Құрметті оқырмандар! Сайтымда жаңадан ашылған «ДЕЛДАЛ» бөлімінің «Интернет-бизнес сабақтары»  атты  тарауына алғашқы мақаланы беріп отырмын. Ол  онлайн-бизнестің замануи және ұтымды түрінің бірі «ФРИЛАНС»  тақырыбына арналды. Танысыңыздар!

 

 

Қазіргі  уақытта ғаламтор жүйесі өзіне сай  сан-алуан  маңызды міндеттерді атқарумен бірге, инфобизнестің  қайнаған ортасы және  миллиондаған адамдар үшін  ақша табудың  ұтымды «жұмыс орны»   болғаны белгілі. Олар осы жүйенің кең мүмкіншіліктерін пайдалану арқылы   әрқилы кәсіп түрлері бойынша, оны  «үйде  отырып-ақ»  табыс  табатын құралға  айналдырып  алған. Осындай онлайн түрде «қашықтан» жұмыс істеу (удаленная работа) мүмкіндіктерін  фрилансерлік жүйе береді. Фриланс деген ұғым бүгінгі күндері көпшілікке біршама таныс деуге болады.

Дегенмен, оның қыр-сырларын терең түсіну,  мүмкіндіктерін жақсы меңгеру – біршама ізденісті, оқып-үйренуді қажет етеді. Осыған орай, бүгінгі сайтымдағы «интернет-бизнес сабақтары» аталған тараудың алғашқы мақаласын осы фриланс тақырыбынан бастап отырмын.

 

 Фриланс дегеніміз не, фрилансерлер кімдер?

 

 Фриланс (Freelance) — ағылшын тілінен шыққан сөз, «еркін жұмыс», тапсырыс берушінің нұсқауларын еркін негізде орындау деген мағынаны білдіреді. Ал функциялық жағынан келсек, фриланс дегеніміз — интернет арқылы тапсырыс беруші тарапынан  ұсынылған белгілі бір қызметтерді (жұмыстарды) басқа бір маман адамдардың «қашықтан» орындауы (удаленная работа).

Фриланс — көптеген адамдар үшін, әсіресе шағын қалалардағы тұрақты жұмыс табуы қиын және жалақысы  өте төмен болып келетін  адамдар үшін ыңғайлы.  Олар интернет арқылы  әртүрлі компаниялар мен басқа да тапсырыс берушілерге тұрақты не уақытша жұмыс жасайды. Немесе бизнес-әріптестерді  өздері тауып таңдап  алып,  тапсырмаларын  онлайн  түрде  жеке орындайды. Сол арқылы қомақты  еңбек ақысын бірден ала алады. Міне, осындай ақылы тапсырмаларды орындайтын  адамдарды  фрилансерлер  деп атайды.

Фрилансер  ешкімге, еш басшылыққа тәуелді болмайды, есеп бермейді, кіммен және қандай жұмыс істейтінін өзі ұнатып  таңдап  алады. Жұмыс істеу тәртібін өздері анықтайды, уақытын өз қалағанынша пайдаланады  және психологиялық тұрғыдан өзіне ыңғайлы жағдайда жұмыс істейді... Бұл қызметкерлер санатына жататын адамдар жеке табысын көбейту мақсатында онлайн түрде бірнеше жұмысты қатар істеуіне болады

Өз кезегінде, фрилансерді пайдалану — тапсырыс берушілер үшін де өте тиімді. Себебі, олар да орындаушы жұмысшыны өздері таңдайды,  олар үшін қандай да бір жауапкершілікті  мойындарына алмайды, жұмыс орындарын жалдамайды және еңбек  ақыларын  орындалған жұмыстың сапасына  және дер кезінде орындалғанына қарай ғана төлейді.

 

 

Фрилансерлік биржалар

 

Қажетті  ақылы жұмыстарға  тапсырыс берушілерді және оларды орындаушыларды қайдан  табуға болады?  Ондай орындар – интернеттегі  фрилансерлік биржалар болып табылады. Фрилансерлік биржа -  уақытша жұмыс беруші мен оны орындаушыларды онлайн тұрғыда табыстыратын, еңбек ресурстары мен жұмыс берушілер  шоғырланған арнайы сайттар.

Ондай сайттарды  қажет етуші адамдар (тапсырыс берушілер де, фрилансерлер де) оған  арнайы тіркеледі,  сол  жерден  онлайн арқылы істеуге болатын уақытша жұмыстарды, бос орындарды іздеп табады. Биржа екі тарапқа  делдал ретінде әрекет етеді. Тапсырыстарды қабылдап жариялайды және оны орындауға ниет білдіруші фрилансерді өзара  байланыстырады,  одан  ары тапсырма нақты орындалғаннан кейін, өзара есеп айырысуларын қамтамасыз етеді.

 

Фриланстық қызмет түрлері

 

ХХ ғасырдың аяғынан бастап  ақпараттық технология мен технологиялық прогрестің  жедел дамуымен бірге, фриланстық қызмет көрсету түрлері де көбейіп, пайдалану ауқымы да барынша ұлғаюда. Соған орай, инфобизнес саласында, онлайн тұрғыда жеке тапсырыстармен атқаруға болатын IT-саласы, сайттар жасау, дизайндық жұмыстар, құжаттаманы өңдеу және мәтіндерді жазу, т.б. қызмет түрлері бойынша  қажет етілетін мамандарға да тұрақты сұраныс бар. Олардың жеке табыс табу мүмкіндігі де артып келеді.

Сондай  фрилансер қызметтердің  қазіргі таңда негізгілері болып  саналатын түрлері мен бағыттарын төмендегіше көрсетуге болады.

 

     *       *       *

 

Мәтіндерді жазу және өңдеу (редакциялау)

МӘТІНДЕР – кітаптар мен оқулықтар,  баспасөз беттері құралдарындағы сияқты, интернетте де  басты контент (жазбалар) болып табылады. Сондықтан да  олармен жұмыс істей алатын (сауатты,  жедел  дайындайтын  және өңдейтін)  адамдар барынша сұранысқа ие болып келеді.

  • Копирайтерлер. Копирайтер дегеніміз — іс берушілердің тапсырмасымен    коммерциялық және ақпараттық бірегей мәтіндерді (мақалалар, шығармалар, курстық және дипломдық жұмыстар, т.с.с.)  жазып  дайындайтын адам. Олар  түрлі тақырыптарға мақалалар жаза алатын әмбебап болып келеді.  Мақала жасау кезінде көптеген ақпарат көздерін пайдаланады, ол мәтіннің семантикасын және оның бірегейлігін бағалауға мүмкіндік беретін ресурстарды пайдалана алады.

  Олардың арасынан сайттарға тікелей жұмыс істейтін, олардың аудиториясы үшін  мақсатты түрде қажетті және қызықты мазмұндағы тапсырыстық  мақалалар,  «сатылатын»,  жарнамалық және басқа да мәтіндік материалдар жазатын, ақпараттық шолулар жасайтын, ынтымақтастық негізде ірі жобалармен жұмыс істей алатын копирайтерлер ерекше  сұранысқа ие.

  • Рерайтерлер — басқа авторлық шығармашылықтардың   бастапқы мәтіндерін өз сөздерімен өзгерте отырып, қайта өңделген, алайда  негізгі мағынасы терең  сақталған,   жаңаша түрдегі дүние шығара алатын маман адамдар.
  • Редакторлар – дайын жазбалар мәтіндердегі қателіктер мен кемшіліктерін тексеріп түзететін орындаушылар.
  • Аудармашылар — тапсырыстарға байланысты ұсынылған әр түрлі ақпаратты жазбаларды,  құжаттарды,  хаттарды және басқа мәтіндерді бір тілден екіншісіне немесе бірнеше тілдерге аударып беретін маман болып табылады. Олар да «қашықтан» жұмыс істей алады.
  • Транскрибаторлар. Транскрибация  дегеніміз аудио– және бейнежазбалардағы  сөздерді мәтінге аудару. Яғни, фрилансерлық биржаларда ұсынылған аудио немесе бейнежазбаларды қабылдап алып, қойылған шарттарына сай оларда жазылған сөздерді  еш өзгертпей немесе кейінірек редакциялауға ыңғайлы мәтінді құжат ретінде көшіріп беру. Осындай  жұмыстармен айналысушыларды  транскрибаторлар  деп атайды.

Аудио  сөздерін мәтінді форматта аударуды көбінесе  әртүрлі компаниялар, ақпараттық-бизнесмендер, шығармашылық адамдары, журналистер, лекторлар, оқытушылар мен студенттер   қажет  етеді,  солар тапсырыстар береді.

 Осыған орай, транскрибаторлардың қызметі арқылы аудио-бейне құралдарына жазылған дәрістер, семинарлар-вебинарлар,  соттар отырыстары,  сұхбаттар, телефонда жазылған  сөздері, телешоулар, т.б.сөздер мәтіндік нұсқаларға аударылады.

 

Картинки по запросу Копирайтер

 

   *       *       *

 

Электронды кітап дайындаушылар.

 

Электронды кітаптар дегеніміз — оларды оқудың жаңа технологиясы,  қағаздық нұсқасының цифрлық түрдегі электрондық түрі, шығармашылықтар файлдары.

Электронды кітаптарға тапсырыс берушілер негізінен шығармашылық, өнер адамдары; оқу орындары мұғалімдері, кітапхана қызметкерлері; кәсіпкерлер, іскер адамдар және жеке адамдар мен отбасылар бола алады.

Электронды кітап дайындаушылар осындай  ұсынушылардың дайындап берген  жазбалық мәтіндерін онлайн  кітапқа айналдырып береді.

 

   *       *       *  

 

Графикалық  дизайнерлер

 

 Олар фриланстық биржалар  арқылы сайттарға және  компаниялардың, бизнес иелерінің, жеке тұлғалардың тапсырыстарына сай жарнамалық дүниелердің (баннерлер, билбордтар, стендтер, эмблемалар, логотиптер, т.с.с.) эскиздерін жасайды. Мұндай мамандар журналдар мен кітапшаларды, парақшалар мен буклеттерді, күнтізбелерді және т.б жасап бере алады. Олар шынайы шығармашылық мамандар болғандықтан әрқашан  үлкен сұранысқа ие.

 

   *       *       *

 

Бейнероликтер жасаушылар

 

Олар — тапсырушылардың идеялары, берген тақырыптары  бойынша ақылы түрде бейнероликтер, — фильмдер, — слайдтар жасап беретін адамдар.

Бүгіндері белгілі бір тақырыптарға бейнероликтер дайындау кеңінен таралған. Оларды әртүрлі мақсатта  пайдалануға болады. Мәселен:

  • Туыстардың, достардың, әріптестердің мерекелік күндеріне тамаша бейнероликтер дайындап ұсыну — керемет сыйлық!
  • Авторлық еңбектерді, шығармашылықтарды бейнелік тұрғыда таныстыру (презентация) өте әсерлі болады.
  • Бейнематериалдар көмегімен компаниялардың, іскер адамдардың, өнімдерін, авторлық шығармаларды интернетте жарнамалау — өте тиімді және әсерлі құрал.

Бейнероликтерді  құрастыру, оған  әсерлерді (эффекты) қосу, музыкамен сүйемелдеу,  олар үшін қажетті бағдарламаларды пайдалана білу біршама білімділікті, тәжрибені қажет етеді.

 

    *       *       *

 

Сайт  жасаушылар, веб-дизайнерлер

 

Бірнеше жылдар  бұрын ғаламтор жүйесіндегі сайттарды «веб-мастер» аталатын мамандар  ғана жасай алатын. Қазіргі уақытта оны біраз ізденіс-сабақтардан кейін не үйретушілер көмегімен әр адам өзі  жасай алады.

Солай десек те, веб-сайтты жасаушы мамандарға  сұраныс азаймаса төмендеген жоқ. Себебі, заманауи ақпараттық технологиялар үнемі даму үстінде, ал оның қыр-сырларын толық меңгерген және бәрін жоғары  деңгейде жасай алатын адамдар әлі де  аз. Бұрындары сайтты бір адам жасай алған болса, қазір оны веб-дизайнер, сайтты құрастырушы, веб-бағдарламашы сияқты  3-4 маман бірлесе жасайды.  Олар арнайы веб-студияларда атқарылады. Алайда, барлық тұтынушылардың «қалтасы» олардың  қызметтерін көтере алмайды.

 

Картинки по запросу веб-дизайнеры

 

Сондықтан олар сайт жасаумен  айналысатын фрилансерлерге жүгінеді. Олар офисті жалдау үшін төлем жасамайды, басқа қызметкерлер көмегіне жүгінбейді, яғни қызметтерінің құны арзан болады. Веб-дизайнерлердің  міндеті – сайттардың дизайны мен стилін жасау, оларды мақсатты аудитория үшін көркемдік тұрғыда тартымды, әдемі және қолайлы етіп безендіру болып табылдады.  Веб-беттерді жасайды және оларды веб-сайттарға біріктіре алады. Оларға әртүрлі графикалық элементтерді — баннерлер мен логотиптердің орналастырады, суреттермен, фотолармен, иллюстрациялармен толтырумен айналысады.

   *       *       *

Фрилансерлік қызметтердің басқа да түрлері жеткілікті ...

 

Мақала соңында:

  1. Қажеттілік болған жағдайда «Фриланс» тақырыбына және «фриланстық қызметтердің» әр түрлері бойынша жеке танымдық мақалалар беру жалғасатын болады.
  2. Егер «Фриланстық қызмет көрсету» тақырыбына қызығушылық пайда болып, оның бір түрлерімен айналысқыңыз келсе, немесе керісінше, қажеттілік туып олардың қызметін пайдаланғыңыз келсе, сайтыма, оның осы «ДЕЛДАЛ»  бөліміне хабарласуыңызға болады.