«ШЕЖІРЕ ЖҮРГІЗЕМІЗ» (34)

 

ШЕЖІРЕЛІК  КІТАП ДАЙЫНДАЛДЫ!!! 

 Құрметті оқырман! Менің сайтымда «дайындалу үстінде» деп біраздан бері айтылып келе жатқан «НАЙМАН-ТӨЛЕГЕТАЙ: МАТАЙ, САДЫР РУЛАРЫ.  Тарихи-танымдық және шежірелік жазбалар»  деп аталған  кітаптың алғашқы нұсқасы дайындалды.

Кітапты дайындау мақсаты, оның мазмұндық құрылымы мен пайдалануы жөніндегі түсініктемемен және оның парақтарының үлгілерімен толығырақ танысыңдар!

 


ОСЫ  ШЕЖІРЕЛІК  КІТАП  ТУРАЛЫ

 

ТҮСІНІКТЕМЕ РЕТІНДЕ

 

Шежіре дегенімізбелгілі бір халықтың шығу тегін, таралуын баяндайтын тарих ғылымының бір тармағы.

Әлемдегі  басқа да  халықтар  сияқты, біздің  қазақ  халқының да өз  шежіресі — оның этникалық  құрылымын анықтауға, тұтастығын көрсетуге мүмкіндік беретін төл тарихымыздың нұсқасы, кімдерден кімдер туып, қалай өрбігенін баяндайтын ерте заманнан атадан балаға мирас болып келе жатқан деректер ретінде ұлттық рухани мәдениетінің құрамдас бір бөлігі болып табылады. Шежіре деген — тек аталардың аты-жөнін білу ғана емес, ол әр кезеңдегі тарихи тұлғалардың қоғамдағы орнын, халық мүддесіне орай атқарған ерен ерліктері мен ерекше еңбектерін айқындайтын, жете танып-сезіне білуге көмек ететін құнды деректер.

Ғасырлар  бойы  қалыптастып келетін  халқымыздың шежіресі, небір аңыздар,  жырлар сияқты халық ауыз әдебиеті және әр кездердегі ел арасында рулар мен тайпалар тарихын өте жақсы біліп,  жадына түйіп, таратып отыратын “шежіре  адамдардың”  айтулары  арқылы ұрпақтан-ұрпаққа  жеткізіліп келеді. Әрине, нақты шежірелік деректер қажет етілгенде, ең алдымен, өткен ғасырлардағы қазақ  тарихын зерттеуші ғұлама ойшылдардың жазып қалдырған   еңбектері негіз етіліп алынады.

Өз кезегінде, сол еңбектерді талдай-зерттей отырып,  оларды басқа да тарихи дереккөздері арқылы толықтырып, жүйеге келтіріп, баспалық дүниелер арқылы жалғастырып жатқан ұлт зиялыларының, кейінгі заманның тарихшы ғалымдарының еңбектері де баршылық. Мәселен, қазақ руларының шежірелері тақырыбында жарияланған кітаптар  тізімін (300-ге жуық) ғаламтор арқылы мына сілтеме арқылы білуге болады: http://bit.ly/35SeclB

Олардан басқа да,  еліміздің  әр түкпірлерінде жекелеген адамдардың да өз ынталарымен белгілі бір тайпалық-рулық шежірелерді дайындап, кітапшалар ретінде баспадан шығарып таратып жататындар да бар екенінін  білеміз, байқаймыз. Алайда,  басылымдық тиражы өте аз болатындықтан, олар «құмға сіңгендей», қолжетімсіз болып, бұқара олардан хабарсыз қалып жатады...

 

*     *     *

Құрметті оқырман!

Бүгіндері  тәуелсіз мемлекетіміз  аясында атқарылу үстіндегі «Рухани жаңғыру» үрдісі кезеңінде  халқымыздың өз төл тарихын, соның ішінде асыл мұралық шежірелік дүниелерін, рухани құндылықтарын қайта жаңғыртуға және әркімнің өзінің «жеті атасын», ата-әулеттерінің шежірелік таратылымын жете танып-білуге деген қызығушылықтары мен ықыластарының ерекше артқаны байқалып отыр.

Міне, дайындалып отырған осы кітапты да, халқымыздың шежірелік дүниелерін  насихаттауға  мақсатталған сондай үрдіске қосар шағын дүние  ретінде ұсынып отырмын!

Соған орай, «бұл  кітапты дайындау ниеті қалай туындады, не мақсат етілді және ол несімен ерекшеленеді?»  деген сұрақтарға түсініктеме бергенім жөн болар.

 

 ... Мен,  осы «АЛТЫН ҰЯМ — АҚСУЫМ"  атты жекелік  сайтымды,  ғаламтор жүйесіне  2017 жылдың  аяғында енгізген болатынмын. Соны жүргізу барысында, сайтымның мақсаты мен мазмұнына қарай болса керек, оқырмандар тарапынан халқымыздың шежіресіне байланысты жазбалар жариялау, жекелік тарау ашу туралы ұсыныстар түсе бастады.  Ал шежіре жасау мен оны жүргізудің өте қиын шаруа екенін, ол үлкен жауапкершілікті, терең білімділікті, ұзақ ізденіс пен зерттеушілікті, уақыт пен төзімділікті қажет ететін жақсы түсінетінмін. Ол жеке адам үшін, тіпті біріккен біраз адамдар тобына да оңай шаруа емес екенін білгендіктен, бастапқыда одан бойымды аулақ ұстауды жөн көрдім.

Алайда, байыптай келсем, бұл жұмысты жүргізуге  ғаламтордың, ондағы  менікіндей сайттардың  және де өзім дайындалуын меңгеріп алған электронды кітаптардың  мүмкіншілігі зор екені байқалды. Соған орай, осы жұмыспен айналысу қажеттілігі жөніндегі ой–ниетіммен,  сайт арқылы сол оқырмандардың өздерімен және де сыйластықтағы біраз шығармашылықкер азаматтармен пікірлер алмастым.  Нәтижесінде,  оны «дұрыс шаруа» деген  қолдаушылар байқалды, кейбір азаматтар ізгі ниеттерімен бұл «өте қиын» жұмыс екенін де ескертіп жатты. Содан,  айтарлықтай ой-толғаныстардан кейін, батылдық етіп, 2018 жылдың тамыз айынан бастап сайтымда «ШЕЖІРЕ ЖҮРГІЗЕМІЗ» деген атаумен  жеке бөлім жүргізуді қолға алдым. Оның бастаулық мақаласында  мынандай мазмұндағы ойлар  айтылған еді:

 « ... Сайтымда қолға алынып  басталған  осы  шежірелік жазбаларды жүргізудегі басты мақсатым — еліміздің әр түкпіріндегі  отандастарымыздың еліміз тарихына деген қызығушылықтарын арттыруға ықпал ету, ал шежірелік дүниемен бұрыннан  айналысып жүрген немесе қолдарында сондай  деректер бар азаматтарға (өздері қажет деп тапса) интернеттің, сайттың мүмкіншілігін ұсына отырып, «зерттеулік еңбектеріне» насихаттық қолдау көрсету деп анықтадым.

Бұл қолға алған шаруаның өміршеңдігі қалай болатындығын алдағы уақыт көрсетеді. Бұл жерде, әрине, көпшіліктің (оқырмандардың) қызығушылығы мен ынталығы, қолдауы мен демеуі қажет етіледі! 

Яғни, шежірелік жазбалар сайтқа ұсынылып-түсіп жатса, олар жинақталып — топтастырылып,  мүмкіндігінше реттеліп,  жүйелі түрде сайтта жарияланатын  болады. Солай-солай, «көп түкірсе-көл» дегендей, әркімдерден «бұлақтай» болып, мәлімет-жазбалар жиналып жатса, олар  неге «шежірелік теңізге» айналмас-қа? Содан ары, түбінде оның әр  тармақтар  бойынша да  ортақ шежіре қоры жасалатын да болар ...

Тәубе,  міне содан бері,  сайт бөлімі  үзілмей жүргізіліп келеді.  Осы мерзім ішінде оның 33 парағы шығарылып, 100-ден аса жазбалар жарияланыпты. Олар, негізінен  3 тақырып бағытында жүргізілді.

  1. АДАМ АТАДАН басталған тарихи кезеңдерде жер бетінің  белгілі бір аймағында тіршілік етіп, өсіп-дамыған, ұрпақтары алмасып өрбітіліп отырылған ҚАЗАҚ ҰЛТЫНЫҢ қалыптасуы мен ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІНІҢ құрылуына тікелей негіз болған ру-тайпалар, қауымдастықтар, халықтар  туралы тарихи-танымдық мақалалар;

 

  1. Еліміздің біздің өңірінде (шығыс жағы) жаппай орналасқан  НАЙМАН тайпасының, оның ТӨЛЕГЕТАЙ  тармағындағы  тарихи тұлғалар туралы деректік мақалалар;

 

  1. Сол ТӨЛЕГЕТАЙ бабамыздың  біздің Ақсу, Сарқан аудандары (Алматы облысы) аумағында шоғырланған МАТАЙ,  САДЫР балаларынан  тарайтын рулық «бұтақтарының»  шежірелік таратылымдары.

Жүйелілікпен жарияланып отырған олардың   көпшіліктің көңілінен шығып жатқаны,  бірнеше әлеуметтік желілерде  топтасқан тұрақты  және басқа да оқырмандардың беріп  жатқан оңды пікірлерінен,  комменттерінен  байқалып  отырылды.  Сондай  қолдауларды сезініп  және  тағы да  сол оқырмандардың  ұсыныстары түрткі болып, сайтымда жарияланған жазбалар мен оның мұрағатында  жиналып тұрған материалдарды негізге ала отырып, оларды кітаптарға айналдыруды қолға алдым. Нәтижесінде, аталмыш  кітаптың АЛҒАШҚЫ НҰСҚАСЫ дайындалды.

 

 

 

Неге АЛҒАШҚЫ НҰСҚА? Өйткені:

  • Кітаптың «шежірелік таратылымдар»  бөліміне енгізіліп отырылған  тақырыптық  материалдар, алдағы мүмкін болар жазбалардың тек бір «пұшпағы ғана» екендігі, олар толыққанды болу үшін әлі көп жұмыс жасалуы керектігі мен оның басылымдарын дүркін-дүркін жаңартып отыру қажеттігі;
  • Алғашқы нобайы жасалған осы кітаптың әр рулар мен олардың тармақтарының шежірелік деректері алдағы уақытта молынан жинақталып, толықтырыла беретін болса, олар бір кітаптың көлемінен асып, өздері  жеке-жеке кітаптарға айналу мүмкіндігі;
  • Кітаптың шежірелік туындыларды жариялауға аса ыңғайлы келетін электронды форматта даярлануы. Соның арқасында, кітапқа енгізілген жазба-деректерді әрдайым жалпылай да, әр тармақтары бойынша да  реттеуге, толықтырып және орын алған қателіктерді түзетіп отыруға болатындығы. Яғни, электронды кітапты дүркін-дүркін жаңалап отыруға болады;

(Жалпы электронды кітаптар және оның  артықшылықтары мен тиімділіктері туралы мағылұматтарды  сайтымдағы  «Электронды кітаптар туралы»  деген мақаладан танысуға болады. Сілтемесі: http://bit.ly/2F7QiGf.

 

  • Сол сияқты, егер кітаптың әр рулық  шежірелік тараулары  «пісіп жетіліп, молынан болып  жатса», олардың өзін, ары қарай жекелік үлкенді-кішілі  кітаптарға (электронды) айналдыруға болатындығы.  Солай болғанда, бір әулеттің  келесі әр ұрпағы оған тек  өз отбасылық деректерін ғана енгізіп отыратын жағдайға жететін болады;

Мәселен, ондай тәжрибенің бастамасы бар. Бұған дейін де, осы тақырыпта жеке оқырманның тапсырысы бойынша және әулеттік шежіре ретінде мына  кітаптар  дайындалған болатын:

 

 

Сөз арасында:  Егер, еліміздің қай өңірінен болса да,  толыққанды  дайын рулық,  аталық-әулеттік, отбасылық  шежірелік дүниелер ұсынатын  азаматтар болса, оларды реттеп  өздеріне  осындай жеке  электронды кітап-кітапшалар  ретінде  дайындап беруге болады.  Хабарласу үшін:  электронды пошта — bekserik-s@mail.ru және телефон — 87016855424.

 

 

Кітап 3 тараудан тұрады:1. ШЕЖІРЕ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ? 2. НАЙМАНДАР  ТУРАЛЫ; 3. ШЕЖІРЕЛІК ТАРАТЫЛЫМДАР.

Кітаптың шежірелік бөліміндегі жазбалар, мүмкін болған баспалық дереккөздерден,  ғаламтордағы «Тумалас» (tumalas.kz)  сайтындағы деректерден және  өңіріміздегі тарихшы–шежіреші саналатын танымал азаматтардың ұсынған жазбаларынан жинақталып құралды. Одан ары, олар жекелеген сайт оқырмандарының жіберген өздерінің белгілі бір аталық-әулеттік жазбаларымен толықтырылып реттеліп отырылды.

 (Олардың тізімі тиісті шежірелік  тарауларда көрсетіліп отырылды және кітап  соңында берілді).

Шежірелік  таратылымдар  әр  «аталар» бойынша ең арғы бабаларынан бастап бүгінгі ұрпақтарына дейін рет-ретімен, аралары үзілмейтіндей жасалды   және бояулармен ерекшеленіп берілді (Төменде үлгілері көрсетіледі).

 

 

Ендігі жұмыс — осы кітаптың баспалық нұсқасын дайындау.

Ол үшін,  жоғарыда айтылғандай, кітапты әлі де шежірелік деректермен мүмкіндігінше және барынша толықтыру қажет етіледі. Осыған орай, сайтымның оқырмандарына төмендегідей сұраныстар жасаймын:   

  1. Егер, шежірелер дайындаумен бұрыннан айналысып жүрген  болсаң немесе қолда белгілі бір ру мен елдің қомақты шежірелік деректері  бар болса және оларды көпшілікпен бөлісуге ниет етіп ұсынсаң,  олар  авторлық  иелігің мен құқықтарың сақталып, осы кітапқа енгізілетін  және сайтта жарияланатын болады;
  2. Немесе, кітапта берілген  «шежірелік ағашта» өз аталарың мен әулетіңнің деректері жоқ болып, оларды енгізуді ниет етсең, онда ағайын-туғандармен бірлесе отырып өз «бұтақтарыңды» «кейінге қарай» жүргізіп дайындауға болады. Соны сайтқа ұсынсаң, ол ру «ағашының»  тиісті жеріне  «жапсырып» қойылады.  Сонда  өздеріңнің  «пәленше» аталарыңа дейінгі «тармағың» дайын болып шығады және алдағы кезеңде оларды тек толықтырып жалғастыра бересіңдер!

Міне, осылай  кітаптағы шежірелік жазбалар ауқымы толыққанды болып  жинақталған жағдайда және оның оқырмандар тарапынан сұранысқа ие болуы байқалған жағдайда, оның баспалық нұсқасын даярлауға да мүмкіндік туады. Олар жөнінде осы бөлімнің келесі парағында кеңірек сөз етілетін болады...

 

Сөз соңында құлаққағыс: Егер осы кітап  оқырмандар көңілінен шығып жатқандай болса, оны жалғастыра берумен  қатар, НАЙМАН – ТӨЛЕГЕТАЙДЫҢ  ҚАРАКЕРЕЙ мен ТӨРТУЫЛ ұрпақтарына арналған жеке  шежірелік кітап та қолға алынуы әбден мүмкін!

 

 

 

КІТАП МАЗМҰНЫ

 

 

Кітапқа пайдаланылған еңбектер ( әзірге...)

 

 

КІТАП ПАРАҚТАРЫНЫҢ ҮЛГІЛЕРІ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ниеттеріміз бен істеріміз оңынан болсын!  Құрметпен СЕРІК ағаларың!