«Шежіре жүргіземіз» (16)

 

Осы шежірелік тараудың алдыңғы парақтарында ҚАЗАҚ елінің НАЙМАН тайпасының, одан ары қарай таратылатын Төлегетай — Қытай – «Төрт Төлегетай» атанған Қаракерей,  Матай,  Садыр,  Төртуыл  деген  ұлдары ұрпақтарының  шежірелік таратылымын жеке-жеке жалғастырсақ деген ниетімді білдірген болатынмын. Соған орай, МАТАЙ, САДЫР  руларына байланысты біраз шежірелік-танымдық жазбалар берілген болатын (Олармен  мына сілтемелер арқылы танысуға болады:http://bit.ly/2FlhQrN)  және  http://bit.ly/2TQyiuf

Бүгін солардың жалғасы ретінде  Қаракерей  руы туралы біраз танымдық жазбаларды ұсынып отырмын. Танысыңыздар!

 

 

Қаракерейлер туралы

 

 

Қаракерей

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

 

Қаракерей — Орта жүз Найман тайпасының руы. Шежіре деректеріне қарағанда, Қаракерей құрамына  Қожамбет,  Мұрын, Ақымбет, Ерсары, Сыбан, Қыржы, Байжігіт, Жастабан, Шүрентай, Тоқпақ, Тума, Ақнайман, Семізнайман, Болатшы, Тайлақ, Жайнақ, Балқабет атты рулық топтар мен аталар кіреді.

Қаракерейлердің негізгі тобы Қазан революциясына дейін Зайсан уезін, біразы Семей, Өскемен және Лепсі уездерін мекендеген.

Негізгі кәсібі мал өсіру, аздап суармалы егіншілік болған, Ертіс өзені мен Зайсан көлінің жағасындағы жатақтар балық аулау кәсібімен айналысқан.

Қаракерейден әйгілі Қаракерей Қабанбай батыр шыққан. Оның есімі Қаракерей руының ұранына айналған. Рулық таңбасы — мүйіз

 

  Байжігіттің атасы

«БАБАЛАР СӨЗІ» СЕРИЯСЫНАН

ҚЫТАЙДАҒЫ ҚАЗАҚ ФОЛЬКЛОРЫ

ШЕЖІРЕЛІК ДАСТАНДАР

ОРТА ЖҮЗ НАЙМАН ШЕЖІРЕСІНЕН

 

. . . . . . . . . .

890. Төленді, Жәдігер мен туған дана.

Бұларды да қалдырмай таратайын,

Нарымбайдан Байқара, Ботақара.

Байқарадан Ақтайлақ, Келесбайды,

Байсал менен Жантайлақ, Жарасбай-ды.

Жарасбайдың баласы Жарқынбай би,

Білімге Ақтайлақтан қалыспайды.

Озбақан, Жұмақан мен Жарқынбайлар,

Бұлар да қысталаңда көп саспайды.

 

Байжігіттің атасы

Айтылды Байжігіттің бес атасы,

900. Жазылсын түгелденіп ел сарасы.

Байысқа бұ да келіп қосылады,

Сөйленсін Тоқтарқожа мәселесі.

 

Ескі сөз ескерілсе болар қанық,

Сөз білген уәлаятқа болар тарих.

Тегінде Тоқтарқожа заты өзбек,

Айырып біле алмайды мұны халық.

 

Туады өзбек, қазақ Жайылғаннан,

Жазылып шежіреден қалған анық.

Атаның бәйіт қылдым бәрін тәмам,

910. Ескермес ата жөнді болса надан.

 

Өзбектің нәсілінен деп айтады,

Болған екен Тоқты хан деген адам.

Өзбекпен екі арасын қоса алмадым,

Қатесін болса түзер білген адам.

 

Тоқтыға алтыншы ата келер өзбек,

Пендесі дәм айдаса жиһан кезбек.

Алты ата арасында қала берді,

Артық-кем айырмышын Алла білмек.

 

Баласы Тоқты ханның Тоқтамыс хан,

920. Тоқтамыстан – Тоғысқан, онан Сайбек.

Сайбек те өз тұсында хан болыпты,

Адамзат қилы-қиы дәурен сүрмек.

 

Болыпты Сайбек ханның отыз ұлы,

Өркендеп мезгіл екен тұрған күн боп.

Жерден ауып қозғалыс болып кетіп,

Толқынмен тозып кеткен жұрты жүдеп.

 

Сонымен үркін болып кеткен екен,

Замана неше қилы өткен екен.

Мал арып, адам азған бір мезгілде,

930. Бір жақсы жайлы жерге жеткен екен.

 

Жер екен арал-арал жері тұйық,

Әртүрлі аң: – бұғы, марал, арқар, киік,

Жәнібек деген ханның мекені екен,

Маңайын жан баспайтын адам жүріп.

 

Сайбек хан осы жерге келіп қонды,

Аңғарып айырмады жайын біліп.

Қонған соң рұқсатсыз хан жеріне,

Хан састы жол таба алмай мысы құрып.

Сайбектің бәйбішесі Жұпар ханым,

940. Әр айла сөздер айтты ойлап тұрып.

 

Кәр қылса оңай емес ханның ісі,

Не десе ауған елге келер күші.

Ханым айтты:Еркектер үйде тұрма,

Келсе жауап берейін қатын кісі.

 

Сайбек хан саяхатпен кетті жүріп,

Отыз ұлы бір кетті қасына еріп.

Жер шалған Жәнібектің серіктері,

Бұл қонған келіп еді елді көріп.

 

Бұлар кеп бір адамнан жөн сұрады:

950. – Бұл жерге басшыңыз кім қонған келіп?

Хан жерін рұқсатсыз баса қонған,

Басшыңыз ажалына болған серік.

 

Түсірді ертіп келіп хан үйіне,

Құрметпен қонақ қылды тағам беріп.

Толқынмен ауып келген ел едік деп,

Айтады уақиғаның бәрін теріп.

 

Жай-жөнін Жұпар ханым айтты бәрін,

Кәр қылмай қайыршыдан хан қаһарын.

Бұларға Жұпар ханым кісі қосып,

960. Қонаққа шақырыпты хан сұлтанын.

 

“Қонаққа сұлтанымыз” келсін дейді,

Көруге дидарласып мейірбанын.

Құп айтты шақырушы ханға барып,

Жай-жөнін хан сұрады әбден қанып.

 

Қонаққа шақырғанда хош көріпті,

Сайбекті біледі екен жұртқа қанық.

“Бұл жерге Алла ісімен келді ғой” деп,

Қонаққа келген екен ғибрат алып.

 

Үйіне Сайбек ханның келіп түсті,

970. Ханымдар құрмет қылып тік тұрысты.

Аң аулап саяхатпен отыз бала,

Аңдарын атып алған әкелісті.

 

Қонаққа хан келгенін бұлар біліп,

Он бестен екі жік боп үйге кіріп.

Жібектей сын-сипатты отыз бала,

Тәжім қып әдеппенен тұрды иіліп.

 

Хан дағы жылы сөзбен сәлем алды,

Хош көріп балаларға назар салды.

Балалар амандасып болғаннан соң,

980. Ханымнан “бұлар кім?” деп жөн сұрады.

 

Ханым айтты: Бәрі де балам, – дейді,

Он бестен екі анадан туған, – дейді.

Анықтап араларың айырмасам,

Болады көңіліңізде күмән, – дейді.

 

Хан сұрап балалардың білді затын,

Әдепті ұнатады инауатын.

Жоқ екен еш нәрсеге кемшіліңіз,

Қалайша алдырдыңыз кіші қатын?

 

Болмайды ханда ақыл жер қорыған,

990. Қатында бақыт болмас ер қорыған.

Кеңшіліктен кемшілік болмас деген,

Тараң болса таймайды кім жолынан.

 

Алдырмасам он бес ұл қайдан шығар,

Әркім зиян шекпейді өз қорынан.

Болуға рақымды Алла өзі жазсын,

Келеді пендесінің не қолынан.

 

Ханымның тиіп кетті ханға сөзі,

Сөзіне сөз айтарлық келді кезі.

“Сөз тапқанға қолқа жоқ” дегендейін,

1000. Тартымды адам екен мұның өзі.

 

Жеңіліп бұл сөзіне Жәнібек хан:

– Сіздікі осы қоныс болсын, – дейді.

Әрқашан тіл жүйрігі айырады,

Қиядан қисынсызды қайырады.

 

Есті адам езуінен пайдаланбақ,

Жұпардың қорығы деп атанады.

Бір ауыз сөзге сынып орын берген,

Хан екен шын ақсүйек мейірбанды.

 

Сол жерге Сайбек хан үй салдырып,

1010. Орнығып бұрынғыдай мекендеді.

Өткізіп бірнеше жыл өмір сүріп,

Сайбек пен Жұпар ханым дүние салды.

 

Дүниеден хан мен ханым қайтқан кезде,

Қозғалыс елге толқын болып қалды.

Сол тұста хан тұқымы асып еді,

Артылып шарасынан тасып еді.

 

Толып тұрған кезінде толқын болып,

Тағы да қырғын тауып қашып еді.

Үш ұлы үш тап елге үш бөлініп,

1020. Тағдырда ырызғысы шашып еді.

 

Матайға Қойшы аға кеп тұрып қалды,

Қызайға дәм мен тұзын қосып еді.

Бұрынғы ашылмаған мәселесін,

Осылай баяндайын ашып енді.

 

Қош енді айтылсын-ақ Тоқтарқожа,

Нәсілі – хан баласы, тегі – таза.

Сол кезде хан баласын қалмақ шауып,

Қашқын боп шабындыда келген бала.

 

Қашқын боп хан баласы келген шеттен,

1030. Байысқа бала болды келген беттен.

Байыстың күйеуі боп қызын алып,

Сұлуға Мақта апайдай қолы жеткен.

 

Байысқа күйеу болды қызын алып,

Сүйіпті Мақта апай да затын танып.

Байжігіт, Жанжігіттей екі бала,

Байыстың жиені ғой жұртқа қанық.

Қыздан туған баланың қиығы жоқ,

Қалған ғой сол себептен Байыс атанып.

 

Баласы Байжігіттің Жұмық, Тоғас,

1040. Мәмбет пен Қарақұрсақ бұған жалғас.

Қожағұл, Күшік дейді Мәмбет ұлы,

Бұларда өсіп-өнген бәрі аралас.

 

Тоғастың болған екен тоғыз ұлы,

Тұсында батыр болды дейді мұны.

Қалмаққа бір соғыста қарсы шауып,

Кетіпті тұтқындалып бірнеше ұлы.

 

Туыпты Жұмықтан да жеті бала,

Бұларды таратайын тыңдап қара.

Сайболат, Саты, Ақнайман, Қожанболат,

1050. Үлкен үй тиген екен Қарашаға.

 

Бәйбішеден бес бала туған екен,

Тоқалдан Тәуке жалғыз туған және.

Қазадан Жұмық атаң қайтыс болып,

Артында қалған екен алты бала.

 

Сөйленсін алты бала мәселесі,

Жіктелді бәйбіше, тоқал екі арасы.

Еншіге екі жағы енжар болып,

Болыпты үлкен жанжал тайталасы.

 

Бес ұлы бәйбішенің ыңғай болып,

1060. Тәукені өлтіріпті бес ағасы.

Қалайша ар-иманы сатылды екен,

Туысқан бір әкеден бауырласы.

 

Тағдырда осылайша жазылмыш бар,

Секілді Жүсіп нәби уақиғасы.

Шейітлік мысалында қайтыс болып,

Артында жас қалыпты үш баласы.

 

Ниеті бұзық болған бәтшағарлар,

Жақынын жатқа санап өлтіріпті.

Мүсәпір жетім-жесір болып қалды,

1070. Не көрмес Алла жазса хан баласы.

 

Жас бала, жесір қатын кетпек болды,

Жанашыр болмаған соң ақылдасы.

Төркіні шешесінің семіз найман,

Сол елге кетпек болды қайтып қасы.

 

Сонымен жаяу-жалпы көшіп кетті,

Бұлармен ат кекілін кесіп кетті.

Атағы айқын болған Алдияр бай,

Сол байға сүйенеміз десіп кетті.

 

Бәйбіше балаларын ертіп алып,

1080. Өксіп кеп Алдиярға жетіп кепті.

Осындай кемшілікпен келгеннен соң,

Жаны ашып қошаметтеп күтімдепті.

 

Сүйегін құрметтепті іздеп келген,

Нашардың қамқоры еді қамын жеген.

Өтепті жылқышыға бастық қылып,

Қолына жылқы бақ деп құрық берген.

 

Қосының айналасы үш күндік жол,

Аралап соның бәрін тексер деген.

Сонымен Өтеп жүрді жылқы бағып,

1090. Пікірін байға жақты оймен тауып.

 

Қарайды бай малына өз малындай,

Тілемей бөтен тілеу көңілі ауып.

Бабаң да бұл ниетті жүрді біліп,

Бірталай күн өткізді дәурен сүріп.

 

Бұларды тәрбиелеп жеткізіпті,

Бәрін де балалардың үйлендіріп.

Бабаңның берген малы қайырлы боп,

Қатарға бай болыпты бұлар кіріп.

 

Үш бала кәмелетке әбден жетті,

1100. Көңілінен қасіретті қаяу кетті.

Бір күні Алдиярдан өтіл сұрап,

“Жұртыма рұқсат болса қайтсам” депті.

 

Хош көріп өтінішін Алдияр бай,

Рұқсат – ризалық бата қыпты.

Тәуке ұлы Сақа, Түке, Өтеп еді,

Енші алып Алдиярдан кете берді.

 

Бұлардың әулеттерін таратайын,

Осылай сөз қиюы төте келді.

Өтептен болған екен сегіз бала,

1110. Түсінер кейінгі бар жазсаң дана.

 

Өтептен Ертіс, Бертіс, Құтық еді,

Байқоңыр, Қоңырбаймен бес ұл еді.

Байтоға, Бәйіті, Нәйіті бір қатыннан,

Өтептің сегіз ұлы осы дейді.

 

Баласы Қаратайдың Кәкен деген,

Қайран, Сықақ, Сағары бір қатыннан.

Баласы бұл үш бала Ит дегеннің,

Қайраннан Садуақас, Әбілмәжін,

 

Біреудің біреу білмес ішкі зарын.

1120. Қалиасқар, Әбілмәжін, Малғажылар,

Бұлардың біле алмадым ішкі назын.

Бұларды осыменен тоқтатайын,

Білімді қабылдайды сөздің азын...

 

Қаракерей руының таратылуы туралы

 

Сонымен,  жоғарыдағы  Қаракерейлер   туралы  шағын танымдық жазбаларды бере отырып, Найман – Өкіреш – Белгібай – Сүйінші – Төлегетай баба – Қытай би – Қаракерей, одан ары Байторы және  Ерторы, одан ары Байторыдан - Мейрам, Айрам — ..., ал Ерторыдан - Байсиық, одан Қызылым,  Жирен — ...  болып кететін бабалар ұрпақтарын  ары қарай  тарқату туралы қомақты шежірелік жазбалар ұсына алатын азаматтарды осы жұмысқа белсенділікпен қатысуға шақырамын!

 

Осыған орай, төрт шежірелік жазба мысал және үлгі ретінде беріліп отыр:

  1.  ... Қаракерей – БайторыМейрам – Байыс – Сары(Мұрын) – Жолымбет – Назар батыр – Жанболат – Тоқабай – Жомарт – Кегенбай би (1735—1835) – Есенғұл – Арғын – Сәрсен – Шегедек – Биахмет (1885—1921) Алаш қозғалысының көр­нек­ті өкілі, Алашорда үкіме­тінің мүшесі — ...

   2.   ... – Қаракерей БайторыАйрам – Қожамбет – Жанқұл – Жалмабет – Құдыс – Байшора – Жарылғап батыр – Атымтай – Башық би – Байтайлақ би — ...

   3. ...  – Қаракерей – ЕрторыБайсиық – Қызылым – Ейсеке – Меңлібай – Әлімбет – Алдияр (Қырықмылтық) – Қоңысбай – Құттымберді – Мамат – Бекберді – Қырықмылтық Сүлеймен би — ...

4. ... - Қаракерей – ЕрторыБайсиық – Жирен – Жанғұлы – Кұлмамбет – Асан – Ырсымбет – Қазығұл (Қазанбай батыр) – Жолдыбай – Байшуақ – Мыңбай – Тұңғат – Күдері – Маусымбай – Жұмахан (1891—1938)

Осыларды пайдалана отырып, қызығушылық танытқан басқа да азаматтар оның қажетті тармақтарына өз әулеттерінің шежіресін қосып, әр «бұтақтарын» толықтыра  алады. Егер сондай жазбалар көптеп ұсынылып жатқан жағдайда, Қаракерей  және басқа да рулар шежіресінің  басты тармақтары реттеліп, толыққанды  дәрежеге «жетті-ау» деген  кезде, оларды жеке-жеке кітапшалаларға, кітаптарға, томдарға айналдыра беруге болар еді. ...