«Шежіре жүргіземіз» (14)

Сайтымның осы  шежірелік тарауы жүргізіле басталғалы оның парақтарында ҚАЗАҚ елінің  НАЙМАН тайпасының тарихы мен оның шежірелік тармақтарына байланысты біршама танымдық мақалалар жариялануда. (Олармен осы тараудың адрестік сілтемесі арқылы танысуға болады http://bit.ly/2Ctfx5I)

Енді оның  ары қарай таратылатын Төлегетай, одан Қытай, одан – «Төрт Төлегетай» атанған Қаракерей,  Матай,  Садыр,  Төртуыл  деген  ұлдары ұрпақтарының  шежірелік таратылымын жеке-жеке жалғастырсақ деген ниеттеміз.

Соның алғашқысын Матай руынан бастап отырмыз. (Толығырақ төменде оқисыздар).

 

 

Матайлар туралы

 

Матай (ру бірлестігі)

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Матай — Орта жүз найман тайпасының құрамына кіретін рулар бірлестігі...

Шежіре деректері бойынша Матайдан аталық, кенже, қаптағай рулары тараған. Матайлар Шығыс Қазақстан облысы Шар, Қызылсу, Көкпекті, Былқылдақ өзендерінің алқабы мен Шыңғыстау, Жуантөбе, Салқынтөбе тауларының атырабын мекендеген.

Матайдың атасы

«БАБАЛАР СӨЗІ» СЕРИЯСЫНАН

ҚЫТАЙДАҒЫ ҚАЗАҚ ФОЛЬКЛОРЫ

ШЕЖІРЕЛІК ДАСТАНДАР

ОРТА ЖҮЗ НАЙМАН ШЕЖІРЕСІНЕН

 

Матайдың үшеу екен бел баласы,

Белгілі байқағанға ел шарасы.

Қаптағай, Аталық пен Кенже деген,

Осы ед Матайдың бұл үш баласы.

Өнімі бұлардың да артық болып,

Болыпты Матай ағаң ел ағасы.

Баласы Қаптағайдың Дәулет, Күшік,

Дәулеттің Қолдас еді бел баласы.

Тоқалынан Қарауыл, Жасық еді,

Бөлінген бәйбіше, тоқал екі арасы.

 

Қолдас ұлы Асаннан туды Жалаң,

Келмейді сөз қиюы көңіл алаң.

Жалаңнан Қасен тағы жалғыз болып,

Қасен ұлы Жақсылық деген адам.

Баласы Жақсылықтың Сары дейді,

Сөзіңнің айтса кірер әрі дейді.

Бөрібай оның ұлы жұртқа мәлім,

Матайдың ұран қылған бәрі дейді.

Бөрітал Байгісіннен одан бері,

Атаның осы дұрыс дана жері.

 

Туып ед Дүйсенбай да Байгісіннен,

Қалқабай, Қанекемен төмендегі.

Қанеке ұлы Есімбек, Қожабекпен,

Артылып даражасы найман білген.

Тұрысбек Маманұлы жұртқа мәлім,

Шарасы бұлардың да шабылған кең.

Қаптағай аяқтайды осы жерден,

Ешкімін қалдырмай-ақ бәрін дегем.

Аталықтан үш бала болған екен,

Бұл жерде таратуға жөні келген.

 

Атаның келді осылай мәселесі,

Шығады сөйлей берсе сөз данасы.

Құттыболат, Сүттіболат, Тәттіболат,

Осы еді Аталықтың үш баласы.

Баласы Құттыболат Құтым, Шағыр,

Құтымды таратайын қылсаң сабыр.

Құтымнан Айт пен Құрман екі ұл туып,

Құтымға қаза берген Жаппар Қызыр.

Артынан Естемес пен Есен туып,

Жастай-ақ Тәңір алып қылған зәбір.

 

Шағырдан төрт ұл туған екен Қызай,

Ерінен даңқы асып кеткен ұзай.

Бақ қонып Қызай елі шығандап жүр,

Әзелде осылайша жазған Құдай.

Итемген, Меңіс, Дербіс, Бегімбеттің,

Ұрпағы өсіп-өнген жерге сыймай.

Сүттіболаттан Есеней Қанбар дейді,

Саршоқпар бір баласы болар дейді.

Тәттіболаттан Қоңырбай жалғыз болып,

Ел болып өз алдына тарар дейді.

 

Мұрын, Қызай – қызы еді Домалақтың,

Түсінер білген адам сөздің нарқын.

Ұлы жүз Бәйдібек бай әкесі еді,

Шежіре қалдырмастан терген бәрін.

Бейсеқан – бәйбішенің шын аты екен,

Мұрны үлкен болған соң есімделген.

Мұрын, Қызай екеуі бір туысып,

Нәсілі шыққан заты үйсін елден. ...

 

 

Матай  руының таратылуы туралы

 

Сонымен,  жоғарыдағы Матайлар туралы  шағын танымдық жазбаларды бере отырып, Найман – Өкіреш – Белгібай – Сүйінші – Төлегетай баба – Қытай би – Матай, одан ары Аталық, Кенже және Қаптағай болып келетін бабалар ұрпақтарын  ары қарай  тарқату туралы қомақты шежірелік жазбалар ұсына алатын азаматтарды осы жұмысқа белсенділікпен қатысуға шақырамын!

 

Соларды пайдалана отырып, қызығушылық танытқан басқа да азаматтар оның қажетті тармақтарына өз әулеттерінің шежіресін қосып, әр «бұтақтарын» толықтыра  алады. Егер сондай жазбалар көптеп ұсынылып жатқан жағдайда, Матай және басқа да рулар шежіресінің  басты тармақтары реттеліп, толыққанды  дәрежеге «жетті-ау» деген  кезде, оларды жеке-жеке  кітапшалаларға, кітаптарға, томдарға айналдыра беруге болар еді. ...

 

Осыған орай, мысал және үлгі ретінде сайтымның осы шежірелік тарауындағы бұған дейін жарияланған жазбалармен танысқандарыңыз жөн болады. Олар:

 

1. « Матай — Қаптағай... — Есенгелді — ... – Бөрібай — Қыдыралы» болып келетін    Ақсу жерінің атақты Маман байының  шежіресі.  Жасаған Ақсу жерінің ардақты азаматы,  біраз  жылдар аудан басшылығында  болған, тарихшы-шежіресі, марқұм  Тоқтарбек  Кәрібжанов («Мамания» кітабы, 1999ж.)  Сілтемесі:  http://bit.ly/2JqK5uN

 

2. «Матай —  Қаптағай... — Есенгелді — ... – Жарылқамыс батыр — Төртқара» тармағының  таратылуы (Төлепберген Сыздықов) Сілтемесі:  http://bit.ly/2W6zkPq

 

3. «Матай — Қаптағай -  ... — Жолан — ...  — Ақшора,  Шаппа  және Көлдей, Жұмай»  руларының шежірелік жазбасы. (Немеребаев  Мұхатай). Сілтемесі:  http://bit.ly/2ui0FlS

 

4. « МАТАЙ - Аталық  -Қамбар - Сүттіболат - Күшік — ... Сатыпалды  ...»  болып келетін шежірелік жазба. (Бүркітбайұлы  Кәнет).   Сілтемесі:  http://bit.ly/2ui0FlS

 

5.  «Матай Кенже, оның  Ноғас  - Аққошқар  ішінен тарайтын өз Қарағұл  аталарының»  шежіресі. Ұсынған  Жетісу өңірінің  танымал  журналисі — Болат Бисултанұлы. Сілтемесі: http://bit.ly/2CrRAeY


6. Осы  шежіренің   «Кенже – Шақал»  тармағын толықтыратын жазба (ұсынған -Қалиев Талғат). Сілтемесі:  http://bit.ly/2JqK5uN

 

7. «Матай — Кенже -  ... — Өтебай — ... Сүйіншалы» тармағының шежірелік жазбасы. (Қанат Сырғабайтегі). Сілтемесі: http://bit.ly/2W9PmIr

 

8. «Матай – Кенже – Сақай елдерінің басты тармақтары, одан ары Тоқпанбет – Қоңырбай – Мырзағұл»  аталарының  тармақтары ( Жемісбек Толымбеков).  Сілтемесі:  http://bit.ly/2TM2kQ4