«ШЕЖІРЕ ЖҮРГІЗЕМІЗ» (33) 

«ШЕЖІРЕ ЖҮРГІЗЕМІЗ» (33)

 

Сайтымның осы бөлімінің бұл жолғы парағында, түркі, қазақ елдерінің тарихына байланысты жарияланудағы сериялық жазбаларды дастандық түрде жазылған, бірін-бірі толықтыратын 2 тарихи-шежірелік дүниелермен жалғастырып отырмын.

Олар: қазақтың белгілі ірі тұлғасы (ақын, жазушы, философ, тарихшы, композитор)  Шәкәрім ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫНЫҢ «ҚАЗАҚТЫҢ ТҮП АТАСЫ» және ақын, тарихшы  Андас  ОМАРАҚЫНҰЛЫНЫҢ «ҚЫЗАЙ  ШЕЖІРЕСІ» атты еңбектері.

Сонымен бірге, кезекті шежірелік жазба ретінде  НАЙМАН — ТӨЛЕГЕТАЙ — МАТАЙ» болып келетін АТАЛЫҚ руының  таратылымы осы Андас ОМАРАҚЫНҰЛЫНЫҢ «ҚЫЗАЙ ШЕЖІРЕСІ» деген нұсқасымен берілді (Оларды ұсынушы - Қажет АНДАСҰЛЫ).

Танысыңдар!.

ҚАЗАҚТЫҢ ТҮП АТАСЫ

 

Картинки по запросу "батыр түрік" 

Шәкәрім Құдайбердіұлы   

 

 

Қазақтың түп атасы — батыр Түрік,
«Арабсың» деген сөздің түбі шірік.
«Пәленше сахабаның затысың» деп,
Алдаған дін жамылған өңкей жүлік.

Адамның тұқымынан – Нұқ пайғамбар,
Үш ұлы – Хам, Сам, Яфас, міне, осылар.
Яфастың бір баласы Түрік деген,
Өрбіген сонан өсіп талай жандар.

Болады араб жұрты – Самның ұлы,
Біледі шежіренің бәрі мұны.
Түріктің шын аты екен Надұлұше.
Түрік деп неге атанды тыңда соны.

Қарлы Алтай қатты суық тауда жүріп,
От жаққан Надұлұше оймен біліп.
Суықтан сөйтіп елін сақтаған соң,
Түрік деп хан көтерген патша қылып.

Оқ өтпес – түрік деген – темір тұмақ,
Ат қойған ұйқастырып елі тым-ақ.
Жан сақтар темір киім, от ел сақтар,
Емес пе жарасымды, көрсең сынап.

Аталған сөйтіп Түрік Надұлұше,
Ол кезде жылдар өтті мыңдап неше.

Түріктен шыққан талай сайыпқыран,
Жер жүзі тітіренген түрік десе.

Кім білмес баяғы өткен Оғұзханды,
Қаратқан қол астына талай жанды.
Басында Азияны түгел билеп,
Үрім, Парсы, Арабтың да көбін алды.

Жазады талай елдің жазушысы,
«Адамның өзгеше, – деп, – қылған ісі».
340 жыл бұрын пайғамбардан,
Атағы жер жүзіне шыққан кісі.

Оғұзхан – Мұғылханның немересі,
Қарахан еді оның өз әкесі.
Ерлігі, естілігі, әділеті,
Әлемде болған емес бір теңдесі.

Айтайын Атилланың қылған ісін,
Сиқыр деп ойлаған жұрт қайрат, күшін.
Азияны түгел билеп, Европаның
Көбі ауған Атилладан қорыққаны үшін.

Атилла — Мұнжықханның баласы
еді,

Басы үлкен, кеудесі кең, аласа еді.
1500 жылдай болды өлгеніне,
Оның да қылған ісі тамаша еді.

Қайтейін айта беріп алған жерін,
Атаңның ойға түсір сондай ерін.
Қор болып осы күнде отырсың да,
Қозғалсын өткенді ойлап іште шерің.

Кім білмес кешегі өткен Шыңғысханды,
Жартысын дүниенің түгел алды.
Талайын Европаның бас игізіп,
Қорқытып Қытайға да алым салды.

Қолына туып еді қан уыстап,
Әлемді билейтұғын үлгі нұсқап.
Қойылған Шыңғыстауға соның аты,
Өзенін осы хақан кеткен қыстап.

Ортасын араб, қытай түгел алып,
Азия, Европаға жарлық салып.
Мейірімді, алған елге әділетті.
Кетеді, қарсыласса, қанға малып.

800 туғанын жылға толды,
Темучин атын бұзып, Шыңғыс қойды.
Шыдамды Шыңғыс деген мықты демек,

Отызға келмей тұрып бақыт қонды.

Ол туған Бүлүнжылдық
деген жерде,

Рахымды қол астында кірген елге.
Не дінге, не ғұрыпқа қол сұқпаған,
Ой жібер, міне, осындай кемеңгерге.

Кешегі Әмір Темір қандай еді,
Әлемге жаққан жарық шамдай еді,
Міне оның туғанына 600 жыл,
Батырдың сайыпқыран маңдайы еді.

Әкесі Тарағай да
батыр еді,

Кіші деген жерді билеп жатыр еді.
Ту ұстап Әмір Темір атқа мінді,
Жазасын талай жауы тартып еді.

Шыңғыстың алған жерін о дағы алған,
Болмайды бұл сөзімнің бірі жалған.
Түріктің хан Йылдырым Баязитін
Ағашқа жеңіп ұстап таңып алған.

Дұшпаннан қарсы келсе қан ағызған,
Бір емес мұндай қанды көп ағызған.
Алғанда Асфаһанды көп соғысып,
Жетпіс мың бас сүйектен үй салғызған.

Түріктен талай сабаз батыр келген,
Шыққан ба ондай батыр бөтен елден.
Қытайды шабамын деп бара жатып,
Ол Темір дәл жетпіс бір жасында өлген.

Кім білмес кешегі өткен Тоқтамысты,
Орыстан алым алып, көрдей қысты.
Қазақ пен ноғайлының ақындары,
Едіге, Тоқтамысты жыр қылыпты.

Демеңіз атақтының бәрін де жаз,
Жазуға түгел теріп жетпес қағаз.
Кейінгі айтылатын сөзді тыңда,
Түріктен тағы қандай шыққан сабаз.

Жоғарғы айтқанымды қылсаң пайым,
Құя бер құлағыңа ұққан сайын.
Бұл күнде Стамбулда бөлек тұрған,
Айтайын енді Оспанды түрік жайын.

Түріктің Сақа деген бір табы еді ол,
Тауына Гималайдың барыпты ол.
Сақадан қаңлы деген тап бөлініп,
Баруға Үрім жеріне тартыпты жол.

Солардың кеткеніне 700 жыл,
Айтылды біраз одан, оны да біл.
Кез болып кезіп жүріп зор бақытқа,
Қандай бақ берді тәңірі, соны есеп қыл.

Қаңлының ханы болған Қия
деген,

Жер алып, ерлікпенен ел билеген.
Ол өліп, жалғыз ұлы ер Сүлеймен,
Сол жерден қайта көшіп, жөнеп берген.

Евфраттың дариясына келіп жеткен,
Су тасып, нөсер құйып асқан шектен.
Алды-артқа қаза келсе қарата ма,
Қапыда ер Сүлеймен суға кеткен.

Талапты тағдыр оған бала берген,
Қайраты, ақылы артық дана берген.
Ер Тұғырыл – Сүлейменнің жалғыз ұлы,
Сол жерде 400 үймен қала берген.

Көшсе де өңкей қаңлы, көшпей қалған,
Ерлікпен маңындағы елді алған.
Бірталай аз уақыт әскер жиып,
Ер Тұғырыл есті батыр деп аталған.

Хан емес, көп әскердің басы болған,
Қартайып сүйтіп жүріп жасы толған.
Орнына Оспан деген ұлы отырып,
Ер Тұғырыл 90 жаста опат болған.

Осы Оспан көп ел алып хан болыпты,
Ақылды, аса айлалы жан болыпты.
Келгенше осы кезге сол ат өшпей.
«Оспанды түрік» деген даң болыпты.

Ұғып ал осы сөзді, жас ұландар,
Өз баурың ол түрік те, осыны аңғар.
Құл болып біз қорлықта отырсақ та,
Көп шыққан атамыздан арыстандар.

Шыңғыстың үлкен ұлы Жошы хан ғой,
Баласы Бату-дағы батыр жан ғой.
Сарт, ноғай, қалмақ, қырғыз, қыпшақ,
Басында бәрі соған қараған ғой.

Орысты алғаш алған Бату өзі
1243 жылдың кезі.
«Сағымға садақ ілген Сайын хан» деп,
Батуға қойылған ат лақап еді.

Батумен бір туысқан Тоқай темір,
Көшпелі Көк орданы сол билеп жүр.
Біздің ел онда қазақ атанған жоқ,
Сарт, ноғай, қазақ, қалмақ – түбіміз бір.

Батудың жұрағаты – Өзбек хан,
Тұсында болған екен ол мұсылман.
«Дін қалды Өзбектен» деген мақал,
Қалмайды әлі күнге аузымыздан.

Темірхан – Тоқайтемір жұрағаты,

Дейтұғын Орманбет хан лақап аты.
Айнытпай атасының орнын басқан,
Түріктің ол дағы бір асыл заты.

1446 жыл келгенде,
Орманбет қаза жетіп ол өлгенде.
Таласып, зор хандыққа ұсақ хандар,
Быт-шыт қып ноғайлыны төрт бөлгенде.

Астрахан, Қырым, Қазан қаласында
Болыпты төрт бөлек хан таласында.

Билеген бергі шетті Әбілқайыр
1450 жылдың шамасында.

 

Картинки по запросу "батыр түрік"

 

Осы кез біздің «қазақ» атанғандық,
Түрікте бір әдет бар ескі заңдық –
Тамызып, қанын сүтке қосып ішіп,
«Анда» деп жасайды екен туысқандық.

Туысқа анда болған қарамайды,
Жақын деп қан қосылмай санамайды.
Ішсе де қай ұрумен қанын қосып,
«Бір туған жақыным» деп бағалайды.

Құралған әр рудан қазақ басы,
Анда боп қан қосылған қарындасы.
«Ел болып, өз еркімен еркін жүрген»
Деген сөз – қазақтықтың мағынасы.

Қазақтың Әз Жәнібек ханы болған,
Билеген сыртын ноғай заңы болған.
Арғынның арғы атасы Дайыр қожа,
Дейтұғын бір әділ би тағы болған.

Ол биді Әбілқайыр жақсы көрген,
«Ақжол» деп оң тізеден орын берген.
Қобыланды қара қыпшақ батыр еді,
Намыс қып күндестікпен шайтанға ерген.

Өлтірген аңдып жүріп Ақжол биді,
Қазаққа осы жұмыс ауыр тиді.
Қысасқа Қобыландыны өлтірем деп,
Жар салып, Әз Жәнібек халқын жиды.

Жалынған «үш кісінің құнын ал» деп,
Алмаған «бізге керек емес мал» деп.
Бермеген Әбілқайыр Қобыландыны,
«Мұны өлтірсең, қалған ел бұзылар» деп.

Сондықтан өкпе қылып қазақ көшкен,
Қыпшақты шауып-жаншып, қатты өштескен.
«Шудағы Шағатайдың нәсілінен,
Қараймыз Мұғылтемір ханға»
дескен.

Әскерін үшке бөлген Әз Жәнібек,
Ұлы жүз, орта жүз бен кіші жүз деп.

Шағатай тұқымынан Ахмет-Алаш.
Үстінен көшкен елдің тұрған билеп.

Ол кезде қазақ, қалмақ жерге талас,
Болса да тұқымы бір, заты аралас.
Ахметті «Әзірейіл алашсың» деп,
Қалмақтар оның атын қойған Алаш.

1500 жыл боларда батыр Шайбақ,
Нәсілін Әмір Темір түгел айдап.

Самарханд пен Бұқарды тартып алып,
Ташкентке де кіріпті көзі жайнап.

Соғысқан Оратөбе деген жерде,
Ұқсаған ағызған қан аққан селге.
«Өзбек — өз ағам, сарт – садағам» деп,
Болысқан сонда қазақ Шайбақ ерге.

Бұл Шайбақ – Әбілқайыр немересі,
Атақты Өзбектің шөбересі.
Өлтіріп Алаш ханды, Ташкентті алған,
Үйірін қайта тапты деген осы.

Баласы Әз Жәнібек – Қасым еді,
Атағы сол соғыста асып еді.
«Қасымның қасқа жолын» сол шығарған,
Ташкеннің алтын тағын басып еді.

Қасымның баласы еді Сығай ханың,
Тұр еді түгел билеп Ташкент маңын.

Сығайдың баласы екен Тәуекел хан,
Айтайын сарт Ташкентті қайта алғанын.

1598 жылдың кезі,
Тұрсынхан Ташкентті алып, сол биледі,
Түрікке сарт атанған хан боп тұрған,
Бұл Тұрсын – Шайбақ ердің тұқымы еді.

Есімхан Тәуекелден туып қалған,
«Есімнің ескі жолы» заң шығарған.
Өлтіріп түн ішінде Тұрсынханды,
Ташкентті, сартты шауып, қайтып алған.

1600 жылға таянғанда,
Есімхан ескі тағын қайта алғанда.
Айбике, Қоңырбике, Нұрбикені
Олжалап алып келген сол барғанда.

Тұрсынды өлтірерде түнде барып,
Күзетшісін есіктің байлап алып.
Есімнің қасындағы бір жыршысы,
Оятқан Тұрсынханды әнге салып.

Сондай ер бүгін қайда, Құдайым-ау,
Бұл елдің бүйтіп қор боп тұрғаны анау.
Өлмеген Тұрсынханды оятқанда,
Төлеген жыршысының сөзі мынау:

«Ей, қатағанның хан Тұрсын,
Кім арамды ант ұрсын.

Жетім елді жылатып,
Жер тәңірісіп жатырсың,
Хан емессің – қатынсың.
Қазақ келді – қапылсың.
Алтын тақта жатсаң да,
Ажалың жеткен пақырсың.
Көнбесең де көнерсің,
Иманыңды айт, өлерсің.
Еңсегей бойлы ер Есім
Шашқалы тұр қаныңды,
Алғалы тұр жаныңды,
Кешікпей сонан көрерсің».

Есімнің Салқам Жәңгір баласы еді,
Ол дағы қалың елдің панасы еді.
Жәңгірдің қалмақ қызы қатынынан
Әз Тәуке адамзаттың данасы еді.

Қызы еді Қайып ханның бір қатыны,
Осыдан Уәлібақы туған ұлы,
Әз Тәуке хан болған соң өкпе қылып,
Кетіпті Үргенішке дейін мұны.

Осы еді Абылайдың арғы атасы,
Болмайды бұл сөзімнің еш қатасы,
Абылайдың осы атасы сол жақта өліп,
Хан болған мұнда келіп қара басы.

Бұл жерде Абылайды тоқтатайын,
Қараңдар шежіремнен оның жайын.
«Басында Күлтөбенің күнде кеңес»
Жол салған Әз Тәукені сөз қылайын.

Ақылы айдын көлдей тольш тұрған,
«Қасқа жол», «Ескі жолды» толықтырған.
Бекітіп біржолата қазақ заңын.
Жол салып, мінсіз қылып орнықтырған.

Аздан соң жау көбейіп болған қауіп,
Қазақты тұс-тұсынан әр ел шауып.
1552 жылдарында
Шетіне Амудария барған ауып.

Баласы Болат хан боп, Әз Тәуке өлген,
Хан шыққан Нәдір деген парсы елден.
Жан-жағын әлгі Нәдір жалмаған соң,
Қайта ауып біздің қазақ Сырға келген.

Келгені 1700 шамасында,
Қалмақ бар бұрын Сырдың жағасында.
«Әрі отыр», «бері отыр» деп талас шығып,
Болыпты талай соғыс арасында.

Қазақтан, қалмақтан да қандар жауған,
Аз емес өлген адам адыр таудан.
1723 жыл шамасында,
Жеңіліп, әрі жұтап қазақ ауған.

Қазақтар
Қаратаудан аса көшкен,

«Ақтабан шұбырынды болды» дескен.
Тұсында Абылайдың қалмақты айдай,
Қорлықтан кек алғаны қалмайды естен.

Жазғанмын ендігісін мұнан бұрын,
Шежіремнің «Еңлік-Кебек» оқы бірін.
Осыған соны қосып жаттап алсаң,
Білерсің түп атаңның барлық сырын.

 

 

ҚЫЗАЙ ШЕЖІРЕСІ

(Андас Омарақын ұлы жиып, жазып қалдырған нұсқасы)

 

Ақын, тарихшы, фольклорист Андас Омарақын ұлы 1944 жылы 19 қыркүйекте ҚХР Күнес ауданында туған. Жас кезінде бай-манаптың баласы, тағы да басқа жалалармен оқудан шығарылып, жұмыстан қуылып, жазушылықтан шеттетілген.

1970 жылдардың соңында әкесі Омарақын зәңгінің  саяси құқығы қалпына келген соң барып, қолына қалам алды. Қазірге дейін, ҚХР-да жеке шығармаларының 4 кітабы, Іле өңірінің тарихы туралы зерттеу еңбектері жинақталған қазақ, қытай, ағылшын тілінде 14 кітабы шыққан. Осы еңбектері үшін 2010 жылы ҚХР мемлекеттік дәрежелі сыйлығы берілген.

2016 жылы 19 қыркүйекте қайтыс болып, Талдықорған қаласын мәңгілік мекен етті.

 

*     *     *

 

НАЙМАН – ҚЫЗАЙ ШЕЖІРЕСІ

АНДАС ОМАРАҚЫН ҰЛЫ

1979.6.19

 

Адамзат өтеді ақыр бұл дүниеден,

Орнына бірі өтсе, бірі келген.

Тыңдаушым құлақ қойып тұрсаң тосып,

Азырақ сөз қозғалық шежіреден.

 

Куалап ата жөнді зырлатамын,

Адамға ықылас қойған тыңдатамын.

Ал енді білмегендер ұғып алсын,

Кім екен таяу жылдан бергі атасын.

 

Өркендеп бірден бірге өссе адам,

Өсіріп ұрпақ жалғап ата-бабаң.

Білуге талапкерлер құмар болсаң,

Таратқан атаң Әнес деген адам.

 

Әнестен бергі атамыз деген Ақтам,

Ағайын байлық көрер ынтымақтан.

Әкешені Ақтамның баласы деп,

Осылай шежіреден хабар тапсаң.

 

Баласы кешенің Зұрмардан деп,

Қисасын бұдан былый берген дерек.

Баласы Зұрмарданның Малік дейді,

Ұғып ал жас өрендер болсаң зерек.

 

Кісі екен абыройлы Мәлік деген,

Солай деп бұрынғылар даріптеген.

Білмедім Әнес кімнен туғандығын,

Ең арғы хабарым жоқ тарихпенен.

 

Маліктің баласы екен аты Жабал,

Білімінен сабақ алсаң шекер мен бал.

Шежіре білген де бар, білмеген бар,

Ескеріп білмегенің үйреніп ал.

 

Жабалдың баласы екен аты Сейіл,

Ұғып ал ата жөнді болсаң зейіл.

Өткенді болашақпен ұғынатын,

Адамда ашық-жарқын болсын пейіл.

 

Сейлдің баласы екен аты Мағаз,

Атаңның атын білде  кеудеңе жаз.

Білмейді ата жөнін ескермеген,

Білмесең ата жайын ақылың аз.

 

Мағаздан туылыпты  Ақшолпанды,

Бақ қонып маңдайына нұры жанды.

Бөлініп ұлттар мен руларға,

Таратқан осылайша түрлі жанды.

 

Қурай мен Қалмақ туған Ақшолпаннан,

Осылай өсе берген әртүрлі жан.

Өсіп-өрбіп жер-жерге түгел тарап,

Ел болып ережелі мирас қуған.

 

Атамыз одан бері Қурай атты,

Қалмақты кәпір қылып құдай атты.

Бірін кәпір, біреуін мұсылман қып,

Таратты осылайша адамзатты.

 

Айтады Қурай ұлы Аламан деп,

Білмедім туды ма әлде жалғызба деп.

Айтпапты ажыратып оның жайын,

Жалғыз- ақ Аламанды айтады тек.

 

Баласы Аламанның Алаш екен,

Арқаның жері сонда талас екен.

Сейілқан, Жайылханмен екі ағайын,

Кісінің Алаш деген баласы екен.

 

Тараған Сейілханнан сегіз арыс,

Тойда өлең таба алмасаң ол да намыс.

Атаны атын білген баяндасам,

Түрікпен сегіз арыс кеткен алыс.

 

Майқы би туылыпты Жайылханнан,

Ізгі жол азаматқа атақ қуған.

Майқы би аты шыққан адам екен,

Өзбек, Сұбиян, Ноғай мен сонан туған.

 

Кенжесі үшеуінің Ноғай екен,

Қиын іс талап болса оңай екен.

Жай салып отырықтанып бөлек қалған,

Несібі  бұл Ноғайдың солай екен.

 

Сұбияннан Болысбек туған Созақ,

Әр кімге білімсіз жан болар мазақ.

Халыққа қарсы болса жаман адам,

Көр қазып өзіне-өзі көреді азап.

 

Созақтың Қарақалпақ баласы екен,

Білгенге бұл шежіре  тамаша екен.

Атадан ата жалғап үзбей жазған,

Шежіре басқа сөздің сарасы екен.

 

Келмейді екі елуге ердің жасы,

Өтірік  айтқан халықтың болар қасы.

Ақарыс, Бекарыс пен Жанарыс деп,

Бар екен бұл Қазақтың үш баласы.

 

Ақарыстың баласы Үйсін дейді,

Надандар айтқан сөзді түйсінбейді.

Халыққа қарсы болған қылмыстылар,

Өртенсін от боп жанып күйсін дейді.

 

Бекарыстың баласы Алшын, Жаппас,

Өлеңім бір айтқан соң дамыл таппас.

Өлеңді көптен аяп не қылайын,

Боларма өлең шіркін мал менен бас.

 

Жанарыстан Тарақты байбішеден,

Міне осы хабар ұқсаң шежіреден.

Екінші қатынынан Арғын, Найман,

Бірінен Қоңырат, Қыпшақ туыпты тең.

 

Төртінші қатынынан Керей, Уақ,

Осылай баяндалған салсаң құлақ.

Найманнан бері қарай тармақталық,

Басқа ісін айта алмаймын түгел бірақ.

 

Картинки по запросу "батыр түрік"

 

Найманнан байбішеден туған Шуақ,

Жасынан жайнап шыққан ұмтылып ақ.

Дүние сапты Қытай би деп аталған,

Дау-жаңжал халықарада істі сұрап.

 

Ел сүйіп мадақтайды Қытай биді,

Әр сөздің ақылдылар жөнін түйді.

Шуақ өліп қатыны жесір қалып,

Бақыттың ақырында нұры тиді.

 

Үлбіреп жастайынан жесір қалды,

Баласын мазақтады жалғыз шалды.

Найманның жас келінін аламыз деп,

Арғынның балалары әлек салды.

 

Қараңыз келінінің асыл затын,

Найманға алып берді бір жас қатын.

Еңбегі әл боп Найманнан бір ұл туды,

Қойыпты Бұлдыби деп оның атын.

 

Еңбегі келінінің енді жанды,

Баланы таза сақтап асырады.

Бұлдыби балиғатқа жеткеннен соң,

Жеңгесі неке оқытып қосылады.

 

Көңілі тынды мақсаты орындалып,

Тыңдаса құлақ салып мұны халық.

Қосылған соң бір бала туды мұнан,

Қуанды Найман ата қолына алып.

 

Тоқсанның сегізіне жасы келді,

Немересін көрген соң Найман өлді.

Бұлды биге жеңгесі кешіктірмей,

Өзі теңдес бір әйел алып берді.

 

Ат қойды Құрбанай деп баласына,

Көзінің ағы менен қарасына.

Көрген соң қартайғанда шүкір қылып,

Атапты Сүгірше дап анасыда.

 

Бұлдыби тоқалынан үш ұл туған,

Кетелік дерек бере енді бұдан.

Қырықсадақ,  Келбұғы, Кетбұғы деп,

Үлкендер бізге солай ұғындырған.

 

Ернезар,  Бұлдыр,  Шора, Терістаңбалы,

Көк жарлы, Сары жомарт, Бағаналы.

Бірін Бура, біреуін Балталы деп,

Туыпты Құрбанайдан мұның бәрі.

 

Шынында Құрбанайдан тоғыз туған,

Ер жігіт ақыл табар қалмас даудан.

Жарболды жалғызы ма жар болсын деп,

Шешесі үйлендіріп бала қылған.

 

Жарболды жалшы еді жылқы баққан,

Көмек боп Құрбанайға түрлі жақтан.

Ешкімнің таласы жоқ бұл ниетке,

Он ұлы Сүгіршінің деп аталған.

 

Даңқы бар Ерназардың жаннан асқан,

Айтайын балаларын бір-бір бастан.

Дөртуыл, Қаракерей, Садыр, Матай,

Төртеуі ағайынды бір туысқан.

 

Матайдың бір баласы Аталықты,

Қожадан жомарттықпен бата алыпты.

Қаптағай, Кенжеменен бір туысқан,

Матайдың үш баласы атаныпты.

 

Қаптағайдың баласы Қарасары,

Жігіттің сері болса алған жары.

Төртеуі Көлдей, Жабай бір туысқан.

Атасын ұға алмаймын бұдан былай.

 

Туыпты Аталықтан жалғыз Қамбар.

Мән-жайді баяндалық онда аңғар,

Ел иесі Қамбар деп аты шыққан.

Жар болған нашарларға даңқы да бар.

 

Қамбардың баласы екен Жақсыболат,

Халыққа жақсы туса алтын қанат.

Туысқан ағайынды төртеу екен,

Ақболат, Бекболатпен,  Тоқтыболат.

 

 Ақболаттың баласы Еменәлі,

Туысқан інісі екен ол Қайнары.

Бекболаттай Қонақбай, Таукеменде,

Атасын ұға алмаймын онан ары.

 

Болатты үшеу дейді бір есептен,

Ешкім жоқ анығына оның жеткен.

Құттыболат баласы екеу атап,

Ерболай мен Күшік деп жазып кеткен.

 

Жақсыболат баласы Құтым, Шағыр,

Жалпыға жақсы адамнан тимес  зәбір.

Шамамша барлығын да баяндайын,

Азырақ құлақ қойып етсең сабыр.

 

Бөлінген руларға ел арасы,

Тең емес аз, көбі бар даражасы.

Атаны анақ білген атап өтсем,

Құтымның Шеру екен бел баласы.

 

Шағыр ұлы Ителмен, Меңіс еді,

Қызайдың төрт баласы тегіс еді.

Шағыр өліп Қызайды Қойшы аға алып,

Одан туған Бегімбет пен  Дербіс еді.

 

 Ителменнің баласы Айтқұрман деп,

Жан дейді мейірімсіз қатал жүрек.

Айтқұрман Қойшы ағаны өлтіргенде,

Қарғыстап Қызай анам еткен тілек.

 

Зар төгіп Қызай анам қарғыс берді,

Жазықсыз өлтіріпті ол есіл ерді.

Тұқымы жүзге жетсе, күзге жетпей,

Баспаған өсіп алған өркендері.

 

Ақсейт, Бексейт пен Бегімбеттен,

Таңат пен Аман, Тоқай Жақсылықпен.

Алты деп Бегімбетті атандырып,

Айтады осы алтауын негізінен.

 

Ақсейттен Алшынбай, Ойсынбаймен,

Қоңырбаймен бесеу деп айтып жүрген.

Алқабы Бескөрік деп аталынып,

Ұқпадым анық атын екеуінің.

 

Аман, Тоқай таң атты баяндадық,

Алты Бегімбеттің болсын қанық.

Баласы Жақсылықтың Жарас екен,

Бұдан да қалыңыздар хабарланып.

 

Игіліктен сақау туған Бексейт деп,

Туысқан Соқыртәнік жөнін білсек.

Сақаудан Қара құл, Тіней, Байқозы мен,

Аққозы, Шүңгіл менен бәйбішеден.

 

Соқыр анау Тәнікпен бірге жүрген,

Екеуін қосарымен айтамыз тең.

Бексейт төрт баласын түгенделік,

Баласы Игіліктің дейді Әбікен.

 

Сүйіндік, Сүйінбай мен Есендерді,

Маймыл мен төрт Дербіс деп атап келді.

Білмеймін үшеуінің қайда екенін,

Тек мұнда Есенберді өсіп-өнді.

 

Баласы Есенберді төртеу туған,

Жөн болар азаматқа ата қуған.

Ұлы Қолсүйер, Құттыбай деп айтады,

Ұрпақ жоқ Тәттібайды дейді одан.

 

Ұлықолдан Жақсыбай, Қошанменен,

Сұйерден Малік, Шолақ туыпты тең.

Қошан, Елбай, Жақсыбайдан Даушы дейді,

Міне осы хабар ұқсаң шежіреден.

 

Құттыбайдан Тастемір, Сады, Баян,

Бөгембай мен төртеуі әркімге аян.

Төрт Құттыбай атанып өркендеуде,

Шежіре осылай деп еткен баян.

 

Меңістің бір баласы Тілеуберді,

Бұл жерге біреу кетіп, біреу келді.

Тілеуқабыл туыстарын ағайынды,

Опасыз дүниеде кім өлмеді.

 

Баласы Тілеуқабыл ер Оразай,

Тасталық ажыратып оны былай.

Есенқұл мен екеуі ағайынды,

Ұлкендер ұғындырған бізге солай.

 

Тілеуберді екі әйел алған екен,

Үш ұл бар екеуінен емес бөтен.

Жанғабыл бәйбішеден жалғыз туып,

Ұран боп жалғыздығы қалған екен.

 

Тоқалынан Есіркеп, Жарылқаппен,

Төлежіп егіз делініп өсіпті тең.

Қожағұл мен Қараны екеуін айтад,

Ұрпағы деп осылардың негізінен.

 

Жанғабылдан Жолболды, туған Торғай,

Наданға аурелейді сөзің қонбай.

Торғай тоғыз, Жолболды алтау екен,

Адамға оңай емес болу ондай.

 

Баласы Жолболдының Қожаназар,

Ақынның делебесі тойда қозар.

Сармысық, Тоқаш, Қарамысық алтау екен,

Жігіттер ондай болсаң не арман бар.

 

Енді екеуі Жалаңтөс, Қарашамен,

Алтауы түгелденер осыменен.

Жанғабыл он бес екен немересі,

Даралап ұқтыра алман қалғанын мен.

 

 Меңістің бір баласы Тәңірберді,

Тең өсіп мал ман басы байый берді.

Туылған бір өзінен тоғыз ұл бар,

Айтайын бірден талдап жәйін енді.

 

Құдайназар,Құттымбет, Құтты қадам,

Байназар, Сексенменен  айтсам тамам.

Қасболат, Тоқсанменен жайнап  Тынбай,

Ұғынар бұның жайын барлық адам.

 

Байназардың баласы ер Қазымбет,

 Жұртқа қашық еш адам қоймайды шек.

Қоңырбаймен екеуі ағайынды,

Қөркемдеп ұрпақтары өсті түлеп.

 

Сексен ұлы Тастемір, батыр Шопан,

Дерек бермей кетеме ақын онан.

Ағанасы Тоғанаспен төртеу болған,

Дейді екен Тоғанасты батыр туған.

 

Екеуі бұл тоғыздың Жанбай, Тынбай,

Болжаусыз өтеді өмір бір күн тұрмай.

Екеуі өліп балалары жетім қалып,

Тұтқынға жау қолына кеткен Бөрібай.

 

Жанбайдан Есенбайда жетім қалып,

Ұғынысын толығырақ бұны халық.

Есенбай жетімдікпен қаңғып кетіп,

Бөрібайды кеткен екен қалмақ алып.

 

Баласы Құдайназар Есенкелді,

Жақсылық жамандықтың бәрін көрді.

Солтанкелді, Жолымбет үшеу екен,

Бұларға мал мен бастың бәрін берді.

 

Солтанкелді баласы батыр Көбес,

Тоғыз ұл деп атанған бір бұл емес.

Табылды, Сәменбет пен Итқара деп,

Осылай төртеуінен білгін елес.

 

 Қарымбай, Қожабекрен, Тұдығұлы,

Жетеуі бір анадан дейді мұны.

Шакыл менен Малтабар бір анадан,

Осылай баяндалған сөздің шыны.

 

Қонысбай, Бөрібаймен тағы Есенбай,

Ұқтырған   қарттар айтып бізге солай.

Үшеуін де бала қып онекі деп,

Солтекең өсіріпті өз ұлындай.

 

Он екі ұлы болыпты Солтекеңнің,

Көрсеткен ел бірлігін ер ерлігін.

Жар болған жапа шеккен жарлыларға,

Қамқоршы мейріміне таласар кім.

 

Туыпты Қарымбайдан сегіз бала,

Бегетай, Боти, Болтай, Шомақ, Шора.

Абыз бен Құлайдарбек бұл сегізі,

Сұрап, ұғып алармыз тағы дара.

 

Шакілден мырза Ақтөбет жалғыз екен,

Алты ұлы бар өзі де алғыр екен.

Шоды, Абыл, Ұлтарақ, Маса ағысы,

Кеңсудан Арабай боп алды мекен.

 

 

ҚЫЗАЙ ШЕЖІРЕСІ

 СӨЗ БАСЫ

Баршамызға аян, шежіре деректер ауыз екі тарих болғандықтан деректер қамтылған жазба тарихқа мүлде ұқсамайды. Ондағы кейбір тарихи мәліметтер уақытқа, орынға, жағдайға байланысты кейде асыра айтылып, кейде жасырылып қалады.

Ертеде шежіре атаулының бәрі ауыз екі өлең түрінде айтылып келгендіктен, тарихи фактілер бірден-бірге ауызша тарап, адамдардың ой өрісінің, дүниеге көзқарасының өзгеруіне байланысты, уақыт алға ілгерілеген сайын шежіреге жамау-жасқаулар қосылып, түрленіп отыратын жағдай болады.

Енді бір жағынан, қазақ халқы көшпенді, бытыранды орналасқандықтан, жұрт жаңалануына байланысты өзгеріп отыратын құбылыстарда жоқ емес. Тағы да, әр дәуірдегі ел билеген адамдар шежірені өз тарапына тартып, құбылтып отыратын жағдайларда жоқ дей алмаймын.

Халқымыздың бір асыл қасиеті баспасөзі, басылымы болмасада, ұрпақтарына ең кем дегенде жеті атасының атын білуді міндеттеген. «Жеті атасын білмеген жетімдіктің белгісі» деген қанатты сөзде қалдырған.

Қазірге дейін қазақтың басқа руларына аса қанық емес Қызай шежіресі аз болмаған деректі материалдармен, қол жазбалармен, білетін және ауыз екі жаттап алған адамдармен пікірлесу арқылы олардан сұрап осы шежірені жазуды қолға алдым. Бұл шежіреде кемшілік жоқ деп айтудан аулақпын. Мүмкін әкесі баласы, баласы әкесі деп ауысып кететін тұстары болатын шығар. Оны байыптап түсінулеріңізді үміт етемін.

Шежіре жайлы мына ақиқатты да қоса кеткен жөн. Әлбетте, дүниеде таза қанды ұлт жоқ. Сондықтан қазақ халқын құраған тайпалар мен руларда да тап-таза бір рудың қаны болды деу жаңсақтық. Бір рудан басқа руға немесе бір ұлттан бір руға бала болып, сіңісіп кеткен, кейін келе сол руды толықтырған жайттерде көп. Қазақ халқы ақпейіл, кең қолтық болғандықтан оларды жат санамай, өз бауырына тартып, баласы етіп қабылдап кетті.

Қазақтың басқа ұлттармен өзгешелігі – рулар мекендеген жерінің атымен аталмай, үлкен балаларының атымен атап отырады. Сондықтан қазақ шежіресін қазақтың ата тегін білдіретін тарих десек те болады.

Осы шежірені жазуда оңайға түскен жоқ. Көптеген адамдармен кездесіп, осыған дейін жазылған Орысбай, Әлғазы жазған қазақ шежіресінен деректер ізделді. Жоғары да айтқандай бұл шежіреде кемшіліктер кетіп жатса, дұрыстықпен түсініп, ары қарай толықтыруға қол ұшын берулеріңізді сұраймын.

ҚАЗАҚТЫҢ ТЕГІ ЖӨНІНДЕ АЗ АЯЛ

 

ХІХ ғасырдағы қазақтың атақты шежірешісі Нұржан Наушабаев өзінің қазақ рулары жөнінде жазған дастанында қазақ атты бабадан – Ақарыс, Бегарыс, Жанарыс атты үш ұл туған деп жазады.

Ақарыс Үйсін Ұлы жүз болып, Үйсіннен: абақ, тарақ, қаңлы, шанышқұлы, ошақты, егенекті, албан, суан, дулат, жалайыр, шапырашты тараған. Бұлар кезінде Жетусіда, Атбасар дуанда, арысы Орал тауы, Орынборда мекендегені мәлім.

ЖанарысОрта жүз болып, одан: тарақты, арғын, найман, уақ, қоңырат, қыпшақ тараған. Бұлар Қазақстанның бірнеше облысында, Шинжияңның Іле, Алтай, Тарбағатай аймақтарында, Моңғолия, Түркияға дейін мекендеген.

БегарысКіші жүз болып, одан: алшын, жаппас, жағалбайлы, тама, тана, шекті, шеркеш қатарлы рулар тараған. Бұлар Кәспи теңізінің бойында, Батыс Азия өңірлерінде жасаған.

Мен бұл ретте Ұлы жүз бен Кіші жүзге тармақтап тоқталмаймын. Сонымен бірге Орта жүздің ішіндегі найманнан басқа руларға да тоқталмаймын. Себебі, мен кездескен адамдар ол жайлы көп білмейді, өзімнің де білімім шекті. Сондықтан қателік көп кетіп қалуы мүмкін. Екіншіден, тек қызай шежіресін жазуды мақсат еткендіктен, сөз басын найман бабадан бастағаным жөн деп білдім.

 

НАЙМАН

Найман ата қартайған шағында Қытайби деген жалғыз ұлы қайтыс болып, келіні Нарбота жесір қалады. Аталас туыстары, арғынның балалары әменгерлікке аламыз деп сөз салады. Келіні Нарбота «Атамның атын өшірмеймін» деп атасы Найманға Қазине деген қызды тоқалдыққа алып беріп, одан туған Өкірешті ержеткізіп, өзі соған үйленеді. Нарбота жүкті болып, одан Сүгірші туады. Нарботаның жасы ұлғайып, ері Өкіреш жас жігіт болғандықтан оған тағы бір қызды тоқалдыққа алып береді. Мұнан – Терістаңбалы, Ергенекті, Сары Жомарт, Бағаналы, Балталы, Қожбанбет, Жарбол, Көкжарлы, Бұра сияқты тоғыз ұл өрбиді. Бұларды «Тоғыз таңбалы найман» деп атайды.

Сүгіршіден Құрманай туады. Ал Құрманайдан Төлегетай туып, кейін би атынып, жоғарыдағы тоғыз туысының басын қосып, өзімен он найман атанады. Кейін келе жоғарыдағы тоғызын «Тонды найман», Төлегетайды «Тонсыз найман» деп атайды. Жоғарыда айтқандай, ендігі сөзді Төлегетайдан таратпақпын.

 

ТӨЛЕГЕТАЙДАН төрт ұл тудады. Олар: Дөртуыл, Садыр, Қаракерей, Матай. Бұларды «Төрт Төлегетай» деп атайды.

 

Картинки по запросу "найман төлегетай"

 

«Төрт төлегетай» — МАТАЙДАНАталық, Қаптағай, Қенже туады.

 

АТАЛЫҚТАН Құттыболат, Тәттіболат, Сүттіболат тарайды

ҚҰТТЫБОЛАТТАНҚұтым, Шағыр.

СҮТТІБОЛАТТАНЕменәлі, Қайнар.

ТӘТТІБОЛАТТАНОшан, Тышар тарайды. Аталықтың үш ұлынан туған алты немересін «Алты Аталық» деп атайды.

 

ҚҰТТЫБОЛАТТЫҢ үлкені ҚҰТЫМнан Шеру мен Шеруші;

ҚҰТТЫБОЛАТТЫҢ екінші ұлы ШАҒЫР бабамыз анамыз ҚЫЗАЙмен үйленген соң Итемген, Меңіс туады. Кейін Шағыр баба бір реткі жорықта жастай қайтыс болып, Қызай ана қайнысы ТОҚТАРМЕН тұрмыстанып Бегімбет, Дербіс туады.

Қазірге дейін ҚЫЗАЙдың төрт баласы Итемген, Меңіс, Бегімбет, Дербісті «Төрт Қызай» деп атайды. Қызай анамыздың кеменгерлігіне қарай Шағыр бабаның аты аталмай, Қызай елі болып аталып кетеді.

Бүгінде ел арасында Тоқтар баба туралы шындыққа жанаспайтын түрлі әңгіме бар. Біз көптеген тарихи деректер мен шежірелерге сүйене отырып мынадай пікірге тоқтадық. Әсілі, Құттыболаттың Құтым мен Шағырдан кейін баласы тоқтмай жүреді. Өстіп жүргенде бір ұл туады Оның атын ырымдап, енді бала тоқтап қалар деген оймен Тоқтар деп қояды.

Қызай Үйсін руындағы атақты Бәйдібек бидің қызы. Домалақ ана Нұриладан туған қызы Күнбике (кейде Күнбибі депте айтылады) кемеңгер, білгір болып өседі. Ержете келе ел ішінде билік айтады, шешім жасайды. Осыны көрген ел: «Шіркін, Бәйдібек бидің қызы-ай» деп айта жүрып, аты Қызай болып кетеді.

Алғашқы ері Шағыр баба қайтыс болған соң Қызай ана балаларын жетімсіретпей мақсатымен Тоқтардың момындығына, үй шаруасына жайлылығына қарай отырып, оған тұрмыстануға ризашылығын береді. Сол кездегі қауымның ұйғаруы бойынша аменгерлік жолымен Тоқтарға атастырылады. Тоқтар баба малға жайлы, оның қыры мен сырын жақсы түсінетін, түрлі мал індетін емдеп, төрт түліктің амандығына кепілдік бергенмен, сосын қойдай қоңыз мінезіне қарап ел «Қойшы аға» атандырып жібереді.

 

ИТЕМГЕННЕН (ИТЕЛМЕН)Айтқұрман жалғыз. АйтқұрманнанАндақұл, Құдайқұл, Жаулыбай (Тағай). (ҚХР-ның Шыбартүбек, Абыралы өңірін мекендейді).

 

МЕҢІСТЕНТілеуберді, Тәңірберді, Тілеуқабыл тарайды. Қызай ананың ұрпақтары ішінде көп өскені осы меңістер. (Бұлар ҚХР-ның Күнес, Текес, Қас өңірлерін мекендейді).

 

МЕҢІСТІҢ 1-ші ұлы ТІЛЕУБЕРДІДЕНЖаңғабыл жалғыз,  ЖАҢҒАБЫЛДАНЕсіркеп, Жарылқап, Жолболды, Торғай.

  1. ЖарылқаптанМөңке, Нияз, Қожағұл
  2. Есіркептен(Қара)Рай, Есенәлі, Қарымсақ, Боранбай, Мырзакелді.
  3. ЖолболдыданҚожаназар, Қараша, Жалңтөс, Қарамық, Сармық, Қоқаш, Онбай, Маралбай, Есбай туады. (Бұлар ҚХР-ның Моңғұлкүре, Қызылкүре, Тоғызтарау өңірін мекендейді).
  4. ТорғайданАманбай, Тоқманбет, Көрпеш, Таймас, Шотбас, Қосбармақ, Тіней, Итес, Аққошқар тарайды.

 

МЕҢІСТІҢ 2-ші ұлы ТӘҢІРБЕРДІДЕНҚұттымбет, Құдайназар, Құттықадам, Байназар, Сексен, Қасаболат, Тоқсан, Жанбай, Тынбай туады. Мұны «Тоғыз Тәңірберді» деп атайды.

ТӘҢІРБЕРДІНІҢ үлкені ҚҰТТЫМБЕТТЕН Сүйімбай, Елдай (Қарабас), Жаманқұл тарайды.

А. СүйімбайданЕселбай, Жаменке, Жанжігіт, Тоғызақ.

В. ЕлдайданӨтебай, Қорлыбай, Дүйсебай, Қойбас.

С. ЖаманқұлданҚорымсары, Еркесары, Мырзасары.

 

ТӘҢІРБЕРДІНІҢ 2-ші ұлы  ҚҰДАЙНАЗАРДАН Жолымбет, Есенкелді, Солтанкелді. Бұл жұрт арасында «Үш жетім» деген атпен белгілі.

 

Құдайназар өз кезінде тәке ханның жорық қолбасшыларының бірі болған. 1893 жылы Қапал өңіріндегі Қызылжар деген асуда қызы Күланда екеуі Сыр бойына сыпырала көшкен елді қорғау үшін жоңғар қолын тосып, үлкен шайқас жасап, сол жерде қайтыс болады. Күланда асқан мерген екен. Бір жолды жоңғардың 15 мергенін жалғыз өзі атып түсіріп, ерлігі ел есінде қалған қазақ батыр қыздарының бірі. Сүйегі сол Қызылжар асуына жерленген. Оны тауып, таихқа қосу кейінгілердің еншісіне қалып отыр.

 

ҚҰДАЙНАЗАРДЫҢ үлкен ұлы ЖОЛЫМБЕТТЕНБаянәлі, Байбарақ, Байқадам, Малай, Жайсаң, Арықбай, Шапшан.

Жолымбет әулеті:

Баянбайдан – Қорымбай, Қожан, Дөнен, Боқанай, Еміл, Жайық,

Байбарақтан – Сәт

Жайсаңнан – Өтей, Боранбай, Байғабыл, Баймұрат.

Шапшаннан – Інкәр, Бүркіт, Қуандық.

Арықпаннан – Терлік.

Малай мен Байқадамның балалары табылмады.

 

ҚҰДАЙНАЗАРДЫҢ 2-ші ұлы  ЕСЕНКЕЛДІДЕНМаман, Қабанбай, Кененбай, Қожаберген, Тілеуке, Досқана, Қонақбай (бұлар жеті жанар атанады) және Қойлыбай, Құланбай, Асау, Келдібек (Бұлар шешесінің атымен Тәттібике атанады) Әмірсана, Баты, Болат, Естек, Дұлан, Болатбай, Жанәлі.

Есенкелді иісі қазаққа аты мәлім би. Қабанбай батырдың сенімді серігі ретінде, қазақ даласын жоңғардан азат ету күрестеріне қатысқан ақылшы. 1756 жылы бірінші рет Абылайханның елшілерін бастап, Цин императоры Циянлұнмен кездесіп, оның жаһұт орнатқан көктасын иеленген тұңғыш депломат.

 

Есенкелді әулеті:

МАМАННАН Тайлақ, Ботақан, Қойкелді, Жаманғара, Шал.

ҚАБАНБАЙДАН – Келдіқұл, Шүрек, Атақара, Айтбай, Сейтен, Бұтақара, Атақ, Матақ, Тұрсын, Қозыбай, Дүйсенді, Асубай, Ақшолақ, Жансары, Дұлатбай.

КЕНЕНБАЙДАН – Шағырай, Тілесбай, Едіге, Өмірұзақ,.

ҚОЖАБЕРГЕННЕН – Ханқожа, Меңлібай, Бибатыр, Қорғанбай, Надра, Қара.

ТІЛЕУКЕДЕН – Базар, Нарт, Есқожа, Жарқынбай,.

ДОСҚАНАДАН – Бәйтік, Сәйсып, Тұрпан.

ҚОНАҚБАЙДАН – Сарт, Кәдір, Елқонды, Болтек, Дербісәлі, Құрымбай, Тайтан.

ӘМІРСАНАДАН – Жанбай, Жантай, Жолбарыс, Қабылан.

ҚОЙЛЫБАЙДАН – Ебей, Бертіс.

АСАУДАН – Әбік, Тәбік, Текебай, Мекебай (Тұрар).

КЕЛДІБЕКТЕН – Боз, Қаумен.

ҚҰЛАНБАЙДАН – Әлімбек, Қожеке.

БАТЫДАН – Итаяқ, Итемген, Әз.

БОЛАТТАН – Ырысбек, Әкімбай.

(Естек, Долан, Боланбай, Жанәлі руларының таралуын таба алмадым).

 

ҚҰДАЙНАЗАРДЫҢ кенжесі СОЛТАНКЕЛДЕНКөбес, Табылды, Сәмембет, Итқара, Қарымбай, Қожабек, Тұрдығұл, Малтабар, Шәкіл.

Солтанкелді өз тұсында өте мырза әрі құралайды көзге атқан мерген болған адам. Ағасы Есенкелдімен бірге жоңғарларға қарсы соғыста мергендігімен көзге түскен. Ол кісі жүздеген адамның ішінен қалағанын қалт жібермейді екен.

Солтанкелді әулеті:

КӨБЕСТЕН – Отарбай, Орыс.

 

ТАБЫЛДЫДАН – Қарымбай, одан – Болтай, Боти, Бегетай, Абыз, Шора, Шомақ, Құлайдарбек.

 

СӘМЕМБЕТТЕН – Садырбай, одан – Мырзабай, Нысанбай.

 

ИТҚАРАДАН – Базар, Кен, Майлы, Татан, Байқадан.

 

ҚАРЫМБАЙДАН – Болтай, Боти, Бегетай, Абыз, Шора, Шрмақ, Құлайдарбек.

 

ҚОЖАБЕКТЕН – Дәулетбай, Тінен, Боқыш, Айтуар, Сүйіндік, Тарбағатай, Дөртуыл, Қаракесек, Жанбау.

 

ТҰРДЫҚҰЛДАН – Байқожа, Шынқожа, Үмбетай, Мошқа, Шошқа, Қабан, Түрікпен, Өтебай, Арғынбай.

 

ҚОНЫСБАЙДАН – Сағынай, Долбақ, Қуандық, Ерубай, Шерубай, Көшімбай, Байқошқар, Жексембі, Сүгірбай, Бірімбет, Күлдей, Жұмай.

 

МАЛТАБАРДАН – Естемес, Боратай, Арпа, Тұздыбай, Кеңгірбай, Ортай, Тортай, Қанқұлы.

 

ШӘКІЛДЕН – Ақтүбіт, одан – Абыл, Ұлтарақ, Шоды, Ыбырайым, Ағыс, Арабай.

ҰлтарақтанЖансарбай, Сақал, Мәші.

Жансарбайдан – Аяпберген, Омарақын.

Аяпбергеннен — Шүрек, Дәулетбек, Уатбек.

Омарақыннан – Дәулетхан, Маңсүгір, Андас.

ДәулетханнанҚасен, Толқын, Тұрдақын.

МәңсүгірденӘлғазы, Ербол.

АндастанҚажет, Нұрбақыт, Елжас, Ершат, Есхат.

Солтанкелдінің қарашаңырағы кенжесі Шәкілге қалып, қазір Андас әулетінде. Таңбасы «4».

 

ТӘҢІРБЕРДІНІҢ 3-ші ұлы БАЙНАЗАРДАН - Қоңырбай, Қазымбет.

ҚОҢЫРБАЙДАН Ағанас, Тоғанас, Тоғас, Жұмық.

 

ҚАЗЫМБЕТТЕН Ақшора, Жомарт, Атымтай, Байкелді, Қанкелді, Жанкелді, Жаншора, Қаншора.

 

ТӘҢІРБЕРДІНІҢ 4-ші ұлы  СЕКСЕННЕН – Тастемір, Шобан.

ТӘҢІРБЕРДІНІҢ 5-ші ұлы ҚАСАБОЛАТТАН – Алыбай, Нұрбай, Өтеулі.

ТӘҢІРБЕРДІНІҢ 6-шы ұлы  ТОҚСАННАН – Қарменде, Жәнібек.

ТӘҢІРБЕРДІНІҢ 7-ші ұлы   ҚҰТТЫҚАДАМНАН – Бимембет.

 ТӘҢІРБЕРДІНІҢ 8-ші ұлы  ТЫНЫБАЙДАН – Есенбай, Бөрібай.

 

ЕСЕНБАЙДАНБайторы, Бөрте.

Байторыдан Сымайыл, Итбай, Жыса, Тоғышақ, Қарақұлақ.

Бөртеден Көкі, Топай, Тоқбай.

 

БӨРІБАЙДАНМаукөпен, Қаракөпен, Сарыкөпен.

 

МЕҢІСТІҢ 3-ші ұлы  ТІЛЕКҚАБЫЛДАН — Есенқұл, Оразай (Бұлар Тоғызтарау, Шапшал аудандарын мекендейді).

ЕСЕНҚҰЛДАН Өтепберді, Соқырберді, Қожанберді.

         Өтепбердіден – Ескене.

         Қожанбардіден – Байғара, Байкісі.

        Соқырбердіден – Мәмбетқұл, Асан.

 

ОРАЗАЙДАН Бірназар, Жанмырза, Қарамырза.

Бірназардан – Аба, Қоян, Сапсары, Баян.

Жанмырзадан – бес әйел алған екен.

Бірінші әйелі Нәзікеден – Қалымбай, Жасыбек.

Екінші әйелі  Айтбикеден – Еспенбет, Өмір.

Үшінші әйелі Темірден – Ақкісі, Байкісі, Сеңкібай, Байыс, Жолдыбай.

Төртінші әйелі Қаракөзден — бір ұл туған аты мәлім емес.

Бесінші әйелі Ұланнан — бір ұл туады аты мәлім емес.

 

ҚЫЗАЙДЫҢ 3-ші ұлы - БЕГІМБЕТ

БЕГІМБЕТТЕН – Бексейіт, Жарас, Ақсейіт, Аман, Тоқай, Таңат.

БЕГІМБЕТТІҢ үлкені  БЕКСЕЙІТТЕН – Игілік, Сақау, Соқыр, Тәнік.

ИГІЛІКТЕН – Әбікен. Әбікеннен – Барғана, Жанан, Асан, Үсен, Кенжебай (Барлықбай), Бекбау (Топан), Бәйжігіт, Шаншар, Дәуетай, Қошқай, Елшан, Құлшан (кейінгі төртеуін Әуек деп атайды), Шамбыл, Төкір, Тоңғат.

 

САҚАУДАН – бәйбішесінен – Аққозы, Шүңгіл, тоқалдан – Байғозй, Қарақол, Тіней, Марқа.

Аққозыдан – Базаркелді Естемес.

Шүңгілден – Байтөбет, Қатпа, Базарбай, Базар, Кенже, Есенаман, Боранбай.

Байқозыдан – Байсал, Жәпек, Балпан, Көбеген, Бөбек.

Тінейден – Қырғызбай.

Марқадан – Ноғай.

Қызайлардың атақты әулиесі Мүсірбай  Қатпаның баласы.

 

СОҚЫРДАН Шөжек, Ес, Жарбол.

Шөжектен – Құлжабай, Мырзабай, Итқара, Қошқарбай.

Естеннен – Байыт, Сапақ (Бөжік), Бөлекбай.

 

ТӘНІКТЕНАғанас, Тоғанас, Сеңкібай.

Ағанастан – Бүрімжар.

Тоғанастан – Мұқаншы, Марал.

Сеңкібайдан – Қодас, Қабақ (Дәрігер)

БЕГІМБЕТТІҢ  2-ші ұлы  ЖАРАСТАН — Қыңыр, Марқа, Сойылғас, Төлеміс.

ҚЫҢЫРДАНҚожаберген, одан – Қосал, Төлібай, Бекберді.

 

МАРҚАДАН – Тілеулі, одан – Естемес, Сарбай, Жүп, Қойлыбай, Жайлыбай, Майлыбай.

 

СОЙЫЛҒАСТАНЕркебай, Ырысбай.

Еркебайдан – Құдайберген, Тәңірберген, Ноғай, Қойбағар, Күшікбай, Дүңгіршек.

Ырысбайдан – Асабай, Жолбарыс.

 

ТӨЛЕМІСТЕН – Қаржау, Бөрте, Көнен, Тірке, Сырға.

БЕГІМБЕТТІҢ 3-ші ұлы  АҚСЕЙІТТЕН – Жақсылық.

 

ЖАҚСЫЛЫҚТАНЫрыскелді, Сырымбет, Қоңырбай, Тоғзақ.

Ырыскелдіден – Алшынбай, Үйсінбай, Сылқымбай, Болғанбай, Толғанбай (Бұларды Бескөрік деп атайды).

БЕГІМБЕТТІҢ 4-ші ұлы  АМАННАН – Құрман, Бұқа.

 

ҚҰРМАННАНБайбек, Сәтбек, Мөңке.

БАЙБЕКТЕН – Абыз, Дақы, Шөкентай, Жаңабай, Оңғұлдай.

СӘТБЕКТЕН – Сарт, Қосай, Есей, Көңбас.

БЕГІМБЕТТІҢ 5-ші ұлы ТОҚАЙДАН – Лепес, Қара.

 

ЛЕПЕСТЕНАлтынбай, Бесотау, Дәулет, Манбет.

Алтынбайдан – Озынбек, Итен, Қашқынбай.

Бесотаудан – Жаулыбай, Күшәкбай, Тезек.

Дәулеттен – Өтеген.

Мамбеттен – Арал, Боқан

 

ҚАРАДАН Шыны, одан – Боранбай, Бостан.

БЕГІМБЕТТІҢ 6-шы ұлы   ТАҢАТТАН – Андас, Ақберді, Өтепберлі, Өтеулі, Дәндібай.

 

АНДАСТАННұржан, Салпық.

Нұржаннан – Болпаш, Жомарт, Мама, Атымтай, Тән.

Салпықтан – Бесбай, Дүкен, Жаныс, Ағыс.

Қызайдың атақты биі Текебай Ағыстан тарайды.

 

АҚБЕРДІДЕНӨмерек, Бекжан.

Өмеректен – Жәкенби, одан – Шымшық, Шақа, Мошан.

Бекжаннан – Орымбай, Байсеңгір, Байтелі, Жанты.

 

ӨТЕПБЕРЛІДЕНҚорлыбай жалғыз.

 

ӨТЕУЛІДЕНАқынбет жалғыз.

 

ДӘНДІБАЙДАН Алтынқас (Алтықұлаш), одан — Слпыбас.

 

ҚЫЗАЙДЫҢ 4-ші ұлы ДЕРБІСТЕН – Сүйімбай, Сүйіндік, Шәуке (Маймыл), Есенберді туады. Бұлар «Төрт Дербіс» аталады.

Шәуке өспеген ел.

 

ЕСЕНБЕРДІДЕН – Құттыбай, Тәттібай, Ұлығұл (Қошан), Сүйер (Жақсыбай).

ЕСЕНБЕРДІНІҢ үлкені ҚҰТТЫБАЙДАНБаян, Бөгембай, Тастемір, Сады. (Бұларды «төрт Құттыбай» дейді).

БАЯННАН – Мырзатай, Байбағыс, Есенәлі, Ақкөшік.

 

БӨГЕНБАЙДАН – Сағындық, Жақабол, Машан, Барақбай, Қалыбай, Боранбай, Түменбай, Қарт. Сағындықтан – Есім, Құлшыман.

Есімнен Игілік, Тайжан

Жақаболдан – Ноғайбай, Қосақ, Кібіт, Қозыбағар, Текер, Жолдыбай.

Қалыбайдан – Шәңкі, Орақ, Ошақ.

Боранбайдан – Аюша, Есқожа.

Түменбайдан – Бердібек.

Қарттан – Можа, оданКендірбай.

 ЕСЕНБЕРДІНІҢ 3-ші ұлы  ҰЛЫҒҰЛДАНЖақсыбай, Қошан.

 

ЖАҚСЫБАЙДАН – Дәуіш. Дәуіштен он алты ұл туады. Олар: Құандық, Түктіаяқ, Шақабай, Сеңгірбай, Айтуған, Балта, Жанысбай, Қонысбай, Құлбай,  Бұқабай,  Құлжабай, Егізек, Шағанбөлек, Тәутеке, Текебай, Сексенбай.

 

ҚОШАННАН – Көлбай, одан – Жаман, Шаң, Бөрібай, Байғабыл, Өзенбай.

ЕСЕНБЕРДІНІҢ кенжесі СҮЙЕРДЕНМәлік, Шолақ.

 

МӘЛІКТЕН – Төленді, Байбол, Құданқұл, Марқа.

 

СӨЗ СОҢЫ

Қолда бар деректер мен ақсақалдардың айтуы бойынша жинақталған Қызай шежіресін тек осымен тоқтатуды жөн көрдік. Бұнда негізгі үлкен аталар жөнінде айрықша тоқталдық. Одан ары қарай әр рудың азаматтары өздері жалғастырып, жеті атасының кім екенін тармақтап, жіктеп, жүйелі шежіре жазып алады деген үміттеміз. Тағы бір жағына, біз бұдан ары ұсақтасақ, көп қателік жіберіп қоюымызда мүмкін.

 

1983 жылы Күнес, Аралтөбе ауылы.