«Шежіре жүргіземіз» (23)

 

«ШЕЖІРЕ ЖҮРГІЗЕМІЗ» (23) 

ӨКІРЕШ  ШАЛДЫ БІЛЕМІЗ БЕ?

 

Құрметті оқырман! 

Сайтымның кешегі  парағында белгілі тарихшы, журналист Камал АБДІРАХМАНОВТЫҢ  «КҮШІЛІК ХАН» атты танымдық мақаласы  жарияланған болатын. Бүгін соның жалғасы тұрғыдағы КӘКЕҢНІҢ тағы бір үлкен зерттеушілік жазбаларын ұсынғанды жөн көрдім.

Олар сол  КҮШІЛІК ханның ұрпағы болып келетін, НАЙМАН елі шежіресіндегі ерекше орны бар тарихи тұлға — ӨКІРЕШ ШАЛ туралы бірін-бірі  толықтыратын, тартымды да тағылымды "Найман  «Өкіреш  шал: Аңыз бен ақиқат» және «Өкіреш Шал кім?» атты 2 мақаласы.  Танысқаның әбден дұрыс болады!

 

 

«Найман  Өкіреш  шал: Аңыз бен ақиқат»

 

Картинки по запросу Өкіреш

Камал ӘБДІРАХМАН. Қабанбай батыр кесенесінің шырақшысы.
25 Қараша 2011ж 
"Найман Өкіреш шал: аңыз бен ақиқатнемесе тұтас бір ұлыстың атасы туралы алыпқашпа сөзге қойылар нүкте Тәубе, біз құдай қолдаған алымды аталарымыздың арқасында өсіп-өніп жатырмыз.
Сол атамыздың бірі, бірегейі – Өкіреш Шал. Шежірелерде Өкіреш Шалдың азан шақырып қойған аты – «Тоқпан екен» дейтіні де бар. Атамызды заманында «Ақ сопы», «Ақ мырза» деп те ныспылапты. Кей шежіре Өкіреш Шалды «Тоқпанның жалғыз ұлы» дейді. Сөйтіп, бірде Өкіреш Шалдың азан шақырып қойған аты – Тоқпан, лақабы «Ақ сопы», «Ақ мырза», келесіде Тоқпан Өкіреш Шалдың әкесі немесе баласы. Осы екіұдайды талдау нақтылы дәлелдердің аздығынан, тіпті, жоқтығынан аса ауыр шаруа. Ал Өкіреш Шалды жеке алсақ талай-талай жайттардың бетін ашамыз. Бұл мақсатқа жету үшін, ең алдымен, аңыздарға сүйенеміз. Ауызекі дала тарихында – шежірелерде көбінесе Тоқпан өсе келе «Өкіреш Шал», «Ақ сопы», «Ақ мырза» аталады. Бірыңғайлы болу үшін біз осы вариантты таңдап алдық.
Тоқсұлудантуған ұлдың атын Белгібай деп қойыпты. Аңыз айтады: есте жоқ ерте заманда Тоқпан деген пенде ғұмыр кешіпті. Ешкімге дес бермеген, бойында қуат, артында қалың жұрты бар, мыңғырған бай, балалы-шағалы екен. Тегі мінсіз, көргенді жерден. Амал қайсы, адам ұлғайған сайын қаруы қайтып, дәрмені азаяды. Мұндай күн Тоқпанға да туыпты. Сол тұста тісін қайрап, қаны қайнап жүрген қастастары ақылдасыпты.
– Ал не істесек керек? Есемізді еселеп қайтарайық. Тірісінде жонынан таспа тілейік!
– Жо, жоқ! Ол жеңіл ғой. Бұтарлап өлтірейік.
– Ол да аз. Қазанға сап қайнатайық.
Өстіп, Шалды қайтіп қатты қинаймыз деп, дау ұзаққа созылыпты. Ақыр соңында мынадай жазаға тоқтапты:
– Бұл Шалды бір күнде өлтірмейік. Күн сайын өлтірейік. Еркек кіндік ұрпағын қырып салайық. Тұқымсыз өтсін. Тірі тұяғы қалмаса күнің не, сәт сайын өлмей ме?
Келісім осылай, жаза жаңағыдай. Аңыз сол тұста Тоқпан сексеннен асыпты дейді. Кейде тоқсан аттаған. Арада қанша уақыт өткені белгісіз, әйтеуір бірде, қастастары кісі жіберіп біліпті. Әлгі қайтып келіп айтыпты:
– Мұқаттық дейміз бе? Әй, қайдам! Шал – қатқан қайыңдай. Майысар түрі жоқ. Тас-түйін. Ішін көре алмадым, сыртына сызат түспепті.
Аң-таң қапты дұшпандары.
Шалдың келіні бар. Үйсіннің қызы – Ақсұлу. Ақылына көркі сай, ерекше жаратылған жан екен. Оның да күйеуі өлген – жесір.
Арада жыл өтті ме, жеті жыл өтті ме, аңыз оны есіне сақтай алмапты. Күндердің күнінде арғыннан бір топ игі-жақсы түсіпті. Аман-саулықтан соң орағыта келіп, Шалға Ақсұлудың жас екенін, осы үйге бас-көз болатын бір кісінің керектігін көлденеңдетіпті. Сөз астарын түсінген Шал:
– Ерік баламда. Сөзді өзіне ұстаттым, – деп, беріштене қалыпты.
Ақсұлуарғындарды әбден күтіп, риза жасапты. Аттанарларында атасының көзі тірі тұрғанда Шалдың шаңырағын жықпайтынын айтыпты. От өшпейді, ошағынан қазан түспейді. Арғындар жағы ойлайды: «Бұл да дұрыс шығар. Шалдың қанша күн өмірі бар дейсің. Тосайық».
Ақсұлу мұны неге айтты? Мәнісі тереңде еді. Кешелер атасының жамбас көрпесін жинап жүріп, жып-жылы екенін аңдаған. Бүгін де солай. Атасының тізесі суи қоймағандай. Белі бар сияқты. Келін мұнан соң құдайдан кешірім сұрап, бетін баса жүріп, Шалдың кіші дәрет сындырған сыртына барды. Көпіріп жатыр. Тәңір сәтін салса атасында бір балалық күш бардай. «Шіркін-ай, осындай әулие адамнан ұрпақ қалмағаны ма?» деген күндіз-түнгі уайымын үміт жеңе бастады. Ақсұлу ары ойлап, бері ойлап бір шешімге бел буды. Төркініне астыртын кісі салып, он алтыға енді толған сіңлісі Тоқсұлуды алғызды.
Бір күні Шал ата:
– Ақсұлу, балам! Мына бала кім? – деп сұрады.
Ақсұлудың жауабы әзір-ді.
Ата, бұл – Тоқсұлу. Менің қыз енем ғой.
Тоқсанның үшіндегі Шалдың қатын алсам деген ойы жоқ еді. Қаперіне кірмеген іс.
Он алтыдағы Тоқсұлу байға тиюді ойламаған. «Байсыз қаламын-ау» дейтін жаста еместі. Шыққан тегі сан жігітті ынтықтырар еді.
Бәрі құдайдың қалауы, ақылды келіннің өзі түскен шаңыраққа адалдығы. Тоқпан шал айтпай-ақ түсінді. Ақсұлу мен Тоқсұлу қартты бал қымызбен, бағланның етімен күтіп жатыр.
Тоқсұлу босаға аттаған соң алты айдан кейін қария бақиға аттаныпты. Үш ай өте Тоқсұлу қошқардай ұл туыпты.Ақсұлу оның атын «Атамнан қалған белгі ғой» деп – «Белгібай» қойыпты.
Аңыз айтады: шілдеханаға келген арғындар анау жылғы қолқасын тағы салыпты. Сонда Ақсұлу:
– Енді болмайды. Атамның ұлы, менің әмеңгерім туды емес пе? Басым бос емес, – деп басын біржолата арашалап алыпты.
Содан бері Ақсұлуды найман іші – «Найманның әулие келіні» дейді. Тоқсұлуды «Қыз еней» атайды.
Аңызды қай жағынан алып қарасаң да барлық арман, уайым – ұрпақ мәселесіне барып тіреледі. Осы әфсананы кейбір қу ауыздар былайша жалғастырады. «Тоқсұлудың бойына нәресте бітерде қария өкіріп құлапты, содан – Өкіреш Шал аталыпты». Мұны да айтпасақ сөз түгел болмайды.
Әсілі, қайтіп құласа да тоқсан үшінде қарымы қайтпаған ата осал жан ба! Өлер шағында өмірін ұзартып кеткен, дүниеге ұл әкелген қарт-әулие емей, енді, кім!
Осы аңыздың шыны қайсы, қоспасы қайсы? Әдетте кез келген аңыз нақтылы бір тарихи оқиғадан тұтанады. Нақтылы бір адамның ғұмырынан басын алады. Тек, араға түскен ғасырлар шымылдығы көп жайттан көз жаздырып, Өкіреш Шал сияқты тарихи тұлғаны жаңағыдай әзілге апарады. Бірақ соңында қалған ұрпағы атасына да, анасына да араша түсері, ақиқатын айырып алары даусыз. Өкіреш Шалдыңсоңында бүгінгі күні ең кемі – бір жарым миллионға жуық ұл-қызы бар. Тоғыз таңбалы найман қазір үш миллионға жетіп қалса, соның ішінде көп өскені – қаракерей мен матай. Тіл мен көзден сақтасын! Садыр, төртуыл – ол да төбе. Тағы да бір аңыз айтады. «Жоқ, олай емес, Тоқпан ата аса дәрежелі, ел тұтқасы болған діндар екен. Содан оны кейде «Ақ сопы», «Ақ мырза» деп те атапты. Балаларын ешкім өлтірмеген, өзіне де ешкім қиянат қылмаған. Ұрпағының біразы сол тұстағы әр түрлі қақтығыстардан, біразы ажалынан өлген. Тұл қалғаны, Ақсұлу келіннің қолына қарап қалғаны рас». Ары қарай аңыз арты Тоқсұлу арқылы алдыңғы жолғыдай өрбиді. Тоқпан ата, Ақ сопы, Ақ мырза – Өкіреш Шал аталады. Міне, осы жерден бастап көптеген сұрақ туындайды.
Ең алдыңғысы – атамыздың «Өкіреш Шал»аталуы. «Өкіріп құлапты» деген сөз, там-тұм ғана ойлана білетін адамға жалған екені «әп» дегеннен-ақ көрінеді. Тоқпанның төсегінің қасында біреулер құлағын тосып, аңдып отырмағаны айдан-анық. Әрі атамыз сол кезде қандай үйде тұрды екен? Көне заманды еске алсақ «үй» дегенде көз алдымызға алты қанат ақ отау елестейді. Қазаққа басқалайы бұйырмаған сияқты.
Арғы тегі салтанатты сарайда өмір кешкен найман Шал едені ағаш, керегесі қыш, шатыры күмбез үйде тұруы да мүмкін. Себебі, сол аңыздардан білетініміз – Тоқпан ата Самарқан маңын мекендеген наймандардан. Ендеше, тақа біреу аңдып, құлағын салпыйтып отырмаса Шалдың өкіргенін, одан құлап түскенін қалай естіп, көре қойды екен? Нақ осы сенімсіздеу, жалған.
Бастапқы аңыз одан әрі жалғасады. Найманның әулие келіні – АқсұлуБелгібайды он алтыға толғанша тәрбиелеп, сол жылы қайнысымен некелеседі. Екеуінен Сүйініш туады. «Сүйініп жүрейік» деп Сүйініш қойыпты. Кейінірек Сүйініш Сыр бойына қоныстанып, кереметтей байыпты, өзі ғана емес, елін де қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған дәуренге жеткізіпті. Содан ел оған тойындырды, киіндірді деп «Сүгірші» деген лақап ат беріпті. «Сүгіршінің» мағынасы ол кезде сондай болса керек. Сүгіршіден де жалғыз ұл – біз Төлегетай деп жүрген бабамыз.Одан – Қытай. Қытайдан төрт ұл – Қаракерей, Матай, Садыр, Төртуыл.
Бұл бел ортасы бүгінгі наймандардың. Осы кезеңдерде, Тәңірге мың алғыс, Балталы, Бағаналы, Көкжарлы, Бура, Саржомарттар да өсіп-өніп, найманды еселендіріп жатқан. Самарқан мен Сырдың, Ұлытау мен Есілдің ортасы жалпы найманның «Қаптағай» ұранымен ұласып, Ү– бақан таңбасымен айбаттанып тұрған.
Десе де, Тоқпан шалға қайта оралайық. Атамыз мөлшері қай кезеңде туды, кімдермен қатар өмір сүрді, қандай тарихи, әлеуметтік, қоғамдық қызметтер атқарды? Әлі де талай сауал туындайтыны және аян. Ендеше, ең алдымен Тоқпан – Өкіреш Шал найманның туған жылын тапқан оңды. Мұны істеу үшін шежірелерге сүйенеміз. Бірақ әр шежіре әр түрлі айтады. Мысалы, Ақтайлақ бидің шежіресінде: Найманның жалғыз ұлы Тоқмақ өліп, Қыз енейді алады. Одан Белгібай туады. Ақсұлу Белгібайға тиіп, одан Сүйініш туады. Сүйініштен Төлегетай, одан Қытай, одан Төртуыл, Қаракерей, Матай, Садыр туды дейді.
Белгібай Тоқсұлу деген тағы бір әйел алып, одан «Сүгірше, Сүгіршеден Қарабек, Толымбек деген екеу туады. Толымбектен Сарымырза туады». «Ал енді найманның әулие келіні Белгібайға үшінші әйел әпереді, Қарашаш деген қызды. Бұдан Бағаналы, Балталы деген ел тарайды». Бұл Ақтайлақ атамыздың жазғаны. Оның алдында Сүгіршіден туған Қарабектің екі баласы жоғалып кетіп, кейіннен оның біреуі Үргеніштен табылып, баланың төлеміне көк жал ат беріп, ол Көкжарлыатанды, екіншісі Бұхара маңында табылып, Бура беріп сатып алған соң Бура атанды дейді.
Кез-келген шежіре солқылдақ келеді. Жалпы, шежіре атаулысына келгенде «мынау дұрыс» деген аса жөн емес. Кез келген шежіре солқылдақ келеді. Ақтайлақ би атамыздың шежіресінде де қиюласпайтын тұстар өте көп. Мысалы, Ақтайлақ бабамыздың шежіресіне сенсек Балталы, Бағаналы — Найман Шалдың немересі. Алайда барлық шежірелерде Балталы, Бағаналы Белгібайдан тумайды. Келбұқа мен Кетбұқадан тарайды. Кетбұқа — нақтылы тарихи тұлға. Жошыханның Ұлық биі, қолбасшы, оң қолы. 1260 жылы күзде 75-80 жасында жау қолынан өледі.
Енді есептейік. Мұхаметжан Тынышбаев аталарының айтуымен өзі Төлегетай бабаның 16-ұрпағы екенін жазады. Ендеше Төлегетай ата мөлшері 1450 жылдарда туады. Одан Белгібайға дейін екі ата – 50 жыл. Бұған Тоқпан шалдың 93 жылын қосамыз. 140 жылдай. Енді 1450-ден 140-ты аламыз. Сонда Тоқпан шал мөлшері 1300 жылдары туған. Олай десек, Тоқпан ата өзінен жүз жылдан астам бұрын туған Кетбұқаға қалай ата болады? Бұл бір.
Мен шежіре бойынша Белгібайдың жиырмасыншы ұрпағымын. Онда Ақтайлақ бидің шежіресі бойынша Тоқпан жиырма бірінші атам, 93 жасы және бар. Сонда менің шежірем бойынша да Тоқпан ата 1330 жылдарғы. Мұхаметжан атаның шежіресінен 20-30 жыл айырма бар. Бұл — шежірелерде қалыптасқан қалып-норма. Кейде 50-70 жыл кем-кешін шыға береді. Себебі, бір ата бәйбішеден, екінші ата үшінші-төртінші тоқалдан туады да, ара-тұра екі-үш ата аталмай да қалуы мүмкін.
Жоғарыдағы екі мысал да Тоқпан шалдың 1300-ші жылдың ар жақ, бер жағында туғанына айғақ. Ендеше Келбұқа да, Кетбұқа да Белгібайдан тумайды. Сонда қалай болғаны? Шежіре неге жаңылады? Бұған жауапты сәл кейін береміз. Әзірше Тоқпан – Өкіреш Шал – Белгібай аталарымыздың ХІІІ ғасырдың аяғы мен ХІV ғасырдың басында туғанын анықтап алған сыңайлымыз. Бізге мәлім шежірелердің барлығында Өкіреш ата айтылады. Ақтайлақ бидің Найман деп отырған кісісі осы Өкіреш тәрізді. Себебі, атын дөп басып «Өкіреш» демесе де сопылығын, діндарлығын айтады. Тоқмақ деп отырғаны да ойландырады. Әрі Белгібайдың әкесі.
Біз шежірелердің негізінде айтылатын Өкірешке тоқталғанды жөн көрдік. Өкіреш Тоқпаннан (кейде Тоқман) туды ма, әлде лақабы ма, ол жағын қозғамаймыз. Қателесуіміз әбден мүмкін. Кез келген шежіре қате сарапқа алып кетуі кәдік. Шежіре – нақтылы тарих емес. Сондықтан оны ақиқатқа балауға болмайды. Назарға ғана алған жөн. Сондықтан Өкіреш Шалдың өз басын таңдап алдық дегенбіз алдында.
Ұрпақ ауысып, жаңа жұртқа көш түзеген сәттерде, дүрбелеңге толы қилы замандарда халық білгеннің біршамасынан айырылып қалады. Тарихымыздың бел-белестерінде жұртымыздың түсіріп алған дүниелері мол. Осы сияқты найман да, сонау шығыстағы Орхон, Ононнан – Орта Азияға, одан Арқаның терістігіне, одан қайта шығысқа – Алакөл, Тарбағатай, Зайсан, Алтайға қарай көшіп жүріп найман хандығы тұсындағы салт-дәстүр, ырым-сырым, сарайдағы лауазымдардың біршамасын жадыдан шығарып алыпты. Оңдысы – оларды тарихшылар теріп алып, найман жылнамасына кіргізіпті.
Осы жөнінде тарих ғылымының докторы Бақыт Еженхан үлкен жұмыстар атқарып, «Найман хандығының мемлекеттік құрылымы» атты еңбегінде наймандардың мансаптық лауазымдарына, соның ішінде «шал» сөзіне кеңінен тоқталады. Сөзді ғалымға берейік:
«Найман хандарының нөкерлері туралы Рашид-ад-Дин: найман ханында бір топ мықты нөкерлердің болғанын, олардың иесіне өте адал болып, соғыста жанқияр екенін, тіпті, найман ханымен жау болған Шыңғыс ханның өзі олар туралы мақтаулар айтқанын жазады.
Найманның әкімшілік атауы «Шал». Жан саны мол, жері кең халыққа билік жүргізу үшін, әрине, ру-тайпалық одақтық билік жүргізу әдісіне ұқсамайтын өзгеше басқару жүйесі, басқару әдісі керек. Осындай жаңаша басқару жүйесі болған кезде, хандықтың өз ішіндегі дау-дамайын, келеңсіз жайттардың алдын алуға болады. Төменде наймандардың сондай мемлекеттік бір түзімін, өзіндік басқару жүйесін бейнелейтін атау – «Шал» туралы тоқталамыз. «Жамиғат тауарихтың» Шыңғыс хан шежіресінде найман Күшіліктің аға, әпке-қарындастары, руы туралы әңгімеде осы сөз қайталанып отырады. Мысалы: «Әлин-шал», «Баян-шал», «Тару-шал» және «Түңге-шал». Төртеуі де Күшіліктің руынан – наймандар. Жай ғана найман емес. Күшіліктің бірге туғандары. Демек, «шал» – ханзада деген мағынада тұрғаны анық.
Рашид-ад-Дин «шал» – ханзада деп түсіндіреді. «Жамиғат тауарихта» найман Таян ханның бір әмірі яки бегінің аты «Титик-шал». Ал осы «Титик-шалды» «Юань Чао Би Ши»-да «Титик сақал» деп жазған. Демек, «шалдың» – «сақал» деген формасы да болған.
Іс жүзінде «шал» атауын наймандар ғана емес Х-ХІ ғасырда солтүстік Қытай жерін мекендеген моңғол тілдес қидандар да қолданған. «Ляо Ши-да» «Шали» деп жазған қидандардың бір атауы кездеседі. «Ляо-Ши»-дің «Патшалық тілге (қидан тіліне) түсініктеме» деген тарауында «Тамашу ша-ли» деген атауына былай деп түсінік берген: «тама» көне түрікше «шабарман», «ша-ли» – ұл». Екі сөз қосылғанда біріккен мансап атауы күрт жоғарылаған... «Ұл» деген сөзді «патша ұрпағы», «ханзада» деп түсіну керек, бұл наймандардың «ханзаданы» «шал» деп көрсетуімен бірдей мағынаға ие. Ал «шалдың» қытайша «ша-ли» жазылуы қытай иероглифтерімен жазылу заңдылықтарына сәйкес келеді.
Ендеше бұл сөздің тегі қандай?.. Біздіңше бұл түрік сөзі. Ежелгі түріктердің әкімшілік атаулары ең тыңғылықты жазылған Ду Цудың ІХ ғасырдағы «Тун Дянь-да» деген кітабында былай деп жазылған: «Алғашында (түрік) ақсүйектерінің лауазымы он дәрежеге бөлінген, олардың аты адам денесі, жасы, сақал-шашы немесе арақ пен ет, аңдардың аты сияқтылардан келген».
Сондай-ақ сақал деген сөз ертедегі түрік хандығының бас кезінде-ақ, мәнсап атауы болғаны анық. Наймандардың шал, сақал атаулары осыдан келіп шықса керек.
Шал немесе сақалдың мәнсабына келсек, «Юань Чао Би Ши»-да жазылған Титик шалдың іс-әрекетінен және «Ляо Ши»-дағы «Тамаша шал» атқарған міндетінен, қимылдарынан мынадай хабар аламыз: ақсүйек ұрпағы саналатын шал сырт мемлекеттерге қол (әскер) бастап шығады; жат ру-тайпалардың істеріне қатысады; ел арасындағы араздықтарды келістіреді; заң тармақтарын атқарады. Шалдың жат ру-тайпаларға қол бастап баруының екі түрлі мәні бар: хан әулетінің өкілі болып, оларды басқару және хандықтың шекарасын қорғау».
Бақыт Еженханның осыншалықты тыңғылықты зерттеу жұмыстарынан соң «шал» сөзінің түпкі мағынасын түсіндік. «Ханзада» деген мағына беретініне көз жетті. Ендігі ойландыратыны – осы «шалдың» «Өкіреш Шалға» қатысы бар-жоғы. Осы күйінде бұзбай алсақ «Өкіреш ханзада» деген мағынаға ие. Сонда, «Өкіреш» те бір мағына бермес пе екен?
Әдетте жанама аттар қазақы дәстүрде жолдас-жора, замандастардың аузынан шығады. Қайны, қайын сіңлілеріне жеңгелері де ат қояды да, кейін азаматтың өз аты ұмытылып қалатын жайттар да аз емес. «Өкіреш» аты осы салттың ешқайсысына келмейді. Тоқсан үштегі атаның қай жеңгесі қалды екен? Әзілдейтін жезде, нағашыдан да көзі тірісі сирек-ау. Ол заманда өзінен үлкенді әжуалау ақылға сыймайды. Оған жол берілмеген. Мұндай адам жазаға тартылып отырған. Сондықтан ол лақапты жастар да қоймаған. Ендеше, «өкіріп құлапты, содан «Өкіреш» аталыпты деген бекершілік.
Әлде жаулары қойған шығар? Бұл да неғайбыл. Себебі, күлкіге, әжуаға, кемсітуге арнап қойылған ат жау ішінде, жат елде жүруі мүмкін. Ал өз ішінде ондайға жол жоқ. Мысалы, біз жүз жерден «қытай» десек те, олар өздерін «ханзу» дейді. Біз, естіп, көргелі «неміс» десек те, олар өздерін «дойтч» дейді. Тіпті, патшалы Ресей тұсында қазақты «киргиз» дегені үшін Ресей думасында Мұхаметжан Тынышбаев бастаған депутаттар үлкен мәселе көтерген жоқ па еді. Ал қырғыздар өздерін орыстардың «черные», «горно-каменные киргизы» «тау», «жартастағы-жабайы» дегенін қойғызу үшін патшаға неше дүркін хат жазды емес пе?! Орыстар, біздер «чечен» десек, олар өздерін «нохчи» дейді.
Демек, кемсіткен ат найманның өз ішінде қалмауы керек. Өз атасын кім өз аузымен күлкі қылсын. Бірақ найманның басым бөлігі өздерін мақтанышпен «Өкіреш Шалдың ұрпағымыз» дейді. Ұрпақтан ұрпаққа, ұмытқызбай сақтап келеді. Ендеше, «Өкірештің» сол мақтануға лайық мағынасы жоқ па екен? «Өкіреш Шал» неге сонша қадірленеді?
Бабамыздың моласына алып барды. 2003 жылы тегі самарқандық Рүстем Умаров деген өзбекпен екі күн істес болдым. «Самарқаннанмын» деген соң руын сұрадым. Себебі, ол қаланың дені найман, қыпшақ екенін ежелден білеміз ғой.
– Найманмын.
– Найманның ішінде кімсің?
– Өкірешпін.
Мәссаған! Тілім байланып қалды. Шала естідім бе? Қайта сұрадым.
– Кім дедің?
– Ө-кі-реш, Өкірешпін. Былай жазылады «Өкірач».
Рүстемді құдай жолықтырған шығар. Ұзақ күн әңгімелестім. Қазақстанда неше жылдардан бері құрылыста істепті. Тәп-тәуір қазақшасы бар. Ол жылы Бақыт Еженханның ғылыми еңбегімен таныс емеспін. «Шал» дегеннің мағынасын білмеймін. Неге екенін қайдам, сөз арасында, «Өкірештің» өзбекше мағынасы бар ма екенін сұрадым. Рүстем ойланып қалды. Әлден соң барып:
– Өзбек «бұқаны» – «өгіз», өгізшені – «жас өгіз», бұзауды «өжек» дейді. Бірақ енді есіме түсіп отыр, аталарымыздан «Өкіреш» деген не деп сұрасақ, «Өкіреш», деген «кіші бұқа» дейтін.
Ойыма найман хандары орала берді: Семіз бұқа, Арық бұқа, Инанығ Білге бұқа, Байбұқа, Тайбұқа, берісі Келбұқа, Кетбұқа. Сонда кіші бұқа – «Өкіреш» ханға жетеғабыл бір атау емес пе?
Рүстем әңгімесін ары қарай сабақтады.
– Самарқаннан бір қырық шақырымда Өкіреш найман ауылы бар. Сол ауылда Өкірачтың қабірстаны да бар. Сіздер Әмір Темірдің, оның баласы Ұлықбектің, оның баласы Бабырдың дүрмен найман екенін білесіздер ме? Бізде Әмір Темірдің ұрпақтары көп. Араласамыз, олар – дүрмен наймандар.
Рүстем құрылысқа ғана жетік емес, азды-көпті тарихын да біледі екен.
– Бізге Әмір Темір өз тұсында Самарқанның ең шұрайлы жері – Үргіт тауының етегінен қоныс беріпті. Сол өңірдің ең бай жерінде тұрады наймандар.
Менен де көп жайды сұрады Рүстем. Енді ол таң қалды. «Сонша ата-бабаларыңызды қалай ұмытпағансыздар» дейді. Шежіре сақтау қазақтың ата кәсібі екенінен хабары болса да, Өкірештен өзімізге шейін білетініміз таңсық көрінді оған.
Рүстем менің кейбір сұрақтарыма, мысалы, Өкірештен төмен қарай кім туғанына мандытып жауап бере алмады. Оның айтқанын мен, менің сауалдарымды ол жазып алыстық. Бұйыртса келесі жылы жолығып, маған жауап бермекке келістік. Алайда Рүстем екі жыл хабар салмады. Үшінші жылы Қабанбай ауылындағы жерлестеріне барып, Рүстемнің хал-жайын сұрадым. Бұл Өзбекстаннан көшіп келген қандасымыз еді. Аты – Омар.
– Аға, Рүстем сал болып қалды деп естігенмін.
– Нақты адресін білесің бе?
– Жоқ аға. Әйтеуір өзбекстандық болған соң жақын тартқаны ғой. Әйтпесе аралас-құраласымыз жоқ. Онымен бірге жүрген жігіттер биыл келмеді.
Рүстеммен бірге құрылыста жүретіндер содан қайтып соқпады. Атамыз жерленген моланың дәл адресін білмей мен қалдым. Сөйтіп, тағы да жылдар өте берді. 2009 жылы Ақмоладағы – Астанадағы жігіттермен келісіп, тәуекелге бел будым.
Арқаның бораны қысып тұрғанында Ташкенге ұштым. Осы жақта қазақшасы жөнділеу Ибадулла деген жігітті серік еткенмін. Екеуіміз ары қарай Самарқанға таксимен жөнелдік. Ташкендегі таксистер Өкірач ауылын білмеді. Самарқанда жан-жаққа такси жүретін үш жер бар екен. Олар да мандытпады. Ендігі жалғыз амал – маршруттағы автобустардағы елден сұрау. Автобустарды түгел сұрастырып келеміз. Түс қайта Ибадулла бір автобусқа кірді де етжеңді келіншекпен ұзақ сөйлесіп қалды.
– Таптық аға. Өкірач, Қара найман, Қызыл найман, Дүрмен найман деген ауылдар мына Үргіт тауының етегінде, Үргіт ауданында екен. Ана келіншектің сіңлісі сонда күйеуде көрінеді.
Екеуіміз қаланың шетіне шығып, такси алдық. Үргітке баратындар тұрады мұнда. Тез жеттік. Таксиші бір ауылға кіре бере:
– Осы Өкірач найман ауылы, – деді.
Көшеде алғаш кездескен бес-алты жігіттен сұрап едік – құптады. Өздері де өкірачтар болып шықты.
– Ауылдың сыртында жазу көрмедік.
Өкірештер бір-біріне қарады да жауаптан жалтарған сыңай танытты. Жат жерде қалай тықақтайын. Бір ыңғайсыздықты ішім сезді.
– Тағы қайда наймандар тұрады?
– Алдыда Қара Найман, Қызыл найман бар.
– Дүрмен ше?
– Ол алысырақ.
– Өздерің наймансыңдар ма?
– Иә, найманбыз.
Әңгіме өстіп жалғаса берді. Бізді Өкіреш бабаның моласына алып барды. Сыртына «1988 жыл. «Өкірач қобірстаны» деп жазып қойыпты. Қоршалған, үлкен қақпадан кіресің. Ол құлыптаулы, кілті көзге түсер жерде байланған.
– Өкірештің моласы қайсы?
Ілесе келген жігіттердің ешқайсысы да көрсете алмады.
– Осының ішінде. Нақты қайсы екенін білмейміз.
Бұл жақта мола басына тас қою, атын жазу соңғы 15-20 жылда ғана қолға алынса керек. Молалардың шетіне қарай кейінгі кезде қойылған қабірлерге адам аттары жазылған. Көне молалар төбешік болып жатыр.
– Білетін адам бар ма?
«Сұрай, сұрай Меккеге де жетесің» дегенді қазақ қалай дөп айтқан. Үйден-үйді аралап, ауылдан-ауыл өтіп, қарияларға сәлемдесе жүріп, ұзақ жылдар партия-совет қызметінде істеген, облыстық деңгейде әртүрлі басшылықта болған Құдайчукур Хакимов қарияға Самарқанда кезіктік. Ертесіне кешке дейін әңгімелестік. Абай атындағы Алматы педагогика институтын бітіріпті. Математик.
– Шүкір Алла, сексенге келер жылы жетерміз. Мені кеңес заманында-ақ «қазақшыл» деп кінәлайтын. Жоқ інім, өзбектер емес. Сарттар. Сендер – қазақтар, Өзбекстанда қанша қазақ бар екенін білесіңдер ме? Ең кемі бес миллион. Солардың үш жарым миллионы тегін жасырады. Жол бойындағы ауылдардың аттарына назар аудардыңдар ма?..
Иә, аңғарғанбыз Самарқан облысының біз өткен маңында ғана Балталы, Бағаналы, Қаңлы, Керей, Қанжығалы, Қарақұрсақ, Садырсай, Қаракесек, Жағалбайлы, Тарақты, Шанышқылы, Қоңырат, Төртуыл, Қатаған елді мекендері қалған. Тайлақ деген қышлақтан өтіп бара жатып, таксидегі төрт өзбектен «бұл не?» десем айта алмады. Түйенің төлі екенін жеткізсем, «Ә, бізде «боталақ» дейді» деген. Тайлақты «үлкен боталақ» деп атайтын көрінеді.
Құдайчукур ақсақал бірден ашық әңгімеге тартты. Ол кісінің айтуынша, Өзбекстанда жүріп жатқан өзбектендіру емес, сарттандыру саясаты. Өткен ғасырдың елуінші жылдары мемлекет, үкімет басына кілең сарттар шығыпты. Сол, сол-ақ екен «өзбекте ру жоқ» деген атаусыз ұран тасталады.
– Себебі, сарт – тәжіктерде ру болмайды. Сол тұста Өкірач найман, Қара найман, Қызыл найман ауылдарын біріктіріп, «Москва» колхозы деп атады. Ауылдың сыртындағы, картадағы жазулар түгел алынып, өшірілді. Оны айтасың, алақандай артық жері жоқ Өзбекстанда да жаңа жерлерді жыртамыз (тың игеру сияқты – авт.) деген сылтаумен көне молаларға соқа салынды ғой. Масқара! Міне, сол кезде Өкірач атамыз жерленген көне молалардың ана бұрыш, мына бұрышына, көне екі моланың арасында қалған жарты құлаш жерге қалада, ауылда, осы маңда өлген адамдарды әкеліп қойып, «Мынау жаңа мола» деп осы қабірстанды әзер алып қалдық. Мана жігіттер ауыл аты жазылған тақта жөнінде сөйлей алмады дедің ғой. Сөйлер еді, бірінен-бірі сескенеді. Ішінде бір адам бөтен жүрсе, ертең руын мәслихаттады деп оны басшыларға шақыртады. Мүмкін сенерсің, мүмкін сенбессің, сол сөз ертең Ташкенттегі үкімет, мемлекет басындағыларға да жетуі мүмкін. Сөйтіп, ол байғұстың әбден зықысын шығарады. Мына Самарқанның ең азы 80 проценті қыпшақ пен найман. Соның қаншасы шынын айтады? Міне, менің немерем. Күн сайын найман екенін құлағына құйып отырамын. Қазір далаға шыға бере, өзгелердің көзінше сұрашы «білмеймін» дейді. Бұл да қорқады. Інім-ау, ру сартта ғана, сонан соң Бұхардың еврейлерінде ғана болмайды. Өзбекстандағы өзбектердің руын білмейтіні жоқ. Бәрі біледі. Айта алмайды.
Құдайчукур қарияның сөзін бөлмей тыңдадым. Ішіне кептелген мұңын шағып тұр. Ақтарып алсын. Менің қасымда еріп жүрген Ибадуллаға бір жар рет назар аударғанмын. Оны да қалт жібермеді.
Өкіреш сөзінің өзбекше мағынасы бар– Бұл да руын біледі. Ертең Қазақстанға барған соң жеке сұрашы, айтады. Біз жеке жүрсек ясурмыз-батырмыз. Сен, әлде, сартсың ба?
– Құдай сақтасын! Өзбекпін.
Ақсақал өзбектің ішкі саясатында менің шаруам шамалы екенін кеш байқады.
– Мемлекет басына өзбек келсе түзелерміз. Әзірше күніміз осындай. Саған шағынып жатқаным ғой.
Қария шерін тарқатып бітті-ау деймін. Менің де күткенім осы сәт-тін. Рүстемнен жауабын ести алмаған сұрағымды қойдым.
– Қазақта бабамызды «Өкіреш Шал» дейді. Бұл лақабы сияқты. Сіздер «Өкірач қабірстоны» деп жазыпсыздар. Біз шалын түсінеміз. «Өкіреш» деген сөздің өзбекше мағынасы бар ма?
– Бар. Өгіздің кішкенесін осы маңда «Өкіреш» дейді. Қазір мұны да айтпаймыз. Аталарымыз «Кішкене өгіздің ұрпағымыз» дейтін.
– Бір сәт тұра тұрыңызшы. «Өгіз» деген не? Пішілген бе, пішілмеген бе? Бізде пішілгенін – өгіз, пішілмегенін – бұқа дейді.
– Пішілмеген.
– Онда неге–кішкене бұқа?
– Оны білмедім.
– Найман хандарының атына әмісе «бұқа» қосылып айтылған. «Өкіреш» соның бір түрі, мысалы, кішкене бұқамыз – ханзада емес пе?
– Оны да білмедім. Бірақ біз онсыз да хан тұқымымыз. Әмір Темір найман ғой. Өз заманында бізді осы жерге орналастырған Әмір Темір. Өкірач атамыз аса үлкен әскербасы екен, кейін осы жақтағы барлық найманның әмірі. Мүмкін ханзада шығар. Кучулук та Самарқан жақты мекендеген бір уақ. «Мыңғұлдың шежіресінде» осы жағы айтылмаған. Таулы Бадахшанда өлгені рас. Білесің бе, Таулы Бадахшанда да наймандар өте көп. Бізге аталарымыз сыбырлап айтатын: «Таулы Бадахшаннанбыз. Өкірачқа келіп қосылғанбыз» деп. Мен Қара найманмын. Өкірачтар да Кучулуктан қалған. Бір найманбыз.
Құдайчукур қария Өкіреш Шал жайлы өрбітіп кете алмады. Білгені осы ғана. Мен ойлай жүрген екінші шаруама ауыстым.
– Осы маңда Жұпар қорығы деген жер жоқ па? Немесе Жұпар ауылы, Жұпар қышлақ?
– Ол не?
– Қорық па? Орысшасы – заказник. Бірақ қорық деген бір адамға немесе әулетке бөлінген жер болуы да мүмкін.
– Естімеппін. Жұпар деген не?
– Біздің бір анамыздың аты. Мағынасы, орысша – «аромат».
– Естімеппін. Бұл туманда (ауданда–авт.) жоқ. Мүмкін Тауфих аға білер. Ол көп оқыған, бұл өңір оған түгел мәлім.
Тауфих ака Юнусов үйінде болмады. Ұлымен қалта телефон арқылы сөйлесіп, ертең Самарқанда шайханада кездесуге келістік.
– Саған жақсы болды. Тауфих аға елуге келгенше Қарақалпақстанда жұмыс істеген. Енді аудармашысыз сөйлесесіңдер.
Келісілген шайхана орталықта екен. Үш-төрт адамнан отыратын кішігірім бөлме жасақталған. Денелі, шашын ұстарамен қырғызған, тақиялы, сақал-мұртын әдемілеп басқызған, зерлі-оюлы көз әйнекті, сәнді костюм киіп, галстук таққан өңді қария екен Тауфих ақсақал. Бір көргеннен байқағаным, өзбекке ұқсаған бет-бейнесі жоқ. Сойып, қаптап қойған қазақтың салтанатты қариясы.
– Ассалаумағалейкум.
– Уағалейкумассалам! Төрлет. Түске дейін шайханада адам болмайды. Кең отырып, қысылмай әңгімелесейік. Сені найман, Өкірач атаны іздеп келіпті деп естідім. Мына Қарақалпақстанда қазақ мол ғой. Солардан білерім, қазақ ішіндегі ең көп әулет – наймандар. Мұнда да аз емеспіз. Сен алдымен Қазақстандағы наймандар туралы айтып бер. Сонан соң бізді тыңдарсың.
Кешелі бері мені өзбек-наймандары таңдандыруын қояр емес. Күнде көріп жүрген, іштаныс адамдардай-ақ өзімсініп, бауырына тартады. Асының алды – палауын пісіртіп, етін мол салғызып, үйме табақ алдыма қояды. Жолсерігім Ибадулла шайханаға мені жеткізіп тастады да, болмашы сылтаумен кетіп қалды. Онысы да жөн. Кедергі болғысы жоқ. Оны екі ақсақал тоқтатпады.
Буы бұрқырап палау келгенше Қытайдағы, Ресейдегі, Түркиядағы, Мыңғұлдағы, «қазақпыз» дейтін наймандар туралы сөз қозғадым. Ризашылықтарын бас изегендерінен ұғамын. Наймандар жайлы шежірелер, әр түрлі кітаптар шыққанын, түп-тамырымызға қарай қазып келе жатқанымызды, осы жолғы сапарымыз сол істердің бір ұшы екенін әңгімелемедім. Үндемей отырған Тауфих ақсақал дәл осы жерде шыдай алмады.
– Бізде мұның бірі де жоқ. Төбе көрсете алмаймыз. Әр рудың том-том шежіресі шықты дейсің, бізде тып-тыныш. Біз өлсек, арттағы балаларымыз тегін ұмытады-ау. Қазақпен қарындас екенінен жаңылып, сарттанбаса қайтсін. Жай отырып егеседі қазақпен. Бірақ інім, сен түсін, біз бір туғанбыз. Сарттың ісін бізге жықпаңдар.
Тауфих ақсақалды келген жұмысыма қарай бұрдым.
– Аға, біз орыстанудан аман қалдық. Сіздер де сарттана қоймассыздар. Өзгені не етесіз, біз есіңізге түсіріп отырамыз кім екеніңізді. Көршіміз, ұмыттырмаспыз. Кешелі бері Құдайчукур ақсақалдан көп нәрсеге қанықтым. Өкіреш ата жөнінде жаңа дерек алдым.
– Ә, иә, айтты. Өкірач ата – хан баласы. Зор әскер басқарған. Найман хандары Бұқа аталғанда, мұрагерлері «Өкірач» – «Кіші Бұқа» аталған. Орысшасы – наследник. Жалпы өзбек арасында «бұқа» сөзі Ташкент, Бұхара, Самарқан маңында ғана сақталған. Өзге аймақтың өзбектері «өгіз» дейді. Себебі, өзбек бұқаны өте сирек пішеді. Пішілген бұқаның еті азайып, өспей қалады. Тірідей сатсаң денесі кіші, еттей сатсаң салмағы аз. Содан да пішпейді.
Құдайчукур ақсақал менің сәл жымиысымды қалт жібермеді.
– Өзбектің ойлағаны сауда деп отырсың ба? Дұрыс. Біз не өсірсек, не ексек те, ең алдымен сатсақ қандай пайда түсетінін есептейміз. Сонан соң ғана өзімізге қажетін шамалаймыз. Әр сумның орнын алдын ала белгілейміз.
Шынында да, ақсақалдың айтқаны көкейге қонымды. Үнемшілдікті қазақ та бойға сіңіруі қажет-ау. Қарияның ішкі ойымды дөп басқанынан секемденіп қалдым. Неше жерден ағымыздан жарылдық деп отырсақ та, әр сөзім, әр қимылым бақылауда екен. Бұл онша сенбегендері ме, әлде өмірден түйгені көп қарттың білгірлігі ме? Неде болса мән бермегендей сөз суырдым.
– Ертеңді ойлағанның несі жаман? Әрине, дұрыс. Қазақтың ең ірі тайпасы наймандар жер тар, малға қыспақ Самарқаннан, тынысы кең далаға қотарылғанда болашаққа қараған ғой. Оның бер жағында Найманбала мен Жұпар анамыз да осы жолды ұстанған. Қазақтың ұлы батыры Қаракерей Қабанбай осы ата-анамыздың кейінгі ұрпақтары. Менің тағы бір шаруам – Жұпар қорығын іздеу еді. Оны Құдайчукур аға білмеді. Сіз естідіңіз бе?
– Соны Құдайшукурдан ұққалы ойландым. Әлі есіме ештеңе түспеді. Бұл маңда жоқ-ау. «Жұпар» деген атау кезікпеді. Олар да найман ба?
– Найманбала сол тұста Шайбандердің қолында аманатта жүрген найман елі басшысының баласы сияқты. Ал Жұпар ана кімнің қызы екенінен дерегіміз шамалы. Қолымызда бары – аса бай жерден.
– Мөлшері қай заманда туған?
– Он алты ғасырдың ортасы, он жеті ғасырдың – басы. Өкіреш бабадан 200-250 жылдай кейін.
– Найманбала өз аты ма, әлде жанамасы ма?
– Кепілде жүргенінде қойылған лақабы тәрізді.
– Одан бері кімдері бар екен? Ол жағын білмейсің бе?
– Дастандарда Тоғыз (кейде Тоғыс), Тоқта, Тоқтамыс деген хандар кезігеді. Ал Қапшырбай деген ақсақал:
«Атамыз Бөден, Екен, Бердім деген, Соңынан Тоғыз ханды жетелеген»... дегені бар. Осындағы Тоғыз кісі аты екені немесе 9 сан екені беймәлімдеу. Оныншы Тоқтарқожа. Оған дейін 9 хан болса, Бөден, Екен мен Бердімді қоссақ барлығы он екі ата – 300-325 жыл аралығы. Тоқтарқожа мен Қабанбай әулиенің арасы 100 жыл. Түгендесек – 400 жылдан артық. Енді Қабекең туды делінетін 1692-ден 400-ді алсақ 1290 жылдар шығады. Бұл Бөденнің ғұмыр кешкен мерзімі. Осылай жинамаласақ бізге белгілілері арысы – Бөден, Екен, Бердім, ортасы – Тоғыз (Тоғыс), Тоқта, Тоқтамыс хандар, бергі жағы – Найманбала, оның немересі Тоқтарқожа. Бір жырларда Тоғыс, Тоқта, Тоқтамыс хандар аталары да, «алты атаны ұмыттық» деп Найманбалаға түседі. Аңдасаңыз, хандардың саны да 9. Осыған қарағанда барлығы Тоғыс, Тоқта, Тоқтамыс бастаған 9 хан сияқты. Қабанбай батыр туралы жетік білетін шежіреші досым Төлеуғали Бірбалаұлы «хандардың саны 9» дейді.
– Ал енді, тоқтай тұр. Құдайчукур сен жазып ал. Жаңағы аталарды, ғұмыр кешкен уақыттарын қайталашы.
Арысы – Бөден, Екен, Бердім, Ортасы – Тоғыс, Тоқта, Тоқтамыс және беймәлім алты хан, берісі – Найманбала, қатыны – Жұпар, екеуінің немересі Тоқтарқожа. Иә, айтпақшы, Тоқтарқожаның бір ұлы – Жанжігіт. Кей шежірешілер Жанжігіт өзбек, түркімен жерінде дейді.
– Енді осылардың ғұмыр кешкен уақыттарын жазып алайық.
– Қаракерей Қабанбай батыр 1692 жылы туған деп жүрміз. Бұл да дәл шықпауы мүмкін. Бірақ осыған тоқтайық әзірше. Онда Тоқтарқожа мөлшері 1590 жылдарғы. Себебі, төртінші атасы. Одан Өкіреш Шалға дейін он бір ата. Екі жүз жетпіс бес жыл. Осылай санасақ Өкіреш баба мөлшері 1310 жылдары туады. Ал Бөден, Екен мен Бердім де Тоқтарқожаның оныншы, он бірінші аталары. Сонда олар да мөлшері Өкіреш бабамен қатар жасаған.
– Өкірач атаны 1310 жылдары туған деген есепті қайдан шығардың.
– Ол былай. Өкірештен – Белгібай – Сүйініш – Төлегетай (Төлек атай) – Қытай – Қаракерей – Айрам – Байторы – Ейсеке – Жиренім – Байыс болып тарайды. Кей шежіреді Ейсеке, кейбірінде Жиренім айтылмайды. Мен бәрін қосқанды жөн көрдім. Міне, Байысқа дейін он ата, Тоқтарқожамен он бір. Айтпақшы, Найманбаланың ұлы, Тоқтарқожаның әкесін ұмытыппыз. Онда он екі ата. Демек, Өкірештен бір ата алға сияқты. Сонда Бөден 1270 жылдарға келіңкірейді. Шежірелерде бірнеше ата ұмытылып қалатыны бар. Оны еске алсақ одан тағы да 50-60 жыл ілгерілеп, 1200 жылдардың басына түсуі де мүмкін.
Құдайчукур қария барлығын тәптіштеп жазып алды. Тауфих қартқа қараймын да, қайран қаламын. Өзбекке ұқсаған бір жері көзіме түспейді. Қып-қызыл жібек орамалымен ара-тұра көз әйнегін сүртіп қояды. Сөйтеді де мәйпездеп, төрт бүктеп ішкі қалтасына жасырады. Қимылы соншалықты бипаз. Саусақтары сүйріктей салалы.
– Аға, мамандығыңыз не? Қарақалпақстанда кім болдыңыз?
– Ағаларың Кәкімбек Салықовпен қатар істедік. Комсомол, атқару комитеті, партиясының маған өкпесі жоқ шығар. Ең соңы – профсоюз. Самарқанға да ізім түсті. Ал мамандығыма келсек – екі институт тәмамдадым. Экономист, әрі юриспін. Қазір бизнестемін. Балалардың біраз шаруасы бар. Солардың ақыл-кеңесшісімін.
– Аға, қазақта «бір жоқты, бір жоқ табады» деген нақыл бар. Өкіреш атаны іздеп келіп, Найманбалаға түсіп жатқаным, құлақтарыңызда болса оны да біле кетейін дегенім еді. Бір із шығар деп үміттенгенмін. Сіздермен енді хабарласып тұрайық. Сұрастырарсыздар.
Тауфих ағаның ойына әлдене түскендей. Менің қолымдағы Самарқан уаялатының картасын сұрап алды.
– Інім, мына маңайда да наймандар тұрады. Біздер – диқандармыз. Олар – мал бағатындар, – деп Самарқанның батысы мен терістігін саусағымен басты. – Осылардан шығып қалмасын. Сен жолыңнан қалма. Біз анықтап көрейік.
Оның ғұмыры елеулі-елеулі үш кезеңнен тұрады. Самарқанға барған негізгі шаруам бір ыңғайланды. Өкіреш бабаның қабіріне құран оқыдым. Атамыз елтұтқасы екеніне көз әбден жетті. Ханзада, жай ғана емес, мұрагер ханзада дәрежесіндегі қаракөктің ұрпағы. Өкіреш найман, қара найман, қызыл найман ауылдарының тұрғындары бұған нық сенімді. Өкіреш Шал жастық және толысқан шақтарында – әскербасы. Егделене келе дінге бет бұрыпты. «Ақ мырза, Ақ софы» аталуы осы тұс сияқты. Зер сала, ойлана қарасақ, Өкіреш Шалдың ғұмыры елеулі-елеулі үш кезеңнен тұратынын аңғарамыз.
1. Сөз басындағы аңызда «есесі кетіп жүрген дұшпандары» барын айтқанбыз. Бұл Өкіреш Шалдың – мұрагер ханзаданың қалың әскерді бастап, айбат шашып тұрған шағы. Өзі батыр, өзі хан тұқымы. Алдынан кім шыға қойсын. Расында да талайларға тізесі батқан шығар. Өз еркімен істемесе де, мемлекеттің мүддесі, хандықтың ішкі, сыртқы саясаты әлдекімдерге әлімжеттілік жасатарына дау бар ма. Көре алмаушылардың, қастастардың бой көрсеткені тәрізді, осы тұс.
Үргіт секілді жер шоқтығын Әмір Темірдің сыйлауы да — Өкіреш Шалдың – найман ханзадасының мемлекетке сіңірген еңбегінің өтеуі. Ақсақ Темір-Әмір Темірдің маңынан өзім оқыған кітаптарда Өкіреш Шал – әскербасы көрінбейді. Соған қарағанда Әмір Темір атқа, одан таққа мінгенде атамыз әскербасылықтан дінге бет бұрған сияқты. Әйтпесе, Дүрмен найман Ақсақ Темірдің қасынан найманның бір тірегі Өкіреш Шал көрінсе керек.
Атамыздың дінге иліккенше Өкіреш Шал – найманның мұрагер ханзадасы аталып найман елін басқарып жүргеніне көзіміз жетті. Өкіреш Шал атағы бабамызға тоқсаннан асқанда берілген лақап емес. Өкіреш Шалнайман елінің ханнан кейінгі мемлекеттік лауазымдық ең жоғары атағы. Бұған тарих ғылымдарының докторы Бақыт Еженханның еш бұлтартпас деректері, Өкіреш Шал мәңгі тыным тапқан өңірдегі найман-өзбектердің қолмен қойғандай деректері нақтылы дәлел.
2. Өкіреш Шалдың өміріндегі елеулі екінші кезең – дінге бет бұруы. Сөз басындағы шежіре аңыздағы «Ата аса дәрежелі, елтұтқасы, діндар екен. Содан оны «Ақ сопы, Ақ мырза» атапты» деген сөзде де жаңылыс жоқ. Бабамыз жастық шағындағы, әскербасы кезіндегі мемлекет мүддесі үшін істеген қайсыбір қиянаттарына құдайдан кешірім тілеп, бес қаруын керегеге іліп, сол өңірдегі найманның ортақ биінеайналыпты. Бұл өзбек — наймандардың дерегі. Елтұтқалық пен дінбасылықты қатар алып жүріпті. Осы сәттерден бастап, қалған 20-30 жыл өмірінде «Ақ сопы, Ақ мырза» алға шығып, «Өкіреш Шал – тақ мұрагерлік Ханзада» лауазымы шегінген сыңайлы. Сөйтіп, Өкіреш Шал атауы түпкі мағынасын ұмытқыза бастаған.
Осы тұсқа жеткенде сөз басындағы аңызда айтылатын «Еркек кіндігін қырып салайық» деп дұшпандарының сайланып келетіні жалған сияқты. Себебі, әбден өштескен адам тартына ма? Егер, Өкіреш Шалға шамалары шындап жетіп тұрса, мал-мүлкін, жерін тартып алмай ма? Ақсұлуды ат алдына өңгеріп кетпей ме? Өкіреш Шалды тентіретіп жібермей ме?
Әрі қарай. Қалың арғын Ақсұлуға әмеңгерлігін айтуға келгенде үлкен ізет сақтайды. Жол-жаранасымен, салт-дәстүрімен отыр. Мүкамалынан тұттай айырылған, сорлап отырған, ел-жұртынан ауып қалған адамның нышаны білінбейді Өкіреш Шалдан. Арғын «берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан» демейді. Әлімжеттілік жоқ. Осы-ақ Өкіреш Шалдың жұрт ортасы тоқ екенінің айғағы. Ақсұлуды ала алмай кеткенін де кек сақтамайды. Терезесі тең адамдардың келелі әңгімесі осындай болмаушы ма еді. Аңыздағы «бейшара» Өкіреш Шалға тізе батыра алмайды. Осыған қарағанда ту бастағы аңызға сену қиын. Қиюы келмейді.
Мұндай жағдай тарихта жиі кездеседі. Мысалы, бүкіл Еуропаны алдына жыққан Еділ патшамыз. Еуропалық тарихшылардың айтуында түбі жеңіледі. Быт-шыты шығады. Содан бір патша жеңілген, сұрықсыз, Еуропаны қан қақсатқан, ата жауы Еділ патшамызға қызын береді. Осыған сенесіз бе? Өтірік. Жеңілген жауға қыз бермек түгілі, басын кесіп тастар еді. Еділ тағы да жеңген ғой. Қызды тартып алған, әйтпесе патшалары бас амандығы үшін өзі әкеп берген. Ал Еуропа тарихшылары мен жазушылары оқиғаны керісінше бұрып отыр. Өкіреш ата туралы аңыз да осындай болуы мүмкін ғой.
3. Тауфих ақсақал айтады: «Сол кездердегі көп соғыстарда үш ұлы мерт болыпты. Екі ұлы сүзектен тұрмапты. Ең кенжесі де соғыс кезінде тұтқынға түсіп, жау жағы азаппен өлтіріпті оны. Сен айтып отырғандай жаулары атаның балаларын көз алдында қырып салмаған. Ол кезде Самарқанда найманға бетпе-бет келетін күш жоқ. Ең жаны мол біз болғанбыз».
Мүмкін, солай да. Әйтеуір Өкіреш Шалдың тұл қалғаны рас. Дінге біржола бет бұруына басына түскен қайғы да әсер етті ме. Ең кереметі – осы қасиеті. Алты ұлдан айырылған ата құдайдан күдер үзбейді. Күндіз-түні құлшылық қылады. Бірақ тоқсанында қатын алу, бала сүю қаперіне келді ме? Әй, қайдам. Ақсұлудай келін берген Алла, Тоқсұлуды да өз бұйрығымен жіберген шығар. Құлына ризашылығы солай екен. Шекесі торсықтай Белгібайдың «шыр» етіп дүниеге келгенін көрмесе де, Тоқсұлудың құрсағын бүлкілдеткен нәрестесінің табан тепкісіне алақанын тосып, құдайға шүкіршілік еткеніне өз басым сенемін. Көзі тірісінде әулие атанған Өкіреш Шал – Ақ сопы – Ақ мырза Белгібайдың келісті, ырысты, ортасы тоқ, аталы да баталы жұртты басқара беретінін құдайдың құдіретімен білген де шығар.
Алты ұлдың ажалы жанын жеген Өкіреш Шал – найман ханзадасы сабырын, байсалын діннен тауыпты. Алты ұлдың өтеуін Өкіреш Шалға – найманның атаулы соңғы ханзадасына құдай өзі беріпті. Тәубаға келу, шүкіршілік етудің алды – үміт, арты – береке дегеніміз осындайдан шыққан.
Енді қолда бар деректерді қайыра бір топтап алайық. Рет-ретімен келейік.
1. «Шал» – найманның жоғары мемлекеттік лауазымы. Ол міндетті түрде патша, хан ұрпағы – ханзада. Шал мынадай міндеттер атқарады:
а) сыртқа қол бастап шығады. Демек, әскербасы, қолбасшы;
ә) жат рулардың ісіне қатысады. Мұның мәні бодандығындағы жат ру-тайпаларды басқару және хандықтың шекарасын қорғау;
б) ел арасындағы араздықтарды келістіреді. Демек, билік айтатын – төбе би, сот.
в) заңды атқарады. Мұның мәні – мемлекет ішінде қабылданған заңдардың орындалуын қадағалайды, заң бұзушыларды жазалайды.
2. «Өкіреш» – өзбектердің жергілікті диалектісінде «Кіші бұқа» деген мағынада. Мәнісі – ханнан кейінгі адам.
3. «Өкіреш» пен «Шалды» қосып айтқанда – найман тағының мұрагер ханзадасы мәніне ие.
Тереңдей үңілсек «Шал» мен Өкіреш» бір мағынада. Ол – ханзада. Осы жерде тағы сауал туады. Онда неге біреуін ғана айтпаймыз? Неге қосарлап, «Өкіреш Шал» дейміз. Жеке айтса да ұғынықты сияқты. Бұл сұраққа мына сөздер жауап береді: «Тоқты – Барлық», «Баян Сұлу», «Ақ–Шаған», «Келте–Мұқыры». Осылардағы барлықтың қазақшасы – тоқты, баянның қазақшасы – сұлу, шағанның қазақшасы – ақ, мұқырының қазақшасы – келте, шолақ. «Ақшаңқан үй тікті» дейміз. Сөйтсек, «әппақ үй» дегендей екенбіз. Бұл да қайталап тұр. Тілімізде қалмақ – мыңғұл – қазақ сөздері тіркесіп айтылатын тіркестер көптеп саналады. Кейбір қосарлы сөздер жергілікті диалектіні түсінікті ету үшін де жүреді. Әуелдегі «Шалдың» көне ұғымы, мағынасы ұмытыла бастаған соң «Өкіреш» – «Өкірач» қосылғандай. Көнесі «Шал» тәрізді.
Сөз реті келгенде айтқан жөн. Г.Потанин наймандардан «Көк бұқа» аңызын жазып алып, мынадай қызық факті келтіреді: «Наймандардың бір бөлігі осы күнге дейін өздерін өгіздің ұрпағымыз дейді». (Ғ.Байназарова, «Қасиетті түркі елі», Алматы. «Өнер», 66-бет).
Міне, әзірше бізге нақтылы белгілісі. Сырт қарасақ бәрі анық. Бірақ, Өкіреш Шалдың, ең алдымен, ханзада екендігі көптеген сұрақтар туғызады. Мысалы, Өкіреш Шал ханзада болса, ол ханның баласы. Демек, әкесі тақта отыруы тиіс. Алайда Өкіреш Шал туды деп жорамалданатын 1300 жылдары найман хандығының құлағанына 80 жылдан асқан – хан болуы үшін хандық болуы қажет. Өкіреш Шалдың тұсында ол да жоқ, бұл да жоқ – Найманның соңғы ханы – Күшілік 1218 жылы Жебе ноянмен жекпе-жекте, майдан үстінде өлген. Ол тұстағы батырлардың көксегені де осындай майдан өлімі еді. Күшілік өліп бара жатса да бір арманына жетіп кеткен.
Ендеше, найман ханзадасы Шалға не себептен «Өкіреш» қосылған? Нақтылы жауабым жоқ. Бірақ Құдайчукур, Тауфих ақсақалдардан мына деректерді жазып алдым.
Кучулук ханның кесілген басымен бірге мыңғұлдар төрт-бес балаларын да ала кетіпті. Бірақ бір ұлы әлде қашып үлгереді, әлде тығылып қалады. Нөкерлері ұлды ешнәрседен тарықтырмапты. Өсе келе маңайына осы жақтағы наймандар біртіндеп жиналады. Сол кезде, кереметті қарамайсың ба, мұны Кетбұқа естіпті. Жошыханға алғызыпты. Бауыры емес пе, қолына Қарақорымнан пайза бергізіп қайтарыпты. Барлық найман, меркіт, қыпшақтардың кіші ханы етіп бекітіпті. Не десек те, Жошы өлген 1227 жылдан бұрын.

 

Өкіреш Шал кім?

Камал ӘБДІРАХМАН

Мақала  2017 ж. 26 Желтоқсанда «Abai.kz» ақпараттық порталында жарияланып,

2018 ж. 12 шілдеде ФБ желісінде қайта  шығарылған.· 

 

 

Атадан балаға ауызекі қалып келе жатқан шежірелерде ала-құлалық, жаңылыс жиі кездеседі. Сондықтан да шежірелерді нақтылы факті ретінде алдыға тарту аса дұрыс емес сияқты. Ұлы бабаларымызды, аса ірі ру басыларын аңыздан аршып, тарихи деректер арқылы ғылыми түрде зерттеу аса қажет. Себебі, алдыда өткен аталарымыздың өмір жолы, әр бабаның тарихы, түптеп келгенде, қазақ тарихының бір-бір парағы. Осы парақтарды түгендесек қазақ халқының тарихы толыға түседі. 

Сол аталарымыздың бірі, бірегейі-Найман Өкіреш Шал. Шежірелердің әртүрлілігіне орай «Өкіреш Шал» кейде-Тоқпан деген кісінің лақабы. Кейде, Тоқпан-Өкіреш Шалдың ұлы. Өз заманында Өкіреш Шалды-«Ақмырза», «Ақсофы» деп те атапты. Қалай деп атаса да сол шежіредегі «Өкіреш Шал» қазіргі үш-төрт миллионға жуық найманның тең жартысының ұлы бабалары, найманның «Өкіреш Шал» тармағының бастауы дейді.

 

 
Кей шежірелер, шежірешілер барлық Найманды Өкіреш Шалдан таратады. Келесісі үш топқа бөледі.

1. Ергенекті немесе Алтай наймандары (Көкжарлы, Бура, Саржомарт, Терістаңбалы);

2. Сырдың наймандары немесе Төлегетайдың төрт ұлы (Қаракерей, Матай, Садыр, Төртуыл); 3. Ұлытаудың наймандары (Балталы, Бағыналы).  Қайталап айтамыз біз шежіре деректерін ғана ұсынып отырмыз. Бұл «нақтысы осы» дегендік емес. Жаңылыс болуы әбден мүмкін. 

 

Әзірше дәл жауабымыз жоқ, бірақ айтпасқа тағы болмайды, Шымкент, Түркістан, Қызылорда қалаларында, сол маңда, Астана түбінде Дүрмен наймандар топтаса орналасқан. Қазақ шежіресіне кірмей қалу себебін, қазақ хандығы әбден қалыптасып, қазақ руларының шежірелері тұйықталған соң қосылған деп топшылаған жөн сияқты. Дүрмендер ҮІ ғасырдағы найман конфедерацисының құрамында болғаны, ықылымнан бері найман екені анық. (Е. Сәлімбай. Ата-баба тарихынан, Алматы-2007 жыл, 34 бет) Біз осылардың ішінен Өкірештен-Белгібайға, одан-Сүйінішке (Сүгірше), одан Төлегетайға (Төле атайға, Төле-Қытайға) түсетін тармағын бөліп алып қарастырмақпыз. Себебі, біз алды-артын емес, Өкіреш Шалдың жеке басын аңдамақпыз. Әңгіме дара тұлғасының кім екенін анықтауда.

 
Мен шежіре бойынша Өкіреш Шалдан тараймын. Алайда атамыздың «кіндігіненбіз» дегенге күмәндімін. Әрине, Өкіреш Шалдың кіндік төлдері бар, біреуі мен болуым да ықтимал. Оған дау жоқ. Әңгіме бір жарым, екі миллион адам туралы. Енді, күдігімді таратып айтайын. Ол үшін атамыздың қай тұста ғұмыр кешкенін анықтау керек. Осыған келейік. 

М.Тынышбаев «Әкемнің айтуына қарағанда Төлегетай он алтыншы атам» дейді. Бұл маңызды. Тынышбаев шежірені нақтылы тарих демейді, «айтуынша» деп көрсетеді. Төлегетайдан Өкіреш Шалға дейін және екі ата бар. Барлығы-18. Бұл мөлшері, әр атаға 25 жылдан бөлсек, 450 жыл. Бұған Белгібай туғандағы Өкіреш Шалдың 93 жасын қосамыз. Барлығы-543 жыл. М.Тынышбаев 1879 жылғы 12 мамырда туғанын өз қолымен жазыпты. Демек, 1879-дан 543-ті аламыз. Сонда Өкіреш Шал мөлшері-1330 жылдары дүниеге келген. Мүмкін сәл ертерек, не кешірек. Шежірелерде бір-жар ата ұмытылып қалатыны бар. 

Қаракерей Қабанбай батырдың шежіресімен алсақ ол кісіден Белгібайға дейін 12 ата -300 жыл. Оған Өкіреш Шалдың 93 жасын қосамыз. Барлығы- 393 жыл. Енді Хан батыр туған 1692 жылдан 393-ті аламыз. Онда Өкіреш Шал 1299 жылы туады. М.Тынышбаевтың шежіресімен өкшелес. Шежіредегі мұндай алшақтықтар қалыпты нәрсе. Сөйтіп, нысана XIII ғасырдың аяғы немесе XIV ғасырдың басы. Найманның бір тармағы, шежіреге сай, осы мөлшерде тууы тиіс. Дәл осыған сене алмаймын.

Шежіре ең кемі 6-8 ғасырға жаңылады. Себебі:

1. Найман Мемлекеті VІ-VIІ ғасырда қытайдың жазба тарихына енгені анық. Орхон жазуларында Қаржаубай Сартқожа дәлелдеген Арық бұқа мен Семіз бұқа секілді хандар бар. 
2. Өкіреш Шалдан-Сүйініш (Сүгірше), Сүйініштен-Төлегетай (Төле атай), (Төле Қытай). Байқасаңыз Өкіреш-жалқы, Сүйініш-жалқы, Төлегетай-жалқы. Төлегетайдан Қытай да жалқы. Сонда Қытай ХV ғасырдың аяқ шенінде дүние есігін ашады. Қытайдан (кейде Кітәй, дұрысы Қытай сияқты) -Қаракерей, Матай, Садыр, Төртуыл. Бұлар мөлшері ХVI ғасырда туады. Одан бері бес жүз жылдай уақыт өтіпті. Ендеше, Найманның бір ғана тармағы Қытайдан туған балалар бес ғасырда екі миллионға жетеғабыл дегенге сенесіз бе? Шыңғысханнан бұрын жасап келе жатқан, V-ғасырда із тастаған қырғыздар содан бергі 1500 жылда 3 миллионнан енді асты. Ендеше, Өкіреш Шалдың ұрпақтары ХV ғасырдан бері қанша қауласа да бүгінгі жан сандары-2 миллионға дейін өсуі мүмкін емес. Бірақ, осынша адам бар. 

Демек, бізге беймәлім бір құпия болғаны ғой. Рас, солайы солай. Осы сырды ашу үшін тарих ғылымдарының докторы Бақыт Еженханның «Найман хандығының мемлекеттік құрылымы» атты еңбегіне жүгінеміз. («Қазақ Ордасы» 2003 ж №3). Ғалым «Найманның әкімшілік атауы — «Шал» деп сенімді жазады, дәлелдер ұсынады. «Жамиғат тауарихтың» «Шыңғыс хан» шежіресінде Найман Күшіліктің әпкелері, қарындастары мен руы туралы әңгімеде осы сөз бар: «Әмин Шал, Тарту Шал, Таян Шал, Түңге Шал ағайынды. Төртеуі де Күшіліктің руынан. Шал-ханзада деген мағына береді. Найман Таян ханның бір әмірі, әки бегінің аты Титик Шал. Ал осы Титик Шалды «Юань Чао Би-Ши»-да «Титик сақал» деп жазған. Сондай-ақ, «Ляо ши»-дің «Шалға» берген түсініктемесіндегі «ұл» деген сөзді «патша ұрпағы ханзада» деп түсіну керек. Бұл наймандарды ханзаданың «Шал» деп көрсетуімен мағынасы бірдей. Шал немесе сақалдың мәнсап көлеміне келсек, олардың іс-қимылынан (атқарып жүрген қызметтерінен) мынаны көреміз: Шал-сыртқа қол бастап шығады; жат ру-тайпалардың істеріне қатысады; ел арасындағы араздықтарды келістіреді; заңды атқарады». 

Бақыт Еженханның осы деректерін таратып айтсақ Шал:
1.Әскербасы. Өз бетінше, дербес шешім қабылдайды. 
2.Сыртқы саясат мәселелерін шешеді, шекара қорғанысын басқарады, бодан елдерге билік жүргізеді, ішкі істеріне араласады. 
3.Соттың, бидің бар қызметін атқарады. Үкім шығарады, төрелік айтады;
4.Мемлекеттік заңдардың жүзеге асырылуын бақылайды. Заң бұзушыларды айыпқа тартады. (соттайды).
Көріп отырсыздар, «Шал» ханнан кейінгі лауазым иесі. Жеке-жеке саланы басқаратын уәзірлер сияқты емес, мемлекеттің барлық салаларына тікелей араласады. Уәзірлерден әлдеқайда жоғары лауазымды адам-Шал. Ал уәзірден жоғары ханзада екені кімге де болса мәлім. Шалдың қызмет ауқымы аса кең. 

Демек, «Шал», сөз жоқ, хан ұрпағынан. Ендеше сол тұста-ақ Хан басқаратын дербес мемлекет немесе ұлыс болғаны ғой. Ол, не дегенде де, мол жұрт. Әйтпесе, хандық, мемлекет қалыптаспаса ханзада қайдан болсын. Бұлай десек, нақты тарихи деректерге жүгінсек, VI ғасырда бар найман ХІІІ ғасырдың аяғында, табаны жалпақ жеті жүз жылдан соң, өзінен жеті жүз жыл кіші Өкірештен қалай туады? Жеті ғасыр бұрын бар, өз ата-бабасына Өкіреш қалай әке болады? Сөз басындағы күдігім осында жатыр. 

Өкіреш Шал барлық найманның атасы емес. Өкіреш Шал өзі өмір сүрген кездегі сол тұста, сол маңда топтасқан наймандардың басын қосып, билеушісі деген дәлірек сияқты. Оның лауазымын ұлық би дейсіз бе, ұлыс биі дейсіз бе, кіші патша дейсіз бе, өз еркіңізде. Бұл бір жағы. «Шал» сөзін саралау осыған алып келді. 

Екінші жағы «Өкіреш» не мағына беретінін тапсақ көрінеді. Мұны қазақ наймандары жадыдан шығарып алған екен. Бірақ Самарқандағы өзбек наймандары ұмытпапты. Сонымен «Өкіреш» не мағына береді? Бабамыз Самарқан маңында дүниеге келіп, сүйегі Самарқаннан отыз шақырым жердегі Үргіт тауының етегінде Өкіреш аталатын ауылда жерленген дегенді Самарқандық өзбек наймандарынан 2006 жылы естіген едім. Ал қазақ арасында мұндай дерек жоқ. Осы себепті қолда бар жиған-тергендерімізді тереңдете және бір қарадық. 

Рашид ад Дин найман мен қидандардың соңғы ханы Күшіліктің таулы Бадахшанда Сарықол шатқалында өлтірілгенін мыңғұлдардың «алтын ақша мен асыл тастардың мол қазынысын алғанын» жазады. Демек, Күшілік хан сопа басын алып қашпағаны, ордасымен, жұртымен шегініп, қазынасын ала жүргені ғой. Ендеше наймандардың алды бүгінгі Тәжік жеріне келіп орналасқаны көрінді (Расында да қазір Тәжікстанда лақай-қазақ, олардың ішінде өздерін найманбыз дейтін үлкен қауым бар). 

 

Картинки по запросу ӨкірешМоланың басына жергілікті өзбек өкіреш наймандар жиналып, қызыл бесжұлдыздан 1988 жылы белгі қойыпты. «Украч қобирстони» деп жазыпты. 2011 жылы өзбек наймандарымен келісіп, темірді алып, орнына биіктігі 3,5 метр, ені 1,5 метр қызыл гранит құлпытас қойдық. Қазақстаннан азаматтар барып ас бердік. Ауыл жанында Қаранайман, Қызылнайман, сәл әрірек Дүрмен найман ауылдары. Бұларда өздерін Өкіреш Шалдан тарататын өзбек наймандары тұрады. Осы маңда Төртуыл, Жанғұлы, Балталы, Бағаналы, Садырсай, Қаңлы, Қарақұрсақ, Қаракесек, Зарман, Шанышқылы, Тарақлы, Маңғыт, Жағалбайлы, Қатаған, Балғалы, Сарқұл, Керейт, Наймансай, Қаранайман табиғи қорығы, Қанжығалы, Наймансарай, Қарабағаналы, Шапырашлы, Шанышқылы, Уйшун, Дүрмен, Қоңырат, Шөмекей, Қият атты қышлақтар орналасқан. Нақ бір қазақ жерінде жүргендейсің. Осы қышлақтарда «өзбекпіз» дейтін осы рулар тұрады. Бұл біздің көзімізге түскендері. Көне атауларын жоғалтқандары қаншама екен? Мысалы, Кеңес үкіметі тұсында Өкіреш найман, қаранайман, қызылнайман ауылдарын қосып, «Москва» колхозы атапты, қазір Әмір Темір атындағы шаруашылыққа ұйысыпты. 

Осы наймандар «Укірач» -«Кіші бұқа» деген мағына береді дейді. «Бұқа» найманның хандық атауының қосымшасы екенін дәлелдеу қажет емес шығар. Оған VI ғасырдағы найман хандары Арық бұқа, Семіз бұқа, ХІІ ғасырдағы Инанығ Білге бұқа, ХІІІ ғасырдағы Байбұқа, Тайбұқа, Кетбұқа, Келбұқа бабаларымызды айтсақ та жеткілікті. «Кіші бұқа»-«Өкірештің» мағынасы тағы айналып ханзадаға соқты. «Укірач» дегеніміз осы жерде кіші хандықтың билеушісі дәрежесінде тұр деп пайымдауға келетіндей. Себебі, біз үш жыл араласқан өзбек укірач найман ақсақалдар Укірач бабаларын Самарқан ғана емес, Таулы Бадахшан, қырғыз, қазақ еліндегі наймандардың сол кездегі дара билеушісі деген пікірде. Ата жас кезінде аса ірі әскербасы екен, кейін егделене келе наймандардың ханы. Аса діндар. Өзі арыдан тартар нағыз қаракөктің ұрпағы-найман хандарының бұтағы. Онда да ар жағын атын атап, түсін түстеп айтады. 

-Найманның соңғы ханы Кучулук Таулы Бадахшанда Жебе ноянмен жекпе-жекте өлген соң, Жебе Кучулук ханның қатын-баласын, іні-қарындастарын түгелдей Мыңғұлға ала кетіпті. Бірақ бір ұлын нөкерлері жасырып қалыпты. Соңыра Кучулук Ханнан қалған осы ұлдың атын естіп, маңына ат тұяғы жетер жердегі найман жиналып, бір қауымға жетіпті. Мұны Кетбұқа естіп, Улуғ Тауға (Ұлытауға) шақыртады. Жошыханнан пайза бергізіп, бар найманның билеушісі етіп тағайындайды. Бұл ханзада Өкіреш атаның алды. Өкірач атаның арғы жағы Кучулук ханның ұрпағы, Кетбұқаның замандасы. Біз Кучулук ханның осы әулетіненбіз,-дейді қариялар. 

Сөйтіп, өзбектер Өкіреш Шал найманның соңғы ханы- Күшіліктің кейінгі ұрпағы екеніне куәлікке жүреді. Осында жан бар. Ешкімге мойынсал болмай, Күшілік өлген соң бытырап кеткен, Шыңғысханмен он бес жыл арпалысқан өркеуде найманды ұйыстырып, бас игізу үшін соған лайық тегің болуы қажет. Сені сонда ғана мойындайды. Мұндай адам Күшіліктен қалған бір төл-Өкіреш Шал. Оның үстіне Кетбұқа шақыртса, оның Ұлытауда отырған, Жошыдан кейінгі Ұлық би кезі. Кетбұқаның наймандарға іш тарта, бар найманды бір ортаға жинауға пәрмен беруі заңды. Өзі найман адамның жанашырлығын түсіндіру қажет емес. 

Өзбек қарияларының айтуынша Өкіреш Шал қартайғанда әскерін өкізіпті. Кейінірек Әмір Темір (Ақсақ Темір) Шалға осы маңды сыйлапты. 
-Мұнда дихан наймандар тұрыпты. Біз малшы екенбіз. Осында келіп, тұрақтағалы бері көшпейміз. Малшы наймандар Жизақ, Науаиге қарай тұрады. Бұл жақта найман көп. Бір ғана Самарқан облысында, ең азы, бес жүз мыңдаймыз. Бәріміз де тегімізді білеміз. Жалпы өзбек жұрты немере, шөберелерінен қыз алып, қыз берісе береді. Біз өйтпейміз.
Өзбек наймандары осылай деді. Тереңірек үңілсек, «Шал» мен–«Өкіреш» бір мағынада тұр- «Ханзада». Осы жерде тағы сауал туады. Онда неге қосарлап «Өкіреш Шал» дейміз? Жекелеп не Өкіреш, не Шал десе де болғандай екен. Бұл сұраққа мына сөздер жауап береді. Тоқты-Барлық, Баян-сұлу, Ақ-Шаған, Келте-Мұқыры, Ұрыжар-Мұханшы. Осылардағы барлық-мыңғұл қалмақша, қазақшасы-тоқты, баянның қазақшасы-сұлу, ақтың қалмақшасы-шаған, келтенің қалмақшасы-мұқыр, Ақшаңқан деп те жатамыз. Мұқаншыны қазақшаласаң-ұры, қарақшы шығады. Бұл да солай. Тілімізде қалмақ-мыңғұл тіліндегі сөзге қазақшасы қосылып айтылатын тіркестер көптеп саналады. Кейбір қосарлы сөздер жергілікті диалектіні түсінікті ету үшін де жүреді. «Шалдың» әуелдегі көне ұғымы, мағынасы ұмытыла бастаған соң, «Өкіреш» қосылғаны көрініп тұр. Көнесі «шал» сияқты. 

Сөз реті келгенде айта кетейік. Г.Н.Потанин наймандардан «Көк бұқа» аңызын жазып алып, былай деп атап көрсетіпті: «Наймандардың бір бөлігі осы күнге дейін өздерін өгіздің ұрпағымыз» дейді. (Ғ.Байназарова «Қасиетті Түркі елі, Алматы, «Өнер», 66 бет)

Зер салсақ Өкіреш Шалдың ғұмыры үш кезеңге бөлінеді. 
1.Әскербасы. Толған ел алдындағы шағы.
2.Жалпы найманның Елтұтқасы. Жұрттың сөзін ұстаған, билік айтқан шағы. 
3.Дінге бет бұруы. «Ақсофы», «Ақмырза» аталуы. Балалары өліп, тұл қалуы. Үйленуі. 

Қазақ шежіресінде осы үш кезеңнің біріншісі жалғыз ауыз «Ешкімге есе бермеген екен» деген сөзбен айтылады. Өкіреш наймандар Самарқаннан Сырға, одан Арқаға, одан Шығыс пен Жетісуға қоныс аударып, алты жүз жылдай көші-қонмен жүргенде, жаңа ортаға бейімделу барысында «Өкірештің» найманға ғана тән лауазымдық мағынасы тасаланыпты. Ал сүйегі жатқан өзбектер есте тұтқан. Бұған найман хандығының бір жола жойылуы, найманның мемлекеттік лауазымдарының қолданыстан шығып қалуы да әсер еткені даусыз. Бірақ, 1625 жылға дейін Самарқанда биліктің бір ұшын ұстап отырған наймандар «бұқаны» пайдаланбаса да, «Өкіреш»-Кіші бұқаны ұмытпапты. Түпкі мағынасын сақтап қалған. Жеке хандықтың иесі «бұқа» сол кездегі найман алдымен Алтын Орданың, одан Ақ орданың құрамындағы бір руға айналған соң соған лайықталып, кішерейіп «өкірешке» көшкен сыңайлы. 
Қазақ тарихында өз орны бар бір бабамыз-Өкіреш Шалдың кім болғанын, қай мезгілде өмір сүргенін, атқарған қызметін қолдан келгенше анықтауға тырыстық. Тереңдете зерттеуге көпшілік атсалысса жөн болар еді.
Екі-үш үн бұрын қазақ тарихымен белсенді айналысып жүрген Мұратбек Мамыров бауырымыз «Өкіреш» атауының қалай шыққаны жөніндегі пікірін ФБ-ке жазған еді. Осыған орай оншақты жыл бұрын жазылған «Өкіреш Шал» атты еңбегімді ФБ-ке лайықтап, барынша қысқартып салып отырмын. Салыстырып, ойларыңызды айтарсыздар.