Рухына тағзым етер бабаларым

1

Бұл парақта қазақ елі тарихында «өзіндік орындары» болған, Жетісу өлкесінің Ақсу өңірі халқының ерекше құрмет тұтар, рухына тағзым етер бабалары -біраз дана көсем, дара батыр тұлғалары деректер берілді. Танысыңыздар, біле жүріңіздер!

 

 

Рухына тағзым етер бабаларым

 

Лепсі, Ақсу, Бүйен, Басқан, Сарқан,

Толқыны тас көтеріп аққан тарпаң.

Егін салып, мал жайып жағасында,

Сайрандап қайран елім етті дархан.

Қонатын саясында кернеп елім,

Қаракерей Қабанбай, ер Бөрібай,

Батыр Шоңай, Бұғыбай, Сәрмендемен,

Ежелден сол бес өзен жерлегенім.

Қалмақты Жетісудан қуған солар,

Түсірген табанына сермегенін.

                                     Қуат Терібаев

 

  Егеменді ел болып, еркіндік алып есін жинаған қазақ елі бүгінгі таңда өзінің түпкі тарихына тереңдеп бойлай бастады. «Тарих деген –ел  тағдыры» десек, сол елі мен жері, келешек ұрпағының бақыты, бостандығы үшін күрескен, халқының басына түскен тауқыметті қайыспай көтерген батырларын, қара қылды қақ жарып, әділеттің жақтаушысы болған би-көсемдерін, көріпкелді әулиелерін танып-білу бүгінгі ұрпақ үшін қажеттілікке айналды. Осы мақсатта айтарлықтай жұмыстар жасалып, халықтың азаттығы жолында ерекше аты қалған азаматтарының есімдері айқындалып, еске алынып, олардың мерейғұмырлық  тойлары бүкілхалықтық деңгейде аталып, «ас беру», ескерткіштер қою сияқты танымдық шаралары көптеп өткізіле бастады.  «Рухы биік елдің- тұғыры да биік»,  деген қағида негізінде сол ерлеріне тағзым ету- бүгінгі және алдағы ұрпақтың пенделік, адамгершілік парызы. Сонда ғана елдіктің, ұлтжандылықтың үндестігі үзілмейді, ұлт намысы биікте тұрады.

  Ақсу жерінің қасиетті топырағы да  елден адал, дана туған, көптен дара тұрған, еліне қорған болған, жұрты көсем деп мойындаған сондай кесек жандардан кенде болған емес. Алайда, қазақ елі тарихындағы батырлар санатына жататын Ақсу өңіріндегі тұлғалардың бәрін танып-біліп болдық деп айта алмаймыз. Кітабымыздың осы бөлімінде негізінен өмірлік және ерлік жолдары туралы бізге жеткен нақты деректері бар біраз  батыр және көсем бабаларымыз айтылады.

 

 

КАПТАҒАЙ Батыр

 

Қазақ хандығын құруға қатысқан батыр, ру басы.  Төлегетайдың бір немересі Матайдан туған ол 15-ші ғасырда өмір сүрген.  «Қаптағай»- моңғол сөзі. Таудағы ашулы, жабайы түйені солай атаған», — деп жазады.  Көне түрікте,  әсіресе,  наймандарда өз батыр-билерін Бұқа, Бура, Қаптағай, Қабан, Барақ, Төбет деп атайтын үрдіс болған.  Соғыстарда найман тайпасының ұранына айналған. Оның ұрпақтары Қазан төңкерісіне дейін Ақсу, Сарқан, Бүйен өзендерінің алқабын, сонау Қаратал, Балқаш жерлерін мекендеген...

«Қазақ энциклопедиясының» алтыншы томында және көрнекті жазушы І.Есенберлиннің тарихи «Алмас қылыш» романындағы деректерде: «Қаптағай Әбілқайыр хан, Қобыланды батыр және Ақжол қазы, бимен тұстас, ХV ғасырда өмір сүрген тарихи тұлға. Ол Керей мен  Әз-Жәнібек хандармен бірге Қазақ хандығын  құрып, нығайтуға қатысқан,  үзеңгілес қаруласы болып, Темір әулетімен Сығанақ, Созақ, Отырар, Ясы қалаларын азат ету үшін ұрыста мерт болған. Денесі Ташкент маңына жерленген», — делінеді.

Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарихи Рашиди» кітабында Бұйдаш ханның туы астына кімдердің жиналғанын айта келіп, «Найман жасағын бастап Қаптағай батыр келді», — деп деректейді. И.Калашниковтың «Жестокий век» кітабында Қаптағай   Батыр Шыңғыс ханның Пекин мен Шанхай қалаларының арасындағы қытайларды бағындырған қолбасшы ретінде баяндалған. Ол қазақ халқының дербес мемлекет болу жолындағы күресте «Найзаның ұшымен, қылыштың жүзімен, білектің күшімен» Алтын Орданың шаңырағын көтеріп,  іргесін берік қорғап, сырттан анталаған көп дұшпанға бел алдырмаған батырлардың бірі. Ер Қаптағай туралы «Сегіз арыс, тоғыз таңба» деген еңбегінде ақын Қалихан Алтынбаев: «ХV ғасырдан бастап, «ақтабан шұбырындыға» дейін бүкіл Найманның ортақ ұраны «Қаптағай» болған. Ол Өзбек хандығын басқарған Әбілқайыр ханнан қазақ ұлыстарын бөліп әкетушілердің біреуі."

Ер Қаптағайдың қай уақытта, қалай қайтыс болғаны жөнінде нақты деректер жоқ. Жеке бір деректер бойынша  Батыр шау тартқан шағында Қазақ ханы Тайыр мен Абдрашиттің арасындағы болған үлкен ұрыста ауыр жараланып, ақыры содан мерт болған деседі...  Қаптағай бабамыздың қабірі Түркістан өлкесінде, ежелгі Сауран қамалының түбінде жатыр. 1993 ж. Түркістан, Сауран маңайында тұратын ағайындар Қаптағай бабамыздың туғанына 500 жыл толуына арнап, үлкен ас берді.

 

 

ҚАРА батыр ( 1670—1750)

 

Матайдың  Төртқарасы  Байқондының ұрпағы.  Нақты аты Ықан делінеді. «Ақтабан шұбырынды» заманында  Ұлытау, Шыңғыстау, Сарысу өңірлеріндегі ұрыстарға қатысқан. Есімі «Еңлік-Кебек» трагедиялық шығармасынан белгілі Еңліктің әкесі . Сол  жөнінде  қисса  желісінде  айтылады:

 

Атым–Еңлік, мына шал–менің әкем,

Малы көп, бірақ еркек баладан кем.

Жасында бұл да өзіңдей батыр еді,

Қор болып осы күнде әркімге жем...

 

   

БӨРІБАЙ  батыр

(1699—1756/60)

 

БӨРІБАЙ  батыр

 

Батыр, ру басы.  ХV111 ғасырдағы Матай елінің ұраны — Бөрібай, таңбасы – бөрі, қылыш болған.  Бөрібай батырдың арғы тегі Найман тайпасы көсемдерінің бірі, ру басы Қаптағай батырдан басталады. Қаптағай батырдың Сары би атанған бір ұрпағы да қазақ хандығының дәуірлеу кезеңінде қоғамдық істердің бел ортасында болады. Белгілі тарихшы Әбдікәрім Хасеновтың зерттеуінде: “...Бұл Матай Бөрібай батырдың әкесі Сары мырза болуы мүмкін. 1668—1689 ж. қазақ елшілігін басқарып барғанда, орыс үкімет орындары ұстап қалады, сонда қайтыс болады" деп көрсетеді. (“Үш ғасыр иінінде” мақаласы. “Қазақ әдебиеті ” газеті. 1992 ж. 7 ақпан).

Яғни, Сары би Қазақ хандығының дипломатиялық қатынастарына, даладағы және еларалық қоғамдық істерге араласқан тарихи тұлға. Бөрібай батыр осы Сары бидің ұлы.    Деректер бойынша 1699 жылы   Ақсу аумағында туған. Ол жоңғар басқыншыларына қарсы майдан ашқан, оның алдыңғы шебінде болған қазақтың атақты батырларының бірі ретінде мадақталады. Халық шежірелерінде Бөрібай батырдың есімі  Шоңай,  Қаракерей Қабанбай батырлармен қатар аталып, олармен үзеңгілес, пікірлес және тағдырлас болғаны айтылады. Жоңғар жаугершілігінде Бөрібай батырдың өз елін бастап Жетісудан Сыр, Арқаға көшіргенін Қожаберген жырау «Елім-ай» жырында келтіреді. «Бөрібай батыр 1728 ж. Торғай даласының оңтүстік шығысында Бұланты өзенінің бойында тарихта «Қалмақ қырған» деп аталып кеткен шешуші ұрыста асқан ерлік көрсетеді. Тарихи маңызы үлкен шайқасқа Қабанбай, Жаңатай, мүйізді Өтеген, Жәнібек, Бөгенбай сынды қазақтың батырлары сияқты Бөрібай өз қосындарымен келіп қатысады» (М.Тынышбаев. Материалы к истории киргиз- казахского народа. Ташкент. 1925, 18- бет ). 

Қабанбай бабамыз Бөрібай батырды аға тұтып, құрметтеген. Матай елі әр түскен олжадан, ұранға есімі шыққан Бөрібай батыр әруағының құрметіне «Бөрібай сыбағасы» деп еректеп, бөліп отырғандары туралы беріге дейін  әңгіме бар.

Бөрібай батыр жоңғар-қалмақтарға қарсы  шайқаста Қоңырат, Найман, Жалайыр, Қарақалпақ, Тобықты руларының басын біріктіріп, Сарысудың бойында «Телікөл» деген жерде қырық мыңдық сарбазбен елу мыңдық қалмақ әскеріне алғашқы соққы береді. (Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастаны, «Үш пайғамбар» кітабы, 181-бет)  

Шежіре білетіндер бұл тұста Бөрібайдың жасы жетпістен асқанын, соғыс тактикасы мен стратегиясын жете меңгерген шебер қолбасы ретінде аталады. Сол шежіреге сенер болсақ,  қалмақтар соғыстың айла-тәсілін жете білетін Бөрібай батырды алдымен құртуды ойластырады. Ол үшін өмірі шегінуді білмейтін қарт батырға қарсы еш жеңіліп көрмеген қалмақтың ең бір қанды қол батыры — Қапалды жекпе-жекке шығарады. Отыздың ішіндегі Қапал қайткенде жетпістен асқан Бөрібай шалды жеңеді деп есептесе керек. Бірақ, бәрі керісінше болып, ақ сақалы омырауын жапқан қарт желді күнгі қырандай жау үстінде ойнайды. Тіктеп салған найзасы жау батырының жауырынынан бірақ шығады.

Бөрібай батыр майдан үстінде жауынан мерейі үстем болғанымен, сондағы алған жарадан үйіне келген соң ағайын-туған алдында: “Арман жоқ. Жау жығасын жығып өлдім. Бұдан артық адал, шейіт өлімді құдайдан сұрап алармысың?” деп, көз жұмыпты. Абылай хан Бөрібай батырдың сол ерлік жеңісін жоғары бағалап, хандық жарлығымен бұйыра: «Есімің Матай елінің ұраны болсын!» — депті... Содан  Бөрібай  Матайға,  өзінің  атасы  Асанның  алты баласынан тарайтын ұрпақтары ұранына айналып, ер–азаматтар жаугершіліктерде,   жарыс – бәйгелерде   “Бөрібайлап”   шабатын  болған.

 

“...Намысқой елдің арасынан небір жау жүрек батырлар шықты. Қаракерей Қабанбай, жұмық Даулетбай, төбет Қапал, мұрын Боранбай, тұма Шыңқожа, тоқпан Қалабай, аталық Қайнар, садыр Алдияр, матай Бөрібай жаудың сағын сындырып, елдің рухын көтерді. Біздің алдымызда тұрған негізгі міндет – елімізге қорған болған бабаларымыздың жер аттары мен кесенелерін қалпына келтіру. Бөрібайдың кесенесі “Телікөл” көлінің маңында,  Қызылорда- Жезқазған жолынан 40 шақырым бұрылыста, дөңес жерде салыныпты. Бөрібай кесенесі маңдайшасындағы жазуды өз көзімізбен көріп едік, қазір ол белгі жоқ. Зират сыртынан төрт бұрышты, ішіне кірсең сегіз бұрышты”. (“Егемен Қазақстан”, 1993 ж. 29 наурыз. Манат Бейсенбаев, Қазақстан Сәулетшілер Одағының мүшесі.”).

Батыр жайлы мынандай да дерек бар: Бөрібай батыр 1699 жылы туып, 1756 жылы ауыр жарақаттан қайтыс болған. Жазушы Қабдеш Жұмаділов «Дарабоз» романында: «Бөрібай батырдың бір өзі оншақты қалмақтың қоршауында қалып, ерлікпен мерт болды», — деген дерек келтіреді. Сары-Арқа жеріндегі Сарысу өзенінің бойындағы «Таңбалы тас» деген жерге Бөрібай батырдың сүйегі аманат қойылып, 1760 жылы Матай елі батыр ата мәйітін орта жүздің орталығы Түркістанға апарып, Ахмет Яссауи мазарына, жақсы жайға жерлейді.  М.Тұяқбаевтың  «Қожахмет Яссауи кесенесінде жерленген қазақ хандары мен сұлтандары» мағлұматы бойынша, кесенеде жерленген батырлар тізімінде Бөрібай батыр № 45 болып көрсетіліп, 1694 жылы туған делінеді.»  Біздің аталар да  «Бөрібай батыр 57 жасында өмірден өтті», — деп айтып, әңгімелеп отыратын болған.

Ақсу ауданымыздың аға буыны өкілдері Т.Кәрібжанов және С.Қалабаев 1999 ж. 11-18 маусымда «Қазақ әдебиеті» газетінде «Қазақтың рухы шақырады» деген айдармен берілген құжатты көрсетеді. Онда «Қожа Ахмет Иассауи кесенесіндегі Ақ сарайға қазақ халқының ел билеген хандары мен билерін, елі мен жерін қорғаған батырларын, жақсылары мен жайсаңдарын қасиетті топыраққа қайта жерленгендері жөнінде өте жақсы хабармен қатар кесенеде сақталған құлпытастар иелерінің тізімі берілген. Сол тұлғалардың қатарында 45-ші болып Матай Бөрібай 1699—1756/60 ж. тірлік құрды деп батыр бабамыздың аты тайға таңба басқандай жазылған» деп көрсетіледі.

Мұсабек Атағозин деген өз қолжазба шежіресінде: «Бөрібай батырдың бәйбішесі Алтын,  екінші әйелі Бикен, оны ел Бікен деп атаған, Бікен елі осы әйелден таралған.  Үшінші әйелінің есімі Жабай», — деп жазады. Тағы бір шежіре нұсқаларында Бөрібайдың бәйбішесінен – Құлшан, Елшен, Бәйембек; ортаншы әйелінен – Қыдыралы; кіші тоқалынан – Бікен атты қыз тарайды. Ұрпақтары ру басы санап кеткен сирек қазақ әйелдерінің бірі деп айтылады. Бөрібайдың Құлшаннан туған немересі Сырттан қазақ арасында өнер – білім үйренуде жолбасшы болған тұлға.  Оның баласы Барлыбек Сырттанов — Алаш қозғалысы қайраткерлерінің бірегейі болады.

 

 

ЕР  ТОҚПАНБЕТ  (1705- 1801)

 

Ол 1728 ж. Шұбаркөл, Бұланты өзені бойында «қалмақ қырған» аталған қазақ қолының ең алғашқы жоңғарларға қарсы тойтарыс беру соғысына, содан  кейін Алакөл маңындағы  «Аңырақай»  соғысына  қатысады. Қазақтардың 1739, 1742, 1745 жылдардағы жоңғарға қарсы тойтарыс соғыстарында да ерен ерліктер көрсетеді. 1745 жылғы жоңғармен жекпе-жек майданында қатарынан үш мәрте ұрысқа шығып, жеңіске жетеді. Сол үшін Абылай ханның «үш тоғыз өсімтал бол» деп берген батасы оң болып, Тоқпанбет кіндігінен он бір ұл болып, ұрпағынан үш мәрте тоғыз тарап, өркені өсіпті.  

Ер Тоқпанбет 10 мың, яғни бір түмен қол басқарған қолбасшы. Ол Лайсудағы «Қанды жап» келісімінің алдында, қолбасшы Бөгенбай батырдың басқаруымен жоңғарларды Итарқадағы Қоймаңырақ, Қозымаңырақтан қуған батырлардың бірі болған.  Ер Тоқпанбет жоңғар соғысынан соң,  Шыңғыс тауының өңірін иемденіп, Найман бабаның тауы деп бытырап кеткен үш Матай елін сонда шоғырлап жинаған асыл. Ер Тоқпанбеттің есімі Кенже елінің ұранына айналған. Ол 1801 жылы 96 жасында, қыста өмірден озған. Мәйіті Түркістандағы Ахмед Яссауи мазарынан жерленген.

 

 

 ШОҢАЙ батыр  

 

 Бөрібай батырмен қатарлас, үзеңгілес, майдандас болған. Олар қалың қазақ әскерінің мыңбастары болып, алғы шебінде ту иелері болып жүреді. Шоңайдың Нартайлақ, Назар ұлдары да әке жолын қуып жаугершілік атқарады, жауға шауып, ерліктеріне сай олар да батыр атанады. Аудандағы  “Қарашілік” жеріндегі олардың жерленген орны ел аузында “Қосбатыр жотасы” деп аталып кеткен. 1993 жылы  ұрпақтары,  ауыл халқы  ас беріп, мазарларын жаңартты.

 

 

ҚАЙНАР  батыр 

 

Ел жадында сақталып, ерлігі аңызға, есімі ру атына айналған Ақсу өңірінің тағы бір ер тұлғасы.   Ол Шоңай батырдың қол астында 15 жасында жауға шапқан, 20 жасында мыңбасы болған,  1757 ж. Алтай тауындағы Лайсу деген жерде қазақ — жоңғар арасында атақты “Қанды жап” келісімі жасалады. Сол келісімге Абылайханның елшісін қорғап барған Қайнар батыр өз ішінен шыққан жансыздардың сатқындығынан  ұйықтап жатқан жерінде өлтіріледі. 24 жасында қаза тапқан батырдың сүйегі сол Алтайда жатыр.  Қайнар батырдың  Құлболды,  Тәңірқұл,  Темей, Әжіғұл деген балаларынан қазіргі 10 мыңға жуық қайнар елі тарайды. Батыр туралы 1995 ж. жазушы Мұхаметәлі Қазбанбетовтың “Қайнар батыр” кітабы жарық көрді.

 

 

КӨТЕН  ТӘУІП Байғотанұлы

 

Емші, көріпкел. ХҮІІІ ғасырда өмір сүрген делінеді. Шыққан тегі Найман — Матай – Қаптағай – Ақшора. Ақшораның үлкен ұлы Ордағұлдан тараған балалардың ішіндегі Байғотаннан туған. Оның есімінің осылай аталу себебі- шешесі босана алмай қиналып жатқанда ауылға, сол кезде 37 жастағы атақты Қоңырбайұлы Көтен тәуіп келіп, аман- есен туғызып алады. Жас нәрестенің әкесі үйіне құдай айдап келген қонақтың тегін адам емес екенін түсінеді де, баласына оның есімін қояды...

Ендігі бір аңыз бойынша, ол өмірге келерде әкесі Байқотанның үйінің жанына бөтен ақ нар келіп шөгіп жатқан дейді. Ақшора бабаларын алып кеткен ақ нар туралы аңыз естерінде сақталып қалған туыстары шошынып, тездетіп жиналып, ақыл – кеңес құрып, сірә мына өмірге  келейін деп жатқан бала қасиетті болуы мүмкін, сондықтан дұрыстап дұғасын оқып, баланың атын бұрыс қою керек деп шешеді. Сол уақытта шөккен ақ нарда орнынан тұрып, ұзап барып жоқ болып кетіпті.

 Көтен Тәуіп есейе келе болашақты болжай білетін көріпкел болады. Сол сияқты,  киелі бабамыз тек адамдарды ғана емдеп емес, жан – жануар, аң – құстың да тілін білген деген аңыз да  көп. Ел аузында «жеті өлікке жан берген, жеті пірге қол берген Ақшора бабам» -деген киелі сөз әлі бар. Өзінің руы Ақшора — Шаппаларды қазіргі Алтынарық ауылына көшіріп әкеліп: «Осы жер сендерге түбінде құтты қоныс болады,  осында өсіп — өнесіңдер» деп,  өсиет қалдырады. Өзі Ақсу өзенінің арнасынан  осы ауылға дейін із сызып береді. Сол бойынша ел жабылып қазылған,  су жеткізілген  тоған Алтынарық аталады.

 

КӨТЕН  ТӘУІП Байғотанұлы  кесенесі

 

Көтен Тәуіп баба басына, еліміздің әр түпкірінен келіп тәуіп ететіндер қазірде көп. Сан-түрлі сырқаттарынан жазылып, тәуіпке деген ыстық ықыластарын жазбаша жазып қалдырып кеткендер, аңыздай айтып жүрген адамдар қаншама! 1994 жылы қасиетті бабаларының басына ұрпақтары кесене орнатты. 

 

  

ҚЫДЫРАЛЫ БИ  (1732—1807) және  ДӨСЕТ батыр (1770—1837). 

 

ҚЫДЫРАЛЫ БИ

 

Халық аузында “Көшіп кеткен Қыдыралының жұртына қон” деген мәтел қалыптасқан. Қыдыралы әулеті жайлауға көшкен кезде жұртта ошаққа ет асып қалдырып кетеді екен. Бұл- шаршап келген жолаушы тамақсыз қалмасын деген ниет болса керек. Бөрібай батырдың ұлы Би атанған Қыдыралының   үш әйелінен он бір ұл тарайды. Сол бір ағаш уықты, киіз туырлықты зар заманда өз кіндігінен тараған балаларына қоса және он бір ұл асырап, өсіріпті.  Ер жеткен соң оларға да өз балаларымен бірдей енші бөліп беріп, ел қатарына қосқан екен. «Қыдыралының он бір ұлы, он бір құлы» деген әңгіме содан өрбіген. Ол әділ би болумен қатар сөзге шешендігі де  болған.

Қыдыралының бір баласы, Дөсет әкесінің жолымен, өсиетімен өскен, халқының келешегіне қамқор болған тұлғалардың бірі.   Найза – қылышымен жауын жасқаған Дөсет батыр Жетісу жерін сырт жаулардан қорғау жолындағы шайқастардың бірінде қаза болған. Мәйіті  Қызылағаш ауылынан 12-ші шақырымдағы  дөңесте жерленген. Ол кісінің бейіті жанынан қазірдің өзінде аттылы кісі жерге түсіп, аруағына дұға арнап, өтеді. Дөсеттің әулиелігі жөнінде де ел арасында аңыз-әңгімелер көп. Оның басына кесене орнатылды.

 

 

 

                                         ТӘНЕКЕ батыр ДӨСЕТҰЛЫ 

(1807—1884)

 

ТӘНЕКЕ батыр 

 

М.Тынышбаевтың жазып тізген шежіре кестесінде “1807 ж. Қыдыралы қайтыс болды. Дәл осы жылы  Арғанаты тауларының шығысында, Тасқора шатқалында оның немересі Тәнеке батыр дүниеге келді” дейді.

Аңыз — әңгімелерге сүйенсек, Тәнеке сәби шағында аурушаң, 7 жасына дейін мешел, нәзік, болып өседі. Тәнекенің азан шақырып қойылған есімі Нұралы еді. Әкесі Дөсет өте жақсы көрген сәбиін: "Дәнекерім” деп, жиі еркелетіп отырады екен, содан “Тәнеке” деп аталуына себеп болады. Тәнеке 7 жасқа толғанда Дөсет Арқадан атақты  Алдай  бақсыны  алдыртып,  балаға ем жасатады. Жылдар өте Тәнеке кеселден құлан-таза айығып,  Дөсет  бүкіл атырапқа ұлан-асыр той жасаған екен.  

Тәнекенің ел аузына “батыр” ретінде ілінуі әр түрлі айтылады. Бір ақиқаты, Тәнеке бұл атақты өте ерте алған... Халық аузында: « Қайрақты  қайрай-қайрай,  таты шықты.  Он бесінде ел билеп,  Тәнекенің аты шықты» деген жыр жолдары сақталған. Осыған  сүйенсек, Тәнеке он бес жасында ел билігіне араласа бастаған немесе жорықтарға қатысқан.  Бұл шамамен 1822-24 жылдар. Бұл кезеңде Жетісу халқы мен көршілес қалмақ елі жауласуын әлі тоқтатпаған еді. Ақсу–Қапалға іргелес Қытайдың Біротала аймағын мекендеген қалмақтар қазақ ауылдарын тонап,  малдарын  әлсін-әлсін айдап кетіп отырған. Қазақтар да олардан қалыспай, Алатау асып, қалмақ елін барымталап  отырған. Осы тұста Дөсеттің үш ұлының қалмақтарға жасаған жорықтары туралы ел аузында сақталған көп әңгімелер бар.

 

  Туған елі мен жерінің тарихын таразылап, терең зерттеген М.Тынышбайұлының “Материалы к истории киргиз-казахского народа”  деген еңбегінде: Қыдыралы бидің немересі Тәнеке Дөсетұлы 1835—1840 ж.ж. Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліске қатысты”  деп жазған. Тағы бір деректерге сүйенсек: “Кене ханның қайғылы қазасы жөніндегі хабар қазақ даласына жетісімен, найман тайпасындағы Дөсеттің Тәнекесі деген батыры матай, қызай руларынан 2 мың қол жинап, Кенесарыны  өлтігендерді қатты жазалап қайтады.». Солай болса да, Тәнеке мен Кенесары сұлтанға қатысты әңгіменің шындығына көз жіберсек, Тәнеке Кенесары қозғалысына тікелей қатыспаған. Бұл– Кенесарының орыс әскерлерінен жеңілген тұсы, яғни көтерілістің аяқталған кезі еді. Кенесарының қырғыз жеріне кету мақсаты – соңынан  ерген халықты қайтадан жиып, жаңа күреске дайындау еді. Бұл ретте ол қырғыз манаптарына үлкен үміт артады, алайда, бұл мақсаты қырғыз жеріне барғанда, іске аспай қалғаны мәлім. Қырғыздар сұлтанға көмектесуден бас тартты. Орыстардан қаймыққан қырғыз манаптары оның өзіне жау болды.

 

  Қазақ халқының тәуелсіздігін ту қылып көтерген, ұлы даланың рухын аспандатқан Кенесарыдай асылды оққа байлап жіберген қырғыз манабы Төрегелдіні аяусыз жазалайды. Осы жөнінде  Е. Бекмахановтың “Казахстан в 20-40 годы Х1Х века” деген монографиясында:  “Кенесары қазасы оның серіктері мен қарулас достарына, қазақ даласына үлкен соққы, орны толмас қайғы болды. Кенесарының кегі үшін Қапал уезінің қазақтары қырғыз манаптарын аяусыз жазалады” деп жазылған. Бұл жерде Тәнеке бүкіл қырғыз халқын шапты деген жаңсақ ұғым болмауы керек. Тәнеке тек Кенесары мен оның серіктерін өлтіргендерді ғана жазалады. Төрегелді манаптың ауылына бара жатқан жолында басқа бірде-бір қырғыз еліне тиіспеген. Сонымен қатар Тәнеке қырғыздың Жантай манабымен дос болған.

Солай бола тұра, Кенесарының жақтасы болған Тәнеке батырдың патша үкіметі алдында зор беделге ие болуы таңқаларлық жайт. Өткен ғасырдың 20-шы жылдарының ортасына қарай Жетісу жері Ресей, Қытай және Қоқан хандықтарының көз тіккен аймағына айналды. Орыстар  қазақ даласына ендей кіре бастайды, одан Жетісу жерінің Лепсі, Ақсу, Қапал өңірлері де тыс қалмайды. 1820–46 жылдары  оларға  қарсы азаттық күрестер  бүкіл қазақ даласын қамтыйды.  Матай елімен бірге, Тәнеке де бұл көтерілісті қолдаған.  Тіптен ол 1846 жылдан ақ патша  шенділерінің  ұйғаруымен екі сайлау, яғни 1853 ж. дейін Қапал өңіріне қарасты Қапал уезіне қарасты көлдей- жұмай елінің бірінші болысы болып тағайындалады. Тәнекенің Верный, Омбы генерал губернаторлығына, көшірмесін Петерборгтағы патша ағзамға жіберген хатында, жергілікті халықтың жаз жайлап, қыс қыстап жүрген  шүйгін, шұрайлы жерлерін Қапалдағы атаман, полковник Абакумовтың тартып алып, өздерін тонап- зорлап, Балқаш көлінің маңындағы құмға айдап жібергенін хабарлайды. Хатты былай тұжырымдаған: “Сонымен бұл мәселені халық қақында ұлық мансапты құзырыңызбен жоғарыда аталған жерлерді өз руларына қайтарып беруге бұйрық беруіңізді сұрап, қаптағай, матай елінің волостной хорунжийі Тәнеке Дөсетұлы мөрімді бастым. 1857 жыл.

Хатта Қапалдағы да бір қатар жер дауын шешуді өтінген. Бұл Сібір казак әскерлері іргетасын қалаған Қапал бекінісінің маңайына ішкі Ресейден орыс қарашекпенділері 1850 жылдары лек-легімен ағыла бастаған тұс еді. Айналасы бір-екі жылда Арасанда орыс деревнясы бой көтереді. Егіншілікке де, мал шаруашылығына да қолайлы бұл өңірлерден қазақ руларын ығыстыру басталды. Осы тұста Тәнеке тағы да ерекше көзге көрінді... Орыс шенеуніктерімен таласа жүріп, қазақ руларының ата-қонысын қайтарып алады. Қапал өңірінің ең шұрайлы жері — Баянжүректі ағасы Қалқабай балаларына алып береді. Ол Қапал уезінің казак Изренко деген бір басшысы бастаған қиянатшы 40 адамды түгелдей жігіттеріне  ұстатып, матап байлап, сазайынын тірі жыландармен Жыланды аралында сабап жазалатқан делінеді

 

Тәнеке беделінің орыс үкіметі алдындағы биіктігін Ш.Уәлихановтың Қашқария сапарына да байланысты  қарастырған жөн.  Шоқанның  бұл сапарының мақсаты құпия ұсталды. Оның жол бойы жергілікті ең беделді әрі сенімді адамдар арқылы ғана алға жылжуы керек болды.  Осы мақсатта Жетісу жерінде Тәнекенің көмегі пайдаланылған. Тәнеке батыр өз сарбаздарымен Шоқанның керуенін  Қашқар қақпасына дейін жеткізеді, қазақтардың «шоқынды төре» деп оны өлтірмек болған жазалауынан құтқарады. Қырғыздың таулы өлкелерімен алып жүрген Жантай екеуінің  көмегінсіз Шоқан  өз миссиясын толық аяқтай алмас еді. Бұл сапардың аса құпия түрде ұйымдастырылуына байланысты да  Тәнекенің  есімі еш жерде айтылмайды. Архив деректерінің шынайы мәліметімен жазылған Қалмұқан Исабайдың «Өлке» баспасынан 2007 жылы шыққан  «Патшадан шен-шекпен алған қазақтар» деген кітабының 88 бетінде Дөсетов Тәнеке 1852 жылы «Анна ленталы алтын медальмен» және 1854 жылы «хорунжий» атағын алғанын, 1810 жылы туғаны жазылған.  Міне, Тәнекенің осындай дәрежеге жетуінің бір себебі осы болуы мүмкін.

Тәнеке туралы деректер Ш.Уәлиханов жазбаларында кездеседі. Шоқан Тәнекені «үлкен мұрынды, сақалды, кеудесін түгел түк басқан» деп суреттеген. Халық  арасындағы әңгімеге сай Шоқан кейінде ішкі Ресейден жер аударылып келген досы,  жазушы Ф. Достоевскиймен  Тәнеке ауылына соққан. Сонымен бірге, Тәнекенің Кенесары, Наурызбай, Шоқан, Достоевский, Жантай манап сияқты белгілі тұлғалармен  қатынасы туралы жиі айтылуы,  оның тарихи тұлға екенін дәйектей түседі.

 

  Тәнеке батыр өмірінің соңына дейін қаптағай елінің басты адамы болып, алты Асан ұрпақтарын билеп, болыс болады. Тәнеке  батыр  Ұлбай және Ырыс деген екі әйел алған. Ұлбай -  Ескелді  би мен Балпықтың жақын туысы болса, Ырыс — қарақалпақтың қызы. «Әйелі Тәнекенің Ұлбай, Ырыс,  Бірі алтын болғанда, бірі- құрыш»   Тәнеке батырдың  78 жасында,  яғни  қыста  қайтыс  болғаны  ресми деректерде айтылады.  Сүйегі  Алқапты өзенінің маңында жылқы  терісінен жасалған  сөреде  қыстай  сақталып,   одан  батырдың  өз өсиеті  бойынша Баянжүрек тауының етегіне,  «Түкінің кезеңі» деген жерге жерленеді.   Қапал мен Арасан ауылдары  арасындағы күре  жолдың  орта  шеніндегі  «Тәнекенің сөресі» аталатын ол жерге үлкен ескерткіш орнатылған.

 

 

ШИЫРБАЙ  Келдібайұлы 

 

Ақсу ауданының Қаракөз ауылында 1843 жылы дүниеге келген деп айтылады. Алайда нақты туған жылы дәлелденбеген...

Шежіре деректері бойынша Шиырбайдың шыққан тегі Матай- Аталық- Шоқпар- Барақ -Тайлақ болып келеді. Атасы Орынбай жасынан қиындықты көп көрген, кедей адам болған деседі. Оның  қос ұлы Келдібай мен Шоңай ат жалын тартып мінісімен ел  аузына ілінген, жұртының жел өтіне қорған болар ер болып өсіпті. Олардың намысқойлығы, батырлығы, балуандығы ел жадынан өшпеген...

Келдібайдың ұлы Шиырбай жасынан алғыр болып,  ел өміріне ерте араласады. Ескіше оқып-тоқығаны мол, сөзге жүйрік, тілге шешен, тапқыр адам болады. Көптеген даулы мәселелерді бейбіт шешіп, өзіндей би шешендермен сөз сайысына  түсіп отырған. «Қара қазақ бас қосса сөз бермеген, Шиырбай соғып тұрған жілім де бар» деген екен 

Омар ақын. Толыбай ұлы Арсалаң ақын айттырған қызға тоқтамай, жеті жыл ел кезіп, Қаракерейден өзіне ұнатқан қыз тауып, үш балалы болып қайта оралғанда ел арасы  үлкен дауға айналады. Сол дауға Матай мен Садыр елінің жайсаң мен жақсылары араласады,  ол  Шиырбайдың араласуымен шешімін табады. 1898 жылы  31  жасында қажылыққа барып қайтады. 

1870-90 жылдары Жетісудың тау бөктерлеріне орыс шаруалары лек-легімен көшіп келе бастайды. Олардың ішінде баукеспе сотқарлары да болады. Бірде Шиырбайлар  жайлауға көшкен халықтың малын тонап жүрген екі ұрыны қолға түсіріп, ұстап алады. Оларды түйенің құйрығына байлап, жайлауы Қараүңгірге апарып, енді қазақтарды тонамаймыз деген уәделерін алып қоя береді. Алайда, олар уәделерін бұзып,  губернаторға «бізге Шиырбай, Қиырбай сынды қазақтар күн көрсетпейді» деп арыз жазады. Содан Шиырбай Қырғызстан жеріне, соңынан Орынборға жер аударылады.  Ол Ескелді, Балпық, Жәлменде билерге жолыққан, Ескелдінің батасын алған деп айтылады. Жалмендемен ашық жарқын аралас құралас болған. Екеуінің араласуымен ағайынды Матай мен Садыр арасындағы үш жылға созылған бір дүздеараздық бітістіріліп, татуластырылады. 

Ол қырық жастан асып егделенгенде үйленеді. Қанабек, Қанапия, Мырзағали, Мұсағали, Ахметқали, Бижарас атты алты ұл болған. Үлкен ұлы Қанабек парасатты, халыққа сыйымды болыс болыпты. «Болымды  деп  Қанабекті  айт», дейді Саршуаш шешен.

Деректер бойынша Шиырбай Қызай елінде Байекенің ауылында 1904 жылы қыста қайтыс болған деседі. Аманатқа  қойылған денесін жат жұртқа қалдырмай, келесі жылы Қанабек, Бижарас балалары бар, барлығы 17 адам Ақшұнақтан арғы бетке асып барып, денесін былғарыға орап, тігіп, қадірлеп әкеледі. Өңірдің  игі жақсыларына хабар беріп, арулап мекені Қаракөз ауылының маңына жерлейді. 2009 жылы ұрпақтары аруақтың зиратын қайта тұрғызып,  үлкен ас берді.

 

  

МАМАН  Қалқабайұлы

 

МАМАН  Қалқабайұлы

 

1810 жылы Ақсу ауылында туған. Қазақтан шыққан алғашқы кәсіпкерлердің бірі, би. Тегі Найман руы Матай тармағындағы Қаптағай атасынан шыққан. ХІХ ғасырдың орта шенінде Тәнеке батырдың ағасы Қалқабай қарауындағы қалың елді Ақтасты, Күреңбел сияқты шұрайлы жерлерге қоныстандырып, отырықшылыққа баулиды. Өзі әулеті мен дәулеті шалқыған ауқатты, бай болған.

Үлкен ұлы Маман да жастайынан дәстүрлі шаруашылық жүргізу тәсілдерін меңгеріп бай болады, имандылық жолын тұтады.  1867-68 ж.ж. қажылық сапармен Меккеге барып қайтады. Жолшыбай Ресей, Түркия және Араб елдерінің тұрмыс-тіршілігіне ден қойып, береке-байлық көзі тек мал-дүние жиюда емес, өнер-білім алуда екенін көкейге түйеді. Қажылық сапардан оралған соң, Қапал уезіндегі болыстар арасындағы дау-дамайға төрелік айтып, төбе билік  құрумен қатар, елді мал бағудың өндірістік тәсілдеріне көшуге, негізгі өнімдерді айырбас сауда айналымына салуға үндейді, отырықшы тұрмыс салтының артықшылықтарын түсіндіруге талпынады.

Маман төрт әйел алған. Бәйбішесінен–Тұрысбек, Бейісбек, Ырысбек, Сейітбаттал, екінші әйелінен – Оңғарбек, үшіншісінен — Есенқұл туған.  78 жасында үйленген тоқалынан бала болмайды.  Балалары замана ағымын, уақыт талабын ерте аңғарып,  қарауындағы елді отырықшылыққа үйреткен. Әке өсиетімен “Қарағаш” деген жерге сәулетті қалашық тұрғызып, өз қаражаттарына мешіт, мектеп салдырады. Әрқайсысы қажылыққа барып, Жетісу өлкесінде ілім-білімінің, имандылық шарттарының, ұлттық кәсіпкерлік дағдыларының қалыптасып,  дамуына үлкен үлестерін қосқан.  Маман 1901 жылы қайтыс болады. 

 

 

ТҰРЫСБЕК  Маманұлы 

 

ТҰРЫСБЕК  Маманұлы

 

1843 жылы Қапал уезі, Ақтасты мекенінде өмірге келген. Маман байдың тұңғыш ұлы. Қапал қаласындағы “Якобия” медресесінде білім алған. Жастайынан татар, орыс саудагерлерімен араласып, сауда-саттықпен айналысқан. Орта Азияның Наманған, Тәшкен, Самарқан қалаларына алғашқы сапарында 30-40 мыңдаған мал айдап барып, оларды  әртүрлі маталар, кілемдер, т.б. тауарларға айырбастап  әкеледі. Оларды Абдыра (Ақсу) бекетінде, әр ауылдарда дүкен ашып сатқызады. Көзі тірісінде Құдайберген, Тәңірберген, Исмайыл деген балаларын Семей, Уфа, Омбы қалаларында білімге оқытып, сауда жасауға да үйреткен. Бұл іске інілері Сейітбаттал мен Есенқұлды да тартады

Тұрысбек он сегіз жыл болыс болып, жинаған қаражатын милләт жолына жұмсаған. Екі рет қажылыққа барған. Алғашқы қажылық сапармен Меккеге барып келген соң, Қарағашта мешіт және медресе салуға кіріседі. 1899 жылы ашылған медреседе оқу араб тілінде жүргізіліп, жергілікті балалар мұсылмандық шарттарынан дәріс алады.  Тұрысбек қажының жаздыртқан «Орта жүз, Найман, Матай» шежіресі ел ішіне кең таралған. 1880 жылы халық ағарту ісіне қаржылай үлес қосқаны үшін, ақ патшаның  «алтын» медалімен марапатталады. 1904 жылы науқастанып, қайтыс болған. Тұрысбектің зираты Күйгентамда жатыр.

 

 

СЕЙІТБАТТАЛ Маманұлы 

 

1862 ж. Ақтасты мекенінде туған. Ағасы Тұрысбек қажыдан кейін,  1891—1910 жылдары Арасан болысын басқарады.  Інісі Есенқұлдың  “Жаңа үлгіде мектеп салайық” деген ынтасына батасын және қажетті қаржының қомақты көлемін берген. Өзінің  басшылығымен 1907 жылы мешіт салдырады.

 

 

ЕСЕНҚҰЛ  Маманұлы

 

1888 жылы Ақтасты мекенінде дүниеге келген.   Жастайынан өжет, еркін, табанды азамат болып өседі. Он бес мың қойын маңыратқан бай саудамен жақсы айналысады. 1907 жылы қажылық сапарға барып қайтқан. Ағалары Тұрысбек, Сейітбаттал бастаған ағартушылық-кәсіпкерлік істі жалғастырып, Қарағаш мекенінде жаңа тұрпаттағы мектеп ашуды қолға алды. Жетісу өңіріне белгілі өнер-білім ошағы – “Мамания” мектебінің қалыптасып, даму тарихы Есенқұл есімімен тікелей байланысты.

Ол ел ішінен қаржы жинап, Түркия, Польша және Ресей қалаларында оқып жүрген қазақ студенттеріне жәрдемақы төлеуді де ұйымдастырған. Сондай-ақ қаржы тапшылығынан жабылып қалу қаупі төнген ”Қазақ” газетіне  1274 сом 10 тиын көмек берген. 1913 ж. халықтың өмірін шынайы бейнелейтін таза қазақ тілінде жазылған романға бәйге жариялап, ақшалай жүлде белгілейді. Қазақ өмірі мен өнеріндегі тосын құбылыс- жаңалықты қазақтың зиялы қауымы терең түсініп, ерекше бағалайды. М.Сералин, А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов тәрізді қазақтың көшбасшылары бастаманы құптап, Есенқұлды мадақтап газет- журналдарда мақалалар жариялайды. «... Құдайға шүкір, біздің қазақ арасындағы ғылымның қадірін білуші, дәулетін ғылым жолына жұмсаушы байларымыз бар екен. Альфред Нобель жолымен Есенқұл бай Маманов жүріп отыр. Роман жазған адамға ақшалай бәйге тігіп отыр, жазылған романды білгірлердің сынына беріп отыр. Есенқұл байдан үлгі алмақ, оның салған жолымен жүрмек – қазақтың өзге байларының да міндеті», — деп жазады кезінде әйгілі «Айқап» журналы (№7-8, 1915 жыл, 102-105 бет. 

1928 жылы 27 тамызда Кеңес өкіметінің жергілікті белсенділері Есенқұлды және оның туыстарын кәмпескелеп, “әлеуметке қауіпті элемент” ретінде Орал округіне жер аударған...

 

Маманның басқа балалары, одан кейінгі ұрпақтары туралы және басқа да толық деректерді «Мамания» кітабынан алуға болады («Атамұра» баспасы, Алматы, 1999 ж.). 

 

 

ЕСІМБЕК қажы (1840—1925)

 

Найман руының Матай тармағынан шыққан атақты Тәнеке батырдың баласы Есімбек Қапал өңірінде болыс болған және би ретінде ел ішінде әділдік жүргізген. Ол  ерлік істері мен әділетсіздікке төзбейтін қайсар мінезімен елге сыйлы болған. Қазақ ауылдарына зорлық көрсетіп, тізе батырған патша әкімшілігінің шенеунігі Эрентальға қаймықпай қарсы шыққан. Осы хақында Жамбыл ақын “Сырттанға” деген өлеңінде Қыдыралы  Есімбек  Эрентальды сабаған,  Ер туған ұл  десін деп, бір кәдеге жараған” — дейді. Кейін ол Арасан болысына өткен бір сайлауда жеңіліске ұшырап, өзінің асқан намысқойлығына, батылдығына салып, сол Арасан болысынан Көлдей-Жұмай деген бір рулы елді бөліп алып, жеке болыс құрады. Оны әкесінің атымен «Тәнеке болысы» деп атайды және өзі болыс болып сайланады. Меккеге барып, қажы атанып қайтқан. Ол Біржан мен Сара айтысының  қолдаушысы болған.

Ел арасында Есімбектің Құлажорғасы туралы әңгіме кеңінен айтылған. «Оның Дүр деген төреден құнан кезінде алып баптаған Құлажорғасы Ағадайұлы Бексұлтан төренің, Балпық бидің ұлы Тіленші қазының және Найманхан төренің әкесі Қамбар төренің астарында топ жарған. Қапал уезінің бастығы Эренталь Есімбектің рұқсатымен Құлажорғаны Пекинде ұлттық ойындарды тәртіптеуге қытайлар жасаған «бежін» ертоқымын ерттеп мінген. Сол ертоқымды ол Есімбекке сыйға берген.  Бұл туралы «Біржан мен Сара» айтысында ақын Сараның: «Өзіңнің құла жорғаң барсын оған, Жиекем бежін ерін салсын оған» — деп айтқаны бар. Қырғыз Шабдан манаптың ұлы Мұқыш әдейілеп келіп, аталарының достығын алдыға тартып, Есімбектен 11 жастағы Құлажорғаны қалап алып, еліне әкеткен. Шабдан манаптан оны Ташкенттің губернаторы Рауптман деген алып, Ресей патшасына сыйлаған. Патша қарамағындағы Құлажорға бірнеше Европа елдеріндегі халықаралық бәйгелерге қатысып, жүлдегер атанған»

Есімбек қажы  1925 жылы қуғынға ұшырап, қайтыс болды.

 

 

КЕҢСАБА би Жаманбалаұлы

(1877—1903) 

  Найман тайпасының Матай руынан шыққан, оның ішінде Қаржау. Жастайынан алғырлығымен, шешендігімен көзге түскен. 20 жасында Ақешкі болысының биі болып саналған. Кеңсаба ел арасындағы даулы істердің шешілуіне тікелей араласып, әділдігімен халық құрметіне бөленген. Небәрі 26 жасында дүниеден өткен. Кеңсаба бидің зираты Талдықорған қаласының солтүстік-шығыс жағында ертеректегі екі тайпа елдің шекаралық межесінде қойылған.

 

   P.S. Құрметті оқырмандар!  Кітаптың осы тараулық тақырыбы бойынша пікір-ұсыныстарыңызды, толықтырулар, жаңа мақалалар мен фотолар, ғылыми еңбектеріңізді жариялану үшін  берулеріңізге болады.

Көңіл айту

0

Құрметті Күлшат, Күляйхан!

   Өздеріңе, ағайын-туғандарыңа таяуда   жол апатынан  үш бірдей азамат-туыстарыңның қайтыс болуына орай орын алған үлкен қайғыларыңа  ортақтасып көңіл айтамын.  Олардың жандары жаннатта болсын! Арты жақсы болсын, ендігілерге тек амандық тілейік!  Алдағы уақыттарда  тек  қуаныштар болсын!

Серікбек Серпербаев.   "Алтын ұям-Ақсуым" интернет сайты.

Құттықтау!

0

Құрметті аудан тұрғындары, еңбеккерлері!

Құрметті аудан әкімі Әділбек Егеубекұлы, аудан басшылығындағы азаматтар!

Барлықтарыңызды көп жылдардан бері үлкен үмітпен іске қосылуы  тосылып жүрген Ақсу қант зауытына  қант қызылшасының алғашқы легінің қабылдануымен құттықтаймын!.  Бұл  барлықтарымыз - қызылшашылар мен өңдеушілер үшін де, жергілікті халық үшін де аса қуанышты оқиға.  Қуаныш үзағынан болсын!  Зауыт жұмысы үздіксіз болсын, қамбасы мол  өнімге толып,  аудан халқының ауқаты арта берсін!

«АЛТЫН ҰЯМ-АҚСУЫМ» интернет сайты

 

 

Көптен күткен қуаныш

1

Ақсу қант зауыты қайтадан ашылды

 Таяуда, аудан тұрғындарының,  еңбеккерлерінің көп жылдардан бері бір үмітпен, бір күдікпен іске қосылуын тосып жүрген  Ақсу қант зауыты қант қызылшасының алғашқы легін қабылдап, оларды үлкен қуанышқа бөледі. Қызылша алқаптарынан дайындау пунктіне 80 тонна тәтті түбір жеткізілді.

        Ақсу қант зауытының қайтадан ашылу салтанаты

Осы қуанышты оқиғамен зауыт ұжымы мен шаруаларды облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров құттықтап,  зауыттың қант қызылшасын  қабылдауы қызылшашылар мен өңдеушілер үшін де, жергілікті халық үшін де ерекше оқиға екенін атап өтті. 10  жыл бойы тұралап қалған Ақсу қант зауытының «қалақұраушы» кәсіпорын мәртебесін қайта жаңғыртатын күні де алыс емес екенін айтты. Зауыттың іске қосылуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына және сапалы қант өндіру ісін ілгерілетуге ықпал етпек.

Жиында,  Ақсу ауданының әкімі Ә. Далбағаев, Сарқан ауданының әкімі Е.Қошанбеков, зауыт басшылығы және Ақсу аудандық Қоғамдық Кеңесінің төрағасы С.Серпербаев өз құттықтауларын, алғыс-ықыластарын білдірді. Аудан ардагерлерінің атынан  Нұрбек Қасымбеков бата берді.

Осы уақытқа  Ақсу қант зауытын қалпына келтіру жұмыстарының негізгі бөлігі аяқталды. Қызылша жинақтау алаңы ғана емес, барлық цехтары жұмысқа дайын, жаңа құрал-жабдықтар орнатылған, барлық технологиялық процестер автоматтандырылады. Әзірге мұнда 100 адам жұмысқа тартылған, кейінірек  зауыт толық іске қосылғанда  олардың саны 600-700-ге жетпек. Өндірістік қуатына сай маусымына 300 мың тонна шикізат өңдей алады. Ал, дайындалатын таза қанттың көлемі 32-35 мың тонна болады.   


 

Ақсулық ғалымдар

1

Құрметті  сайт оқырмандары, қонақтары! Ақсулық жерлестер!

Кітаптың осы тарауында бүткіл өмірін  қиын да қызық ғылымдар  жолына  арнап, терең дүниенің белгілі бір саласында аянбай еңбек етіп, үлкен зерттеу нәтижелеріне қол жеткізген ауданымыздың ардақты азаматтары туралы айтылады. Осы алғашқы мақаламызда, сондай үлкен бір қауым елді құрайтын жерлестіріміз ішінен, әзірге, аға ұрпақ өкілдеріне жататын және елге жақсы танымал азаматтарымыздың біразын  ғана көрсетіп  отырмын.  Оның өзінде де,  сол «АҢЫЗ, АБЫЗ, НАҒЫЗ АҚСУ» кітабында жарияланған өмірдеректерін көрсетумен ғана шектеліп отырмын.

  Ал, негізі, сайтымызды одан ары жүргізу барысында  олардың әрқайсысының және осындай үлкен  дәрежедегі  басқа да  аты аталмаған жерлес ғалымдарымыз туралы (олар туралы қажетті деректік құжаттардың жинақталу барысына қарай)  жеке-жеке  танымдық мақалалар беруілін ұйымдастырып отыратын боламын.

  Осыған орай Сіздерден де көмек күтемін. Біріншіден, көптен белгілі, айтулы  ғалымдарымызбен бірге, біздер жете білмегендіктен, бұған дейін осындай аталымдардан сырт қалып жатқан азаматтар есімі туралы ұсыныстар жасаңыздар, бар болса мағлұмат-мақалалармен бөлісіңіздер.  Олардың Өздеріне де хабар беріп, өмір жолының   және ғылыми  еңбектері, жетістіктері жөнінде деректерін сайт бетінде жариялауына ұсынуларына септік жасаңыздар.  Тосамын! (далее…)

 “Ел ағасыз болмас...”

0

                      

     Халқымыз “Өзен сағасыз, тон жағасыз, ал ел ағасыз болмас” деп даналықпен айтқан. “Ел ағасы” деген аса қадірленетін, үлкен салмаққа ие ұғым, құрмет иесі. Ол бір жағынан, азаматтың қоғамдағы орны, қызмет саласы, сіңірген еңбегі, дарындылығына байланысты рәсімделетін, берілетін атақтармен ерекшеленеді. Мәселен, ел басқарғандар төраға, хатшы, әкім, бастық деген қызмет лауазымдарымен, әскерилер мен заң қызметкерлері шендік лауазымдарымен, ғалымдарымыз ғылыми дәрежелерімен, өнер адамдары “еңбектері сіңген” деген атақтармен дараланады, бағаланады. Сол қатарға жататын Ақсулықтардың есімдері осы кітап тарауларында мүмкіндігінше аталды.

      Ал, халқымыздың бар асылының, рухани байлығының, ақыл-даналығының  қайнар көзі болып табылатын әр ауылдағы, аумақтағы қалың қауымның өздері мойындаған, “үлкені”, “ақсақалы-ақылшысы” саналатын  “ел ағаларының да” орны ерекше болады. Ақылы мен парасаты, адал еңбегі мен адамгершілігі, абыройы мен атағы тең бағаланып, оған еш күмән келтірілмей, бүткіл өмір жолы көпшілікке үлгі болатын жақсы-жайсаңдарын халқы өзі ардақтайды, есте сақтайды. Сондықтан, осы тарауда әр кезеңдегі зор беделімен, үлкен адамгершілік қасиеттерімен, жақсы іс-өнегесімен ауданның жалпы жұртшылығының шынайы сый-құрметіне бөленген, Ақсудың қадірлі ел ағалары деген ұғымға сай саналатын  өмірден өткен  және  зейнеткерліктегі ортамызда бар және де негізінен «Ақсу ауданының Құрметті азаматы»  атағына иегер  танымал тұлғалар есімдері көрсетіледі. .

Ақсу ауданының табиғаты

0

Ақсу ауданының табиғаты

 

Туған жер, жерұйығым- Жетісуым,

Аралап Асан атам тіккен туын.

Жоны қар, қоңы қоңыр, бауыры бұлақ,

Қазақтар қоныс қылған қанша буын.

                      Ақын Сара Тастанбекқызы

 

Ауданның жер бедері,  табиғаты,  климаты,  өзен- таулары, өсімдік- жануарлары

 

Ауданның аумақтарын ерекшеліктеріне қарай сипаттасақ, оның жерінің оңтүстік- шығысын Жетісу Алатауының Қоңыртау, Қайрақкөл, Желдіқарағай таулары, солтүстік, солтүстік- шығыс және батыс бөлігін Тораңғықұм, Кемерқұм, Сымбатқұм, Күшікжал және Жалқұм шағылды алқабы  алып жатыр.

Ең биік жері- Солтүстік Жетісу Алатауы сілемінде (4075 м). Климаты тым континентті. Қысы суық, қаңтар айының орташа температурасы 10-15 С, жазы ыстық, шілдеде 20-23 С. Жауын шашынның жылдық мөлшері 250- 300 мм.

Гранит, мрамор,  Ілдерсай барий кен орындары бар. Топырағының басым бөлігі сұр, бозғылт сұр болып келеді. Аудан аумағында «Лепсі» қорықшасы (33 мың га) орналасқан. (далее…)

Ақсу ауданының гербісі

0

 

 

Аудан гербісі — әкімшілік-аумақтық бөлініс ретінде ауданның дәстүрлі ерекшеліктерін бейнелеген, оның әлеуметтік – тарихи жолын даралау мақсатында жасалған айырымдық белгі, рәміздік мәндегі таңба. 

Ақсу ауданы гербісін дайындау, аудандық Мәслихаттың хатшысы ретінде менің, С.Серпербаевтың  бастамаммен қолға алынған болатын. Арнайы жұмысшы тобы құрылып, гербтің алғашқы жобасы дайындалды. Жоба авторы жергілікті суретші Бұқарбаев Камалбек. Жоба жөнінде мамандардың, белсенділердің  ұсыныс-пікірлері жинақталды, талқыланды. Аудан гербінің  соңғы нұсқасы 2004 жылғы 20 ақпанда аудандық Мәслихаттың 6-шы сессиясында бекітілді.

 

Ақсу ауданының гербі

 

Аудан гербісі  елімізде осы жүйеде қалыптасқан негізгі бейнелеу түрі -шеңбер түрінде қалыптастырылды. Шеңбер және оның көк, сары жолақтармен  айқындалуы – ашық аспанды, күнді, күн шуағына бөленген аудан халқының ынтымағын,  береке- бірлігін білдіреді. Таңба ішінің жоғары  жағында тау шыңдары,  төменірек су толқындарының  бейнеленуі — ауданымыздың  (далее…)

Ақсу ауданының әкімшілік құрылымы

1

     Ақсу ауданы Алматы облысының оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан. Жер аумағы 12,6 мың шаршы шақырым. Тұрғын халқы 39 мың адам, олардың орналасу тығыздығы — 1 шаршы шақырымға 3 адамнан. 77 35 және 80 25 шығыс бойлық пен 46 35 және 44 40 солтүстік ендікте жатқан аудан батысында Ескелді, Қаратал аудандарымен, солтүстігінде Балқаш көлі, шығысында Сарқан ауданы, оңтүстік- шығысында КХР- мен шектеседі.

   Орталығы- Жансүгіров ауылы. Ол  облыс орталығынан 120 шақырым жерде орналасқан.

   Аудан құрамына 17 ауылдық округтері (Жансүгіров, Матай, Молалы, Ақсу, Арасан, Егінсу, Есеболатов, Жаңалық, Қарасу, Қаракөз, Қарашілік, Қапал, Қызылағаш, Қызылту, Көшкентал, Ойтоған және Суықсай) және соларға  қарасты 50 елді мекен кіреді. 

 

Ақсу ауданы картасы

Ілияс Жансүгіров.  Ағынды менің Ақсуым

1

 ІЛИЯС  ЖАНСҮГІРОВ. 

  Ағынды менің Ақсуым

(далее…)

Вверх