«Шежіре жүргіземіз» (10)

 Сайтымның  шежірелік  тарауының бүгінгі парағында кезекті ілімдік мақалалар - Уыз хан, оның ұрпақтары және жалпы Оғыздар туралы танымдық деректер беріліп отыр.  Танысыңыздар!

Осы тараудан шежірелік жазбалардың алдыңғыларын оқи аласыздар! Сонымен бірге, осы жазбалармен  желідегі және топтардағы өз достарыңызбен бөлісіңіздер!

 

 

Уыз хан

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Уыз хан (Оғыз хан) ел билеген уақыты шамамен б.з.б I мыңжылдық — б.з-дағы I мыңжылдықтың басы. Уыз ханның ата тегі-аты аңызға айналған Алаша хан.

Әбілғазы Баһадүр ханның «Түрік шежіресінде» Уыз ханның әкесі Қарахан, атасы Моңғол хан, бабасы Алаша хан делінген. Моңғол хан көп жылдар патшалық құрып, өлерінің алдында төрт ұлының үлкені Қараханды өз орнына қойып кетеді. Осы Қараханның заманында елдің бәрі имансыз болғаны соншалық, олардың арасында Құдайға сенетін бір адам қалмаған. Тіпті дінді мойындады дегенді естісе, баласы атасын немесе атасы баласын өлтіретін жағдайға жеткен еді. Күндердің күнінде Қараханның бәйбішесі ай мен күннен де сұлу сымбатты бір ұл туады. Қарахан баласы бір жасқа толған тойдың қызған шағында өзінің билеріне қарап: "мына біздің ұлымыз бір жасқа толды, бұған қандай ат бересіңдер? — дейді. Билер аузын ашып үлгергенше жас бала: «Менің атым Уыз болар, оны білмек баршаңызға парыз болар» депті.

Осы Уыз хан түрік-моңғол нәсілінен тұңғыш Құдайға сенуші болған екен. Уыз хан құтты мекен Сарыарқа өңірінде 16 жыл патшалық құрып, о дүниеге сапар шеккен екен.

 

Уыз ұрпағы

    Жемісбек Толымбеков

 

 Қара ханның ұлы Уыз данышпан қолбасшы болып, елді азаттық күреске шығарып, өздерін «еркін ел» деп жариялап, негізгі жұртын Бару мен Көз тауға шоғырландырып, ол жерге байлық пен баят жасапты. «Баят» сөзі «ең байлық», «дәулет» дегендікті білдіріпті. Шежірелерде Уыздан тараған «баят елі» заманында «бай» ел болған делінеді.

Уыз хан б.з.б. І ғасырдың аяғына дейін ғұмыр сүріп, әулетімен 116 жыл өзі құрған үлкен хандықты ұстап тұрып, «татар, мағол, түркілердің ортақ билеушісі» деп тарихта аталады. Рум, Тұран, Парсы, Араб, Ирак, Азияны түгел алып, Мұхаммед пайғамбардан бұрын атағы жер жүзіне шығып, әлемде теңдесі жоқ билеуші болып, Тәңірге табынуды уағыздапты. Әбілғазы баһадүр хан: «Уыз хан тарихта болған жан. Ол Каюмарис замандасы», — деп атап өтеді. Уыздың есімін тарихшы Геродот – Акес, антика зерттеушілері – Окс, Әл-Бируни – Уахш (Вахш), Мұхамед Салих – Окуз деп атап жазады. Окуздар Алтайдан шыққан біріккен түрік бірлестігі болады. Олар VІІІ-ІХ ғасырларда Сейхун, солтүстік Арал, солтүстік Каспий, Үстіртті мекендепті. «Окуз» сөзінің мәні «ок» — «жебе оғы», «уз» — «есім» екен. Батысқа ауғанда оларға печенег, қарлұқтық шагра, чаруки, қимақ-қыпшақтық баюндур, имур, кай рулары бірігіп ілесіпті. Окуздар 48 рудан тұрыпты. Окуздар 893-898 жылдары Жем мен Жайық бойында орнығыпты. Одан Хазар қағанатындағы Қарайымдармен соғысып, Киев князі Святослав Окуздарға қосылып, көмек етіп, олар жеңіске жетіпті. Окуздарды орыстар «гуз» немесе «уз» деп атапты. Окуздар ХІІІ ғасырда Осман империясын құрған, ол империя ХХ ғасырға дейін жетіп, қазіргі жалғасы Турция мемлекеті болады. Окуздардың тікелей жалғасы түркі, әзербайжан, түркмен, гагауздар деп аталады.

 Уыз хан тұсында Хами, Тұрфан, Яркент, Қотан, Сағұн, Қашқар шаһарлары салынып, шаһарлар моңғол тілінде «әубалық» — «алты шаһар» деп аталыпты. Балхыны да Уыз хан салдырыпты. Моңғолша Балық деп аталады. Бірақ, ғылыми жазбаларда соңғы әріпті «х» қылып және «ы» әріпін түсіріп жазып жіберіпті. Уыз хан тұсында киіз үйлер жасалып, баспаналық жүзеге асырылады. Басында Уыз хан «хигулердің» билеушісі болыпты.

 Уыз хан Тәңірге әкесі сенбегені үшін, одан ажырап бөлінеді. Уыздың соңынан еріп, жолына түсіп, оған келіп қосылғандар «ұйғыр (қосылу, бірігу)» деп аталады. Махмут Қашқаридың дерегінде: «Уыздар 24 тайпа ел, бірігіп «ұйғыр» қауымдастығын құрған», — делінеді. Уыз ханға қосылып «ұйғыр» деп аталған қауымның негізі бұрын «сеир» деп аталған түркі (Тәңірдің әскерлері) жұртынан құралыпты. Уыз ханға қосылған ел саны көбейіп, ол елді «кисм аууал» және «кисм дүйім» деп екіге бөліп басқарыпты. Екінші бөлік кисм дүйімге: керейіт, найман, оңғұт, таңғұт, бекрин, қырқыз руларының арғы ататек аталары жатыпты. Олардың қуат-дәулеттері ерекше ерен шыға артып, осынау қалың қауымдастық жалпы «мағол» деп аталыпты. «Мағол» сөзі «батыр» дегенді білдірген екен. Яғни «батырлар елі» деген ұғымды сездіреді. 

 Уыз ханның жорыққа жол бастайтын көк бөрі түз тағысы болыпты. Түріктердің «көк бөрілер» ұрпағы деп аталуы содан да болуы мүмкін. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің дерегінде: «Түрік Уыз хан ұрпағының тоғыз атаға дейін хандығы үзілмеген», — делінеді. Халқына Уыз хан: «Береке — таңбамыз болсын! Көк бөрі — ұран болсын! Темір найза толай болсын! Көк Тәңірі қорған болсын!» — деп әмір еткені «Оғызнамада» жазылған.

Уыз хан дүниенің төрт бұрышына елші жіберіп, еркімен тәуелді болғанды дос тұтатынын, бағынбағандарды дұшпан көретінін айтып, жарлық жолдапты. Оң жақтағы Алтынбел деген елдің ханы көптеген бағалы тарту жасап, Уыз ханмен достасыпты. Бұл ел Шыңғыс ханның арғы ататегі, шыққан түбі болады. Сол жақтағы Үрім (Рум) деген қағандық Уыз ханның жарлығын қабыл көрмепті. Уыз хан оларға қарсы Еділ дариясына аттаныпты. Қырық күн әскерімен жол жүріп, Мұз тауына жетіп тынығыпты. Таң алдында Уыз ханның шатырына күн сәулесінен шуақ түсіпті. Сәуле-шуақтан қызыр болып Көкбөрі шыққан екен. Көк түкті бөріге жол бастатып, Еділ өзені жағасына жеткенінде алдынан жауы кезі келіп, соғысып жеңіп, Рум ханын жылы орнынан қашырыпты. Уыз хан Рум ханның орнына Сақтап деген бекті сайлап, өзі кері оралыпты.

 

Картинки по запросу уыз хан

 

Уыз хан Еділге жеткенінде бергі жағасына ағын судан өте алмай қиналыпты. Өзеннен өткізу амалын Ұлық Орда деген кісі тапқан екен. Ол ағаштан сал жасап, әскерді соның үстімен жүргізіп өткізіпті. Ісіне риза болған Уыз хан Ұлық Орданы «Қыпшақ» бек деп атап, оны сол жердің бегі қылып тағайындапты. Қыпшақ атауы 760 жылғы ежелгі түркінің руна ескерткіштерінде аталып жазылғаны бар. «Түрік шежіресінде» Әбілғазы: «Ұлы патша алыс сапарға шыққанында өз әйелдерін және сенімді нөкерлерінің де әйелдерін ерткізетін болыпты. Уыз ханның бір бегі ұрыста өліп, жүкті әйелі қашып құтылып, екі судың арасында тұрған ханға келеді. Толғағы келіп, күн суық, кіруге үйі жоқ, бір іші шіріген үлкен ағаштың қуысына барып босанып, ұл туыпты. Мұны білген Уыз хан «әкесі көз алдымда соғыста өлді. Қамқоршысы жоқ» деп, баланың есімін Қыпшақ қойып, қамқорлығына алады. Қыпшақ ұрпақтары 300 жыл бойы Дон, Еділ, Жайық өзендері жағасында патшалық еткен. Барша қыпшақ жұрты соның нәсілінен шықты», — деп жазады. 

Уыз ханның шұбар айғыры Мұз таудың ішіне кіргенде аяқ асты жоғалыпты. Әскерінің қатарында суыққа төзімді бір батыр Мұз таудан тоғыз күн іздеп, Уыз ханның шұбар айғырын тауып әкеледі. Қатты қуанған Уыз хан ол батырды «Қарлық» деп атапты. «Түрік шежіресінде» Әбілғазы: «Қыс айы, күн суық, Ғор тауында қар қалың түсіп, әскердің жүруіне қиындық келтіреді. Уыз хан «ешкім ұзап қалмасын» деп бұйрық түсіреді. Жаз шықты. Әскерінің санын алып еді, талайы жетіспеді. Бірнеше күннен соң әскердің артынан қалғандар келіп оларға қосылады. Олар «қалың қар жауып, жол таба алмай, сол жерде жаттық. Ат пен түйелеріміздің бәрі өлді. Жаз болған соң жаяулап осында жеттік» дейді. Уыз хан ол келгендерді «қарлық» деп атандар деп бұйрық қылады. Барлық қарлықтар сол адамдар нәсілінен шыққандар», — деп жазады. Тағы да «Түрік шежіресінде» Әбілғазы: «Уыз ханға кейін қалған бір үйлі адамды алып келеді. Неге қалдыңдар деп сұрайды. Көлігім жоқ. Әйелім босанып, аш болып, баланы емізіп жарытпады. Бір өлген қырғауылдан кәуап жасап беремін деп жүргенімде кешігіп қалдым дейді бір үйлі жанның отағасы. Уыз хан пақырға ат, мүлік, азық бергіздіріп, сен бұл жорыққа бармай-ақ «қал, олжасыз, аш» деп бұйырады. Барша «қалаш (қалаж)» руы сол кісіден тараған. Олар Қорасан, Ирак, Мауреннаһрда көп болатын», — деп жазады.

ІХ ғасырда Бағдат патшасы «анал хан» деген сөзі үшін, түрік сопысы, қалаш руынан, Мансұр халлажды дарға асыпты. Содан суфизм оқуын тұтынғандар Орта Азияға күзгі қарғадай ауып, келе бастапты. Олар диуана болып жүреді екен. Сол негізде Орта Азияның Қазақстанға қараған шетінде суфизм поэзиясы туыпты. Оның басты өкілдері Арыстан баб, Бақырғани, Ахмед Яссауи болыпты. Бұлар әмбе суфизм (сопылық) дін ендірушілер деп те саналады.

 Сол жорықтан кері оралып келе жатып бүтін үйді көріп Уыз хан өзінің айтулы шебері Төмүр Дуқағұлды «сен осында қал, аш үйді» деп тастап кетіпті. Сөйтіп, Төмүр Дуқағұл «Қалаш» деп аталыпты.

Қалаштың шығуы туралы тағы бірі мынандай: Ескендір Зұлқарнайын тұсында түріктердің Шу деген шаһы болыпты. Ол шығысқа қарай Ескендірден қашып елімен көшіпті. Сонда 22 түтін көшпей қалып қалған екен. Оларға екі түтін оғыздар келіп қосылыпты. Шаһ сонда ал «қал, аш» деп рұқсат беріпті. Оларға келген Зұлқарнайын түріктердің белгісін көреді. Олар өздерін «түрікменданд» деп таныстырады. Мұнысы түріктерге ұқсаспыз дегендері екен. Жиырма төрт рулы қалаштардың ішінде  бұл ру әлі солай аталады.

Өте бай жүржіт (шүршіт) қағандығын Уыз хан жорықпен бағындырып, Шүршіт қағанның басын алыпты. Уыз хан ең байлыққа кеңеліп, қарамағындағы Бармақлұғ Жосұн білліг деген шебері ағаштан арба жасап, олжаны соған тиеп елге тасытыпты. Арбалар жол-жөнекей «қаңқ-қаңқ» етіп, доңғалақтары сықырлағандықтан арба жасаған Жосұн білліг пен арбаларды сүйрегендер «қаңқалұқ» деп аталыпты. Олардың ұрпақтары қазақ арасында қазір «қаңлы» деп аталады.

Уыз хан 70 жыл бойы татарлармен соғысыпты. Ақыры татарларды жеңіп, олардың барша жұртың мұсылмандыққа бет бұрғызады. Одан соң қытайды, таңғұтты жеңіп алады. Таңғұтты «Тибет» деп атапты. Басында биік тауда орналасқан Итбарақ басқарған таңғұттар, үлкен ұрыстан соң Уыз хан қолын қаштырады. Одан 17 жылдан кейін Уыз хан оларды жеңіп, Итбарақты өлтіріпті. Одан Қарақытайды бағындырыпты. 

 Уыз хан ақ сақалды, ақ шашты, қарт шешен, ұлығ Түріктің кеңесімен талай жауды игеріп, талай досын қуантыпты. Ұлығ Түрік түсінде Уыз ханның қолына ұстаған бір алтын садақ пен үш күміс оқ көреді. Алтын садақ күн шығыстан күн батысқа тартылған, үш күміс оқ терістікке қаратылыпты. Түрік ұлықтың түсін жорыған Уыз хан, оның ақылымен иелік жерді ұлдарына бөліп беріпті.

Шаһкерім Құдайбердіұлы: «Уыз ханның атағы Мұхаммед пайғамбардан 340 жыл бұрын жер жүзіне шыққан. Ерлігі, естілігі, әділеті әлемде болған емес бір теңдесі», — дейді. Түріктер 545 жылы тарихқа танылған кезде, уыздар (оғыздар) түріктер құраған қағанаттар арасында аталмайды. Мүмкін теле халықтары құрамында болса керек. Өйткені, Бумын қаған телелерді 546 жылы бағындырған соң ғана оғыздар түріктер құрамына енгені келтіріледі. 

 

Уыз ханның екі әйелінен үшемнен алты ұрпақ тарапты. Бірінші әйелінен тұңғышы Күн туып, ол әкесінің тірі кезінде-ақ тағына отырып, жетпіс жыл патшалық етіпті. Күн ханның бір үрімі Жел, ол хан болғанда татар мен мағол елдері бір-бірінен ажырап, жеке хандыққа бөлініпті. Екінші ұлы Ай, ол әділ, батыл, білімді, ақылды, жетпіс жыл хан болып, әкесі мен анасының айтқан өсиеттерін іске асырыпты. Үшінші ұлы Жұлдыз да жақсы патша атаныпты.

Екінші әйелінен туған Көк, Теңіз, Тау хандар заманында пұтханаларды құртып, будда дініне қарсы шығыпты.

Жұлдыздың үрімі Меңлі тәуір патша болып, оның ұлы Теңіз ұзақ уақыт патшалық жасап, орнына ұлы Ел хан, ол шамасы б.д. 117 жылы өлген соң, орнына Тау хан билік етіпті. Тау хан Шын еліне жорық жасап, оларды қырыпты. Шын елі қорғану үшін атақты тас қорғанды (тас қорқа) тұрғызыпты. Тау ханның иелік жерлері оңтүстігі Тибеттен Үндістанға дейін, батысы Сырдарияның солтүстігі мен Арал теңізі, Орал тауына дейін, шығысы Шынның шегіне жетіпті. Тау хан әкесі Ел хан құрған Илхания мемелекетін барынша кемеліне келтіріпті. Тау хан өлген соң, оның ұлы Күл хан болыпты. Ол 60 жыл билік еткен соң, оның ұлы Мұқан хан билікті алыпты. Мұқан ханды тарихта көбіне «түрік» деп жазады. Себебі, түріктер сол кезеңде мағолдармен бірлес, тіпті оларға қарапты. Мұқан хан өлген соң, оның ұлы Тобық (Тұсұқ) хан таққа отырған. Одан кейін таққа оның ұлы Құтлық хан отырыпты. Құтлық хан Алтай түріктерімен соғысып, Мауреннахр өтіп, Самарқан, Бұхараны алып, Амудариядан аса көшіп, Иранға дейін барыпты. Одан татарларды шауыпты. Татар бектері кек алу мақсатында жолындағы шүршітті қанға бояп, Тұрфанға жетіп, айналасындағы мағолдарды да шабады. Құтлық ашуланып, әскер жинап, оларға қарсы жорыққа шығады. Бірақ әскері жеңіліп, ол еліне зорға оралыпты. Осы уақытта Түркістаннан бір хан шығып Алатау, Ыстық көл, Іле атрабындағы мағолдарды шауып алыпты. Тибетті үнділер алып, мағолдар өз ішінен бүлініпті.

 Құтлық хан өліп, орнына оның ұлы Иле хан таққа отырады. Иле хан келісім жасап Тибетті үнділерден қайтарып алады. Түркістан мен Мауреннахр арасына шекара белгісін орнатуға қол жеткізеді. Шын (Қытай) елімен мәмлеге келеді. Әскер жинап татарларға аттанғанында татарлар екіге бөлініп, бірі Шынға бас сауғаласа, екіншісі Орал тауынан асып, Еділ бойына жетіп, одан Донға дейін барыпты. Арабтар «хазар», түріктер «қыпшақ» дегені осы татарлар болады. Иле хан татарларды артынан қумай, кері оралыпты.

 Татарлар кетуімен бос қалған жерлерге Алтай, Обь, Ертіс бойларына көшпелі халық ғұн, яки хулар келіп орнығады. Олар шүршіттенген қара қытайларды талап қоймаған соң, шүршіттер бұрынғы өз жыныстарына барып қосылады.

 Иле хан 80 жылдай хан болып өлген соң, орнына оның ұлы Асуал, одан оның ұлы Дудман, одан оның ұлы Құжуман, одан оның ұлы Қожақ хан болады. Қожақ хан тұсында әр ру-тайпа өз аттарымен аталып, сол ру-тайпа аттарымен бірнеше хандыққа бөлінеді. Осы уақытта Тау ханның Алу атты екінші ұлының нәсілінен, Тау ханның тоғызыншы немересі, Бұғұқра хан деген шығып, Сағұн шаһарына хан болады. Осы Бұғұқра ханды кейбір тарихшы Уыздың әкесі Қара хан деп атайды. Алтай мен Амур жақтағы татарлар Бұғұқра ханға келіп пана табады. Ертіс басы Сауыр, Сайқан, Тарбағатай, Аягөз, Емел, Қабарға, Боғда тауы, Жеті өзен, Іле өзеніне дейін келген оңтүстіктегі мағолдар осы ханға өз еріктерімен қарапты. Алтай түркілері де осы хан қарамағына қосылыпты. Бәрі 200 мың әскермен ғұндарға қарсы шығады. Оларға Тара елі ханы Чамучат 100 мың қолмен келіп қосылады. Бұлар Жайсан көлінде бас қосады. Бер жағынан бұлар, арғы жағынан Шын әскерлері шығып, ғұндарды талқандайды. Тарихта қалып, айтылатын «Ордос қырғыны» осы болады. Тарихтағы Қарахан айтты: «Алаш ұран болсын! Ұран шақырғанда көмекке дайын болуға, жауды жау, досты дос деп білуге келісім жасалды», — дейтін келісім-уағдаластық жасалады. Осыдан бастап кім Сағұн және Қашғар елдеріне хан болса, оларға «бұғра хан», татар-мағол хандарына «қаған», түрік хандарына «хұнқар» деп атауға келіседі. Атақтың ең жоғарғысы «қара хан» деп танылады. Осы салдардан ең алғашқы «қара хан» деген жоғарғы атақ Бұғұқра ханға тиген тәрізді.

 Мағолдар билігіне Тау ханның нәсілі Қожақ ханның ұлы Қият, оның жиені Нүкүз де иеленеді. Мәшһүр Жүсіп Көпеев Нүкүзден Дәрлікін, одан Жалайырды таратады. Ел ханның заманы татар елінің ханы Сүйінішпен бір, тұстас келіп, әмісе бір-бірімен соғысумен өмір кешіпті. Қият пен Нүкүз ұрпақтары татар Сүйініш ханның ұрпақтарынан жеңіліп, жан сақтау амалымен Ергенеқонға кетіп, 400 жылдай бостандық кеңістікке шыға алмай, сонда қамақта өмір сүріп, тұрып қалғаны тарихтан белгілі.

 Құрбанғали Халид тізген шежіреде: «Қият ханның ұлы Маңлы хан, оның ұлы Дуюн Баян хан, оның ұлы Баяндай хан, оның ұлы Таштемір хан, оның ұлы Қабул хан, оның ұлы Түмне хан, оның ұлы Дауыл хан, оның ұлы Дуюн Баян сани, одан оның қатыны Алаңқұ ханым, Алаңқұдан Бөденетай, Белгутай, Тұрымтай атты үш ұл, Бөденетайдан Байсұңқар, одан Есукей (Жасубай) баһадүр, одан Темучин (Шыңғыс хан)», — деп таралады.

Уыз ханның ұрпағы Қайын хан әулеттері «түрік» деген атпен Алтай тауларын жайлап, батыстағы Ферғана, Бұқара, Хорасан уәлиаттарына шабуыл жасап иеленіпті.

 Уыз ханның ұлдары:

Күннен: Қай (Қали), Баят, Алқаүйлі, Қараүйлі. Айдан: Языр (Ұшат), Ябыр (Қонақ), Дұдырға, Дөкір.

Жұлдыздан: Ұшар, Қарнұқ, Бекдәлі, Қарқын. Көктен Баяндүр, Бочина, Жауылдыр, Жебні.

Таудан: Салұр, Емұр, Алажұнтты, Үркер. Теңізден: Егдүз, Бекдүз, Ауа, Қанық тарайды.

 Уыз хан алғашқы екі әйелінен туған үшемді (алты ұлын) үштен екіге жіктеп, Күн, Ай, Жұлдыз үшеуін «бұз оқ» — «оң қанат», тағы үшеуін Көк, Тау, Теңізді «үш оқ» — «сол канат» деп атапты. «Түрік шежіресінде» Әбілғазы: «Үш үлкен ұлым шығыс жақтан алтын жақ тауып әкелдіңдер және оны сындырып бұзып, өз ара бөліп алдыңдар. Сондықтан сендерді ел «бұзоқ» десін. Батыстан үш оқ тауып келген ұлдарым, сендерді ел «үшоқ» десін. Бұл атау тәңірінің ісі депті Уыз хан», — деп жазады. Қазіргі Астананың жанынан көне Бұзоқ қаласының орны табылғанын археолог-ғалымдар айғақтады. 746 жылы өз қағандығын жариялаған, тоғыз-оғыздың едіз тайпасынан шыққан Ел Етміш Біліге Тур-Айын қағанның елі бұзоқ пен үшоқтың ұрпақтары екен.

 Уыз ханның алты ұлынан басқа күңдерінен туған Кене, Көне, Торбатлы, Герейлі, Сұлтанлы, Оқлы, Көклі, Сушылы, Һарасанлы, Жүрінші, Жамшы, Тұрымшы, Қой, Сорқы, Қоршық, Сыбыршық, Қарашық, Қазғұрт, Қырғыз, Тәкин (Тикен), Лале, Мұрда, Шой, Сапыр деген жиырма төрт ұл балалары болыпты. Уыздар қауымы 24 ру-тайпаға жіктеліп, оларды екі-екіден бір ордаға бағындырып, 12 аймақ ел жасап, «жүздік» деп атапты. Одан кейін 12 аймақ, 24 тайпадан тұратын мемлекет 54 ұлысқа бөлініпті. Олардың арасында тарихта белгілі болғандары: сеяньби (сеир), иози, үйсін, қаңлы, дунхұн (ойдағы ғұндар) ұлыстары.

Уыздың нәсілі Баят ұрпағы Қорқыт дада VІІІ ғасырда өмір сүріп Алтай, Ертіс, Ұлытау, Кішітау, Есіл, Нұра, Сарысу, Талас, Сайрам, Сыр, Қаратау, Жетісу өлкелерін билеген үш хан – Инал, Күлеркін, Қаңлықожа уәзірі болған екен. Қорқыт даданың айтқан дәріптері жазып қалдырған «Қорқыт ата» кітабынан мәлім. Қорқыт дада қазақтарды алғаш қобыз тартуға, сарын айтуға үйреткен бірінші шаман саналады. Қорқыт ата Қарақожаұлы музыканың атасы, композитор, асқан күйші, шешен, ойшыл, жыршы, сәуегей, абыз болып, Сырдария өңірінде өмірінің соңын өткізіпті. Қорқыт дада кітабының он екі жырдан тұратын нұсқасы Дрезденде (Германия), алты жырдан тұратын нұсқасы Ватикан (Италия) архивінде сақталуда жатыр екен. Қорқыт атаның Сырдария өзені бойында мазары салынып, Қызылорда облысының Жосалы кентінен 18 шақырым жерде Қорқыт ата кешені тұрғызылды.

 Азия тарихшылары қытай жазбаларына сүйеніп, Уыз (Оғыз) хан мен Мөде чаниүй екеуі бір адам деген тарихи деректер келтірген пікірлер айтады. Еуропа дерек көздерінде «баят», ал қытай деректерінде «байырху» деп аталған ел, V ғасырда «теле» халқы сапында болғаны нақты деректелген. Одан VІ-VІІІ ғасырларда Сеяньто (Сиыршы) қағанаты құрамында, ал VІІІ-ІХ ғасырларда Ұлы Ұйғыр қағанаты құрамында болып, ІХ-Х ғасырларда Ұйғыр мен Меркіт хандықтарын құрысыпты. Баяттардың арғы аталары сеир-хоррейлерден өрбігені Баяндур, Салур хандар тарихы арқылы белгілі. Баяттар Аққойлы мемлекеті құрамында болып, Кавказ арқылы Кіші Азияға өтіп, олардың көсемі Қайы Алыпбей Осман империясын орнатқан Ер Тоғрылдың атасы екен. Баяттар Турция шығысына ортақ Гази мемлекетін орнатыпты. Баяттар мен наймандардың таңба белгісі бір «V» және ұраны «Алаш».

 Оғыздар VІІІ ғасырдан бері тарихта берік орнығады. Арғы ата-бабалары батыс ғұндар болып табылатын олар V ғасырда «теле» тайпалар одағында қалыптасыпты. Орхон ата мекенінен ежелгі оғыздар батысқа қарай жылжып, Ыстық көлдің шығысына дейін барыпты. Жетісу аймағына VІІ ғасырдан бастап қоныстаныпты. Ал ІХ ғасыр соңында, Х ғасырдың басында Сырдарияның төменгі ағыстарында Оғыздардың конфедерациялық мемлекеті ұйымдасқаны тарихта бар. Оғыздар қатарында қазақты құраған найман, меркіт, қаңлы, қарлұқ тайпалары болғандары анық.

 

 

Похожее изображение

 

«Оғыз» этнонимі VІ ғасырда «өгіз» атауынан шыққан деген тұжырым да айтылады. Мұны қытай жылнамаларын зерттеген Баеддин Өгелдің ежелгі ғұндар тарихына қатысты зерттеулерінен айқын аңғарылады. Тонуқұқ ескерткіш мәтінінде: «Сиыр көлікті Тоғлыдан оғыздар келді», — деп жазылғаны бар. Сондықтан да бұрынғы түркілердің бір бөлігі «өгіздер» деп аталғаны анық. Өгіз хан деген атау 693 жылы қайтыс болған Елтеріс Құтлық қағанның замандасы Баз қағанның қосалқы есімі болуы да мүмкін. Өйткені, Білге, Күлтегін, Тонуқұқ ескерткіштерінде оның есімі қайталанып отыратындығы осыны дәлелдейді. Баз қаған тоғыз-оғыздардың қаһарлы көсемі болған. Оғызнама аңыздары «Қорқыт ата» кітабына еніп, ұрпақтан ұрпаққа жетті. Ежелгі қытай жылнамаларында оғыздар «угу» деген атаумен VІ ғасырдан бастап кездеседі. Бұл «өгіз» деген атаудың қытайша бұрмаланған түрі делінеді. Билікке қыпшақ аталары (Сіренде) келгенде, оғыздар оларға бағынып, «оғыздар» деп аталатын болған екен. «Тауарих хамса» кітабында Қ.Халид:  «Ғұз, хуз – қытай атауы, «оғыз» – «қызыл сақалдылар» деген ұғым», — деп жазады.

«Сегіз» және «тоғыз» оғыздар алғашқы Түрік қағанаты құлағанында және ұйғырларға қарсы күресте қалыптасыпты.  Олар кейде «сегіз» және «тоғыз» байырқулар деп те аталады. Сегізі – наймандардың, ал тоғызы – керейлердің арғы бабалары деп саналады. Бұрынғы Теле (Телек) одағындағы түркі тілдес тайпалар «үш оғыз (үш қарлық)», «отыз оғыз» деген атаулармен белгілі болған. Сегіз-оғыздарды қидандар, ал тоғыз-оғыздарды ұйғырлар ыдыратыпты. Х ғасырдан бастап арабтар оғыздарды «ғұздар» деп атапты. Махмұд Қашқари еңбегінде: «Оғыз тайпаларының саны 22», — деп көрсетеді. Тарих деректері оғыз тайпалары «үш оқ (учук)», «бұз оқ (бузук)» деп екіге бөлінгендігін хабардар етеді. Каспий теңізі мен Арал теңіздерінен солтүстікке қарай аймақта оғыздар күшті мемлекет құрады. Алайда солтүстік-шығыстан келген қыпшақтар Х ғасырда оларды ығыстырады. Оғыздардың біразы Еділге барып печенегтермен қақтығысады. Ал біразы Орта Азияға, Жерорта теңізіне дейін кетеді. Оғыздар 1065 жылы Дунайдан өтіп, Балқан түбегіндегі халықтарды тонап, Элладаға дейін барғандары тарихта белгілі. Қазіргі Осман түріктерінің біразы солардың ұрпақтары екен.