Ең алдымен,  оқырмандарымды, ұстаздарды бүгінгі «Білім күнімен» құттықтай отырып, барлықтарына үлкен шығармашылық табыстар тілеймін!

  Осы мерекеге орай,  сайтымның бүгінгі парағында  қазақ жерінде ашылған ең алғашқы мектептің бірі — Ақсу жеріндегі Мамания мектебіне  байланысты әр кездерде  баспасөздерде жарияланған тағы біраз танымдық жазбалардың  топтамасын   ұсынып  отырмын.

   Атап айтқанда  2012 жылы жарияланған Жемісбек Толымбековтың "Зиялыларды баптаған Мамания мектебі" мақаласы, өткен  жылы "БАРЛЫБЕК ҚАРАҒАШТАҒЫ «МАМАНИЯ» МЕКТЕБІН АШТЫРҒАН" деген атаумен Елдос Тоқтарбаймен өткізілген сұхбат жазбасы және «Маман жаққан шырақ еді сөнбейтін» деген тарихи дастан.  Қабыл алыңыздар! 

 

 

 

 

Зиялыларды баптаған Мамания мектебі

 

Жемісбек ТОЛЫМБЕКОВ,

«Алатау» газеті   3 Ақпан 2012 жыл

   Жетісудағы Ақсу өңірі ең алғашқылар қатарында білім бұлағына құндарлы құлшыныс жасаған өлке саналады. Маман құттың ұлы Тұрысбек қажы көптеген жиған қаражатын «милләт» жолына, білім мен ағарту ісіне жұмсайды. Тұрысбек қажы екі мәрте қажылыққа барып, 18 жыл болыстық қызмет атқарады. Көзі тірісінде Тұрысбек қажы Құдайберген, Тәңірберген, Исмайыл деген балалары мен інісі Есенқұлды  Семей,  Уфа,  Омбы қалаларынан білімге оқытып, сауда жасауға да үйретеді. Тұрысбек қажы 1860 жылдан бастап ағартушылық ісіне пейіл бұрып, ел өркені жастардың сауатын ашуға үлкен ишарат істер жүргізіп, 1876 жылы 10 қыркүйекте Станислав лентасына тағылған үлкен «күміс» медальмен, 1880 жылы 31 желтоқсанда, ақ патшаның жарлығымен, халық ағарту ісіне қаржылай үлес қосқаны үшін, Анна ленталы «алтын» медальмен марапатталыпты.
 

   Тұрысбектің көрсеткен ағартушылық үлгі жолын жалғаған балалары Құдайберген, Тәңірберген інілері Сейітбаттал, Есенқұл қажылар 20-30 мың ақша жұмсап, жаңа дәуірге сай мектепті «Мамания» деп атап, Қарағашта салдырады. Ол туралы «Айқапқа», № 7, 1913 жылы Көлбай Төгісов: «Тұрысбектің балалары Құдайберген, Тәңірберген әпенділер һәм інілері Сейітбаттал мен Есенқұл қажылар Тұрысбек көрсеткен жолынан айрылмай, 20-30 мың сом ақшаға «Мамания» есімді мектеп салдырды», — деп жазады. Мамановтар әулеті мектеп пен үйлер салуға құрылыс материалдарын: қаңылтырды Омбыдан, есік-терезені Керекуден, қызыл кірпішті Семейден сатып әкеледі. Жаңа мектеп салуға шеберлерді Уфа, Ташкент, Алматы, Семейден алдыртады. Жалпы жаңа үлгідегі мектеп құрылысын Сейітбаттал қажы басқарыпты.

   Мамания  жаңа  әдісті  мектеп  салынбай тұрып, Қарағашта  1899  жылы Тұрысбек қажы салғызған үшжылдық жадит медресесі мен мешіт болып, атауына ешқандай «ия» қосылмай, Маман құттың көзінің тірі кезінде-ақ, балалары  әкесінің  есімімен  «Маман» жадит  медресесі  деп  атайды.  Онда  дін-шариғат,  әптиек  сүрелерін  имам Уәлиұлы Хасен молда мен мешіт азаншысы, елі керей, кезінде Зайсаннан бір болыстың қыспағынан қашып келген Омар  деген  мәзін  оқытады.  Хасен  молданың  туған  жері  Тройцк,  Тосым  болысы. Білім алған жері Самарқан, Бұхар, Ташкент. Тұрысбек қажы Меккеден қайтып келе жатып, Хасенді Бұхарадан арнайы әкеледі. Хасен  молданың  нәсілі татар. Хасен молдадан Біләл Сүлеев, Ілияс Жансүгіров, Ғали Орманов дін, құран дәрістерін оқып, «Шәротсала» кітабынан намаз жайын біліп, білім алыпты. Ілияс Жансүгіров Сүттігенде Хасен молдадан бір жарым ай ғана уақыт дәріс алған, өйткені тұратын дұрыс үйі болмай және ауырып қалуына байланысты  оқуды  жалғастыра алмаған. Жалпы бұл 3 жылдық медреседе 102 шәкірт оқыпты. Хасен молда отыз жыл бойы ауылдық балаларды оқытқан өз заманының білгірі, ел шежіресін, әдебиетін, тарихын жазған ізденгіштігімен танымал болыпты. Өз қолжазба  дәптер, кітаптарымен қатар, мол жинақ кітапханасы да болған. І.Жансүгіров  Уәлиұлы  Хасен молданың қолжазбасынан  «бұл  шығарманы қазақ  әдебиетінің  тарихы  толық  емес» деп, екі қоржын шығармаларды таңдап алған. Хасен молда 1933 жылы Талдықорған түрмесінде қайтыс болады. Зираты Талдықорғандағы Шайқорған қорымында орналасқан. Оның мәйіті ең біріншілер қатарында сонда жерленеді. Шайқорған бастапқыда татарлар қорымы атанғаны да содан. Хасен молданың Қапалдағы үйі әлі сақталып тұр. Кеңес өкіметі кезінде ол үй кәсіптік-техникалық мектеп, одан жатақхана болды.

  Қарағаштағы «Маман» жадит медресесін 1905 жылы Сейітбаттал қажы 4 жылдық медресе жасап, ғимаратын жөндеп, кеңейтіп, онда арапша «төте» оқыту жүйесін енгізіп, Хасен молданың інісі Ташкент, Бұхарадан оқыған білімдар Мұхамеша білім береді. Мұхамешаны  бөтен  діндегі  орыстар  атып  өлтіреді.  Ескі  мешітті  өз  қаражатына Сейітбаттал қажы 1907 жылы жаңарта салып, кеңейтеді. «Маман» жадит медресесі үлгісімен қырғызда Шабдан манап 1908 жылы «Шабдан» жадит медресесін ашады.

   Мамания жаңа әдісті мектеп туралы архив құжаттарында: «Мектеп 1909 жылы ризашылықпен ашылып, жұмыс істеп, төрт кластық болды. 1912 жылы  арнайы  ашылуға  рұқсат  берілді. Мектеп тоғыз кластық болып ашылды. 1911 жылдың күзінен бастап мектепті Ғабдолғазиз Мұсағалиев басқарды. Жылына төрт мың ақшаны Құдайберген Тұрысбеков бөліп беріп отырды», — деп жазылғаны бар. Сол кезде Ғабдолғазиз Мұсағалиев Каир университетін бітірген заң қызметкері, сегіз елдің тілін білген ғалым, ойшыл-философ, шығыс елдерінің тарихын, әдебиетін зерттеуші, ағартушы-демократ болған. Ол «Мамания» мектебіне меңгеруші болып Барлыбек Сырттановтың қолдауымен 1911 жылы келген әмбе  мектепте  қазақ, татар, ислам,  Құран  тарихынан  оқушыларға дәрістер береді. Одан Қапал уезінде ағартушылық қызметін атқарады. Ғабдолғазиз Қазан төңкерісінен кейін, өз елі Астрахань губерниясына қайтады.

  Барлыбек Сырттанов қоғам қайраткері, ерекше тапсырмаларды орындаған кіші шенеунік, Жетісу облысының іс басқармасының  іс  жүргізу  бөлімінің  меңгерушісі, 1911 жылы «Қазақ елінің уставын (конституциясын)» жазған Алаш көсемдерінің бірі. Мамания мектебінің қамқоршы, ақылшысы болған. Жетісу өлкесіне, қазаққа тәуелсіздік әпермекке тырысып, Петерборға ақ патшаға барған дәріп.

   Мамания  жаңа  әдісті мектеп Уфадағы «Ғалия» медресесінің үлгісіне ұқсап салынады. Атауына да сол себепті «ия»-ны қосады. Мектептің дәрежесін «Ғалия» медресесінің мүмкіндігіне жеткізуге онда қызмет істегендер тырысып  бағады. Уфаға Есенқұл бастаған арнайы кісілер барып, «Ғалия» медресесінің құрылу үлгісін, оқу жоспарын, қандай пәндер оқытылатыны жөнінде дерек алып келеді. Сабақ кестесі де «Ғалия» медресесіне ұқсас жасалады. Жаңа әдісті мектепте қазақ, орыс тілдері, әдебиет, есеп, физика,, зоология, ислам діні, пайғамбар өсиеттері мен хадистері, татар, қазақ тарихтары, иман-шарт, құран пәндері оқытылатын болады. Жаңа мектепте орыс тілін ересектерге үйрететін кешкілік курс та ашылады.

 

 

   Мәкей Еркінбеков дерегінде: «Мамания» медресесінің іргетасы 1906 жылы қаланып, 1909 жылы август айында аяқталды. Ел етекке қонып, күзем  алып  жатқан  қыркүйек айында ашылу салтанаты болды. Төрт кластық мектепке Қарқаралы уезінің қаракесек руынан Мұстақым Малдыбаев меңгеруші болып тағайындалды. Қарағаштағы Мамания мектебінің ашылу салтанатына Барлыбек Сырттанов пен Мұстақым Малдыбаевтың арнайы шақыртуымен атақты әнші Майра Уәлиқызы келді» — деп жазады. Мұстақым Малдыбаев — сол кездегі белгілі жазушы, публицист, демократ-ағартушы, ғалым, Ахмет Байтұрсыновтың тілеулесі, ағартушылық істерін ұлықтаған досы саналады.

   Мәкей Еркінбеков 1905—1913 жылдары Қапалдағы 7 жылдық татар мектебін, 1927 жылы сол Қапалда ашылған педтехникумды бітірген ұстаз. Мәкей Сұлтанбек Берсүгіровтың тікелей шәкірті және үлгі-өнегесін ұстанған, қабілетті ұйымдастырушы болған. Өз өмірінде Мәкей Еркінбеков ағарту, білім саласының үздік маманы болып, І.Жансүгіров, Ш.Шынасылов, Б.Сүлеевтермен бірге қызмет істеген парасат иесі. Талдықорған уезі мен Ақсу болысының  білім ордаларын басқарып, бірнеше жаңадан мектептер аштырып, өте зиялы, көрген-білгені мен түйгені көп, елге арда азамат саналған тұлға.

  Ақсу өңіріне келген Майра қазаққа таңсық ернін бояп, бетіне опа жағыпты. Ол туралы, Шөмшетайұлы соқыр Бекетбай ақынның батасын алған, Жаманбайдың ұлы Базарбай ақын:

«Көрдіңдер ме алау-жалау ерінің,
Осыдағы ғұрпы ма екен елінің.
Ақсақалы, сәлде киген молдасы,
Күнде көріп жүре ме екен келінін.
Құрсын бүйткен көркі де, сәні де,
Бояп алған сұлулықтың мәні не?
Әттең құл боп отырасың, амал жоқ,
Сай-сүйекті босататын әніне», — деп тамаша өлеңмен келтіріп айтыпты. «Қоштасу» өлеңінде Майра:

«Хош боп тұр, туған жерден
алыстағы ел,
Мектеп ашып, той жасап, толысқан ел.
Лепірген асау Ақсу өзеніндей,
Әндері дәулетімен молысқан ел.
Қарағаш ән шырқадым баурайында,
Сөзімді ізгілерге арнадым да», — деп келтіріп,

өзінің Қарағашта мектеп ашылу салтанатында болғанын растап береді. Майра апасына өлеңмен жа-уапты, сондағы оқытушылар мен Хасен молданың қолдауымен, Ілияс Жансүгіров береді. Ол:

«Майра апа, сіз бе едіңіз өнері асқан,
Құмар ем әніңізге бала жастан.
Сайраған үніңізді естігенде,
Тіл қаттым, жастығыма қарамастан», — деп бастап:
«Майра апай, бізді де сіз ұмытпаңыз,
Көңілді бізге деген суытпаңыз.
Көгімде әніңізді қалықтатып,
Ақсуды тағы келіп қызықтаңыз», — деген жауаппен аяқтайды.

Бұл мектеп ашылу салтанатына Шәуешектен Әсет Найманбаев та шақырылады. Әсет ақынның аяғы ісіп ауырған себепті бұл тойға келе алмай қалып,1909 жылы 9-тамыз күні үшбу хат жазып, Шәуешектегі хатшы-тәржімеші Тұрлыбек Сырттанов арқылы халыққа жолдайды. Ол хатты осы мектептің ұстазы, орыс тілі пәнінің мұғалімі Айжарықов Айманбет: «Мен Қарағаштағы игілікті істерге қанықпын. Мамания мектебі тек қол жеткендердің оқуы болмай, кедей – кембағалдардың да білімге сусындайтын ордасы болғанына қуанамын. Мектептің берер жұмысы таусылмасын! «Орамал тон болмайды, жол болады» дегендей, үш шумақ өлең жіберіп отырмын.

Уа, халқым, құтты болсын медресең,
Бек жақсы, жеміс ексең, теріп жесең.
Немерем тәлім алып, тәрбие алып,
Оқыса — өтелгені менің есем.
Шіркін-ай, ашылса ғой баяғыда,
Көнер ме ед Әсет ақын аяғына.
Көрдің бе өкіндіріп отырғаны,
Кез келіп, сүйенгенде таяғына.
Дауысым естіле ме Шәуешектен,
Еңбегің өтеледі келешекпен.
«Иллахи» кейінгі ұрпақ теріп жесін,
Жемісін аталары егіп кеткен», —

деп  оқып  беріп,  жиынға  жеткізеді.  Жаңа мектеп ашылу салтанатына сол кездегі қазақтың пір тұтар азаматтарының көбі қатысқан. Көлбай Төгісов, Мұхамедсәлім Көшімов тәрізді ел мен Алаш белсенділері болған. Ақындардың  үлкені,  бастысы  саналған  соқыр Шөмшетайұлы Бекетбай Базарбай ақынды, Әсет ақын тойға келер болса деп, сонымен  айтыстыруға  даярлап  қояды.

   Мамания  мектебінің  құндылығы  туралы  «Қапалға  да ай туды» мақаласында («Айқап», 1912 жыл, № 3) Сабыржан Ғаббасов: «Қазақтарда бір Мамановтар мектебінен басқа мектеп, медресе жоқ. Тіпті оқыту үшін қайғырушы бір адам жоқ», — деп жазады. Мамания мектебінің  игі  істері туралы («Айқап», № 7) Көлбай Төгісов: «Халық үшін мектеп ашып, кедей балаларының барлық оқуына жағдайды жасаған Қапал азаматтары Маманов, Тұрысбековтардың игі істерін көпшілікке хабардар етпекпін», — деп жазады.

  Расында, Маман құттың ұлдары Тұрысбек, Сейітбаттал, Есенқұл қажылар мен Тұрысбектің ұлдары білікті, татымды мұғалімдерді жан-жақтан шақыртып алдыртып  отырады.  Құдайберген, Тәңірберген, Солтанқұл дегендер мектепті салуға, сақтауға, оған қосымша  оқушылар  мен оқытушылар шығын қаражатын, жатын орнын жыл сайын толық көтеріп алып отырған. Мектептің оқулық кітаптары, жазу дәптері, қағаз, қарындаш, сия, сызу дүниелері т.б., мойындарында болып, оған қосымша 60 оқушыны толықтай ас-дәммен тамақтандырып, жатын орынмен қамтиды. «Айқап» пен «Қазақ» газетіне  хабарландырулар  беріп, мектепке әмісе Сейітбаттал қажының 150 мың сом қаражат байлығы болып, бір баласы Нұрғалымды Семипалат гимназиясынан оқытып, підияға шығарылатын қаржыдан кедей  балаларын  оқыту  үшін  жылда  қомақты  стипендия тағайындап отырады. Қарағашта мектеп оқушыларына арнап  өз қаражатына мешіт салдырып, жаңа мектеп құрылысына көмекке деп 7 мың сом қаражат береді. Жыл сайын мектеп оқушыларына 1,5 мың сом қаражатын үзбей беріп тұрады.

  1913 жылы қыста жаңа тәртіппен қыздарды оқыту үшін Уфадан Фатима Есенгелдина ханымды алдыртып, қыздарға арналған оқу орнын Мамания мектебінің жанынан салып, аштырып, онда 30 қыз оқиды. Архив мәліметінде  қыздарға  арнап  ашқан  оқу  «Женское училище»  деп  көрсетіледі.  Отыз оқушы қыздардың қаражатын Сейітбаттал қажы толық өзі көтеріп, оған қосымша қыздарға қол ісін  мектепте  үйретуге де ықпал жасап, тігін шеберханасын ашып қояды. Өзі  мұғалімдер  ісіне  кіріспей,  тек  қана  жақсы  істерді қолдаумен болады.

  Тұрысбектің ұлы Солтанқұл болыс 1914 жылы көктем айында өзіне қарасты 14 старшын мен елдің атқамінерлерін шақыртып алып, жиын өткізіп, балаларды Қарағаштағы мектепке оқытуға берулерін және ауылдарын қалаға ұқсас тұрғызуды талап еткен құжат сақталғаны бар.

 Есенқұл қажы мектептің іргесін кеңейтіп, мұғалімдерді жеке пәтерлермен қамтып, отын-су, еңбекақысымен қамтамасыз етеді. Ағасы Сейітбаттал 1913 жылы  2  қарашада  50 жасында қайтыс болған соң, бүкіл мектеп тіршілігі Есенқұлға жүктеліп, ол бәрін өз қарауына алады. Немере інілері Қожахмет, Тәңірберген, Солтанқұл, Құдайберген оған әмісе көмектесіп тұрады. Есенқұл қажы қазақ балаларының жоғары оқу орындарында оқып жүргендеріне қаражат беріп, көмек қылуды аямаған. Өз қаражатымен Біләл Сүлеевті Уфадағы «Ғалия» медресесінде, Орынбордағы мұғалімдер семинариясында оқытады. Қазақтың ұлттық әдебиетін өркендетуге атсалысып, «Қазақ» газетінің 1914 жылы 28 ақпанында, № 52 санында қазақ романына 2 мың сом бәйге жариялайды. 1914 жылы «Айқап» журналында Маманұлы Есенқұлдың «Романға бәйге тігемін» деген ашық хаты беріледі. Оның ашық хаты қазақтың көзі ашық, оқыған қауымын дүр  сілкіндіреді. Қазақтың ұлттық-рухани көсемдері  Ахмет  Байтұрсынов,  Әлихан  Бөкейханов,  Міржақып  Дулатов  Есенқұл Маманұлының игі ісін құптап, жақсы лебіздерін газет пен журнал арқылы жазып білдіреді.

 «Қазақ» газетінің 1914 жылы 24 мамырдағы № 24 санында, «Ашық хат азаматтарға» деген хабарламасында Маманұлы Есенқұл қажы: «Бәйгеге түскен романдарға сыншылыққа Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып  Дулатов,  Мұхаметжан Сералин, Райымжан Марсеков, Шәкәрім Құдайбердиев, Яқұп Ақбаев, Нармамбет Орманбетов, Нұрғали Құлжанов деген ардақты азаматтарды лайықтаймын», — деп жазады. Роман бәйгесіне атақты  Спандияр Көбеев, Мұхаметжан Сералин, Сұлтанмахмұт Торайғыровтан басқа тағы алты елге танымал  атақтылардың  жазған  романдары  сараптап алынады. 1914 жылы жаз айында, халық көп жиналған, Семей облысына қарасты Қоянды жәрмеңкесінде «Кім жазықты?» өлеңмен жазылған романмен Сұлтанмахмұт Торайғыров жеңімпаз атанады. 1915 жылы, № 7-8 саны, «Айқап» журналының алқасы: «Есенқұл Мамановтың романға  бәйгесі Альфред Нобель жұмысымен қатар дәрежеде болмай, піл қасында бүргедей болғанымен, құдығына  қарай қауғасы деп, жаңа ғана әдебиет жолында аяғын апыл-тапыл басып келе жатқан жұрт үшін бұл ерлік, тіпті Нобель жұмысынан да артық деп айтқымыз келеді», — деп жоғары бағалайды. Есенқұл қажының осы өнегесін 97 жылдан кейін Жетісу мен қазаққа белгілі кәсіпкер Бауыржан Оспанов қайта түлетті. Ол балалар әдебиетіне халықаралық мәреде Есенқұл Маманов атындағы жыл сайындық қомақты сомада бәйге жүлдесін 2011 жылдан бастап тағайындады.

Тәңірберген мен Құдайберген Тұрысбековтер жылына Мамания мектебіне 4-4,5 мың сома көлемінде қаржылай көмек беріп  тұрғаны  құжаттармен  деректеледі.

Кеңестік революциялық толқындарға байланысты Мамания мектебі 1917 жылы жабылады. Мектеп ішіне ревком келіп орнығады. Ең алғашқы Қарағашта үш Матай қазағынан шыққан ревком комиссары Бейсенбай Кедесов (Смайылов) екен. Мұндағы Кедесов дегені өзінің шыққан руы кедес, әкесінің есімі Смайыл болады. Ол туралы жазылған Ілияс Жансүгіровтің «Кек» пьесасы, Ж.Сейкетовтың «Ақсу аңызы» кітапшасы, Орынбек Бековтың «Қазамбайдың құйрығы», бір  малайдың  мұрыны, Бейсенбай ердің өлімі» атты үлкен фельетон мақаласы бар. Даңғыл ойлы, тапқыр сөзді Түйтебаев  Тұрлыбек  ата: «Бейсенбай Кедесов Қарағаштағы Мамания мектебін «озық» бітіріп, одан Уфадан үш жыл оқып келген еді. Қарағаштағы Мамания мектебінде 1914—1915 жылдары мұғалім болды. 1916 жылы ақ  патша  әскерінің  жұмысына  мыңбасы болып  кетіп,  Мәскеудің  түбінен  1917  жылы  оралды. Одан  Совдептің  мүшесі  болып,  ревком  комиссарлығына  тағайындалды», — деп деректейді. 1914 жылы 15 сәуірде «Айқап» журналының № 7 санындағы «Қарағаш» деген мақалада: «Бейсенбай Кедесов – Қарағаш мектебінің мұғалімі», — деп жазылған. Бейсенбай Кедесов қазақ елі қараңғылықтан шығып, күн сәулесіндей жарық атқанын орнату үшін күресуді ойлаған асыл саналады. Оның «Түн» деген өлеңінде, «Қазақ» газеті, 1914 жыл, 24 мамыр, № 63 санында, аңсаған азат күні туралы «үміт зор» деп айтылады.

  Қарағаш ауылы мен Мамания мектебінің ғимараты 1918—1920 жылдары Алашорда мен ақтардың бекінісіне айналады. Ақтар атаманы Анненков қарамағындағы Бедарев пен Осипов отрядтары Қарағашқа бекініп, 1920 жылы Қытайға асарларында мектепті және басқа да құрылыс үйлерді өртеп кетіпті.

  1924 жылы Мамания мектеп ғимаратында 4 кластық совет үлгісіндегі «Қарағаш школасы» дегізіп, жетім балаларға арналған мектеп-интернат ашылады. Жергілікті өкімет Қарағаштағы мектептің өртенбей қалған, күйген кірпіштен қаланған қабырғаларын жөндеп, еден салып, есік пен терезелерін жаңадан жасап, төбесін тақтаймен жа-уып, майлап, сылап жөнге келтіреді. 1927 жылы Қарағаш мектебі облыста панасыз балалардың көбеюіне байланысты, Шелектегі панасыз балалар үйінің жабылуына қарасты және облыс білім-ағарту саласы ұйғаруымен «Қарағаш коммунасына» айналып,

  1928 жылдан бастап 7 кластық білім бере бастап, қысқаша орысша ШКМ (школа коммуна молодежи) деп аталады. Коммунаға алғашқы директор болып Шамай Шынасылов тағайындалады. Одан кейін коммуна директорлары Мәжікен Нұрғалиев, Мәкей Еркінбеков, Есейбек Үркінбаев, Құсайын Жиреншин болады. Мұғалімдері мен тәрбиешілері болып Досымжан Балдақбаев, Әбдікеш Сүлейменов, Нұртаза Иманбеков, Арын Құсайынов, Иван Прошунин, Рахымжан Смағұлов, Базарбай Балханов, Құсмолда Тілеужанов, Иманғали Қуатбеков, Қали Айтқожин деген сол заматтың бетке ұстар біліктілері қызмет істейді. Коммуна толық шаруашылық есепте болады. Яғни, өздерін өздері сақтап асыраған. 380 гектар егіндік жері, 400 гектар жайылым жерлері болып, 500 қой, 150 сиыр, 100 аса  жылқы  асырап,  бал  ара  омартасын  ұстайды.  Коммуна  қарауында  бір су диірмен, бір наубайханаға қоса,  өте  жақсы  жабдықталған  шеберхана  мен  ұстахана  болады. Коммунада  200-ден астам оқушы оқып, барлық  шарушылыққа  қарап,  күнкөріс қамын да жасайды. 1935 жылы коммунаны бітіріп шыққандар арасынан Ақсу өңірі мен Жетісуға еңбегі сіңген Ғазиз Ұрмурзин, Күнғали Балшықбаева, Түкен Құсмолдин, Зейнеш Құсмолдин, Сейітқазы Тергеубаев, Әбілғазиз Малдыбаев, Бәкей Оспанов, Әбдікәрім Сауранбаев, Қожахан Бекеев, Қанаш Азанбаев, Адай Есенқұлов, Баянды Құсмолдин деген зиялылар болғаны белгілі.

 1935 жылы Қарағаш коммуна мектебі аудандағы үлгі-тірек мектепті ұлғайту үшін бұзылып, ескі Ақсуға көшіріледі.
Ескі Ақсуда 1913 жылы 4 кластық дәрежеде татар медресесі ашылған екен. Ол медресенің бастығы Тахауи Тойбахтин деген молда болады. Сол медресені Тұрысбек Әлсейітов, Нұрсейіт Жақыпов, К.Кебеков деген Ақсу өңіріндегі білім саласына үлес  қосқан  азаматтар  оқып  бітіреді. Ол медресе 1917 жылдан, қызыл, ақ, Алашорданың Ақсу өңіріне келуіне байланысты, 1923 жылға дейін жұмыс істемей қалады. 1923 жылы медресе орнына 4 кластық қазақ совет мектебі  ашылады.  Оны  халық  «қызыл школ» деп атайды. Сол «қызыл школ» мектепті 1928 жылдан бастап аудан  бойынша  үлгі-тірек  мектебіне  айналдырмаққа  шешім шығарылады. Үлгі-тірек мектебінің көлемін ұлғайтып, кеңейту мақсатында Қарағаш коммунасын 1935 жылы көшіріп әкеп қосып, қазіргіше  орталау  мектеп  жасалады. 1935—1937 жылдары  мектеп  меңгеруші  болып  Қанапия Махметов, 1938—1939 жылдары Әбдікәрім Төтенов, 1940—1941 жылдары Садуақас Ибраимов, 1941—1945 жылдары Ескендір Ережепов тағайындалады. 1938—1939 жылдары  мектептің  бастапқы  түлектері  тоғыз  оқушыдан,  18  оқушы  бітіріп  шығады.  Үлгі-тірек  мектебі  1935—1938  жылдарда  сол  кездегі  КСРО  Халық  ағарту комиссары Бубновтың атымен аталып, ол 1938 жылы «халық жауы» деп  ұсталып  кеткен  соң,  мектеп  қазақ  орта  мектебі  деген  атаумен қалады. Х.Әбеуов, Баймағанбетова, Тоғысбай Сүлейменов, Садуақас Ибраимов, Хамит Бейсенбеков, Михаил Давыдченко, Оразбаев, Баянды Құсмолдин, С.Қаймекин дегендер мұғалімдік қызметтер атқарады.

  1959 жылы Ақсу өзенің бергі жағынан жаңа мектеп ғимараты салынып, Ақсудың арғы бетіндегі қазақ орта мектебін соған қосып, енді 280 орындық мектеп-интернатқа айналады. 1963 жылы үш қабатты 640 орындық жаңа мектеп ғимараты салынып, атауы Ы.Алтынсарин деп аталады. 1964 жылы мектеп директоры болып Қорғанбаев Бейсебек тағайындалады. Ол мектепке 1965 жылы Ақсудағы Ю.Гагарин мектебінің оқушыларын қосып, олардың санын ұлғайтады.

  1935 жылдан 1964 жылға дейін ол мектепті 29 меңгеруші (директор) басқарыпты. 1998 жылы Ақсудағы Ы.Алтынсарин атындағы таза қазақ орта  мектебі  облыс әкімі З.Нұрқаділовтың шешімімен «Мамания» деп қайтадан мектептің атауы өзгертіледі. Шынтуайтында, бұл мектеп Ақсу өңіріндегі бұрынғы Мамания мектебінің жалғасы болып табылады.

  Қазір Қарағашта бұрынғы Мамания мектебінің іргетасы ғана қалды. Онда Маман ұрпақтары асыл тастан 1999 жылы орнатқан ескерткіш белгісі ғана тұр. Ал Маман тұсында орнатылған көшет қарағаштары әлі жайқалып өсуде. Сол себептен мекен Қарағаш деп аталғаны тарихи шындық.

 

 

 

БАРЛЫБЕК ҚАРАҒАШТАҒЫ «МАМАНИЯ» МЕКТЕБІН АШТЫРҒАН

Сұхбат

 

Жүргізуші-  Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ

National Digital History порталы
9 МАУСЫМ 2017 жыл

 

  1980—1981 жылдан бастап барлыбектанудың жемісті кезеңі басталады. Академик С. Зимановтың кеңесімен сол уақыттағы жас ғалым Сәкен Өзбекұлы бұл іске білек сыбана кіріскен Елдос, Барлыбектей тұлғаның өмір жолын зерттеп жүргендердің бірісіз, Сіздің ойыңызша жалпы Барлыбек қандай тұлға? Оның қазақ тарихындағы рөлі айқындалды ма?

 

  Барлыбек Сырттанұлы – қазақ тарихындағы аса көрнекті қайраткерлердің бірегейі. Ол – ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы  тұрмысы мен тіршілігі орыс патшалығына бағынышты болып қалған бодан да, отар елдің құқығын қорғап, қазақтың бағы да, жаны болған  жерін орыстың мұжығы мен қара шекпенінен қайтарып алып, қазақты өз алдына дербес мемлекет ел қылуды арман етіп, ұлт-азаттық жолында теңдік іздеп күрескен Алаш ардақтысы еді! Ә. Бөкейхан, Ж. Ақбай, Б. Қаратайұлы, М. Тынышпайұлы сынды ұлт мақтаныштарымен иық тіресіп Алаш идеясын насихаттаған ұлт перзенті!

 

 

  Барлыбек – өзінің бағасын фәни ғұмырында-ақ алып үлгерген тарихи тұлға. Замандасы, қоғам қайраткері Б. Қаратайұлы: «...Один ты по-моему, заслужил расположение народа. Один ты имеешь право сказать, что работал за народ. Кто же больше. Все остальные – сытые подлецы на казенных жалованьях –лишь умеют зло завидовать и змейным образом шипеть вокруг тех, кто работает, тогда как они сами пальзами не шевелят за народ», – деп оның қоғамдық-саяси қызметіне әділ бағасын берген.

Ал, бүгінгі уақыттағы біздің міндетіміз – халқына, ұлтына адал қызмет еткен Алаш қайраткерлерінің еңбектері мен өнегелі ғұмырын жастар мен жасөспірімдерге насихаттау. Олар – Отан алдындағы ақ адал істерімен-ақ, өздерінің тарихтағы бағаларын алып, руханияттағы орындарын айқындап кеткен. Біздікі –  тек насихат, дәріптеу ісі! Барлыбек дүниеге келген Қапал-Арасан өңірінің тумасымын. Арасандағы Барлыбек Сырттанов атындағы орта мектептің түлегі боламын. 2003 жылдың мамыр айындағы оқиға әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Соңғы қоңырау қарсаңында мектебімізге бір топ қонақтар келді. Бұлар – Барлыбектей арыстың ұрпақтары екен. Арасында Барлыбектің немересі Сәмет, оның қызы Альфия да бар. Бұл сапарды ұйымдастырған осы ауылдың тумасы, тарихшы-ғалым, марқұм Қайрат Адамбосынов еді. Барлыбектің ұрпақтары мектепке келіп, оқу жылын үздік бітірген оқушыларға «Б. Сырттанов  атындағы шәкіртақы» тағайындап, қуантты. Құланбаев Мұрат, Сағымбаева Маржан, Мәлтекбасов Диас сияқты сыныптастарыммен қатар мен де осы шәкіртақының иегері атандым. Бұл – бір.

  Екінші, 2006 жылы Барлыбектің туғанына 140 жыл толып, мектебімізде оның құрметіне аралған үлкен ғылыми конференция өткен-ді. Ол уақытта мен 7-сынып оқушысы едім. Сынып жетекшім Қ. Байтоғымова барлыбектанушы-ғалым С. Өзбекұлының «Барлыбек Сыртанов» деп аталған еңбегі негізінде оқушы тіліне лайықтап, «Барлыбек Сырттанов және оның замандастары» деген баяндама жазып берді. 7-сынып оқушылары атынан осы баяндаманы оқығаным және бар.

 Үшінші, студенттік жылдарымда, яғни 2 курс кезінде «құқық» пәнінен «Б. Сырттановтың құқықтық-саяси көзқарастары» деген реферат жазғанмын. Осы үштаған сәйкестік мені Барлыбектей тұлғаның ғұмыр жолын қарауыма, зерттеуіме жол ашқан болар. Оның үстіне студенттік кезеңімнен бастап алаш әдебиеті, алаш арыстарының  түрмеде, қуғын-сүргінде жүріп жазған шығармаларын зерттеп жүрген соң, бұл тақырып жаныма жақын болып шығады.

 

Барлыбектану саласы деп қалдыңыз. Жалпы Барлыбектің ғұмырнамасы қаншалықты зерттелді?

 

 ХХ ғасыр басындағы халқымыздың ары мен ұяты болған перзенттеріміздің ғұмыр жолын, мол мұрасын қарастыратын ғылым саласын алаштану деп атайтынымыз белгілі. Ал, барлыбектану – алаштану ғылымының асыл өзек, бір бөлшегі!  Барлыбектей тұлғаны тану – оның фәниден бақиға өткен кезінен басталды десем артық айтпас болар ем. Мәселен, С. Қиясовтың «Айқап» жорналына жазған некрологы, замандасы Ә. Бөкейханның  «Барлыбекті ұмытпасқа» деп аталған некрологы және шәкірті М. Тынышпайұлының «Барлыбек Сыртанов» атты некрологы – барлыбектану деп аталған ғылым саласының іргетасы. 1960—1970 жылдары Барлыбектің ғұмырнамасына назар аударғанның бірі – белгілі өлкетанушы, жазушы  Тәңірберген Қалилаханов. Тәңірберген ақсақал 1965—1967 жылдары Барлыбектің үлкен ұлы Кәкемен (Абдулқадыр) кездесіп, әкесі туралы айтқан әңгімелерін жазып алған. Өлкетанушының «Сыртанов Барлыбек  кім еді?» деген көлемді мақаласы жарияланған. Кейін ақсақалдың денсаулығы сыр беріп, төсек тартып ауырып қалады.  National Digital History порталында осы деректер жайлы ақпарат жарияланды.

 Ал, 1980—1981 жылдан бастап барлыбектанудың жемісті кезеңі басталады. Академик С. Зимановтың кеңесімен сол уақыттағы жас ғалым Сәкен Өзбекұлы бұл іске білек сыбана кіріскен екен. Сәкен ағамыздың табанды зерттеуінің нәтижесінде 1996 жылы «Барлыбек Сыртанов» атты еңбек жарық көрді. Ол халыққа Барлыбектей тұлғаны танытып, алаш арысын туған халқымен мәңгілікке қауыштырды. Бұл – алаш арысының 130 жылдық мерейтойына жасалған үлкен құрмет болатын. Сәкен ағамыз Барлыбектің қызы Қанипа әжемізді іздеп тауып, ол кісіден әкесінің «Дәрілік өсімдіктер» деп аталатын еңбегін тапты. Алғаш болып Барлыбектің «Қазақ елінің Уставы» деп аталған қазақтың тұңғыш конституциялық еңбегін көпке жария етті. Петербор, Ташкент, Алматы мұрағаттарынан тұлғаның өмір жолына қатысы бар көптеген тың деректерді тауып, мерзімді басылымдарға жариялады. Асылы Сәкен Өзбекұлы – Барлыбектей тұлғаның «бағын» ашқан үлкен ғалым. Марқұм Сәкен ағамыз ақтық демі таусылғанша  барлыбектану саласына  қажырлы еңбек сіңіріп өтті. Сәкен ағамыздың тағы бір үлкен еңбегі – Заң  ғылымы академиясын құрып, «Б. Сыртанов атындағы сыйлық» тағайындауы. Меніңше, бұл – Барлыбектей тұлғаны ұлықтау мен дәріптеудің айрықша белгісі.

 

 

Барлыбек бабамыз туралы әр жылдары жазушы Шәкен Күмісбайұлы, ақын Өтепберген Ақыпбекұлы, жазушы Жемісбек Дулатбекұлы, өлкетанушы М. Қазбанбетов азаматтар да жазды.  Заң ғылымдарының докторлары Ш. Тлепина, Н. Дулатбеков, тарих ғылымдарының докторы О. Мұхатова, заң ғылымдарының кандидаты Б. Сыздықовтар да тұлғаның заңнамалық, құқықтық еңбектерін сөз етті. Бірқатар журналистер оның еңбектері, өмір жолы туралы жазған болатын. Бірақ, өкініштісі сол – жазылған дүниелердің бірсыпырасында авторлардың өз қолтаңбасы, өзіндік үні жоқ! Яғни, профессор С. Өзбекұлының еңбегінен көшіріп, жиендік еткен екен. Бұны біз Барлыбек Сырттанұлы туралы жинақты құрастыру барысында аңғардық.

 

Елдос, «жинақ» деп қалдыңыз. Ол қандай жинақ? Қашан  жарық көрмек?

 

 2016 жылы Барлыбек бабамыз 150 жасқа толды. Алайда, оның 150 жылдық мерейтойы атаусыз қалды. Тек туған өлкесі – Ақсу  ауданында ғана аталып өтті. Тіпті, БАҚ -да Барлыбектей тұлғаның 150 жылдық мерейтойы туралы ләм-мим деген   жоқ! Міне, «жетім қыздың» кебін киген  Барлыбектей  арысты  жаңа  заманның  жас  буын  ұрпағына қайтадан танытып, оның мол мұрасын  қайтадан насихаттау керек деп шешім қабылдадым.  Мамандығым әдебиетші болған соң, алаш заманындағы әдеби процессті ғана зерттеп,  тарих ісіне араласа қоймаушы едім. Мынадай өкінішті  жағдайдан  соң,  алаш тарихымен айналысуға тура келді. «Барлыбек атамыз жетім емес, артында жоқтайтын ел-жұрты бар оразды елдің аймаңдай ұлы ғой» деген ойменен тұлға туралы жазылған, БАҚ-та жарияланған  дүниелерді  жинастырып, оның өз туындыларымен біріктіріп, биылғы Алаштың 100 жылдық мерейтойы аясында оқырман назарына ұсынуды жөн санап отырмыз.

 

Сізді Петербор мұрағатына барып, тың деректер тауып әкелді  деп естідік...

 

  Алла сәтін салып, Петербор мұрағатымен жұмыс істеуге мүмкіндік болды. Петербордағы Орталық мемлекеттік тарихи архив пен кинофотофонограмалық архив, сонымен қатар Орталық мемлекеттік архив, Санкт-Петербор  мемлекеттік  университетінің  архивтеріндегі  құжаттармен танысып, бірқатар бұрын-соңды  жарияланбаған  құжаттарды  тауып отырмыз. Бұйырса алдағы уақытта жарық көретін монографиялық еңбегімізге қосармыз.

 

 

  Петербор архивінен бөлек, жуырда алаштанушы-ғалым Б. Әбдіғалиұлы жетекшілік еткен «Алаш жолы: Өзбекстан бағыты» халықаралық ғылыми-танымдық экспедиция аясында Ташкент қаласында болдық.

  1891—1894 жылдары Барлыбек Сырттанұлы Түркістан генерал-губернаторлығының кеңсесінде жауапты қызмет атқарған. Ол уақытта генерал-губернатордың резиденциясы Ташкент қаласында орналасқан болатын. Өзбек тарихшы-ғалымдарымен кездесіп, олармен әңгімелесіп келдік. Бәлкім, алдағы уақыттағы Б. Сырттанұлының ғұмырнамасындағы Ташкент кезеңін жаңаша көзқарас арқылы бағамдайтын боламыз.

 

Барлыбектің көпке беймәлім қандай қырлары бар?

 

  Барлыбектің  ұлттық  руханиятқа қосқан үлесі ұшан-теңіз.  Кешегі жетпіс жылға созылған саяси қысым заманында, қазақ халқы өзінің түп тамырынан ажырап қалды. Оның үстіне, Барлыбек – арманда кеткен боздақ еді. Мысалы, қараңызшы: ол 1914 жылы дүниеден өтті. Алаш  қозғалысының  басы-қасында  болып,  жемісті  идеяның жүзеге асуы  барысында  белсенділік  танытып  жүрген  нағыз  ердің  жасына  келер  шағында,  ғұмыр-жапырағы үзіліп, мерт болды.  «Жасасын, Алаш, жасасын!» деген 1917—1920 жылдардағы қозғалыстың ең керемет кезеңі болған партия мен үкіметтің құрылғанын көре алмай арманда кетті. Сосын жазықсыз адамзаттың қанын төккен қызыл ту салтанат құрған шақта, алаш қозғалысына нүкте қойылды. Алаш серкелері лек-легімен қуғын-сүргінге ұшырап, түрмеге қамалды. Бұл  «байтал түгіл, бас қайғы» болған қиын заман еді. Артынан алашшылдар атылды. Осылай Барлыбектің аты өшіп, құмға сіңді. Оның халқына істеген игі ісі, еңбегі ұмыт қала берді.

 

 

   Айтылуы тиіс бір жайт – Барлыбектің ақын Әсет Найманбайұлына  А. Пушкиннің «Евгений Онегинін» романын оқып беріп, оның аударуына көмектесуі. Яғни, орыстың әдеби тіліне жетік Бәкең өлең үлгісінде жазылған романды жолма-жол қазақшалап отырса, адуынды ақын оны кестелі тілімен өрнектеп отырған болатын. Екіншіден, Барлыбектің аталас туысы Маман қажының ұрпақтарына кеңес беріп, Қарағаштағы «Мамания» мектебін аштыруы, оның оқу  бағдарламасының даярлануына атсалысуы, өзінің сол мектепте оқытушылық қызмет етуі. Петерборда оқып  жүргенінде  оқымысты  бабамыз  2000-нан астам кітап жинапты, кейін оны еліне әкелген екен. Әлгі кітаптарды оқып, танымдық көзқарасын кеңейткеннің бірі – үлкен ақынымыз Ілияс Жансүгірұлы. Бұл кітаптардың дені – батыс әдебиетінің жауһарлары, әлемдік ақыл-ой адамдарының классикалық туындылары  екен.

 Тағы бір жұртқа белгісіз дерек: Барлыбек пен «Алаш «Алаш» болғанда...» деп аталатын кітаптың авторы, аумалы-төкпелі  замандағы тарихи оқиғаларды басынан өткерген, белгілі жазушы, аудармашы Ғалым Ахмедов әулетінің бір-біріне  құда  болуы.  Барлыбектің  немересі  Ғалымның  бауырына тұрмысқа шыққан екен. Бүгінде олардан өсіп-өнген ұрпақ қазақ ғылымына, руханиятына қызмет етіп жүр. Және де Алматы қаласы тарихы музейінің «Верный» залында  Б. Сырттанұлының ас  үй жиһазы (буфет) тұр. Бұл жиһазды музейіне қорына Барлыбектің күйеубаласы Тимур Ахмедов өткізген екен. Міне, осы сияқты жұртқа беймәлім қаншама  дерек бар. Сәтін салса, шама-шарқымыз жеткенше, әрқайсысын танымдық мақала ретінде жазып, көпшілікке жариялаймыз. Бұйырса осы жылдың соңына дейін оқырман назарына  бабамыздың  өмір  жолы  мен  шығармашылығы,  қоғамдық-саяси  қызметі және оның ұрпақтары, олардың Отанымыздың дамуына қосқан үлестері туралы жазылған монографиялық еңбегімізді ұсынамыз. 

Источник: file:///C:/Users/1/Desktop/%D0%90%D0%9B%D0%A2%D0%AB%D0%9D%20%D2%B0%D0%AF%D0%9C/2.%20%D0%A2%D2%B0%D0%9B%D

2%92%D0%90%D0%9B%D0%90%D0%A0/4.%20%D0%9C%D0%90%D0%9C%D0%90%D0%9D%D0%94%D0%90%D0%A0,%20%D0%9C%D0%B5%D0%BA%D1

%82%D0%B5%D0%BF/%D0%91%D0%B0%D1%80%D0%BB%D1%8B%D0%B1%D0%B5%D0%BA%20%D2%9A%D0%B0%D1%80%D0%B0%D2%93%D0%B0%D1

%88%D1%82%D0%B0%D2%93%D1%8B%20%C2%AB%D0%9C%D0%B0%D0%BC%D0%B0%D0%BD%D0%B8%D1%8F%C2%BB%20%D0%BC%D0%B5%D0%BA%

D1%82%D0%B5%D0%B1%D1%96%D0%BD%20%D0%B0%D1%88%D1%82%D1%8B%D1%80%D2%93%D0%B0%D0%BD%20%C2%B7%20%D0%96%D0%B0%

1%80%D0%B8%D1%8F%D0%BB%D0%B0%D0%BD%D1%8B%D0%BC%D0%B4%D0%B0%D1%80%20%C2%B7%20%C2%AB%D2%9A%D0%B0%D0%B7%D0%B0

%D2%9B%D1%81%D1%82%D0%B0%D0%BD%20%D1%82%D0%B0%D1%80%D0%B8%D1%85%D1%8B%C2%BB%20%D0%BF%D0%BE%D1%80%D1%82%D0%

B0%D0%BB%D1%8B.html

 

 

 

Маман жаққан шырақ еді сөнбейтін

тарихи дастан

 

Ақжолов Нүсіпхан

Ақсу аудандық «Ақсу өңірі» газеті

1 қаңтар 2105 жыл