. Бәрінің белгі-таңбасы бірдей, «креш (айқыш)» болып шығады. Сонымен ертеде Найман мен Керейдің ортақ таңбасы «креш (айқыш)» екен.

 

Найман бабаны VІІ ғасырдың екінші кезеңінен VІІІ ғасырдың бірінші жартысы аралығында өмір сүрді деуге толық негіз бар. Нұрболат Оспановтың жазған «Қазақ шежіресінде»: «Найман баба 645-745 жылдары өмір сүрген», — делінеді. 1253 жылы Күйік ханның ордасында болған белгілі саяхатшы Плано Карпини Моңғол империясынан көп бұрын Моңғол тектес тайпалар Найман мемлекетіне салық төлеп тұрғанын атап жазады. Сол жылы Плано Карпини Еділдегі Сарайдан шығып, Жайықтағы Сарайшықтан өтіп, Янгикент, Ашнас, Кинчат қалаларын басып, Қиялыққа (Алакөл) жетіп, Найман елі арқылы Моңғол астанасы Қарақорымға сапар шегеді. Сонда Наймандар Қиялықтан да ары отырғандары белгілі болды. Яғни, Жошының ұлына қарасты Орда-Ежен жұртында екені келтірілген. Шыңғыс хан жауламастан бұрын, 1220 жылы орталық Азияда Наймандар мекендегенін тарих негіздері дәлелдейді. Сол кезеңде жасалған Найман мемлекетінің картасы Франциядағы Лувр мұражайында сақталуда екен. Найманның байырғы ата жұрты Орхонда басылған елу бес таңбаның ең жоғарғысы Найман таңбасы екені анықталған.

 

1199 жылы Керей мен Моңғол біріккен қолынан Ұлытаудағы Соғақ өзені бойында Найман Бұйрық ханды қуып жетеді. Қызылбас көлінде Наймандар жеңіліс табады. Наймандар Кем-кемчингтен өтіп аман қалады. Бұйрық ханға көмекке Таян хан Көкше Самұрықты жібереді. Бәйтерек өзені жағалауында Найман мен Керей қырғыны болады. Наймандар жеңіске жетеді. Тоғырыл ханның ұлы Сэгум қолға түседі.  Тоғырыл Шыңғыс ханнан тағы көмек сұрайды. Богорчи батыр бастаған Моңғол қолы Көкше Самұрықты Улан хуса өзені бойында шабуылдап, Сэгумды босатып алады. 1201 жылы Бұйрық хан Жамуханы қолдап, Алабұлақта шайқасып, бұлар жеңіліп, Бұйрық хан Ұлытауға кетеді.

1204 жылы Найманды Моңғолдар күйретеді. Оған Шыңғыс хан тыңғылықты дайындалады. Барлығын ағасы Арқай Қасаруға басқартады. Моңғол қолын Додай-черби, Жебе, Құбылай, Желме, Сүбедей қолбасшылары басқарады. Солардың айласы мен ісі Наймандарды жеңеді.

 

Күшлік хан 1180 жылы туған. Әкесі Таян хан. 1208 жылы Күшлік пен Тоқтыбек Шыңғыс қолымен Бұқтармада соғысады. Тоқтыбек мерт болады. Күшлік Тоқтыбектің ұлдары Худу, Тала, Чилгунды ертіп, ұйғырларға Тұрфанға кетеді. Ұйғырлар қарсы алмайды. Меркіттер Қыпшақ даласына кетеді. Күшлік Ертісті тастап, Бесбалық арқылы Шудағы Ляо мемлекетінің басшысы Жигулиге барады. Күшлік 15 жасар Гуанхеге үйленеді. Билікке ие болған Күшлік өзіңе Моңғол мен Мауренанхр қарсы екенін біледі. Күшлік Еміл, Бесбалық, Қиялықтан Наймандарды жинап келеді. 1212 жылы Күшлік 88 жастағы Жигулидің бас уәзірі болады. 1214 жылы Жигули өліп, тақ иесі Күшлік болады. 1217 жылы Күшлік хан Бұзар-Тоғрыл ханды аңда жүрген жерінен ұстап алып өлтіреді де, Алмалықты қоршауға алады. Бірақ шегінуге мәжбір болады. Себебі, оған қарсы Жебе ноян бастаған 20000 әскер келіп, Сұғнақ тегінді әкесінің орнына таққа отырғызып, өзі Күшліктің соңына түседі. Күшлік иелігінің шетіне кіргеннен Жебе ноян: «Әрбір адам өзінің ата-бабасының дінінде болуға ерікті», — деп жар салады. Осының өзі бүкіл халықтың Күшлікке қарсы шығуына жеткілікті болады. Олар Күшлікке қарсы көтеріліп, Жебе ноян жағына шығады. Күшліктің Жетісуда Моңғол әскерімен болған соғыста жеңілуі, оның Жебе ноян әскерін тоқтатамын деген үмітін біржола үзеді. Күшлікті Жебе ноян Сарыкөл жерінде қолға түсіріп, өлтіреді. Жебе Күшліктің мың жылқысын әкеп Шыңғысқа тарту етеді. Күшліктің қызы Албикені (Линкум) Толы алады. Найман мен Моңғол шайқасы 14 жылға ұласқан еді.

 

Похожее изображение

 

Үлкен жорыққа қатысып, әскердің оң қанатын басқарғаны үшін Бату хан кіші інісі Шайбанға Корелия аймағын, Құши, Найман, Қарлұқ, Бұйрақ тайпаларының мекенін қарамағына тарту етеді. Қарқаралы өлкесінде «Найман қашқан», «Еңірекей» деген жер атаулары барын жұртшылық біледі. Бұл атаулардың аталуы Жоңғар шапқыншылығынан көп ілгергі дәуірге барады және сол жерлер Наймандар ата мекені болған жерлер дейді тарих дерек көздері. «Түрік, Қырғыз, Қазақ һәм хандар» шежіресінде Шаһкерім Құдайбердіұлы: «1220 жылы шамасында Сары-Арқаның күншығысы мен оңтүстігі арасында Арғын, Найман, Керей деген елдер араласып көшіп жүрді», — деп жазады.

 

Очерктерінде Плано Карпини: «Жетісу аймағынан шығысқа қарай, ХІІІ ғасырдың аяғында, Моңғол империясы құрамында Қазақ ұлыстары біріккен Ежен Ұлыс Ордасы орнады», — деп жазады. Наймандар Ежен Ұлыс Ордасының құрамында болған. 1301—1309 жылдары Ежен Ұлыс Ордасын Баян хан басқарып, ол Шағатай ханның ұрпақтарымен 18 рет Қазақ елінің дербестігін қорғап соғысады. Ол туралы Рашид-ад-дин «Жамих-ат-таурих» кітабында келтіреді. Қапалдағы Баянжүрек тауы осы Баян ханның құрметіне арнап аталған деп тарихшы Берекет Кәрібаев жазады. «Жүрек» атаулы туындысында ақын Сара:

 

«Жалғыз тау жазықтағы басы мұнар,

Талай сыр, қойнын ашсаң асылы бар.

Көзіңмен көргің келсе «жер жүрегін»,

Қапалға келіп, қайтуға асығыңдар» — деп жырлайды.

Баян ханның ататегі Найман болуы да мүмкін. Бұл да зерттелмеген тарих. Атақты ақсақ Әмір-Темір заманында Наймандар Сыр, Арқаны мекен етеді. Өзбек хандығындағы рулардың орналасу тәртібі мәліметінде Наймандар Зейдинде орналасқандығы айтылған.

 

«Жылнамалар жинағы» еңбегінде Рашид-ад-дин ІХ-ХІІ ғасырларда Моңғол жерінде өмір сүрген тайпаларды «Нирун аталатын Түркі тайпалары», «Моңғолдар деп аталатын Түркі тайпалары» және «Әр қайсының өзіндік елдік билігі бар Түркі тайпалары» деп үш топқа бөліп, Наймандарды үшінші топқа жатқызады. Рашид-дин: «Шыңғыс ханға дейінгі Наймандардың қоныс теуіп отырған жерлері Үлкен Алтай, Қарақорым, Құм-Ертіс», — деп аталғанын жазып кеткен. Х-ХІІІ ғасырдағы Найман (Иоан) хандығының орнына басында Моңғол, сонан соң 1635 жылдан бастап Жоңғар хандықтары орнапты.

 

«Найман ұлысы» тарихи танымында ғалым Сәбетқазы Ақатай: «Найман ұлысы ХІ-ХІІІ ғасыр аралығында Қазақстанның шығысы мен батысында дербес мемлекет құрып, Орта Азияның таулы аймақтарын мекендеген орта ғасырлық Қазақстанның ру-тайпалық, саяси-этникалық, конфедерациялық бірлестігі», — деп жазады.

Моңғол Халық Республикасының тарихы жазылған кітапта VІ-VІІІ ғасырлардағы Түрік қағандығының картасы берілген. Онда үлкен ұлыстар қатарында Оғыз, Найман, Тұба, Байырқулар көрсетілген. Ал, сол кітаптың Ұйғыр хандығы көрсетілген картасында Оғыз-Найман бір этнос ретінде беріліп, Тоғыз Оғыз тайпасы көрсетілмеген. Яғни, Найман аталса, Тоғыз Оғыз аталмайды.  Ендеше, екі тайпа ел атауы деп жүргеніміз, бір-ақ елдің екі түрлі атауы болады. «Көкбөрілердің көз жасы» атты кітабында Тұрсынхан Зекенұлы: «Сегіз Оғыз бен Тоғыз Оғыз бауырлар. Сегіз деген сегіз таңбалы Найман. Жері шығыста Ханғарқан мен Ханғайдан, батыста Алтайға, одан әрі Тарбағай мен Көкше теңізге дейін құлаш ұрған», — деп жазады. VІ – ІХ ғасырларда Наймандар Ұйғыр қағандығы құрамында болған.

С.Аманжолов: «Наймандардың тегі Моңғол, Қидан, Шата, Чуэ, Қиман сияқты түркі халықтарына тән, әртекті кірме құрылымнан тұрған», — дейді. Белгілі саяхатшы Әбу Дулаф Қашғар, Әбілғазы, Ә.Марғұлан тәрізді мәшһүр тарихшылар Наймандарды Тоғыз Оғыздың Яғма (Жаймауыт), Боғра (Бураша), Шығыл (Шегелі), Тұхси (Тохаристан) тайпаларынан шығарады. Оған тарихи дерек пен негіз жоқ емес. Боғрадан шыққан Теле (Тілес) тайпаларын Бэй-хоу-ли-Байқара билеп тұрғанында 391-399 жылдары Қытайлар жойқын шабуыл жасап, Боғра-Наймандарды қатты қырады. Боғра-Наймандарды Қытайға қарсы ел ағасы Афашора (Афучжило) басқарып көтереді. Доулу, Нақай басқарған Боғра-Наймандар Қытай-Жужан өктемдігін әлсіретеді. Жужан мемлекетін Анахуа басқарып тұрғанында 551 жылы Бумын түріктерінің соққысынан құлайды.

 

A.

Шыңғыс хан қол астындағы наймандардың XIII ғасырда орналасқан жері.

 

Наймандар Ляо (Темір) империясының құрамында «Цзу-бу», «Няньбагы (Ніан-ба-ге)», Цзин тарихында «Няньбаин (Ніан-ба-уін)» деп аталады. Найман Яғма (Жаймауыт) жұртының ежелгі отаны Моңғолия жеріндегі Керулең (Керөлең), Орхан (Көк су) өзендерінің бойы. Тарихта Боғра, Жаймауыт, Бура, Бураша, Шегелі, Тоғыс, Теле, Басмыл деген Найман таптары болғаны анық. Қытай тарихында V-VІІІ ғасырларда Наймандар Байқал көлінен солтүстік Ертіске қарай жатқан тайпа ретінде аталады.

 

VІІІ-Х ғасыр аралығында «Найман» деп аталған елді мекенде «Тикин (иен тегін)» деген ел өмір сүреді. «Найман хандығы» еңбегінде Зардыхан Қинаятұлы: «Наймандар Алтайда иен тегін жатқан Түркі таптарының қатарында болды. Олар алғашында «Найман» деп аталмайтын еді», — деп жазады. Тарихшы Рашид-ад-дин: «Тикиндерді» — «иен тегін», «еркін көшкен ел», — деп көрсетеді. Л.Гумилев Найман атауы шықпай тұрып, олардың болашақ қоныстарында «Тикин» деген халық тұрған дейді. Бәлкім, сонда Найман атауы аталмай тұрып, «Тикин» деп аталуы да мүмкін. Себебі, Х ғасырда сол иен тегін (Тикин) ел мекенінде қалып қойған елді Қидандар «Найман» деп атаған.

 

Шоқан Уәлиханов: «Найман тайпасы нағыз Қазақтар немесе Қырғыз-Қайсақтар, олар екі таптың бірі – Қыпшақ-Найман, Қарақытай, екіншісі – тонның ішкі бауындай «Ішкілік» деп аталған, құрамы жиырма тайпа ел, олардың негізін Наймандар құраған», — дейді. Грумм Гржимайло: «Құрамында Наймандар кіретін «Ичкилик» деп аталатын тап Алтайдан Хангай жоталарына, Орхонның жоғарғы ағысына Қытайлар қысымымен VІІ ғасырда барған», — дейді. Нақтыласақ, VІІ ғасырда «Ішкілік» деп аталған тайпа, жер ыңғайына байланысты VІІІ ғасырда «Тикин» деп аталған, олардың негізін Наймандар құраған.

 

1100 жылдары Наймандар күшейіп, Гоби шөлінің солтүстігіндегі ұланғайыр өңірді иеленіп, Орхоннан Ертіске дейін билеп, Қарақорымға дейін жетіп, үлкен орда орнатады. Моңғолияның Сақсай мекен аймағында Наймандар әлі тұрады. 1240 жылы жазылған Моңғолдың «Құпия шежіресінде»: «Наймандар дәулетті, салтанатты тұрады», — деп айтылған. Наймандар Шыңғыс ханның шаңды жорығынан аласапыран күй кешіп, Алакөл, Балқаш, Жетісу, Есіл, Сырдария, Ұлытау аймақтарына қоныс аударғанымен, көпшілігі басқа түскен тауқыметке көніп, Алтай өңірі мен Ертіс алқабында қалып қалады.

Найман хандығы ең ірі, мәдени мемлекеттердің бірі болған. Естеліктерінде Плано Карпини: «Найман хандығы оңтүстік Алтай аймағына орналасып, шығысында Селенга мен Орхонға дейін созылған. Батысқа қарай Қаратал өзеніне дейін жететін», — деп жазады.

1500 жылдардың бірінші жартыжылдарында Наймандар Каспи мен Арал теңізі, Амудария, Сырдария өзендері, Үйрек, Өрік, Мүлгаждар тауы, Кендірлік, Қарақұм, Ырғыз, Ұлытау, Сарысу, Асбастыда, Сауын мен Ақкөл, Қаратау аймақтарын мекен етіп жүргендерін И.Крафт «Принятие киргизов русского подданства» кітабында жазған.

 

Тарихшы Қаржаубай Сартқожаұлы Наймандарды Түркі қағанаты кезіндегі белді тайпалардың бірі Байырқулармен сабақтастырады. Жылнамасында Рашид-ад-дин: «Найманның арғы тегі – Байырқулар, яки Найман мемлекетін құрған найзагер көшпенділер», — деп жазады. Байырқулар саны көбейіп, өз ішінен екіге бөлініп, оңтүстіктегілері «сегіз (тардуш)» және солтүстіктегілері «тоғыз (телес)» Байырқулар деп аталған. 750 жылмен таңбаланған Тариат (ТЭС) жазуында «...киз байирку» тіркесі кезігіп, оны Қ.Сартқожаұлы «сегіз Байырқу» деп оқиды. 759 жылғы қашалған бітік таста «сегіз Байирқу», «тоғыз Байирқу», «тардуш Байирқу» деп әліптелгені табылған. Бұлар Наймандар екенінде дау жоқ деп түйіледі. Грум-Гржимайло Қытай құжаттарына сүйеніп, 850 жылдан бастап «Найман» атауы белгілі болғанын және Наймандар Байқал көлінің оңтүстігінде отырғанын, ХІІІ ғасырда Ононнан Тарим өзендері аралығындағы кең алқапқа жайыла қоныстанғанын хабардар етеді. Әлікей Марғұлан: «Түркі қағанатынан кейін жеке билік құрған VІІІ – ХІ ғасырлардағы Найман хандығы», — деп түйеді.  Рашид-ад-дин: «Наймандар Қаңлылармен бірігіп, Өр Алтай, Көк Ертіс, Жоңғар Алатауында бір қауым ел болып тұрған. Наймандардың бір атасы Бура-Найман Қаңлылармен аталас. Оларды Яғмауыт (Яғма) деп атайды. Бура-Найман аты Қарахан басшыларына лақап болып шығады», — дейді.

 

Оралхан Бөкей: «Наймандардың Орхон жазуында, 1048—1098 жылдарда «бөрі Найман» деген атпен белгілі болғаны анық», — дейді. Найманның арғы ататек шежіресін Тататұңға Шыңғыс ханға бодан болмас бұрын құртып жіберген делінеді. Өйткені, одан кейінгі ататек таралым шежірелер Шыңғыс дәуірінен қайта бастап жазылғандар екен. Тататұңға Найман елінің алтын мөрін қойнына тығып қашқаны Қытайдың «Мен-да Бей-лу» кітабында айтылады. В.В.Бартольд: «Найман хандарының жазған бітіктерін мен қағазға түсіретін мөрін сақтап қалған атақты абыз Таутоң (Тататұңға) деген кісі. Наймандар жеңілген соң, абыз Шыңғыс ханның ордасына келіп, оның балаларын ұйғыр (найман) жазуына үйретеді», — деп нақтылай түседі. Тататұңға Ашина әулеті Тоныкөктің ұрпағы екені белгілі. Қалғұты өңірінен Найманның немесе көне Түркілердің тас мөрі табылып, оны Ақселеу Сейдімбекке көруге бергенде, біреулер қолды қылған. Ол мөрдің табанында руно жазуында «таңда, уан» деген сөздер жазылған екен. Мөрде Найман «виват (бақан)» пен Шапыраштының  (Меркіт) «тұмар (пирамида)» таңбасы басылыпты.

 

ХІІ-ХІІІ ғасырлардан бастап ру-тайпалардың сандық атаулары нақтылы этникалық атауға ұласқан кезде Сегіз Байырқулар – Найман, ал тоғыз Байырқулар – Керей деп тарих сахнасына шығады. Шыңғыс хан 1206 жылы бұрын «Телес» аталатын жұртты «Моңғол» деп атайды. Ғалым Ақселеу Тарақты: «Тоғыз Байырқулардың жалғасы — Наймандар», — дейді. І-ІІ ғасырларда Байырқуларды Ғұндардың құрамында «Дин-ли», «Ди-ли», «Үн-ли» деген атаулармен атап, ІІІ-VІ ғасырларда «Уху», «Уге», «Гао-Гюй», «Ти-ле», «Те-ле» делініп, аталуы әртүрлі өзгерген. Қытай шежіре деректерінде «Теле» халқының түпкі атасы «Бөрі» делінеді. Зерттеу еңбегінде Н.Бичурин: «Сегіз бен Тоғыз Байырқулар Оғыз тайпаларымен бірігіп, Тоғыз және Сегіз Оғыздар құрамы деп аталды», — дейді. Олар 705-840 жылдар аралығында бір-бірімен талас-тартыстан нашарлағанында Шоталар мен Қырғыздар шабуыл жасап жеңіп, кейінде Қидандар басып алып, оларды «Найман аймағы» (сегіз тайпа) деп атайды. Терх жазуын дұрыс оқу арқылы бұлтартпай дәлелдеп Қ.Сартқожаұлы: «Байырқулардың ұрпағы Найман мен Керей болып ұласты», — дейді. Шежіре-тарих деректері Наймандар Саян қабырғаларында, Таңну-Ұранқай өлкесінде, Алтай тауының төңірегінде өмір сүргендігін дәлелдейді.

 

Әйгілі ғалым Әлікей Марғұланның жазуынша Наймандардың оңтүстік Алтайдағы бір қаласы Ақбалық, Шам өзені бойындағы қаласы Шамбалық, Жоңғар Алатауындағы қаласы Кіші Талас, Наймандардың батыс Моңғолиядағы ордасы және әкімшілік сауда орны Наймансүме қаласы, Жоңғар тауының төңірегіндегі бір қаласы Тарсакент болған екен. Байырғы Рун жазуынан бастап, кейінгі Ұйғыр жазуын да меңгеріп, талай ғұламалар шыққан. Олардың бірегейлері Инанч-Білгенің інісі Күлтегін, немересі Иоллық тегін, Найман Таяныш ханның ақылшы-хатшысы Тататұңға, Құба-тегін жырау. Құба-тегін лютни-хура аспабымен Найманның ержүрек қолдары жайлы жырлап, халықты бірлікке шақырған жырау болған.

Ноғайлының орыспен елшілік құжаттарында: «Найман, ақбұт Найман, қара Найман, күшік Найман, қиғашлы Найман, тарақты Найман, орман Найман», — деген Найман рулары аталады.

 

М.Тынышбаев: «1680 жылдары Наймандардың бір тобы Әулиеатадан Ташкентке дейін, Арыс пен Сырдария өңірі Қаратау қойнауын мекен еткен. Найманның осы тобы 1720 жылдары Жоңғар шапқыншылығының құрбаны болады. Көпшілігі қырылып, қалғаны Алқакөл арқылы Самарқан, Бұқара асады. Бұқараның шығысында, Самарқан маңында тұратын «Найман» атты Өзбектер осы ақтабан-шұбырындыдан қалғандар», — деп жазады. 1680 жылдан бастап, Жоңғар жорығы «ақтабан-шұбырынды» басталған 1723 жылға дейін, Наймандар Қаратау, Алатау, Арыс, Ташкент, Түркістан, Сырдария, Жетісу өлкелерін мекен етеді. Наймандардың көпшілігі Жоңғар шапқыншылығы жылдарында Арал теңізінің батыс жағалауларын қоныс қылады. Әз Тәуке хан тұсында Наймандар Түркістан мен Сырда тұрған. Көлдей мырза, Сары батыр, Қабай аталық, Түке би, Елғонды би Әз Тәуке хан қызметінде болған екен.

*       *       *

Ақсақ Темір жорығында Наймандардың жерлері Есіл бойы, оңтүстік батыста шекарасы Қаратал өзені, батыста Нұра өзені болғанын Аристов жазған.

Найман пен Қытайдың шекарасын 1810 жылға дейін Аягөз өзені бөліп тұрған. «Наймандардың Аягөзден өтіп, сол жақ жағалауға қоныстануы 1810 жылдан басталған», — деп жазғандар Ш.Уәлиханов, М.Тынышбаев, Х.Қалиди, Н.Аристов, А.Андреев, Қ.Жанұзақов.

Дуанға (округке) бөлу тұсындағы Наймандардың орналасуын «Қазақ шежіресінде» Мәшһүр Жүсіп Көпеев: «Бір шеті Шу мен Сарысудың аяғы, Телікөл, Тата, Ашшыкөл, Саумалкөл, тағы бір шеті Есіл бойында, Атбасар дуанына қараған Наймандар», — дейді. Тарихта Қазаққа 1635 жылы Есім ханның ұлы Жәңгірге қарсы соғыс ашқан Қалмақтың Батур есімді қонтайшысы. Жәңгірге Жалаңтөс батыр 20 мың қолмен көмектесіп, Қалмақтар жеңіліс табады. Сол соғысқа Найман, Қаптағай Жарлықамыс бастаған Матайлар қатысып, жеңіске үлкен үлес қосады. Наймандар 1723 жылы Жоңғар жойқынынан шұбырып Бетпақ дала, Сыр, Арқаға босқанымен, 1525—1726 жылдардағы Қалмақтарға қарсы азаттық жорықтарға Наймандар талмай қатысып, сүбелі үлес күшін аямаған.

 

1680 жылдары Наймандар Қаратауды иеленіп, бір жағы Әулие Атадан Ташкент, бір шеті Арыс пен Сырдария өзендері қосылысына дейін орналасады. Жоңғар зұлматынан ес жинаған Наймандар 1728 жылы Арқаның Есіл, Нұра, Сарысу өңірлерін мекен етіп шоғырланады. 1740 жылдардан бастап Қаратау, Сарықұм, Қапшағай, Өтеген, Аққолтық, Талбұлақ, Шу өңірлерін мекен ете бастайды. Бұл дерек «Төрт батыр» қиссасында айтылады. 1750 жылғы Лай (Мамыр) судағы «Қанды жап» келісімінен кейін, Наймандар 1758—1760 жылдары Қарқаралы, Алтай, Шыңғыс, Тоқырауын, Жоңғар Алатауы өлкелеріне келіп орнығады. Г.Волконскийдің дерегінде: «Найман тайпасының 35 мың отбасын біріктіретін алты руы Қытаймен шекаралас, Құжан-Қайнақ қамалының қарсысындағы, Ертіс бойы мен Тарбағатай тауларындағы жерлерді мекендейді. Найман және Қоңырат тайпаларының 15 мың отбасынан тұратын 12 руы жазда Шажығай (Быжы), Көксу, Қаратал өзендерінің жағалауларындағы аймақтарды, Ақтуар тауының бөктерлерін жайлап, қыста Түркістан мен Ташкент төңірегіне тұрақтайды», — делінеді. Әбілмәмбет ханның ұлдарының бірі Әбілпейіз сұлтанның қарамағындағы Найман тайпасының Қаракерей руы Қаратал алқабында көшіп жүрген. Бұл ру Іле өзенінде Қытайлармен сауда жасасады. Андреевтің «Суреттемесінде» және 1764 жылғы тамыз айында Абылай сұлтанға барған М.Араповтың жазбаларында үш Матай елі Шыңғыстаудың арғы тау-тастары жағында, Бестамақ және Қызай елі алқаптарында көшіп-қонып жүргенін келтіреді.

1800—1810 жылдары Наймандардың басым көпшілігі Қалба, Тарбағатай, Арғанаты, Барлық, Тасқара, Алакөл, Балхаш өңірлерін жайлайды.

 

Жоңғар-Қалмақ дәуірі кезеңі мен одан соң Найманның Қаракерей, Матай руларын Қаратал өзеніне дейін көшіп жүретіндерін Әбілмәмбет ханның ұлы Әбілпейіз, Сарысу, Есіл өзендері бойымен көшіп жүретін Наймандарды Барақ сұлтан, Жоңғарлармен шекаралас Ертіс бойымен көшіп жүретін Наймандарды Күшік сұлтан, ал Садыр елін Шаңқай төре басқарады. Садырларды Қарқаралыдан Бөкей сұлтанның інісі Сұлтанғазы Балқашқа қарай ығыстырады. Лепсі уезіне қарасты жерлерге.

Найман рулары «Ергенекті Найман, төңірек Найман» деп екіге жіктеледі. Төңірек (дөңгелек «тугрик» деген сөзден шыққан) Найманға Төртуыл, Қаракерей, Матай, Садыр, Терістаңбалы жатса, Ергенекті Найманға Саржомарт, Көкжарлы, Бура, Бағаналы, Балталы жатады. Ел ішінде:

«Найман деген біз,

Төркіндеп қуса қай туған?

Төлек атадан төредей төрт ұл айтылған:

Садыр, Матай, Қаракерей, Төртуыл,

Өрелетіп көрсең, Алашты мол қып бай туған.

Сырдан бір тартып, сыпыра шашып ел туған.

Бір Найман шалдан самсаған сары қол туған.

Жер шарлағанда, рухта бәлкім енші боп,

Дүние бітпей, бітпестей болып мол туған», — деген сөз қалған.

 

Х1Х ғасырда Наймандар Өр-Найман, Ой-Найман, Қызай деп жіктелген. Қытайға асқандарды Қызай елі, Жетісуді мекендегендерді Ой-Найман, Алакөлден ары қарай орныққандарын Өр-Найман деп атаған.

Найманның тоғыз таңбаға ие болған рулары: Төртуыл, Қаракерей, Матай, Садыр, Терістаңбалы, Бағаналы, Балталы, Көкжарлы, Бура. Қалың Найманның еншісін бөлу билігі ақылы кемел, Кетбұғаға бұйырады. Кетбұғамен еншілес Келбұға екеуіне таңба жетпей, таңбаларын жылқының сол жағына бастыруынан, олардың ұрпақтары Терістаңбалы деп аталады. Тоғыз таңбаға ие болған руларға Кетбұға, еншіні дау-дамайсыз бөлгені үшін, «ноқта аға» саналады. Бақсылар сиыну жырларында Кетбұғаны «жындардың арғы атасы» деп есептейді. Наймандардың тоғыз арыс ел екенін, ХVІІІ ғасырда өмір сүрген, Саршуаш шешеннің:

«Тоғыз таңба Найманнан,

Тоғыз құйрық ту алып,

Тоғыз түмен қол шықса,

Қол ағасы – Қабанбай!» — деп айтқанынан ұғылады.

 Қаракерей Қабанбай батыр 1724 жылы Түркістан қаласында хан сайланады. Бұл да дәріп.

 

Найман елінің таңбаларының түрлері мен атаулары:

1) «Қыран» мен «бақан» таңба. Ол бүкіл Найман еліне ортақ таңба деп есептеледі.

2) «Шөміш» таңба. Оны «төгерек» немесе «төңірек» деп атайды. Түп негізі түріктің «тугрик» деген сөзінен шыққан. Мағынасы «дөңгелек» деген ұғым.

3) «Теріс» таңба. Қазақ ерттеулі атқа сол жағынан мінеді. Оң жағын теріс жақ санайды.  Таңба теріс жаққа басылғандықтан «теріс» таңба деп аталған. Белгісі теріс басылған «шөміш».

4) «Балта» таңба. Балталы руының таңбасы.

5) «Бағана» таңбасы. Бағаналы руының таңбасы.

6) «Ергенек» таңба. Ергенекті руының таңбасы. Оларға Саржомарт, Бура, Көкжарлы рулары жатады. «Ергенек» деп қазақ үйдің «маңдайшасын» айтады.

7) «Қайырмалы жебе» таңбасы. Қаракерей руының таңбасы.

8-9) «Қылыш» пен «бөрі» таңбасы. Бұл таңбалар Садыр мен Матай руларына қарасты. Екі рудың ортақ таңбасы «бөрі» болады. Ғалым П.К.Козлов Гоби шөліне таяу орласқан Қара-Хото қаласын қазғанында, одан Наймандардың несториан діні кезіндегі түрік тілімен жазған жазулары мен екі түрлі ергенек пен бақан Найман таңбаларын табады. Қара-Хото қаласы несториан (тарса) үлгісімен салынған үшінші үлкен сауда орны болған.

 

*       *       *

 

Ақ патша заманында Шорманның Мұсасы қазылығын шешкен, Қаракесек Кемпірбаймен айтысында Найман Қалжан ақын:

«Жүз елу болыс болған Найман заты,

Арынды тау суындай қалың селмін.

Өрдегі тоқсан болыс елді қоссаң,

Алдыңда асу бермес Сарыбелмін», — дейді.

 

Абылай хан аспаған Сарыбел – Сарыарқада, Қаракерей Қабанбай батырдың мазары сонда. Қызайлар «Географический вестник» журналының 1871 жылғы Венюковтың жазуында: «Шекаралық аудандардағы Қызайлардың саны 90 мың», — деп көрсетеді. Ақын Мағжан Жұмабаев:

«Ертеден ел бар екен қалың Найман,

Қытайға қалың Найман қанат жайған», — деп айтады.

 

Қызай шежірелерінің бірінде Қызайдың шын есімі Қарлығыш деп аталса, қазақ ішінде Күнбүбі (Айқыз), Күнбиби деп те айтады.

Елі Матай-Аталық-Құттыболаттан тарайтын Құтым інісі Шағырға орынды жерден қыз айттырып әперуді ойластырады. Сұрастыра жүріп Қазықұрт-Қаратау таулы аймақтарына барады. Байжөке байдың бәйбішесінен туған қызын естіп, сонда тоқтайды. Қонып, қайтарларында Байжөке бай «не шаруамен жүргендерін» сұрайды. Сонда Құтым:

«Жалаулы найза ап үдейін,

Жараулы атты мінейін.

Айдын көлдегі аққудың,

Үкісін тағып ілейін деп келдім», — дейді.

Қыз жағы Матай Аталықтармен құда болуға келісіп,  қызға берілмек 47 қалың малын айдап қайтуға ауыл жігіттері түгел олармен ере кетеді. «Қыз айттырды» дегенді естіп, аяқ асты Байжөке бай ауылына Қырғыздар шабады. Қызды тартып әкетпек болып, сол кездегі рәсім бойынша, бір биік төбеге жауласуға келгендерін білдіріп, Қырғыздар жалауын тігеді. Жаман сасқан атасына қыз «жауға мен шабамын, жүрегім жанып тұр» деп әкесінің садағын, атын, сауыт-тұрманын сұрап, рұқсат батасын алады. Қыз Қырғыздардың тіккен жалауын садағымен атып құлатады. Қыздың мергендігін көрген Қырғыздар «пай-пай, қыз-ай» дегендерінен, қыздың есімі Қызай деп аталады. «Қызы мұндай! Жігіттері әлде қандай?» — деп Қырғыздар қаймығып, кері оралады.

 

Ақын Кәрібай Таңатаров:

«Айырылды Байжөке бай сегіз ұлдан,

Тағдырдан ажалды адам қалай қашпақ?

Жылады Байжөке бай жасын тыймай,

Өлуге уақытсыз жанын қимай.

Екі ана әсіресе есалаң боп,

Ас ішпей жатып алды, күн-күн тұрмай.

Елуден қалған кезі асып жасы,

Ағарды қайғыменен сақал-шашы», — дейді. Яғни, Жүзай (Мұрын) мен Қызайдың алдында Байжөке байдың сегіз ұлы болып, жаугершілікте мерт болады. Байжөке байдың елі – Матай. Қаратау өңірінде тұрған. Қызай ана Үйсін Бәйдібек қызы дегендік, еш қисынға жатпайды.

Қызай елі Жоңғар жойқынына дейін Қызай тауы, Көксала, Аякөз, Қарақұрым, Зайсан, Алтай, Ертісте тұрған екен. Мөлшермен 1680 жылдан бастап, 1750 жылдарға шейін Жоңғар хандығының ысыруымен Сыр, Сырдария, Шу, Сарысу, Алатау, Алакөлде көшіп жүреді.

Қызай ана Тоқта-Барлықтан Матай-Аталық елін арғы бет Қытайға жолбасшы болып көшіреді. Сол салдардан Шағыр, Құтым, Тоқтар ұрпақтары Қызай ана есімімен «Қызай елі» деп аталады.

Құрбанғали Халид: «Қызай елі 1757 жылғы «Мамыр су» бітімінен бұрын Аякөз өңіріне келіп қоныстанған. 1830 жылы Барлық тауы, Құлыстай ойпаты, Тарбағатай бауыры, Майлы-Жайырға дейін ірге жайған. Ханқожа баласы 900 қолмен Қызай елін қайтарып келеміз деп, Еміл бойында ұрыс салып, жеңіліп қайтуы 1830 жылы болған оқиға. Қызайлар 1845 жылы Бұратолаға ауып, 1860—1861 жылдары Іле өңіріне барып қоныстанған», — деп деректейді.

Қызай елінің Ілеге қоныстануы ХІХ ғасырдың орта шенінде Қызай-Жолболды Қоқаш батырдың немересі Тайтелі батырдың көмегімен болған. Қызайлар Қызай ананың өсиеті бойынша 1845 жылы Тарбағатайдан көшіп Бұраталаға барады. Ол кезде Бұратала әкімшілік жақтан Ілеге қарайтын болып, Іленің билеушісі Әлихан сұлтан екен. Сыртқа Қара сұлтан деп аталған. Қызай елі Бұраталаға көшіп келгеннен бастап Моңғолдармен жер таласы басталады. Қызай елі Қара сұлтанмен байланыс жасап, Ілеге  көшуге бекінеді. Көш екі бағытпен  жүреді. Бір бөлегі  Көрсаймен, енді бір бөлегі Талқы асуымен көшеді. Қазақтың көшуінен хабардар болған Моңғолдар  Арашап деген батырын шығарып, көштің алдын тосып, Қызай елінің мал-мүлкін  тонап қалуды ойласады. Тайтелі батыр  Арашаптың іс-қимылын құпия бақылайды. Ол өтеді деген жерге барып тосқауылдап, жаяу жасырынып жатады. Көк атқа мініп Моңғол сайлауыттарын бастап келе жатқан Арашапты аттан аударып түсіріп, басын алады. Арашаптың атына мініп, садағын қолға алып, жаудың бетін қайтарған Тайтелі батыр көшті қорғап, елді бастап Ілеге аман-есен жеткізеді. 1861 жылдан барлық Қызай елі Қара сұлтан қарамағына қарайды. Ол сегіз жыл басқарған соң, Қызай елі отырған Іле бойын орыс алып, Колпаковский 10 жыл үстемдік жүргізеді. Қызай елі Қытаймен келісіп, Қас, Күнес, Текес, Көкқамырға көшіп қоныстанып, аймақ бастығы Жаң-Жұң деген ұлыққа бағынады. Ел қамқоры Байеке, Сасан, Боқаш болады.

 

*       *       *

 

1917 жылы Ресей үкіметі жүргізген ресми санақ бойынша Наймандардың саны 830 мың деп көрсетілген. Наймандар Моңғолда, Қырғызда, Қарақалпақта, Ноғайда, Башқұртта, Өзбекте, Қырымда, Алтайда қазақ диаспарасы ретінде көп тұратыны статистикадан белгілі. Бүкіл Орта жүз бен Наймандарға ортақ таңба «аша» немесе «аса» деп жүрсек, олай болмай шықты. Шілікті жазығындағы Берел (Бергі ел патшалар даласы) қабыр қорғанынан Наймандардың «қыран құс, самұрық пен барыс» бейнеленген ортақ алтын таңбасы табылды. Ол президенттің мәдениет қоры сақтауына орнықты. Сол бұрынғы нышандар қыран құс пен барыс бейнесі қазіргі Қазақстан Республикасының рәміздері қатарына кіргені баршаға мәлім.

Наймандардың бұрынғы мекендеген жерлері: Байқал, Моңғолия, Алтай, Тарбағатай, Ертіс, Жетісу, Ұлытау, Сыр, Қаратау, Арқа өңірлері. Орхон өзенінің орта бойынан алыс емес тау қойнауындағы егіз көл «Найман нуур (Найман көлі)» және бұрындар Наймандар жағалай жайлап отырған көлдің бірі «Кіндік көл» деп аталады. Найман атауымен Павлодар облысына қарасты Лебяжье ауданында елді мекен мен алап, Қырғызстанның Ош облысында елді мекен, Ресейдің Пятигорск қаласының маңынан ағатын өзен, Қырымда елді мекендер, Алматы облысының Қаратал ауданында алап, Қарағанды облысына қарасты Қарқаралы ауданының жіріндегі тау сілемдері, Оңтүстік Қазақстан облысының Сырдария ауданында құдық, Самарқан мен Бұқара аралығындағы елді мекен, Атырау облысының жеріндегі алап аталған. Қобда аймағындағы Көксерек шыңынан алыс емес елді мекенде «Найман жұрт» деген орын сақталған. 1911 жылы Троицк қаласында басып шығарған еңбегінде Шаһкерім Құдайбердіұлы: «Арқаның ежелгі атауы Найман-кіре еді», — деп жазады. Сарыарқада «Найман мола», «үлкен Найман», «кіші Найман» қорымы бар.

 

 

Көңіл көтере отырыңыз

 

 

*       *       *