Бүгінгі парақта Қазақ жерінің ірі тұлғаларының бірі, батыр (Кенесары ханның кегін алушы),  болыс, Жетісу өңірі мен Ақсу елінің «рухына тағзым етер бабалары» қатарындағы ТӘНЕКЕ ДӨСЕТҰЛЫ туралы мол мағлұматтар беретін Жемісбек Толымбековтың «Таласпас Тәнекенің жан бағына...» атты көлемді  мақаласы беріліп отыр.

Сонымен бірге,  сайтымда бұрынырақ жарияланған, осы мақаланы толықтыратын   «Тәнеке батыр мазары» деген  мақала  және  Әділбек Ыбырайымұлының «Кене ханның кегі" атты әдеби шығармасымен де мына сілтемелер арқылы танысуларыңызға болады: http://bit.ly/2SnAAQ7және  http://bit.ly/2DPSwek.

 

Таласпас Тәнекенің жан бағына...

(Деректі мақала)

Жемісбек ТОЛЫМБЕКОВ

 

Тәнеке Досетұлы (1807—1884 ж.ж.)


 

ТӘНЕКЕ ДӨСЕТҰЛЫ туралы «Тәнеке батыр», Алматы, Сәбит Дүйсебаевтың 2002 жылы шыққан кітабы бар. Бастамаға қанағат. Өтепберген Ақыпбекұлы «Қара қылды қақ жарған» монографиясы (2006 ж.), Баянды Құсмолдин, Жұмабек Есімбекұлы (1886–1972 ж.ж.), Ешмұхамбет Берлікенов, Құлынжы болысының қазағы 85 жастағы Байсымақ, Шыңғыс болысының қазағы Ережеп Нақаев, Сүлеймен би шежірелерінен.

 Жарылқамыстан Жалаң. Ынжық өседі. Аталас ағалары Көлдей мен Жұмай батырлар арқасында жақсы әйел алады. Есімі Ақтолыс. Сыр жеріндегі Айқожаның қызы. Жалаңның кіндігінен Асан. Асанның бәйбішесі Қаптағайдан алты ұл. Тоқалы Кенжеден үш ұл. «Алты Асан» деп аталғанымен, олар тоғыз. Асан атасы Айқожаның қайырым батасын алған. Асанның кіндігінен бақыт, дәулет бірдей қонған Сары.

 Сары Әз Тәуке ханның елшілік қызметінде істеген. Тройцск қаласында, орыс тұтқынында 1693 жылы өмірден озады. Сарының кіндігінен Бөрібай батыр. Әкесі өмірден өткенде іште қалған бала екен. 1694—1756 жылдары өмір сүрген. Есімі Үш Матай елінің ұранына айналған. Жетісу облысының генерал-губернаторының көмекшісі Н.Н.Пантусов: «Бөрібай» деп ұрандаса болды, бүкіл ел дүрлігіп, жиылып, бірігіп шығады. Бөрібайдың анасы сәуегей екен. Ұзақ мерзім ұл бала көтермей жүреді. Бір күні түс көреді. Түсінде: «Бөрі арланының бауыры мен етін же! Сонда ұлды боласың! Баланың есімін «Бөрібай» деп қой! Бөрі арланындай (господин волков) қаһарлы «батыр», еліңе «мырза» болады», — деген Қызыр ата аян береді. Бөрібайдың анасы түсінде көргенін толық орындаған», — деп жазады. Жазбасы Ресей географиялық қоғамында хатталыпты.

 Қыдыралы Қожан ата: «Бөрібай батырдың сүйегін былғары табытқа салып, Түркістан шаһарына қойған», — деп деректейді. «Қазақ әдебиеті» газеті, 11 маусым, 1999 жыл, «Қазақтың рухы жаңғырды» мақалада: «Ахмет Ясауи кесенесінде сақталған 82 адамның басына қойылған құлпытастың № 45 санында «Матай Бөрібай батыр 1694—1756-60 жылдар» деп тізімде көрсетілген», — делінген. Бөрібай батырдың қайтыс болған жылдары екі мәрте даталанған. Салдары алдымен Телі көлі маңына «аманат» қойылып, сосоң Ахмет Ясауи кесенесіне 1760 жылы нақты жерленген.

Бөрібайдан Қыдыралы би. Шежіре кестесінің «Примечания» деген қосымшасында Мұхамеджан Тынышбаев: «Кыдыралы би умер в 1807 году около Саратовки Лепсинского уезда», — деп жазады. Қыдыралы би Есбике, Таңсық, Ендіғой есімді үш әйел алған. Қыдыралыдан 22 ұл тарайды. Он бірі өз кіндігінен. Қалған он бірін бауырына басқан. «Бөлуші болмаңдер» деп серттеген. Таңсық әйелінен бес ұл. Бірі Досет (Дос би). Қызылағаш телінде жерленген. Қорғаны әлі бар. Қорғанды Н.Пантусов 1890 жылы археологиялық зерттеген. Қазақтың жүз томдық ауыз әдебиеті кітабы «Бабалар сөзінде»:

    «Мұның (Қыдыралы) ұлы Дос би мыңды айдаған,

    Билегені бұ кісінің үш бу Найман» — деп өлеңмен бағаланады.

 

  (1694—1756)

   

*       *       *

Досеттен үш ұл. Көзқұмар әйелінен Тәнеке туған. Бұйрық №193, 1845 жыл, 28 қыркүйек «Пограничное управление Сибирскими казахами» журналында Тәнекенің сойы (фамилиясы) «Досов», туған ағасы Қалқабайдың сойы «Досетов» деп жазылған. 

Ел іші кеніш. Елге таралғаннан. Тәнеке лақап аты. Үй-іші: «Дәнекер, Дәнекер», — деп жүріп, ақыры «Тәнеке» деп атап кетеді. Құлағына азандап қойған есімі Нұралы. Нұралы жеті жасқа дейін нәзік, мешел болып өседі. Елі Өтебай, Тезекбайұлы Алдай бақсыға көрсетеді. Алдай бақсы:

«Әй, Алла, бізге нең қалды,

Дөсеттің жұдырықтай баласына,

Басты да, абыройды да, дәулетті де,

Беруін қарашы!

Соны көтере алмай жатқанын қарашы,

Бізге нең қалды, Алла, Алла!

Дөсеттің үміті мен тірегіне көмек бер,

Демеуші бол, уа аруақ!» — деп қобыз ойнап емдейді. Бала сауығады. Жүз жас жасаған, елі Өтебай, Ажар апа: «Тәнекені бала кезінде Алдай атам емдеген», — деп айтқан еді. «Родословные таблицы к генеологий киргиз-казакских родов», Ташкент, 1925 жыл, шежіресінде Мұхамеджан Тынышбаев: «Тәнеке Арғанаты тауының шығыс баурайы Тасқорада 1807 жылы туған», — деп жазады.

Ақын Ахмет Кендірбекұлы:

«Тасқорада туған Тәнеке батыр,

Тұқымы текті тым арыдан.

Қыдыралы биден қыдыр дарыған,

Тәнеке батыр – есімің сенің әлі ұран.

 Аруағың баба қысқанда мені,

 Қара бурадай шабынам,

 Ерлігіңді сағынам.

 Піссіміллә, Піссіміллә, Піссіміллә!»,— деп толғайды.

 

«Өлке» баспасынан 2007 жылы шыққан, «Патшадан шен-шекпен алған қазақтар» кітабында Қалмұхан Исабай: «Тәнеке батыр 1810 жылы туған», — деп жазады. Қалмұхан Исабай марапаттар берілген құжатта солай жазылғанын келтірген. Мәскеу архивінен тапқан дерегінде Болатбек Нәсенов: «Тәнеке батыр 1806 жылы туған», — деп жазады. «История Казахстана в русских источниках XVI–XX веков». Т.VIII. Ч.1 кітабында Николай Михайлович Изразцов: «Танеке Дюсетов (1806/1807–1884 г.г.) – влиятельный и богатый батыр и би рода Каптагай, племени Найман, Среднего жуза», — деп жазады. Тәнеке батыр 77 жас жасапты. Тәнеке батыр құлпытасындағы «1798 – 1868 ж.ж.» деп жазылғаны қате. Жекен Қалиев бастаған тумалары Тәнеке батырдың қасиеттерін ұқтыратын белгіні нышан ретінде асыл тасқа ойдырып, 2002 жылы зират алдына орнатты.

 

                                                                           *       *       *

«Жайдары күн жаз шыққан, он бесінде ел билеп, Тәнекедей жас шыққан» немесе «Қайрай, қайрай қайрақты, он бесінде ел билеп, Тәнеке шыққан қайратты», — деген өлең жолдары ел ішіне жайылған. Сәбит Дүйсебаевтың «Тәнеке батыр» кітабынан Тәнеке бала би  атанғаны аңғарылады. Ақын Мұқаш Байбатыров өлең шежіресінде:

  «Тәнеке он бесінде билік айтып,

  Қарашы бақытының артуына», — дейді. Халық аузынан Мұхаметәлі Қазбанбетов: «Қайрақты қайрай-қайрай таты шықты, он бесінде ел билеп, Тәнекенің аты шықты», — деп жазады. Дүние жүзі қазақ қандастары «Кенесары ханның кегін қайтарған Ер Тәнеке» мақаласында Сымбат Демесінова: «Ұлттық код дегеніміз — қай заманда болсын, ұлтының, халқының, ханының намысын таптатпаған батырларды ұлықтайтын рух. Ұлықтауға тұрарлық Алаш азаматтарының бірі 15-інде ел билеген Тәнеке» — деп жазады.

Тәнеке 1822 жылдан билік іске араласқан. Мұрағат дерегінен алған Болатбек Нәсенов: «Аякөз округі. Бұйрық № 872. 15 наурыз, 1851 жыл. Тәнеке Досетұлы – би, Кенже-Қаптағай, Матай болысы, Қаптағай руы, Бөрібай бөлімшесі», — деп көрсетеді. Гүлжан Мұқатайқызының сұранысымен Алматы мұрағатынан алынған деректе: «Тәнеке – би. 44 жаста», — делінеді. Тәнеке — батыр, би, ел қамқоры, управитель болғаны туралы «ҚР мемлекеттік мұрағат қоры  № 44 тізім №1, іс № 29145, бума № 9» сақталған. Бұл деректер Тәнекенің би болғанын растайды.

«Ер Қаптағай» мақаласында Райыс қажы Әріпжанұлы: «Матайлар Жоңғармен шабысып, осы өрде жеңіске жетеді. Жорықпен келген Жоңғар әскеріне тойтарыс беріп, кері қуады. Содан «Матай тауы» деп аталады», — деп жазады. Заң қызметкері болған Берлікенов Ешмұхамбет: «Барлыбай атам дерегінде Алтынемел тұсындағы Матай тауында 1600 жылдары Матайлар тұрған. Содан «Матай тауы» деп аталған. Матайлардан «Матай» тауын Қызай елі қалап алған», — дейді. Ел іші өлеңде: «Қоныстанған бұрындар Матай елі, мақтаған бөлек жерден осы өрді», — делінеді.

 

Кенен Әзірбаев естелігі. «Матай» тауы үшін Жалайыр мен Найман шабысады. Екі жақтан кісі өлімі болады. Ақыры іс билікке түседі. Матай Байқоңыр бидің қызын алған Тезек төре екі жақты татуластыруға кіріседі. Найманның бас биі Тәнеке Арғыннан Құсбек төре мен Құнанбайға сүйенеді. Әли төре дауға өзі бармай, Дулат Кебекбай мен Ысты Бөлтірік шешенді жібереді. Тәнеке батыр бастағандар Қоянкөздің арғы жағына тоқтайды. Қоянкөздің бергі жағына Ұлы жүз адамдары орнығады. Бұл дауда алдын-ала «сөйтсеңдер дұрыс» деп, айланы тапқан Кебекбай шешен, іске асырған Бөлтірік шешен, төрелігін дәл айтқан Әли төре болады. Матайлар «Матай тауы» үшін билікке салған Құнанбай би Үйсін Бөлтірік шешеннен сөзден емес, айладан жеңіледі. Құнанбайдан сөзден ұтыла бастаған Бөлтірік шешен: «Матай тауы Орта жүз иелігі болса? Мынау жатқан тас үйінді, қай атаңның мүрдесі? Кәні, атын атап, жөнін жөндеп, жауап бер?», — дейді. Бәлен атамдікі деп, жауап бере алмайды. Сөйтсе, ол жерленген Алақай есімді Жалайыр елінің емші кемпірі екен. Босаған жерге Құлжабай Тезек төреден жер сұрауымен Жалайыр-Ақбұйымдар орнығады. Матай тауының жазығына, Тезек төренің рұқсатымен «Ұлы жүздің бір атасы едік» деп Қаңлылар орнығады.

 

*       *       *

 Тәнеке батырды Шоқан Уәлиханов: «Үлкен мұрын, шүңірек көз, шудалы төс, жирен сақал. Денесін жабайы адамдікіндей сары жүн басқан, өзі шексіз мығым», — деп күнделігінде жазған. Шыққан ататегі Матай, Аталық, Әйтек, Маралбайұлы Шалматай тілмар: «Қаптағай Тәнеке деуші еді. Түріне қарап тайсалдым», — деуінен Тәнеке батыр мысы басатын жан болған.

«Қазақтың би-шешендері», «Жалын» баспасы, Алматы, 1993 жыл, кітабынан.Күреңбелде жиналған жұрт көзінше, елі Дулат, Кебекбай шешен (1821—1906 ж.ж.) : «Тәнеке деген бек. Найманнан шыққан бір сұңқар. Сөзі еп. Төрелермен тіресіп, көп алдында дық салған», — депті.

 Қуатбеков Дәуіт дерегі. Матай-Аталық Шиырбай шешеннен елі Жалайыр-Сиыршы Ескелді уәзір: «Тәнеке қандай адам?» — деп сұрайды. Шиырбай шешен: «Көргенін айтпайды. Алғанын бермейді!», — деп жауап береді. Ескелді уәзір: «Пах, шіркін,  нағыз жуан, шоңжар екен!» — депті.

 

Тәнеке батырдан Нұғыман, одан Садуақас тараған. Нұғыманұлы Садуақас: «Тәнеке батыр денелі, түсі суық, шұбар, келбетсіздеу, ожар кісі болған. Аруағы қасиетті, шапағатты. Зиратына түнеп, тілеу тілеген кісілерге аян берген. Зираты тұсынан көліктерінен түсіп, жаяу өткен. Атам түсіме кіретін еді», — дейді. Көрген бір түсін Садуақас ата: «Шаршап, шалдығып жүргем. Атамның рухына сыйнып, ұйықтап кеттім. Түсімде қасымда бір жылқы тұр. Атам: — Ал, әкем, ал! — дейді. Пора-пора тер басып ояндым. Жаяу Діңгек ауылы кеңсесіне бір қағазға бола барғанмын. Қайтар жолда шідерлі бір жылқы кез болды. Түсімдегі атамның айтқаны «осы жылқы болар» деп ұстап, шідерін шешіп, ноқталап, жайдақ мініп кеттім. Бірнеше күн өтті. Жылқы іздеген ешкім болмады. Әлгі жылқы жүйрік шықты. Той бәйгесінде жүлдеден құр қалмады. Сол жылқының арқасында тұрмысым оңалды. Бұл 1952 жыл еді. Сенсең сен, сенбесең ... өзің біл», — деп баяндаған еді. Тәнеке батырдың шапаны Садуақасұлы Бидахметтің (Бидаш) шаңырағында сақталды. Кісесі, жайнамазы, құраны Нұғыманұлы Садуақас атаның отауында сақталып, одан 1968 жылы оның ұрпақтарына көшті. Кісесінің киесінен Қыдыралы жұрағаттары дерттерінен жазылған. Жұмабек, Әниза, Тәңірберген елірме ауруларынан айыққан. Шекпені Уәш апа сақтауында болды. Тәнеке батырдың жылқының жал-құйрық қылынан жасалған, басында кішкене жарқыраған күміс жамбысы бар, ақ туы да болыпты.

 

*       *        *

 Шоқан Уәлихановпен Тәнеке батыр Қапал-Арасанда бір-бірін біліседі. Арасанда бір түн бірге болады. Күнделігінде Шоқан Уәлиханов: «Встретился с знаменитым батыром казахов Танеке в  Арасане. Ночевали», — деп жазады. Тәнекені Шоқан Уәлиханов «атақты батыр» деп бағалайды. Екеу ара сенім орнайды. Шоқан Уәлихановты Тәнеке батыр екі мәрте ажалдан құтқарады. Журналист Сейдеш Мұхаметшин: «Тәнеке батыр Шоқан Уәлихановты «шоқынды төре» деген қазақтардың өлтірмек жазалауынан құтқарады. Аякөзден Қапалға бармақ Шоқанды қарақшылар Сорқора-Шағанда тосқауылдап тосады. Шоқанды Тәнеке батыр тау бөктерлері арқылы діттеген жеріне аман жеткізеді», — деп жазады. Тәнеке батыр Шоқан Уәлихановтың амандығын бақылауында ұстағанын Әнуарбек Әуелбек: «Шоқан экспедициясын Қашқарияға жеткізу үшін осы маңның жер жағдайын жақсы білетін, әрі кездейсоқ болатын қауіп-қатерден қорғай алар ержүрек батыр керек болды. Жетісу өңіріндегі сенім білдіруге болатын мұндай адам – Тәнеке батыр еді. Шоқан Тәнекеге сенген», — деп жазады.

 

  «Батыр бабам – рухы биік данасың!» мақаласында Мұхаметәлі Қазбанбетов: «Тәнеке беделінің орыс үкіметі алдындағы биіктігі Ш.Уәлихановтың Қашқария сапарына байланысты. Шоқанның бұл сапарының мақсаты құпия ұсталды. Оның жол бойы жергілікті ең беделді әрі сенімді адамдар арқылы ғана алға жылжуы керек болды. Осы мақсатта Жетісу жерінде Тәнекенің көмегі пайдаланылған. Тәнеке батыр өз сарбаздарымен Шоқанның керуенін  Қашқар қақпасына дейін жеткізеді. Қырғыздың таулы өлкелерімен Жантай алып жүреді. Олардың көмегінсіз Шоқан  өз миссиясын толық аяқтай алмас еді. Бұл сапардың аса құпия түрде ұйымдастырылуына байланысты да Тәнекенің есімі еш жерде айтылмаған», — деп жазады. Шоқанның атасы Көшен төре мен Тәнеке батыр ақылман істермен аралас болған. Ол туралы Көшен төреге: «Тәнеке, Көшен  атанып, бастарыңа бақ қонған», — деп айтылған «Жоқтаудан» байқалады.

 

 Тәнеке батыр Шоқанды генерал Черняев экспедициясынан құтқарады. Екі жүз жауынгермен келген Тәнеке батыр, Сауран қаласының маңайында, Черняев экспедициясындағы Шоқанмен кезігеді. Халида Есенқұлқызы дерегіне сүйеніп, Тәнеке батырдың Черняев отрядына қарсы шықпақ әрекетін Медет  Еженұлы Маманов: «Күш тең емес. Омбыдағы Батыс Сібір губернаторы мен Санкт-Петербургтегі ақ патшаға хат жазайық», — деп Шоқан басқан дейді. 1864 жылы Черняев экспедициясынан аман алып шыққан Шоқанды Тәнеке батыр ақылман досы Көшен төреге жеткізеді.

 

*       *        *

 Мұрағат қызметкері болған Ғабит Зұлхаров дерегі: «1831–1846 жылдарда үш Матай елі орысқа бағынбай арпалысады. 1831 жылы Тәнеке, Тастанбек, Байқұтан бас болған ел Сарт Өшінұлын емес, Сыбанқұл Ханқожаұлын қолдайды. Сарт Өшінұлы орысқа қарамағандарды ыдыратып, таратуға әрекет қылады. Содан Тәнеке, Тастанбек, Байқұтан бас болған елімен Қытайға қарасты Бексұлтан төре қарамағына барады. Бексұлтан төре орысқа қарағанда, Тәнеке мен Тастанбек батырлар елімен Бексұлтан төреден бөлініп, Лепсі, Ақсу өзендері бойы, Қараталға жетеді. Шапыраштыларды Қапал өңірінен Ілеге қарай ығыстырады». Шежіре тізбесінің «примечаниясында» Мұхаметжан Тынышбаев: «1835—1840 жылдары Тәнеке батыр Шапырашты елін Қапалдан қуады», — деп жазады. «Жетісуым – жеті құтым, ырысым» кітабында Үміткен Сүйіншіқызы:«Шапыраштылар Найманнан үркіп, Қаратал мен Іледен өтіп кеткен», — деп растайды.

 

 Тарих. 1838 жылы алым-салық жинап әмбе  Матай болысын құруға заседатель Крайкинмен бірге Медведев отряды шығады. Тәнеке мен Тастанбек бастаған үш Матай елі орысқа қараудан ығып, Қоқанды пана тұтып, солай көшеді. Бұл кезде Орта жүздің Матайдан басқа рулары орысқа қол қойып, бағынып, қараған еді. Матайлар «аузы түкті кәуір алған соң малында билік, басында ерік болмайды» деген түсінікпен орысқа қарамаған. Қаратал мен Көксу өзендері аралығына жиналған төрт мың Матайды заседатель Крайкин Медведев отрядымен зеңбірек атып, үркітіп таратады. Ол туралы Шалматайтегі Базарбай ақынның: «Әри-айдай. Шыдатпады кәпірдің зеңбірегі», — деген өлеңі халық ішіне таралған. Осыдан Матайлар екіге бөлінеді. Бірін Тастанбек батыр, бірін Тәнеке батыр басқарады. Тәнеке мен Байқұтан елді бастап, Тойшыбек би қонысына апарады. Қоқан ханына екі жақ алпыс қара ат тарту-таралғы жасаған соң, жақсы қарсы алады. Қоқан ханы «көшіп келген жерлеріңді мекендеп, тату тұрыңдар» дейді. Қалқабайға қодастың құйрығынан жасалған ту, ал Тастанбекке бағалы сый тарту береді.

 Қоқан хандығының құрамындағы Ұлы жүз рулары Матайды «ауып келді» деп бата ториды. Барымта жасап, кісі өлімі болады. Қақтығыста Саурық батырдың баласы Ыстанбек қаза табады. Ұлы жүз рулары Қоқан ханына Матайлар үстінен жиі шағымданады. Матайлар Қоқан ханына баруға батпайды. Матайлар келген қонысына кері қайтуды ойласады. Матайлардың қобалжуын білген Қоқан ханы олардан жылқы, түйе, қой-ешкі, қыздарын олжалап алып қалу үшін, атақты Рүстемге ерік береді. Іленің солтүстік бойында «Үйсін-Найман» ұрысы өтеді. Тәнеке батырға ергендер Ботбай Тойшыбек биге қонсы барып, Іленің сол жағы, құм, Балқаш көлін жағалап, Қаратал өзені оң жақ бойымен Балықты, Тегерезге 1839 жылы маусымда жетеді.

 1839 жылы көктемде Рүстем төре Қаратал өңіріне қарай шаншылып босқан Матайлардың малдарын талайды. Бала-шаға, шал-кемпір, қыз-жігіт, бас көтергендерін Балақырған, Ақешкі, Дауылбайда қырады. Құлшан Тастанбек батыр бастаған босқын ел Тышқан-Бұрқан ұзын суының бойындағы Рүстем төреге жақын барып қонады. Тастанбек батырдың қасына қосшы болып Күржұман, Бектас батыр, Сейіл мырза, Қасымәлі, Шоқай, Бартай еріп, Рүстем төре ішінен «құдай берді» деп шақырған соң, отауына қонаққа барады. Төртсары Естемес батыр екі кісі серігімен келеді. Рүстем төре ас-дәм дастархан үстінде бәрін қапыда тұтқындайды. Соққыға жығады. Сегізін темір шынжырмен көгендеп, ат құйрығына байлап сүйретіп, езгімен үстілерінен жылқы айдатып, иттік өліммен өлтіреді. Түн уағында тоғызыншы Күржұман Үлпер қыздың көмегімен, жарақатына қарамай, Аю сайына қашады. Дөңбекке мініп, Тышқан-Бұрқан өзен суымен жүзіп, еліне жетеді. Болған оқиғаны хабардар етеді.

 Естемес батырды Рүстем әбден қинайды. Соңында нысанаға қойып атады. Қорылдап жерде жатқанында қанжарымен күре тамырын орады. Екі алақанымен қанын уыстап ішеді. Ақын Сарамен айтысында Төребай ақын: «Рүстем төреден Естеместің кегін алған, айтпадың Садыр-Найман Манақбайды», — деп деректейді. Бұл оқиғаны баяндайтын Ілияс Жансүгірұлының 1926 жылы жазған «Рүстем қырғыны» поэмасы және Тұрысбекұлы Құдайбергеннің Қалқабай мен Күржұман шалдың аузынан болған оқиғаны жазып, 1924 жылы 19 қарашада Ілияс Жансүгіровке жіберген қолжазбасы бар. Оба қорым «Найман сүйек» деп аталады. Алғашында, қан ішкен жер болғандықтан «Найман қаны» деп аталған. Оқиғадан кейін дау өрістейді. Билік Батыс Сібір генерал-губернаторы құзырына тиеді. Генерал-губернатор шешімімен Матайларға Қаратал өзенінен ары өтуге рұқсат етілмейді.

 Матайлар 1839 жылы маусымның 20-да Иса Сайытұлы, Жәңгір Шаңқайұлы төрелер арқылы орысқа бағынуға, заседатель Крайкинге (Крапикин) Матай елін Аягөз округіне қосып, «болыс» жасауды, бұрынғы қонысына қайта қонуына рұқсат етуді сұрайды. Жоғарғы басшылықтан отряд басшыларына берілген инструкцияларда Матай елі Ақсу, Лепсі өзендері қойнауы мен Тарбағатай тауының етегіне дейінгі жерлерді мекен етуге «рұқсат» делінген. Қаратал өзені мен Тарбағатай тауынан асуға рұқсат етілмепті.

 

*       *        *

 1840 жылы Рүстем шекаралас Орта жүзге бірнеше рет барымта жасайды. Ел іші өлеңде:  

«Бір күні Найман жақты шақырады,

Қастығын қалтарысқа жасырады.

Тай сойып, қонағына қой орнына,

Қулықпен сый-сияпатын асырады.

Қонағы жиырма неше адам екен,

Ұйқыдағының түгел басын алды.

Адамын атқа мінер қырып тастап,

Матайды әскеріне шаптырады», — делінеді.

 

Жазбаларында А.К.Гейнс: «1840 жылы Үлкен орда сұлтаны Рүстем Әбілпейісов шекаралас Орта жүзге бірнеше рет барымта жасап, көп малды айдап кеткен. Іс насырға шауып, есептесер шақ келгенде, Рүстем айыбын төлемек болады. Орта жүздің алты биі бастаған адамдарды келісімге шақырады. Солардың ішінен Тәнеке ғана құтылады. Қалғанын өлтіреді. Осыдан бастап ол үлкен орданы, әсіресе Рүстем сұлтанға қараған елді ойрандай бастады», — деп жазады.

 Жоғарғы басшыларға А.К.Гейнс: «1840 жылдың басында Ұлы жүз бен Орта жүз қазақтары арасындағы шекаралық аймақта екі жақты бақталастық күрес жүрді. Ұлы жүздің төресі Аспандиярұлы Рүстем Орта жүз қазақтарының малдарын барымталап, еліне қырғын жасады. Соның салдарынан Ұлы жүз қазақтарының орысқа кіру кезеңі 1846 жылға дейін кідірді», — деп хабарлапты.

 Ресей әскери штаб бастығына арыз. Аягөз дуаны, аға сұлтан Бексұлтан Ағадаев қарамағындағы Барақ  Солтыбаев (1811—1862 ж.ж.), Садыр Манақбай, Матай Тәнеке адамдарымен, барлығы 700-1000 қаралы қол, ауылдарымызды тонауға  ұшыратты. Бұл жөнiнде Аягөз дуаны приказына жеткiздiк. Қызметкерлерiнен  қайыр болмады. Тек шекара бастығы рұқсат берген күнде  ғана iске кiрiсетiндiгiн айтты.

 Жоғары мәртебелiм, бұл iс  ұлы мәртебелi императордың  заңы бойынша шешiлсе деген тiлек бiлдiремiз. Биыл, 1842 жылы бiзге келiп қайтқан, шекара бастығы «Наймандар келiп мал мен мүлiктерiңдi шауып алып кетсе де, оларға барымтамен жауап қайтармаңдар» деп бұйырды. Бұйрығын орындап, тыныш отырмыз. Шарапатты мырзамыз, қамқорлық жасап, бізбен жүздесуді күтпекпiз. Бiз Ресейге қараған халықпыз. Арызға мөрiн басқандар: сұлтан Сөк Абылайханов (1780—1855 ж.ж.), билер: Тiленшi Балпықов, Қарынбай Тәттібаев, Бейбiт Ханбабин. Бұл Рүстем төре ойранынан туған кесірлер.

1855 жылы Көшен төреге арналып айтылған «Жоқтауда»: «Көшен төре» деп атанып,

Ұлыққа теңдік бермеген.

Рүстем төре Найманды,

«Шабам тегіс» дегенде.

Албан, Суан, Дулаттан,

Қол жинауға келгенде.

«Туыс» деп оған ермеген,

Зорлығын мақұл көрмеген.

Рүстем төреге қол сілтеп,

Азғырындыға көнбеген», — делінеді.

 

 Рүстем төре ел қырғаны, тонағаны, «Найман сүйекте» өлтірілген тоғыз батыр, інісі Бартай және өзін өлтірмекші болғаны үшін Тәнеке батыр жетпек болғанымен ұстатпаған. Найман-Сарыжомарт Өместегі Барақ (Борық) батыр Арқада Шоң бидің ұлы Тайнеке би көмегімен қол жинап, 1851 жылы «Кенесары ханға жасаған опасыздығы үшін» деп Рүстемді шабады. Рүстем Қоқан ішіне қашады. Баласы Абылайды ұстап, орысқа береді. Құрбанғали Халид: «Рүстем Кенесарыға, саудагерлерге жаппай зияны тиген. 1863 жылға дейін бар еді», — деп жазады. «Жетісуым – жеті құтым, ырысым» кітабында Бүркітбаева Үміткен Сүйіншіқызы:«Рүстем шемен ауыруымен сал болып қалған», — дейді.

 

*       *        *

 

1846 жылы Шұбарағаш-Ойжайлауда орыстар Кенесары ханды құртуға және ұлы жүз қазақтарын Ресейге кіруін ұлықтап, жиын өткізеді. Үш Матай елінен Тәнеке батыр Әскери шекара басқармасының бастығы Н.Вишневскийдің зеңбірек атқызған сұсына қарсы жауап ретінде жасақтарымен жиынға келгендерге шабуыл жасамақ болып үркітіп өтеді. Күнделігінде Т.Янушкевич: «Қаптағай» деп ұрандап өткен Тәнеке батыр жасақтарының айғайы мен аттарының дүмпуінен тау сілкінгендей әсер болды», — деп болғанды жазады. Дәл сол жағдайды жоғарғы басшыларға 15 наурыз, 1851 жылы Аякөз округі приказының жеткізуінде «Исполняющий объязанности пограничного начальника Сибирских киргизов Клейоту» да келтіреді.

 1846 жыл, 18 наурыз, Батыс Сібір генерал-губернаторы П.Д.Горчаковқа Ұлы жүз сұлтаны Әли Әділевтен арыз: «Матай, Садыр, Қаракерейлер қаруланып, біздің Ресей қарамағына қарауымызға қарсы. Он бес жылдан бері кек сақтауда. Барымталап мал алып, мүліктерді ысырапсыз тонауда». Шағымды орысшаға тәржімелеген Құрбанақов.   

 1846 жыл, 22 наурыз, Әскери шекара басқармасының бастығы генерал-майор Н.Вишневскийге Ұлы жүз сұлтаны Әли Әділұлы: «Аягөз округіне қарасты Матай, Садыр, Қаракерейлер Үйсіндердің Ресейге кіргеніне қарсы бірігіп, малдарды барымталап тонауда», — деп хат жолдайды. 1846 жыл, 22 наурыз күні Әскери шекара басқармасының бастығы Н.Вишневский «жедел шара қолдану керек» деген хатты есаул Т.Нюхаловқа жолдап: «Матайлар Кенесары ханға қосылып жүрмесін», — деп үрейленеді.

 1846 жылы, есауыл Крайкинге Аягөз округінің сұлтаны  Жанбөбек Сайынов: «Матайлар талай малды барымталады. Маза бермейді. Малды қайтартып беруіңізді өтінеміз», — деп арызданады. Есаул Тимофей Нюхалов (1836—1851 ж.ж.) генерал-губернатор әмбе Сібір корпусы бөлімінің командирі П.Д.Горчаковтан Матайларға қарсы аттанып, оларға тиым салуға рұқсат алады. Есаул Т.Нюхалов 150 орыс-казак отрядпен Лепсіге жетеді. Сонда әскери шекара басқармасының бастығы Н.Ф.Вишневский (1802—1881 ж.ж.) басқарған Ертістен келген отрядқа қосылады. 1846 жылы саны 500-ден астам зеңбірек қарулы Н.Вишневский басқарған отряд 27 тамызда Лепсі өзенінен өтіп, 1 қыркүйек күні Қызылағашқа жетеді. Лепсі бойынан сұлтан Бөлен Шаңқаев 400 кісімен отрядқа қосылады. Орыстар Қызылағашты жаратпай, Үш Қопалыға барады. Қапал-Арасан өлкесінің тарихын жазушы Алексей Елисеев: «Өлкеге 1846 жылы, 14 тамызда Батыс Сібір орыс-казак әскері келіп жетті. Пулеметтеріне қосымша алты зеңбірегі бар», — деп жазады. Үш Қопалыға жолай отрядқа Қарақ сұлтан 200 кісімен қосылады.

 

 Баянды Құсмолдин дерегі: «Үш Матай игі жақсыларын Тәнеке батыр шақырып, «орысқа не қыламыз» деп, істі ақылға салады. Аталық игі жақсылары 40 адамды бастап,  елі Шоқпар, Мұнайтпас батыр, Шиырбай шешен, Кенженің бетке ұстар 15 адамын бастап Байтулақ батыр, Шоңды би, Қашаған, Қаптағайды Тәнеке батыр бастаған 60 адам, ішінде Мүсіреп, Маман, Тышқанбай, Аязбай, Сұлтан, Қозайыр бар, бас қосады. Үш күн дуылдасып, ақыры Тәнеке батырдың «елді зеңбірекке босқа қырдырмай, орыс айтқан жөніне көнейік» деген шешіміне бәрі қосылады».

 

 Он жеті жылдан астам Ұлы және Орта жүз қазақтары арасындағы барымта-қарымтаға «ешқандай келіспеушілік жоқ» деген билер шешіміне сай, 1846 жылы, 30 сәуір күні генерал-майор Н.Вишневский мен хатшысы Федоровский «верно» деп, бітімге қол қояды. Қыркүйектің 8 күні Т.Нюхалов отрядпен Қаратал бойына барады. Үлкен орда сұлтандары Әли Әділев, Сөк Абылайханов жасақтарымен отрядқа қосылады. Екеуі Кенесары хан он мың қолмен қамауда екенін жеткізеді. Т.Нюхалов отрядымен Балқаш көліне дейінгі аймақты бағдарлап барып, кері Қопалыға оралады.

 1846 жылы Қопалыда «Солдат (Отряд) сайында» орыстар үш Матай елі болыстығын құрады. Алғашқы болыс болып Тәнеке би тағайындалады. Мұрағаттан алынған құжатта: «Танеке би с 1846 года Волостной управитель.В течение нескольких сроков являлся управителем Кенже-Каптагай-Матаевской волости, Аягузского внешнего округа», — деп жазылған. «Жетісудағы Ресей билігі» кітабында Мәмбет Қойгелді: «Тәнеке батыр 1866—1868 жылдардағы болыстық сайлауға кандидат болып қатысқан», — деп жазады. Онда ұлы Есімбек алғаш болыс сайланады.

 

 Орыс-казак отряды 1846 жылы «Солдат (отряд) сайында» жер төлелерде қыстап шығады. 1847 жылы «Солдат» сайынан төмен 4 шақырым жерден Қопал бекінісін салады. Орыс-казак отрядына 1847 жылдан бастап жүзбасы Степан Абакумов (1815—1865 ж.ж.) басшылық етеді. Қопал бекінісін салатын орынды С.Абакумовтың сұрауымен, Қопалы суы мен Тамшыбұлақ екі аралығын, Тәнеке болыс көрсетіп береді. С.Абакумовке бекініс салуға оңтайлы орын табу 1844 жылдан тапсырылған. Салдары, жылына 343 рубль күміспен «жалованье» алып тұрған Ұлы жүз сұлтаны Сөк төре, Қамбар 1818 жылдан, Әли, Рүстем, Хакім төрелер 1843 жылдан бекініс салып беруге орысқа арызданған. 1847 жылы 14 тамызда Қопал бекінісі ашылады. Салтанатында Тәнеке болыс марапатталады. Ол туралы: «1847 году Тәнеке Пограничным начальником Сибирских киргизов награжден суконным халатом», — делінеді. 1846 жылдың күзінен бастап Ресей құқығы үш Матай еліне үстемдік алады.

 


Қапал бекінісі, 1850 жылдары


 

Қопалы суы


                                 

Қапал ауылының аркасы 


 

 *       *        *

 

 Жетісуға келген Кенесары хан: «Бұл жақтың елі қандай екен?» — деп, Таңатар батырға Үйсін мен Найманды аралап көр дейді. Сонда Таңатар батыр: «Сынадым. Ақыл да бар, қайрат та бар. Ауыз бірлік жоқ екен», — депті.

  «Материалы к истории киргиз-казахского народа» атты еңбегінде Мұхаметжан Тынышбаев: «Тәнеке Дөсетұлы Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысқа қатысты», — деп жазады. «Бабаларыма бас иемін» мақаласында Гүлжан Мұқатайқызы: «Тәнеке  батыр  Кенесары ханға  орасан зор қолдау көрсетіп, ханның  Қырғыз еліне Жетісу өңірі арқылы өтуіне үлкен ықпал жасады» — деп жазады.   

 Кенесары Наурызбайға Жетісудағы батырлар мен елдің бетке ұстарларымен таныс, біліс деген тапсырма береді. Наурызбай Тәнеке батырмен «анда (мәңгілік дос)» болады. Тәнеке батыр ашық кетпей, Кенесары-Наурызбайды қолдайды. Сарқанда астыртын қару-жарақ жасатып, қылыш, тапаншамен оның әскерін қамтиды. Мал-мүлік, керекті азық түрін жіберіп тұрады. Сол үшін Тәнеке батыр Құдайменді сұлтанды «барып кел, шауып кел» деп жұмсап отырады.

Ел іші өлеңде:

«Тон менен шекпен жинатып,

Ат, түйе, қойлар бергіздің.

Нарларға астық теңдетіп,

Науанға тағы бергіздің.

«Келер жыл әскер берем» деп,

Тәнеке Науан сенгіздің», — делінеді.

 

Айт Есімбекұлы: «Өлтірді» деген хабар естіп, мәңгілік досы Науан мен Кене хан үшін, Тәнеке батыр Матайдан қол жинап, Қырғыз манаптарын жазалайды», — деп деректейді.

 «Казахстан  в 20-40 годы Х1Х века» деген монографиясында Е.Бекмаханов: «Кенесарының кегі үшін Қапал уезінің қазақтары Қырғыз манаптарын жазалады», — деп жазады.

 Әлихан Бөкейханов: «Вскоре после расправы с султаном Кенесары Касымовым в Чуйскую долину в отомщение за его смерть предприняли набег казахи Копальского уезда», — деп жазады.

 Кенен Әзірбаев естелігі: «Кенесары хан мен Наурызбайдың өліміне қатысты Қырғыз Тілеуқабыл Төрегелдіні Тәнеке батыр Қапал уезі қазақтарынан қол жинап барып шабады. Төрегелдіні Қапалға түрмеге әкеп қаматады. Төрегелді де батыр. Қырғыздар Сыпатай мен Рүстем төреден Төрегелдіні босатып беруге көмек сұрайды. Ол екеуі: «Орыс құзырында. Найман-Матайға қарсы сөзіміз өтпейді», — дейді. Орыстар Төрегелдіні түрмеден шығарады. Сарбағыш Тілеуқабыл балалары Наурызбайды өлтіреді. Тілеуқабыл Қалпақ батырмен бірге туған. Қалпақ батыр 1846 жылы Бішпек төңірегінде Кенесарымен соғыста мерт болған. Тәнеке батыр Наурызбаймен «анда» болған. Кене мен Науан Жолба деген Қырғыз үйінде жеті күн тұтқында жатады. Қырғыздар Кененің «менмін» дегеніне сенбеген. Құдайменде биді әкеп, Кенені анықтайды».  

 «Қазақ энциклопедия» баспасы, Алматы, 1995 жыл, таңдамалы шығармалар топтамасы, Кенесары өлімінің тірі куәсі 85 жастағы Қалиғұл Әлібековтен жазып алған жазбасында Әлихан Бөкейханов: «Жантай Қарабеков Төрегелдіні құтқару үшін Сыпатай мен Рүстем төреге қолқа салады. Олар Төрегелді Қапал уезінде, орыс қолында. Біздің құтқаруға шамамыз келмейді. Кенесарының кесілген басын апарсаңдар, Төрегелдіні босатады», — деп жазады.

 Естелiгiнде Жамбыл Жабаев: «Кене хан етектен алған “иттерден” жеңiлдi.  Қазақтың алауыздығы оңған ба? «Кенесарының  тiлеуiндемiн» деп жүрген байлардың, төрелердiң  барлығы да патша  әскерiне болысып кеттi. Ел iшi iрiткi салынды», — дейді.

 «Үш ғасыр иiнiнде» ғылыми мақаласында Әбдiкерiм Хасенов: «Жетiсудағы қазақ руларынан қол жинап барып, Тәнеке батыр Кенесары-Наурызбай өлiмiне қатысты Төрегелдi манаптың ауылын шапқан» — деп жазады.

 Қызай елі дерегінде: «Досеттің Тәнеке батыры Матайдан қол жинап, Кенесары-Наурызбай өлімі үшін жазалап, Қырғыздың бір манабын тұтқындап қайтады», — делінеді.

 Садық Смағұлов: «Кенесарының кегін қайтарамыз» деп, Матайдың Тәнеке батыры мен Барақ сұлтан Қырғызды шабады. Сыпатайға көрші жатқан Жалайыр-Күшіктер хабар беріп қояды. Сыпатай Түйе асу деген Қырғыздың тауына өтіп кетеді. Қатын-баласы қалып қояды. Тәнеке мен Барақ сұлтан жазығы жоқ бала-шағасына тиіспейді», — дейді.

 Камал Әбдірахман: «Кенесары кегін қуған екі-ақ адам болды. Матайдың Тәнеке батыры  Қордай асып,  Кене ханды өлтіргендерге оттай тиді. Барақ батыр сарбаздарымен жетті. Ол Бексұлтан  төренің жұмсауымен күн-түн жүріп келген еді. Орман манап ұстатпай кетеді. Бексұлтан төре, Барақ сұлтан, Тәнеке батырдың намыстан туған осы өлшеусіз ерліктері аса сирек айтылады», — дейді.

Сымбат Демесінова: «Тәнеке батыр Қапал жерінен қол жинап барып, Қырғыз манаптарын жазалаған. Тәнеке батырмен бар қазақ мақтануға тиісті. Қазақтың рухын көтерер, нағыз рухани жаңғыру осы болмақ», — дейді.

 Наурызбай мен Кенесары ханды өлтіргендері үшін Орман манапқа, Жантай Карабековке, Жанғараш Ишходжинге ақ патшаның марапаты мен «почетный киргиз» атағы тағайындалады. Үшеуі Тәнеке батыр қаһарынан бұғып, Батыс Сібір генерал-губернаторы Петр Горчаков (1785—1868 ж.ж.) қолынан марапат алуға Қапалға келмейді. Орындарына Орман өз ұлы Үмбетәліні, Жантай Қалиғұл Әлібековты, Жанғараш Жалаңтөсті жібереді.

 

*       *        *

 

 Тарих. Батыс Сібір генерал-губернаторына, 1848 жылы, Ұлы жүз сұлтаны Сөк Абылайханов: «Ұлы жүз қазақтарына тиесілі Лепсі, Басқан, Қаратал, Көксу өзендері алқабындағы жайылымдар мен егіншілік жерлерді Найман-Матай рулары басып алды», — деп арызданады.  

 

Сөк Аблайханов отбасымен  

 

 Батыс Сібір генерал-губернаторының нұсқауымен Сібір әскери шекара басқармасының бастығы генерал-майор Вишневский мен кеңесші Коченов Үлкен орданың приставы барон Врангельмен бірге аталған екі ел қазақтарының талаптарын бір жыл бойы тексереді. Төреші комиссия «бұл жерлердің Найман-Матайларға тиесілі құқығын» Аягөз және Көкпекті приказдарында бар жазба құжаттармен дәлелдеп шешеді. Округтер құрылған кезде сондай шешімдер, приказдар шығарылып, Лепсі, Басқан, Ақсу, Бүйен, Қызылағаш, Қаратал, Көксу өзендері бойындағы жерлер Найман-Матайларға бекітілгені туралы құжаттар табылады. Бұдан былайғы дауларды болдырмау үшін, бұл жерлер патша жарлығымен Найман-Матайларға бекітіліп беріледі. Бұл істе Матай елінің болысы Тәнеке батырдың еңбегі ерен, ерек болып, жерді заңмен тексертіп, қорғап қалады.                                    

 

Заң қызметкері болған Ешмұхамбет Берлікенов дерегі: "Жалайыр Тарақ шешен Тәнекенің үстінен Омбыдағы Батыс Сібір губернаторына арыз жазады. Тәнеке келе жатқан тексерушіні 40 тай сойып, қарсы алады. Егінсу мен Матай станциялары аралығында «Тайсойған» деген жер атауы содан аталған. Елі Қаржау, Ыстамбек болыс шешіміне екі жақ жүгінетін болады. Ыстамбек келгенінше, Тәнеке Омбыдан келген тексерушіге елді, жерді аралатады. Халық тіршілігін көрсетіп, ойын-сауық, айтыс, ат жарыс қызығына кенелтеді. Ыстамбек болыс бай болғанымен, олақ-салақ жүретін кісі екен. Тәнеке батыр Ыстамбек болысқа күміс ер-тұрман, жорға ат, құндыз бөрік, саптама етік, сәнді киім мен шапан сыйға жібереді. «Жорға атпен тексерушінің алдына бірақ тоқтасын!» — деген тілегін жолдайды. Ыстамбек болыс Тәнекенің сый-сияпаты мен тілегін қабыл алып, айтқанын орындайды. Есік алдында тұрған даяшы жігіттер Ыстамбек болыс мінген жорға аттың шылбырынан ұстап тоқтатады. Болысты аттан ақ киізге түсіріп, тексерушінің жанына әкеп отырғызады. Тағатсыз күтіп, шыдамай кеткен Тарақ шешен: «Болыс, болыс дегенде, аспандағы пері екен десем? Алақандай тері екенсің ғой!» — дейді. Ыстамбек болыс: «Пішінім Біләл пайғамбарға тартқан! Ісім Ғазіреті Ғали арыстанға тартқан! Сен, шұнақ Тарақ кімге тарттың?» — деп жауап береді. Тарақ шешеннің бір құлағы мұсылмандыққа жатпайтын үлкен күнә шешелерінің біріне барып қойғаны үшін кесіліпті. Сөзден тосылған Тарақ шешен: «Тәнеке, сен-ақ, басқара бер!» — деп сырттай береді. Тәнеке 1846 жылдан 1856 жылға дейін, Қапал уезі бойынша Матайдың Кенже-Қаптағай елінің болысы болады.

 

*       *        *

 

 «Ақ айналады, қара байланады» атаулы Баянды Құсмолдин дерегінен. 1850 жыл. Қаптағай елі іші бүлінеді. Оқиға тосыннан болады. Құлынды бие мен ту бие қолды болып шығады. Мал иесі елі Қара, Тіней екен. Тіней қолды болған жылқыларын іргелес Бікен елінен көреді. Олар «алғамыз жоқ» десе де, Тіней сенбей, Тәнеке болысқа барады. Тінейдің айтқанына сенген Тәнеке болыс: «Шамаң жетсе, қайтарып ал», — дейді. Тіней: «Мал төлеу», — деп Бікен еліне барымта жасайды. Бікен елі Құлшан Тышқанбайға келіп, «қарымта қайтаруға» көмек сұрайды. Тышқанбайдың ұлы Тілеміс айттырып қойған келінді, Тәнекенің ұлы Есімбек алып кеткен, қыжылы бар екен. Тышқанбай ештеңеге батпай, құр кеумелік етеді. Бікен мен Қара елі ырғалып, Қаракерей елі жағына көшпек болады. Құлболды-Қара басына жиналады. Хабар елі Шоқпар, Мұнайтпас батырға жетеді. Мұнайтпас: «Ел шетіне жау шапты деп, «ұран отын» жақсын! Көшпесін!» — дейді. Түнімен «ұран оты» жағылады. Үш Матай «ұран оты» жағылған жерге жиналады. Тәнекеге Мұнайтпас: «Көп алдында ісіңе жауап бер», — дейді. Тәнеке тына қалады. «Қаптағайлап» ұрандап, «жекпе-жек» деп, майдан ашады. «Кісі шығар!» — деп, елі Елшен, Құндақбай батырды майданға шығарады. Тышқанбай езеуреп, елі Құлшан Шораға «ат Құндақбайды» деп бұйырады. Шораның оғынан Құндақбай мерт болады. Мұнайтпас батыр: «Кезек сенікі Тышқанбай!» — дейді. Майданға Тышқанбай: «Әншейінде, ерсің сойқан», — деп, елі Құлшан, Салқамды шығарады. Елі Шаппа Мүсірепке Тәнеке: «Ат Салқамды!» — деп бұйырады. Ақылды Мүсіреп: «Қыдыралы Маман тұрсын. Иығынан атамын. Дау туса куә болады», — дейді. Маманның иығынан мылтық атылады. Салқам мерт болады. Бікен мен Құлшандар «ой-бауырымдап», мерт болғандарға қарай лап қояды. Тәнеке батыр қашады. Мұнайтпас қуады. Жетеді. Аттан түсіреді. Тәнеке: «Жаңылдым, жаздым!» — деп кешу сұрайды. Мұнайтпас: ««Ақ айналар, қара байланар! Танып кетерсің!» — деп, Тәнекенің май құйрығына найзаның ұшымен осып, таңба салады. «Ақын Сара» кітабында Тәңірберген Қалилаханов:

 «Тәнекені Мұнайтпас қуып жетіп,

 Құйрығына найзамен таңба салған.  

 Артқыға атын тастап өмірінен,

 Мұнайтпас Тәнекені найзалаған.

 Дегенді Ақсу, Қапал өңірінен,

 Сұрасаң «рас» дейді қай данадан», — деп жазады.

 

Жұрт: «Тәнекені неге мерт етпедің?- деп сұрағанда, Мұнайтпас батыр: «Ел қорғаны. Ту ұстаған батыр. Белгі үшін найза салдым», — депті. Тінейдің қолды болған жылқылары табылады. Қаракерей жағына өткізген, майданда мерт болған, Салқам мен Құндақбай болып шығады. Іс насырсыз тынады. Бікен мен Қара елі ырғалған орнына кері оралады.

Ақсу ауданының арда ақсақалы Қасымбеков Нұрбек дерегі. Есім Қайнар-Ожарқабыл тарабынан шыққан батыр. Қаптағай Маманның қызын Қайнар Өтеген айттырып алмақ болады. Маман Өтеген жағын менсінбей, қызын бергісі келмейді. Намыс кернеген Қайнар елі Байтен көріпкел бас болып, Есім батыр, игі жақсылармен Маман ауылына құдаласуға барады. Маманның кіші әкесі Тәнеке батыр дастархан үстінде ашумен орнынан атып тұрады. Қасында отырған Есім батыр түйедей Тәнекені көтеріп иығына салып, тысқа алып шығады. Тәнекені жерге жығып, «қан шықпай құда болмас» деп, кездігімен Тәнеке батырдың төбесіндегі орайының үстін тіледі. Мұны көрген Маман ерікті қызына береді. Қыз Қайнар Өтегенге қосылады. Маманның қызынан туған Өтегеннің ұлы Айтжан Тәнекеге тартқан батыр болған

 

*       *        *

 1851 жылы Іле бойына отряд аттанады. Отрядтың бастығы подполковник Карбынчев болады. Оған Тойшыбек қорғанын талқандау. Дулат елі ішінен Гутковский отрядына соқтыққан қазақтарды жазалау. Іле өзенінің оң даласында орыс үстемдігін күшейту тапсырылады. Карбынчевтің отряды Қапалдан 26-шы мамырда шығады. Отрядқа Сөкұлы Жошы мен Әбілпейіз, Әлі сұлтан балалары жасақтарымен қосылады. Отряд Талғар суының Ілеге құйған жерінен өткелі жатқанында Албан төресі Хакімбекұлы Нұралы (Тезек) мен Суан төресі Ибақұлы Адамсарт жасағымен қосылады.Экспедицияға Аягөз приказынан Тәнеке батыр Досетов бастаған 50 адам және  Құлан-Қыпшақ болысынан старшын Ибрагим Жайнақбаев тартылады. Маусымның 7-сінде Карбынчев Тойшыбек қорғанына жетеді. Қорғанда жан болмай шығады. Орыс әскерінен Қоқандықтар қаймығып, Пішпек қорғанына кетіпті. Келесі күні Тойшыбек қорғанын орыс-казак әскері жермен-жексен етеді. Отряд Іле бойында шілденің 30-на дейін болады. Іленің оң даласында орыс үстемдігін күшейтуге әмбе Дулат елі ішінен Гутковский отрядына соқтыққан қазақтарды жазалаумен айналысады. Карбынчев бастаған отряд 30 шілдеде Қапалға оралады. Мәмбет Қойгелді «Жетісудағы Ресей билігі» кітабында: «Тәнеке орыстардың отрядына иек артып, Ұлы жүз қазақтарына қарақшылық жасаған», — деп жазғаны шындыққа жанаспайды.  

 

 Ысқақұлы Сағымбек дерегі. 1851 жылы топограф Нифантьев Балқаш жағалауын түсіреді. Экспедициясы елу адамнан тұрған. Қаратал өзенінің Балқашқа құятын жерлерін картаға түсіреді. Бір жолбарыс Бәйшегір елін және экспедиция кісілерін мазалайды. Әбден мезі қылып, ешкімге алдырмайды. Тіпті Бәйшегір Бақай батыр жолбарысқа қарсы түк істей алмайды. Бақай батыр сыйлас досы Тәнеке батырды шақыртады. Тәнеке батыр Балқаш бойына барады. Төрт қанат қазақ үйді мықтап тіктіреді. Тәнеке батыр мен төрт жігіт ішінен көтеріп, жылжытып отырады. Сөйтіп, Тәнеке батыр жолбарысқа қарсы тұрады. Жолбарыс қазақ үйге атылады. Шаңыраққа шығады. Қазақ үй ішінен Тәнеке батыр семсермен жолбарыстың қарнын ақтарады. Жолбарыстың жатағын тауып, Тәнеке батыр екі шөнжік алады. Оларды Тәнеке батыр Қапал құрылысын салған секунд-майорға сыйға береді. Нифантьев «трафей» деп, жолбарыстың шөнжіктерін секунд–майордан сұраусыз, Аякөзге әкетеді. Тәнеке батыр біліп, артымнан қуып жүрер деп, Аякөзге жеткенше тоқтамайды. Одан шөнжіктерді Омбыға жеткізеді. Омбыдан Санкт-Петербургке ақ патша ақзамға жөнелтеді. 2002 жылы гранит тасына безендіріп, Тәнеке бейітіне қойылған екі жолбарыс бейнесінің осындай мәні бар.

 

*       *        *

 «Өлке» баспасынан 2007 жылы шыққан, «Патшадан шен-шекпен алған қазақтар» деген кітаптың 88 бетінде Қалмұқан Исабай: «Досетов Тәнеке 1852 жылы «Анна ленталы алтын медальмен» және 1854 жылы «хорунжий» атағын алған», — деп мұрағат дерегінен жазады. Тәнеке — «Почетный киргиз (қазақ)» атағын алған (ҚР мемлекеттік мұрағат қоры, 44-тіз.1 іс, 29145). Тарихшыларға «Патшалық  Ресей  Тәнеке  батырды қай қасиетіне бола құрметтеген?» — деп сауал қойылғанда, олар: «Орыстар Тәнекесіз Қашқария қақпасына кіре алмас еді. Жетісуда тыныш өмір сүрмейтін еді», —  деп жауап бергенін Гүлжан Мұқатайқызы «Бабаларыма бас иемін» атаулы мақаласында келтіреді.

 

*       *        *

 

 Копальская станицасынан Изренко бастаған 40 орыс-казак Тәнекенің ауылын қанап шабады. Байтулақұлы Мүсәпір ауылына жолаушы кеткен Тәнеке батырға шабарман жетеді. Тәнеке мен Мүсәпір жедел жетеді. Қиянатшыл 40 адамды түгел қолға түсіреді. Матап байлап, сазайындарын тірі жыландармен сабатып береді. Оқиға Жынды сайдың Жыланды аралы деген жерінде өтеді. Осыны білген орыс-казактар Тәнекенің ауылы тұрмақ, есімін естісе шошыпты. Сол жолы Жыланды аралда Тәнеке батыр:

             «Қазақ қорғар арысы,

             Тектінің сен ұрпағы,

             Тегіңе тарт тарынба.

             Әділдікпен жалында,

             Ерік беріп арыңа,

             Бүгілмесін жаның да.

      Ләйім, қайырың мәулім болсын!» — деп, Байтулақұлы Мүсәпірге батасын береді.

 

 «Жалайырлар» кітабы, 4 том, 310 бетінде: «Найман, Матай Тәнеке батыр 40 жігітімен Сәмен ауылының жылқысын Іле бойынан барымталап, Көксу өзенінің бойына әкеледі. Артынан қуғыншы болып келген Күреңкей батыр: -Уа, Тәнеке! Сонша жерден әуре болып, жылқыны тастап, бір найзаласпауың қалай? – дейді. Сонда Тәнеке батыр: — Күңнен туған саған найзамды былғап қайтемін! – деп теріс айналып кеткен», — деп жазылған.

 Тағы сонда, 306 бетте: «Тезек төре Тәнекенің Қаратөбел атын Жалайыр Бөлекбай деген ұрыға ұрлатып алады. Содан Бөлекбай Тәнекеден үркіп, елін Балқаштан көшіріп, Тезек төренің қол астына апарады», — делінеді. Күнделігінде Шоқан Уәлиханов: «Осы өңірде (Қопалы) ешкімге дес бермейтін барымташы, батыр Тәнеке бар. Өзі болыс», — деп жазғанымен растайды.

 

 Есімбекұлы Ешмұхамбет дерегі. Рейнталь – Қапал оязы. Қазақтар «Ерентал» деп атаған. Ол Есімбекті 25 жасқа толмай жатып, 1863 жылы болыс сайлауға Тәнекеге уәде етеді. Есімбек өтпей қалады. Қалқабайұлы Маман өзінің аға баласы екенін алдыға тартып, ояздан болыстық сұрапты. Ояз соған бұрыпты. Тәнеке батыр жігіттеріне: «Орыс уәдеде тұратын, әділмін деген соң қарағанмын! Рейнталь әділдікті бұзды! Жазалаңдар!» – дейді.  

 Есімбек, Разбек, Әбибек дейтін Тәнекенің ұлдары Рейнтальды бір сайда ұстап алып, сабап жібереді. Үшеуі Верныйдағы облыс генерал-губернаторына шақырылады. Есімбектің досы Қырғыз Шабдан манап араласып, іс жазалаусыз тынады. Жамбыл Жабаевтың «Сырттанға» деген өлеңінде: «Қыдыралы Есімбек Еренталды сабаған. Ер туған ұл десін деп, бір кәдеге жараған», — дейтіні осы салдардан айтылған.

 

Гүлжан мен Сағымбек атасының жерінде                                            Тәнеке мекені Жыланды арал

 

*       *        *

 

 Кенже-Матай елі 1846 жылдан 1856 жылға дейін Қаптағай Досетұлы Тәнеке болысқа қараған. 1855 жылдың жазғы бір күні Кенже-Сақай-Тақет Шоңды би Тәнекенің отауына қонаға барады. Ертеңгісін Тәнеке батыр жеті бір көздері соқыр, кәрі атан түйелерді отауына алдыртып, Кенже елінің тектілерінің есімдерімен әр қайсысын ататып, малшыларына шөктіртеді. Шоңды би оразасын ашпастан, атына мініп, еліне жетеді. Көрген қорлығын көптің ақылына салады. Елі Тастемір, Қисықұлы Сарыбас би: «Қап, әттеген-ай! Түйеге артпады? Бізге артты-ау, жүгін?» — деп кейіпті. Шоңды би: «Бәріне төздік, шыдадық! Енді бұл асқан қорлыққа шыдау жоқ! Кім мұны жөндеп, бұзады?» — деген сауалына, 16-ты жастағы Байтулақұлы Мүсәпір: «Бұзуын мен бұзайын! Жөндеуін көп білсін!» — деп жауаптайды. Көп ақылы көл, жеке болыс болмаққа уезд бастығына арыз түсіреді. Арыз Шұбарағаш-Ойжайлаудағы съезде 1856 жылы қаралады. Кенже елі 1856 жылы Шоңды би мен Мүсәпір батырдың арқасында еншіге жер алып, жеке болыс болады. Елі Байғазы ер Байтулақ, одан елі Өтебай, «әттеген-айдың» айғырын, «бәрекелді» дегеннің байталын әкел» деген Қашаған болыс сайланады. Қашаған болыс Кенже еліне қарасты Қапалдағы Баянжүректі Тәнеке батырға, Қарағашты Маманға сатып жібереді. Кенже мен Қаптағай бөлек болыстарға бөлінгенде Арасан, Суықсай, Сайынбөлек, Салқынбел атаулы жерлер Қаптағай руына тиесілі болады. Қаптағай елі үш болысқа бөлінеді. Үш болыстың да басқарылуы Қыдыралы ұрпағына тиеді. Елшен, Құлшан, Қыдыралы, Дуан, Қырғиқонақ, Бөрте, Бікен, Тоқа еліне болыс Қалқабайұлы Маман, үш Жақсылық, Қаржау, Қара еліне болыс Аязбай Ерғожин, Көлдей-Жұмай болысы Досеттің ұлы Тәнеке болады.

 

*       *        *

 

  Мұрағат дерегі (Қ.Р.мем. мұрағат қор.фонды  № 15, тіркеме №1, іс № 179, бума № 5). 1857 жылы полковник Степан Абакумов Қапал уезіндегі Сібір полкінің әскер күшіне сүйеніп, Матай елінің шұрайлы шүйгін жер-суын тартып алады. Халықты тонап, Балқаш көлінің маңайындағы құмға зорлап көшіреді. Озбырлыққа төзбеген Тәнеке батыр Верный әкімшілігіне, Батыс Сібір генерал-губернаторына, ақ патшаға шағым хаттар жолдайды. Ақ патшаға хатында Тәнеке болыс: «Қаптағай елінің бұрыннан қоныс еткен үш Бүйен, Күреңбел, Салқынбел, Қызылағаш, Шыңбұлақ, Көшкентал, Алтай, Ақешкі, Қопалы, Үш Қопалы, Ащыбұлақ, Қарамола жайлау мен қыстауын тартып алды. Тұрғылықты халықты Балқаш көлі маңындағы құмға қуып тықты. Ұлық мансапты құзыретіңізбен жоғарыда аталған жерлерді қайтарып беруге бұйрық беруіңізді сұраймын. Матай-Қаптағай елінің волостной хорунжиі Тәнеке Досетұлы. Мөрімді бастым. 1857 жыл», — делінеді.  

 1858 жылы Батыс Сібір генерал-губернаторы Г.Х.Гасфорд (1794—1874 ж.ж.) пәрменімен тартып алынған Қаптағай елінің шұрайлы жерлері толық қайтарылады. С.Абакумов Қапал уезінен Семейге кетеді. «Абакумовка» деп аталған елді мекен 1964 жылға дейін аталды. Тәнеке еңбегі әлі күнге еленбеуде.

 Тәнеке болыс Қамысмола, Екіағаш мекенінде «Танабай» тоғанын қаздырады. Елді отырықшыл жасап, егіншілік кәсіппен айналысуға ұмсындырады. Наманғаннан Садық, Сыдық деген сарттарды әкеп, Қаратал өзені бойына бау-бақша салдыртып, ағаш жемістерін отырғызып өсіртеді. Ол қазіргі Еркін ауылына қарасты жерлер.

 

*       *        *

 

Капитан Н.М.Изранцевтың хат пен жазбаларынан. 1870 жылдың басында елі Андас, Балпық уәзірдің інісі, Балғалы-Қойшылы болысы Дәулетбақтың қызы Шалипаға Қапал уезінің қазағы Есімбек Тәнекеұлының көзі түсіп, ұнатып қалады. Есімбек жекелей сөйлесіп, Шалипаға ойын жеткізеді. Шалипа да Есімбекті ұнатып, келісімін етеді. Есімбек Шалипаның әкесі Дәулетбаққа жолығып, қызын алуға рұқсат сұрайды. Дәулетбақ: «Келісім берер едім. Шалипа қызым Верный уезінің қазағы Нарбота болыспен атастырылған. Сол мәселені шешсең? Рұқсат етемін. Сол жағынан қорқамын», — деп Дәулетбақ қызының тілегіне кет ары емес екендігін сездіреді.

 Есімбек Нарботаның Шалипаға берген қалың малын өтеп беретінін қағазға жазып, Дәулетбақтың қолына ұстатады. Дәулетбаққа қызының қалың малы ретінде көпке жария қылмай 40 жылқы, 30 түйе, 200 сом рубль ақша береді. Бұл келісімді ешкім білмесін деп екеуі келіседі. Есімбек бес жігіт жіберіп, әкесі білмегендей етіп, Шалипаны Қапалға алдыртады. Қапалда Шалипа уезд бастығына бас азаттығын алуға, кәмелетке толмаған шағында Нарботаға айттырылып қойылғандығы туралы арыз жазады. Шалипаға уезд бастығы «басы азат әйел, Нарбота берген қалың мал кері қайтарылсын» деп, мөр басқан қағаз береді. Бірнеше күндерден кейін Есімбек уезд бастығына арыз жазып, Шалипа келісімімен оған үйленуге рұқсат сұрайды. Рұқсат етіледі. Жаңа дәстүр үлгісінде жарқыратып үйлену тойы жасалады. Тойға Есімбектің туыстары, аға-інілері, әкесі Тәнеке, шешесі Ырыс, Қапалдағы татарлар, уезд басқармасындағылар, сарттар қатысады. Есімбек Шалипаға бөлек, жаңа отау тігіп, 500 қой, 100 жылқы, 10 түйе, 10 сиыр, 500 сомға сатып әкелген дүние-мүлік, киім-кешек, ыдыс аяқпен қамтиды.

 Верный уезіндегі Нарбота болысқа қарасты қазақтар Дәулетбаққа барымта жасайды. Барымтаға қарымта жасалады. Екі жақ шығынға батады. Жүздеген мал ұрланып, сандаған жігіттер жаралы болады. Бұл дүрлікке 1875 жылы төтенше съезде тоқтау қойылады. Дәулетбаққа Верный уезінің қазақтары 50 жылқы құн төлейді. Шалипаға берген Нарботаның қалың малы қайтады. Билер шешімімен Есімбек Нарботаға 100 жылқы, 210 рубль ақша өтейді. Іс бітісімен Дәулетбақ қызының жүгі мен төсек орнына қосып 7 түйе, 1 жүйрік ат, 7 түлкі ішік, 7 сиыр, 7 көрпе, 1 сәукеле, 25 халат Шалипаның отауына әкеп береді. Тәнеке батырмен құдаласып қайтады. Осы туралы мұрағат қойнауында сақталып жатқан Бақтыбай мен Арсалаң ақындар айтысында да айтылады.

 

 Мәселбаев Қабдолла  дерегі. Есімбектің Дәмелі әйелінен Ешмұханбет (1858—1931 ж.ж.) – 17.03.1931 жылы 58-2,7,8 РСФСР ҚІ бойынша соттап, 22.06.1931 жылы атылған, 23.07.1997 жылы ҚР прокуратурасы ақтаған, Омарбек, Мырзабек, Шалипа әйелінен Жақсыбек, Шабданбек, Жұмабек, Айт (1893—1971 ж.ж.) тараған. Есімбектің отырған жайлауы Қапалдағы бұрынғы «Пламя Революция» колхозының жері — Бағара. Әйелі Шалипаның есімімен сол жерде бір жота «Шалипан тұғылы (жотасы)» деп аталған. Қыстауы Баянжүректің теріскей жағы — Тереңөзек сайы. Аяғы Көкқия тау бөктерлері — Бақалы. Бақалыға Есімбек көк үй салдырған. Ел «Көктам» деп атаған. Есімбек сол жерге жерленген. Есімбек қажы Тәнекеұлы (1839—1925 ж.ж.) — би, болыс, ерлік істерімен әділетсіздікке төзбейтін қайсар мінезді, елге сыйлы болған. 1908 жылы әйелі Дәмеліні ертіп қажылыққа барған. Есімбек 86 жасында, 1925 жылы қайтыс болған.  

 

 Сөкұлы Дүр төре мен Қамбарұлы Найманхан Көксу өзені бойын мекен етеді. Екеуі құдаласады. Найманханның қызын Дүрдің ұлы айтырады. Дүрде асқан жорға құла құнан болады. Есімбек жорғаны әпер деп, алтын білезік, зер тон, екі шабдар қасқа ат жетелетіп, Найманханға кісі жібереді. Өйткені, Найманханның ұлы Қасен Есімбектің Тоқбала деген қызын айтырып қойғаны бар. Найманхан Дүрден құнанды ала алмайды. Өзі үстіне екі ат, сый-сияпат қосып, Есімбекке жайын білдіреді. Есімбек: — Дүрден бұл құнанды алмасаң? Құдалықты бұзамын! – деп сестенеді. Дүрге келіп Найманхан: — Бір құнаныңды қимадың. Есімбек құдалықты бұзбақ. Қызын ұзатпайтын түрі бар. Мен де сенен құдалықты бұзамын! – дейді.  Дүр Найманханға құнанды береді. Есімбек құла жорғаны 1863 жылы алады.

«Сара мен Біржан» айтысында, ақын Сара:

 «Ес-аға құла жорғаң барсын оған,

Ертетіп, «бежін» ерін салсын оған», — дейтіні осы құла жорға.

 

 Есімбектің құла жорғасын Бежіңде Қапалдың оязы Ренталь ұлттық тойға мінеді. Сол үшін атқа салған ерді ат иесі Есімбекке сыйға береді. Ол «бежін ері» деп аталған. Құла жорға Ағадайұлы Бексұлтан төренің асында Ой-Найманға олжа әпереді. Балпық бидің ұлы Тіленші қазының асында, Байқоржын сазында, құла жорға тағы бәйгеден келеді. Найманхан төренің әкесі Қамбар төренің асында аттар күндік жерге айдалып, құла жорға жорғалар жарысында, ал Тәнекеұлы Разбектің қара аты аламанда бірінші келеді.

 Қырғыз Шабдан манаптың ұлы Мұқыш арнайы келіп, аталары мен әкелерінің достығын алдыға тартып, Есімбектен 11 жастағы құла жорғаны 1872 жылы қалап әкетеді. Құла жорғаны Шабдан манаптан Ташкенттің губернаторы Рауптман алып, Ресей патшасына сыйға тартады. Патша қарамағындағы құла жорға бірнеше Европалық елдердегі халықаралық бәйгелерге қатысып, жүлдегер болады.

 Есімбектің Ұлболсын деген қызын, елі Жалайыр Балғалы, Қожақан болыс алады. Тілеубала деген қызын, елі Төртсары, Сексенбай батырдың ұлы Ықсан алады. Жәмиля деген қызын, елі Қара, Былшық болыстың ұлы Бекіш алады. Еркежан деген қызын, елі Қара, Өтеулі қажының ұлы Кәкім болыс алады. Камиля атты қызын, елі Садыр, Жақанбайдың ұлы Қасым алады. Елі Қызай, Байболаттың ұлы Күнболат Есімбектің Дүнше есімді қызын алады. Бұл ел қаймақтары Тәнекенің алдынан өтіп құда болады.

 

*       *        *

 

 Капитан Н.М.Изранцевтың хат пен жазбаларынан. Досетұлы Тәнекенің қызы Ману жақсы адам Алсай Сапаққа айттырылып қойған. Тәнекенің сұрағаны қомақты болғанынан қалың мал өлшемі толық өтелмеген. Қалың малдың бір бөлігі ғана төленген. 1879 жылы Тәнеке отауына Сергиополь уезінің қазағы Тілеулі Матаев төрт жолдасымен келеді. Тәнекенің қызы Мануға құда түсіп, алмақ болады. Тәнеке үйінде болмағандықтан, оның ұлы Есімбек: «Манудың айттырылып қойған жері бар», — деп келіспейді. Тілеулі: «Ману келісім беріп тұрсашы?» — дейді. Есімбек: «Бәрібір болмайды», — дейді. Сол күні түнде Тілеулі жігіттерімен Мануды алып қашады.

 Есімбек Қаптағайдан 300 жігітпен Тілеулі мен Манудың артынан қуып шығады. Әкесі Тәнекеге «Тілеулінің ауылына жетсін» деген хабаршы жебереді. Тәнеке батыр Тілеулінің ауылына жетеді. Тілеулінің ауылын шабуылға алады. Қорғанышулар сойылға жығылып жараланады. Тілеулі қорқып, Мануды шығарып береді. Тәнекенің аптығын басуға Тілеулі 300 рубль ақша, бір жүйрік ат пен жорға, күміс ер-тұрман  «айыбым» деп тарту етеді. Тәнеке қызымен отауына оралады. Артынан Тілеулі де жетеді. Тәнекеден Ману қызын алуға рұқсат сұрайды. Тәнеке «Алсайға енді Мануды беру ұятты» деп, Тілеуліге 1000 рубль ақша, 100 түйе қалың мал салады. Тілеулі келіседі. Тәнеке мал сойдырып, туған туыс-ағайындары мен маңайын шақырады. Тілеуліге Мануды некелеп алуға рұқсат етеді. Жол-жоралғылар мен сый-сияпаттар жасалады. Алсай Тәнекеге бүлік жасамайды. Тәнеке «Алсай жақсы адам» деп, оның берген қалың малын қайтарады. Іс насырсыз, ақылмен тынады.

 

*       *        *

 

 Гафур Бекташов, Әнуарбек Әуелбек деректерінен. Қазақ даласына бас сауғалап келе бастаған татарлар тағдыры Тәнеке батырға ой салады. Олар қазақ жерiне келiп қоныстануы отырықшылдық, дін, сауда-саттық, мәдениет, сауат ашу жұмыстарына себі тиеді. Тәнеке болыс татарларға екi бiрдей мешiт салуға мүделік жасайды. Мешіт медресесінде татар балаларымен қатар қазақ балалары да оқитын болады. Тәнеке болыс жаңа тұрмыс, цивилизациялық өркендеуді қолдайды.

 1882 жылы Ресей мал санағын жүргiзгенде: «Тәнеке Дөсетұлының малы 50 түйе, 100 жылқы және 1000 қой», — деп жазылған. Тасқын ақын Толғанбай Мырзағұлұлының «Қисса. Біржан сал менен Сара қыздың айтысқаны» деп аталған айтыс нұсқасында:

 «Таласпас Тәнекенің жан бағына,

 Жеңермін егер тартса іс ағына.

 Досетке байлық біткен бір мың түйе,

 Жылқысы он екі мың бар тағы да.

 Шетінен ұрпағына қыдыр қонған,

 Сан мыңнан құт тастаған арт жағына», — делінеді.

 

Зерттеушi-педагог Сәбит Дүйсебаев: «Қазанға оқуға жiберген балалардың iшiнде Мұхамедьяров Ходжахмет деген бала болады. Сол балаға 1883 жылы Тәнеке батырдың өсиетi бойынша 25 сом ақша жіберіледі. Қаржыны өте тарығып жүрген кезiнде алады. Ол кезде 1 килограмм картоп – 1 тиын, 1 килограмм ет – 3 тиын, бір сомға үш қой сатып алуға болады екен. Сонда, Тәнеке батыр Қазанда оқып жүрген Ходжахмет Мұхамедьяровқа 75 қойдың ақшасын жiберткен», – дейдi.


  Алғашқы Қапал татарлары                                                               



  Қапалдағы татар-қазақ мешіті

     

*       *        *

 Тарих. Іледен солтүстікке қарай жатқан ел «Қытайға қарайтын ел» деп есептелген. Жоңғарға қараған қазақтар, Жоңғарды Қытай алғанда, Қытайдікі болып шықты. Елдің «Қытайға қарауы» тек аты болды. Қазақ сұлтандары, ру басшылары, белгілі адамдары Қытай өкіметімен ірідік қатынас жасап, хатмер қылды. Берген дәрежесін алып, «көндік» деп тыныш жатты. Көпшілігі Қытайды «өкіметіміз» деп місе тұтпады. 1862 жылы, 25 маусымда саны 55 жауынгер генерал Чиб-Чжин-Чи басқарған Қытай отряды Құлжадан Көксу бағытына шығады. Оларға жолдан Албан, Суан елінің тоғыз руы қосылады. Отрядты ешкім тоқтатпайды. Отряд Көксудан өтіп, Қараталға жетеді.  Қапалда оларға қарсы отряд жасақталады. Отрядқа елу жасақпен Тәнеке батыр тартылады. Тәнеке батыр Қытай отрядына қосылған Албан, Суан руларының басшыларымен сөйлеседі. Олар ақылға көніп, кері оралады. Генерал Чиб-Чжин-Чи басқарған Қытай отряды Тәнеке батырдың кірісуімен ешқандай ұрыссыз Үйгентас асуы, Борохуцзирь өзенімен, кері Қытайға қайтады. Тәнеке батыр Қытай отрядына өзі жол көрсетіп, шекараға шейін шығарып салады.Тәнеке батыр намысын ту етіп, еңсесін дұшпанға бастырмаған.

 

*       *        *

 

 Есімбекұлы Жұмабек шежіресінен. Тәнекенің Керім бәйбішесінен Тәбей, Рүстембек, елі Қарақалпақ Қаруылдың қызы Ырыс әйелінен Есімбек, Разбек, Мұса, Қожабек (1855—1930 ж.ж.) – «Бөрібай» көтерілісі басқарушысының бірі болғаны үшін 58-2 РСФСР ҚІ бойынша 3.07. 1930 жылы үштік үкімімен атылған, 31.07.2002 жылы ҚР заңының 5 бабы бойынша ақталған, елі Жалайыр Балпықұлы Тіленші қазының қызы Ұлбай (Жансүйер) әйелінен Қасен, Нұғыман, Байсейіт, Молдабек, Ұрпая (Рупая) әйелінен Әбибек, нәсілі Қырғыз Жуас әйелінен Шанай, Қанай, Дәметер әйелінен Әуелбек, Әділбек, Әдірбек (Нәдірбек) тараған.

 

 

Ұлбай туралы «Арсалан мен Бақтыбай» айтысында Арсалан ақын: «Қазыңның Тіленшідей қызын алып, алармын әлде болса талайыңды», — деп айтқан. «Ақын Сара» кітабында Тәңірберген Қалилаханов: «Ұлбай Балпықтың ұлы Тіленші қазының қызы», — деп жазады. Дәметер Тәнекенің інісі Бартайдың әйелі болатын. Бартай мерт болғандықтан Тәнеке алады. Тәнекенің Дәрі, Мөлдір, Зәуре есімді әйелдері болған. Мұзбұлақтың терістік беткейіндегі бір сай «Зәуре сайы» деп аталған. «Ақын Сара Тастанбекқызы» кітабында Тәңірберген Қалилаханов: «Тәнеке 12 әйел алған. Көбі сый мен сыбағаға тартылғандар», — деп жазады. Бұл дерек қаншалықты рас екені әзірге беймәлім. Есімбектің ұлы Жұмабектің дерегіндегі «Тәнеке батыр 9 әйел алған» дегені шындық.

 

*       *        *

 Тәнеке батырдың өмірден өткені Қарқабат пен Түбек айтысындағы «Асына Тәнекенің алып барды» деуі және Н.Пантусов дерегімен 1884 жыл болады. Жағрапиялық қоғам дерегінде: «Н.Пантусов в 1898 году побывал у Капал-Арасана на могиле батыра — Танеке Досетова. Умершего в 1884 году, объявленного казахами святым», — делінген. 

Есімбекұлы Жұмабек: «Тәнеке батыр қыста науқастанып, қайтыс болған. Мәйітін Жыланды аралында қалдырмауды, Баянжүрек етегіне жерлеуді, «Баян мен Сайынбөлекке қарап жатайын» деп, өзі аманат етіпті», — деп деректейді

 Мәйітті өзен маңында жылқы терісінен жасалған сөремен сақтап, мамыр айында Баянжүрек тауының етегіне жерлейді. Тәнеке батырдың мазары Арасанға баратын жолға тақау «Түкі кезеңі» деген жерде. 1898 жылы Н.Пантусов: «Халыққа белгілі Жетісудың Тәнеке батыр Досетұлының мазары Қапал қаласы мен Арасан станицасы пошта жолының, Қапалдан Арасанға бара жатқанда, оң жағында орналасқан», — деп жазады. Байтулақұлы Мүсәпір Тәнекенің рухына бағыштап, Қопа деген өзекте асқа бара алмаған кедей-кемшінге нәзір-ас өткізеді. Нәзір-асқа сойыс жылқыларды жігіттеріне Тәнекенің малынан алдырыпты.

 

1898 жылы Н.Пантусов түсірген Тәнеке батыр мазары. Ақ киімді Н.Пантусов

 

  Н.Пантусов жазба есебі   

 

Тәнеке батыр қорымы

 

Н.Пантусов Тәнеке батыр мазарына археологиялық зерттеумен 1898 жылы, 18 шілде күні барған. Қорымды суретке түсірген. Мазар биіктігі үш қабатты үйге тең. Мазардың үстіңгі жабық тұрпы баланың бесігі іспетті. Мазарда есік, кішкене екі терезесі бар. Астыңғы қабат қабырғасы қалың, одан бір кірпіш екінші қабат қабырғасы жұқа, үшінші қабаттың екінші қабаттан бір кірпіш қабырғасы тағы жұқа тұрғызылған. Мазар топырақтан жасалған кірпіштермен үлкен көлемде, биіктігі кісі бойы, төрт бұрышты қаланып қоршалған. Кірпіш қоршауының тұғыры жақпар тастардан салынған.

 Тәнекені қазақтар «әулие» санаған. Мазарына халық ұдайы келіп, түнеп жатқан. Бала көтермеген әйелдер бала көтерген. Бірі жақсылық тілесе, бірі құрбан шалып, дұғасын бағыштап, рухы қолдап жүруіне ниет жасаған. Қиянат көріп немесе өмірден түніліп, қиналғандар нәубәт ауырлықтарынан арылған. Қалқабайұлы Маман 1891 жылы Тәнеке батыр рухына құрбан мал шалып, құран-дұғасын бағыштайды. Бір атадан тараған Қалқабай мен Тәнеке ұрпақтары ауыз бірлікте болуын, кіндігінен тараған ұрпақтары болыс сайлануына аруағы қолдауын тілейді. Тілегі қабыл болғаны тарихтан белгілі.

Ұйысқан Тәнеке батыр ұрпақтары қуғын-сүргін тауқыметін тартты. Айдалды. Сотталды. Атылды. Қытайға асты. Босты. Бір жерде екі үй қалмады. Бытырады. Бір-бірін танымас қылды. Тәнекенің есімін атауға қорықты.

 

*       *        *

 Егемен ел. Тәуелсіз мемлекет. Тәнеке батыр есімімен Қапал мен Талдықорғанда көше атаулары бар. Оның өзі шет жақтарында. «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры», «Киелі, қастерлі орын», «Өлке тануға» байланысты бірегей тұлға Тәнеке батырды жас ұрпаққа болым жасар кез жетті. Іс оңға бассын.