«Шежіре жүргіземіз — 8»

 

 Сайтымның  шежірелік  тарауының  бүгінгі парағында «ТҮРІК»  этнониміне  байланысты  «ҚАЗАҚТЫҢ ЖАЛПЫ ШЕЖІРЕСІ» дастаны («БАБАЛАР СӨЗІ» сериясының «ҚЫТАЙДАҒЫ ҚАЗАҚ ФОЛЬКЛОРЫ» тарауынан алынған), Жемісбек Толымбековтың «ТҰРАН- ТҮРІК»  және У.Шәлекеновтың «НҰХ  ПАЙҒАМБАРДЫҢ  НЕМЕРЕСІ немесе түрік терминінің  этимологиясы  туралы»  деген  танымдық  мақалалар  беріліп  отыр.  Танысыңыздар!

 

 

ҚАЗАҚТЫҢ ЖАЛПЫ ШЕЖІРЕСІ

«БАБАЛАР СӨЗІ» сериясынан

Тарихты зерттеген жан жөнін табар,

Әлемнен он сегіз мың болса хабар.

Пайғамбарлар тарихын оқып көрсем,

Адамнан Нұхқа дейін көп ата бар.

Тұсында осы Нұхтың теңіз басып,

Жер шөгіп жүрген екен топан сулар.

Сол кезде Нұх пайғамбар хайла қылып,

Кемеге көп жан салып шеккен сапар.

Ақыры су тартылып, жер шыққанда,

10. Тарапты сол кемеде қалған жандар.

Солардан соңғы адамзат таралған деп,

Тарихта осылайша деректер бар.

Дейді екен соңғы атаны Нұх пайғамбар,

Ол Нұхтың үш ұлы мен, үш қызы бар.

Тарапты осылардан әлемдегі

Қазіргі көп нәсілді, көп ұлттар.

Үш ұлын Хам, Сам, Япас деп атаған,

Бұл Забұр, Інжіл, Таурат, Құранда бар.

Тарапты Хам нәсілі – қара халық,

20. Бұлардың көбі америка, африкалық.

Тағы да үнді, пактон, ауғандар бар,

Бұларды Хам ұрпағы дейді анық.

Ал Самнан таралыпты барлық араб,

Кетіпті ұрпағы оның мол боп тарап.

Ең соңғы бір пайғамбар Мұхаммед те,

Осы елден шыққан екен Құдай қалап.

Япастың енді жазсам балаларын,

Тараған неше ұрпақты салаларын.

Туыпты сегіз бала Тәңір беріп,

30. Аттарын жазып былай шамаладым.

Сегіздің бірі жапон, бірі манжұр,

Сөзіме бұл айтылған құлағың түр.

Екеуін камари мен қытай дейді,

Екеуін тарих пенен сахлап дер.

Енді бірін Түрік дер, бірін Хазар,

Білмеген ата жөнін жолдан азар.

Ұрпаққа таныстырам ата жөнді,

Оқыңдар хат білгенің салып назар.

Түрікті ал жазайын қалам алып,

40. Жетеуі тұра тұрсын кейін қалып.

Шығады айтар жөнім осы арадан,

Сөйлесем Түрік жайын көңілге алып.

Төрт бала туылыпты сол Түріктен,

Тарапты ел боп талай өніп-өскен.

Бірнеше кітаптардан көзім көрді,

Жазбадым негізі жоқ өтіріктен.

Түріктен сөйтіп төрт ұл туылыпты,

Көп елге бұл арасы ұғынықты.

Баланың бірі – Түтік, бірі – Хакал,

50. Барысжар, бірі Әмлақ делініпті.

Жазамын бұл төрт ұлдың енді бірін,

Біледі ел жазған сайын ішкі сырын.

Алайын Түтікті арнап ең алдына,

Үшеуі тұра тұрсын қалып қырын.

Жазамын мұнда аздап хан тарихын,

Жалғасқан ұрпақтардың ашып сырын.

Елжахан осы Түтік баласы екен,

Сол кезде хандық түзім мұрасы екен.

Түрікте неше бөлек хандар бопты,

60. Бәрі де бір-біріне жалғас екен.

Баласын Елжаханның Бақой хан дер,

Тарапты одан неше рулы елдер.

Баласын Бақой ханның Киік хан деп,

Айтады бәрін түгел үзілдірмей.

Баласы Киік ханның Аланшы хан,

Тұсында дәурендетіп хандық құрған.

Бар екен Аланшыдан екі бала,

Ержетіп екеуі де патша болған.

Аттарын Моңғол, Татар деп айтады,

70. Ұғады сөз мәнісін құлақ қойған.

Бұл Татар осы күнгі татар емес,

Тарихтан қалған бұл бір бұлдыр елес.

Ұрпағы кім боп, қалай өзгерді екен,

Әйтеуір өткендерден қалған кеңес.

Моңғол да оныменен бірге туған,

Екеуі де әкенің жолын қуған.

Тегінде моңғол-моңғол десе дағы,

Соңғы кез о да өзгеріп моңғұл болған.

Кейде бұл мағұл деп те танылып жүр,

80. Көп заман ұзарған соң шалынып жүр.

Шынында мағұл емес, моғұл еді,

Құлаққа моңғұл сөзі қанығып жүр.

Төрт бала туылыпты Моғұлдан да,

Жазамын таныстырып ұғынғанға.

Айтайын төртеуінің аты-жөнін,

Әңгіме болсын кеңес тыңлағанға.

Айтады Өзхан, Көзхан, Жұлдызхан деп,

Төрт болар қосылғанда Қарахан кеп.

Қазірше басқалары тұра тұрсын,

90. Айтайын Қараханды көңілге елеп.

Бар екен Қараханның бір баласы,

Қойыпты оның атын Оғұз хан деп.

Тарапты осы Оғұздан сансыз ұрпақ,

Тәңірі келгеннен соң оны жебеп.

Дүниеден осылардың бәрі де өткен,

Істерге жақсы-жаман көзі жеткен.

Оғұз хан ұзын заман дәурен сүріп,

Әлемге өз ісімен даңқы кеткен.

Ажалдың ерте-кешін кім біледі,

100. Оған да дәм таусылып қаза жеткен.

Оғұз хан өлгеннен соң діні азып,

Түріктер көпке шейін дінсіз өткен.

Содан соң будда діні қайта оралып,

Кеңейіп ел ішіне орын тепкен.

Сол беті жүре-жүре түрік елі,

Дініне Мұхаммедтің әрең жеткен...

Тарайды қалың қауым Оғұз ханнан,

Қайнары түркілердің сол боп қалған.

Жазайын енді оның балаларын,

110. Бар екен алты ұлы бағы жанған.

Алтаудың бірі Айхан, бірі Күнхан,

Жұлдызхан, Таухан, бірі Көкхан.

Осылар іркес-тіркес хан болыпты,

Алтыншы бір баласын дер Теңіз хан.

Алты ұлдың барлығы да патша болған,

Бұлардан көрілмепті жастай солған.

Арада қанша-қанша жыл өткізіп,

Бірі өлсе бірі келіп таққа қонған.

Теңіз хан осылардың жиып артын,

120. Алыпты дәурен сүріп екі қатын.

Туыпты бәйбішеден төрт ұл бала,

Құрыпты әкесінің салт-санатын.

Төрт ұлдың бірі Ауа, бірі Қанық,

Елхан мен бірі Негіз о да анық.

Хан болып Теңіз ханның тұрған кезі,

Мал мен бас бірдей өскен сыймай халық.

Тоқалдан жиырма төрт ұл көріпті,

Тәңір асырап бәрі де көркейіпті.

Тараған қалың қауым осылардан,

130. Әйгілеп бір кіндіктен сонша көпті.

Таралған осылардан қалың түрік,

Шежіре – шежіре болмас айтса өтірік.

Кімде кім өз білгенін жазған дұрыс,

Жарамас үндемеген біліп тұрып.

Оғұз хан дәурендеген талай заман,

Бұл өзі хижрадан бұрын болған.

Үш мыңнан астам жылдар өтсе керек –

Дейді екен деректерден хабарлы адам.

Көп өсіп Теңіз ханның ұрпақтары,

140. Тараған көп жерлерге оның бәрі.

Мекендеп Азияның көп өңірін,

Сарыарқа, Сыр бойынан барған ары.

Байқал, Орхұн, Алтайды мекен етіп,

Тәңір тау, Орал, Сырға жылжи кетіп.

Аралық кең байтақта көп тайпалар,

Келіпті қоныстанып тірлік етіп.

Солардың басқан ізі, ұрқы, тарпы,

Келіпті сорап болып бізге жетіп.

Арадан мыңдаған жыл өтсе дағы,

150. Бүгінде танылады ел өйтіп-бүйтіп.

Үйсін, дулат, жалайыр, қаңлы елдері,

Бәрінің тегі солай келген жері.

Арғын, найман, керей, уақ, қыпшақ, қоңырат,

Бәрінің түркі тектес нәсілдері.

Кіші жүз алшын, жаппас елдері де,

Біртұтас тектері бір, әрқилы елі.

Құлақтан-құлақ сөзі есеп емес,

Шындықтан шежірелер береді елес.

Тарихты әрқалай қып айтады екен,

160. Әркімнің білгендері бірдей емес.

Осыдан үңілгендер шынды тауып,

Айтады соңғыларға айқын кеңес.

Моғұл, Татар – Аланшы баласы еді,

Неше мың жыл ұрпақтар арасы еді.

Түркі тектес тайпалар қазақ болып,

Моғұлдармен жер-суға таласы еді.

Моғұл дейтін ежелгі ел моңғол болған,

Татарлар да іргелес қоныс қонған.

Қазақ, түрік ұрпағы жұрағат боп,

170. Бірде тату, бірде араз-кекті болған.

Жыл саны ұзарған соң бәрі дағы,

Дүниеге неше толып, неше солған.

Осындай жаугершілік жалғасқан соң,

Ірге айырып қазақ, моңғол бөлек қонған.

Моғұлдар осы арада тұра тұрсын,

Қазаққа айтар кеңес жүре тұрсын.

Жазайын енді арнайы қазақ елін,

Шежірем бөлектеніп ірге айырсын.

Елімді осы арадан қазақ дедім,

180. Айтайын осы сөздің шыққан тегін...

  Ары қарайғы  жалғасы  алдағы парақтарда болады

 

 

        Тұран – Түрік

  Жемісбек Толымбеков

  Шежіреші

 

Мұхаммед Қашқаридың «Диуани лұғат-ат түрік» кітабында пайғамбар Расулдың айтқан үзінділері келтіріледі. Ол үзінділер ғалым Халаф имам Шейх Хұсайынның «Ақыр заман» кітабындағы хадистерден алынған екен. Онда: «Ұлық Тәңір айтты: «Менің бір тайпа әскерім бар. Оларды «Түрік» деп атадым. Күн шығысқа орналастырдым. Бірер халықтан ғазалансам, түріктерді соған қарсы жолдаймын», — делінеді. Осынау хадис үзіндісінің шындығына иланбасқа болмас.

 

«Қазақ шежіресі» кітабында Зайыр Сәдібекұлы: «Тұран мен Иран бір туған аталастар. Тұраннан Қытай, Жапон, Корей, Түрік, Татар, Мағол, Манжур, Тұнғыз, Фин-Угор елдері өсіп-өнген», — дейді.

 Герцфельд: «Эранвез, Тұран бір мемлекет. Түркістанда жайғасқан. Бұл жерде Иранға көшіп кетуден бұрын медиялықтар мен парсылар өмір сүрген», — дейді. «Авеста» кітабында Тұран атауы аталады. Онда Ахура-Мазду иеленген бірінші мемлекет Түркістан өлкесі. Шығыста сақтар тұратын елді парсылар Тұран деп атады. «Тұран» сөзі парсы тілінен тәржімеленгенінде «тұрлар елі» деген мағына береді. Тұр тайпасы Африканың оңтүстік шығыс өңірінде құрылған. Жазба деректерде «тур» деп жазылады.«Троя»  сөзі түріктердің «тұр» және «ұя» сөздерінен құралып, мағынасы «тұрлардың мекені» деген ұғым білдіреді. Тұр тайпасы жөнінде алғашқы дерек «Авеста» кітабында кездеседі. Онда тұрлардың сақтармен сабақтас екені жазылады. Пехливилік дерек көздерінде турлар түркі тайпалары деп аталады. Ахаменидтік жазуларда бүкіл сақ пен турлар Дарий-І (б.з.д. 522-486 ж.ж.) патшалығының соңына қарай «даха», «дай» деп атала бастайды. Фердоусидің «Шаһнамасында»: «Тұр тайпасынан «тұрандықтар» тараған дей келе, әулет басы Тұр, оның немересі Пашанг, оның ұлы Афрасиаб (Алып Ер Тоңға) патша», — делінеді. «Тұран» сөзі көне түріктердің «тұр» және «ан» сөзінен құралып, мағынасы «тұрлар мекені» дегенді ұқтырып, «ан» сөзі далалы жерлерді мекендейтіндерге бағышталып айтылған түрі деп саналады. «Тұр» сөзіне «ік» жұрнағы жалғану арқылы «түрік» сөзі шығады. Яғни, түріктер «тұр» тайпасынан өсіп-өніп, таралған жұрт.

Арийлер байырғы Алтайдан тараған сақ, иран, тұран, үнді, үнді-еуропа халықтарының аталық тегі болған ең ескі этностық атау деген тұжырымды қазіргі кездегі тарихшылардың көпшілігі қолдайды. С.Аманжолов: «Тұран өлкесін ежелден мекендеген түркітілдес этностар: арийлер, оның құрамында дақтар, тұрандар, набиандар, панксандар, сирақтар, аорстар, скифтер, сақтар, хорезмдіктер, массагеттер, және б.б. тайпалар болған. Олар автохтонды этностардың жалпы атамалары. Ария өзенінің атымен аталған», — деп тұжырымдайды. Тұран — тайпа атауы. «Авеста» кітабында: «Олар ең алғыр, Барықаша теңізінен шыққан», — делінеді.

 

Тұрлардың ұрпағы ғалымдар «түркілер» дейді. Тұран мемлекетін «Түркістан» деп те атайды. «Авестада»: «Ахура-Мазуда иелеген бірінші мемлекет – Түркістан өлкесі», — делінеді. Оның көлемі 3 млн. шаршы шақырым деп көрсетіледі. Ғалымдар түрік халықтарын бес топқа бөліп қарайды. Осы бесінші топқа Татарстан ғалымы М.Закиев деген біздің арғы ата-бабаларды жатқызады. Археолог К.А.Ақышев сақ қорғандарын қазып, онда көнетүрік жазуларының сақталуы арқылы, сақтар түрік ордасының бірінен шыққандықтарын әлемге дәлелдеп берді. Иран империясының күшейуіне байланысты Тұран мемлекеті құлдырап, Христостың тууынан кейінгі 375 жылы Иран дәуірі де аяқталады. Олардан Шығыс Еуропа даласында иран тілді аландар мен ястар, яғни бүгінгі осетиндердің ата-бабалары таралады.

 «Кіші жүз – Бекарыс» кітабында Т.Үсенбаев: «Тұран, одан Түрік, Хайдар, Хазар, Сақлап (Қыпшақ), Орыс, Мең, Шың (Қытай), Кеймар (Парсы). Ал, Түріктен Табиғи, одан Массагет, Кассах, Түтік, Алынша», — деп таратады.

 

«Бабалар сөзі» 32 том кітабының «Қазақтың жалпы шежіресі» дастанында: «Түріктен төрт ұл – Түтік, Хакал, Барысжар, Әмлақ. Түтіктен Елжа хан, одан Бақой, одан Киік хан, одан Аланшы хан, одан Мағол мен Татар. Мағолдан Өз хан, Көз хан, Жұлдыз хан, Қара хан, одан Оғұз хан», — деп таратады.

 «Түрік шежіресінде» Әбілғазы: «Нұқ пайғамбардың ұрпағы Яфеттен Түрік туады», — делінеді. Рашид-ад-дин Яфетті Абулджа хан деп есептейді. Абулджаның жайлауы Ортақ, Қазтақ, қысқы жайылымдары Бурсун (Борсық), Қақиян, Қарақорым (Қарақұм) болғанын және олардың Талас пен Қары-Сайрам қалаларынан қашық емес екенін деректейді. Яғни, Сырдың бойы. Сонда бұл рас болса, арғы Түрік баба болады. Ал, бергі ұлық Түрік Уыз хан тұсында болғаны мәлім. Бұл ұлық Түрік  шежірелерде хулар (ғұндар) ұрпағы деп айтылады. Қытайдың «Сүй» кітабында: «Түріктердің арғы атасы Пин-лиәнда аралас-құралас көшіп жүрген «хулар» еді», — делінеді.  Пинлиән патшалығы болғандығы тарихта аталады. Ол патшалықты хулар, яғни қыпшақ тобындағы рулардың бірі тобалар 439 жылы құлатады. Содан олар бас сауғалап, Алтын (Алтай) тауына кетеді. Кейін олар өздерін «түрік», мемлекетін «Түрік үйі (Мәңгі ел)» деп атайды.

 

 Ғылыми тұжырымдарға қарағанда Тұран мен Түріктің алғаш өсіп-өнген жері Алтай тауы мен Ыстық көл өңірі. Осыған байланысты жоғарыда келтірілген хадис үзіндісіндегі «шығысқа орналастырдым» деген сөзді аңғарыңыз. Одан кейінгі әкімшілік территориясы шығыс Қытай жеріндегі Хуанхэ бойындағы Ордос түбегінен бастап, Арал теңізіне дейінгі жерлер деп аталады.

 Көп ел «жаңа жылды» тойлайды. Оны Еуропадан келген деседі. Мурад Аджи мен тағы басқа түрік зерттеуші ғалымдардың ұғымында ол олай емес. Ол ертеде «Ель (юль) мейрамы» деп аталып, түркі халықтарының басты мейрамы саналады. Өйткені, ерте заманда Алтайда 25 желтоқсанда «Юль мейрамы» өткізілген. Онда күн ұзарып, түн қысқара бастаған кезде түркілер шыршаны айнала ән салып, би билепті. Көне түркі тілінде «юль» сөзі «жол» деген мағынаны ұқтырған екен. Христиандық кезең басталғанда осы түрік елінің ғұрпын христиандар «жаңа жыл» деп өзгертіп алыпты. Шыршаны айналатын хоровод күнді бейнелесе, шырша көкке бастайтын жолды көрсетіпті.

 

Түріктер тарих сахнасына зор күрес жүргізу арқылы шыққаны мәлім. Түріктер сақтар мен ғұндардан бұрын өмір сүрген болуы да мүмкін. Негіз де жоқ емес. «Түрік және оның мұрагерлері» деген тарауында Зайыр Сәдібекұлы: «Түрік жұрты өсіп-өніп, заман оза келе Сақ, Массағет, Сармат деген үш үлкен ұлысқа бөлінген.

Сақтар б.з.д. VІ-VІІ ғасырларда Сібірде, Орталық Азияда, Тянь-Шань, Саян тауы, Еділ өзені, Каспий теңізі өңірлерінде көшпелі өмір салтын кешкен. Сақтардың солтүстік тобы түрік тілдес, ал оңтүстік тобы иран тілдес болды. Сақтар Иранмен көп жауласты. Атақты Рүстем батыр өзінің тегін «сақ» деп білген. Жетіліп өсе келе сақтардан ғұн, қаңлы, үйсін, соғда, хазар, қырғыз т.б. тайпалар құралып, жеке топталды.

Массағеттер Амудария, Сырдария, Арал өңірін мекендеді. Олар қыр сақтары «дербістермен» араласып, бір-біріне сіңді. Олардан бесене (пешене), кете деген ел пайда болды. Бесене (печенеги) батысқа ауып, оғыз-қыпшақ тайпаларымен араласып, одан Қарақалпақ халқы шықты. Кетелер қазақ халқы құрамына сіңді.

Сарматтар Жем, Жайық өзендері бойын мекендеп, иран тілдес ел болды. Олардың кейінгі ұрпағы аландар, мұрагерлері осетиндер», — деп жазады. Яғни, Сақ, Массағет, Сармат түрік жұртынан таралған мұрагерлер екенін айқындап береді.

 

 

 «Авеста» кітабында: «Тұр деп Түркі (Түрік) аталады. Түркінің әкесі атақты Феридун (Пиңлиаң). Ол үш ұлына жерді мекен етуге бөледі. Үлкені Салмаға Румды (Үрімді), ортаншысы Түркіге (Тұрға) Тұранды, кішісі Эраджемге Эраншахрды береді», — делінеді.

Қазақ шежірелерінде Түркінің әкесі Феридун және Түріктің үш ұлы Салма (Сельм), Түркі (Тұр), Эраджем (Эредис) екені «Шахнамада» келтіріледі. Яки, талай арғы аталардың есімдері ұмытылып, аталмай қалғандары аңғарылады. Қытайдың «Сүй кітабында» берілген деректе: «Түріктің арғы атасы Пиңлиаңда аралас-құралас хулардан (жабайылардан) еді. Оны «Ашына» деп атады. Вей патшалығын Тай-ву патшасы (424-451 ж.ж.) солтүстік Лиән патшалығының соңғы патшасы Жүйчүйді талқандаған соң, Ашына 500 үйлік жанды ертіп, жужанға қашып барып, Алтын (Боғды) тауды мекендеген», — делінеді. Фирдоусидің «Шаһнамасында»: «Феридун жүз жылдан аса патшалық құрған. Ол кенже ұлы Эраджем өлгенінде іште қалған қызды Жәмшидтің тұқымына ұзатады. Одан туған немересі Манучехр кәмелетке толғанында таққа мұрагер болады. Осы Манучехр атасы үшін кек алады. Феридунның төртінші буын ұрпағы Қуат (Кейқуат) патша», — деп жазылады. «Кей» — «патша» деген сөз. Кейқуаттың Афрасиабпен соғысқаны тарихтан әйгілі. Профессор Абылай Айдосов: «Түрік» сөзі 1500 жыл ішінде өз мәнін бірнеше рет өзгерткен. Мәселен V ғасырда кінәз Ашиннің айналасында топтасқан орда болған. Сонда «түрік» сөзінің өзі «күшті», «мықты» дегенді білдірген. «Ашин» — «қасқыр», «бөрі» деген көне түркі сөзі. Түріктер өзінің арғы тегін ғұн ханзадасы мен қаншық қасқырдан тараған деп есептейді. Сондықтан Түркі халықтары байрақтарына бөріні алтынмен әшекейлеп салуды салт қылған», — дейді.

Тюрколог, қытайтанушы Ю.А.Зуев «Ранние тюрки: очерки истории и идеологии» монографиясында: «Түркілер дәуірінде «ашинас» және «ашидақ» сынды екі хандық тұқым мемлекетті бірге басқарған. Түркі хандары «ашинастан» шықса, кеңесшілері «ашидақтан» шыққан», — деп жазады. 1932 жылы Тәжікстанның Захматаб ауданының Хайрабад қыстағындағы Қала-и Муғ қамалының жұқанасынан жібек матаға жазылған соғдыша құжаттар табылады. А.А.Фрейман аталмыш құжаттардың уақытын 722 жылға жатқызады. Сол құжат жазуында «хун» деген этнос атауы кезігеді. В.А.Ливщиц «хун» атауын «түріктер» деп аударыпты.

 

 Әбілғазы баҺадүр хан «Түрік шежіресінде» Алаша ханды Яфеттен таратып, Түріктің ұрпағы қылады. «Қазақ түбі» нұсқасында Мәшһүр Жүсіп Көпеев: «Түрік, одан Түтік, одан Еділше, одан Деббақайдың баласы Киік хан, одан Алаша (Алынша), одан Мағол мен Татар егіз туған», — деп жазады. Әбілғазы баһадүр хан Яфетті Жүсіп ұрпағы қылмай, арғы Нұқ пайғамбардан тікелей шығарады. Ол таратуы былай: «Яфет, одан Түрік, одан Түтік, ол асты отпен дайындап ішуді, оған тұз салуды көпке үйреткен дана, одан Елше, одан Деббақой — «деб» — «тақтың» төменгі жағы, «бақой» – «күшті, қуатты, елдің үлкені» деген мағына береді, одан Күйік, одан Абулжа (Алаша) хан. Абулжа сахарада отырықшы еді», — деп жазады. Абулжа хан тұсында, шаһарлар салынуына қарағанда, елдің отырықшы өмір салтына бет бұруы да мүмкін.

 Елі тастемір Мұхамммедзәріп Жабықбайұлының қолжазба шежіресінде: «Түріктен үш ұл тарайды. Олар: Елжан, Тану, Күйік, ал Күйік нәсілінен Алаш тарайды», — деп жазады.

 

Түріктер өзенді «хатунь» деп атапты. Алтай өлкесінде Хатунь атаулы өзен сақталып қалғаны бар. Алтай өлкесінде түріктер бөренеден қорған салып, оны «күрен» деп атапты. Бұндай атаулар Беларуссия жерінде де бар. Ал, қақаған қысқа арналған жылы орынды ағаш үйлерін «иси бина» депті. Жылы үйдің ішінде күйдірілген кірпіштен пеш салынып, төбесінен түтін шығатын тесік немесе терезе қалдырыпты. Ертеден теріден киім киіп, пісірілген тағамдар даярлай біліпті. Жас нәресте туғанында үш мәрте суық суға малып шомылдырып, егер өлмей тірі қалса, денсаулығы мықты болатынын біліпті. Қазақ халқының мүшел календары 1926 жылға дейін сақталып келгені белгілі. Әлі де ол календарь негізін ұстанып, мүшел деп жатады. Бұл бұрынғы көне түріктерден қалған ұлықтық болады. Бірінші мүшел 1-12 жас – жастық шақ, екінші мүшел 13-25 жас – жасөспірім, бозбала, үшінші мүшел 25-37 жас және төртінші мүшел 37-49 жас жетілген шақ, бесінші мүшел 49-61 жас – қартаяр шақ деп сол кезде аталыпты. Қызыр (Гесер) ата Тәңірдің жерге жіберген ұлы саналыпты. Расында Қызыр атаның образы барлық халықта сақталған. Түріктерді «жабайы», «ұнамсыз халық» қылып көрсетуді Бірінші Петрдің бұйрығымен патшалық Ресейдің тарихшысы А.Лызлов осыдан 300 жыл бұрын «жабайы көшпенділер», «қисапсыз татарлар» деп тарихқа жазыпты.

 

Қытайдың «Жыу» кітабындағы деректе: «Түріктердің тегі сиуңнулардың теріскейіндегі Со мемелекетінен шыққан. Оның тайпа көсемінің есімі Апанбу. Олар 70 ағайынды. Оның біреуі Ижынишуду (Нишуду) дегені қасқырдан туған. Нишиду екі әйел алып, төрт ұлы болған. Бір ұлы «ақ қазға» айналған. Бірі Чыгу (Теле) деген мемлекет құрады. Бірі Чужы суы бойын мекендесе, үлкен ұлы Жиәнсячужышы тауын мекендеп, Апанбу ұрпақтарымен бірге тұрып, оларды билеп, мемлекетін «Тужиө (Түрік үйі)» деп атаған. Есімі Надулиу-шы (Надулеше) еді. Тауда суық аяз болғандықтан ол от шығарып, жылтып елді құтқарады. Надулешенің он әйелінен он ұл баласы болды. Балаларына әйелдерінің есімін қойды. Ашина Надулешенің екінші әйелінің баласы. Надулеше өлгеннен кейін, он ұлдар арасында тартыс өтіп, Ашина «бәйтеректен ең жоғары секіргені үшін» әкесінің билік тағын иеленеді. Оны бауырлары «Асиән-шы» деп атайды», — деп жазады.

 

Башқұрт Бичуриннің «отец Иакинф» деген деректерінен алып, «Орда тарихы» атты еңбегінде Ш.Уәлиханов: «Бір қырғын соғыстан әбден қалжырап қалған ұлды қаншық қасқыр асырап, адам қылады. Сол адамның кіндігінен он ұл тарап, олардың үлкені Асаншы. Олар бір таудың қойнынан от шығарғандығына байланысты «түріктер» деп аталады. Түрік халқының тарихы содан басталады», — деп жазады.

 Шаһкерім Құдайбердіұлы: «Түріктің шын есімі – Надулеше, қарлы Алтын тауда қатты суық жүріп, от жаққан оймен біліп, елін сөйтіп суықтан сақтаған соң, оны Түрік деп хан көтерген патша қылып», — дейді.

 Түрік елінде бұрындары жоқ небір салт-дәстүрді қолданысқа енгізген. Қазақ фольклорында Түрік аңшы болған делінеді. Кейбір шежіреде Түріктің өзі мен аталары қазіргі Қырғызстандағы Ыстық көл маңайында өсіп-өнгені айтылады. Бүгінгі қолданыстағы түпкі тектің жиынтық атауы «түркі» сөзі тарих дерек көздерінде «тужио» «тһаракос», «апахтарк», «турукһа», «турук», «ту-кю», «тюркит», «түркі» деп жазылады. Бұл этникалық атаудың бәдізделген тасбітіктегі ғылыми дұрыс оқылуын бірінші рет «төрүк» деп қалпына келтірген руна жазуын танушы Тайжан Досанов. Этноним «түрік» сөзі VІ ғасырдан басталғанын ғалым этнографтар дәлелдеген. «Түрк» сөзі қазіргі қырғыз тілінде «ірі», «қонды», «семіз» деген мағынада сақталыпты. Жазушы Әкім Тарази: «Түрік деген сөз «тұрық» деген жуандау айтылатын сөздің сыпайы, жіңішкерген нұсқасы», — дейді. И.Н.Лезина мен А.В.Сперанскаяның еңбегінде жинақталған түркі тектес ру-тайпалар саны 12 мыңдай делінеді. Ш.Уәлиханов: «Өзбек хандығына дейін үш буын ұрпақты – мың, жүз және қырық буын ұрпақты әр елде ортақ атаумен – түрік, үкі, онқожа, жалайыр деп атады», — дейді.

 

«Оғызнама» тарихында ұлық Түрік туралы деректер жазылады. Онда ұлық Түрік көпті көрген көнекөз, Уыз ханның басты ақылшысы, айнымас серігі. Түс жорығыш, болашақты дұрыс болжаған көріпкел, көреген көсем, тауып сөйлейтін шешен деп айтылады. Уыз хан ұлық Түріктің берген кеңес, ақылдарын ешбірін қияс қалдырмайды. Ұлық Түріктің даналығымен Уыз хан елін басқарып, ұлғайған шағында сонын ақылымен тағын мұрагер балаларына, еншісімен бірге бөліп, бергені жазылады. Яғни, ұлық Түріктің данышпандығымен мұрагерлік басқару жүйесі іске ендірілген. Түрік есіміне «ұлық» деген атау танымның таңылуының өзі көп нәрсені аңғартып, осал адам болмағанын ұғындырады. Сонымен ұлық Түрік Уыз хан тұсында өмір сүргені белгілі. Қазақтың: «Керегеміз уық, ханымыз Уыз», — дейтіні де, сол ұлық Түріктен қалған сөз. «Оғызнама» дастанында: «Түрік атын көтерген бес тайпа ел бар. Олар: ұйғыр, қаңлы, қыпшақ, қалаш, қарлық»,  — делінеді.

 

Түріктен Түтік, ол 240 жыл өмір сүрген. Ақылды, дәулетті патша болып, асқа тұз салуды Түтік шығарыпты. Одан Еділше (Елше), ол билік тақта көп жылдар отырған екен. Одан Деббақой (Қой) елдің үлкені атанып, көп жыл патшалық құрып, дұшпанын жылатып, досын сүйіндіртіпті. Одан Киік (Күйік) әділ патша атаныпты. Одан Аланша (Абулджа). Осы Аланша мен Алаш атауын тарих әлі ажыратып, айырып берген жоқ. Аланшадан егіз ұлдар Татар мен Мағол тарайды. «Тукю» еңбегінде Н.Бичурин Татар мен Мағол Елше ханның ұлдары деп келтіреді. Аланша қартайған соң, иелік жері Түркістанды екі ұлына, Мағолға солтүстігін, Татарға шығысын бөліп беріпті.   

 

 

НҰХ  ПАЙҒАМБАРДЫҢ  НЕМЕРЕСІ  немесе  түрік терминінің этимологиясы  туралы

Табиғи-географиялық құрылымына  байланысты Азия құрлығы бес аймаққа бөлінеді: Алдыңғы, Оңтүстік, Оңтүстік-Шығыс, Шығыс және Орталық Азия. Осылардың ішінде Орталық Азия түрік тілдес этностардың ежелгі Отаны. Бұл аймақтың орналасуына байланысты  оны Орталық Азия деп атаған. Ол Еуропа мен Азия құрлығының түйіскен жерінде орналасқан.

Орталық Азия жеріне алғашқы адам­дардың бір миллион жылдар шамасында таралғанын археология ғылымы дәлелдеді. Осы аймақта автохтонды, яғни түрік тілдес этностардың бабалары мекендеген. Жергілікті тұрғындар адам баласының басы­нан өткерген  тас, қола, темір, орта­ғасыр және жаңа заман сияқты  тарихи кезеңдерде жасаған. Орталық Азияда осы тарихи дәуірлерге жататын археологиялық және сәулет ескерткіштері, тамаша жәдігерлер ашылды, оларды  жан-жақты зерттеп, түркі тілдес этностардың тарихына жаңалықтар енгізілді.

Археологиялық және жазба деректерге қарағанда, қола, темір дәуірлерінде Орта­лық Азияны мекендеген этностар ру-ру, тайпа болып, өзінің өсіп-өнген отанында жайғасып, оның байлығын кешенді пайдаланған, өздерінің алғашқы қоғамын дамытып, оның жоғарғы сатыларына эволюциялық жолмен ілгерілеп бара берген. «Б.з.б  І мың жылдықта Солтүстік Үндіс­танды, Ауғанстанды, Орталық Азияны және Қазақстанның оңтүстігін  қамтитын кең байтақ  аймақта жинақтап алғанда «сақ» деп аталатын  көптеген  тайпалар мекендеген. Геродот (б.з.б. Vғ.) сияқты және басқа да  ғұламалары оларды Азия скифтері деп атаған»  (1.Б.158).

Келтірілген сілтемеге көңіл аударсаңыз, осынша ұлан-байтақ кеңістікті мекендеген көп санды тайпалар жалпы «сақ» (скиф) деген ұғым болғанымен, олардың бастарын біріктіріп бір мемлекетке, әйтпесе, бір империяға айналдырарлық ұғым дәре­жесіне жетпеген.  Әр тайпа өз бетінше  өмір сүрген. Олардың ірілері, керек десеңіз, мемлекет пен империя құрған (ғұн және үйсін тайпалары). (І.Б.245-250).

Сонау Қара теңіздің  солтүстік жаға­лауынан Ұлы Қытай қорғанына дейінгі  ұлан-ғайыр жерді  ғұндар (хундар) мекен­деген. Олардың батыс жағын мекендеген  тайпаларды «ғұндар»   деп атаса, шығыс бөлігін «хұндар» деу кездескен (2.Б. 31-32). «Қытайдың ең алғашқы әйгілі тарихшысы Сы Машиан бұл шындықты жақсы білетін ғұлама. Ол хұн тарихын да осы тұрғыдан қарастырған. Хұн және Хунну атауларын «Империя тайпалары-император халқы»  деген сияқты кең мағынада  ұғынатын… Осы мың жыл ішінде Хұн мемлекеті бірде үлкейіп, бірде кішірейіп отырды. Кейде бөлініп, ыдырап кетті. Быт-шыты шығып, бастарын алып қашты, шалғай алыстарға кетіп қалды» (3.Б.73. І-к).

Осындай Ғұн (Хұн) тайпаларының өмірлерінде өзара бірлік бір қалыпта болмай, біресе күшейіп, біресе әлсіреп, бытырап, өзара бүліншілікке ұшыраған тарихи кездерді, Орталық Азия автохтон­дық этностары бастарынан өткеріп жатқан.  Өзара саяси, экономикалық  және мәдени бірліктің болмауынан Орталық Азия этностары жиі-жиі қиыншылыққа ұшыра­ған. Сондықтан халық арасынан ел бірлігін сақтауға айрықша көңіл бөлген Афрасиаб патша, Мете, ерте ортағасырдағы Бумын, Білге қаған, Шыңғысхан (Шығыстың ханы) және осылар  сияқты тарихи тұлғалар  шыққан. (2.Б.22-45)

 

Орталық Азия этностарын бірлестіруші тарихи тұлғалардың атқарған қызметтеріне белгілі шығыстанушы Л.Н.Гумилев. «Этот континент (Еуразия- У.Ш.) за исторически обозримый период  объединялся три раза. Сначала его объединили тюрки, создавшие кага­нат, который охватывал земли от Жел­того моря до  Черного. На смену тюркам пришли из Сибири монголы. Затем, после периода полного распада  и дезинтерации, инициативу взяла на себя Россия: с ХVв. русские двигались на восток и вышли к Тихому океану.  Новая держава выступила, таким образом «наследницей» Тюркского каганата и Монгольского улуса» (4.Б.291).

Ғұламаның еңбегінен алынған сілтемені сол күйінде қабылдауға болмайды. Өйт­кені, Л.Н.Гумилев Орталық  Азия этнос­тары­ның  бірігушілік тарихи процесін дұрыс көрсете алмаған. Бұл аймақтың рулары мен тайпалары, кейіннен халықтары саяси  бірліктің  қадірін ертеден  білген және оны іске асыру үшін үздіксіз күресіп келген.    Оның куәгерлері Афрасиаб, Мөте (Моде), Білге қаған және Шыңғысхан. Осы аталған тарихи  тұлғалар ел бірлігі   үшін күрескен және оның жемісін де көрген.  Олардың  ішінен Л.Н.Гумилев айтқандай, Түрік қағанаты құрылып, Орталық Азияда ұзақ жылдар бойы өмір сүрген.  «Түрік қағанаты» болғаны тарихи шындық. Шың­ғысхан құрған империя түріктердің саяси  құрамы, оның халқының 90 пайызы түрік­тер болған. Бұл империяны түрік этностары біріктіргенін естен шығаруға болмайды. Орталық Азияны ең соңғы бірлестіруші Ресей империясы  деудің өзі   шындыққа жатпайтын пікір. Көпшілікке мәлім, ХVғ. бастап Ресей Шығыс елдеріне қарсы отарлау саясатын жүргізіп, Тынық мұхитқа дейінгі жерлерді  жаулап алып, оның халық­тарын отарластырды.  Басып алған жер­лерде жүргізілген отарлау саясаты жергілікті халықты басқаруға, жерлерін бөлшектеуге мүкіндік берді. 1917 жылға дейін тек Орталық Азия жерінде Ресейдің бірнеше губерниялары пайда болды  және Бұхар әмірлігі мен Хиуа хандығы дербес өмір сүрді. Міне, осындай жағдайда бірігушілік болуы мүмкін бе?! Ресей империясында  түрік этностары бірікті деп айту шындыққа жанаспайды. Ресейдің Орталық Азия этностарын бірлестіруге күш салмағаны анық. Керісінше, «бөліп ал да, билей бер» деген тәсілмен оларды отарластыру және халықтар бірлігін бұзуға айрықша күш салғаны баршаға мәлім (2.Б.41).

 

Орталық Азияның автохтондық этнос­тары  бірнеше рет бірлесіп, мемлекеттер мен империялар құрған. Солардың бірегейі – Түрік қағанаты. Бұл қағанат Шығыстағы Сары теңізден Қара теңізге дейінгі  ұлан-ғайыр жерді мекендеген халықтар бірлестігі Ұлы Түрік империясы деп аталған. Біздің негізгі мақсатымыз – осы империя атауын­дағы  «түрік» терминінің этимология­сына қатысты өз пікірімізді білдіру. Өйткені,  бұл осы күнге дейін шешімін таба алмай келе жатқан мәселенің бірі. «Қазақстан тарихы­ның» І томында: «Әуелде «түрік» термині шонжарлардан  немесе әскери ақсүйектер­ден шыққандарды білдірген,  яғни таза әлеуметтік мәні болған деп топшыланады; кейіннен бұл сөздің семантикасы кеңейіп, үстемдік етуші  «патшалық» тайпаның және оған бағынышты  тайпалардың сим­волы болған; көршілері бұларды да түріктер деп атап кеткен». (І.Б.341).

Сілтемеде берілген «түрік» сөзінің этимо­логиясы туралы жалпы түсінік осы. Бұл терминнің қандай шонжарлар  мен ақсүйектерді айтатыны аталмаған.  Осы кездегі түрік тілдес халықтар тарихында ел басқарған тарихи тұлғалардың аттарына қосымша «түрік» сөзі қосылмаған. Сон­дық­тан, бұл пікірді негізге алудың қисыны келмейді.

Л.Н.Гумилев барлық өмірін түріктердің тарихын зерттеуге жұмсаған ғұламаның бірегейі. Ол «түрік» сөзіне көңіл бөлген: «языки, ныне называемые тюркскими сложились в глубокой древности, а народ «тюркитов» возник в конце Vв. вследствии этнического смешения в условиях лесос­тепного ландшафта, характерного для Алтая и его предгорий» (5.Б.25).

Ғалымның осы айтқан пікірі шындық. Орталық Азияны мекендеген автохтондық этностар осы аймақтың перзенттері екені барша оқырмандарға белгілі. Олар өздерінің  даму барысында бір-бірімен жақын кешенді араласып, өзара ортақ тілді, әдет-ғұрыптарды, жалпы заттай және рухани мәдениетті ежелден қалыптас­тырған. Олар бірлестікке айрықша көңіл бөліп, жергілікті этностарды біріктіруге көмектесетін бір атаумен атап, көп тайпалардан құрылған Орталық Азияның тұрғындары V ғасырда өздеріне «түрік» сөзін қабылдаған. Л.Н.Гумилевтың қоры­тындысы: «Нет никаких оснований сомне­ваться в общепринятом положении, что население Алтая в V и VІ вв. было тюр­коязычным» (5.Б.359).

Миллиондаған этностардың  ортақ  бір атауы  «түрік»  терминінің этимологиясы әлі күнге дейін шешілмей келеді. Біршама шығыстанушы ғалымдардың пікірлеріне  негізделіп, Л.Н.Гумилев «түрік» терминінің этимологиясы туралы былай дейді:  «сле­дует также отметить, что само слово «тюрк», согласно П.Пелио и А.Н.Кононову, значит «сильный, крепкий», что опять таки подчеркивает происхождение этнонима их политического термина VІ в. А.Н.Кононов пришел к этому выводу  в результате глубокого филологического исследования. Термины «тюрк» он разъясняет как соби­рательное имя, значение которого было понятно на большой территории и которое объединяло многие племена различного расового и этнического происхождения» (5.Б.359).

Бұл пікірді Л.Н.Гумилев өзінің бұрынғы жазған мысалы, «Древние тюрки» (1993) атты еңбегінде де  келтірген болатын. Бірақ Л.Н.Гумилевтің «түрік» сөзінің этимоло­гиясы туралы жазған бұл тұжырымының ғылыми жақтан  дәлелсіз екені байқалып тұр. Әлемді мекендеген адамдардың  жалпы саны 7 миллиардқа жақын. Олар бірнеше халықтарға, ұлттарға бөлінген. Осынша этникалық құрамалардың  ешқайсысы өздерін «әлсізбіз»  деп айтпайтыны анық. Олардың ішінен түрік халықтарын  «мықты, күшті» деудің қисыны келмейді. Бұндай екіұшты мәндегі терминді  бабаларымыздың өз халқына беруі екіталай. Керек десеңіз, олар өзінің перзенттеріне есім бергенде де, ойланып-толғанып, өздеріне ұнаған есімге тоқталған. Осынша көп санды этностарды біріктіретін «түрік» атауына да бабалары­мыз ойланып-толғанып тоқталған болар.

 

Ертедегі  орта ғасырда (ХІғ.) әйгілі түрік ғұламасы Махмұд Қашқари  өзінің «Түрік сөздігі» еңбегінде «түрік» сөзіне және оның этимологиясына тоқталған «Сахара­ның ұлы ғалымы, біртуар ойшылы, тіл зергері Махмұт Қашқари «Түрік тілдерінің жинағын» барлық түрік текті ұлыс, тайпаларды аралап жинап, зерттеп, талдап барып жазған. Күллі түрік елдерінің әде­биеті мен тілін  салыстырмалы түрде зерде­леп, түзіп шыққан алғашқы энциклопе­диялық кітап» (6.Б.4).

Ғұламаның осы еңбегінде «түрік» сөзіне және оның этимологиясына төмендегіше тоқталған: «Түрік;  Тәңірі жарылқаушы Нұқтың ұлының есімі.  Бұл Тәңірдің Нұқ­тың ұлы Түрік бабаларына берілген есімі. Оның әулеті де, «түрік» деп аталады… «Түрік» сөзі Нұқ ұлының есімі болып кел­генде, жеке бір кісіні білдіреді, Нұқ әулетінің есімі болып келгенде, «бешеч – бешер» сөз сияқты жалпылық мәнді, көптеген адам тобын білдіреді. Бұл жеке де, жалпы да мағынада да қолданылады. Мәселен:  «Рум» сөзі  Тәңірі жарылқаушы Ысқақтың ұлы Иусуға және Иусу ұлы Румге есім болған­дықтан, рум әулетінің де  есімі болып келеді. «Түрік» сөзі де осындай.

Ұлы тәңірі: «Менің бір тайпа қосыным бар, оларды «түрік» деп атадым, оларды күншығысқа орналастырдым. Бір ұлысқа ашуланып, назалансам түріктерді соларға қарсы саламын» депті.

Бұл жай олардың (түріктердің) басқа жұртқа қарағанда үстем екендігін көрсе­теді.  Сондықтан да Тәңірдің өзі оларға ат бер­ген, жер жүзінің ең биік, ыңғайлы, ең ауасы таза шұрайлы өлкеле­ріне орналас­тырған да, оларды «өз қосыным» деп санаған. Оның үстіне түріктер көркемдік, сүйкімділік, жарқын жүзділік, әдептілік, жүректілік, үлкендерді, қарияларды құрметтеу, сөзінде тұру, мәрттік, кішіктік және тағы да сондай сансыз көп мақтаулы қасиеттерге  ие.

Осы қасиеттер мына жырда да жырланған:

«Қашан көрсін оны түрік,

Айтар оған ел мұңы;

Соған тиер ұлылық,

Содан кейін үзілер!»

Түрік:  уақыт мағынасын білдіретін бір сөз. Бүкіл жеміс-жидектің пісіп жетілген, уылжып толысқан маусым­ның ортасы дегенді білдіреді:

үзімнің піскен уақыты; күн ортасы; жігіт жасына толған жігіт…» (6.Б.407-410).

 

Махмұт Қашқаридің «Түрік сөздігі»  кітабындағы «түрік» сөзі туралы жазғанын әдейі түгел келтірдік. Өйткені, ғұлама «түрік» сөзінің мағынасы мен этимологиясына  терең тоқталған. Оның сілтемеде  берілген «түрік»  сөзі туралы  жазғандарына қарағанда, Орталық Азияның автохтондық этностары өзара бірлестік үшін күресіп жатқан кезде, көп санды тайпалардың бастарын біріктіруге қолайлы есім (этникалық атау) қажет болған. Олардың талабына сәйкес келетін Нұқ пайғамбардың ұлының есімі Түрк (Түрік) терминіне тоқталған.

«Нұқ» (Інжілде – Ной) – христиан  дінінің пайғамбары,  Інжілде топан су туралы аңыздың кейіпкері…Құдай өзіне жаққан  тақуа Нұққа қайық жасап, оған өз семьясын, әрбір хайуанат пен жәндік тұқымынан бір ұрғашы, бір еркегін алуға әмір етеді. Осы қайықпен жүзіп, олар аман қалады. Күн ашылып, су тартылған соң Нұқ қайықтағы жануарлар мен жәндіктерді жер бетіне босатып жібереді, тіршілік атаулы солардан қайтадан өсіп-өніп, көбейе бастайды» (7.Б.414). «Ной родился по еврейскому тексту в 1056 году от С.М., а по Славянской библии в 1662г» (8.Б.20-21). Міне, осындай мазмұнда Нұқ пайғамбар туралы аңыз әлемге жайылған. Солай болса да, Нұқ тарихта есімі қалған, шынайы жасаған қасиетті адам болғанға ұқсайды. Нұқтың Түрік есімді ұлының болғаны туралы М.Қашқаридан үзінді келтірдік.

V ғасырда Орталық Азияны мекендеген этностардың арасында  бірігу процестері жүрген. Біріктіру саясатын басқарған тарихи тұлғалар өзара келісіп, осы «түрік» терминін қабылдаған.   Біріншіден, «Түрік» сөзі қасиетті Нұқ пайғамбардың ұлының есімі болғандықтан, екінші­ден, бытыраңқылықта жасап, өзара қырғи-қабақ  болып жүрген Орталық Азия этностарын  біріктіріп, құдыретті кемеліне келген Түрік қағанатын құруда бұл термин үлкен мәнге ие болған. Осы тұрғыдан қарағанда Махмұд Қаш­қаридің «түрік» сөзінің жалпы Орталық Азия  этностарына берілген ортақ атауы деген тұжырымын қолдаймыз.

 

Өткен ғасырдағы қазақ халқының ғұламаларының бірегейі Шәкәрім Құдайбердіұлы «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» атты кітабында «түрік» сөзінің этимо­логиясына айрықша тоқталған. Белгілі шығыстанушы М.Мырзахметов  бұл еңбектің ерекшелігіне тоқтала  келіп: «Ал Шәкәрім кітабы нақтылығымен, ғылыми негізде жүйеленуімен жалпы түркі елдерінің ата тегін, түп төркінін  қамти отырып, негізінен қазақ  халқының шежіресіне баса назар аударғанымен ерекшеленеді» деді (9. Б.5).

Осындай құнды еңбекті жазуда Ш.Құдайбердіұлы  араб, парсы, қытай және орыс тілдеріндегі деректерді жинап, оларды ой елегінен өткізгені анық. Шәкәрім өз  еңбегінде «түрік» сөзіне тоқталып, оны Нұқ пайғамбармен байланыс­тырады: «Осы күнгі барша адам балалары сол Нұқтың үш баласы: «Сам, Хам, Яфастың нәсілі… біздің түрік  нәсілі Яфас нәсілінен…» (9.Б.7). Осылардың ең соң­ғысы Яфастың сегіз баласы болған. Олардың арасындағы тұңғышы Түрік деген атпен белгілі. Ол Нұқтың немересі. Солай болса, Орталық Азияны мекендеген  бір тілдес этностар осы түрік сөзін қабылдап, өздерінің жалпы есімі етіп алған. Ш.Құдайбердіұлының  пікірі Махмұд Қашқа­ридың айтқа­нымен үндес.  Айырмасы, тек, М.Қашқари «түрік» сөзі Нұқ пайғамбардың баласы десе, Ш.Құдайберді  оның немересі екенін айтады. Жалпы алғанда, «түрік» Нұқ пайғамбардың ұрпақтары екенінде дау жоқ.

 

«Түрік»  этнонимін  алғаш рет атауы қытай жылнама­ла­рында кездеседі және ол 542 жылға жатады. Қытай­лықтар түріктерді сюннюлердің (ғұндардың)  ұрпақтары деп санаған (І.Б.296). Бытырап кеткен Орталық Азия этностарын қайтадан бірлестіру  VІ ғасырда Бумын қаған уақытында басталып, өзінің қол астындағы этностарды түріктер  деп атаған. 603 жылы Орталық  Азия тұрғындары  екіге: Шығыс және Батыс  түрік қағанатына бөлінген. Бұл қағанаттардың шарықтап дамып, Ұлы Түрік қағанаты аталып, Шығыста Сары өзеннен Қара теңізге дейінгі жер­лерді билеп тұрған кезде Білге  қаған (683-734) басқарған. Ал Шығыс Түрік қағанатының он жетінші қағаны – Қаптаған қағанның баласы. 716 жылы ол қаған болып,  Ұлы Түрік қағанатын құрып, оны 50 жылдан астам уақыт басқарады. Білге қаған халқына сүйеніп, сеніп,  игілікті бағалай білетін  және өзінің халқына шексіз сенетіндігін төмендегідей тұжырымдаған: «Ей, Түрік! Жоғарыда аспан құламай, төмендегі жер тесілмей, сенің мемлекетіңді, әдетіңді кім жоя алады?!» (10.Б.7).

Ежелден түріктер халықтың, елдің қадірін жақсы білген және елін бірлікте сақтау үшін тарихи тұлғалар бар күшін, ақыл-ойын аямаған. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген қасиетті сезім халқымыздың сүйегіне сіңіп кеткен.  Осын­дай қастерлі ұстанымның арқасында бір тектес Орталық Азия   халықтарын  біріктіруде «түрік» терминін қабылдаған. Орта­лық Азияны сонау Қара теңізге дейінгі  ұланғайыр жерді мекендеген  бір текті этностар өздерін «түрік халқы­мыз» деп атаған. «Түрік» термині уақытты білдірген жалпы мәнге де ие: «Кемеліне келген ел» деген ұғымды білдіреді.  Бұл этностардың жалпы атауы болуымен қатар, оның даму дәре­жесін де білдірген.  Білге қаған басқарған құдыретті түрік империясы, яғни өсіп, өніп жетілген  Түрік елі екенін білдірген.